Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

22.06.2021 8485

Баянауыл баяны 12+

Баянауыл баяны - adebiportal.kz

Баянауыл – алашқа Бай-анасың,

Арғы-бергі тарихқа аян атың.

Қазақ қандай бақытты сенде туып,

Аңыздардың ішінде оянатын.

Елестейсің ғажайып ғаламшардай,

Тәңір бақыт берген-ау саған таудай.

Келбетіне Кемпіртас мұң қонады,

Ұзап кетсе елінен балаң шалғай.

Өтті қанша үстіңнен Хан жасағы,

Тарихтың сендегі өшпес таңбасы әлі.

Киелі Қоңыр Әулие үңгірімен,

Арасы екі әлемнің жалғасады.

Төрт көлге айналыпты төрт құбылаң,

Таңданбай қай жолаушың өтті бұған?!

Бас иіп баурайыңа келіп тұрмын,

Ұстауға «Арғымақтас» шоқтығынан.

Бұл Баянауыл сапарынан алған әсерден туған толғаныс...

Қасиетті Баянауылдың топырағын басып, саф ауасын жұтып, мөлдір суын ішіп, жасыл нуын кешіп, маңғаз тауларына тамсанып, тұп-тұнық көлдеріне түсіп, сұлу табиғатына көз суару бар қазақтың арманы. Ал даласының бай тарихына үңілу тіптен ғажап. Сарыарқаның жүрегінде орналасқан Баянауылдың басқадан жөні бөлек. Қазақ қандай тағдыр кешсе де, ол тарих Баянауылды айналып өтпеді. Топырағына талай ғұламалардың табаны тиді, төсінде талай тектілер туды. Қазақтың Құт Ұясына, Тәңірдің мәңгілік құпиясына айналды.

Баянауыл сапарына мені «Азаттық жырының айбозы» атанған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы бастап барды. Ал осы қасиетті сапарға демеушілік жасап, ат-көлігін сайлап, туған жерінің әр тасын сөйлетіп, жүрек картасын жайып салған, Баянауыл ауданының тумасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы болды.

Алтынбек ағаның туған жеріне деген, еліне деген махаббатына тәнті болдық. Қазақтың әр азаматы туған жерін осылай таныса, тарихын осылай білсе, біліп қана қоймай ұрпаққа жеткізсе, ұлтқа танытса, солай сүйсе қандай ғажап болар еді. Баянауыл аңыздары қиялымызға қанат бітірді. Мәлім де беймәлім әлемге тап болдық. Тастары қолмен қойғандай...

Елге келе жатқанымызды естіп алдымен аудан әкімі, сол жақтағы ел азаматтары алдымыздан шығып күтіп алды. Төредей күтіп, төріне шығарды. Әр өңірдің қонақ күтуін, есті, ескі әңгімені қымыздай сапырып, туған өлке шежіресін тарқатуын, өз алдына жеке мектеп дерсің. Ол әңгімелердің қай жерден басталып, қай жерден аяқталары белгісіз, түпсіз бір жатқан тұтас дүние. Апталап, айлап жатсаң таусылмас.

Көлікте, ақын Несіпбек аға Ақкелін елінің атауына сүйініп келе жатты. Осы өлкеге түскен аппақ келіннің құрметіне ел Ақкелін атап кетіпті.

- Тарих осылай басталады. Жер-су атауларына үлкен мән беруіміз керек, осындай тарихи атаулар бүгінде өшіп барады. Кешегі кеңестік кезеңде біз қаншама жер атауларынан айырылдық. Бұл санамызды улаудың, отарлаудың басы болатын. Тарихи атаулар қалпына келмей, тарихи сана жаңғырмайды. Тарихи сана жаңғырмай, елдің рухы оянбайды. Сондықтан бұл кезек күттірмейтін мәселе. Бұл адам есімдеріне де қатысты. Бүгін не болса, соны қоятын болды ғой... - деп күрсінді ақын.

- Атаның қанымен, ананың сүтімен бойға біткен арқалы қасиет көзіне күш-қуатты дарытатын орта болады. Ол – атамекен қасиеті, ол – ата қоныс топырағының тартуы. Хақ тағала Ақкелін еліне дархан кеңдікті аямай-ақ мол берген, аспаны қандай мөлдір де биік болса, сағым ойнаған сар даласы да соншама көз жетпес шексіз. Алайда барлық тұсы қаңбақ тоқтамас бұлдырсыз қу мекен емес, жерінің көркем табиғатына сай перзенттерін де талапты да талантты қып жаратқан. Ұлттық рухты ұлықтап, жұртымыздың жаңа заман көшіне ілесе отырып, жайлы да жарқын тұрмыс кешуі үшін жан-тәнімен еңбек еткен ерлерін туған елі ешқашан естен шығармақ емес. Олар халықпен мәңгі бірге жасай бермек. Олар барда ұлттық рухымыздың жалауы жығылмайды, айбыны азаймайды, болмысы босаңсымайды. Туған елдің руханият әлеміндегі табысын күллі әлемге паш еткен ұлы тұлғалар тобының ғибратқа толы ғұмырлары – бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін өмірлік сабақ, қымбат қазына, асыл мұра. Олар – ұлтымыздың мақтаныштары. Олар – тар жол, тайғақ кешулерге қайыспай, елімізді тура жолға, жарқын болашаққа жетелеген нағыз тарландар. Ендеше, осыны бағалар бүгінгі ұрпақ саналы, көңілі рухты, жаны пәк, таза болғай! – деп тебіренді Алтынбек аға.

Айғақтаған айбынын адал ардың,

Тұлғаларым тұрғанда табалар кім?!

Келер ұрпақ кешпейді, оу, ағайын

Тірілтпесек рухын бабалардың!

- Алтынбек аға, әңгіменің әлқиссасын осы өлкеде ең ұзақ жасаған қарт жырау, шежіре, Бұхар жырау бабамыздан бастасақ. «Керегетастан» асқанда көзге шалынған, мынау, алып күмбезінің өзі күмбірлеп сөйлеп тұрғандай...

- Арманжан, дұрыс айтасың. Бұл елде сөздің басы Бұхар бабамыз болуы тиіс. Қазақ елінің руханият әлеміндегі дабылын күллі алашқа мәшhүр еткен ұлы тұлға ғой. Өз кезеңінде қазақ елінің хандары Тәуке, Әбілқайыр, Абылайларға ақылгөй кеңесші болған. Жырау топты ортада толғанып өлеңмен сөйлейді екен. Алты алашқа есімі мәлім Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы: “Өз заманында бұл кісіні - “Көмекей әулие” дескен. Қарасөз білмеген, сөйлей жөнелсе тек көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен, - деп сипаттай келіп, ойын былайша түйіндейді: Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюбтың сабыры, Аплотонның ақылы керек! Ұлы Баба бағасы бұдан артық берілмес. Шын мәнінде оның толғауларындағы өсиетті-дидактикалық сипаты, моральды-этикалық мәселелерді көтеруі – бүгінгі күнге дейін сыны да, сыры да кетпес асыл қазына. XVIII ғасырда өмір сүріп, жыр толғаған ұлы жырау жайында ел жадында, ауыз әдебиеті нұсқаларында сақталған аңыздар қаншама!

- «Көмекей әулие» соңғы сөзінде: «Мен Асан Қайғы жүрген жерлердің барлығында болдым, сонда берекелі қазақ елін көрдім. Мүрдемді Әзірет Сұлтан басына апарып әуре болмай, ата-бабамның қыстауы Далба тауының етегіне қойыңдар. Сарыарқаның киесі болып жатайын» - деген екен дейді. Сол қасиетті Далба осы болды ғой?..

- Қаржас руының Алтынторысынан шыққан Қалқаман батырдың баласы Бұқар жырау Баянауыл ауданы осы Далба тауының бойында (Бұхар жерінде дүниеге келді деген де болжам бар) шамамен 1668-ші жылы дүниеге келген. Аты аңызға, жыры нағыз рухани қазынаға айналған, даналық сөздерімен өшпестей із қалдырған Бұқар баба тек қана жырау емес, ол - өз заманынының ірі мемлекет қайраткері, керемет мәмлегері, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаушы, яғни қазақ елі үшін - әрбір өсиет сөзі, толғау жырлары – тарихымыздың айнасы болып табылады. Сол арқылы өткен тарихтың – шындықтың арнасын, бет-пердесін танып білеміз. Шешендігімен қоса, сергек парасаттылығымен, зерделі де зеректігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен көзге түскен сөзі дуалы көсем бабамыз. Тарыдай шашылған халықты ауызбірлікке шақырып, бір тудың астына басқостыруға, сыртқы жауға соққы беруде, оны жұмылдыруда үлкен де тыңғылықты істерді үш жүздің басын қосқан Абылай ханмен бірге атқарған. Бұның бәрі – тарихи ақиқат, бүгінгі біздерге үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие мен тағылым деп білуіміз керек. «Ер жігітке жарасар, халқына тиген пайдасы» деп Данамыздың айтқан сөздерін, «Көп білген кісі кемеңгер емес, сол білгендігімен халқына пайдасын әкелген кісі кемеңгер» деп - міне осы Бұхар бабамызды айта аламыз.

Бұқар Қалқаманұлы – тарих тудырған ұлы жырау екендігі, тұғыры биік тұлға болып, халықтың есінде мәңгі қалғандығы бәрімізге де белгілі. Ол бостандық жолында жанын шүберекке түйіп, ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Абылай хан мен оның Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Олжабай, Жасыбай сынды өзгеде баһадүрларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады. Ол кісінің «Өлмегенде не өлмейді, жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөзін өзіне арналған ба дерсің. Ұлы Жыраудың толғауларын ел аузынан жазып алып, зерделеп жинақтауда әкелі-балалы Мұса мен Сәдуақас Шормановтар, Сәтбаевтар әулеті айтарлықтай еңбек сіңірген, тіпті кезінде Шоқан Уәлиханов та жыраудың маржан жырын “XVIII ғасырдағы батырлар жайында аңыздар” атты қомақты зерттеуіне кіргізген.

Ел аузындағы сөздерге қарасақ, Бұхар бабамыздың жерленген орнын 1926 жылы әйгілі МәшҺүр Жүсіп ауылдағы Сары молда атамызға көрсетіп кеткен дейді. Кейіннен ол кісі ауыл азаматтарына көрсетіп, одан Жайық Бектұроа ағамыз, сосын Бұхар бабаның 325 жылдығы аталған тойда үлкен қылып кесенесі көтерілуіне сол кездегі Қарағанды облысының хатшысы, соңғы кезде Парламент Мәжілісінің депутаты болған Қуаныш Сұлтановтың еңбегін атап өтуіміз керек. Бұл жалпы қазақ елінің мақтанышына айналған Бабамыздың кесенесінің жанында Теңдік (бүгінгі Мұса Шорман) ауылының орналасқаны да кездейсақ дүние емес шығар.

- Қарадан шығып хан болған – Шоң мен Шорман би туралы, өмірі, жасаған істері жайлы бүгінде көп айтыла бермейді. Неліктен екен?

- Шорман би Күшікұлы 1788-ші жылы өмірге келіп, 1837 жылы қайтқан. Өзінің қысқа ғана ғұмырында бойындағы барын елінің ертеңіне жұмсаған. Жалпы, Шорман бидің даналығы мен ділмарлығы жайлы көптеген аңыз-әңгіме елге тарап, бүгінге жеткен. Бар қазаққа даңқы жеткен Қаржас Шорман би 13 жасынан билік айтқан. Екі елдің ортасындағы дауға әділ төрелік айтып, бітістірген. Шоқан Уәлиханов былай дейді: "Ақыл-айласымен атағы шыққан Шорман "шешен" деген құрметті атқа ие болған. Шешендігі арқасында 14 жаста бас би болып, үлкен даулы мәселеде, Уәлиханның алдында, өз елінің адамдарын асқан беделмен қорғап қалады" (Шығ. Жин. II-том. 309 б).

1833-жылы 1-қарашадағы Батыс Сібір бас губернаторының жарлығымен капитан шеніндегі Шорман Күшікұлын Баянауыл округінің аға сұлтаны Шоң бидің орынбасары етіп тағайындайды. 1836 жылдың көктемінде Шоң би қайтқанда Шорман Аға сұлтандық міндет атқара бастаған. Алайда, бір жылға жетер-жетпес уақытта сырқаттан өзі де қайтыс болып, халқына алға қойған мақсаттарын толықтай көрсете алмай кетеді.

Шорман би Топай бәйбішеден 5 бала сүйеді. Олар: қызы – Зейнеп – Шоқан Уәлихановтың анасы, ұлдары – Мұса, Мұстапа, Иса және Әужан.

- Зейнеп Шорманқызы - Шоқанның анасы. Шорман би Шоқанның нағашысы. Бұл кездейсоқтық па?

- Тарихи оқиғаларды сараптасақ, Уәлихан мен Шорман әулеттерінің қарым-қатынасы ертерек те басталған болуы керек. Әрине, Ханның бәйбішесі Айғаным әже өзінің талантты баласы Шыңғысқа Шорманның қызы Зейнепті өзі бастап келіп айттыруы кездейсоқ жағдай емес. Зейнеп Ақкелін елінен 17 жасында зор салтанатпен ұзатып, Уәлидің қарашаңырағына 1834 жылы құтты келін болып түсті. Бұл туралы жазушы Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романында тамаша сипатталып жазылған. Осы отасқан отбасында 1835 жылы бүкіл қазақ халқы ғана емес, Шығыстану әлеміне жарқырап шыққан Мұхамед-Ханафия, яғни анасы Зейнеп мүмкін өз әкесі Шорманға ұқсас болсын деген бе, еркелетіп Шоқан атандырған, айрықша дарынымен дүйім елді сүйсінткен ғалым-этнограф, саяхатшы, өмірден құйрықты жұлдыздай ерте өткен - Шоқан Уәлиханов дүниеге келді. «Дана, дананы да туған ана» - деген сөздерді осы Зейнеп апамызға арналған ба дерсің!

- Мұса Шорманұлы - ұлттық тұлға ғой. 50 жыл бойы қазаққа қызмет жасаған адам. Өзіңіз де сол Мұса Шорман ауылында туып-өстіңіз. Мұсаның басына Маңғыстаудың ақ тасынан үлкен кешен тұрғыздыңыз. Ол ашқан мектептің орынын қоршап белгітас қойдыңыз. Енді бұл кісінің біз білмейтін қырларына тоқтала кетсеңіз?

- Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Мұса мырза Шорманұлының ХІХ ғасырдағы алатын орны турасында Біржан сал, Абай, Саққұлақ би, ақын Шөже, Мәшһүр Жүсіп, Сегіз серілер аталы пікірлер айтқан.

Әкесі Шорман бидей, Баянауылда аға сұлтан болып, 15 жыл басқару арқылы полковник шенін алған.

Қайырымдылығы мен ізгілігі, жайсаң жандылығы үшін Мұса Шорманұлын халық «Үлкен мырза» деп атады. Ол – сирек кездесетін қабілетке ие қоғам қайраткері.

Мұса Шорманұлы қазақ, орыс, француз тілдерін еркін меңгерген. Ол өз халқын терең зерттеп, зерделеп құнды еңбектер жазды. Парижде болған дүниежүзілік, Мәскеуде болған бүкіл ресейлік көрмелерге қазақтың қол өнерін паш ететін оқшантай, кісе, ертоқым, ыдыстар, музыкалық аспаптар, құрал саймандар тағы басқа бұйымдарды, асыл-тұқымды жылқыларды жіберіп отырған.

Мұса мырза өз қаржысына Баянауылдан медресе мен мешіт салдырған. Білім мен ағартушылықты жақтаған аға сұлтан Омбы және Павлодар қалаларында қазақ балалары үшін орыс мектептерінің ашылуына да жағдай жасады. Отанын ерекше сүйіп, қастерлейтін ұланның жан күйзелісін белгілі ғалым, түркі танушы Григорий Потанинге жазған хаттарынан да байқауға болады.

Әлемге талай ғұламалар легін сыйлаған қасиетті Баянауыл жерінің өзін аға сұлтан Мұса Шорманұлының қызметінсіз елестету, тану мүмкін емес. Ол – өз жерлестерінің білімді, өнерлі болуына орасан зор еңбек сіңірген дара тұлға. ЕНДЕШЕ, АУЫЛЫМЫЗ ТЕҢДІКТІҢ АТЫ ОРТА ЖҮЗДІҢ ШАМШЫРАҒЫ БОЛҒАН МҰСА МЫРЗАНЫҢ ЕСІМІМЕН АТАЛҒАНЫ ҚҰБА-ҚҰП.

Шоқан Уәлихановтың дараланып шығуына нағашы ағасы Мұса Шорманұлы да көп еңбек сіңірген. Олар туыс қана емес, пікірлес те болған. Жиенінің істеріне сүйініп нағашы ағасы ерекше жақсы көрген. Өзінің достарына жазған хатында Ш.Уәлиханов нағашы ағасын: «сирек кездесетін керемет адам» деп атаған. Белгілі ғалым Ә.Х.Марғұлан өзінің бір еңбегінде Ш.Уәлихановтың Мұса Шорманұлына жазған 30 хатын тапқанын атап көрсетеді. Хаттардың бәрі де «Аяулы мырза ағамызға...» деп басталған.

Шоқанның жастай солғанына қапаланып, Мұса Шорманұлы ұзақ уақыт бойы Омбы әкімшілігіне ұлтының ұлы болған жиенінің қабіріне ескерткіш қою жайлы өтініш жазады. Ақыры Мұсекеңнің талабымен 1880-жылы генерал-губернатор Колпаковский Шоқанның басына ескерткіш қойдырған.

1884-жылдың аяғында Мұса Баянауыл халқының мұқтаждығына бола Омбыға, Батыс-Сібір губернаторына өтінішпен барған сапарында кенеттен қайтыс болған.

Генерал-губернатор Колпаковскийдің бұйрығымен денесі туған жері – Ақкелінге жеткізілген. Қазақ рәсімі бойынша 1885 жылы 18 мен 23 шілде аралығында Мұса бабамызға үлкен ас берілген. Оған он мыңнан астам халық түкпір-түкпірден жиналып, Шоқанның әкесі 74 жастағы Шыңғыс сұлтан да келген.

Кезінде ертеңінен үлкен үміт күтіп, дарынын тани білген Мұса Шорманұлы Мәшекеңе «Мәшһүр» деген атауды қосақтап береді. Сол батасы қабыл болған.

Мұса Шорманұлы дүниетанымы кең, халқының келешегін күзеткен, орыс ояздарымен тең тұрып сөйлескен, қазақтың атынан сөйлей білген тұлға еді. Сол қасиет Мұса мырза атандырды. Атақты күйші Тәттімбеттің "Бес төре" деген күйі бар. Төрелер болғанда "қарадан шығып хан болған" Құнанбайға, Ыбырайға, Ерденге арналған, ішінде Мұса мырза мен Шыңғыс сұлтан да бар. Тағы бір дерек - Мұсаның Шамшия атты қызына Тәттімбет Қазанғапұлының Мұсатай деген баласы үйленіп, атақты күйшімен құдандал болған.

- Осы елдің жиені жаңа Шоқан жайлы да айтып қалдыңыз. Ұлтының аспанында жарық жұлдыздай болған тұлға ғой.

- Ұлы Даланың төл перзентi, ұлтының ұлылығын әлемге әйгiлеген ұлы ғалым, ағартушы, саяхатшы, этнограф, фольклорист Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов - үш жүздiң басын қосқан даңқты Абылайханның шөбересi.

Шоқтай жанған Шоқан ерте толысты. Туған елінің тарихына үңілді. Ол корпустағы оқуды бiтiргеннен соң орыс офицерлерi мен алпауыттарының ортасына тап болған едi. Осынау кездiң өзiнде 300-дей ғылыми еңбек жазған бiртуар ғалым шығыстану, түркiтану әлемiн кеңейте түстi. Әлемдік әдебиет оған «Манастың» тамаша үзіндісі «Көкетай ханның асы» атты жазбасы үшін ғана қарыздар десек те болады. Шоқан орыс географиялық қоғамының мүшесі болды. Ол еңбектерінде қазақтардың тарихы, этнографиясы, тұрмыс-салты, мәдениеті жайлы мол материалдар жинақтаған. Ол алғаш рет эпикалық поэма «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» қағазға түсірген.

Қазақтың ұлы ғалымы, публицисі, ағартушысы Шоқан Уәлихановтың ғылыми және әдеби ізденістерін кеңінен зерттеген жерлесіміз, академик Әлкей Марғұлан былай дейді: «Көшпелі халықтар ортасынан шыққан Шоқан ғылыми және қоғамдық прогрестің биігіне көтеріле алды және Ресей ориенталистерінің арасында құрметті орынға ие болды». Шынында да Шоқан – Шығыстың жарық жұлдызы, Ұлы дала данышпаны.

(Жолсапардың жалғасы бар...)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар