Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Сәдібек Түгел: Алты бура асуындағы насыбай жарысы...

06.05.2017 8840

Сәдібек Түгел: Алты бура асуындағы насыбай жарысы

Сәдібек Түгел: Алты бура асуындағы насыбай жарысы - adebiportal.kz

Повесть

1-бөлім.

ЖАЗҒЫ КАНИКУЛ. Менің КЕҢЕС ағаны тосуым.

1967 жылғы маусым айының 15 жұл­ды­зы. Бү­гін мен туған ауылымда жазғы дема­лыс­­­та­мын. Тұп-тура төрт күн бұрын Аман­кел­ді сегіз жылдық мектебінің 5-ші сыны­бын бітірдім. Өт­­кен оқу жылын өте нәтижелі аяқтадым. Бар­­лық пәндерден 4 пен 5 деген жоғары баға­ларға қол жеткіздім. Сонымен қа­­тар ауыл, мектеп өмі­­ріне арналған хабар­ла­рым, мақала­ларым аудандық "Өркен" – "Расцвет" газетте­рінде жиі-жиі жарияла­нып тұрды. Басылым ұжы­­мы­ның аудан өмі­рін жан-жақты көрсете­тін өт­кір мақала, очерк, ре­­портаждарға арнал­ған шы­ғар­ма­шы­­лық бәй­гесінде бағым жанып, Ұлан ауда­­нының үз­дік жас тілшісі атағын иелен­­дім, аудандық комсомол комитетінің Құр­мет Гра­­­мотасымен марапатталдым. Бұл гра­мо­таны ма­ған мектеп директоры Нәби Қа­ли­ев оқу жылының қорытындысына арнал­ған сал­та­натты жиналыста табыс етті. Шы­ным­ды айт­­сам, осы ерекше оқиға бала көңі­лім­ді шал­­­­қы­тып, мерейімді өсірді, қанат бі­тір­­ді. Шы­ғар­ма­шылық жолды таңдауыма бір­ден-бір се­беп болды.

Шіркін, әкенің көңіліне не жетсін! Мақ­тау қағазыма төбесі көкке жеткендей болып қу­анған әкем Түгел бүкіл ауылды аралап шы­­­­­ғып, ертеңінде көрші-қолаңға той жа­сады.

Той үстінде маған байланысты тағы бір жы­­лы хабар келді. Оны бізге пошташы Са­ғым­бай ата жеткізді.

Ол: "Кеше аудан орталығы Никитинка се­лосынан келдім. Онда өзіміздің Кеңесті жо­­лық­тырдым. Үйінде болдым. Сәдібектің шы­ғармашылық бәйгеде жеңіп шыққаны­на көңілі марқайып, мақтанып жүр екен. Бә­ріңе сәлем айтты. Өзі азық-түлік таситын су жаңа мәши­не алыпты. Құдай қаласа екі-үш күнде келеді. Жайлауды араламақшы. Сә­ді­бекті қасына ер­тіп аламын, – деді".

Кеңес аға – үлкеніміз. Үлкен болғанда – біз­­дер ұлдар үшін нағыз авторитеттің өзі. Оны тек біз емес,бүкіл ауыл-аймақ сый­лай­ды. Мінезі ашық. Бауырмал. Әрқашан кү­ліп жүреді. Мерекелердің көркі. Гармон тар­тып, ән салады. Оның үстіне жұдырықтасу жә­­не самбо өнерінің қыр-сырын толық мең­гер­ген, жауынгер-десантник.

Атақты Рязан әскери десант дивизия­сын­да 3-жыл қызметін абыроймен атқарды. Бір сөзбен айтқанда азаматтың-азаматы, жігіт­тің сұлтаны. Үйленгеннен бері аудан орта­лы­ғында тұрады.

Сонымен мен Кеңес ағаны асыға күтуде­мін. Бүгін үшінші күн – Қасымханның қас­қа жолындай бәйге төбеден асып жатқан қа­­ра жолға қарай берем, қарай беремін. Машина дүрілі естілсе болды, далаға ытқып шығамын.

Сыртқа шыққан сайын Есір өзенін бойлай қоныстанған ауылыма көз саламын.

Біздің үйдің басқалардан бір ерекшелігі – өрде тұр. Сақан апамның айтуынша, әкем үйді таудың нақ биігіне жылқыларды көздеу үшін салған. Шын мәнінде біздің үйдің алдынан төңірек тегіс көрінеді. Оған кеше, бүгін көзім әбден жетті.

Әр жылдың төрт мезгіліне табиғаты сәйкес келетін біздің өңір, біздің ауыл. Ол – Өр Ал­тайдың, Асқар Алтайдың Қалба таула­рын өр­лей қоныстанған Ұлан ауданына қа­расты Са­тый ауылы. Төрткүл дүниеде мен үшін мұндай жер жаннаты жоқ.

Алтын күзде диқандар көктемде егіп, жаз бойы маңдай терін аямай төгіп өсірген мол егінді орып, қырманнан өткізіп, қамбаға құй­ып алу қамымен тыным таппайды, дайындал­ған жем-шөпті, отын-көмірді ысырапсыз үйді-үйге, қыстаққа жеткізіп алудың өзі қы­руар шаруа. Жаз жайлауынан малын семірт­кен малшылар ойға түседі. Бәйге төбеде сабан той өткізіледі. Онда әкем Түгелдің бастауымен ұлттық спорт түрлері бәйгеден, күрестен жа­рыс­тар өткізіледі.

Кеште алтыбақан тербеліп, ақсүйек ойна­лады. Жастардың отау тігіп, шаңырақ көтер­ген үйлену тойлары да осы алтын күзде өте жиі өтетін.

Қыс қарлы болады. Кей жылдары көп үй­лерді қар басып қалатын. Боранның күштілігі сондай, қатар келе жатқан адамдар бірін-бірі көре алмайды.

Балалар үшін қыстың қызығы - шаңғы мен шана. Таудан шаңғымен ылди-төмен зымы­ра­ған­да керемет күй кешесің. Денең сергиді, көңілің көтеріледі. Қыста ауыл кеші әрдайым әсерлі, өз қызығы өзінде. Соғым сойылып, ауыл үй бір-бірін шекеге, омыртқаға, уызға ке­зектесіп шақырып, думандатып жатқаны.

Наурыз келісімен көктем лебі жетеді. Қар еріп, күн жыли бастайды. Қыс бойы қорада, қолда болған малдар өріске бет түзейді. Дала төсінде сүтке тойған құлын-тайлар, қозы-лақтар ойнақ салады.

Ең бір ғажайып көрініс – Есір өзенінің арнасынан шығып тасуы!

Жаз айларына келетін болсақ - мен үшін маусым айының орыны ерекше. Біріншіден, каникулда боласың. Екіншіден атқа мініп, асау үйретесің. Даладан бүлдірген теріп, тау басынан бүркіт балапанын алуға барасың.

Үшіншіден, жер-ана бусанып, кең дала көк­ке оранады. Міне, қанша қарасам көзім той­майды. Алқаптағы бидай, қаулап өскен жо­ңышқа шөптер, жапырақтары жайылған қай­ың, тоғайлар төңіректі нұрландырып, құлпыр­тып тұр.

Сайраған сансыз құстар, өзендегі шолпыл­даған аққайраң мен қойтан балықтар қандай десеңізші! Міне, мен бүгін Кеңес ағамды то­сып, жолға қарап табиғаттың осы бір таңға­жайып көріністеріне бала көңілмен қызыға қа­рап тұрмын. Қиялым қияға самсап, аталары­мыз­дың қан кешіп жүріп, осынау Ұлы даланы, қасиетті туған жерді аман-есен сақтап қалға­нына бала көңіліммен шүкіршілік етіп тұрмын.

Олар бұл қасиетті жерді біздерге аманат ре­тінде қалдырды. Енді біздің міндет осы жерді көздің қарашығындай қорғау деген ой ұш­қыны баурап алған. Осы сәттегі Бәтима тәтем­нің: – "Қараңдаршы шаң көрінді, осы Кеңес болар" – деген сөзі мені ой құшағынан шы­ғарды.

Ия, бұл келе жатқан менің ағам – Кеңес! Қасқа жолмен бейне бір, көк теңіздегі ақ ке­ме­дей жалт-жұлт етіп, ақ машинасымен үйге қарай зымырап келеді. Машина келіп, есік алдына тоқтағанға дейін дегбірім кетіп, та­ғатсыздана тосып тұрмын. Тек мен ғана емес, ағаның келетінін естіп, үй алдына жиналған барлық ауылдастар да асыға күтуде.

Кеңес аға кабинадан жүзі жарқырап, нұр­ланып түсті. Алдымен үлкендерге сәлемдесті. Сосын бүкіл балалармен амандасты. Жаңа ма­шинасымен жиналған жұртты таныстырды. Сақан апам шашу шашты. Біздер, балалар ша­шудың кәмпиттерін теріп, бір жағында қа­зақ­ша "Автодүкен", екінші жағында орысша "Ав­толавка" – деген жазуы бар ағамыздың жаңа машинасына тамсанып, айнала қарап жүрміз.

2- БӨЛІМ

КЕҢЕС АҒАМЕН САНДЫҚТАС ЖАЙЛАУЫНА АТТАНУ.

АҒАНЫҢ СҮЙІКТІСІ АЛЕВТИНА МИХАЙЛОВНАМЕН ТАНЫСУ.

Бала бақытты болса, әке бай болады. Баға­надан бері ұлының су жаңа машинасына және ауылдастарының құттықтауына көңілі толып, марқайып тұрған әкем Түгел:

– Алмас қылыш қын түбінде жатпайды. Аудан бойы бірінші, облыс бойынша алғаш­қылардың бірі болып жаңа көлікке ие болуы жайдан-жай емес. Бұл біздің Кеңестің орыс­тардан кем болмағаны, соларға өзін сыйлата білгені. Темір тұлпарың құтты болсын, игілігін көр, – деп Кеңесті құшағына алып, маңдай­ынан искеді.

– Екі-үш күн бұрын келуші едім, әке. Мы­на қазақша "Автодүкен" – деген сөзді жаздыру үшін бюрократтармен айқасуға тура келді. Таза қазақ ауданында тұрамыз, тек орысша жазы­луы ыңғайсыз ғой. Бәрібір, шенеуніктерге бой бермедім. Қазақша сөзді жаздырттым, – деді Кеңес аға әкеме қарап.

– Дұрыс, Кеңес, алған бетіңнен қайтпа. Ту­ған тілімізді сақтауымыз керек. Әйтпесе ұлы тілі­міз жоғалып барады ғой.

– Әке алғашқы сапарымның мақсаты – Сан­­дықтас жайлауына бару. Малшыларды азық-түлікпен, киім-кешек­пен, ұнмен қамта­масыз ету. Сол үшін бүгін Өскемен қаласына тү­семін. Тауарларды тиеп, қайта өрге шыға­мын. Алдымен Ертуған ағаның жолымен жү­ріп өтсем деп ойлаймын. Әке рұқсат етсеңіз, Сәдібек маған серік болсын, деген ағама әкем келіскен сыңаймен бас изеп, соңынан "Алла жол амандығын берсін, інің ел араласа ысы­лады, шыңдалады, сапарларың сәтті болсын" – деп батасын берді.

...Әкемнің бір кіндіктен тараған Жамал, Сақан атты екі апайы, Бәтима деген қарын­дасы және Түкі есімді інісі бар. Ал, Ертуған аға әкемнің әкесі, яғни Құмар атаның екінші әйелінен туған. Бірақ ол бала жасынан әкем­нің қолында өсіп, тәрбиесін алған. Ертуған аға өз кезегінде Кеңес ағаны тәрбиелеп өсір­ген.

– "Марқұм, Ертуған десе Ертуған еді ғой. Жарқылдаған семсерім, қайтпас-қайсар өже­тім болатын. Әттең жарық дүниемен ерте қош­тасты. Ерлігі қандай?! Ұлы Отан соғысы. Мәскеу түбіндегі шайқас. Совет Одағының Ба­­тыры, жерлесіміз Төлеген Тоқтаров ерлік жа­сап майдан алаңында жалғыз қалады. Ауыр жараланады. Сонда қарша бораған оқтың астынан Төлегенді алып шыққан Ертуған аға­мыз екен. Оның жүрек жұтқан ерлігі бір төбе де, азаматтығы, жігіттігі бір бөлек болатын. Ол туралы жеке естелік әңгіме жазса да болар еді..." – деп әкем әңгімесін аяқтады.

Сонымен, менің қуанышымда шек жоқ. Үйге бір кіріп, бір шығамын. Қалаға да, жайлауға да баратын болдым. Өскеменге малшыларға қажетті азық-түлік алу үшін, ал атақты Сандықтас жайлауына сол заттарды тарату үшін барамыз. 12 жасар балаға бұдан артық қуаныш бола ма?! Анамыз Мәрия даяр­лаған асты тездетіп ішіп жолға шықтық. Сатый ауылы мен Өскеменнің арасындағы 40 шақы­рымды артқа тастап, түс ауа межелі жерге, Өс­кемен қаласындағы Красина поселкесіне жет­тік. "База облпотребсоюза" деген жазуы бар жерде ығы-жығы машина. Аға бірден қой­маға қарай аяңдады. Жарты сағаттай уақыттан кейін келген Кеңес аға:

– Сәдібек, алдымызда жүк тиюге кезекте 23 мәшине тұр. Әрқайсысын тиеуге 1 сағаттан кет­кенде екі күн тосуымыз қажет. Бұл біздің жос­парға мүлдем сәйкес келмейді. Уәде бой­ын­ша ертеңнен қалмай Сандықтаста болуы­мыз керек. Үлгермесек өрдегі бауырлары­мыздан ұят болады. Сондықтан мен "бесінші скоросты" қосамын. Сол үшін орталыққа ба­рамын. Біраз кешігуім мүмкін. Сен әбіржімей мені тос. Оқы, – деп қолыма 5-6 "За рулем" жур­налын ұстатты. Мәшинаның кілті орнын­да, – деді де такси ұстап Кеңес ағам шұғыл жүріп кетті. Автодүкеннің кабинасынан байқап отырмын, машиналарға тауарлар тиеу өте баяу жүргізілуде. Жүргізушілер тоқталып тұрған жерде: – "Потребсоюзда тәртіп жоқ. Тоса-тоса тозатын болдық қой" – деген реніш сөздер естіледі. Шынында біз келгеннен бері бір жарым сағат уақыт өтседе, азық-түлік ав­тодүкендерінің кезегі алға жылжыйтын емес. Бүгін, үлгермесек, қай үйге барып қонуды да ойлаудамын.

– Где автолавка Уланского района? Ребята, помогите найти машину Тугелова? – деп бір топ шоферлар қасына еңгезердей орыс әйелі барды. Шоферлар әлгі әйелге жапа-тармағай, біздің автолавканы, оның ішінде отырған мені көрсетті.

– Әй, мынау облторгтың қоймасының мең­герушісі ғой. Оның Кеңесте не шаруасы бар?

– Не шаруасы бар дейсің, Кеңес – көкжал емес пе, орыстың әйелдерінің жүрегіне тура жол тапқан ғой. Әйтпесе атағынан ат үркетін мына қатын жәйден-жәй іздемейді.

– Вы братишка Кенеса? Нас послала Алев­тина Михайловна – наша начальница. Ваше­му автолавку продукты будем грузить в на­шем складе. Есть ключи зажигания? Есть, Анд­рей садись за руль, – деп талдырмаш жас жігітті ағаның орнына отырғызды да, өзі жолаушы жағынан келіп, менің жаныма жай­ғасты.

Облпотребсоюздың қоймасы мен облторг­тың қоймасының арасы алыс емес, небәрі 200-300 метрдей ғана екен. Қоймадағылар тек Кеңес ағаның автолавкасын тосып тұрғандай, жапа тармағай тауар тиеуге кірісті.

Әп-сәтте автодүкеннің іші түрлі-түсті кәм­пит­тер, үнді, грузин шайына, сабын, тұз, се­рең­ке салған қораптарға толды. Оның үстіне ұсақ қанттар, күріш, макарон салынған бір­неше қаптар мен жәшік-жәшік ішімдіктер мен шырындар тиелді. Ал, балаларға, үлкендерге ар­налған киімдер әкелінгенде дүкеннің іші мүлдем лық толды. Тауарлар тиеліп болды, бірақ Кеңес ағам жоқ. Мен аң таңмын. Осын­дай ойдан аздап мазасыздана бастаған едім, - қасыма бағанағы қойма меңгерушісі келді де, «все товары загружены, надо подписать нак­ладную» – деді. Қолындағы бір буда қағазын маған ұсынды. Қатты қобалжығанымды бірден байқаған ол:

– Вы не переживайте, ваш брат в надежных руках. Он в гостях у самой Алевтины Михай­ловны на даче. Сейчас Андрей отвезет авто­лавку туда. Кенес вас там ждет.

Тұңғыш рет автодүкенге тиілген барлық тау­арлардың тізімі, бағасы жазылған наклад­нойға қол қойдым. Менен кейін қойма мең­ге­рушісі қағаздарға өз қолын қойып, мөрін басты да, бір данасын маған берді.

– Здесь все документы по товарам, Кенесу передайте. Муку отправим завтра.

Кеңес аға бағанағы кеткеннен бері беймаза күй кешкен көңілім, Андрей автодүкенді Ертіс бойындағы үлкен көпірден өткізіп, ең ұшар басында телевизиялық мұнарасы бар Атығай асуына қарай бұрғанда ғана толық орнына түсті. Өйткені, Кеңес ағам ауылдан шыққан­да-ақ айтқан болатын – «Алты бура асуына тек Атығай жолы апарады». Андрей маши­наны жылдам жүргізіп, ағамдар бізді күтіп тұрған те­лемұнараның қарсысындағы белестің сырт­қы бетіндегі кең түбекке алып келді.

Осы жерде, осы сағатта көрген көріністер әлі күнге дейін көз алдымда, көңілімнің түп те­ре­ңінде. Мені таңқалдырғаны түбектің тама­ша табиғаты. Аралдың шығыс жағы таумен, оң­түстік жағы биік жармен қоршалған. Түбекті орап тау өзені ағып жатыр. Өзен бойында жа­рыса өскен жас талдар мен аққайындар өсіп тұр. Айнала тып-тыныш. Алаң толы гүлдер, гүлдер, гүлдер! Гүлдер болғанда кәдімгі дала­ның қыр­мызы қызғалдақтары мен жауқазын­дары!

Бейне бір түрікменнің түкті, масаты кіле­мін­дей құлпырады. Қайталанбас керемет кө­рініс. Міне, осы дала кілемінің нақ ортасынан бізге қарай қол ұстасып Кеңес ағаммен, құ­шағы гүлге толған, жүзі нарттай, келбетіне қа­расаң көзің тоймайтын, аса көрікті орыс әйелі келеді.

Жақындаған сайын байқап тұрмын, әйелдің түр-түсінде, бойында бір мін жоқ. Суреттеп айт­сам, кең маңдай, қиғаш қас, мөлдіреген көз, пісте мұрын, қызыл ерін, аршын төс, нә­зік бел, тығыз бөксе, түп-түзу сырықтай ақ бал­тыр. Үстіне киген киімі өзіне сондай жа­расымды. Сыңғырлаған күлкісі мен алтындай болып күнге шағылысқан жібек шашы қандай десеңізші?!

Маған сол сәтте бұл әйел сол кездегі жур­нал, газеттердің бетінен түспейтін, Америка­ның киножұлдызы Мәрилин Монродан мың есе әдемі көрінді. Реті келгенде шынымды айтсам, содан бері Ресейдің ондаған қалала­рында, бірнеше мәрте Мәскеу мен Санкт-Пе­тербургтерге барып жүріп дәл осындай, менің Кеңес ағамның сұлуындай орыс әйелін көр­медім.

Жалпы алғанда қазақ жігіттерінің орыс қыздарымен махаббаты көп болған. Соның ішіндегі 19-ғасырдағы ең белгілісі Сары­арқаның қазағы Дүйсен мен орыс қызы Мариям Жагорқызының, ал XX ғасырдың ең айтулы махаббаты Алтайдың көкжалы менің Кеңес ағам мен орыс аруы Алевтинаның сезімдері деп есептеймін. Екеуінің хикаясы на­ғыз, кино түсіретін дүние ғой. Сәті келген­де ол жобалар да жүзеге асар. Менің осы ойым­ды әйелдің сыңғырлаған сәнді дауысы бөліп жіберді.

– Андрей, посмотри, сколько у меня цве­тов. Эти цветы для меня по всей поляне нарвал сам Кенес. Здесь все виды полевых цветов. Аккуратно положи в салоне "Волги". Домой отнесу, - деді де қолындағы көп гүлдерді жүр­гі­зушісіне берді.

Содан кейін орыс әйелі автодүкеннің ал­дында тұрған маған қарай аса бір жылылықпен бетін бұрып, Кеңес ағамен қол ұстасқан бойда менің жаныма келді.

–Здравствуйте, меня зовут Алевтина Ми­хай­ловна. Я, Вас заочно хорошо знаю. Кенес сегодня много говорил о тебе. Он называл Вас писателем. Великое дело быть писателем и поэтом. Бастыки, чиновники, бухгалтера, ди­ректора, министры становятся, а писатели рож­даются. Это талант от Бога. Я, желаю тебе творческого успеха, - деп, аңқылдаған әйел бетімнен сүйді.

Бірден байқағаным - хош иісті әтірдің иісі. Әтір болғанда - жақсы әтір. Әдемі иістен кә­дімгідей елітіп қалдым. Осындай күйімді бай­қаған Кеңес ағам екі иығымнан ұстап, - "бұл әйел менің досым, ол туралы жолда айтамын" - деді.

Ендігі кезекте Алевтина Михайловна, бізден 60-70 метрдей жерде, судың жағасында, ойпатта тұрған "ГАЗ-21" машинасы тұрған жаққа қарап: "Андрей, в багажнике есть коробка. Принеси, пожалуйста, сюда", - деді.

Кеңес аға рульден кілттерді алып, автодү­кеннің есігін ашып ішіне көтерілді. Үйіп тиел­ген азық-түліктерді, тауарларды өзінің көңілі қалайтындай реттеп алды. Андрей әкелген үлкен қорапты жанына қойды.

– Кенес, здесь продукты для Вас на дорогу. Муку отправлю завтра прямо в Сандыктас, - деді Алевтина Михайловна.

–Большое спасибо, Аля! Если бы не ты, мы бы ждали очередь два дня, тем самым сорвав график посещения животноводов.

Ағам дүкеннің есігін мықтап жауып, құ­лыптарын ілді. Мен өз орныма келіп отырдым. Аға мен Алевтина құшақтасып, сүйісіп қош­тасты. Сондағы Алевтинаның ағама айтқан сөздері әлі күнге дейін құлағымда.

– Кенес, береги себя! Ты эмоциональный че­ловек, у тебя чувства справедливости через край. А в наше время это не везде срабатывает, кое-где надо быть гибким. Потому что ты мне нужен, я тебя люблю. Еще раз говорю, один Бог свидетель, настоящей женщиной чувствую себя только с тобой, Кенес!

Алевтина Михайловнаның ағама айтқан ыстық лебіздері мен су жаңа "Волгасымен" Өскемен - Алматы жолына дейін шығарып салуы көп нәрсені аңғартты. Оның Кеңес ағам­мен тығыз байланысы бары маған анық білінді. Кеңес аға да не ойлап отырғанымды сезгендей мені сөзге тартты.

– Сәдөк, (туыстардың еркелеткенде айта­тындары) неге үндемей қалдың. Бағанадан бері көрген білгендеріңді ой елегінен өткізіп отыр­сың ба? Ал жазушы бауырым айтшы, бүгін не көрдің, не білдің? - деп ағам маған сынай қарады.

– Аға, бұл әйел кім? Оны қайдан білесіз? Сіз неге сондай үлкен бастық болмадыңыз? Ағамның өзі сұраған соң, көкейімде тұрған сауалдарды бірден қойып салдым.

– Сұрақтарың дұрыс, Сәдөк. Алдымен, сені қасыма ертуімнің себебін айтайын. Жол аман­дығы болса 3-4 сағаттан соң Алты Бура асу­ы­на жетеміз. Сонда түнейміз. Заманында сол жер­де өзім көзіммен көрген Ертуған ағамызға қатысты қызықты оқиға болған еді. Соны, ма­қала жазып, талпынып жүрген саған оқиға бол­ған асудың басында әңгімелеп берсем деп едім.

– Ал, қазір жаңағы сұрақтарыңа жауап бе­рейін. Жол ұзақ, әнгімелесіп отырайық. Мен айтып отырайын, сен санаңа тоқып отыр. Ме­нің негізгі мақсатым сені болған оқиға­лар­мен қамтамасыз ету, сенің міндетің олар­ды жазу.

3-БӨЛІМ.

КЕҢЕС АҒАМНЫҢ ЖЕМҚОР АЛАБАС БАСТЫҒЫН СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫП, БАР БОЛҒАНЫ 150 МИНУТ ҚАНА БАСТЫҚ БОЛУЫ.

Сонымен, жауапты, әңгімені соңғы сұра­ғың­нан бастайын, неге мен бастық емеспін?

Мен, неге бастық емеспін? Дұрыс сұрақ. Бұл кезде қазақтың бәрі бастық болуды қа­лайды ғой. Мен де нағыз бастық болған адам­­мын. Таңқаларлығы сол, мен бар жоғы екі жа­рым сағат, минутпен есептесек 150 -ақ минут бастық болған адаммын. Оқиға былай болды.

1965 жылдың қазан айының 25-күнінде аудандық тұтынушылар одағының есеп беру, басқарма мүшелерін сайлау конференциясы өтіп жатқан. Президиумда облыстық тұтыну­шылар одағының атышулы бастығы, түйені түгімен жұтатын алаяқ - Алабас Балқыбаев, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Таңатар Долдашев және басқалар. Есепті ба­яндама оқылып, жарыс сөз өткізілді. Кезек ұй­ымдастыру мәселесіне, басқарма мүшелерін сай­лауға келді. Райпотребсоюздың бастығына Орынбасар Ахметовтың кандидатурасы ұсы­нылып, бірауыздан бекітілді. Енді оның бі­рінші орынбасары - аудандық сауда кәсіпо­рын­да­ры бірлестігінің бас директорын сай­лауға келгенде дау шықты.

Алабастың ұсынған адамдары шетінен жемқорлар, сот­талғандар болып шықты. "Оң­ба­­ған­ тамыр-таныстарыңызды бізге тық­па­лауды қойыңыз" – деп конференция деле­гат­тары облпотребсоюздың бастығы А. Бал­қы­баевқа қарсы шықты.

Енді не істеу керек? Сіздерден қандай ұсы­ныс болады, - деді аудандық партия комите­тінің екінші хатшысы. Сол-ақ екен, залдағы делегаттар менің кандидатурамды ұсынды. Кә­сіби маман. Жоғары білімді, сауда институ­тын бітірген. Әділ азамат. Репутациясы таза. Орысша жатық сөйлейді, - деп мені мақтап делегаттар тұрып алды. Сонымен қойшы, әп-сәтте аудандық тұтынушылар одағы басты­ғының бірінші орынбасары - аудандық сауда кәсіпорындары бірлестігінің бас директоры болып шыға келдім. Делегаттар келіп, қолым­ды алып, құттықтап жатыр. Шын мәнінде үлкен лауазымды қызмет.

Конференция аяқталды. Орталық асхана­ның банкет залында облпотребсоюздың бас­тығы мен райкомның 2-ші хатшысын аяқтан тік тұрып күтудеміз. Біреуге қалай болса, солай жалпақтау маған жат болса да, күтушілердің ішінде жүрмін. Қызмет солай. Бәрі аста - төк. Қойдың басы мүжілді, қуырдақ желінді. Армян коньяктары бірінен-соң бірі ішілді. Өлеңді айта-айта аудандық мәдениет үйінің әртис­терінің дауысы қарлықты.

Банкеттің соңында екі дөкей бастық үйле­рі­не қайтудың орнына, жаңа сайланған пот­реб­союздың бастығы Орынбасардың үйіне баруды қалады. Дайын тұрған ыстық қуыр­дақты асап жеген екі дөкей, коньякті суша ішті. Әдетте­гідей, қуырдақтан кейін ет келетін болды.

Бар пәле қартадан шықты. Облпотребсоюз­дың бастығы "алты қарта ойнаймын", - деді. Айтылды, болды. Қарта ойнауға кірістік. Екі дөкей бастық бір жақта, біз Орынбасар екеуміз бір жақта. Ойын тәртібі маған бірден ұнамады. Тек олар жеңу қажет. Көріп отырмын, Орын­басардың қолында күшті қарта отырса да, "менің бұны басатын шамам жоқ"- деп тастай салады. Ана екеуі мәз, олардың қарқ-қарқ күл­гендері, өздерінен кейінгі қызметтегі адам­дарды менсінбеулері, мәдениетсіздіктері ме­нің намысыма тие бастады. Оның үстіне обл­потребсоюз бастығының қайта-қайта қайта­лап айта берген:

– Мен тек жеңісте болыппын, болыппын - жеңілуді білмеппін, білмеппін, - деген өлеңі жүйкеме тиді, жиркендірді. Келесі ойында Орынбасардың қартасы тез бітті де - екеуіне мен жалғыз қарсы болып қалдым. Орынбасар аяғымен түртіп, түр-түсімен, көзқарасымен, ымдап жеңіле сал - деп отыр. Ойынның со­ңына қарай менің колымда екі тұз, олардың қолында бір-бірден екі алты отыр. Жүріс обл­потреб­союз­дың бастығында. Орынбасарша алғанда мен "өле алмай жүргем жоқ, бастық Алабастың кар­тасын басуға шамам келмейді, біз жеңілдік", - деп қолымдағы қарталарды ой­налған қарта­лардың астына сала салуым керек.

Жоқ, бұл жолы олай болмайды. Семіз сау­сақ­тарымен облпотребсоюздың бастығы қо­лын­дағы алтысын, "біз әрқашан осылай же­ңеміз", - деп менің алдыма тастай салды. Бұл кезде менің тұла бойымды екеуіне деген - жиіркеншілік, жеккөру басып тұрған-ды.

– Жолдас Алабас тек жеңісте ғана емес, жеңіліс те болу шарт, Тұз ешқашан шестерка болмайды, - деп қартасын бастым да, екінші Тұзды хатшыға көтерттім. Ойын бітті. Олар жеңілді. Біз жеңдік.

Жеңілістің ащы дәмін татқан облпотреб­союздың бастығы өре түрегелді. Былшыған ауызы көбіктеніп, көзі шытынап жұдырығын алып маған тұра ұмтылды. Екі қолын ұстай алдым. Сол кезде ол маған түкірігін шашырап, "шешеңді" бәлен етейін – деп боқтық сөз айтты.

Әлгі сөзді естігенде көзім қарауытып кетті. Бұл дүниеде анадан, шешеден құрметті, қа­сиетті жан бар ма? Сол қасиетті жанға ауыр сөз тигізіп тұрған адамға не істеу керек? Рах­мет айтпайсың ғой. Менің түсінігімде «ше­шенді» деп боқтау барып тұрған қорлаудың өзі.

Сол жаман былапыт сөзді естіген бойда оның екі қолын сілкіп жібердім де, былжыры­ған ауызына тастай жұдырығымды сарт ет­кіздім. Еңгезердей денесімен ұшып барып, табалды­рықтың қасында тұрған кір су құйылған ше­лек­ке басымен құлады. Екінші хатшы далаға қашып шықты. Оны сабайын деген менде ой да болған жоқ. Орынбасар ботадай боздап жылады:

– Құрттың, құрттың, қызметімнен айыры­лам ғой, - деп. Мен оған абыржыма дедім. Қызметтен кетсем, мен кетейін, - деп, стол үс­­тінде жатқан оқушы дәптерінің бір парағына сол жерде дереу өтініш жаздым.

Аудандық тұтынушылар одағының

Президиумына, райпотребсоюз

төрағасының 1-ші орынбасары -

бірлескен сауда кәсіпорындарының

бас директоры Кеңес Түгелұлынан

Өтініш

Мен, Кеңес Түгелұлы екі жарым сағат уақыт ішінде сайланған қызметімнен кететі­німді жа­риялаймын.

Себебі, мен әділетті Совет қоғамының әді­летсіз бастықтарымен жұмыс істей алмай­мын. Мен олардың жемқорлығынан, екіжүзділі­гі­нен жиіркенемін.

Сондықтан осы қызметтен кетемін.

Өтініш беруші - Кеңес Түгелұлы

25 қазан 1965 жыл

Ұлан ауданы Никитинка селосы

Шығыс Қазақстан облысы.

Өтінішті бірден Орынбасардың қолына ұс­таттым да, хош айтысып үйінен шықтым. Сол оқиғадан есімде қалғаны үйден шығарда - Орынбасардың сексенге келген қарт ана­сы­ның:

"Кеңес баланікі дұрыс, әлгілердікі ақымақ­тық" - деп айтқаны еді.

Бастықтықтан көңілім қалғаны сондай, кейін қаншама ұсыныс болса да еш қызметке келіспедім.

Бір жылдай Алтай тауларында Балабек до­сыммен аң аулап жүріп алдым. Алевтина да қыз­метке шақырды. Көнбедім. Жүрегім әді­летсіздікті қаламайды, бауырым. Маған шын­дық, әділетті мемлекет қажет. Мен еркіндікті сүйетін қазақпын. Мына Ұлы дала мен Асқақ тауларда емін-еркін жүргім келеді, - деп ағам ұшы қиырсыз созылып жатқан даламен тау­лар­ды қолымен көрсетті.

«Беломорын» будақтатып тартып алған ағам әңгімесін одан әрі жалғады.

– Сәдөк, жаңағы мен айтқан Алабастар жүр­ген жерге шөп шықпайды. Олар халық­тың, мемлекеттің дүниесін кеміріп жей беретін көр тышқан сяқты. Оларды коррупционерлер дейді. Ал, мен оларды құртудың жолын біле­мін, - деп ағам маған қарады.

– Ол қандай жол? - деп мен сұрақ қойдым.

– Сен ойла. Әр бір облыста бір-бір Алабас бар. Сонда біздің республикамызда - 19 ала­бас­тар жер басып жүр. Соларға арнап 19 дар ағашын тұрғызу қажет. Міндетті түрде өзеннің жағасына. Әр бір облыс орталығының жа­нын­да өзен бар. Мысалы, Шымкент қаласында Келес өзені ағып жатыр. Қызылордада - Сыр­дария, Аты­рауда, Оралда - Жайық, Алматыда - Іле, Қостанайда - Тобыл, Торғайда - Торғай, Ақмолада - Есіл, Қарағандыда - Нұра, Жам­былда - Талас, Пав­лодар, Семей, Өскеменде - Ертіс өзендері ағып жатыр. 19 өзеннің бойына - 19 дар ағашын тұр­ғызып, шектен шыққан 19 коррупционерлер, ұры - бастық­тарды аяқ­тарынан байлап, баста­рын төмен салбыратып іліп қою.

– Аға, дарға аяқтан емес, мойыннан асып іліп қоймай ма?

– Міне бар мәселе осында. Аяқтан іліп, ба­сын салбыратып қойсақ олардың ішкен-же­гендері, ұрлағандары ауыздары арқылы сыртқа шығады.

– Ал, неге оларды дарға өзендердің қасына асамыз?!

– Сұрағың дұрыс, бауырым. Олардың іші­нен шығатындары арам лас қой. Сол құсқан­дарымен қасиетті жерімізді былғамау керек. Біздің аталарымыз бойларындағы жандарын берсе де, жерін бермеген ғой. Жеріміз таза бо­лу шарт. Ал, өзенге құсса, сумен кетіп қалады, жерге төгілмейді, қасиетті жерді былғамайды.

Арманым - қазақтар жеке мемлекет құрса. Онда әділеттілік орнаса. Қазақ - қазақты құр­меттесе өте дұрыс болар еді. Ондай күн де туар. Сол екүжүзділер, парақорлар, коррупционер­лер жоқ тәуелсіз елде сендер өмір сүресіңдер. Оған мен сенемін.

...Қайран, Кеңес ағам. Жемқорлардың, па­ра­қорлардың, коррупционерлердің Егеменді ел болғанда арам шөптей қаптап кеткенін қай­дан білсін.

Бүгін біздің елге 19-емес 1900 дар ағашын тұрғызсақ та аздау етеді. Атадан қалған бай­лықты сасық кенедей сорып жатқандар көп. Дегенмен аға, мен кәміл сенемін, жемқорлар­ды ауыздықтайтын, желкесін қиятын күн де келеді. Мен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болсам, дәл солай істеген болар едім. Мен істемегенде бұл істі менің ұр­пақтарым атқарады. Сонда қазақтың жерінен арам қолды коррупционерлер, парақорлар, жем­қорлар жоғалады. Осындай ой құшағында отырғанымда Кеңес аға тіл қатты.

– Қалай, Сәдөк жауабыма қанағаттандың ба?

– Иә, аға.

– Онда екінші сұрағыңа жауап қайтардым, деп есептеймін. Ал, бірінші сұрағыңа - "Жаңа­ғы орыс әйелі Алевтина Михайловна деген кі­сі кім, мен оны қайдан танимын?" - дегенге сәлден соң жауап берейін.

Ағам мәшинені тоқтатып жерге түскеннен кейін темір тұлпарының дөңгелектерін тексе­ріп шықты, капотты ашып майын, суын қара­ды. Сосын әскери әдетімен 15 минутық дене­нің құрыс-тырысын жазатын қимылдар жа­сады. Мен оның жасаған қимылдарын қайта­лаумен болдым. Екеуіміз де таза ауа жұтып сер­гіп қалдық.

Денешынықтыру қимылдарына көңілі тол­ған ағам маған қарап тіл қатты.

– Сәдөк, мына дала жәй ғана дала емес, Ұлы дала. Көз жүгіртші. Бұл Аллатағаланың қа­лауымен біздің қазақ халқына берілген еншілі жер. Асты да, үсті де толған байлық. Менделеев таблициасының барлық элементтері осы қазақ жерінде. Мұндай жер әлемде некен саяқ. Мы просто обречены на большое богатство благо­даря Аллаху.

Ең бастысы, осы байлық тістегеннің ауызын­­да, ұстағанның қолында кетпесе бол­ды. Байлық қара халықтікі. Сендер еліміздің болашағысыңдар. Жерге ие болыңдар! Айта­рым осы. Қой жүрейік. Алда талай жол бар.

Кабинасына отырып, машинасына от ал­ғыз­ған Кеңес аға, жайлап әңгімесін одан әрі жалғастырды.

4- БӨЛІМ

КЕҢЕС АҒАНЫҢ ҚЫЗДАРДЫ КАВКАЗДЫҚ СОДЫРЛАРДАН ҚОРҒАУЫ.

– Мен, Аляның үш жағдайда қасында бо­лып, қиындықтан құтқарып қалдым. 1958 жыл. Маусым айы. Үш жылдық әскери мінде­тімді аяқтап ауылға келгем. Бейсен ағаның ұсы­нысына келіскен әкем Семей советтік сау­да техникумына түсуді қалады. Әке айтты. Бізге заң.

Семейге келіп, техникумға құжаттарымды тапсырдым. Төрт емтиханды ойдағыдай тап­сырып, оқуға қабылдау туралы бұйрықты асы­ға күтіп жүргем. Сондай күндердің бірінде оқу бөлімі арқылы техникум директорына шақы­рылдым. Айтқан уақытында келсем директор­дың кабинетінде кіре берістегі бөлмеде үш аби­туриент қыздарды жолықтырдым. Біреуі қазақ, екеуі орыс қыздары.

Сәл уақыттан соң қабылдау бөлмесіндегі қыз бізді директордың кабинетіне кіргізді. Бөлмеде директордың өзі, оның оқу ісі жө­нін­дегі орынбасары және біз танымайтын ақ шашты үлкен адам отырды. Техникум ди­ректоры қолындағы қағазға қарап Татьяна Никитина - Семей қаласы, Гүлбану Нұрах­метова - Шұбар­таудан, Алевтина Астахова - Өскеменнен, Кеңес Түгелов - Ұлан ауданы­нан, - деп тізімді қасында отырған адамға ұстатты. Сосын бізді бейтаныс адаммен та­ныстырады. Ол кісі Доб­рынин Сергей Вла­димирович - Барнаул мем­ле­кеттік сауда инс­ти­тутының кафедра меңге­рушісі, профессор екен. Сол жерде тұнғыш рет профессорды көрдім. Өз сөзінде Сергей Вла­димирович ССРО Жоғары және Орта бі­лім беру Ми­нистрлігінің тапсырысымен Се­мейге арнайы келгенін, квота бойынша 4 та­лантты жасты өзі жұмыс істейтін институтқа шақыратынын, төртеумізді барлық талапкер­лер­дің ішінен іріктеп алғанын айтты.

Сонымен қойшы бір күннің ішінде техни­кум оқушысы, Барнаул сауда институтының студенті болып шыға келдік. Төртеуміз де ұсы­нысты қабыл алып, Сергей Владимировичтің бастаумен сол күні кешкі поезға отырып Бар­наулға жол тарттық. Ол кезде тәртіп мықты еді ғой, келген күннің ертеңінде ректордың өзі қабылдап, институтқа қабылданғанымыз ту­ралы бұйрыққа қол қойып, жатақханадан орын берді. Институттың төрт факультетіне 200-дей адам қабылдандық. Бірден 15 күндік алғашқы сабақ басталды. Жатақхана мен оқу корпусының арасы да қашық емес. Тек, орта­сында "Алтай" атты қалалық саябақ орналас­қан. Оқуға бара жатқанда және қайтарда паркті кесіп өтеміз.

Қолымыз боста сол тамаша жерді аралап, қыдырамыз. Көбінде волейбол, баскетбол ойнаймыз. Анда-санда би кешіне барып тұра­мыз. Сондай күндердің бірінде жігіттермен волейбол ойнап жүрген едім, алып-ұшып, ен­тігін баса алмай семейлік Таня жетіп келді. Ол шашлық сатып тұрғандардың Гүлбану мен Алевтинаға тиісіп, жібермей тұрғанын айтты. "Алтайда" атышулы Бабудың бірнеше "Кав­казский шашлык" деген орындары болатын.

Жүгіріп жетіп барсам, екі қызымызды са­қалдары сапсиған үш жігіт қоршап алған. Дәл жандарында есігі ашық "Победа" машинасы тұр. Түсінгенім, кавказдықтар біздің қыздарды машинаға салып, бір жаққа алып кетпекші, ал олар болса оған үзілді-кесілді қарсылық айт­қан. Сақалдылар айтқанымызға көндіреміз, айдағанымызға жүргіземіз, - деп Аля мен Гүл­ба­нуға күш көрсетіп тұр.

Мені көрген екі қыз еңіреп жылап жіберді.

– Жігіттер, қыздарды тез босатыңдар, - де­дім келген бойда, ентігім басылмай. Сол сәтте:

– Әй, азиат, көзіңді жоғалт тірі тұрғанда, - деп біреуі маған жұдырығын түйген күйде тұра ұмтылды. Ойлап тұратын уақыт жоқ, қолын қағып жібердім де, иектің астынан сарт еткіз­дім. Ол сұлап түсті. Қалған екі сақалдыны да екі соққымен құлаттым. Кезекші милицио­нерлер келгенде мен қыздарды босатып, жа­тақ­­ханаға кетіп бара жатқам. Сақшылар тергеу жүр­гізбекші болды. Мен, оларға ешқандай кі­нә­­міз жоқ, - деп қарсылық білдірдім.

Соққыға жығылғандарда үн жоқ. Көздерін жерден алмады. Бәрін бірден түсінген мили­цио­нерлер бізді өз жөнімізге жіберді.

Осы оқиғадан кейін менің беделім тек жа­таханада, институтта ғана емес, бүкіл орталық саябақ бойынша күрт өсті. Өйткені, масқара жеңілістің ашы дәмін татқандар, бұған дейін зорлық-зомбылықтың бастаушылары болған оңбағандар екен. Сол күннен бастап Семей тех­никумынан бірге келген үш қыздың шексіз құрметіне ие болдым. Олар мені мақтан тұтты. Әсіресе Өскемендік жерлесім Алевтинаның маған деген көзқарасы айрықша өзгерді. Са­баққа бірге барып, бірге қайтамыз, тамақты бірге ішеміз.

Аляның өмірбаянына қанық болдым. Ол Өс­кеменнің іргесіндегі Глубокое ауданында туып өскен екен. Мектепті бітірген соң қала­дағы бір гастрономда сатушы болып істеген. Өзінен 22 жас үлкен, әйелі қайтыс болған гаст­роном директорына тұрмысқа шығады. Күйеуі қазір қалалық сауда басқармасының бастығы болып істейді. Оқуға жіберіп отырған да байы екен.

5- БӨЛІМ.

КЕҢЕС АҒАНЫҢ АЛЯНЫ ӨЛІМНЕН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛУЫ.

ЕСІНЕН АДАСҚАН АУДАНДЫҚ ПРОКУРОРДЫ ТӘУБЕСІНЕ КЕЛТІРУІ.

15 күндік сабақ аяқталысымен студенттік құрылыс отрядының құрамында Барнаулдан 300 шақырым қашықтықтағы кішкентай де­ревняға мал қорасы мен малшылардың үйін салуға келдік.

Келген жеріміз Алтай тауларының етегін­дегі қалың орманды аймақ. Бір сөзбен айтсақ - "барса келмес" аралы сияқты. Бұл жерде орман қожайындары аюлар өріп жүреді екен. Сон­дықтан да деревняның аты "Медведка" деп аталады. Жұмыс бірден қызу бастау алды. Өң­кей өршіл жастар қойсын ба, малшыларға ар­налған үйді екі аптаның ішінде бітіріп, ұзын­дығы 80 метрлік мал қорасының қабырғасын көтеруге кірістік. Күндіз қайнаған жұмыс, кеш­ке қарай ән айтып, би билейміз.

Осы кештердің нәтижесінде концерттік бағ­дарлама жасалды. Менің орындауымдағы қазақтың "Сәулемайы" бәрінің көңілінен шық­ты. Біздің көркем өнеріміз, көріністеріміз совхоз директоры Зубов Александр Ивано­вичке бірден ұнап, дала жұмыстарының аяқ­талуына арналған мерекеде концерт қойып бе­руге совхоз орталығына шақырды.

Айтқан күнінде 50-шақырымды артқа тас­тап, борты ашық машинамен совхоз орталы­ғына келдік. Совхоз күніне арналған салта­нат­ты жиналыстан соң біздің концерт бас­талды. Клуб ішінде ине шаншар орын жоқ. Совхоз еңбекшілерімен бірге аудан орталы­ғынан келген уәкілдер де отыр. Концертіміз өте сәтті өтті. Көрермендер, әсіресе Аляның өне­ріне риза болып, дуылдап қол соғып, ерек­ше қошамет көрсетті. Мен оны гармонмен сүй­мелдеп тұрдым. Екеуміз бірігіп "Подмос­ковные вечераны" орындағанда көрермендер орындарынан тұрып кетті, бізді сахнадан жі­бермей қойды.

Концерт соңынан мерекелік дастарханға шақырылып, қонақ болдық. Онда да өлең ай­тылып, би биленді. Ауданнан келгендер Аля­ның жанынан үйіріліп шықпайды. Уәкіл, аудандық прокурор Борисов Андрей Игнать­евич деген біреу Аляны қайта-қайта биге ша­қырып, есін шығарды. Алевтина өлең айтудан, би билеуден бас тартса болды, учаскелік инс­пектор келіп жалынады. Сонымен қойшы бәрі өтті де, енді құрылыс басындағы қосымызға қайтатын болдық, жолға жиналдық. Мәши­неге мінерде қасыма Аля келді.

– Кеңес, менің саған бір тілегім бар.

– Айта бер, Аля, - дедім.

– Бүгін, аудандық прокурордың туған күні екен. Туған күнін совхоз омарташысының үй­інде атап өтпекші. Мені сонда өлең айтып бе­руге шақырды.

– Оған менің қандай қатысым бар, Аля? Се­ні шақырды, сен бар. Мен шақырмаған жер­ге бармаймын, - дедім.

– Сен дұрыс түсін, Кеңес. Мен еріккеннен бара жатқан жоқпын. Қостағы студенттерге бал ала келемін. Ол жөнінде жаңа совхоз ди­ректоры Зубовтың өзі тапсырма берді. Мәселе мынада, маған прокурордың тәртібі онша ұнап тұрған жоқ. Жалғыз жүргеннен қорқамын.

– Мен не істеймін? - деп Аляға қарадым.

–Сен маған қорғаушы, оққағарым, бір сөз­бен айтқанда телохранителім боласың.

– Ол үшін не істеуім керек?

– Мен, гармонистсіз өлең айтпаймын деп, сені ертіп аламын. Сен гармонды жақсы тарта­сың ғой.

– Мен келістім, - дедім.

Сонымен омарташы Егор Панкратовтың үйінде 11 адам жиналдық. Аудан прокуроры, оның көмекшісі, совхоз директоры Зубов Алек­сандр Иванович жұбайымен, совхоз пар­тия комитетінің хатшысы әйелімен, учаскелік инспектор, Алевтина, мен және Егор аға жұ­байы Зина тәтемен.

Келгеннен өлең айтылып, би биленді. Небір тостар айтылды. Түннің ортасына дейін отыр­дық. Тағы да Аля кештің көркі болды. Кеш аяқталысымен совхоз директоры мен пар­тия комитетінің хатшысы хош айтысып, үйлеріне қайтты. Олар кеткен соң стол ба­сында тағы біраз отырдық. Түнгі үштер шама­сында ылғи еркектер өзен жағасындағы таза ағаштан жасалған моншаға түсуге келдік. Тек арамызда прокурор болған жоқ. Көмекшісі "ол қазір ке­леді", - деп қояды. Омарташы Егор күлдіргі әңгімелердің нағыз шебері екен, небір қызық­тар­ды айтып, ішегіміз түйілгенге дейін күлдіріп отырды. Моншаның буына бусанып, жақсы әңгіме тыңдап рахаттанып отырғанбыз, ке­нет­тен түн тыныштығын бұзған мылтықтың үні естілді. Бұл не, дегенше болған жоқ, екінші мәрте мылтық атылды. Апыл-ғұпыл киініп да­лаға атып шықтық.

– Қайдасыңдар, өлтірді, өлтірді, - деген Зи­на тәтейдің даусын естіген бойда, омарташы­ның үйіне қарай екі өкпемді қолыма алып, жү­гіріп жеттім.

– Дәл осындай ақымақты кім көрген. Ер­кек­тік күші болмаса да қызды зорлаймын, - деп бөлмеде ұстап тұр. Аля, молодец, оған ша­масы келгенше қарсылық көрсетуде, - деп әб­ден шошынған Зина тәтей дір-дір етеді.

Оқиға былай өрбіген. Біздің моншаға кіріп кеткенімізді көрген бойда прокурор үйдің екін­ші бөлмесінде демалып жатқан Алевти­наға тиіседі. Зорламақ болады. Онысынан түк шықпайды. Аля қарсылық көрсетеді. Ес түсі­нен айырылған маньяк-прокурор тапаншасын алып, оңды-солды оқ атады. Үйдің ішінен іл­гешекті жауып алған.

Сонымен прокурор мен Алевтина үйдің ішінде, қалғандарымыз сыртта тұрмыз. Не іс­теу керек? Тұра беруге болмайды. Сөзді мен бастадым.

– Жолдас прокурор, сабыр етіңіз, ашуды басыңыз, Аляны босатыңыз, - деп қатты дау­ыстадым.

Менің дауысымды естіген бойда прокурор терезені айқара ашты да:

– Әй, иттер, кетіңдер, бәріңді торғайдай қы­рамын, - деп тапаншадан тағыда екі мәрте оқ атып, айғай салды. Инспектор мен көмекші үйдің артына қашып тығылды. Әлгі екеуінің қорққандары сондай, 80 шақырымдық аудан орталығына барып, қосымша қүш әкелмекші болды. Мен ол ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болдым.

– Бізге әрбір секунд, минут қымбат. Бірін­шіден, қазір шара қолданбасақ ес-түстен айы­рылған прокурор қызды өлтіруі мүмкін. Екін­шіден, таң атып келеді, қолында тапаншасы бар ол сырттағыларға шабуыл жасаса, оған қа­лай қарсылық көрсетеміз. Оның үстіне, омар­ташы Егордың қос ауызы да үйде қалған. Осы сәтте маған бұл шырғалаңнан шығудың бір-ақ жолы айқын көрінді. Ол, ашық тұрған те­резе арқылы прокурорды тоқтату, тұзақтау. Ал, оған қалай қол жеткіземіз. Жоспарды бы­лай құрдым:

– Егор Давыдович, сіздер есікті сыртынан тоқылдатып, прокурорды сөзге тартыңыздар. Егерде, ол сіздердің дауыстарыңызға құлақ асып, төргі бөлмеден дәлізге қарай жылжыса, мен терезеден түсіп, қимыл жасаймын, - дедім.

– Сен қарусызсың ғой. Қаруы бар адамға қа­­лай қарсы шықпақсың. Атып тастайды. Опық жемейік, ойлансақ қайтеді,- деді Зина тәтей.

– Жоқ, Зинаида, ойланатын уақыт жоқ. Қай­та жылдам әрекет жасауымыз қажет, - деп Егор Давыдович мені қолдады. Ол қолына сүй­­менді алып, қасындағыларды ыммен есікке қарай шақырды. Мен, аяғымды ұшынан ба­сып, ашық тұрған терезенің жанына келдім.

– Андрей Игнатьевич, бұл омарташы Егор ғой. Райыңыздан қайтыңыз. Бүлінген ештеңе жоқ. Біз тоңып қалдық. Есікті ашыңыз, - деді Егор ағай қатты дауыстап. Байқап тұрмын ба­ғанадан тапжылмай Алевтинаның қасында тұр­ған прокурор дауыс шыққан есікке қарай тұра жүгірді. Сол сәтті жылдам пайдаланып, мен терезе арқылы ішке кіріп үлгердім де, про­курорға қарсы ұмтылдым. Шапшаң қимылдап, оның тапанша ұстаған қолын жас қарағайдан жасалған ауыр орындықпен салып өттім.

Қатты ұрғаным сондай, тапаншасы бір жақ­қа, өзі бір жаққа ұшып түсті.

Есін жиғызбай шекесінен және бір сүйкеп өттім. Бірден есікті ашып, сырттағыларды ішке кіргіздім. Сосын Алевтинаны көтеріп, далаға алып шықтым. Осы сәтте Аля мойнымнан екі қолымен айқара құшақтап, бетіме бетін тигізіп "Кенес, мен саған ғашықпын" - деді. Мен де оның ақ бетінен сүйіп, оны жақсы көретінімді айттым.

– Аля, қымбаттым, мына азамат сенің құт­қарушың, ол бүгін ерлік көрсетті. Сүйсең осын­­дай батырды сүй, - деп Зина тәтей бізге үй квасын ұсынды.

Осы жерде бағанадан бері әңгімені ұйып тыңдап отырған мен ағама сұрақ қойдым.

– Кеңес аға, мылтық атқан кісіге не шара қолдандыңыздар?

– Сәдібек, әңгіменің қызығы осы жерде, - деді ағам.

– Оқиғаның аяғына дейін үй артына тығы­лып, қорқақтық танытқан прокурордың кө­мекшісі мен учаскелік милиционер қол - аяғы маталған прокурорды көргенде, ал кеп белсен­ділік көрсетті. Бірі қылмыстық іс қозғаймын десе, екіншісі тергеу экспериментін жүргізу қажет, - деп әлекке түсті.

Бізді осы әуре сарсаңнан совхоз директоры Зубов Александр Иванович алып шықты. До­сының сырын жақсы білетін ол таң атар-ат­пас­тан омарташының үйіне қайтып келді. Бар жағдайды тез түсінген ол мәселені өз қолына алды.

– Ағайындар, мен досымды жақтамаймын, ол адам өміріне қауіп төндіретін жағдай жа­сады. Сол үшін жауап беруі керек. Бірақ, оның есінен адасуы - соғыстың зардабы, контузияға ұшырауы деп білемін, - деді.

Сонымен қойшы, прокурор Алевтина екеу­міздің аяғымызға жығылып, кешірім сұ­рады. Жұмысынан кететінін, емделетінін айт­ты. Алевтина, Зина апай, Егор ағай, мен төр­теу­іміз ақылдасып, кешірім жасауға келістік. Олар аудан орталығына, біз Зубовтың маши­на­сымен құрылыс отрядының лагеріне қайт­тық. Жолда тағы да қызық оқиға болды. Лаге­ріміз биік, әдемі таудың етегінде болатын. Тау­ға жақындағанда Алевтина маған қарап ұсы­ныс жасады.

– Кеңес, мен Өскеменді сағындым, мына таудың басына шықсақ Шығыс-Қазақстан­ның жерлері көрінеді. Лагерге тіке тау арқылы барайық, - деді. Мен келістім.

Александр Иванович, түнгі оқиғадан соң көңілдері орнына түссін деді ме, бізге қарсы­лық жасамады. Тек байқап жүріңдер, тауда жал­ма тастар көп және аюлар да кездесіп қа­луы мүмкін, - деп ескертті.

Биіктігі 3 мың метрден асатын тау шыңына түнгі 10, 11 шамасында көтерілдік. Шыңның үстінен айнала алақандағыдай көрінеді. Тау етегіндегі лагеріміз көзге оттай басылды. Әсі­ресе, жер кіндігі болып саналатын қасиетті Мұз­тауымызды көргенде Аля екеуміз ерекше күй кештік, балаша бірімізді-біріміз құшақтап қуандық.

– Таулар, таулар, мен Кеңесті сүйемін, - деп Аля дауыстады.

– Мен де Аляны сүйемін, оған мына Ал­тай­ым куә, - деп мен дауыстаймын. Дауысы­мызға тау жаңғырып, үн қосқандай.

Сол сәтте біз өте бақытты едік. Көп тұра бе­руге болмайды, төмендегі лагерімізді бетке алып, тоғыз-он қадам аттаған шақта кішігірім алаңға тап болдық. Алаңның биіктігі бір метр­дей теп-тегіс тастарымен дөңгелене қоршал­ған. Асты жұмсақ шөпке толған. Кәдімгі тау тө­сегі.

– Аля, қарсы болмасаң, осы тау төсегінде тү­неп шығуды ұсынамын, - дедім мен.

– Жаным, бағанадан осы сөзіңді тосқан­мын. Мен сенің еркіңдемін, - деп Аля менің құшағыма құлап түсті. Сонымен қойшы, бауы­рым, ағаң сол түні, Алтай тауының ұшар басында өмірдің рахатына кенелді, махаббат­тың ләззатына бөленді.

Алдыңғы түндегі прокурордың әлегінен ұй­ықтамағандық және тау төсегіндегі бұлқы­ныстардан кейін қатты ұйықтап қалыппыз. Таңертең:

– Кеңес, бізге біреу қарап тұр, - деп Аля мені оятты. Көзімді ашып қалғанымда, кешегі біз шыққан шыңның басынан Алтайдың дәу қо­ңыр аюын көрдім. Жәй тұрған жоқ, штангашы сияқты тай қазандай үлкен жұмыр тасты ба­сынан асырып көтеріп алған. Бірден, Кәрібай атамның аюды кездестірсең сабырлық таныту керек, - деген сөзін еске алдым да, ыммен Аля­ны тастың қабырғасына жатқыздым. Өзім Алла тағалаға сиынып, аюдан көз алмай тұра бердім. Тас бізге қарай домаласа таптап тас­тары анық. Не болса да құдайдың жазғанын көреміз, - деп ойлап тұрғанда, О тоба, аю кілт ке­рі бұрылды да қолындағы тасты сол жаққа қарай тастай салды. Домаланған тастың дүм­пуі көпке дейін естіліп тұрды. Өзі тасы дома­лаған жаққа қарай кетті. Есімізді жиып, бұл не болды екен, - деп биіктен қарасақ, бізден 40-50 метрдей жерде төмен құлдилап аю кетіп барады.

Ештеңеге түсінсек бұйырмасын. Аю неге келді, неге кетті? Неге тас ұстады? Жұмбақ. Де­генмен, біз оны жақсылыққа жорыдық. Аюдың қолдағанын түсіндік. Біз түнеп шық­қан жер-орман, тау иесінің мекен-жайы екені белгілі болды.

Көтеріңкі көңілмен лагерге түссек, сту­денттік құрылыс отрядының жұмыстары­ның қорытындысына арналған мерекелік ша­ралар жүргізілуде екен. Совхоз директоры Зу­бов Алек­сандр Иванович Алевтина екеумізді үз­дік­тер қатарында атады. Маған мына коман­дир сағатын, Аляға жақсы көйлек сыйлады.

6- БӨЛІМ.

КЕҢЕС АҒАМНЫҢ ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІП, БАРНАУЫЛ ҚАЛАСЫНЫҢ «ГЕРОЙ ҚАЗАҒЫ» АТАНУЫ.

Сөйтіп, жазғы семестрді оңдағыдай аяқтап, Барнаулға келген күннің ертесінде, мен тағы да Алевтинаға қатысы бар шырғалаң қақты­ғысқа тап болдым. Жатақхана жанындағы ас­ханада Алевтина екеуміз түскі аста отырған­быз. Қасымызға кавказдық жас жігіт келіп, сыртта Бабудың өзі келіп тосып тұрғанын жет­кізді. Бабу - орталық саябақтың атаманы. Бар­наулдағы кавказдық топтың жетекшісі. Өт­кенде біздің қыздарға тиісіп, менен таяқ же­ген, үш жігіт осы Бабудың тобындағылар бо­латын. Мені көрген бойда әңгімені Бабудың өзі бастады.

– Сен мен жоқта жігіттерімді соққыға жы­ғып кеттің. Мен оған ренжідім. Кек қайтару­ымыз қажет. Сен менің бір жауынгеріммен жекпе-жекке шығасың. Ұтылсаң өз обалың өзі­ңе - мына қызыңды маған тастап тез арада үйіңе қайтасың, қайтып мұнда келмейсің. Ал, жеңсең Барнаулдың "геройы" боласың.

– Бабу, мен дайынмын төбелеске, -дедім бетіне тіке қарап.

– Онда, бір сағаттан кейін "Алтайда" бол, - деп ол "Победасына" отырып, жүріп кетті.

Айтқан уақытында паркке келдім. Жекпе-жек парктің сыртындағы тоғайдың жанында өтетін болды. Қарсыласымды тосып, ширығып мен тұрмын. Бір шетте қауқылдасып кавказ­дықтар тұр. Арасында Бабу жоқ. Сәлден кейін Бабудың "Победасы" менің қасыма тоқтады. Алдымен өзі, сосын еңгезердей кеудесін жүн басқан жігіт шықты.

– Менің айтқан жауынгерім осы. Аты - Ар­тур. Төбелестің шарты - басыңды көтере ал­май­тындай ұрып құлату, нокаутқа түсіру, ес­тен таңдыру. Уақытта шек жоқ. Дайын бол­саңдар бастаңдар - деп Бабу команда берді.

Төбелес алғаннан қызу басталды. Артурдың кәсіби палуан екенін бірден байқадым. Тек алға, аяққа ұмтылады. Менің бойымның ұзын­дығы 1 метр 75 сантиметр боса, оның бойы екі метрге жуық. Түсі сұсты. Алақандары күректей. Бұлшық еттері білеу-білеу. Қо­лына түссең сөзсіз бұрап тастайды, тірі жібермейді. Сондықтан мен Рязан әскери-әуе десанттар дивизиясында үйренген әдіс-тәсілдерді қол­дануға тырыстым. Взвод командиріміз, лейте­нант Баханецтің, "қарсыласың мықты болса, оның тек осал тұстарын тап та, күшті сонда жұмса" - деген сөзін еске алып, барынша сақ қимылдадым.

Алдымен, Артурдың алды-артына қарамай арсылдап тұра ұмтылатын екпінін өзіне қарсы пайдалануды ұйғардым. Оным нәтижелі болды да. Келесі бір шабуылында оны шалып түсірдім де, тұра бергенде оң тіземмен иектің астынан сарт еткіздім. Ол домалаң асты да, іле - шала қолына пышақ ұстап атып тұрды.

– Мен сені бауыздаймын, - деп пышақты оңды-солды сермеді.

Сондай бір серместе, пышақ сол санымды тіліп өтті. Қан сау етті. Аля дауыстап жылап жіберді. Бабуда үн жоқ. Біз олай келіскен жоқ едік қой. Оны даулайтын уақыт та, мұрша да жоқ. Өлім мен өмірдің арасы. Әр секунд қым­бат. Бұл кезде төбелесіміз құшақ жетпейтін биік теректің қасында еді. Қарсыласымның пышақты қалай болса солай оңды - солды сер­меуін өз пайдама тиімді пайдаландым. Ыза­ланған Артур маған қарай тұра ұмтылған ке­зекті жүгірісінде, оның пышақ ұстаған оң қо­лын екі қолыммен қапсыра ұстап, онымен бір­ге терекке қарай жүгірдім. Екпінге екпін қо­сыл­ғандықтан және салмақтың күштілігінен пышақ терекке терең қадалды. Сонымен қатар, Артур басын ағашқа қатты соқты. Сол сәтті мен барынша шебер пайдаланып, алдымен бас­пен ұрып, сосын жұдырығыммен шеке­сінен қатты соғып, Артурды құлатып түсірдім. Мен жеңдім. Ең бірінші жүгіріп келіп, Аля қан саулап тұрған санымды көйлегін жыртып, та­ңып байлады.

– Ну ты, казах - герой. Ты победил. Отныне для тебя все дороги открыты. Ты знаешь, кого победил, абсолютного чемпиона Алтайского края по борьбе, - деп Бабу қолымды қысты.

Сол күннен бастап "герой-казах" деген ла­қапатпен бүкіл Барнаулға әйгілі болдым. Бедел емей немене, 1-ші курстың студенті сенбі, жек­сенбі күндері жақсы сыра ішуге Мәскеуге самолетпен оп-оңай ұшып барып келетінмін. Әрине, қасымда Алевтина болатын. Міне осы үш оқиға Аля екеумізді қатты жақындастыр­ды, мәңгілікке достастырды. Өмірдің аты - өмір, бауырым!

Алядан, 22 жасар үлкендігі бар күйеуі, Өске­мен қаласының сауда басқармасының басты­ғы болатын. Қандай себеп болғанын білмей­мін, мүмкін қызғаныш шығар - қысқы сессия аяқталысымен күйеуінің өзі келіп, Аляны сырттай оқуға ауыстырып, Өскеменге алып кет­ті. Содан Алевтинаның қызметі тез жоға­рылап отырды. Гастроном меңгерушісі, Бака­лейторг, ЦУМ-ның директоры болып істеді. Күйеуі өлген соң орнына қалалық сауданы бас­қарды. Қазір облыстық сауда басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып іс­тейді.

– Сәдөк, міне әңгіменің жол қысқартқаны. Төрт жарым сағаттың қалай өткенін де біл­меппіз. Қазіргі келген жеріміз - Алты Бура асуы. Осында түнейміз. Бұл жер Ертуған аға­мыздың қатты ұнататын және көзі тірісінде ерекше есте қаларлық, қайталанбайтын өнер көрсеткен асуы. Менің жол бойы саған айт­қан­дарым Ерағаның оқиғасының жанында жәй ғана әңгіме ғой. Қазір мен саған сол кере­мет хикаяны баяндап берейін. Алдымен жай­ғасып, жайланып алайық, - деп ағам асу басындағы Керегетас бұлағына көлігін тоқтат­ты. Бұл кез - күннің батып, асудың түн қараң­ғысына енді ғана орана бастаған тұсы бола­тын. Айнала тып-тыныш. Тек, дала шегіртке­лерінің дауыстары естіледі.

Ағам бірден шай дайындауға кірісті. Алды­мен бастаудан құманға су толтырып, отқа қой­ды. Кабинадан қолдан жасалған текеметті алып, жерге төседі. Оның үстіне дастархан жай­ды. Сосын автодүкенді ашып, ішінен Алев­тина Михайловнаның берген үлкен қо­рабын түсірді.

– Сәдөк, етті ертең, құдай қаласа жайлауды аралағанда қойшылардан жейміз. Бүгін, Аля­ның жол-азықтарына қанағат тұтамыз. Ал, кәне не салған екен, - деп Кеңес аға қорапты ашты.

– Ай да, Аля, ай да Аля, дос болсаң осындай бол! Міне, бутербродтар, міне сервелат шужы­ғы, міне шыныдағы қызыл-қара икралар, мынау жылқының шұжығы ғой, мынау тынық мұхитының скумбриясы, мынау сгущенка, мынау халва, мынау жемістер, - деп ағам қо­раптың ішінен шыққан жылтыр қағазға орал­ған тағамдармен дастарханды үйіп тастады.

Сосын қораптың түбінен этикеткасында "По­сольская" деген жазуы бар шөлмекті алып дастарханға қойды.

– Сәдөк, мына тағамдармен «пир на весь мир» жасауға болады. Мен шұжықтарды ту­рап, реттеп кояйын. Сен су әбден қайнаған болар, үнді шайын соның үстіне, бастырып алып кел, - деді.

Біраздан кейін, күрең шайды ұрттап ішіп, "Посольскаядан" аздап дәм татқан ағам өз уәдесі бойынша керемет хикаяны баяндауға көшті.

7- БӨЛІМ.

Алты Бура асуындағы «Насыбай» жарысы немесе Ертуған ағаның керемет дене конституциясы.

...1955 жылдың көктемі ерте келді. Әкем жылқышылар қосын Алты Бура асуына кө­шірді. Осында "Қызыл Тау" колхозының төрт жүзге жуық жылқысы айдап әкелінді. Табынды күндіз-түні бағып, күзету үшін жылқышылар бригадасы үш топқа бөлінді. Мен Ертуған ағаның сменасындамын. Бірінші топ жылқы­ларды күндіз жайса, екінші топ түн күзетін ат­қарды, үшіншісі оларды алмастырады. Осылай үш смена көктем шыққалы колхоздың қыл­құй­рықтыларын шашау шығармай қарап, бағудамыз.

Колхоз орталығынан жылқышылар брига­дасына арнайы алты қанатты киіз үй бөлінді. Ол осы біз отырған жерге тігілді. Біз оны қара қос - деп атап кеттік. Мен, айтар оқиға осы қарақостың жанында 1955 жылдың 14 мамы­рында өтті. Бәрі қазақы қалжыңнан басталды.

Колхоз орталығы Сағыр селосына Ұлы же­ңістің 10 жылдығына арналған мерекелік ша­раларға шақырылып, алты күн қатарынан той­лап қайтқан ардагерлеріміз Әлқан, Ақзада, Ертуған, Қырықбай, Қонысбай ағалар қара қосқа өте көңілді оралды. Неге төрт күнге ке­шігіп қалғандарын жыр ғып айтып келеді. Олар 9-10 мамыр күндері елмен бірге колхоз орта­лығ­ындағы мерекелік жиындарда болады. Ту­ған туысқандарында болып, қара қосқа қай­туға дайындалғанда атақты аңшы, соғыс ке­зін­дегі жауынгер достары Азамат ағаны жо­лықтырады.

Сатый тауының басында тұратын Азамат аға жолдастарын болмай үйіне алып келеді. Арқардың етін асады және жабайы тау бұғы­сының мүйізін кесіп қанын ішкізеді. Бір сөз­бен айтқанда, көңілденіп алған жігіттер Азамат ағаның бастауымен 45 шақырымдық Өске­мен­ге жол тартады.

Дала арқарларына өте риза болған қаланың әйелдері оларды жібермей, төрт күн ұстап қалады. Кештеу оралған себептері сол екен.

Келген бойда олар Қарақосқа дастархан жайып, оның үстін жеңіс тойынан және Өске­мен қаласынан алып келген сарқытқа толты­рады. Кәсіби маралшы Аза­мат аға дайындаған қуатты "Пантокрин" де дастарқаннан орын алады. Әңгіме негізінен Өскемен сапары ту­ралы болса керек. Қаладағы орыс әйелдерінің бұларды қимай әрең жібергені де айтылады. Соның ішінде Ертуған ағамен төрт күн бірге бол­ған әйелдің жылап қоштасқаны, мені бі­реуге қор қылмай бірге ала кет деп жалба­рын­ғаны да мәлім болады.

– Басқаңды қайдам, Ертуған інімнің арқа­сында борщқа тойдым, моншаға түстім, көніл көтердім... Орыс келін аяғының ұшы­мен жү­гіріп күтті ғой. Ереке, бауырымның әйелдерге бірден жағатын ерекше қасиеті бар-ау, әйт­песе олар мені, қазақтың қара шалын неғыл­сын, - деп Әлқан аға бәрімізді бір күлдіріп алды.

Отырыстың қызған шағында Ақзада аға оғаштау ұсыныс жасады .

- Жігіттер! Маған бір ой келіп отыр. Бағана­дан бергі әңгіменің тақырыбы - жігіттік туралы болды ғой. Оның үстіне сендер менің досым Ертуғанды тым мақтап кеттіңдер, бұл әлемде одан асқан еркек жоқтай. Нағыз жүйрік Аламан бәйгеде танылар дегендей, ол (Ертуғанды айтады) өзінің ерекше жігіттік күштілігің мен ойлап тапқан «Насыбай» жарысында көрсетсін. Оған басқаларын да қатыса аласындар. Арамызда қымсына­тындай қыз-келіншектер жоқ қой, тұспалдап айтқанда ойынның шарты мынадай:

– Кімде-кім торы аттың мойынына салатын қамытты насыбайына іліп, киіз үйді бір ай­налып шықса, жеңіске сол жетеді. (Автордан: қамыт – жылқыны арбаға, шанаға жегуге арналған әбзел. Салмағы – 5 килограмм). Қысылатын түкте жоқ, өзіміз ғой, жас кезде ондай да қалжың болады. Қысқассы, қамытты түсіріп алмай, үйді айналып шыққан жігітке қызыл сиы­рымды беремін.

Жігіттер алғашқыда абдырап қалғанмен, бірте-бірте бірін бірі кеукеулей бастады. Әсі­ресе көкейлерін қызыл сиыр тесіп бастады. Өйткені біздің ауылда күніне 30 литр сүт бере­тін тек осы сиыр болатын.

– Сиырыңды шынымен бересің бе, жоқ әл­де қалжыңдап тұрсың ба? - деген сұраққа, Ақ­зада аға қызып кетіп:

– Әй, ата сақалым аузыма шыққанда сен­дерді алдайтындай маған не көрініпті. Одан да қауқарымы жоқ десендерші, – деп достарын желіктіре түсті. Қонысбай ағай естіп тұрған ешкім жоқ па дегендей жан-жағына қарап шиқылдап бір күліп алды.

– Несі бар, ұрғашыларың көріп тұрған жоқ қой, кеттік онда, – деді.

– Алдымен жарысқа қатысам дегендерің қол көтеріңдер. Сосын тәртіп бойынша жеребе тартамыз, жарысқа кімнен кейін кім шығаты­нын анықтаймыз, - деді Ақзада аға. Бұған бәрі де келісті.

Сонымен қойшы, Мүсілім, Берік, Мұрат­қан, Қонысбай, Ертуған, Қырықбай, Мұқан ағалардың арасында жеребе тартылды.

Жеребе бойынша бірінші болып жарыс жо­лына Қырықбай аға шығатын болды. Екінші кезекте Берік, үшінші Мұқан, төртінші Мұ­ратқан, бесінші Қонысбай, алтыншы Мүсілім, жетінші - соңғы кезекте Ертуған аға өнер көр­сететін болды.

Қызық енді басталды. Алғашқыда тартын­шақтап тұрған жігіттер нартәуекелге бел бай­лап белсенділік көрсете бастады. Араларында "Иә сәт" деп қалғандар да бар.

– Ақзада, қызыл сиырдан айрылдым дей бер! – деп Мұқан аға да қоқиланды қарап тұрмай.

– Көрерміз әуселеңді, – деді Ақзада аға оған. – Ал, ағайындар, тілімізді бекерге безе­мей, ойынымызды бастайық.

Жарысқа қатысушылар, мен сендерді бас төреші ретінде ойынды қылжаққа айналдыр­мауға шақырамын. Алдымен Қырықбай шыға­ды, – деді Ақзада аға.

Әзілқой, қу тілді Қырықбай аға: "Үшінші аяғым - көк шолағым қайдасың, кәне!" - деп жарыс жолына шыға келгенде, ішегіміз түйіл­генше күлдік. Әлі күнге дейін көз алдымда, Қырықбай аға қамытты 11-метрге дейін алып жүрді.

Екінші кезектегі Берік аға қанша талаптан­ғанымен орнынан бір қадам да жүре алмады. Жүрегі дауаламады ма, әлде көңілі соқпады ма, қамытты түсіріп алды. Үшінші болып шыққан Мұқан аға жүрісті Қырықбай ағадан екі адым ғана асыра алды. Мұратқан аға - төрт қадам жасап барып отыра кетті. Қонысбай аға едәуір ерлік танытты. Ол кісі қара қосты толық айна­лып шығуға бір-ақ метр қалғанда барып сү­рінді.

Мүсілім аға ширақ қимылдағанмен екі-ақ қадам жасады.

Сонымен, кезек Ертуған ағаға келді. Баға­на­дан бері болып жатқан ойынға бей-жай, тек езу тартып қана қарап отырған ағам орнынан қозғалар емес.

– Ертуған, көрсет кереметтігіңді, ендігі ке­зек сенде. Шық ортаға, - деді Ақзада аға.

Ақзадаға көзін тіктеп қараған ағам:

– Мына жерде қызыл қасқа сиыр көрінбе­ген­нен кейін, ойынға көңілім соқпай тұр, – деді. Осы кезде әр­қашан жылдам сөйлейтін Ақзада аға:

– Әй, Ертуған, сөзімде тұрмасам – маған серт, тайқып шықсан – саған серт. Айтқаным-айтқан, одан сірә қайтпан. Жарысқа шықпасаң, сен Езтуған боласын, уәдемді орындамасам мен Еззада боламын. Шық ортаға! – деді. Осы жерде әңгімеге Әлқан аға араласып, үл­кен­дік көрсетті.

– Қарақтарым, Ақзада, Ертуған. Екеуің де менің жақсы көретін інілерімсіңдер. Өтіп жат­қан ойын, менің түсінігімде бәріңе сын. Аза­мат­тың азаматы ғана қатыса алатын сайыс. Айтарым, Ертуғанның сөзінің жаны бар. Егес­тің аяғы мынадай болған сон, жүлденің осында болғаны дұрыс еді. Бірақ, енді шегі­нуге жер жоқ. Ойынды аяқтауға таяу қалдық. Ертуған, жеребеге қатысқан екенсің, онда жар­ты жолда қалуға қақың жоқ. Ақзаданың жүлдесіне мен кепілдік беремін. Егер ол уәде­сін таяр болса, мен саған торы биемді құлы­ны­мен беруге дайынмын. Келістік қой. Көр­сет мықтылығыңды! - деп әңгімеге нүкте қой­ды.

Мінезі, қиқар болғанмен Ерағамыз - Әлқан ағаны құрмет тұтатын, өзіне ұстаз санайтын. Бір сөзбен айтқанда ерекше сыйлайтын.

– Әй, жігіттер, құйыңдаршы тостағанға "фронтовойды" толтырып, көрсетейін Ақзада­ға ойынның көкесін, - деп ағам дүр сілкін­гендей болды да толтыра құйған сипама ста­қанды тартып алған соң, асықпай-саспай ше­шінді. Үстінде тізеге дейін жететін әскери ақ жейдесі ғана қалды. Сол күйінде ойын ала­ңы­на қыннан шыққан алмас қылыштай жар­қыл­дап шыға келсін.

Шабыттанғаны сонша екі көзі түз бөрісіне түскелі тұрған дала қыранының жанарындай жарқылдады. Аз уақыттың ішінде, ағамның орта бойы ұзарып, бұлшық еттері білеуленіп шыға келді. Екі батырдың күш сынасатын жекпе-жегі бір бөлек те, еркектік намыстың қа­сиеті бір бөлек екен. Бұл енді мықтылардың мықтысының, ердің-ерінің ғана қолынан ке­летін шаруа.

Ағамыздың жолы болғай, сағы сынбағай, - деп іштей тілек тілеп біз тұрмыз.

О, тоба! Сәдөк, ағамның Қырықбай ағамыз айтқанындай мүшесінің қауқары ересен-ақ екен. Көргенімді қалай саған түсіндірсем. Ағамыздың «шыбығы» кәдімді ЗИЛ-дің домк­ратындай, немесе әскери баллистикалық ракетадай көтерілді де, әкемнің қазақи ертоқымының басындай болып, қақшиды да қалды.

– Әй, Ақзада, іл қамытыңды, мен дайынмын сайысына – деді Ертуған ағам екі қолын артына қусыра ұстап, тау желіне қарсы турып. Сол-ақ екен, Ақзада аға лып еткізіп бес килограмдық ауыр қамытты оның қасабасына іліп кеп жіберді. Ағамыз кетті екі аяғын нық басып. Ойынның қызығына әбден беріліп қызып алған топ: бір, екі, үш, төрт, бес, - деп, Ераға­мыздың соңынан еріп келеді. Ол болса бір мүдірмей сол қал­пында қамытты ілген бойда, киіз үйді толық айналып шықты да бізге қарап:

– Жігіттер, қалай, жете ме, жоқ, тағы жү­рейін бе? - деді. Қызып алған жігіттер шу ете түсті.

– Ертуған, ұттың, ұттың! Бірақ, даусыз же­ңу үшін екінші мәрте айналсаң да болады, - десті.

– Онда кеттік екінші айналымға, - деп, ағамыз тағы да қозғалды.

Бәріміз Ерағамыздың соңынан еріп келе­міз. Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, то­ғыз... Сонымен екінші айналым да аякталды.

– Ақзада ұтылды, Ертуған ұтты, ұтты, - деп жұрт даурығып кетті.

– Ертуған, жеңісіңе күмәнім жоқ. Тусаң ту ұл болып, бірақ қамыт жүрген жерде доға да жүреді ғой, киіз үйді тағы бір айнал, - деп, Ақзада аға қамыттың үстіне кәдімгі алтайдың қайыңынан иіліп жасалған салмағы 3 килог­рамдық доғаны қоя салды.

– Өй, Ақзада, бұның әділетсіздік қой. Олай келіскен жоқпыз. Ертуған жеңді. Ойын осымен бітуге тиіс, - деп Әлқан аға бұлқан-талқан болды.

Бұл кезде ағамыздың үшінші аяғы баяғы сол қақшиған қалпында жалпы салмағы 8 килограмдық қамытты да доғаны да көтеріп тұрды.

– Әлқан аға, Ақзадаға сүтті сиырын беру оңай ма, сылтау іздеп тұр да – деді ағамыз. – Саспаңыз, қарақосты тағы да бір айналып өтемін...

Шіркін не деген қасиет, не деген еркектік күш десе­ңіз­ші, Ерағамыз үшінші айналымда да қамытты доғасымен бірге көтеріп, ойын­ның даусыз жеңімпазы атанды. Оны же­ңісімен бірінші болып Ақзада аға құттықтады.

– Ертуған десе, Ертуған екенсің. Жарадың, бауырым! Мәскеу түбінде қол қалт еткенде де қызды ауылды жағалаушы едік қой. Сол кезде де сен оқ пен оттың арасында жүріп талай ару­дың сауабын алғансың. Біз бір үйден әлсіреп әрең шыққанда, сен көшенің ана бойынан кіріп, аяғына дейін барлық орыс әйелдерінің көңілінен шығып, жайпап шығушедін. Сонда олар: «Бұл не деген ғажайып күш! Бұл не деген еркектік қасиет!» – деп бастарын шайқап таң-тамаша болушы еді. Соның бәрі бекер емес екен, оған бүгін көзім әбден жетті.

Ақзада аға сөзінде тұратын кісі ғой, атын ерт­теді де қыстаққа қарай, жүлдені беруге тартып кетті.

Келген бойда қызыл қасқа сиырды бас жі­бімен жетектеп Ертуған ағаның қорасына әкеп байлайды. Бұл "мал енді сендердікі" дейді. Не себептен бергенін айтпайды. Атақты сиыр Ерағаның малы болып қала береді. Осы арада әңгімені доғарса да болар еді бірақ, оқиғаның қызығы содан кейін басталады.

Ақзада ағаның әйелі Жарқын тәтей соғыс кезінде колхоз төрайымы болған. Сауатты, парасатты, көзі ашық адам еді. Балаларын ұйықтатқан соң күйеуін әңгімеге тартады ғой.

– Ақзада, осы күнге дейін сенің бетіңе қа­рамадым, алдыңнан көлденең өтпедім. Бүкіл әулетіміздің асыраушысы болған жалғыз сиырымызды неге бөтен біреуге бере салға­ны­ңа түсінбеймін. Соның жауабын білгім келеді, ашығын айт, - дейді.

Әрдайым тура сөйлеп, тура тұратын Ақзада ағамыз ағынан жарылады, болған оқиғаны басынан аяғына дейін баяндап береді. Содан өзің білесің, отыз тісті ауыздан шыққан сөз отыз рулы елге тарайды.

Ертуған ағаның ерлігі бүкіл аймаққа аян болып, талай күйеулері соғыста қайтыс болған жесір әйелдерді өзіне магниттей тар­тады. Барлық қызық жылқыны Сандықтасқа, үлкен жайлауға айдап әкелгеннен басталады.

Өзің білесің, жазда Сандықтас жайлауын көрші үш ауданның малшылары бірге жайлай­ды емес пе. Сол аудандардың басы бос әйел­дері ағамыздың кезегін тосады екен ғой.

Қырғыз бауырлардың "сен жылқышы, мен шабан, жылқылар жусап жатқанда" - деген өлеңіндей, жесір әйелдер жоғалған малдарын іздеген болып ағамызға жолығады екен деседі. Жөн сұрасады. Танысады. Емеуірін білдіреді. Қарасумкадағы арнайы салынып әкелінген жылқының сүрленген еті туралады, шөлмек­тің ауызы ашылып, жүз грамм ішіледі. Соны-мен несің айтасын, ағамыз бейтаныс әйелді риза қылады, есінен тандырады, қанағаттан-дырады, денесін иітіп, көзін ашады. Есін әрең жиған әлгі әйел, ауылына келген сон келесі жесірге жеткізеді. Ол әйел басқа әйелге айтады. Сөйтіп ағамыз бір жазда үш ауданның басы бос әйелдерінің мейірін қандырып, сауаптарын алады.

Міне, ағамыздың осындай аса сирек кез-десетін ерекше ғажайып, еркектік күш болған деп Кеңес ағам ұзақ әңгімесін тәмамдады.

Бұл кезде арайланып таң атып келе жатқан. Әңгімеге ден қойғаным сондай, орнымнан тұрғым келмеді. Тыңдай бергім келді. Ағама екі сұрақ қойдым.

– Аға, Ертуған ағамен осы ғасырдың ба­сын­да өмір сүрген, аты осындаймен әйгілі бол­ған орыс азаматы Гриша Распутин екеуін жарыстырсақ қайсысы озар еді?

– Сұрағың дұрыс. Григорий Распутин де мықты еркек болған. Ол да, бір деревняның ша­руасы, мұжығы. Князь, графтар, сарай байларының әйелдерінің көңілін қалдыр­ма­ған. Сонымен аты шыққан. Орыстар оны өте құрмет тұтады. Оған арнап романдар жазыл-ған, спектакльдер қойылған және кино түсі-рілген. Ленинградта оның атындағы музей бар. Бірақ доға мен қамытты қоса көте­ріп жү-ру ешбір распутиндердің қолынан кел­мейді. Ондай қасиетке тек Ертуған аға ғана ие.

– Аға, екінші сұрағым: Ертуған ағаның осындай ерекше мықтылығының сыры неде?

– Жақсы сұрақ. Жарайсың, болашақ жазу­шы. Болашағың бар. Мұндай қасиетке, күшке ие болу жаратылыстан. Дене құрылысының бітімінен. Бұл құбылыс 100-миллион еркектің біреуінде ғана кездеседі. Ертуған аға туға­нында іштен сүндеттелініп туған. Біздің Ерту­ған ағаның еркектік қабілеті аса зор, күшті бол­ған қасиетті адам. Сондықтан біз ол кісіні ауызға алып, күлкіге айналдырмай, анай-ылыққа жорымай айтып жүруіміз керек. Кө-кейімде көптен бері айта алмай, саған жеткізе алмай жүрген әңгіме осымен тамам. Мін-детімді орындадым. Енді­гісі сенде. Журналға ма, кітапқа шығарасың ба оны өзің білесің. Қашан шығарасың, ол да сенің еркіңде. Әй-теуір шығарсаң болды, қате­леспейсің, бұл оқиғаның тағлымы мол.

– Аға, бұл керемет оқиға екен. Жазамын. Уәде беремін.

– Жарайсың, Сәдөк. Иығымнан жүк түс­кендей болды. Ағаларды ұмытпауымыз керек, әрдайым есте сақтауымыз қажет. Ұмытып барады екенмін ғой. Сен де іштен сүндеттеліп туған ұлсың. Қайда жүрсең де аман жүр. Жо­рытқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын, - деп Кеңес ағам ақ батасын Өр Ал­тай­дың, Асқар Алтайдың Алты Бура Асуында тұрып берген еді.

...Содан бері қырық жылдай уақыт өтті. Ағам о дүниелік болды. Мен, Кеңес ағамның қабірінің басында тұрмын. Қолымда өзі бая­ғыда шерткен хикаяның қолжазбасы...

Ағамның өз көзімен көрген, маған аманат ет­кен әңгімесі еді ғой. Кеңес Ағам аманатын енді жарыққа шығармасам қиянат болар деген оймен тәуекелге бел будым.

Алты Бура асуында осындай да "жарыс" өткен...

2005 жылдың 12-ші қыркүйегі.

Алматы қаласы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар