Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Серік Асылбекұлы. Модернизм мен постмодернизмді әд...

28.11.2018 8987

Серік Асылбекұлы. Модернизм мен постмодернизмді әдебиеттің даусыз фавориті деу дұрыс емес

Серік Асылбекұлы. Модернизм мен постмодернизмді әдебиеттің даусыз фавориті деу дұрыс емес - adebiportal.kz

(Жазушы, драматург, филология ғылымдарының докторы Серік Асылбекұлымен қазақ прозасындағы модерндік эволюция хақында сыр-сұқбат)

Серік аға, көркем әдебиет шығармалары қоғамға не үшін керек? Әңгімені әуелі осыдан бастайықшы...

– Меніңше, көркем әдебиет қоғамға ең алдымен адамзаттың жанын ізгілендіру үшін қажет, жалпы көркемөнердің, әрине, оның ішінде әдебиет те бар, ең басты функционалдық қызметі – осы. Бұл – адам баласы жүзеге асыратын жер бетіндегі бүкіл қызметтердің ішіндегі қоғам үшін ең маңыздысы деп ойлаймын. Өйткені, жаны ізгіленбеген адамдар қауымдастығы ешқашан өскелең экономикаға, биік моральға негізделген әділетті, өркениетті қоғам құра алмайды. Сондықтан да ұлы Жаратушы өзі жаратқан пенделерінің рухын пәктендіріп, жан-дүниесін ізгілендіру үшін жер бетіне әр кезде Мұса, Иса, Мұхаммед пайғамбарларды, Гомер, Эсхил мен Эврепид, Шекспир мен Лопе де Вега, А.С.Пушкин мен Л.Н.Толстой, Ф.М.Достоевский, Онере де Бальзак, Абай, М.Әуезов, У.Теннеси, Г.Маркес, Ш.Айтматов, Бернхард Шлинк, Халед Хұссейн секілді ұлы ақындар мен жазушыларды, драматургтерді жіберіп отыратын сияқты.

Сонда сіз жаны ізгіленген адам адамзат қоғамының ең басты құндылығы демексіз бе?

– Иә, дәл солай. Неге десеңіз, жаны ізгіленген азамат ешқашан әлсізге зорлық жасамайды, зейнеткер қарттар мен жетім балаларға, көп балалы аналарға арналған бюджет қаржысын ұрлап, жемқорлыққа салынбайды, жасы келген ата-аналарын қарттар үйіне өткізіп жібермейді. Сондықтан да, сөз жоқ, ондай елдердің экономикасы көтеріліп, өркениеті өрге басады. Мысалы, сонау қиыр күншығыстағы Жапонияны, Скандинавиядағы Норвегия мен Данияны, Швеция мен Финляндияны, күні кеше ғана бізбен бір империяның құрамында болған Эстонияны алайықшы. Олар қазіргі таңда бүкіл жер шарына нағыз өркениетті, бақытты қоғамның қандай болатынының үлгісін көрсетіп отырған жоқ па? Ендеше, қоғамның жалпы дамуында әдебиет пен көркемөнердің рөлінің ерекше маңызды екеніне күмән келтіруге бола ма? Әрине, жоқ. Осыны жете түсінген дамыған мемлекеттер өз елінде көркемөнердің дамуына барынша жағдай жасап бағады. Мысалы, Францияда француз әдебиеті филология, саясаттану, тарих секілді гуманитарлық факультеттерді былай қойғанда, техникалық университеттерде де жеке пән ретінде арнайы оқытылады. Бельгия мен Латвияда, Ресейде кітап басып шығару өндірісіне салынатын қосымша құн салығы 5 пайыздан аспайды. Ал Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Польша елдерінде кітапқа салынатын салық тіпті мүлде алып тасталынған. Сондықтан бұл елдердегі кітап бағасы біздегіден арзан, көпшілікке қолжетімді.

Сондай-ақ, дамыған, өркениетті елдердің қалаларында театрлардан аяқ алып жүре алмайсыз, айталық, басқа мегаполистерге қарағанда өзімізге көбірек таныс Мәскеу қаласының бір өзінде үлкенді-кішілі 350 театр бар екен. Ал, біздің бүкіл мемлекетіміздің барша аумағында театрлардың саны 50-ге әзер жетіп жығылады. Алайда соған қарамастан сол азғантай өнер ордаларын қаржыландыруды бюджетке басы артық салмақ көретін азаматтарымыз аз емес.

Тағы бір мысал. Бүгінгі таңда Францияда – 3500, Германияда – 4700 кітап дүкені жұмыс істейді. Ал біздің еліміздегі ірі кітап дүкендерінің саны мыңды былай қойғанда жүзге жете қояр ма екен? Меніңше, алдағы уақытта біз осы кітап басу мен тарату ісіне айрықша маңыз беріп, оны еліміздің алдында тұрған ең өзекті стратегиялық міндеттердің қатарына қосуымыз керек. Өйткені интеллектуалды ұлттың ғана ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға шамасы келетіні бұл күндері кім-кімге де түсінікті болса керек.

Мешітке немесе шіркеуге, синогогаға адамдар не үшін барады? Әрине, Құдай алдында тәубесіне келіп, рухани тазару үшін, яғни катарсиске түсу үшін барады. Шынайы көркем әдебиет шығармасын оқу барысында, талантты спектакльдер мен кинофильмдер көру кезінде пенде осындай рухани актыдан өтіп, жаңғырады. Бұл жағынан келгенде театрлар мен кітап дүкендері, кітапханалар, әртүрлі вернисажда өтетін көркемсурет галереялары жоғарыда біз атап өткен мешіт, шіркеу, синогога секілді қасиетті рухани храмдарға ұқсас. Адамзатты қазіргі қоғамда қатты белең алып отырған жойдасыз астамшылық пен эгоизмнің тұтқынынан бір құтқарса, осылар құтқарады.

– Көркем әдебиеттің қоғам өміріндегі атқаратын қызметіне жан-жақты тоқталған сияқтымыз, ал, әдебиеттің, жалпы көркемөнердің ішінде алатын орны қандай деп ойлайсыз? Көркем әдебиет те бес классикалық өнердің бірі емес пе?

- Дұрыс айтасың. Бес классикалық өнердің бір түрі, бірақ ең маңызды түрі. Өйткені онда музыка өнеріне тән ырғақ бар, онда кескіндеме өнеріне тән сан сырлы бояулар да, скульптура мен архитектураға тән сымбат пен балетке тән ғажайып сан алуан сиқырлы пластикалар бар. Өзің жақсы білетіндей, жалпы көркемөнер классикалық және синтездік, немесе синкреттік болып екіге бөлінеді ғой. Синтездік өнер бірнеше классикалық өнердің бір жерде тоқайласып, бір-біріне жымын білдірмей, сіңісіп кетуінен пайда болады. Айталық, театр мен кино, опералар – синкреттік өнер түрлері. Ал, осылардың бәрі ең алдымен көркем әдебиет шығармаларынан туындайды. Мысалы, театр ең алдымен – пьесадан, кино – киносценарийден, опера – либреттодан басталады. Жақсы пьеса болмаса, жақсы спектакльдің, шынайы жазылған киносценарий, немесе либретто болмаса, мықты кинофильмнің, сән-салтанаты келіскен операның болуы еш мүмкін емес. Ал, пьеса, киносценарий, либретто дегендеріміз – әдебиет шығармалары, көркемсөз өнерінің драматургия деген жанрының түрлері. Ендеше, жетілген, кемелденген ұлттық әдебиет болмай, кемелденген ұлттық театр мен ұлттық киноның, ұлттық операның болуы мүмкін емес. Сондықтан да көреген көркемсөз шебері Ғ.Мүсіреповтің қайтыс боларының алдында айтқан: «Көркем әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы бола алмайды, осыны ұмытпаңдаршы» деп, ізінен ерген іні-қарындастарына аманаттап кеткен өсиеті бостан-босқа айтыла салмағанын бәріміздің, оның ішінде, әсіресе, билік басында отырған азаматтардың естерінен шығармағаны жөн. Бұл тек шығармашылықпен айналысатын тұлғаларға ғана емес, ең алдымен ұлт үшін керек.

- Замана көші жүйрік экспрестей заулап келеді. Алдымызда қасқайып ХХІ ғасыр тұр. Бұл білім мен озық технологияның, жаппай инновацияның ғасыры. Осыған байланысты біздің ұлттық әдебиетімізде де модернизм, постмодернизм деген әдеби ағымдар пайда болды. Осы әдеби ағымдарға деген көзқарасыңыз қалай? Бұлар біз үшін әдеби сән бе, әлде рухани қажеттілік пе?

- Жалпы модернизм деген термин 1917 жылы алғаш рет неміс философы Рудольф Паннвиценің «Кризис европейской культуры» деген еңбегінде қолданылды. Паннвиценің аталмыш еңбегінің атауынан көрініп тұрғандай бұл әдеби ағым Батыс қоғамының экономикалық жағынан ғана емес, рухани жағынан тығырыққа тірелуінен туындаған болатын. Еуропалық қоғамның әйгілі экономистері мен саясаттанушылары, философтары бұл экономикалық, әрі рухани коллапстан шығудың айқын жолын көрсетіп бере алмады, Батыс өркениеті осылайша уақытша депрессияға ұшырады. Міне, осы кезде Батыс әдебиетінде футуризм, символизм, экспрессионизм, авангардизм, неоавангардизм секілді әдеби ағымдар пайда болды. Ал, модернизм деген бар болғаны осы ағымдардың бәрінің ортақ атауы ғана.

Еуропадағы модернистік ағымның басында еуропалық әдебиеттің өкілдері Франц Кафка мен Марсел Пруст, америкалық философ-идеалист У.Джемстер тұрды. Негізі, қоғам экономикалық дағдарысқа ұшыраған кезде суреткерлер де белгілі бір дәрежеде тығырыққа тірелмей қоймайды. Әдебиеттегі модернизм мен постмодернизм осы тығырықтан шығуға деген талпыныстан туды.

Тағы бір айта кететін жай, модернистер мен постмодернистер «өмірде мағына жоқ, тіршілік дегеніміз – хаос, бақытқа жетемін деп тыраштану – әурешілік, бәрі маңдайға жазылған тағдырға байланысты» деген идеалистік көзқарасты басшылыққа алады. Сондықтан да олар объективті өмірдің реалистік заңдылықтарын жоққа шығарады және көбіне-көп өздерінің ішкі интуициясының дегенін күйттеп кетеді, ақылдан сезімді жоғары қояды, мистикаға бейім тұрады.

Ал, қазақ әдебиетіндегі модернизмге келсек, ол біздің көркемсөз өнерімізде ХХІ ғасырда, бүгін ғана пайда болған жоқ. Қазақтың ең алғашқы модернистері – прозада Ж.Аймауытов пен М.Әуезов, поэзияда М.Жұмабаев пен Бегнияз Күлеевтер болатын. Мағжанның «Жер жүзін топан басса екен», «Мені де, өлім, әлдиле» деген жырлары модернизм емей немене? Мұнда ақын өмірдің ешқандай мағынасы жоқ екенін мойындайды, сондықтан, Еуропа модернистері секілді терең қайғыға шомады, болашақтан үміт сәулесін көре алмай торығады. Мұндай мистикалық сарындар өмірден тым ерте, қыршын кеткен Бернияздың өлеңдерінен де молынан табылады. Сондықтан, Б.Күлеев трагедиялық жағдайда өмірден қайтқанда ең алдымен оны жоқтап, қабырғасы қайысқан өнер иесі Мағжан болатын. Бұл кездейсоқтық па? Жоқ, бұл өзімен рухтас жас ақынның қазасы жанына қатты батқан рухани туыс адамның шын жүректен шыққан мұңы еді.

- Ал, Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтың қай шығармаларын модернге жатқызар едіңіз?

М.Әуезовтың «Қаралы сұлуы» мен «Кінәмшіл бойжеткенін», Ж.Аймауытовтың «Ақбілегін» сол жанрға жатқызуға әбден болады. Мысалы, Ж.Аймауытов «Ақбілекте» Ақбілек пен орыс офицері Қарамұрттың төсек қатынастарын егжей-тегжейлі, әрі ашық суреттейді. Бұрынғы қазақтың дәстүрлі романтикалық немесе реалистік шығармаларына мұндай эротикалық пассаждар мүлде жат болатын. Қазақтың дәстүрлі моралі мұндай ашықтыққа жол бермейтін, оны ұят санайтын.

Ж.Аймауытовтың аталған романындағыдай жақсы мағынада айтқанда «бетімен кетушілік» Мұхтардың «Кінәмшіл бойжеткені» мен «Қаралы сұлуында» да ұшырасады. Тағы бір айта кететін жайт, реалистік әдеби туындыларды көбінесе бір кейіпкер мен екінші кейіпкердің арасында конфликт болып жататын болса, модерндік шығармаларда конфликт геройдың ішіне түсіп кетеді, яғни герой реалистік шығармалардағыдай өзінің антиподымен айқасудың орнына өзімен-өзі арпалысып кетеді («Қаралы сұлудағы» Қарагөздің халін алыңыз). Бір субьектінің осылайша екіге жарылуы модерндік, постмодерндік шығармалардың бәріне тән сипат болса керек.

«Қаралы сұлу» мен «Кінәмшіл бойжеткеннен» кейін М.Әуезов, «Ақбілектен» кейін Ж.Аймауытов неге өздерінің осы ізденістерін әрі қарай жалғастырмады?

Өйткені, 1930 жылдары Совет өкіметі аяғынан нық тұра бастады. Енді ол бұрынғы аласапыран, алмағайып заманда бетімен кеткен мемлекеттік идеологияны өз қолына мықтап алуға кірісті. Сөйтіп, советтік көркемөнерде коммунистік, таптық көзқарасқа негізделген социалистік реализм деген жаңа ағым пайда болды. Имажанизм, авангардизм, символизм секілді модерндік бағыттар іріп-шіріген буржуазиялық қоғамның идеологиялық қоқыстары деп танылды. Тек футуризмге ғана аздап еркіндік беріп қойды.

- Неге? Ол да модернизмнің бір бұтағы емес пе еді?

Дұрыс айтасың. Алайда футуризмнің большевизм идеяларымен қиылысатын бір тұстары болды. Футуристер әлемді соғыс арқылы ғана тазартуға болады деп санайтын. Сондықтан да Ресейде футуризм солшыл коммунизмнің көркемөнердегі көрінісі ретінде пайда болды. Совет өкіметінің көсемі В.И.Лениннің сүйікті санаулы ақын-жазушыларының бірі болған В.В.Маяковский сондай айтулы футуристердің бірі әрі бірегейі еді. Оның «Облако в штанах», «В.И.Ленин» деген поэмалары футуристік поэзияның жарқын үлгілері. Ал, қазақ футуризмінің бастауында С.Сейфуллин тұрды. Оның «Жас қазақ марсельезасы», «Кел, жігіттер», «Советстан», «Экспресс» секілді шығармалары қазақ футуризмінің хрестоматиялық туындылары болып табылады. Бұл өлеңдерінде Сәкен тап жауларына қарсы аяусыз күрес жүргізуге шақырады.

Сонымен совет өкіметі әбден кемеліне келгеннен кейін модернизмнің біздің әдебиетімізде күні батты дейсіз ғой...

Біразға дейін солай болды. Тек В.И.Сталин қайтыс болып, оның орнын басқан Н.С.Хрущевтың 1956 жылы Совет Одағы Коммунистік партиясының ХХ съезіндегі жеке басқа табынушылықты қатаң айыптаған атақты баяндамасынан кейін ғана елдің саяси өміріне жылылық еніп, көркемөнер иелерінің шығармашылық қызметіне біршама еркіндік беріле бастады. Міне, осының арқасында 1960 жылдары орыс әдебиетімен қатар қазақ әдебиектінде де советтік көркем әдебиетке басыбайлы үстемдік етіп алған социалистік реализм ағымының канондық рамкаларынан шыға бастаған еркін ойлы авторлар мен шығармалар пайды болды. Сондай жаңашыл, модерндік әдеби туындылардың қатарына сол кездері жасы отызға енді іліне бастаған қазіргі көрнекті қазақ жаузшысы Төлен Әбдіковтың әйгілі «Оң қол» әңгімесін жатқызуға болады.

Бұл, менің ойымша, экзистенциалистік шығарма. Өйткені, аталған әңгімені оқып шыққаннан кейін, оқырман өмірдің мағынасыздығын, о баста пешенеге жазылған жайдың болмай қоймайтындығын, сондықтан пенденің тағдырдың алдында шарасыздығын мойындағандай болады. Бұндай идеялық концепт сол кезде совет әдебиетінде үстем болған социалистік реализм ағымының рамкаларына қай жағынан да сай келмейтін.

- Дегенмен модерндік, постмодерндік әдеби ағымға жататын көркем әдебиет туындылары қазақ әдебиетінде еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды даму жолына түскен сияқты ғой.

- Әрине солай. Өйткені модернистік туындылар цензурадан құтылған демократиялық қоғамда ғана дами алады. Осы тұрғыдан келгенде модернизм мен демократия бір-біріне тең ұғымдар.

Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ прозасындағы модерндік ағымның аясында жазылған қандай озық шығармаларды атай аласыз?

Қазақ әдебиеті – дүниедегі үлкен әдебиеттердің бірі, сондықтан, бір сұхбаттың аясында ондай шығармалардың бәрін жіпке тізгендей тізіп шығу қиын шығар, оның үстіне оқырман ретінде менің көзіме түспеген ондай озық туындылар біраз болуы әбден мүмкін, бірақ сұрақ қойылып қойғаннан кейін менің назарыма іліккен солардың кейбіреулерін ғана айта кетейін. Меніңше, ондай туындылардың қатарына қазіргі замандық талантты қазақ прозашылары М.Мағауиннің «Жармақ» романы мен Т.Әбдіковтың мемлекеттік сыйлық алған «Парасат майданы» повесін, Т.Нұрмағамбетовтың «Кене», «Ауған құстары», Н.Дәутаевтың «Айғыр кісі», А.Кемелбаеваның «Қоңыр қаз», М.Омарованың «Жол үстінде» атты әңгімелерін, көрнекті драматург қарындасымыз Р.Мұқанованың «Мысықтар патшалығы», болашағынан үлкен үміт күтетін жастарымыздың бірі Ардақ Нұрғазының «Мен, мен ешкім емеспін» деген пьесаларын жатқызуға әбден болады деп ойлаймын. Бұл шығармаларда модернистік поэтика бар қырларымен өте айқын көрінеді. Ал, ұлттық әдебиетіміздің орта буынының айтулы өкілдері саналатын Ж.Қорғасбек, Ж.Шағатай, Н.Ораз, А.Алтай сынды прозашыларымыздың да кейбір туындыларында постмодерндік, модерндік поэтика жоғарыда аттары аталған шығармалардағыдай айқын, менмұндалап тұрмағанымен, неореалистік проза мен модерндік әдеби ағымдардың синтезі ретінде көрініс беріп отырады.

Осы арада бір нәрсені ерекше ескеруіміз керек секілді, модернизм, постмодернизм ағымдары қазіргі замандық әдебиеттің даусыз фавориті деу де дұрыс болмақ емес, мысалы, ХХІ ғасырдағы көркем прозаның ең үздік үлгілері саналатын неміс жазушысы Бернхард Шлинктің «Чтец» повесі мен этникалық тегі жағынан ауғандық, бірақ АҚШ азаматы Халед Хұссейннің «Бегущий за ветром», «Тысяча Сияющих Солнц» атты романдары, дәстүрлі реализм стилінде жазылған. Бұдан әдебиеттегі реализм ағымының қай кезде де өміршең болып қала беретінін байқауға болады.

- Өзіңіз білетін авторлардың ішінен қазіргі шетелдік постмодернизмнің көрнекті өкілдері ретінде кімдерді атар едіңіз?

Нобель сыйлығының лауреаттары, ұлыбританиялық драматургтер Сэмюэль Беккет пен Герольд Пинтерді, орыс прозашылары Виктор Пелевин мен Татьяна Толстаяны, америкалық жазушы, журналист, музыкант Дэн Браунды.

Музыка демекші, модернизм ағымы өнердің көркем әдебиеттен басқа түрлеріне кәдімгідей әсер етті емес пе?

Дұрыс айтасың, модернизм мен постмодернизм әлемдік музыка мәдениетінде блюз, рокн-ролл, джаз, кескіндеме өнерінде экспрессионизм, кубизм, архитектурада хайтек түрінде көрініс тапты. Соның нәтижесінде тарих сахнасына даңқтары жер жарған Пабло Пикассо секілді суретшілер, Майкл Джексон, Уитни Хьюстен, Алла Пугачева секілді әншілер, «Битлз», «АВВА», «Ялла», «Машина времени», «Досмұқасан», «Песняры» секілді музыкалық топтар, Норман Фостер, Ричард Роджерс, Николас Гришмоу секілді сәулетшілер шықты. Бұл модернистік жаңартудан Қазақ елі де тыс қалған жоқ. Айталық, елордамыз Астана қаласы архитектуралық кескін-келбеті жағынан әлемдегі Дубай, Сингапур секілді постмодерндік қалалардың көшін бастап тұр десек, қателесе қоймайтын шығармыз.

Серік аға, әңгімеңізге рахмет. Меніңше, оқырмандар мен әдебиетшілер бүгінгі сұхбаттан өздеріне пайдалы біраз ақпарат ала алды ғой деп ойлаймын.

- Саған да рахмет.

Сұқбаттасқан Дүйсенәлі Әлімақын

"Қазақ әдебиеті" газеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар