Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ОҚУШЫЛАР ПАРАҒЫ
Оқушылар парағы. Мағжан Жұмабаев. Батыр Баян...

25.11.2022 2438

Оқушылар парағы. Мағжан Жұмабаев. Батыр Баян 14+

Оқушылар парағы. Мағжан Жұмабаев. Батыр Баян - adebiportal.kz

Арнайы 7 сынып оқушылары үшін

Құрметті оқушылар, бүгін біз сіздермен қазақтың біртуар ақыны, ұлтының аяулы перзенті Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың жұмбақ та, сырлы әлемінен, бекзада болмысынан сыр шертетін боламыз. Әуелі сіздерді ақынның күрделі де күреске толы өмірімен қысқаша таныстырып өткенді жөн көрдік. Мағжан Жұмабаев 1893 жылы маусым айының 25 жұлдызында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, ақынның енді өз атымен аталатын ауданда, өзі сағына жырға қосқан Сасықкөлдің жағасында өмірге келген. Мағжан сүйегінен құт үзілмеген, бақ дарып, Қыдыр қонған текті әулеттен. Әкесі Бекен дулетті, болыс болған, ел басқарған адам. Атасы Жұмабай ақсақал Мекке барып қажы атанған, ел сөзін ұстаған абыройлы адам болған. Сол Жұмабай қажы немерелерінің ішінен Мағжанға пейілі құлап:«Менің атымды осы балам шығарады»,- деп мейрленіп, еркелетіп отырады екен. 

Мағжан Бекенұлы әуелгі білімінің тілашарын ауыл молдасынан алады. Одан кейін Түркия елінен арнаулы білім алған, Қызылжарға келіп медресе ашқан Мұхамеджан Бегішов деген оқымысты адамнан тәлім алады. Одан кейін де бала шәкірт Мағжанның оқуы, білім көкжиегін кеңейту үдерісі жалғаса береді 1902-1906 жылдары Ақия Ақанов деген мұғалімнен оқиды. Одан кейін Қызылжар қаласындағы Қасен Панамарұлы деген ұстаздан жадиттік бағыттағы мұсылман ілімін үйренеді. Одан ары Уфадағы атақты «Ғалия» медресесін 1912 жылы тәмамдайды. Осылайша Мағжанның діни бағыттағы, Хақ жолындағы оқу сапары он жылдан аса уақытты құрайды. Бұл алдағы Мағжан өмірінің, білімінің берік негізін, терең тамырын қалаған жемісті жылдар болып саналады. 1910 жылдары Міржақып Дулатұлы Зайсандағы мұғалімдік жұмысын аяқтап Омбыға келген сапарында Мағжанмен танысады. Міржақыптың әдеби танымы мен қайраткерлігі Мағжанға ерекше әсер етеді. Дулатұлы арқылы орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетімен әлемдік классиктерді оқып таныса бастайды. Омбыдағы оқымысты жастармен бірге «Бірлік» ұйымын құрады. Осы жылдар ішінде Мағжан Жұмабаевтың тұңғыш жыр жинағы «Шолпан» (1912ж) басылып шығады. Мағжанның алғашқы жинағындағы өлеңдер, негізінен Ахмет, Міржақып сынды ағаларының әсерімен жазылған ағартушылық бағыттағы, халық мұңын, әйел теңдігін арқау еткен өлеңдер еді. Айталық осы жинаққа кірген «Туған жерім – Сасықкөл» атты өлеңінде былай деп жырлайды. 

Білмеймін не боларын, қайран көлім,

Жарайды тең болмаса күн мен түнің.

Итиіп қара шекпен келіп қонса,

Басыңнан құсың ұшып кетер сенің.

Осы өлең жолдарынан-ақ жас Мағжанның ел мен жердің қамын ерте жеп, ұлт болашағының ертеңіне алаңдаған сезімтал жүрегін анық аңғаруға болады. Мағжан поэзиясындағы ұлтшылдық бағыт, күрескерлік сарын «Шолпан» жыр жинағындағы осындай өлең жолдарынан бастау алады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, мағжантанушы ғалым Шерияздан Елеукенов Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық жолын үш кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқы кезеңі жоғарыда біз сөз еткен «Шолпан» жинағымен аяқталса, екінші кезеңі 1913-1924 жылдар арасын қамтиды. Бұл кезең Мағжанның Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түсіп оны 1917 жылы тәмамдаған тұсымен жалғасады. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін, Мағжан Ақмола қазақ облыстық комитетінің құрамында халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болады. Жалпықазақтық сьезде Мағжан Жұмабаев Алашорда үкіметі жанынан құрылған Ағарту коллегиясының мүшесі болып сайланады. Осылайша Мағжанның ұлттық бағытқа негізделген мемлекеттік қызыметі басталады. Осы негізде «Сауатты бол!», «Педагогика» сынды оқулықтар жазады. «Сауатты бол!» еңбегі ХХ ғасыр басындағы қазақ кітаптары арасындағы ең сұранысқа ие оқулық болып саналады. Өз заманында «Сауатты бол!» оқулығы төрт рет басылып елу мың тиражбен тарайды. Осы кезеңдегі ақын шығармашылығының тағы бір ерекшелігі, 1923 жылы Ташкент қаласында «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері» деген атпен басылып шыққан жыр кітабы еді. Біз тілге тиек еткелі отырған «Батыр Баян» поэмасы осы жылдары жазылды. Поэма алғаш рет «Шолпан» журналында жарық көрді. Сонымен қатар «Шолпанның күнәсі» атты классикалық әңгімесі де осы жылдары жарық көрген болатын. Бұл кезең Мағжан Жұмабаев поэзиясының көкжиегі кеңейіп, алысқа түрен тартқан, қазақы қара өлеңге еуропалық жаңа мәнер әкелген жетістікке толы жылдары болды. Оған «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Мені де, өлім, әлдиле», «Бостандық», «Жаралы жан» сынды өлеңдері куә бола алады. 

Мағжан Жұмабаев шығармашылығының үшінші кезеңі 1924 жылдан өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі жылдарды қамтиды. 1923 жылдың аяқ шенінде Мағжан Мәскеудегі Жоғары әдеби-көркем институтына оқуға түседі. Осында оқи жүріп Мағжан аударма жұмыстарымен де айналысады. Пушкин, Лерментов, Фет, Горкий секілді орыс қаламгерлерінің шығармаларын аударады. Мәскеудегі жылдары Мағжанның «Жүсіп хан», «Өтірік өлең», «Толғау», «Тоқсанның тобы» сынды поэмалары жарық көреді. Мағжан Жұмабаев осы жылдары «Алқа» әдеби ұйымының бағдарламасын жазады. Мағжан Жұмабаев жазған «Алқа» бағдарламасы қазақ әдебиетінің жүрер жолын, даму бағытын, болашағын айқындап беретін бірегей бағдарлама болды. Дегенмен сол уақыттағы саяси қысымға байланысты ол платформа іске аспай қалған еді. Мағжан шығармашылығының соңғы кезеңі ақын үшін қияметке толы болды. Осы жылдардан бастан Мағжанның қара басына бұлт үйріле бастайды. 1924 жылы 24 қараша күні Мәскеудегі Күншығыс коммунистік университетіне алпыстай зиялы қауым жиналып мәжіліс құрады. Сондағы олардың талқылаған мәселесі Ташкентте басылып шыққан Мағжанның өлеңдері туралы. Жиналыстың қортындысы негізінде:«Коммунистік партияның жолына қарсы Мағжанның жұмбақты өлеңдері газет-журнал беттеріне тексерусіз басылмасын дейміз» деген қарар қабылдайды. Осыдан кейін Мағжанның онсызда күрделі, тартысқа толы жолына бұғау түсе бастайды. Өзі де, өлеңдері де қудалауға ұшырайды. Карелия орманындағы лагерьге жер аударылып азап пен қорлыққа, ауыр жұмысқа жегіледі. Одан кейін де Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылып, итжеккенге жегіледі. Одан Максим Горькийдың араласуымен 1936 жылы маусым айының 2 күні босап шығады. 1937 жылы май айында Сәбит Мұқановтың шақыртуымен Алматыға келеді. Омбыда бірге оқыған досы Сәкен Сейфуллинмен кезігеді. Бұл күнде қазақ зиялыларының бәрінің басына бұлт үйіріліп, өмірлеріне қатер төніп тұрғаны анық еді. Көп өтпей Сәкеннің де ұсталғаны мәлім болады. Ендігі кезек ұлтшыл, түрікшіл ақын Мағжанғада келіп жеткен-тұғын. 1938 жылы наурыз айының 19 жұлдызында Алаштың аяулы перзенті қанішер кәзаптардың қолынан қаза табады. Күні бүгінге дейін ақынның асыл сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Қым-қуыт, шытырман, қанды тарихтың қойнауында мәңгілік мүлгіп кеткені анық. Оның есесіне Мағжанның рухты сөзі, аруақты жырлары уақыт өткен сайын Тәуелсіз қазақ елінің аспанын әнмен әлдилеп, күймен күмбірлетіп, рухымен жебеп, қорған болып келе жатыр. 

Сәбит Мұқановтың сөзімен айтқанда Мағжан Жұмабаев поэмалар жазудың желісін қаққан адамның біреуі болды. Ілияс Жансүгіров пен Мағжан Жұмабаевтың поэтикалық қуаты аса зор поэмалары мен дастандары қазақ поэзиясының үлкен белесі һәм аласармас биігі болып қалды. Оның «Қорқыт», «Оқжетпестің қиясында», «Өтірік ертек», «Тоқсанның тобы», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», «Жүсіп хан» сынды поэмалары – адам тағдыры мен ел тағдырын шебер ұштастырған, астар мен символикалық мәнге толы дүниелер еді. 

Мағжан поэмаларының ішіндегі ең шоқтығы биігі – «Батыр Баян» поэмасы. Құрлымы, поэтикасы, сюжеті аса күрделі, терең ойға жетелейтін, тарихи танымды өзек еткен бірегей туынды. Поэманың басталуының өзі айрықша. Тағаны мығым, тамыры терең, ағысы қатты, қуатты өзеннің асып-тасығанындай екпінмен басталады. Ашу мен налаға, ызы мен өкінішке, ақынның қаһармандық рухы шарпысып оқырман санасын сілкілеп әкетеді. Ары қарай ақынның сөз еткелі отырған «әдемі ертегісі» басталып, поэма тез шарықтай жөнеледі. 

Жиылды өңшең ноян ығай-сығай,

Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай,

Ту баста Абылайды хан көтерген

Қамқоры қарауылдың шешен Қанай,

Ашуы жауған қардай, шөккен нардай

Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай...

Деп көсілте жөнелтеді. Көз алдыңа байырғы даланың көмекейі бүлкілдеген абыздар мен жыраулары елестейді. Өзіңді құтты бір ұлы жорық даласында, қан майданның ортасында жүргендей сезінесің. Поэма оқыған сайын делебеңді қоздырып, қаныңды қыздыра түседі. Поэманың арқауы үзілмейтін желісі бәйге атының шабысын елестетеді. Дегенмен поэманың негізгі сюжеті бұл емес, жаугершілік замандағы махаббат трагедиясы еді. Бұл поэмада қарыз бен парыз, махаббат пен борыш, ел мүддесі мен жеке бас қамы сынды ұласпалы ұғымдардың тайталасы жатыр. Поэманың шешімі Батыр Баянның інісі Ноян мен ғашығы қалмақ қызы Толқыншашты өлтірумен тынады. Ноян қалмақ қызының сөзіне еріп, өз жерін тастап, қызды ертіп қалмақтардың жұртына қашады. Отанына опасыздық жасайды. Бірақ бұл сырттай ғана солай көрінуі мүмкін. Ал шындап терең үңілсек үлкен психологиялық қайшылықтарға тап келеріміз сөзсіз. Ал, батыр Баянның да қалмақ қызына деген іңкәр сезімі бар екенін ескерсек, шығарманың ішкі қайшылығы тіпті күрделеніп, жұмбағы одан ары шиленісе түседі. Осылардың бәрі жиналып, қордалана келе Баянның ішін бірде оттый күйдірсе, бірде мұздай қариды. Ақыры батыр ішіндегі шер-шеменнің бәрін лақтырып тастап, ашу мен намысқа булығып өз ажалына өзі қарсы шабады. Поэма қаһармандық рух пен басталып романтикалық сарында аяқталады. Баян нағыз ерлерше ұрыс алаңында жау қолынан мерт болады.  

«Батыр Баян» поэмасын Мағжанның өзі «ең ұлтшыл поэмам» деп бағалаған. Біз ақынның бұл пікірімен толықтай келісеміз. Ұлттық идея мен ұлттық мүддені арқау еткен жалғыз «Батыр Баян» поэмасы ғана емес. Мағжан Жұмабаевтың тұтас шығармашылығы ұлтшылдық, түрікшілдік, тұраншылдық идеяға құрылғаны жасырын емес. Ақын өзі де оны мақтанышпен айтады. Ақынды бұл күйге түсірген оның тар заманы, арпалысқа толы алмағайып кезеңі еді. Мағжан «Педагогика» атты ғылыми еңбегінде өзінің шығармашылық ұстанымының түптамырын дөп басатын Міржақып Дулатұлының мына бір асыл сөзін оқырманға үлгі ретінде ұсынады: «Өз елін сүю дегеннен адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр боп тисін деген сөз шықпайды... Адам шын ізгі адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін». Осы ойды Мағжан ары қарай «жер жүзінде адамды адам сүймек» деп әспеттейді. Мағжанның отаншылдық, тұраншылдық танымының бастауы міне осындай адамизаттық гуманистік ойдан туады. Мағжан Жұмабаев шығармаларында Абайдың шәкірті ретінде ұлы «Иманигүл» ұстанымынан айнымайды. Сол арқылы қалың қазаққа өзін сыйлауды, ұлтын сүюді, білімге құштар болып, үнемі кемелдену жолында жүруді дәріптейді. 

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы бізге адам өмірінің ең биік мұраты – намысын жоғалтпау, арын тоналтпау, ел мен жерге қызымет етуде ұжданнан аттамау сынды қасиетті де киелі ұстанымға берік болуды үйретеді. 

Құрметті оқушылар, қазақ поэзиясының ұлы суреткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының өздеріңе ең ұнаған тұстарын жаттап алыңдар. Саналарыңда жатталып қалған бұл поэма, сендердің ертеңгі өмір жолдарыңа өз нұрын шашып тұрары анық. Жадында «Батыр Баяндай» поэма сақталған бала ертеңгі күні өмірдің қандай да бір қиындықтарын оңай еңсеретіні сөзсіз. Өйткені бұл батырлар туралы поэма ғана емес, ең әуелі өмір жыры. Бізге атқан таңды, батқан күнді сүюге, өмірдің әрбір сәтін бағалауға ұмтылдыратын шығарма екенін ұмытпайық.

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай
жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар