Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Сиам егіздеріндей болған екеу...

05.04.2021 4722

Сиам егіздеріндей болған екеу 12+

Сиам егіздеріндей болған екеу - adebiportal.kz

(Қ.Жұмаділов пен Қ.Ілиясұлы туралы бір үзік сыр)

Бүгінгі күні 85 жасты алқымдап отырған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан сыйлығының және «Барыс» орденінің иегері Қабдеш Жұмаділов пен ақын, сазгер, сатирик Қажытай Ілиясұлы арасындағы 54 жылға созылған үлгі-өнегеге толы достық қарым-қатынас туралы айту да бір ғанибет!

Бұлар 1959 жылы ҚХР-да Үрімжіден шығатын «Шың-Жаң» газетінің Бас редакторы Бұлантай Досжанин кабинетінде танысады. Екеуі де газет тілшісі.

«Қызметке де, асханаға да бірге барамыз, майы сіңген тобылғыдай Қабдештің қоңыр торы жүзіне көмірдей қара бұйра шашты да, ұялы көз бен қалың қасты да, қыр мұрынға үйлесетін ауыз бен иекті де мейірімі түскен бір сұңғыла суретші әдейі қолдан қондырғандай еді. Үстінде ең қымбат матадан еуропа үлгісінде тігілген қызыл шегір костюм-шалбары, түймесі сырмалы қанкүрең жібек жейдесі, аяғына киетін чех туфлиі алды-артынан ғана емес, қырынан қарағанда да бауырынан жараған бестідей өте сұлу көрсететін. Әсемдікті тануға келгенде, садағаң кетейін, әйелдер алдына жан салмайды ғой. Екі жағында Батырхан екеуміз Қабдешті ортаға алып, қарсы келе жатқанда, мейлі қазақ, мейлі ұйғыр, мейлі қытай қыздары болса да, тәкәппарлығынан лезде айрылып, қыбылжып кететін. Райы лезде жылып, біріне-бірі әлденені айтқыштап, тұсынан өткенше, кемінде үш бұрылып қараушы еді. Тіпті, телміріп, көз ұшына дейін ұзатып салушы еді», - дейді Қажекең Қабдеш ағасының жас күнін сипаттағанда. Ал Қ.Жұмаділов ағамыз былай дейді:

«Қытай, ұйғыр, қазақ, монғол тілдерінде шығатын төрт газеттің редакциялары бір ғимаратта. Баспаханасын, тұрғын үйлерін, жатақханасын қосқанда тұтас бір махалланы алып жатыр. Осының алдында өткен «Стиль дұрыстау» науқаны кезінде біраз журналистер қуғындалып, олардың орнына кілең жастарды алып жатса керек. Мен барған соң арада бірер апта өткенде, Қазақ редакциясына арнайы жолдамамен осы Қажытай келді. Қажытай онда мұрты жаңа тебендей бастаған жап-жас бала. Ұшпа мінезді, жаңа үйретілген құнандай атырынып тұр. Өзі тарбағатайлық екен. Дөрбілжінде орталау мектепті бітірген соң, Үрімжідегі тіл институтына түсіп, қытай тілін меңгеріп келген беті. Біз, Батырхан екеуміз (Батырхан Құсбегин - қазір Шыңжандағы танымал жазушылардың бірі) бойдақтар жатқханасында бірге тұратын едік. Қол-аяғы жеңіл жас жігітті бөлмемізге кіргізіп алдық. Қытай тілін жақсы білетін, фотосурет түсіруден де хабары бар, қаламы жүрдек Қажытай көп ұзамай аударманы қойып, тілшілер бөліміне ауысты».

Бұл тұста ҚХР-да «Стиль түзету» науқаны деген жүргізіліп, интеллигенция өкілдерінің жаппай қуғындауға ұшырап жатқан кезі. Артық-ауыс бір ауыз сөз айтылса, бас кететін жағдай орын алған кез.

Бір күні жатақхананы тексеріп жүрген қытай бастық бұлардың бөлмесіне келіп:

- Осы сендер, қашан көрсем, бірге жүресіңдер. Топталып алып, әңгімелерің бір таусылмайды. Не сөйлесесіндер сонда, - депті. Қажекең цензураға жатпайтын анекдоттарды көп білетін еді ғой. Сасып қалса да, қолма-қол есін жинап, әрі қысқа, әрі нұсқа зияны жоқ күлкі туғызатын бір анекдотты қытайшалап аударып жіберіпті. Табылып тұрған орынды сөзге қытайдың өзі де күліп, үн-түнсіз шығып кетіпті.

Осы әңгіме үстінде Қабдеш аға айтады:

- Қажекең қомданып, аузын аша бастағанда, секем алып қалдым. Өйткені айтатын әңгімеміз саясатқа дөп келмейді. Бірақ қытайдың өзін күлдірген Қажытай тапқырлығына сол кезде риза болып: «Сенуге болатын жігіт екен» деген ойға келіпті.

1960 жылдың жазында ҚХР-да азық-түлік тапшылығы білініп, бидайдан пісірілген нан көзден бұл-бұл ұшады. Оның орнына табылса жүгерінің наны, табылмаса сыпыртқының дәнінен жасалған нан таратылып, бұршақтың ботқасына қарап қалады. Мұндайды көрмеген бұлар жейтін бірдеңе іздей бастайды. Осындай бір қам-қарекетпен Қажекең автовокзалға барады. Ала тақиялы бір ағайын бір уыс жаңғақты екі алақанына бөліп ұстап, бір-біріне шақылдата соғып тұрғанын көріп:

– Сатасыз ба? – дейді, анау басын изейді. Содан жарты мөшектей жаңғақты Қажекең, велосипедтің артына таңып алып, редакцияға келеді де: «Қабдеш түскі тамаққа бармай-ақ қой» деген жазу жазып алдына тастап, көзін қысады. Көп өтпей, ел түскі үзіліске шыққанда, даладан қызыл кірпіш алып келіп, астына газет жайып, әлгілерді шағып, ал кеп жейді ғой.

Қалған жаңғақты чемоданға сап қойып, бірқанша уақыт талғажау етеді. Сөйтіп жүргенде, Қабдештің алдындағы бұршақтың ботқасы сол күйінде қайтады да, Қажекең жұрт-көзі ғып бір-ер қасық жеген болады. Бірақ әткен шайды ішіп отырады.

Осы тұста Қабдеш ағаның газеттегі материалға сәйкес мынадай бір-екі шумақ өлеңі шығады:

Құйқалы қоңыр таудың қойнауында,

Қон досым, қолың тисе, қойлы ауылға.

Білерсің мал қадірін білмей жүрсең,

Кекіріп қозы етіне тойғаныңда.

Осы өлең мен желінбей қалатын ботқа Қ.Жұмаділовке сойыл боп тиетіндей жиналыс ашылады. Сондағы бір кісілер «Ысырапшылдықты насихаттап отыр» деп өлеңге тиіссе, енді бірі «Ақсүйектігіне басып, ботқаны жемей кетеді» деген мазмұнда тиісті. Сонда Қабдеш тұрып:

- Құрметті, жолдастар, біздің нені жеп, нені ішетініміздің билігі өзімізге берілсе екен! Мәселен мен тамаққа тәбетім болса жеймін, ішемін, тәбетім соқпаса, өзімді өзім зорлаудың қандай қисыны бар?! Ал өлең редактордың тапсырмасы бойынша жазылғаны айтылып, көпшілігі ол пікірді онша қолдамағандықтан, дау-дамай амалсыз аяқсыз қалады.

Бұл өлең Қ.Жұмаділовтің шығармалар жинағында жоқ, тек Қажекеңнің есте сақтауымен ғана айтылып отыр.

1961 жылдың көктемінде осындай ұсақ-түйек жала жабыла бергендіктен, Қабдеш ағаны газеттен кетіріп, Сібетіге жер аударады, ал Қажекең бұл кезде Шыңжаңның Іле аймағында 11 ай әрі тілші, әрі аудармашы ретінде іссапарда болып келсе, Қабдеш ағаны «төменге түсіріп» жибергенін естиді. «Төменге түсіру» деген – қара жұмысқа салып, еңбекпен түзету деген сөз. Қажекең Ғани Саржанов деген әдебиет бөлімінің бастығынан баспалап сұрастырса:

– Қабдеш газетке ең қажет адам еді. Мыналар мүйіздегенде, қорғауға шамам келмей қалды, – дейді күрсініп.

Енді сол ұйымдасқан топ «Қажытай Ілиясұлы қаламақыға дәндеп, жақсы жазылған очерктерін өзіміздің газетке («Шың-Жаң» газетін айтып отыр) жібермей, басқа газеттерге бастырып жүр. Мәселесін тапсырсын!» деп енді Қажекеңе ауыз салады. «Мәселесін тапсыру» деген «осылай да осылай мен ит болдым, итаяққа тидім, кешіріңіздер!» деген мазмұнда өзін-өзі тексеріп, кешірім сұрау деген сөз.

Шындығында Қажекең ұсақ-түйек мақала, аудармадан басқа сол сапарда үш үлкен очерк жазады. Алғашқы очеркін «Шың-Жаң» газетіне жібергенмен, ол басылмай, кейбір ойлары басқа біреудің атынан жарияланғанын көреді. Бұл жарық көрмеген соң, кейінгі жазған «Ғалым», «Түз түлегі» деген екі очеркті жібергенде түпнұсқасын алып қалып, «Шың-Жаң» газетіне көшірмесін жібереді. Үрімжіге қайтатын тұста Жұмаділ Маманов деген қаламдасы «Іле» газетіне «Бірдеңелерің болса берсеңші» деген соң, әлгі екі очеркті беріп кетеді. Бұлар «Іле» газетіне сол қалпында шығады. Олар осыны көлденең тартады.

Қажекең редакцияға келгеннен кейін қызыл сиямен «жариялауға жарамайды» деп қол қойылған өзінің жіберген очерктерін хат тіркеуші әйелге таптырып алып, «мәселесін тапсырайын» деп жиналыс шақырттады. Жиналыс барысында «жарамайды» деп қол қойған адам «Бұл менің қолым емес» деп тыша танады.

- Мына шимайлаған сенің бұрыштамаңдағы қып-қызыл ала сия сенің қолың емегенде, әкеңнің қаны ма?! – деп Қажекең оны қабағына түртіп-түртіп қалады.

- Мына жынды қайтеді-ей! – деп орнынан ұшып тұрған ол Қажекеңді қыр жіліншігінен теуіп қалады. Қажекең:

- Міне, бейтеді, – деп асқазанның тұсынан сақ еткізіп, диванға сылқ еткізеді.

Сөйтіп Қажекеңе «өзіңнің қол жұмсаған ұстамсыздығыңды түзет» деген қатаң сөгіс беріледі. Енді бұл жерде жұмыс істеудің өзіне қауіп төндіретінін жақсы түсінген Қажекең әкесінің қайтыс болғанын, іні-қарындастарының жас екенін көлденең тартып, өз еркімен жұмыстан босатуын өтініп арыз жазады. Бірақ бұл ол кезде Қажекең сияқты қытай тілін жетік білетін маманның қаны жерге тимей тұрған тұс. Тіпті Қабдеш ағадан бастап, қасындағылардың ешқайсысы Қажекең сияқты төрт тілге бірдей жетік емес. Содан редакция Қажекеңді жұмыстан босатпай, 4 айлық уақытпен Тарбағатай аймағына тілшілікке жібереді. 1962 жылдың алғашқы аптасында Шәуешекке келіп, ертеңінде салт атпен Қабдеш Жұмаділовті табады. Осылайша екеуінің жолы қайта түйіседі. Ал бұл кезде Қ.Жұмаділов Шың-Жаңдағы қазақтарды атамекенге қоныстандыру туралы Ресей мен Қазақстан өкіметіне Шәуешектегі елшілік арқылы жүздеген адамның қолын қойдырып, хат жазып жатқан кез. Мұны жақсы түсінген Қажекең Қабдеш бастамасына қолдау көрсетіп, іс-сапар уақыты аяқталып қалса да, Үрімжіге қайтпайды.

1962 жылы қалың елдің Қазақстанға қарай үдере көшкенінен секем алған Қытай өкіметі енді осы көшті ұйымдастырушыларды іздей бастайды. Қажекең жанашыр бір дүңген тілмаштан Қ.Жұмаділовтің тізімнің басында тұрғандығын, бүгін ұстайтындығын естиді. «Біз дуалдан асып кетісімен, арада жарты сағат өтпей, біздің қораға қарулы сақшылар сау ете түсіпті. Егер сол жолы ұсталып қалғанымда, маған бүйтіп жер басып жүру жоқ еді. Кезекті науқанның құрбаны болып кете барарымда күмән жоқ. Әлі де татар дәмім, су ішерлігм бар шығар, сол күні Қажытайдың мені бір қатерден қағып калғаны анық. Мен мұны өмірі ұмытқан емеспін», - деген Қабдеш ағаның өз аузымен айтқан әңгімесін талай естідік.

Расында Қабдеш аға Қажекеңнің осы бір достыққа адал жанкешті әрекетін ұмытқан емес. Өзінің тірі қалуына себеп болған Қажекеңді құрметтеп, үнемі оның алдында қарыздар іспетті сезінетіні байқалып тұратын. 1962 жылы бергі бетке өткеннен кейін Қабдеш аға Қажекеңді де талай қатерден алып қалды. Шекарадан өткен кезде бір милиция майорынан Бауыржан Момышұлын сұраймын деп Қажекең төбелесіп қала жаздаған кезде Қабдекең дереу жетіп, құтқарып қалады. Өйткені Қ.Жұмаділов шекарадан бері өткенге дейін КазГУ-де екі жыл оқып, Кеңес өкіметінің жай-жапсарын біліп қалған адам ғой. Ол Қажекеңнің оқуға түсуіне де, жұмысқа тұруына да ықпал жасайды. 1965-66 жж. өлеңдерін жарияламай қойған бір жазушымен төбелесіп, сотталып кету қаупі төнгенде де аман алып қалады.

Бергі бетке өткеннен кейін Қ.Жұмаділов КазГУ-де үзіліп қалған оқуын жалғастырып, 3-курстан оқи бастаса, иығына асып алған бір гормонынан басқа ештеңе алып өтпеген Қажекең Аягөз, Үржар, Мақаншы аудандарында 2-3 жыл әртүрлі жұмыс істеп, аздап қаражат жинап алғаннан кейін, 1965 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, сатирик-ақын ретінде ғана емес, сазгер, атбегі ретінде халық құрметіне бөленді.

Содан кейінгі уақытта Қабдеш аға мен Қажекең арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат түсіп көрген жоқ. Екеуі де бір-бірінің шығармашылығына тәнті болып, бір-бірін құрметтеп, бір-бірін қызғыштай қорғаудан танған емес.

Осы бір үзік сырды аяқтай келе, мен Қабдеш ағаны 85 жасқа толған мерей жасымен құттықтай отырып, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін.

Руда Зайкенова

Қажытай Ілиясұлының жары,

филология ғылымының докторы, профессор


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар