Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Салауат Кәрім. Бөтен қой...

03.08.2016 4891

Салауат Кәрім. Бөтен қой

Салауат Кәрім. Бөтен қой - adebiportal.kz



Бала кезім. Шілденің тымырсық ыстық желі гуіл соғады, колхоздың алыс бөлімшесіне әрең жеттік, әкем кабинадан түскені сол еді, бөлімшенің қарт ақсақалы жүгіріп келіп, әкеме айқайлап, қолын бұлғап, сілтеп, сөйлей бастады. Ысып кеткен «бортовой газон» кабинасынан қарап тұрмын, көріп отырмын. Әкем үндемей әлгі кісіні мұқият тыңдап тұр, біресе ақталып, біресе ақсақалды құшақтап, түсіндіріп бағады, әйтеуір шалмен қоштасты. Кетерде әлгі шал: «Нәке, бірінші Аллаға, сосын өзіңе тапсырдым»,- дегеніәлі де сол күндегідей құлағыма шалынады.


Жол жүріп келеміз, әкеме қараймын:

- Папа, саған шал неге айқайлады?

- Құлыным, ол маған айқайлаған жоқ, шындығын айтты.

- Шындық деген не?.

- Шындық деген – шындық, – дейді, ол күліп.

- Шындықты тыңдау керек пе?

- Әрине, тыңдау керек.

- Неге?

- Ақсақалдың үйінде он екі жан бар, екі ұлы үйленген, құлайын деп тұрған ескі қыстауда тұрып жатқандарын айтты. Баспана сұрайды, бастыққа жеткіз дейді, өзінің сөзі бастыққа өтпейді. Бастыққа бірнеше рет барыпты, бастық оған бос тұрған үйді бергізбейді, қуып жібереді.

- Енді сен не істейсің?

- Мен не істеймін, бастыққа барамын, ақсақалдың шындығын айтамын, оған үй беруді сұраймын, талап етемін.

- Ал, егер бастық сені тыңдамаса?

- Тыңдамаса бір жөні болар, –дейді әкем күрсініп.

- Онда шалдың шындығын, бастыққа айтпашы.

- Рульді бұра берген әкем: «Шындықты айтпай болмайды» дейді.


*****


Бір ай өтті, кеште ойыннан келсем бөлімшеде көрген ақсақал үйде шәй ішіп отыр. Баласындай құшақтап, бетімнен «шөлпілдетіп» сүйіп жатыр. Қалтасынан үш сомын шығарып, қолыма тыққылайды. Алмай қашамын, алсам апамның ұрсатынын білемін. Апам шалға шәйін құйып, құрмет көрсетіп жүр, ақсақал қуанышты, тек әкемді күтпей асығып кетті.


Кешкісін малды жәйләп келген әкем тас талқан, ашулы, апам болса «үлкен кісінің ақ көңілін қимадым» деп ақталады. Әкем мені өзіне шақырып: «қорада тұрған анау бөтен қойды шығарып жібер», - дейді. Қораға жүгіріп барып, өз қойларымыз ішінде тұрған бөтен дәу қара секті, әкем айтқандай шығарып жіберемін.


Әкеме келіп шығарып жібердім десем, «шығарып жібердің бе?!» деп рахаттана күледі.


Әкем сол жолы колхоз төрағасын көндіре алмайды, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына дейін барады, бөлімше тұрғыны Базарғали ақсақалдың өтінішін орындайды, сөйтіп жүріп, Базарғали ақсақалға бөлімшеде босаған тәуірлеу үлкен үйді, ал үйленген ұлының біреуіне орталықта салынып біткен екі пәтерлі жаңа үйдің бір жағын бергізеді. Мен қорадан шығарып жіберген бөтен қой ақсақалдың әкеме ниетімен білдірген «алғысы» екен.


Екі күннен кейін шәй үстінде апам: «Базекең әкелген қойға обал еттің, ауыл ішінде маңырап, қора іздеп жүрген қойды біреу сойып алды»,- деп әкеме қарайды, әкем кеседегі шәйіне қарайды.


Оларды еске алған сайын мен оларға жақындай түсемін, олар мені кісіліктен тайдырмайтын сияқты.


2011 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар