Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы дәл кезінде уақытпен үндесіп, ұлттық рухты оятып отыр.
Үстінен ұшқан құстың қанаты талған, жүгірген аңның тұяғы тозған бабалардан қалған Ұлы Даланың тарихымен таныстырып, руханиятты сақтауға арналған алты жобаны ұсынып отыр.
«Мәдени мұра» – ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге ұялмай насихаттайтын төлқұжат болғалы тұр.
Мақалада: «Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың» арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрылығындағы саяси және экономикалық тарихтың бастамасын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді», – делінген.
Мақаланың алғашқы жеті тарауында бабаларымыздың өз заманында жеткен жетістіктері мен технологиялық жаңалықтарын жіліктеп түсіндіріп, құйма құлаққа құйып, көкірегінде көзі барға көрсетіп, бүгінгінің саналы ұрпағына ұқтырып отыр. Ең аяғы – Сиверс алмасы мен Регель қызғалдағының тарихи Отаны – Қазақстан екенін дәлелдейді.
Қазақ халқының өмір сүру дағдысы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, соны сақтап кейінгіге үйрету ұрпақтарының парызы. Ашқан жаңалықтарын, жеткен жетістіктерін кейінгіге аманаттап кетеді. Сол аманатты Мемлекет Басшысы Түркі әлемінің бесігі – Тәуелсіз Қазақстанның жастарына «Жастар жылын» жариялай отырып, шыққан тектерімен таныстырған мақала жолдап отыр. Біздің әлемдегі ешбір ұлттан кем емес екендігімізді дәлелдейді.
Ал, осыны оқыған ұрпақ төл тарихын білуге ұмтылып, тарихи санасы жаңғырып, мақалада айтылған керемет идеяларды қолға алып, жобаларға атсалысатынына сенеміз.
«Ұлы дала есімдері» атты оқу-ағарту энцеклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік фильмдер шығарып тарату ұлтымы-здың қаһармандарын өз елімізде ғана насихаттамай, шет елдерге де шығарып, әлем халқымен таныстыратын болады. Келер ұрпақ ұлт батырларын үлгі тұтып өсетін болады.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның даласынан күллі әлемге тараған түркі халықтарының тарихын тірілтетін «Түркі өркениеті: түп тамырынан қәзіргі заманға дейін» атты жоба да қолға алынбақшы. Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресі өтіп, Түркі халықтарының мәдени күндері жасалмақшы. Тағы бір қуантатыны Түркі халықтарына ортақ туындылардың онлайн кітапханасы ашу да маңызды болып отыр.
Ең негізгісі Ұлы Даланың жеті қырымен таныса отырып, арғы тегімізді түгендеп, тарихымызды жаңғыртып, келер ұрпақ мақтанып айта жүретіндей жобаларды қолға алмақшымыз.
Сәуле ДОСЖАН,
Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.