Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәулеш Шәтенова: Мен - Сәулемін...

16.08.2016 4791

Сәулеш Шәтенова: Мен - Сәулемін

Сәулеш Шәтенова: Мен -  Сәулемін - adebiportal.kz

 

1461.jpg

Бозторғай жыры

 

 

Күннің алтын инелері төбеме қадалды,

Ақ торғын шаңың демімді тұншықтырды.

Сонда дағы сүйемін, даламды,

Моншақ сыйлағаның үшін мың шықтан түрлі.

 

Жат жерліктің мүйіз тақасы,

Төсіңді сенің таптаған шақта.

Қылбырау болды жанымның жарасы.

Түк қыла алмадым жалмауыз жатқа.

 

Асыңды ішіп , аяғыңды тепті,

Тілімденген жаның жаралы.

Артынып алып жатым да кетті ,

Байлығымды алып бәсі бағалы.

 

 

Қараш төбенің қарауылы едім,

Қу бұтаңның түбін бағамын.

Немен жамаймын жамауымды енді,

Кімге дәрі ұрандағаным?

 

 

Отырдым іште бір сәуле өшкендей,

Көлтаусарларға лажым болмай.

Қос бұрым жолмен бәрі көшкендей,

Жұртта қалып құлазығандай.

 

Таңның нұрынан өрмегімді өріп,

Күнімді сенде батырамын- дағы.

Алып кетпесе болды енді жат жерлік,

Бір уыс сенің топырағыңды.

 

Жырлаймын сені жеткенше дауысым,

Жүрегімде мадақ өлең тұтанды.

Бұтағына қонып сайрауым үшін,

Дін аман қылса екен бұтамды.

 

Жырлаймын сені көгіңде айналып,

(Жырлай білсе ғой барлық құс менше).

Қу бұтаңа мәңгі байланып,

Қанатым қурап, құлап түскенше..

 

                

***


Жарығымды талай жарықсыз жанға туралап,

Адастым білем көз байланатын іңірде.

Сәулемді  іздеп, жүрекке кіріп сыналап,

Жоғымды таппай, сонда да мүлдем түңілмей.

 

Сезбедім, сірә, жылуын маған бергенін,

(Кездерім көп қой ызғарда жалғыз үсіген).

Ұсынған қолын қапыда, бәлкім, көрмедім,

Ол- дағы қолын созбады қайта, түсінем.

 

Шапағатын шашқан Жаратқаныма мың алғыс:

Тарту еткен-ді өзімнен аумаған үшемді.

Жарығымды жағып, мыңдарға сыйлап қуаныш,

Бақытымды таудай, шүкірлік, тұтам місе енді.

 

Үш өмірім бар қылығы балдай, сөздері,

Үйімді менің ұялап етті Күн мекен.

Жарығымды жағып туралатқанда, өзгенің,

Жарығына, тәйірі, жолықпағаның  да мұң ба екен?!

 

 

 

        ***

 

 

Мен өзенді айна қылдым,

Бір періште жанары алаң.

Шағылыстырып Айға нұрын,

Айнасынан қарады маған.

 

Жүрегіме мың қуаныш қондырдым,

Сыбырладым ол жайлы далама.

Жүрегімнің түкпірінде Ол тұрды,

Жанымнан да жақын бір аға.

 

Бейнесін оның Айға іліп қойдым,

Менен өзгелер көре алмасын деп.

Аймалап іштей айналып тұрдым,

Айменен күндіз жоғалмасын деп.

 

Көзіміздің сәулелері,

Кезікті де шағылысып қалды.

Жоғалта көрме сен де енді мені,-

Деді ол маған: -Табыстық мәңгі.

 

Жассыз жылайтын, жанары құрғақ,

Жүрегімді алдасам ба екен?

Бейне жасадым бәрінен ұрлап,

Айдың бетінен құлатып алмасам екен.

 

 

Мен -  Сәулемін

 

Әлдекімдер мені тіпті  жаңқа құрлы көрмеді,

Әлдекімдер құрақ ұшып орнын берді төрдегі.

Әлдекімдер садақ тартты сыртымнан,

Ал мен бірақ өлмедім.

 

Қайратымды қара тасқа жаныдым,

Шақпақ болды : от шықты.

Ақиқатты ақ бөз мата тәрізді,

Ішімдегі Тәңірім деп таныдым.

Көгімдегі ал Тәңірім қолдаса,

Талай жерге жетер әлі жарығым.

 

Тоңғандарды келді сонсын жылытқым,

Сынығымен сәулемнің.

Тоздырдым да жылдарымды үгіттім,

Уақыт бірақ мені мүжи алмады.

Бүтіндемек болдым барша сынықты,

Құралмады ол әлі.

 

Шындықты  іздеп шемен болды жүрегім,

Қорқақ болды ал тілім.

Көзім батыр, құр  бозарды  реңім.

Терең мені батырды, тек көбігін қалқыдым.

Жер қайысқан түменім жоқ түменім.

Жалғызбын да жалқымын.

 

Ақиқатым өлмесе екен тек қана,

Қойдай халқым желге ығып барады.

Жүрек от-ты, қалғаны одан шоқ қана,

Үрлегендер тек  жандыра алады.

Ақиқатымды өлең қылып тасқа қашап кетемін,

Кейінгілер тауып алса жарады.- деген шығар Күлтегін.

 

 

Білезік

 

Шіренген түркі ед, болды шын шын ғаріп,

Шілдің құмалағындай шашылып қалды.

Көзінің жасы моншаққа айналып,

Қу бұталарға асылып қалды.

 

Таратылған шүлендей болды,

Тарлық етті де талыс даласы.

Улап та шулап ұлардай болды,

Бағы басынан  алыстағасын.

 

Шаштың күлінде бесігім қалды,

Қисық арбамен бақырым кетті.

Ноғайлым босты, қосығым зарлы,

Асылым өтті жатыры текті.

 

Жолбарыс белдер қаңырап қалды,

Қағанат туы құлаған күні.

Жоғалды көштің сілемі мәңгі,

Қыпшақ баланың жылаған үні.

 

Бытырап кеткен Тұранның жұрты,

Байрағы бөлек қолына ұстаған.

Тілі бөлектеу, бөлектеу сұрқы,

Кейпіңді іздеймін маған ұқсаған.

 

Бөлектеу күйі, бөлектеу әні,

Жат болып  маған кетті бауырым.

Бөлектеу қаракөздерім- дағы,

Бөлгесін бізді аттың сауыры.

 

Моңғолдау кейпім, сен иран текті,

О, кенет жүрек салды бір ойнақ ән.

Көріп қалдым мен күміс білезікті,

Биші өзбек қыздың қолында ойнаған.

 

Түрікпен қыздың да білегінен оны,

Тоташ қыздардан да көріп қалғанмын.

Зергерлер соққан жүрегімен оны,

Сұлулығын беріп жәхи жалғанның.

 

Жүрегі түскір-ай сезбесті сезіп:

Білезігіміз ұқсайды біздің.

Менің қолымда да сол күміс білезік,

Білегінде де сол сан түркі қыздың.

 

Сен де енді іздеп шарларсың мені,

Сен де егізім бе ең жүрегім іздеген?

Қаным ойнап, қандасым, қардашым, сені,

Танып қалдым білезігіңнен.

---------------------------------------------------

 

 

Қызыл Ай

 

Түсі неге қызғылт анау Айымның?

(Жүрегімде ізі де жоқ уайымның).

Білесің бе, сен шақырсаң...сенімен,

Жер түбіне баруға да дайынмын.

 

Түн төсінде жанып тұр бір шырақ - Ай,

Сені ойладым тағы, тағы шыдамай.

Ілесер ем сен шақырсаң егер де,

Қайда бара жатқанымды сұрамай.

 

Қиялымнан бір аққала тұрғызып,

Сонсын оның еритіні...тым қызық.

Қызғылт Айдың аясында сыйлады,

Әлдебіреу сүйгеніне гүл, жүзік.

 

Ойлай берем сені, бақыт жайлы да,

(Бой алдырмай бір бойкүйез қайғыға).

...Әлгі жігіт, қолы жетсе, сол қызға,

Ойланбастан сыйлар еді Айды да.

 

Сол бақытты қызды-ай, оның жүзігі-ай!

(Жалғанбайтын қиялымның үзігі-ай).

Көз көрмейтін жер түбіне шақырып,

Маған неге сыйламадың қызыл Ай.

 

                       Жан аға

 

( Қазақ көркем сөзінің мэтрі, дегдар да сырбаз  Рахымжан Отарбаев ағама арнаймын)

 

Жан аға,

Жанашыр сенің жүрегіңнен болайыншы садаға,

Алдыңда сенің ұқсап та кеттім балаға.

«Ағасы бардың- жағасы бар»:

Жоқ еді менде аға да,

Жоқ еді менде жаға да.

 

Соданба, сотқар тағдырым,

Талай рет мені жылатты,

Бұрымымнан тартып құлатты.

«Кім тиді саған, қарғам?»,-деп,

Қаратау –сынды қорған боп,

Келді-ау бір мені жұбатқың.

 

«Айналайыныңнан» айналдым,

Асылзада айбарлым.

Арманымды еске салдың-ау,

Арманым қайда ед?

Ұмытып,

Қобдишаға салып қойғанмын.

 

Мейлі, енді құздан құлайын,

Шекпейім оған уайым:

Аппақ торғыннан ұшпалы,

Сен аппақ қанат сыйладың,

Қалықтап...сонсын тұрайын.

Ақ сауыт киген ағатай,

Аппақ нұр саулап, жортқанда,

Жолың болсыншы ылайым!

 

 

           Менменшіл ғұнның қанымын МЕН

 

Ғұнның мын-сан найзасындай,

Күннің инесі жерге шаншылды.

Таң құшағын жайғанда бай,

Шөпке қондырдым шық қылып  тамшымды.

 

Құмда иір ізді кесіртке қашты,

Жабағы бұлттар жаумады.

Күн керегеден сәулесін шашты,

Сұлулығы көзімді жаулады.

 

Көңілім шалқыды,

Қурайға қосып жыр айттым.

Қара тас та балқыды,

Сазымменен мұңайттым.

 

Сондағы әнім бұл еді:

Қара түнде маздатпай шырағыңды құр.

Ести алса жүрегің,

Төбелерден күңіреніп шыққан үнге құлағыңды түр!

 

Аруағы бабаңның болған аңыз,

Жауына қаһарланып жай атады.

Ешкінің ішегі тағылған қобыз,

Қалғып кеткен рухыңды тепкілеп оятады.

 

Ғұнның әні:

Түйелер шөккен төбелер менікі,

Қарсақ қашқан құмдар менікі.

Талыстай белдер менікі,

Күмістей көлдер менікі.

 

Біздей өткір қамыстар менікі,

Терісі теңбіл барыстар менікі.

Қардың арасынан қылтиған гүл менікі,

Ошақтан шыққан күл менікі.

 

Таңбалы ту менікі,

Оқ тиген қу менікі.

Арасында қабан қашқан ну менікі,

Даланы кесіп аққан су менікі.

 

Ұшқан құс талатын дала менікі,

Тастан соғылған қала менікі.

Тасқа басылған дастан менікі.

Жерге төңкерген аспан менікі.

 

 «Менменшіл» ғұнның бір тамшы қанымын ,

Топыраққа сіңген.

Жұмақта жүрген бабамның тастап кеткен жанымын,

Қайтадан жаралған күннен-

 МЕН.

 

Қанаттыларға қызығам

Тақ  мініп шың мен құзынан,

Қағатын кездей қанатын.

Қанаттыларға қызығам,

Жерден көтеріле алатын.

 

Құшақтап дауыл, желін де,

Қанаты сынға шыдайтын.

Әуелеп алып көгінде,

Құласа көктен құлайтын.

 

Күнәсі көп қой пенденің,

Қанатты Құдай кимаған.

Табанын қадап Жерге оның,

Қиялды ғана сыйлаған.

 

Өздері қолдан құраған,

Бұза алмай тап- тар шеңберін.

Өздерін санап ұлы адам,

Санайда Құдай өздерін.

 

Шығуға одан шарасыз,

Шеңбердің кіл құл-құтаны.

Өздері улап ауасын,

Өздері соны жұтады.

 

Шеңберді ғана жағалар,

Қамыты құлдың жүр қажап.

Түтін ыстаған қалалар-

Қолдан жасалған кіл тозақ.

 

Құрт ауруымен жөтелген,

Қоқыс патшалығы қоғамы.

Аспандап ұшып кетерме ем,

Аласалардан жоғары.

 

Қыран боп ұшсам төбеде,

Болса ғой сонда бәрі аң- таң.

Қанаттар өсіп келе ме?-

Сыздайды кейде жонарқам.

 

 

Періштенің ұшуы

Ізгілік пен зұлымдық көп: көп- ті ісі,

Жанары сәл қалғып кетіп Жаратқан.

Кеше түнде бір періште кетті ұшып,

Он екінші қабаттан.

 

Аппақ  торғын бар еді оның қанаты,

Қара түнде қанаттарын қақпақ боп.

Таусылды ма төзімі мен тағаты,

Қара жерге құлдырады аппақ боп.

 

Қағып алды мейірімді Жер оны,

Жоқтау айтып, жылап, төкті мың шығын.

Сонсын оны бесігіне бөледі,

Періште еді айтылмаған сыңсуы.

 

Сайтан біткен өсек айтып не түрлі,

Бұл жаңалық болды оларға кемдікүн:

«Жұмақ жаққа баратұғын секілді,

Періште ғой, әлмисақтан белгілі».

 

Періштелер биігінен құлайды,

Таусылғанда талшық қылған үміті.

Курстас кіл құрбылары жылайды,

Тұнжырайды тастап кеткен жігіті.

 

Сол жігіттің ата-анасы ал келіп,

Көршісіне көңіл айтты құмыға.

Періштені тақиясы тар көріп,

Бай қалыңдық әпермекші ед ұлына.

 

Қаланы да басып тұрды тұман- мұң,

Періштенің қиылғанда өмірі.

Тұнжыраған жігіт ойлап жұбанды,

«Бай қалыңдық және оның көлігін».

 

Ал періште аңғал, аппақ қанатты,

Сан жұмбақты шеше алмады тұңғиық.

Зәулім үйдей өмірді көп қабатты,

Шығар деп ол ойлаушы еді тым биік.

 

Қанаттарын жайды. Үнсіз түнгі аспан,

Періште ұшты тап- таза аппақ қалпында.

Қара түтін, күнә менен кір басқан,

Пендесі көп өмір қалды артында.

 

Періште ұшты он екінші қабаттан...

 

 

                         Мықты әйел

                                               («...Сильная женщина плачет у окна». Алла Пугачева)

 

 

Тозаңдай ем... қара тас боп бекідім,

Тастар мендей жаралады тозаңнан.

Көлік- тірлік жүргіземін тетігін,

Шаршағаным сезіліп сәл жанардан.

 

Жалғандағы жалғыздығым- айыбым,

Палуанымын өмір атты күрестің.

Быт- шыт болып қалмау үшін қайығым,

Ескегімді ап толқынменен тірестім.

 

Еркектерше мен де жылай алмаймын,

Тұншыққан-ды жастығыммен қайғы-мұң.

Күзетшіден момын, жуас әлгі бір,

Бес-алты есе көптеу менің айлығым.

 

Таптап өттім біз өкшеммен мықтыңды,

Тіпті маған дұшпандарым сүйсінді.

Ақыл айтып, ақымаққа ұқтырдым,

Сөз сөйледім мінбелерден қисынды.

 

...Мықты әйел болма, бірақ, құрбым-ай.

Нәзік болу- мына сенің қаныңда!

Мықты әйел болмас едім мен бұлай,

Мықты еркек кездескенде жолымда.

 

Рас, кейде  қорғансыз боп кетемін,

Тас-талқан боп ұрсам сонсын тағдырға.

...Еске түсіп кетті әйел екенім,

Жылап тұрмын терезенің алдында.

 

                      

***


Шыр айналып жанымда шарқ ұрған,

Көрсеқызар біреу ме ең барып тұрған.

Кінә артпайын көз алмай  қарады деп,

Сәулем шығар көзіңді қарықтырған.

 

Толағайдай таудай жүк артып алған,

Іздемейін ұсақтық нар тұлғаңнан.

Көш жөнекей өткенде, шұғылалы,

Сәулем шығар сені де тартып алған.

 

Боп кетердей мен үшін жаның құрбан,

Өрлігіңді өрелеп бағындырған.

Кездеріңе мен кінә артпайыншы,

Сәулем шығар жолыңнан жаңылдырған.

 

 

Сөз заттанады

                                                 ( Сенің сөзің)

 

Мен бе екем ұға алмайтын сөз қадірін,

Білемін сөздің мен де заттанарын.

Ендеше осы жырды жазған бүгін,

Жүрекке сақта, жаным.

 

Сен ғана- басты, жалғыз кейіпкері,

Заттанды әлдеқашан көп өлеңім.

Қалыппын әр сөзіңе сеніп, тегі,

«Сүйемін сені ғана»,- деген едің.

 

«Сағындым...» деп жазған ең көп нүктемен,

Көп нүктені табуды маған артып.

Сағыныштан жүдеген жүректі енді,

Сол сөзіңмен отырмын алдарқатып.

 

«Еш ойлама. Мен – дағы тұрақтымын»,

Телефонда сөздер тұр сен жолдаған.

Бақыттан құлап қалар сияқтымын,

Адалдықты мен – дағы армандағам.

 

Ал мынау бір «Табыстық» деген сөзің,

Қылыш кескен естілді серттей болып.

«Мәңгі бірге боламыз»» деген де өзің,

Ішіме шоқ, жүрекке дерттей қонып.

 

Жасырдым көздерінен көптің деме,

Оқыды бұл сөздердің Хақ та бәрін.

Бәрін жазып, ұмытып кеттің неге,

(Айтып ең ғой) сөздердің заттанарын?

 

 

                  Ал ұшайық...

 

                                 

 

Көртышқанның қылығына налыдың,

Жамап алдың жүрегіңе тағы мұң.

Оның түнек кеудесінен жалғанның,

Іздеп әуре болмай- ақ қой жарығын.

 

Түнек – кеуде білмес жарық дегенді,

Түсінбейді өнерді һәм өлеңді.

Бауырымен жорғалаушылар тобы – олар,

Қанаттым- ау, өз тобыңа кел енді.

 

Көртышқанда індер көп те, ырыс кем,

Дұрыс па оның көзесінен мұң ішкен ?!

Тағдыр бізге алтын топшы сыйлады,

Бар ғой біздің қанатымыз күмістен.

 

Көртышқанға қырандардың мұңы не-

Бар бақыты- дән тасу ғой ініне.

Біз олардың індеріне сыймаймыз,

Біз олардың түсінбейміз тіліне.

 

Көрмеген- ді Көк пенен Жер түйісіп,

Және ешқашан көрмеген- ді қиысып.

Қанаттылар тобынанбыз біз деген,

Қайтайықшы бұлттарменен сүйісіп.

 

Найза шың мен найзағайды құшайық,

Жүген тағып жұлдыздарды тұсайық.

Сонсын күміс қанатымыз сыңғырлап,

Күнге қадап көзімізді ұшайық.

 

Көкті сүйген қырандарда жоқ маза,

Бір бірінен қалықтаумен кетті оза.

Биік деген сәл салқындау демесең,

Биік деген- мөп- мөлдір һәм тап- таза.

 

Бола берсін саршұнақтың дәні көп,

Бірақ оның ғұмырының мәні жоқ.

Көк аспанға ізімізді қалдырып,

Көк аспанға кетейікші жағып от.

Ал ұшайық...

 

 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар