Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сафина Ақтай. Мүлдем жарық жанбайтын терезе

06.01.2020 1364

Сафина Ақтай. Мүлдем жарық жанбайтын терезе 12+

«Адамдар ұшудың не екенін білсе, үнемі аспанға қарап жүретін еді.

Олар аспаннан келді, енді оған қайта оралғысы келеді».

Леонардо да Винчи

Ол қараңғыда жалғыз қалғанды ұнататын. Сосын қарсы алдында тұрған айнаға мағынасыз ұзақ телміретін. Оның өмірдегі бар күйбеңі – тамақ ішу және айнаға қарау. Сыртта болып жатқан тірліктің бәрі ол үшін мәнсіз. Жаңбыр жауса, тысқа шықпайтын, қар жауса, терезеге телмірмейтін.

Адена қала шетіндегі бес қабатты пәтердің бірінде ағасы және әпкесімен тұрады. Ағасы мен әпкесі таңертең ерте жұмысқа кетіп, қас қарайғанда үйге оралатын. Ал Адена әдеттегідей тамақтанатын, сосын айнаға қарайтын.

Бүгін үйде меңіреу тыныштық орнаған. Ағасы мен әпкесі жұмыста. Олар кеткен сәттен-ақ, көрпесін ысырып тастап ол айнаға қарады. Ұйқысы қанбаса да, төсекке қайта сұлағысы келген жоқ. Тым шаршаңқы әрі көңілсіз жанарымен ұйпа-тұйпа болған шашына, мұрнының жанында қарауытқан кішкентай меңіне ұзақ қарады. Ұзақ қарағаны сонша, енді айнадағы бейнелер сан құбылып, шаштары аяқ астынан бұйралана бастағандай. Ал көзі шүңірейіп, жұмсақ ойыншыққа тігілген түйме іспетті жансызданып, айнадан ұсқынсыз сұлба көрінді. Ажары тайып, саудыраған сүйегі ғана қалыпты. Айнада тек өлген мысықтың көзіндей суық жанар. Бірақ оның назары айнадағы бейнелерде емес, елеусіз заттарда еді. Ол айнаға телмірген күйі оның бетіне жабысқан шаң-тозаңға, саусақ іздеріне мағынасыз телмірді. Сосын өзі тамақ ішкенде ұстайтын қасығы мен сынық шәйнегі, дәптерінің тысына өзі арбитып салған жүрек пен адамның көздерін есіне түсірді.

Кенет самай шашы артқа қайырылған, ат жақты, түксиген қара торы жігітке айналып шыға келді. Назар салып үлгермеді, айнада қартайған кемпір сұлбасы. Көзінің астын, ернінің үстін, ажарын ұсақ әжім басыпты. Көздері сол баяғыдай – көңілсіз, сұлық.

Адам қартайса ғана өле ме деп ойлады ол. Өзінің қартайған сұлбасына қимастықпен көз тастады. Көз алдындағы кәрі бейне құдды фонарь жарығы түсіп тұрған секілді қанық көрінгенде, ол өзінің көздерін жек көре бастады. Сосын қараңғы айнаға қайта тесілді.

Көздерінің ішінде аппақ сәуле жанатын секілді. Қолдарын жоғары көтеріп айнаны ұстады. Өлген адамның тәні секілді тым суық. Кенет есіктің ашылып жатқан дыбысы естілгені сол еді Адена лезде төсегіне барып жата қалды да, көрпесін басына бұғына қымтай салды. Әпкесі мен ағасы табалдырықтан аттай бере жарықты жақты.

- Жаңбыр жауды ма, қар ма?

- Қар аралас жаңбыр сияқты.

- Бәсе. Аяғым малмаңдай су.

Аздаған қарбаластықтан соң, үйдегі үнсіздікті ескірген тоңазытқыштың дыбысы бұзды.

Көрнекі сурет: Фрэнсис Бэкон "Сөйлейтін Джордж Дайердің портреті"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар