Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сері Баян, сал Баян!.....

23.06.2021 6148

Сері Баян, сал Баян!.. 12+

Сері Баян, сал Баян!.. - adebiportal.kz

Жолсапардың басы

Жасыбайдан Баянға бару үшін батырлар бұлағына бет қойып, жолай бабалардың бейітіне аялдайсың. Табиғаттың жұпар шашқан, нәп-нәзік перзенті сынды жап-жасыл аршалар таудың сәнін кіргізеді. Жасыл шашы жалбырап, жалпақ тастарды қаусыра ұстаған саусағы өмір үшін күресіп, қарысып қалғандай. Жарық дүниенің, тұмса тіршіліктің қадірін ұқтырады. Тасқа оралған тамырына сүйсініп, ғажайып жұпарына масаясың. Ауылдарға қойған қарауыл сынды, айналдыра қоршаған таулар көкірегіңе көктің нұрын құйып, дала саған емірене түседі. Алдыңдағы асуды ассаң көзіңе оттай басылып Баянауыл ауданы жатады. Бауырында көпіршіген Сабынкөл. Жомарт аспанның көз жасы көлге айналғандай.

Бұл елді тағы да толық тани түскің келсе, Қаныштың музейі құшағын жайып, алдыңнан шығады. Қазаққа он алты бірдей академик берген құтты мекенге бас иесің. Кешегі Сұлтанмахмұт көксеген арманның орындалғаны ғой - деп жарық күнге қарап жадырайсың. Кеш батса, тау басына алтын табақ төңкеріп қойғандай жарық ай көл бетіне төне түседі. Әр тасы, әр шөбі ән салып тұрғандай. Сері Баян, сал Баян қосыла шырқайды.

Боз жусанды, бетегелі белде баянтаулықтар таңғы ауаны жұтып, табиғатпен тілдесіп бара жатады. Осы өлкедегі ең биік Ақбет таудың алыстан сұлбасы көрінеді. Бұлақтың суына әбден қанған жылқылар беткейге қарай бет алған. Тау қойнында мөлтілдеген Жасыбайға қарап, жанарыңа еріксіз жас аласың.

Туған жеріне келіп толқып тұрған Алтынбек ағаны тағы да мазалап, тарихи өлкенің тұлғалары жайлы сауалдарымды қоя бастадым.

- Аға, ақындығымен де, еліне жақындығымен де халықтың жүрегінен орын алған, текті атаның ұрпағы Сәдуақас Шормановты бүгінде біреу білсе, біреу білмес?

- Сәдуақас (Сәкен ағай) 1850-ші жылы туған, Баянауыл округінің аға сұлтаны, полковник Мұса Шормановтың үлкен ұлы. Сәкен ағай көптеген жандарға көмек қолын созған. Әйгілі Мәдиді түрмеден шығарып алған деген де деректер кездеседі.

Сәкен ағай 1885 жылы әкесі Мұсаға ас берген екен. Сонда Құнанбайды, Абайды шақырып хат жолдапты. "Құнекең әкемізбен сан мәрте дәмдес болған адам еді. Жүре алса өзі келсін. Жүре алмаса Тобықтыдан қалаған адамдарыңызды ертіп өзіңіз келіңіз" – деген екен. Абай оған: "Барамын" – деп жауап қайырған. "Мұса мырза Арғын баласының ішінде қолынан іс, тілінен май таматын адам еді. Жаңа туып келе жатқан заманның қатпарлы құбылыстарын түсінген адам еді. Барамын. Басында құран оқимын. Асында боламын", - деген екен. Бірақ дәл жүрем деп қамданып отырғанда сексен екі жасқа келген Құнанбай қатты ауырып, Абай шыға алмай қалыпты.

Сәдуақас әкесінің басына Екатеринбургтен мәрмәр құлпытас алдырып орнатады, баспаға жарияланбаған қағаздарын жиып-теріп, бастыруды ойлайды. Бұл жерде де адал дос, қамқорлығы мол ғалым Г.Н.Потанинмен ақылдасады. 1887 жылдың 10-ақпанында оған былай деп хабарлайды: "Біздің қазақтар туралы көбірек білгіңіз келсе, менде әкемнің мәртебелі төре ағаларына арнап жазғандары бар, керек десеңіз сізге салып жіберейін".

Сәкен ағай тұтас Арқаға белгілі жан болыпты. Бар жігері елдің бірлігін нығайтуға жұмсаған. Сонымен қатар ән, күйге құмар, бостандықты аңсаушы, сол жолда күреседі. Шоқан мұрасын зерттеушілер, әсіресе академик Әлкей Марғұлан Ленинград, Москва, Қазан, Омбы архивтерінен Шоқан мен Мұса өміріне байланысты көптеген құнды материалдардың Сәкен аға есімімен байланысты екенін анықтайды. Бірқатарын сол кісі өз қолынан тапсырған.

Сәкен ағай ақындығы да мықты болған адам. Қазақтың белгілі қоғам қайраткері Һәм әдебиетші Смағұл Сәдуақасов былай дейді: «Мағжан Жұмабаевтан кейін, хал-қадірінше қазақ ақындарының арасынан мысалы ... Сәдуақас Шормановты айтуға болады».

1909 жылы Қазан баспасынан Сәкен ағайдың "Аушы" (құсшы) атты кітапшасы басылып шығыпты. Белгілі әнші, композитор, ақын Жарылғапбердінің "Ардақ" әнінің өлеңі Сәкен ағайдікі. Бұл әнді бұрын-соңды қазақ әншілерінің айтпағаны жоқ десе болады. Бірақ солардың аузынан естілмей кетіп бара жатқан бір шумағы да бар.

Ресей патшасы ІІ-Александр таққа отырған жылы осы салтанатқа полковник Мұса Шормановпен бірге үлкен ұлы Сәдуақас Шормановта еріп барған екен. Сонда салтанатқа барған қазақтар қайтуға жиналғанда патша олардан мұқтаждарын сұрайды. Біреулер шен-шекпен, жер, пұл сұрап жатқанда Мұса мырза: «Менде өтініш жоқ, баламда болмаса» дейді. Сонда Сәкен: «Ресейдің шетін жайлаған тұтқынға түскен, айдауда жүрген адамдарға бостандық берсеңіз» деп сұрайды. Патша өтінішті орындауға уәде беріпті. Келесі жылы көп тұтқындарға кешірім жасапты. Сәкен ағайдың көмегі сонымен қатар Торайғыр бидің жұрағаттарына да тиеді. Хан Кененің қозғалысын жақтағаны үшін Торайғыр би 1849-ші жылы жазаланды. Нағашыларын сағалаған би жұрағатын Сәкен ағай 1896-шы жылы Баянға алдырыпты. Кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров Сәкен ағайдың үйінде болған кезінде өлең жолдарымен былай деп ризашылығын білдіреді.

Шоң едік, Шорман едік,

Бір-бірімізге қорған едік.

Торайғырдың жапырақтары.

Бұтағыңа келіп қонған едік.

Жауырыңды көрсетпей,

Жүзіңді көрсеттің, Аға.

- Кешегі Мұсаның ауылы, бүгінгі Теңдіктің дәл қасындағы Айрықта 1881-ші жылы дүниеге келген ағартушы-педагог Әбікей Сәтбаев жайлы не айтасыз?

- Алаш қайраткері Әбікей Зейінұлының жанын сала атқарған саласы - ол ағартушылық қызметі. Ардақты ұстаз алты жыл Павлодардың орыс-қазақ училищесінде директор ретінде еңбек етті. Ол 1922 жылдан бастап республикадағы тұңғыш педагогикалық техникумға директор болып тағайындалады. Мұнда атақты Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері оқып, Әбікей Сәтбаевты ұстаз тұтқан. Әбікей Сәтбаев өкінішке орай, «алашордашы» және ауқатты отбасынан шыққан деген айыпқа тап болады. Ағарту саласының белсенді қызметкерлерінің бірі, ақыры, өзінің үлкен отбасымен Отанын тастап, басқа елге кетуге мәжбүр болады. Жат жерде ол өткізген бұл жылдар қазақтардың сталиндік коллективтендірудің ащы жемісін татқан кезеңімен сәйкес келді. Сол кезде қазақ халқының 34 пайызы қырылған еді.

Көрнекті педагог Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың сіңірген ерен еңбегі ұзақ уақыт бойы аталмай келді. Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш Президенті академик Қ.И.Сәтбаев өзінің бір анкетасында: «Білім алуыма көмектескен туысқан ағам, қарт интеллигент Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа өзімді ғұмыр бойы қарыздар есептеймін...» деп жазыпты. Сондай-ақ, көрнекті ғалым, академик Ә.Х.Марғұлан да өзінің ұстазын ыстық ықыласпен еске алады. Академиктер, ЮНЕСКО көлемінде бүкіл әлемде 100-жылдығы тойланған Әлкей Марғұлан мен химия ғылымының атасы Әбікен Бектұровтар Әбікей Сәтбаевтың қыздары, медицина ғылымдарының докторлары, профессор Раушан мен Райханның өмірлік жолдастары.

Қазақта «Уақыт - өмір таразысы» деген ұлағатты сөз бар. Өмір көшінің безбенінде кейбір азамат баласы тарихына өзінің сіңірген еңбегі мен ұлылық қасиеттерімен уақыт өткен сайын оқшауланып, дараланып, іріктеліп, зорайып, тұлғалана беретіні – ақиқат. Қазақ халқының өмірінде Мұса Шорманұлы, Әбікей Сәтбаевтар – міне, осындай ерекше ұлы тұлғалар.

«Қызы едім Уәлидің атым Майра,

Қызыл тіл, көмекейім, түгел сайра.

Қолға алып домбырамды шырқағанда,

Ілесер сонда бізге жігіт қайда?».

- Әйгілі әнші Майра да осы өлкенің келіні екен. Бүгін сізден естіп отырмын...

- Әнші Майра Уәлиқызы Шамсутдинова 1890-шы жылы Керекуде туған. Халық әншісі, композитор. Жасы он үш-он төртке келгенде Майра Керекуге түгел белгілі әнші-гармоншы атанады. Мұса мырзаның Біләлінің баласы Жармұхаммед, қысқаша аты Жәржән, атақты әнші Майраға Қоянды жәрмеңкесінде танысып, Ақкеліннің жас болысы Майраға ғашық болады. Содан басына ақ отау тіккізіп, салтанатты жасау-жабдық әзірлетіп, көркіне сай сән-салтанатпен Ақкелін еліне келін етіп түсіреді.

Қасиетті елден ғана – қасиетті өнер туатынын, қастерлі елдің ұрпағы ғана өзінің ата салтын, дәстүрін өшірмей, дамыта түсетінін білеміз. Соның кейіпкерлері Қоянды жәрмеңкесінде көптеген халық өнерпаздарымен кездесіп отырған, яғни ақын Иса, балуан Қажымұқан және Майра өз өнерлерін осындай үлкен жиындарда көрсеткен.

Майра Уәлиқызы А.Затаевичке 13 ән жаздырған екен. Майраның әндерін композиторлар Е.Брусиловский «Қыз Жібекте», А.Зильбер «Қайта туған Қазақстан» симфониясында Б.Байқадамов «Майра» хор капелласында пайдаланды. Әбділдә Тәжібаев әнші Майра туралы «Майра» атты пьеса әрі поэма жазды.

- Бүкіл Семейді Абайдың елі десе, Кереку елін қазақ Қаныштың елі деп біледі. Олардың есімімен еліміздің дарынды жастары ғылым және білім әлеміне жол бастауда. Бала күнімізден анамыз «Қаныштай бол!» деп тәрбиеледі дедіңіз. Қанышқа деген құрметіңізге ерекше тәнті болып отырмын.

- Біз үнемі әрі шынайы түрде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты ұлттың мақтанышы, аса көрнекті ғалым, Қазақстан ғылым Академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті ретінде айтамыз. Мақтаныш сезіммен айтылатын, ұлан-ғайыр еңбегі көрсетілген Ертіс өңірінің академиктер әлемінің бас ұйытқысы, Ұлы дала жұлдызы, есімі әлемге әйгілі, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің есімі, сөз жоқ, ерекше. Қ.И.Сәтбаевтың халқына қалдырып кеткен мұраларына ғажап сезіммен толғана отырып, мәңгі өшпес үш ұлы ісін даралап айту қажет, яғни «үш алып» - Үлкен Жезқазған, Геология ғылымдары институты, Қазақстан ғылым Академиясы екені бәрімізге мәлім. Биік те парасатты азамат, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде, әлемдік деңгейде аталып өтті.

Қ.И.Сәтбаевтың ғылым әлемінде танылуы Үлкен Жезқазғанды игеру жылдарымен байланысты, ал енді өнер және әдебиет мәселелерінде Қаныш Имантайұлы үнемі жан-жақты, терең білімнің иесі болды. Оның қаламынан М.Әуезовтің «Абай жолы» романы туралы алғашқы ғылыми еңбектердің бірі – «Қазақ совет әдебиетінің көрнекті туындысы» атты зерттеу-мақала туды. Аталмыш мақалада Қ.И.Сәтбаев сыншы және әдебиет қайраткері ретінде шеберлік пен талғампаздық танытады. Оның мазмұны терең, тақырыбы ауқымды мақалалары көп ретте проблемалық сипатта жазылды. Ғалымның әдебиет мәселелеріне деген қызығушылығы жастық шағында тарихты және оның фольклордағы бейнесін оқып-білу арқылы қалыптасты. Қаныш Сәтбаевтың редакциялығымен және алғысөзімен шыққан «Ер Едіге» поэмасының ғылыми басылымы ерекше құндылыққа ие болды. Мұнда ол Шоқан Уәлихановтан кейін тұңғыш рет қазақ халқының шоқтығы биік туындысы – «Едіге» поэмасына жүйелі талдау жасап, ғылыми баға береді.

Қалай десек те, тарих, әдебиет және өнер туралы зерттеулер – оның көп қырлы талантының бір ғана ширегі болды. Қ.И.Сәтбаевтың жинап берген 25 халық әнінің сөздері мен ноталары кейін этнограф-музыкатанушы А.Затаевич арқылы «500 қазақ әні» кітабына енгізілді. Павлодардың орталығы арқылы оның есімімен аталатын негізгі көше бойлап жатыр. Одан жүздеген метр жерде – Орталық Қазақстанның ірі су артериясы – ғалымның кемел ісімен байланысты болған ерке Ертіс ағуда. Бүгінгі күні ғұламаның есімімен аталатын «Ертіс-Қарағанды» каналы – уақытынан озып туған, өзінің батыл ғылыми ойларын жүзеге асыру үшін көптеген кедергілерді жеңе білген ғалымның данышпандығына қолдан қойылған ескерткіш іспетті. Көрнекті ғалымның ардақты есімі егеменді Қазақстанның қалалары мен ауылдарының, көшелері мен мектептерінің, оның ішінде өзі туған Теңдік ауылындағы мектеп те аталып отыр. Қазақстанда жалпы саны 14 ескерткіш ғасыр ғұламасына қойылыпты. Құдай қаласа Елордамыздың төрінен жуыр арада еңселі 15-ескерткіш ашылмақ екені туралы өзіңіз де хабардарсыз.

- Археолог Кемел Ақышев туған Алабас баурайына қарап келе жатып, мына далада археолог тумауы мүмкін емес қой деген ойға келіп отырмын...

- Әрине, ол кісіні археология атты күрмеуі көп күрделі ғылым саласының Қазақстандағы негізін салушылардың бірі деп айта аламыз. Республика Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында жарты ғасырға жуық еңбек етті. Академик Әлкей Марғұланмен, атақты ғалым Александр Бернштамның Қарғалыда жүргізген қазба жұмыстарына қатысты. Орталық Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан экспедицияларына жетекшілік етіп, сол зерттеу объектілеріндегі Бесшатырдың ғажайып жер асты жолдарын, ең бастысы Есік қорғанындағы дүниені дүр сілкіндірген, бүгінгі күні біздің Тәуелсіз еліміздің символына айналған Алтын адамды тапты. Сонымен қатар Отырардағы керемет жазба, қолөнер, сәулет жәдігерлерінде тапқан осы кісі. Осындай ауқымды жұмыстары үшін тарих ғылымдарының докторы, профессор Кемел Ақышев Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болып, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер атанды. «Парасат» орденімен марапатталып, Германия Археология институтының мүшелігіне сайланды.

Кемел Ақышев Шорман әулеті мен Сәтбай әулетін қосатын тұлға, яғни әкесі Ақыш Мұса мырзаның інісі Әужаннан туса, анасы Ғазиза академик Қаныш Сәтбаевтың туған апасы, Имантайдың қызы.

Ал енді жалпы осы екі әулеттің түп тамыры кімнен келіп қосылады деген сұраққа жауап беретін болсақ, онда алдыменен Мәшһүр Жүсіптің Мұса Шорманұлын жоқтаған жырының мына жолдарына жүгінейік:

Арғы атасы сұралса

Ізгі өткен мырза Анай-ды

Қаржастың қасқа-жайсаңы

Анайдан өрбіп тарайды – дейді.

Қаржастың Құлыкесінен Телі, одан Анай, ал Анайдан 5 бала: Нияз, Мырзағұл, Құл, Құдайқұл және Жәдігер туған. Міне, Шорман әулетінің атасы Мырзағұл болса, Сәтбай әулетінің атасы Жәдігер болып келеді, яғни туған ағалы-інілі, яғни бір Анайдың балалары, рулары Қаржас.

Мәшекеңнің 1903 жылы жазылған Шежіре өлеңінен үзінді келтірер болсақ:

Дақ туған бір анадан Қаржас едің,

Ақсүйек, алтын сандық алмас едің.

Бақ қонған, дұға дарыған, дәулет біткен

Бабамның Мейрам сопы баласы едің. – дейді.

Қандай ғажайып, керемет сөздер легі.

Ары қарай тыңдасақ:

Анайдан бесеу туды ел көбейіп,

Бақ қонды Мырзағұлға шырай қонып.

Үлкені Нияз –«Шөтік» ат байланған

Не қылам, айтып оны кінә қойып?!

Жәдігер – төртеуден соң ең кенжесі

Бұлардан кем болған жоқ несібесі.

Ерлікпен бұл жалғаннан беті қайтпай

Әркімге тиген екен көлеңкесі. – дейді.

Мырзағұлдың денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген және Мырзағұл батыр, руы – Қаржас деп жазылған жазу тұр. Бүгінгі ұрпақтарына жеткен әңгіме бойынша Мырзағұл батыр бір шайқастан соң қалмақтардың қолына түсіп, жау қолында жатқанда артынан кенже інісі Жәдігер іздеп барған – дейді. Сол кезде небәрі Жәдігер 14 жаста ғана екен. Мұндай батылдық көрсеткен батыр баланың жүрек жұтқандығына ырза болған қалмақтар, ағасын абақтыдан босатып қана қоймай, бабамыз Жәдігерге қыздарын қосып берген екен. Қорыта айтқанда, Мырзағұл ағасын Жәдігер інісі құтқармаса артындағы ұлы ұрпақтар, яғни мұралары мол бабаларымызда өмірге келер ме еді, келмес пе еді. Шынында да Мәшекеңнің өлеңіндегі Жәдігер батырдың ерлікпен бұл жалғаннан беті қайтпай әркімге тиген екен көлеңкесі – демекші дана да батыр бабаларымыздың рухтары ұрпақтарын әрқашанда қолдай жүрсін!

Сөз соңында тағы да әулие Мәшекеңе оралып, ол кісінің болжау өлеңінен үзінді келтірейік:

... Екі мың да үшінші жыл болады,

Елде кәсіп, нәсіп болады.

Екі мың да он үшінші жыл болады,

Қойдан қоңыр заман болады,

Көрген де арманда, көрмеген де

Арманда сол болады...

Міне, бүгінгі Қазақ елінің іргесі бекемделді. Ендеше, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жақсы күнге жету жолында білек сыбанып қызмет ету әр азаматтың борышты ісі, мойнындағы парызы деп білуіміз керек. Ал бұл жарқын жолда тәңір ықыласы түсіп, асыл мұраларын асқақтатар бабалар рухтары желеп-жебеп жүрсін!

- Еліне қарап азаматын, азаматына қарап елін танығандай болдық. Әсерлі әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар