Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Өнерпаз төрт ағайынды...

13.05.2025 2311

Өнерпаз төрт ағайынды 6+

Өнерпаз төрт ағайынды - adebiportal.kz

Қазақ халқының “Жеті өнерпаз” атты ертегісінің сюжет желісіне ұқсас, немістің әйгілі ертегішілері Ағайынды Гриммдердің “Өнерпаз төрт ағайынды” атты туындысын балғындарға базарлық ретінде ұсынып отырмыз.

Ерте заманда бір кедей шаруа өмір сүріпті. Оның төрт ұлы болыпты. Ұлдары ержеткен соң әкесі бір күні оларды шақырып алып былай дейді: «Ал, балаларым! Сендердің үйден алысқа кетіп, жер дүниені шарлайтын уақыттарың келді! Менің сендерге бөліп берер ештеңем жоқ. Жолға шығыңдар, шет өлкелерге барып, сол жақтардан алдағы өмір-тіршіліктеріңе қажет болатын өнер үйреніп келіңдер!»

Сөйтіп төрт ағайынды жолға жиналыпты. Әкесімен қоштасады да, қақпадан шығып, жолға түседі

Біршама уақыт бірге жол жүрген ағайындылар төрт бағытқа тарамдалып жатқан жолайрыққа келіп жетеді.

Сонда ең үлкені бауырларына: «Осы арадан бөлінейік. Төрт жылдан соң дәл осы күні, осы жерге келіп жиналатын болайық. Сол кезде бағымызды сынап көрерміз», - дейді.

Сөйтіп олар өз-өздерінің таңдаған жолдарына түсіп, алға қарай кете барады. 

Ағайындылардың үлкені жолмен келе жатса, алдынан бір адам кезігіп, қайда бара жатқанын, қандай өмірлік мақсаты барын сұрайды. «Өнер үйренсем бе деп едім», - дейді жас жігіт. 

Сонда әлгі адам оған: «Ендеше маған ер, мен сені айлалы ұры етіп тәрбиелеймін», - дейді. «Жоқ, - дейді жас жігіт, - бұл – адалынан мал табатын өнер емес. Көбінесе қылмысың үшін дар ағашының астында тұрумен өмірің аяқталатын қатерлі жол ғой!» «Пәлі! – дейді бейтаныс адам, - дар тұзағынан қорқудың ешқандай қажеті жоқ. Мен саған тек өзге ешкімнің қолынан келмейтін, яғни еш сездірмей қимылдап, өз ізіңді жасыра білу өнерін ғана үйрететін боламын». 

Осы сөзді айтқанда жас жігіт әлгі кісінің сөзіне иланып, ұрының шәкірті болмаққа бекінеді. Сөйтіп ол ұрлықтың айла-тәсілдерін игере бастайды. Оның керемет үйренгендігі соншама, бірдеңені алғысы келсе, қайда жасырсаң да ұрлап алып кетерліктей машықтаныпты.

Ағайындылардың екіншісі де алға жүріп келе жатып бір адамға кезігіпті. Ол да бұдан: «Не үйренем деп бара жатырсың?» - деп сұрапты. Жас жігіт: «Әзірге өзім де білмеймін», - деп жауап береді. «Ендеше, маған еріп жүр. Мен сені астроном етіп шығарайын. Бұл дүниеде осыдан артық ғылым жоқ. Себебі, дүрбілегенде сенің көзіңнен ештеңе де жасырын болмайды», - дейді. 

Жас жігітке бұл ұсыныс ұнап қалады. Ол кешікпей өте білімді де тәжірибелі астрономға айналыпты. Оқуды аяқтағанда жақсы оқыған еңбегі үшін ұстазы оған өткір көзді түтік дүрбі сыйлап тұрып: «Бұл түтік дүрбімен сен жер-көкте не болып жатқанының бәрін көре аласың. Сенің назарыңнан ештеңе де тыс қала алмайды», - депті.

Ағайындылардың үшіншісін бір мерген қорықшы өзіне шәкірт етіп алып, орманшылық пен аңшылықтың қыр-сырын үйретіпті. Сөйтіп ол тамаша қорықшы болып шығыпты.

Қоштасар уақыт жеткенде қорықшы ұстазы өз шәкіртіне бір мылтықты ұстатып тұрып былай дейді: «Бұл мылтықтың оғы ешқашан нысанадан мүлт кеткен емес. Сенің де әр кез көздегеніңді мүлт жібермейтініңе сенемін!»

Кенже ұл да бір адамға кездесіпті. Ол да әңгіме барысында мұның не мақсатпен келе жатқанын сұрапты. Мұның жауабын тыңдаған соң: «Тігінші болғың келмей ме?» - дейді сонда әлгі адам.

«Құдай сақтасын! - дейді сонда ол. – Күні бойы бас алмай тігін тігіп, үтіктеумен шұғылдан дейсіз бе? Осындай іспен шұғылданам деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеген екен!» «Оу, жас жігіт! – дейді сонда әлгі бейтаныс. – Сен өзің бұрын көріп-білмеген өнер туралы қалайша былай айтып тұрсың? Сен менен бұл айтқаныңнан мүлде бөлек тігіншілік өнерді үйреніп шығатын боласың. Тігіншілік – ежелден әркімге лайықты тіпті өте құрметті өнер болып саналады».

Жас жігіт өзін-өзі іштей көндіріп, ақыры бейтаныстың соңынан еріпті. Сөйтіп оның өнерін әбден үйреніп меңгеріпті.

Оқып үйрену уақыты аяқталып, қоштасар сәт келгенде тігінші ұстазы шәкіртіне бір инені ұстатып тұрып былай дейді: «Бұл инемен сен барлық затты тіге аласың. Мейлі ол жұмыртқа сияқты жұмсақ, қабықты болса да, болат тәрізді қатты болса да бәрі бір, бейне балықытып жымдастырылатыны соншама, тігістің ізі де білінбейтін болады».

Уағдаласқан төрт жыл уақыт өткен кезде ағайындылар бері қарай жолға шығып, жолайрықта кездесіп, бір-бірімен сағынысып көрісіп, құшақ айқастыра табысыпты. Сөйтіп әкесінің қарашаңырағына оралыпты. «Жарайсыңдар! – дейді ұлдарының аман-есен келгеніне қуанған әкесі, - мінеки жел айдаған қаңбақтай жан-жаққа кетіп қалып, қайта оралдыңдар!»

Осыдан кейін ұлдары өздерінің жат өлкеге барып қалай тіршілік еткенін, әрқайсысы қандай өнер үйреніп оралғанын әңгімелеп береді.

Барлығы үйдің алдындағы зәулім биік ағаштың саясында демалып отырғанда әкесі ұлдарына: «Ал ұлдарым, менің енді сендердің қолдарыңнан не келетінін сынап көретін сәтім де жеткен сияқты», - дейді. Сөйтіп ол басын жоғары көтеріп қарап отырады да екінші ұлына: «Ағаштың ұшар басындағы екі бұтақтың арасындағы шымшықтың ұясын көріп тұрсың ба? Сол ұяда неше жұмыртқа жатқанын айтшы маған?» Астроном өзінің түтік дүрбісін алып, ұяға бағыттап қарап жібереді де: «Бес жұмыртқа жатыр», - деп жауап береді.

Сонда әкесі үлкен ұлына: «Ағашқа шығып, ұя басып отырған құсты еш үркітпестен, оған еш білдіртпестен, маған жұмыртқаларын әкеліп бер!» - деп бұйырады.

Кәнігі ұры ағашқа жылдам өрмелеп шығып, ұя басып отырған құсқа еш сездірместен, астындағы бес бірдей жұмыртқаны асқан ептілікпен ұрлап әкетіп, әкесіне әкеліп беріпті.

Әкесі жұмыртқаларды қолына ұстап тұрады да, үстелдің әр бұрышына бір-бірден қойып, бесіншісін ортасына орналастырады да, үшінші ұлына: «Бір-ақ рет атқанда осы жұмыртқалардың барлығын ортасынан қақ бөлетін боласың!» - дейді.

Қорықшы мерген өзінің ұстазы берген мылтықпен көздеп тұрады да, дәл әкесі айтқанындай етіп жұмыртқаларды көздеп атып, барылғын бірдей қақ бөледі.

«Ал, енді сенің кезегің келді, - дейді әкесі, кенже ұлына қарап, - осы қақ бөлінген жұмыртқалардың барлығын қайтадан құрап тігіп шық. Тіккен кезде олардан ешқандай атқан оқтың бүлдірген орны білінбейтін болсын!»

Тігінші өзінің ұстазы берген инені қолға алып, әкесінің бұйырған тапсырмасын айтқанындай етіп орындап шығады.

Осының бәрі орындалып, сынақтан өтіп болған соң ұры қайтадан ағаштың басына өрмелеп шығып, жұмыртқаларды құсқа еш сездірместен ұяға салып тастап келеді.

Құс сол ұя басқан қалпы, ештеңе сезбестен отырыпты. Осыдан екі күн өткенде жұмыртқалардан балапан жарып шығады. 

Бір ғажабы: олардың тігінші тіккен жерінде, яғни мойындарында қызыл жолақ көрініп тұр екен.

«Иә, балаларым! – дейді ұлдарына әкесі. – Қалай мақтамай тұрамын сендерді! Жарайсындар, уақытты босқа өткізбей, әрқайсың жақсы-жақсы өнер үйреніп келген екенсіңдер. Қайсыларыңның өнерлерің артық екенін тап басып айтуым қиындау болып тұрғаны. Мүмкін, алдағы күндерде өз өнерлеріңді сынайтын бір жағдай да шығып қалар. Сонда ғана бәрі айқындалары сөзсіз емес пе?»

Расымен де кешікпей патшаның ханшайымын айдаһар алып кеткені туралы қауесет тарап, ел іші гулеп кетіпті. 

Патша күні-түні қызын ойлап қайғыға батыпты. Сөйтіп ол: «Кімде-кім қызымды құтқарып әкелетін болса, соған қосатын боламын!», - деген сөзін шартарапқа таратуды бұйырыпты.

Төрт ағайынды сонда өзара сөйлесіп: «Міне, өз өнерімізді көрсетіп танылатын сәт туды!» - десіп, бәрі бірге ханшайымды құтқаруға баруға келіседі.

«Мен қазір ханшайымның қайда екенін көріп білейін», - дейді астроном. Сөйтеді де ол түтік дүрбісімен жан-жаққа қарап жіберіп: «Әнеки, мен оны көріп тұрмын, - сонау алыстағы теңіздің ортасындағы жартаста отыр. Қасында айдаһар күзетіп тұр», - дейді.

Сөйтіп ол патшаға келіп, мән-жайды түсіндіріп, одан өзі мен аға-бауырлары үшін кеме сұрап алады. Бәрі кемеге отырып, өзі түтік дүрбісі арқылы көрген теңіздің ортасындағы жартасқа қарай жүзіп жөнеліпті.

Ханшайым расымен де теңіздің ортасындағы сол жартаста отыр еді. Айдаһар болса оның тізесіне басын қойып ұйықтап жатыр екен. Қорықшы сонда: «Айдаһарды атайын десем, ханшайымға тигізіп аламын ба деп қорқып тұрмын», - дейді. Ұры сонда: «Ендеше, мен әкелуге тырысып көрейін онда», - дейді де, жартасқа еппен өрмелеп шығып, айдаһардың иегінің астынан қызды білдіртпей алып шығады. Құбыжық болса ештеңе сезбеген қалпы қорылға басып жата беріпті.

Өздерінің сәтті аяқталған іс-әрекеттеріне қуанған ағайындылар ханшайымды ертіп алып, бәрі бірге кемеге асығыс міне салып ашық теңізге жүзіп шығыпты. Айдаһар біраздан соң оянса, жанындағы ханшайымның жоқ екенін көреді. Ашу кернеген айдаһар аспанға көтеріледі де, кеменің соңынан қуалап ұша жөнеледі.

Айдаһар соңдарынан қуған қалпы кемеге таяп келіп, үстеріне енді түскелі жатқан мезетте қорықшы оны мылтығымен дәлдеп тұрып қақ жүректен атады. Құбыжық жоғарыдан құлдилаған қалпы кеменің үстіне құлап түседі. Айдаһардың зіл-батпан алып денесі келіп соғылған кезде, кеме быт-шыт болып қирайды.

Кемедегілер қираған сынық тақтайларға жармасып, шалқар теңіздің бетінде малтып жүзіпті. Оларға енді суға батып өлу қаупі төнеді. Бірақ тігінші осы сәтте асып-саспастан өз ісіне кірісіпті. Ол өзінің сиқырлы инесін қолына алып, үлкен сырмалармен тақтайларды бекітіп, адамдарды солардың үстіне отырғызады. Осыдан кейін кеменің қиранды сынықтарын жинастырып, барлығын қайтадан тігіп құрастырып шығады. Осылайша бәрі кемемен аман-есен елдеріне оралыпты.

Өзінің ханшайымын аман-есен көрген патша қатты қуанады. Сөйтіп ол төрт ағайындыға: «Уәде бойынша сіздердің араларыңыздан біреулеріңіз менің қызымды жар етіп алсын. Бірақ қайсыңыз аласыз – оны өздеріңіз шешіңіздер», - дейді.

Осы кезде ағайындылардың арасында үлкен дау шығады. Әрқайсысы өздерінің дәмесін білдіріп, сіңірген еңбегін дәлелдеуге көшеді.

Астроном сонда былай дейді: «Ханшайымды қайда апарған жерін мен көріп-біліп айтпаған болсам, сендердің өнерлерің ештеңеге де жарамаған болар еді. Оның қолынан ұстауға мен ғана лайықтымын!»

Сонда ұры ағасы оған былай деп ренжіпті: «Егер мен ханшайымды айдаһардың иегінің астынан ұрлап алып шықпағанымда, сенің өнерің де ештеңеге жарамаған болар еді! Демек ханшайым менікі!»

Қорықшы інісі оған былай деп ескерту жасайды: «Егер мен мылтығыммен атып өлтірмеген болсам, айдаһар ханшайыммен қоса бәріңді жеп қоятын еді. Демек ханшайымды менікі деп есептегендерің дұрыс болады».

Сонда тігінші інісі айтады: «Ал, ендеше сендер отырып аман жеткен кемені мен жамап-жасқап қалпына келтірмеген болсам, барлығың су түбіне кеткен болар едіңдер ғой! Ендеше ханшайым мені!»

Осы кезде бұларды тыңдап отырған патша өзінің кесімді сөзін айтыпты: «Қарап тұрсам, менің қызымды жар етуге төртеуіңнің де сіңірген еңбектерің мен құқықтарың бірдей екен. Бірақ қызымды барлығың бірдей ала алмайтындарың сияқты, біреуің де жеке-дара иелене алмайтындарың анық. Оның есесіне мен сендерге жеке-жеке сый ретінде патшалықтан әрқайсыңа мұра бөліп берейін!» Патшаның бұл шешімі ағайындылардың бәріне ұнапты. «Бүйтіп дауласып тұрғанша, істің түйінін осылай шешкеніміз дұрыс екен!» - деседі, барлығы да.

Сөйтіп олар патшалықтан әрқайсысы бір-бір бөлікті мұра етіп алып, әкесімен бірге өле-өлгенше бақытты да баянды ғұмыр кешіпті.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар