Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сағындым, ата, иісіңді...

16.06.2020 1331

Сағындым, ата, иісіңді... 12+

АВТОРЫ: Сая Рысбек, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Талды ауылдық №19 орта мектептің 5-сынып оқушысы.

(эссе)

Талды ауылының іргесінен Мәди Бәпиұлы әнге қосқан («Қонғаны ауылымның Талды-ау деймін...») Талды өзені ағып өтсе, шығысында кербез Кент тауы төніп тұр. Сарыарқаның інжу-маржанына саналатын Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Қарқаралының «қаймағын» сылып алып, Кент тауына жаға салғандай елестейді маған. Кент тауының кереметі сол, алыстаған сайын асқақтай береді. Жақындап барсаң ұшар биігіне шығуға жүрегің дауламайды. Бар құпиясын қатпар-қатпар жартастарына, мәңгі жасыл қарағайларына бүккен Кент тауына қараған сайын атам есіме түседі. Атам айтатұғын: «Адамды түсінен тану оңай, ішіндегісін табу қиын» деп. Сол рас екен.

Таңертең күн сәулесі бетімді қытықтап оятқанда терезеден Кент тауына көзімді саламын. Таудың басындағы бозғылт тұманнан атамның бейнесін көргендей боламын. Бала кезімде атам тамағымнан иіскеп: «Сая Саянқызы, тұрыңыз, Сізді ұлы істер күтіп тұр», - деп сыбырлайтын. Бетімді сақал-мұрты қытықтағанда: «Ата, түсімді көріп болайыншы, сосын оянамын»,- деп керілетінмін. Сол атамның жағымды иісі мұрнымның ұшында әлі бар. Сағынғанда ешкімге білдіртпей гарнитурдың ішіндегі атамның әтірін («Эрмитаж») иіскеймін.

Менің құрбыларым ойнап отырып бір-біріне: «мен үш жасымда сөйткенмін, төрт жасымда бүйткенмін» деп дауласып жатады. Мен сонда адам баласының жадына қай кезден бастап көріністер, ақпараттар жазыла бастайды деп ойлаймын.

Меніңше, адамның жүйкесі қорыққаннан немесе қуанғаннан тітіркенгенде санасының қақпағы ашылып, айналасындағы хабарды қабылдай бастайтын сияқты. Себебін түсіндірейін. 2010 жылдың қазан айында бір жарым жаста екенмін. Сірә, сенбі күні болса керек. Өйткені балабақша жабық, 1-сыныпта оқитын ағам қасымда. Әке-шешем мектептегі жұмыстарына кеткен. Пәтердің есігі сыртынан құлыпталып жабылған. Кенет, ас үйден ысылдаған-пысылдаған, қорқыраған қорқынышты дыбыстар естілді. Ағам қорқып, төсектің үстіне шығып кетті. Мен орнымнан қозғала алмай қалдым. Әлгі дыбыстар басылар емес. Біраздан кейін пәтердің есігін әлдекімдер дүрсілдетіп қаға бастады. Ағам жерге түсіп, мені құшақтады да: «Ас үйде бөки жүр, сырттан зомбилер үйге кіргісі келеді», - деп тұншыға өксіді.

Сол кезде орындықтың үстіндегі телефон шырылдады. Еңбектеп жеттім бе, тәй-тәй басып тақадым ба, әйтеуір тұтқаны көтердім. Арғы жақтан атамның: «Алло, саялаған, пана болған бала ма бұл?» деген қамқорлы үні естілді. Сонда ғана тамағымда тіреліп тұрған түйін тарқатылып: «Ата, кел!» деппін де екі көзіме ерік беріппін. Қанша уақыт өткенін қайдам, бір мезетте есіктен атам кіріп келді де әуелі мені сосын ағамды көтеріп алып сыртқа шығарды.

Осы оқиғаны атам жиі есіне алатын. Мәселе былай болыпты. Біз Қарқаралыда тұрамыз. Таңертең мұғалім әке-шешем есікті сыртынан жапқан соң жұмыстарына кеткен. Сол күні жылыту маусымы басталып, орталық қазандықтан көп қабатты үйлерге ыстық су жіберіледі. Ас үйдегі жылыту радиаторынан ақау шығып, ыстық су сыртқа аға бастайды. Зәрені ұшырған дыбыстар сол екен. Көлкіген ыстық су төменгі қабатқа өткенде көршілер есікті дүрсілдетіп қағады. Қолдары ауырған соң аяқтарымен тепкілейді. 45 шақырым алыстағы атам балалардың халін білейін деп телефонның құлағын бұрайды. Арға жақтан «аталап» жылаған немерелерінің дауысын естиді. Тұтқаны лақтырып жіберіп, ауладағы «Жигулиді» оталдырып, Қарқаралыға тартады. Есіктің құлпын монтировкамен сындырып ашып, ағам екеумізді сыртқа алып шығады.

Апам айтады: «Атаң беті боп-боз үйден жүгіріп шығып, ауладағы мені қағып өтті де машинаға отырып, әлдеқайда кетіп қалды. Мына шалды жын ұрған шығар деп ойладым. Түске таман келді де екеуіңді (ағам мен мені) маған жетелеп әкеліп, Әнебіреулер (әке-шешемді айтады) балаларды бір күні өлтіреді, қолымызға алмасақ болмайды» деді.

Анам айтады: «Төмендегі қабаттағы көршіміз подьезде уайымдап тұрса керек. Уайымдамағанда ше? Жазда ғана төбеге жапсырған шаршы пенопласттар томпылдап жерге түсіп, төбеден аққан су қабырғадағы қымбат түсқағазды айғыздап, одан жұмсақ дивандарға өтіп, түкті кілемдерге сіңіп жатқаны қайбір жақсылық дерсің? Бір кезде Сіздің қайын атаңыз үшінші қабатқа жүгіріп шығып, қолындағы темірмен есікті ашты. Балаларды көтеріп шығып, машинаға отырғызды. Өзі көшенің арғы бетіндегі құрылыс материалдары дүкенінен бір жігітті ертіп әкеліп, ағып жатқан суды тоқтатты. Менен кешірім сұрауды ұмытпады».

Әкем айтады: «Атаң шаңымызды әбден қақты. Көршінің бүлінген мүлкін қалпына келтіріп бір шығындалдық. Бәрінен де машинаны айтсаңшы. Атаң бір сағаттық жолды жарты уақытта жүріп өтіп, «Жигулидің» «ходовкасын» шашып тастаса. СТО-дағы жігіттер бір күн жөндеп, бір айлық еңбекақымды қағып алды».

Келесі жылы ауылға көшіп келдік. Анам ертемен мектепке, әкем әкімдіктегі жұмыстарына кетеді. Тоғызға таман атам жетелеп мектептегі шағын орталыққа апарады. Жолда: «Атасының баласы тәртіпті болуы керек, апайларға үнемі амандасуды ұмытпа», - деп құлағыма құяды.

Апам айтады: «Өз балаларын балабақша түгіл, мектепке апармаған адам осыған мейірімі түсе қалды. Атасының атындағы бірінші қыз (тегім Рысбек) деп ерекше еркелетті».

Анам айтады: «Атаңның тапсырмасын тура мағынада қабылдап, мені әбден ұялтатынсың. Мектепке кіргеннен дәліздегі оқушыларға: «Ай, балалар, шулмаңдар, сабақтарыңа барыңдар» деп әңгірлейсің. Қоңырау қағатын, киім ілетін тәтейлер орнында болмай қалса табандап жүрмей қаласың. Ол кісілерді тауып әкеліп, амандасқан соң ғана топтағы балаларға қосыласың».

Балабақшадан қайтар жолда дүкен бар. Сатушысы сондай мейірімді. Табалдырығын аттағаннан маңдайымнан сипап, қалталарымды тәттіге толтырып береді. Мен тегін деп ойлайтынмын. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші, төрт «инвесторы» (атасы мен апасының зейнетақысы, әке шешесінің еңбекақысы) бар бүлдіршіннің бетін сатушы түгіл жел қақсын ба? Бірде сатушы бұдан былай тәттілердің тегін берілуі тоқтатылатынын, себебін атамнан сұрауымды ескертті. Жылап үйге барайын. «Дұрыс» деді атам. «Сен таяуда төртке толасың. Моцарт деген ұлы күйші төрт жасында нота танып, алғашқы шығармаларын жазған. Сен маған қандай тәтті жегің келетінің айтып хат жаз, мен ақша беремін». «Оған әріпті кім үйретеді?» деді апам. «Біздің уақытымыз жоқ, мектепке барғанда мұғалімдері оқытады» деді әке шешем. «Қытайым аман болсын» деді атам. Ертеңіне Қарқаралыдан қабырғаға іліп қоятын «Сөйлейтін әліппені» сатып әкелді. Сондай рахат болды. Балабақшадан соң бірден үйге жүгіремін. Қуыршақтар мен жұмсақ ойыншықтар жайына қалды. Түймесін бассаң «Әліппе» әріп те үйретеді, ән де салады, тақпақ та жаттатады. Әріптерді еске сақтап алдым. Атам газеттегі үлкен әріптерген терілген тақырыптарды оқытады. Ақысына алақан толы кәмпиттер. «Таңдайы тақылдаған балаға көз тиеді, әр нәрсе өз уақытымен» дейді апам. «Ертең сыныпта еркелеп отырмайды. Ерте білген баланы мүғалім де ұнатпайды» деген ата анам. «Жанамын деген жүрекке от беру керек» деп жауап берген атам.

Екінші сыныпта саз мектебінің домбыра үйірмесіне жаздырды. Бекер дегендерге берген жауабы: «Некрасов деген жазушының: «Ақын болмау өз еркің, азамат болу міндетің» деген сөзі бар.Мен одан дәулескер күйші немесе әуезді әнші болуып шығуын талап етпеймін. Бірақ әрбір қазақтың шаңырағында қазақтың қара домбырасы тұруы қажет және ол аспап қаңсып қалмауы тиіс». Екінші сыныпты бітірген жазда Астанаға апарып, «ЭКСПО» көрмесінен шағын домбыраны қабымен сатып әперді. Нота дәптеріндегі белгілерді добыра үніне салып отырғанымда мерейленіп қалатұғын. Мектептен мақтау қағаздарын алып танаурап келгенімде маңдайымнан иіскеп: «Адам марапат үшін емес, үлкен мақсат үшін өмір сүруі тиіс» дейтұғын.

Атамсыз өткен екі жылда көп нәрсе өзгерді. Апамның белі бүгіліп, таяққа жиі сүйенетін болды. Әкемнің самайын қырау шалды. Менің бойым бір қарысқа өсті. Жеңіс күні қарсаңында ауылдағы соңғы тыл еңбеккерінің кеудесіне мерекелік медаль тағылды. «Тірі болса атаңа да берілуші еді» деді апам. Аппақ болып гүлдеген алма мен шие ағаштарына қарап:«Маужырап тұрған көктемде, гүл тере барсаң бөктерге. Қоңыраулатқан аспанды, найзағай шаншып өткенде. Есіңе мені алғайсың...» деген Мұқағалидың мұңды өлеңін домбырамен ыңылдап айтып отырғанмын. «Мен қасыңдамын» деген таныс дауысты естігендей болдым. Үйдегілерге айтып, олардың жүректерін жүдеткім келмеді. Өйткені, атам үнемі біздің жанымда жүреді...

ЭССЕ КЕЙІПКЕРІНІҢ ӨМІРДЕРЕГІ: Несіпов Рысбек, 1938 жылы колхозшы отбасында туған. Жетіжылдық мектепті бітірген соң Абай атындағы Қарағанды педагогикалық училищесіне түсіп, 1956 жылы «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын алады.1956-1961 жылдар аралығында бастауыш сынып мұғалімі, 1961-1995 жылдар аралғында Қарқаралы ауданына қарасты «Фрунзе», «Матақ», «Жамбыл», «Бақты совхоздарында бас бухгалтер болып қызметтер атқарған.1970 жылы «Ерен еңбегі үшін», 1987 жылы «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60, 65, 70 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Тыл еңбеккері. Жұбайы екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірген. 2018 жылы қайтыс болды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар