Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Шәкәрім философиясы: өмірден мән іздеу...

19.07.2023 2121

Шәкәрім философиясы: өмірден мән іздеу 14+

Шәкәрім философиясы: өмірден мән іздеу - adebiportal.kz

Ақ жүрекпен ар жолына түсіп, көргені мен түйгенін таза ақылға сынатып, адам болуды көздеп, өмірдің мәні мен мағынасын іздеген жан әйтеу бір Шәкәрім мұрасына зер салары анық. Сонау Шыңғыстаудың төрінде, Шақпақтың бауырындағы Саят қорада жатып, әлемге ой көзімен үңілген кемеңгердің қандай тереңге бет қойғаны қайран қалдырады. Жапанға елден безіп кеткен жалғыздың аласапыран дүниенің алды-артын болжауы айна-қатесіз. Өзі өмір сүріп отырған кезеңнің бет-бедерін сипаттап қана қоймай сырына бойлайды. Келер ұрпаққа кемел жол іздейді. Адамдықтың түп негізін тануға бастайды. Ар, иман, ынсап, әділет, ұждан сынды қасиеттер толық ашылмай, нәпсімізді құрбандыққа шалмай, құр өмір сүрдім деу құрғақ сөз екенін ұқтырады. Ақыл мен жан есеймей тек тәннің қажеттілігін ғана күйттей берсек болмыстың сыры ашылмақ емес. Ақын сағымдай көшкен дүниенің соңынан ілесіп, бәрін меншіктегісі келіп, құлқынын толтыра алмай адасқандарды аямай сынға алады. Оған: «Шаранамен туып едің», «Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа», «Ноль», «Мінін айтса, бұзылмас кімнің түсі...», «Адам немене?», «Партия қуған өңкей қырт...» т.б. көптеген өлеңдері дәлел.

Шәкәрім қарастырған философиялық мәселелер жалпы адамзатқа тән. Ойшыл қозғаған тақырыптар әлі де өзекті. Ешқашан құндылығын жоғалтпақ емес. Біз әдетте сыртқы қоғамды, айналамыздағы болып жатқан құбылыстарды жазуға бейімбіз. Сол жеңілірек. Ал Шәкәрім көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін адамның ішкі сезімдерін, жаратылыстың сырын тануға асық. Міне, ойшылдың өзгелерден айырмашылығы осында болса керек. 

Адамдық негізі жан мен тәнді ажырата біліп, оның қажеттіліктерін жете түсінуден бастау алмақ. Егер жан қалауын ұмыта берсек адамдықтан айырылып қаламыз. Әулие айтқан ар ілімінің қажеттілігі осында. Ол жантану ілімімен сабақтас.

Барлық адамда жан болғанымен, толық ұжданды емес. Себебі «жанының неге ұмтылатынын, ұжданды тілейтінін кейбіреу надандықтан біле бермейді» - дейді ойшыл. Кемелденудің жоғарғы деңгейінде ғана ақыл «рухани көзбен көру» кабілетіне ие болмақ, сол арқылы ғана адам құдіретті ақиқатпен байланысып, оны таниды. 

Шәкәрімнің дүниеге көзқарасы - ұлттық философияның дамуына да зор ықпал еткен құбылыс. Қайшылықты қоғамда өмір сүріп, ізгілік жолында күресіп өткен қайраткер ақынды қай қырынан алып қарасақ та қайран қалдырмай қоймайды. Еркін ойлы адамнан өлердей қорқатын қатаң режимді ұстанған өкімет одан барынша құтылуға асықты. Себебі оларға ойшылдар емес орындаушылар керек еді. 

Тағы бір тоқтала кететін дүние Шәкәрімнің шығармашылық әлеміндегі Шығыс мәдениетінің орны. Дана Шығыстың кең айдынды, тұңғиық терең, тылсым мұрасын өз бойына дарыта білген. Сырлы сөздің, өрнекті ойдың жүйесін жете таныды. Оның «Оятқан мені ерте Шығыс жыры» деген жыр жолы осы байланыстың тым тереңде жатқанын аңғартады. Шығыс жырының әлдиімен оянған ақын қалыптаса келе оларды өзінің жүрегінен өткізе қайта жаңғыртты. Ол Шығысты толық меңгеріп, рухани ілімін терең игерген, керек десеңіз түпнұсқадан оқыған адам. Бұл да болса оның кеңестік көзқарасқа үйлеспейтінін көрсетті. Адамдық, теңдік, ар, бостандық жайлы ойлары ол жүйенің шеңберіне сыймайтын еді. Ақыры атып тынды. Қорқыныш пен үрей билеген қоғамда ақынның құр құдықта қалған сүйегін алуға отыз жыл бойы ешкімнің дәті жетпеді. Әкесінің сүйегін өзі өмір бойы құрметтеп өткен Абай ағасының жанына арулап жерлеу ұлы Ахаттың маңдайына жазылған екен. 

Заман ілгерілеп адамзат санасы неғұрлым жоғарылаған сайын оның алдындағы міндеттердің де ауқымы кеңіп, мәні күрделілене түседі. Шәкәрімнің шығармашылығына деген ықыластың қайта оралуы ұлттық сана-сезімнің оянуымен қатар жүруде. Шәкәрімтану сырлы теңіз іспетті. Оның түпсіз тереңіндегі ғажайып әлемге бойлау ой соңына ілескен адам ғана баратын азапты жол. Кемеңгердің шығармашылығы төңірегіндегі жаңа мазмұнды тұжырымдар жасау, терең теңіздің түбінен асыл маржан сүзумен пара-пар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар