«Тек мен ғана түсінем бұл қаланы…» деп жазып еді Есенғали бір кезде Алматы шаһары жөнінде. Қазір ол оны қалай түсінеді, онда менің шаруам жоқ, мен бүгінгі Алматыны «түсіне» алмай-ақ қойдым; менің «түсінгенім» басқа, 70-80-ші жылдардағы Алматы – қазақтан қазақ ала тайдай бөлініп, біреуі – бай-бағлан, біреуі – кедей, қайыршы болмаған Алматы. Күнінің шуағы бәрімізге бірдей төгіліп, тау-тасының бұлағы сарқырап ағып, тұрғындарының қабағы жарқырап, жылы нұрын төгіп тұратын ару Алматы! Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, ер көңілі елбіреп, шаштары желмен желбіреген бір топ жас ақындар жамырай өлең оқып, бір анадан туғандай, емен-жарқын егіліп жүрген кез қандай ғажап еді! Бір қоғамдық формацияның орнын екінші бір, оған, мүлде, керағар формация тапа-тал түсте тарпа бас салып, тартып алды да, осынау дүр-дүние ғана емес, кешегі біз жүрген Муза-Алматы да адам танымастай өзгеріп сала берді…
Мен Қасымханды сол кезде көргем. Содан кейін анда-санда аты-жөнін баспасөзден көзі шалып қалғаны болмаса, кітабы қолға түспеген, осы жігіт жап-жақсы ақын еді-ау, бұ да заманның ығымен кетіп қалды-ау, деп ойлап жүруші едім… Астанада өткен Еуразиялық кітап көрмесінде әлем әдебиетінің тұнығынан жүзіп ішкен Әбдіжаппар Әбдіәкімов ағам Қасымхан Бегімановты іздеп келіп: «Мен сенің Ташкентпен хоштасуыңды оқып, – жыладым!» дегенде елең ете түскенім бар. Бұ кісінің түбі Шанышқылы Бердіқожадан тарайды, Абылай заманындағы атақты ер Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ батырларға үзеңгілес серік, қарулас батыр болған. Әбекең Алматыдағы оқуын бітірген соң, Теміртауға табан тіреп, Арқада қалып қойған, кіндік қаны тамған Ташкент – жат қолында, Қасымханның «Ташкентпен хоштасуына» жан-тәнімен беріліп, егілетіні содан болуы керек?
Орыстың айтулы сыншысы Роберт Рождественскийді түсінуге жеті жылдай уақыты кеткенін мойындағанда, сол елдің ХХ-ХХІ ғасырлардағы одан гөрі күрделі, күрмеуі көп атақты бір ақыны бұл сыншы енді жеті жылдан кейін бізді де түсінеді деп, мәз-мәйрам болып еді… Адамзаттың асхана мен әжетхананың арасында жүретін 99 пайызы өлеңді құр әшейін жүре оқып, құлықсыз қабылдайды. Бірнеше кітап шығарып, «ақын» атанғандардың көпшілігі қамшының сабындай қысқа ғұмырында шынайы поэзияның не екенін түйсінбей өтеді! Тақпақ – еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін түсінікті! Абайды түсінген қазақ қанша?!
Ақынның «Күреңбел» атты кітабы сол күні қолыма түсіп, ақтарып, төңкеріп оқып шыққан соң, баяғы етжақын Қасымханыммен қайта табысқандай болып отырмын. «Пастернак – приствутвие Бога в нашей жизни» деп жазып еді Андрей Вознесенский. Біздің буынға Тұманбай, Қадыр, Өтежан, Сағи, Фаризалар да Тәңірінің жердегі елшісіндей көрінген-ді. Бізден кейінгі жас толқынға бұл сөзіміз біртүрлі күлкілі көрінуі мүмкін? Жүрген жүріс-тұрысына қарасаң, алдында пір тұтар әулиесі жоқ, қазақ жырын өздері қайта жасайтындай, қабақтары қатулы, көздері жұмулы, көкіректері көк тіреген өзімшіл бір топ өсіп келеді… Біздің буын алдындағы аға толқынды әулиедей пір тұтқан, «Табаны жерде тұрғанда, Тапжылмайтұғын Антейдей» (Кеңшілік Мырзабек), тұғыры мықты, тұнығы терең буын болды! Қасымханға қараңыз: оның жырының алтын арқауы Сәттар Ерубаев пен Төлеген Айбергеновте жатыр: «Көңіл, шіркін, толқыды-ай, сол түн, Толқындарындай Шыршықтың, Қара көзімнен ыстық жасымды, Неліктен, тағдыр, ыршыттың?! Тербеткен мынау әлдиіменен, Сағыныш атты жырдың мен, Ислам бауыр, Сарыағаш жақтан, Ташкентке қарап тұрдым мен. Шулы шаһардың даладай дархан, Шамдары жанды жарқырап, Көшелерінде даладай дархан – Қазақтың көне салты ғап; Алшаңдай басып алашордашыл, Осында жүрді-ау, асылдар. Асылдарымды біздерден бөліп, Түбіне тартты-ау, ғасырлар?! Осыларды үнсіз іздеймін тынбай, Тарихтай түпсіз тереңнен. Шошайып тұрған ана бір қырат белеңнен; Бейтаныс жан деп бұрылып қарап өтетін, Жас арулардың жанарындағы аспандай асқақ өлеңнен: Есімнен қалған ескі соқпақты қастерлеп, Қасымнан қалған қасқа жолменен келем мен…».
Меніңше, Ақын дегеннің о бастағы атауы – асау ағын; орыстың стихи дегенінің түп төркіні – стихия; адамның өзегінен толықсып төгілген шер мен шемен, шалқар шаттық сезімі; белгілі бір тәртіп пен тезге көне қоймайтын жан тебіренісі шығар? Жүректің терең иірімінен шапшып, төгіліп түскен бұл жырлар өздеріне өзінше бір «өлең» дейтін өлі, жансыз, жасанды дүние жасап алған ергежейлі ойлы жазарманға ұнамауы мүмкін, бізді жан-дүниемізді сарсаңға салып, ата тарихтың шаң басқан шыңырауына ала жөнелді. Түп атамыз Алпамыс баһадүрлердің аруағы арқамызда ойнап, Ташкенде қалған Төле бидің моласымен, күні кешеге дейін сонда алшаң-алшаң басқан Алаш ардагерлерінің аяғының іздері елестеді көзімізге! Поэзия деген, міне, – осы; жарқылдаған теңеу, сартылдаған ұйқас, жалтұлдаған қызыл сөз емес, – ел-жұртыңның мұң-шері мен соның өзінің елдігіне мағұмұрланған бір шырайлы шағы! Сол ғана! Басқа түк те емес… Қазақ жырының босағадағы басын Қасымнан кейін төрге алып шыққан алпысыншы жылдардағы асау толқынның басы Қадыр Мырза Әлі «Ташкентпен хоштасуды» қазақ жырындағы поэтикалық құбылыс деп тектен-текке айтпаған екен, әрине!
Өлең жазуды үйрене алмайсың! Жыр ақынға жерден келе ме, соғып тұрған желден келе ме, көктен келе ме, Тәңіріден келе ме, арқаңа қонған атаңның аруағынан келе ме?! Мұны ешкім білмейді. Ақынды оқытып шығаратын оқу орны да жоқ. Мәскеудегі М. Горький атындағы институттың екі жылдық жоғары курсы бар, соны тәмамдап келіп, бұрынғы жорға жүрісінен жаңылып, миы ашып қайтқандарды да әдеби орта жақсы біледі… Қасымханға ақындық ата-бабасының топырағы мен әкесінің белі, анасының ақ сүтімен келген.
Таяуда «Жас Алаш» Монғолияда бір қазақ қызының қырмызыдай құлпырып енді-енді бой жете бастағанда, айықпас ауыруға шалдығып, бар жоғы он бес-ақ жасында дүниеден қайтқанын, өлерінің алдында Қасымханның: «Он бесіңде шешек аттың, гүл аттың, Мына жерде қызғаныштан жылаттың. Сенің ойлы көздеріңе ғашық боп, Сенің аппақ көйлегіңді ұнаттым…» деген өлеңін тебірене оқығанын жазды. Өйткені, бұл өлең сол балауса қыздың өзінің тағдыр-таланы, өз өлеңі еді! Астанада бір кездесуде де үріп ауызға салғандай жап-жас арулардың Қасымханның махаббат лирикасын жарыса оқығанын көріп, аң-таң қалғаным бар еді. Жасыратын несі бар, біздің маңдайымызға мұндай бақ-дәулет жазылған жоқ әлі… Әлі есімде, қазақ 60-шы жылдары Қадыр мен Тұманбайды, Олжас пен Өтежанды, 70-ші жылдары Мұхтар Шаханов пен Фаризаны жатқа, жарыса оқыды! Қайран, сол Қасымның заманы, Қадыр, Мұқағалилардың заманы орнынан ұшып түрегеліп, қайырылмай кетіп барады! Қазір бізге Салтыков Шедрин мен Гогольдің, Оспанхан мен Көпендердің заманы келіп тұр! Адам баласының оңбағандығы мен тоғышарлығын, сатқындығы мен ашкөздігін жіпке тізіп көрсететін ащы мысқыл мен сарказм, сатираның заманы дүрсілдете есік қағып түр! Жаһанда жаназасы шыққалы жатқан Ұлы Мәртебелі Поэзияның бір тамшысын тауып алып, алақанға салып аялайтын кезеңге де келіп қалдық. Ең қорқыныштысы – осы… Батыс биыл гитарист-әнші Бобаға әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын берді! Оны кезінде адамзаттың алыбы Лев Толстойға да қимаған! Бұдан бұлай оны частушкалар мен анекдоттарға, қоғамдық әжетханалардағы жазулар мен эсеместерге, әлеуметтік жүйелердегі мылжыңбайларға да үлестіре беруі мүмкін?! Компютерді құшақ жая қарсы алған адамзат кітаппен, поэзиямен ат кекілін кесісіп, жаһанданудан жаны мен ұлт, ұлысын қалай аман алып қалудың қаракетіне кірісіп кетті. «Бас түгілі, – байтал қайғы» деп, қазақ осыны айтады!
Қалың оқырман поэзияны түсініп, тұшына алмай жатқанда, орта жолдан сыңар езулеп, жақсы атаулыны көре алмай, көзі алайғандар ат ұрынып кимелеп кетеді де, ұлт руханияты дағдарысқа түсіп, «Жақсыменен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» (Абай) дейтін алмағайып заман туады! Оның шет жағасын осы Қасымхан да көрген болар?.. Жаны нәзік Қасымхан сондай кезде аһ ұрып, абдырап қалуы мүмкін, ал, біз «жау жағадан алғанда, ит етектен тартадыға» салып, жүре береміз: «Вообще поэт не должен быть для всех. Когда его стихи не нравятся, поэт сожалеет, но и рад этому. Всем нравятся только стиральный порошок «Новость» или дубленки. Каждому – свое» (Андрей Вознесенский).
Қазір «Ақын болу шарт емес, Азамат болу – міндетің» (Некрасов) деген аталы сөзді ешкім аузына да алмайды! Мұны бәз-біреулер «Совет Одағының қалдығы» деп те ойлауы мүмкін? Өйткені, бұл сол заманды көп айтылған сөз. Совет өкіметінің шолақ белсенділері енді егеменді заманның шолақ белсенділері болып қайта тірілді! Таяуда бір «шәйір-сыншымыз» пафос деген совет поэзиясының «қалдығы» деп жариялады! Пафос деген сөз (гр. Pathos — сезім, құмарлық), құлшыныс, құштарлық, асқақтық, қуатты сезім мен терең шабыт мағынасында қолданылушы еді. Пафос арқылы ақын-жазушының қоғамдық-әлеуметтік идеалын анықтау қалыптасты. Пафос – қаламгердің “соты” мен “үкімі” деген де көзқарас бар… Қысқаша айтқанда, ол – терең сезім, асқақ ой деген сөз! Тіпті, Түріктің Күлтегін Жырының өне-бойы – Түрік Өлеңімен өрілген асқақ пафос қой!
«Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам ешқашан жақсы жазушы бола алмайды» деген Мұхтар Мағауиннің сөзінде Суреткердің сұңғыла бейнесі тұр. Әдебиет – қонақ үй емес. Біреудің орнын біреу тартып ала алмайды онда! Әркім өз орнында отырады. Мағжан Абайдың орнына көз телмірткен емес. Мұқағали Қасымның орнына отырған жоқ. Қазақ жырындағы өзінің маңдайына жазылған төрге жайғасты. Әдеби ортадағы дүлдүлдердің шаужайынан алып, басы асау жүйрікпен бақ таластыру дейтін жиіркенішті нәрсе – арқасына аруақ қонбаған дарынсыздар мен жалынсыздардың тірлігі!
Ақын Алаштың қызғыш құсы болуы керек! Халқының барын базарлап, жоғын түгендеп жүргені ләзім! Азамат болуы керек әуелі! Сонда ғана оның көкірегінен елім деген ерен жыр туады! Өзінің қаңсығын өзгенің таңсығынан артық көріп, елдің арасын ашып жүретін даукес, іштар, дәлдүріш жазармандар ұлттық руханияттың түбіне жетеді бір күні! Поэзияның миссиясы қайдағы бір қыртқа емес, ұлтқа қызмет ету! Қасымханның «Этнографиялық әңгімесінде» қазақтың даналығы мен бізбенен бәсекелес елдерден ерек даралығы да айқұлақтанып көрініп тұрған жоқ па?! Қ.Бегіманов осыншама мол қазынаны Жағда Бабалықұлының аузынан жазып алмаса, ұлттық ой-жүйеміз дәп бүгінгі деңгейінен орталау түсіп, таязданып, тартылып жатпас па еді?! Ол өлең жазбаса да, осысымен-ақ Алашының алтын шежіресінде қалатын еді! Қашанда, қандай ұлт болса да осы Қасымхан сынды жанкештілерімен мықты болған. Осындайда еске орыстың ұлы ойшылдарының бірі һәм бірегейі Нестеровтың суретші Васнецовтың қабірі басында сөйлеген сөзі түседі: «Егер Ресейде Павел Михайлович Третъяков болмаса, Суриков те, Васнецов та болмас еді!». Третъяков галереясы дүниеге қалай келді? Елдің көбісі оның байыбына терең бойламай, суретшілердің салған суретін бай-көпес сатып ала салды деп ойлайды. Мүлде, олай емес! Третъяков орыс суретшілерінің шедевр туындыларын жасауға өзі ұйытқы болып, сол шығармалар дүниеге келгенше тыныш ұйықтай алмаған көрінеді! Оның 1872 жылы Достаевскийге жазған хатына көз жүгіртіңіз: «Мархабатты Федор Михайлович! – деп жазады ол, – мен орыс живописі атты портреттер коллекциясын жинағалы жатырмын. Менде қазірдің өзінде Карамзин, Жуковский, Лермонтов, Тургенев, Островский тағы басқа ақын-жазушылардың суреттері бар. Енді Герцен, Шедрин, Некрасов, Белинскийлерге қолқа салғалы жүрмін. Сіздің портретіңізді салса (майлы бояумен) қалай болар еді? Сіздің жаныңызды қинамай, суретіңізді тез әрі әдемі салатын суретшіні өзім тандап алар едім…». Третъяков Тургеневтің портретін салуға Перовты таңдайды. Бірақ, оның эскизі көпеске ұнамайды. Сосын Репинге қолқа салады. Оның салған суреті де ұнамайды. Сөйтіп жүргенде Тургенев қайтыс болады да сурет салынбай қалады! Қаншама мазасыз күндер мен ұйқысыз түндер босқа кетті…
Қасым ақынның тоқсан жылдық торқалы тойы кезінде ел ақынның жаны рахат тауып жатқан жерін таба алмай, әуреге түседі. Сонда елді тығырықтан шығарған осы Қасымхан Бегіманов деседі. Соңғы 15-20 жылдың айналасында Алматыда Қасымның басына Қасымханнан басқа ешкім бармағаны ма?! Бұл не сұмдық?!.
Қасымханның Мұстафа Шоқай ізіне түсіп, Алаш ардағының асқақ бейнесін қаз қалпына келтіруінің өзі ерлік еді. Өскемендегі аты шулы сотта бір топ шовнистерден М.Шоқайдың азаматтық бейнесін жалғыз өзінің қорғап, аялап алып шығуы да көрінген жұмыр басты пенденің қолынан келе бермейтін ірілік! Осындай пассионарлық-қайреткерлік харекетке Қасымхан Бегманов барды! Менің буынымнан!
Музаның соры қалың, мехнаты зор. Оны басынан кешкен ғана түсінеді. Кейінгі кезде баяғыдағыдай аралас-құралас бола алмай қалдық та, Қасымханды кештеу түсінгендеймін. Кешір мені, бауырым? Бір-бірін өмір-бақи түсінбей кететін, бір-біріне өлі өлгенше тұшынбай кететін ел қаншама…
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.