Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Славомир Мрожек. Теңізде......

05.02.2022 3349

Славомир Мрожек. Теңізде... 12+

Славомир Мрожек. Теңізде... - adebiportal.kz

Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында!

Славомир Мрожек (1930-2013 ж.) – Польша әдебиетінің классигі, драматург, эссеист, суретші, сценарист, фельетоншы, сықақшы, абсурдист-жазушы, Франц Кафка атындағы сыйлықтың, еуропалық әдебиет бағыты бойынша Австрия мемлекеттік сыйлығының иегері, Ягеллония университетінің құрметті докторы. Пошташы отбасында дүниеге келіп, еңбек жолын Краковтағы гәзетте бастаған бұл қаламгерді оқығанда ойға қаласыз, оқырман. Өйткені, оның драмаларында халықтың зары, қасіреті, мұңы, көз жасы жатыр. Мінезі – өткір, турашыл пан Славомир біреуге жағуды ойламаған, себебі оның артында халық, оның жанын ұғынатын, түсінетін ұлт, ел тұрды. С. Мрожектің драмалық шығармаларын түйсіну үшін, қорыту үшін, ол кешкен дәуірге сүңгу керек, сонда ғана көп дүние, көп шындық қарақты көзге айғақталады, айқындалады, онсыз бәрі – бекер. Ал... олай болса, осындай қарымды қалам иесінің атақты, әлемге әйгілі туындысын назарларыңызға ұсынбақпыз, қабыл алыңыздар, қалайық!..

Теңізде...

Орысшадан қазақшаға аударған:

Әлібек БАЙБОЛ.

Кейіпкерлер:

Жуан

Ортаншы

Жіңішке – үшеуі де кеме апатына ұшыраған жандар.

Пошташы.

Малай.

Декорация бір акт бойына өзгеріссіз тұрады. Ашық теңіз аясындағы – сал. Сәнді қап-қара костюм киген үш еркек қалтасынан орамал шеті көрінуде. Әрқайсысы – өз орындықтарында отыр. Аулақтау жерде, салда – сандық.

Жуан. Е-е-е, қарын ашты.

Ортаншы. Ауқаттанып алсақ қой, шіркін-ай!

Жіңішке. Қордан артылған қалған-құтқан бір нәрсе бар ма екен?

Жуан. Соңғы қоқымды біз теріп жедік.

Жіңішке. Білуімше, онда сиыр еті қосылған бұршақ болған.

Жуан. Сиыр еті жоқ.

Ортаншы. Не берсе де талғамаймын.

Жіңішке. Мен де.

Жуан. Кез келген... Шынайы болайықшы... Тегінде...

Ортаншы. Маған бәрібір!

Жіңішке. Қорда түк қалған жоқ дедіңіз. Мұнымен не айтқыңыз келді?

Жуан. Не емес, кім туралы дегеніңіз жөн!

Ортаншы (Оңға, солға және артқа қарайды). Көрсем көзім шықсын.

Жіңішке. Ақиқатында, мен де ешкімді көрмей тұрмын, мына... (Сөздің аяғын жұтып қояды.)

Пауза.

Жуан. Арадағы біреуді паршалауға мәжбүрміз.

Ортаншы. Сөйтейік те!

Жіңішке (Қызу қуаттап). Иә, иә, жейік, жейік!

Жуан. Балалық қылмайық, мырзалар! Бәріміз тегіс: «Жейік!» – деп айғайлай алмайтынымызды ұқсаңыздар екен. Мұндайда іштегі біреу: «Мархабат! Дәм татыңыздар!» – деуі керек.

Ортаншы. Кім?

Жіңішке. Кім?

Жуан. Енді, осы жөнінде сұрамақшымын ғой.

Абдыраған адамдар үн-түнсіз отыр.

Серіктестік сезіміне сенем. Қылаяғы, берілген жақсы тәрбиеге де...

Ортаншы (Оны бір дүние қызықтырғандай саусағымен Көкті көрсетіп). Шағалалар! Әне, әне!

Жіңішке. Бұнымды эгоизмге балап, бұлдана сөкпессіздер. Алайда, мен әркез өзімді ғана ойлағам. Расында... мектеп кезінде-ақ таңғы асты жалғыз тауысып, ешкіммен бөліспегем.

Жуан. Дұрыс емес. Енді, қайттік? Мақұл, жеребе жүгінейік!

Ортаншы. Тамаша!

Жіңішке. Қолдаймын!

Жуан. Жеребені мынадай жүйе бойынша жүзеге асырсақ: қайсыбіріміз қаңғыған бір санды атайық, ал қалғаны басқа санды атасын. Сонан соң, мен де дауыстап бір санды айтайын. Егер де, тұтас сома жиылып, тақ санды құраса, онда жеребе маған түсті деген сөз. Бұндайда, сендер мені – жейсіңдер. Әгәрәки, жалпы сомада жұп сан шықса, онда арамыздағы біреуді жейміз. Келістік пе?

Ортаншы. Жоқ... Мен – қашанда құмар ойынға қаным қас.

Жіңішке. Қателестім деп ойламайсыз ба?

Жуан. Мырзалар, байқауымша, маған сенбейсіздер-ау? Басқа амал жоқ.

Ортаншы. Өзге жол іздейік. Біз – мәдениетті кісілерміз. Жеребе тастау – тас дәуірінің әдеті.

Жіңішке. Ескінің сенімі!

Жуан. Жарайды, онда жалпыхалықтық сайлау ұйымдастырайық.

Ортаншы. Ойыңыз – орынды. (Жуанға.) Екеуміз бір тізімге ілігіп сайлауға түссек қайтеді, а? Бұл сайлауалды науқанды жеделдетер еді.

Жіңішке. Парламентаризм заманы өтті.

Жуан. Онда, тәуелсіз сайлау...

Ортаншы. Құпия жағдайдағы сайлауды құп көрем.

Жіңішке. Блок болмасын, әркім – өзі үшін.

Жуан (Орнынан тұрып, сандықтан цилиндрды алып шығады). Міне, қалпақ! Осы жерге үміткер аты-жөні жазылған бюллетеньді тастайық.

Жіңішке. Менде қалам жоқ.

Ортаншы. Өзімдікін берейін!

Жуан (Қалтасынан авто-қаламды алып шығып). Мінеки!

Ортаншы (Қаламды сүртіп). Сайлау, сайлау! Дауыс беру, дауыс беру!

Жіңішке. Сабыр етіңіз! Мәдениетті ел ұқсап сайлау өткізбекші екенбіз... демек сол өркениетті мемлекеттердегідей сайлауалды науқанды көзжұмбайға салмайық.

Жуан. Солай-ақ болсын!

Ортаншы. Ресми сөз сөйлейік, бірақ созбаққа салудың қажеті жоқ!

Жуан (Орындықтан тұрып, оны орта жаққа жылжытады). Митингті бастайық. Мінбеге бірінші боп кім көтеріледі?

Ортаншы (Жіңішкеге). Сіз бастасаңыз қайтеді?

Жіңішке. Кейінірек... Шешендерше шешілер қасиет жоқ.

Жуан. Ой тастаған – өзіңіз еді ғой.

Ортаншы. Халықты сайқал саясатқа итерген, ереуілге бастаған сіздер емес пе? Әуелгі сөзді...

Жіңішке. Қажет десеңіз... онда... (Мінбеге шыққандай орындыққа қарғып мінеді.)

Екеуі қарсы алдына тұра қалады. Жуан қалтасынан екі таяқшаға ілінген транспарантты ап шығып, бір басын Ортаншыға ұсынады. Транспарантты жаяды. Онда: «Біз – ашпыз!» деген жазу жазылған-ды.

Хм... мырзалар!

Ортаншы (Сөзге килігіп). Біз – қара халықпыз! Жағымпазданудың еш керегі жоқ!

Жуан. Жөн! Қызыл сөзді қыздыру – ретсіз! Бізге тек ащы шындық...

Жіңішке. Достар! Жиылған себебіміз...

Ортаншы (Әңгімеге араласып). Қысқа қайыр, қысқа!

Жуан. Ертерек іске кіріскенше шыдар емеспіз!

Жіңішке. Жиылған себебіміз – шешуін күткен азық-түлікті бөлу мәселесі. Жолдастар, мені есепке алмаңыздар. Әйел, бала-шағам бар. Ымырт үйірілгенде, саяжайда отырып балаларды әткеншекте тербеттім, ал қатыным қас қарайғанша тігіншілікті ермек етті! Мырзалар! Мына идиллиялық картинаны көріп тұрмысыздар?

Ортаншы. Бұл – сылтау. Ортақ мүдде туралы ой айтылғанда, лебіз-лепес тым артықтау. Бала өзі-ақ тербеле береді ғой.

Жуан. Зорырақ!

Ортаншы. Иә-иә! Зорырақ! Саябақтағы әткеншекке барсын... Жоқ, бүлдіршіндерді желеу етпеңіз.

Жіңішке. Тыңдаңыздаршы, достар! Балауса-балғын шағымда бейкүнә жоспар құратынмын. Имандай шыным. Өзімді жетілдіре алмағандықтан да, дегенім болмады. Сезем, әлі де кеш емес. Көп дүниені қалпына келтірем, уәде берем, мұратқа жетер жолда тоқтамаспын. Әлсіздік танытқан кезім де болды, рас. Рухымды шыңдаймын, ант етем! Ілім-білім жиып, алға қойған арзу-арманға ұмтылам! Аса көрнекті тұлға болам!

Ортаншы. Қаттырақ сөйле!

Жіңішке. Аса көрнекті тұлға болам!

Жуан. Жалаң субъективизм.

Ортаншы. Қарын ашты!

Жуан. Ал, қанеки, мырзам, бірге. Бір, екі...

Жуан мен Ортаншы (Бірге). Қа-рын аш-ты! Қа-рын аш-ты!

Жіңішке (Аса сабырсызданып, жыларман күйге түсіп). Бұлай істемеңіздерші, мырзалар! (Мінбеден түседі.)

Ортаншы (Жіңішкеге транспарантты беріп, мінбеге көтеріледі). Дастарқандас-достар!

Жуан қол соғады, оған қарап Жіңішке де қошемет көрсеткенімен, осы қылығын мұрнын тарта отыра аса сенімсіз істейді.

Тым білімдармын деп мақтанбай-ақ қояйын. Әрекет ету, бұл – басқа нәрсе. Аспаздыққа жастайымнан құмармын. Бірақ, қарынның қамы маңызды емес! Қарапайыммын, көнбіспін әрі турасын айтайын... ас ішіп, аяқ босатуды көздемеймін де. Қолға түскенді қылғытам... байқасаңыздар, аз мөлшерде ғана... О-о-о, не дегеніңіз! Тамақ дегенді ұмытқалы қашан! Екі-үш жыл бұрын ғана сәті туғанда тапқанды талғажау еткенім болмаса, апталап-айлап ас ішуден қалғам. Ал, енді ше? Ал, енді, бұл мәселені мәңгілікке ұмыттым, енді тамақ әзірлеу – өмірімнің сәніне, мәніне айналды. Қос ұрты майланған адамдарға риза кейіпте қарап тұрғаннан өзге арманы жоқ қой, аспазшының. Маған одан асқан сыйлықтың керегі шамалы. Және, мен – ет тағамдарының маманымын. Әзірлеген тұздықтарым – теңдессіз. Айтарым – осы, ағайын!

Жуан. Браво! (Қол соғады.)

Ойға терең шомған Жіңішке еш нәрсеге селт етер емес. Ортаншы мінбеден түскенде, оған Жуан шығады.

Ортаншы. Алақай! (Үні өшеді.)

Жуан (Бүйірін таянған қалпы, оны қарақұрым халық қоршағандай әсерде боп, жан-жағын ойлы көзбен бір шолып өтеді. Содан, фашистерше қолын алға созады). Есенсіңдер ме, аш-жалаңаш жұртым?!

Ортаншы (Шаттанып). Алақай! Есенбіз, есенбіз! Жасасын, жасасын!

Жуан (Оған «тыныштал» дегендей қарулы қолымен пәрмен беріп). Сардарларша қысқа қайырам! Біріншіден, таңдау еркін шектемеймін. Өздеріңіз – шешіңіздер! Бар болғаны – құлдарыңыз ғанамын, талап-тілектеріңіз мен үшін – заң! Бұйырғаны... қанағат! Екіншіден, созбақтаудың қажеті жоқ, мен ас болмаспын, үміттеніп қалмаңыздар дегем ғой. Себебі, еті қашқан арық, арқа етім – арша, борбай етім – борша, сидиған жұғымсыз, нәрсіз, жүдеумін. Қабырғаларым ырсиып, бауырым кесіліп, бір аяғым – екіншісінен қысқа. Жасырғаннан ұтар аз. Үшіншіден, демагогияны жақтырмаймын, ашықтықты аңсаймын. Егер мені таңдамасаңыздар, онда келешек серіктесім сан етін тұтасымен еншілемек... тілді қоса есептегенде, әрине. Дәмеленгендерге қатаң ескертейін, біз тілден бас тартпаймыз!

Ортаншы. Браво, браво, арамызда көсем бар!

Жуан. Болды, жетер! Жарылып кетсеңіз де айтайын, көпірме сөзді... пәлсапашыларды, бейнеткерлерді ұнатпаймын! Алға!

Ортаншы. Алақай! Браво! Бис! Жасасын, жасасын!

Жуан мінбеден түседі, Ортаншы мен Жіңішке транспарантты жинастыра бастайды.

Жуан (Жіңішкеге). Ризасыз ба?

Жіңішке. Тамаша сөйледіңіз! Бірақ... мәселе... мынада боп тұр... мен сан етін жемеймін! Асқазанға ауырлық қылады. Сондықтан, сізге қиындық туғызбаса...

Ортаншы (Жуанның «тік тұр» бұйрығын орындап, оның алдында қақшиған қалпы қозғалмауда). Сізді құттықтауға рұқсат еткейсіз... Сөйлеген сөзіңіз қатты әсер етті. Тілге қатысты ойды толық қолдаймын.

Жуан. Ал, сайлауалды науқан аяқталды. Енді, дауыс берелік. (Цилиндрды сал ортасына қояды.)

Бәрі жан-жаққа тарқап, теріс бұрылған қалпы бюллетеньдеріне бір нәрсе жазып жатады. Жуан мен Ортаншы Жіңішкені аңдиды. Жуан Жіңішкеге жақындап, иығы жағынан ұрлана қарайды. Ол байқап қойып, жазған жазуын қолымен көлегейлейді. Сөйтіп, қаламды Жуанға тапсырады.

Жіңішке. Рақмет!

Жуан. Оқа емес. Егер де, бір нәрсені өзгертем десеңіз, мен – дайын! (Салдың арғы басына барады.)

Енді, екеуі – бірге, Жуан мен Ортаншы өз бюллетеньдерімен алысуда. Жіңішке жаңағыларға арқасын берген қалпы теңізге қарап тұр. Сөйтіп, бәрі бір уақытта бұрылып, сал ортасына ойысып, қолындағы қағаздарын цилиндрға тастайды.

Дауыстарды санайық.

Ортаншы. Нағыз сабырсыз мен шығармын. Күткен сайын тәбетім шауып.

Жіңішке. Мәдениеттірек айтсаңыз да болар еді.

Жуан қолын цилиндрға сүңгітіп, үнсіз қалпы Жіңішкеге қарайды. Үнсіздік ұзаққа созылады.

Не боп қалды?

Жуан. Мырзалар, біз сайлауды заңсыз деп жариялауға мәжбүрміз!

Ортаншы. Сонда қалай?.. Мен – ашпын!

Жіңішке. Демократиялық сайлаудың шырқын бұзбақшымысыз?

Жуан. Цилиндрда – төрт бюллетень. Төрт! (Жуан, енді міне Ортаншы Жіңішкеден көз алар емес.)

Жіңішке (Бейкүнә қалыпта). Парламентаризм дәуірі өтті деп айттым ғой.

Ортаншы. Енді, не істейміз?

Жуан. Кәдуілгі, кабинет дағдарысы. Басқа тәсіл қолдансақ қайтеді? Үміткерді тағайындайық!

Жіңішке. Оны кім тағайындайды?

Жуан. Бұл міндетті қуана-қуана атқарар ем.

Жіңішке. Білім ем! Бұл жөнінде жақ ашпаңыз!

Ортаншы. Жақсы нәрсе емес. Демократия салтанат құрмады, ал диктатураны ешкім қабылдар емес. Қалайда бір нәрсе ойлап табу керек.

Жуан. Бұндайда бізге өзін құрбандыққа шалар энтузиазм ғана жәрдемдесе алады. Шарасыз шақта елді еріктілер ғана құтқарғаны естеріңізде шығар?! (Қайыра құлшына сөйлеуге кірісіп.) Аса қадірлі, әріптестер!..

Жіңішке. Жоқ, жоқ, мен тыңдамайтындығымды ескертем!

Ортаншы. Құлақ асыңыз, құрметтім!

Жуан. Қадірменді достым! Жан қиярлыққа әзірлікті, жақын-жаранға деген махаббатты, келісімгершілік сезімін жасыру мүмкін емес екенін бәрі біледі. Әу баста-ақ, мына әріптесім екеуміз сізді өзгешелеп тұрар туабітті қайырымдылықты, ортақ іс басында табылар ынтаны, көмекшілдікті аңғарған ек... Айтып тұрғаным рас па?

Ортаншы (Қызу қолдап). Өмірімде мұндай өнегелі, жайсаң жанды көрмеппін.

Жуан. Қоғам құпия да адал ниетімізді қолдайтынына шын қуандық. Сыйлы кісі есепті есте қалғыңыз келді. Сіздің сыпайылығыңыз, альтруизміңіз, асқа деген тәбетіңіз...

Жіңішке. Керек емес...

Ортаншы. Ерікті болғыңыз келе ме?

Жіңішке. Жоқ.

Жуан. Өзіңізді қара халыққа қарсы қойып отырсыз ба? Ұжым ауызбіршілігіне сызат түсірмекпісіз? Келісесіз бе?

Жіңішке. Жоқ, жоқ.

Ортаншы. Ту, жеркенішті қылық!

Жуан. Үзілді-кесілді қарсысыз ба?

Жіңішке. Үзілді-кесілді қарсымын! Атаққа асық емеспін.

Ортаншы. Бүгіннен бастап маған қол созбай-ақ қойыңыз. Сізді шыншыл, салымыздың патриоты деп жүрсем, нағыз найсап екенсіз. Қош болыңыз! (Салдың арғы басына барып, Жіңішкеге арқасын берген қалпы қырсығып отырып алады.)

Жуан. Иә, сізге деген сенімге селкеу түсті. Сіз үшін ар-ұят – бос сөз екен. Енді, бізге жосықты жол сілтейсіз бе, қайтесіз? Көмегіңізге – мұқтажбыз.

Жіңішке (Паңданып). Жосықты жол дейді? Әрине. Бала кезден-ақ жалпақ жамағат күткен әділдікті армандағам. Сол себепті, турашылдықты ғана ту етем, басқаның қажеті жоқ!

Жуан. Шынымды айтсам, мені таңғалдырдыңыз!

Жіңішке. Неге?

Жуан. Әділдік аяқастынан әзәзілге айналып, өзіңізге қарсы шаппасына... кандидатураңыз қайта сопаң етіп шыға келмесіне кім кепіл, а?

Жіңішке. Бас қатырар түгі жоқ. Балғын кезден-ақ жолым болмап еді, баршасы қарсы шығып, балақтан тартатын, ал енді, міне...

Жуан. Әділдік осы күнге шейінгі бақытсыздығыңызды теңшейді деп ойлаймысыз?

Жіңішке. Иә.

Жуан. Таңғажайып дүние, бірақ шындық. Әділдіктің, жалпыадамзаттық әділдіктің жоқтығына көбіне жолы болмағандар налиды. Бұны өзді-өзін ақтаудың амалы деп ойламайсыз ба?

Жіңішке. Одан әлі бас тарта қойғам жоқ. Сіз бәрін адал шешкен жағдайда ғана келісуім мүмкін. Адал!

Жуан. Былайша айтқанша, сізді жемеген жағдайда деңіз.

Жіңішке. Бұл – инсинуация. Әуелі, әділдікті қалаймын.

Жуан. Отырып ақылдасайық, мырзалар. Оны орындау аса қиын, бірақ қолдан келер іс.

Ортаншы. Мен мына кісімен сөйлеспеймін. (Үшеуі пьеса басындағыдай қайтадан орындықтарына отырады.)

Жуан (Ортаншыға). Құрметті әріптес, анаңыз бар ма?

Ортаншы (Сенімсіздеу сөйлеп). Қалай айтсам екен... Сізде ше, тақсыр?

Жуан (Көзін Көкке қадап). Жастайымнан... Қайран ата-анам!

Ортаншы (Асықпай-аптықпай сөзге араласып). Менде де сондай жағдай. Тұл жетіммін.

Жуан (Жіңішкеге). Ал, сізде ше?

Жіңішке. Шешем – бар. Жалғыз-жалқы қалпы қайғыдан қан жұтып, санаменен сарғайып, сары уайымға салынып отыр. Байқұс, жан-анам-ау!

Жуан. Әділдік тұрғыдан келгенде, бұл – қалыпты нәрсе. Нақақтан-нақақ нақ жетімді қалай жылатуға болады? Жан біткенді танымас ең жабайы жұртта да жетім-жесір – бақытсыздың ең бақытсызы саналған. Иә, достым, иә, осы кіл жетімнің біреуі пышаққа ілінсе, бұл – әділдікті абиырсыз етер еді. Жетімдігі жетпегендей, ол тағы ас-ауқатқа айналса...

Жіңішке (Таңырқап). Дегенмен...

Жуан. Иә, құрметтім, бұл – Айдай анық нәрсе. Анаңыз бар, жаман тұрмыс кешпепсіз. Сол үшін де, рухани өтемнің уағы туды деп ойламайсыз ба? Сіз – жетімдер алдында... айыбы жуып-шайылмас қарыздарсыз. Ана махаббатын сезінбегендер, шаңырақ шаттығын көрмегендер... аш-жалаңаштар алдында... Одан бұрын, қазір ғана анаңыз сізді уайымдап отыр дедіңіз.

Жіңішке (Ақталудың ретін таппай қипақтайды). Шешем баяғыда-ақ бақилық болса керек. Себебі, соңғы уақытта дімкәс тартқан-ды. Ал, үйге бармағалы қай заман...

Жуан. Балаңойлы екенсіз. Қандай дәлел бар?

Ортаншы. Иә, қандай дәлеліңіз бар, а?

Жіңішке. Мен... кеткенде-ақ... Ақырғы кездері атауынан адам жаңылатын жаңа аурулар қаптап кетті емес пе?!

Жуан. Бұл – ыстық қиялға батқан кісінің сөзі... далбаса. Анаңыз аман-сау деп ойлаймын, Тәңірі ұзақ ғұмыр берсін, жүз жасасын... Ал, біздің ата-ана... (Ортаншыға.) Бала кезде күрең күздің ұзақ кештерінде жалаңаяқ жар кешіп, өткен-кеткенге сіріңке сатқанымыз есіңізде ме?

Ортаншы (Қолын көзіне жақындатып). Еһ... о кез... айтары жоқ!

Жуан. Тамақ таппай тарығып жүрген қара қасқа кедейден... мына бізден... шұжықтың соңғы тілімін қағып ап, қақпанға жемтік қып қыстырып қойған қақсауық, қу бауырыңызды ұмытпаған боларсыз?

Ортаншы (Ыңырси жауап қатып). Ертеден қалған елес қой, ол.

Жуан Жіңішкеге бұрылып, қолдарын үнсіз ербеңдетіп, «көріп тұрсыз, шарасызбыз» дейтін сыңайлы.

Жіңішке. Кешіріңіздер... теңізден дауыс естілгендей болды. (Тың тыңдап.)

Жуан. Тақырыпты ауыстырудың ретін таппай отырған сыңайлысыз... Адам жан азабына селт етер біз жоқ. Еһ, соқа басын ғана ойлайтын қолбалалар-ай!

Алыстан біреудің талып жеткен дауысы естіледі.

Ортаншы (Айыптаушы үнімен). Оның кішкене кезінде добы болатын.

Жуан. Доп пен қонжық.

Жан ұшыра шыққан дауыс жақыннан естіле бастайды.

Дауыс. Құтқарыңдар! Көмектесіңдер!

Жіңішке. Шын айтып тұрмын. Тағы да құлағым шалып қалды!

Дауыс. Құтқарыңдар!

Жуан. Расында да, біз жаққа біреу жүзіп келеді-ей. Қашан да осы қара сирақ жетімдер-ақ жаңалықтан қағылып жүреді.

Ортаншы (Орнынан тұрып, теңізді бір шола көз тастайды). Тақсыр, бәлкім, онда тамақ бар шығар. Байқасам... бір қолымен жүзуде, екіншісінде – ұзындау зат бар.

Жуан мен Жіңішке орындарынан тұрып, сал шетіндегі Ортаншы жанына жақындайды.

Жіңішке. Иә-иә, ол да ықтимал. Шаруа торайын базарға әкетіп бара жатып, жолай суға құлаған талай жағдайды көргенбіз... Жалғыз байлығы – томпақ торайын бір қолымен қызғана қысып ап, малти береді, малти береді...

Жуан. Көрдім! Әне, ол!

Ортаншы. Мундир киген біреу! Бұндайлар казармадан-ақ қарнын қампайтады.

Дауыс (Тым жақыннан естіледі). Құтқарыңдар!

Салға үстіне – мундир, басына – тұмақ киген, мойнына – былғары сөмке ілген Пошташы жүзіп келеді. Ортаншы оған қол созып, бері тартып алады.

Пошташы. Көп-көп рақмет!

Ортаншы. Сізде тіс тиерлік алданыш бар ма екен?

Пошташы. Түк жоқ. Әйтпесе, бөлісе жер ек. Суға ағып кетіп, таңғы нәсіптен де қағылдық. (Жіңішкені байқап қап.) Мұнда қайдан жүрсіз? Неткен сәйкестік десеңізші!

Жуан (Араға килігіп). Таныспысыздар?

Пошташы. Танығанда қандай! Осы мырзаға он жыл бойына хат тасудамын. Теңізде екеніңізді білмедік ғой. Бірақ, тәлейлі екенсіз. Сізге әкелген телеграммам бар.

Жіңішке. Маған? Телеграмма?

Пошташы. Иә, үйіңізге бет алып, теңіз жағалай кетіп бара жатқанымда тосыннан толқын шайып еді... қайта қуанышыма орай, жүзуден – жүйрікпіз! (Сөмкесін ақтарыстырып) Мінеки!

Жіңішке (Телеграмманы ашып, оны оқу үшін шетке жылыстайды). Айып етпеңіздер!

Жуан (Пошташыға күдіктене қарап). Мынауыңыз шын мундир ма?

Пошташы. Шын, бірақ малмандай су. Мен теңізге құлағанда...

Жіңішке. Алақай... алақай!

Жуан. Не боп қалды?

Жіңішке (Есін жиып). Қаралы хабар, мырзалар! Анамнан айырылып қалдым...

Ортаншы. Міне керек болса!

Жіңішке. Ендігәрі, мен де жетім екенімді ел алдында салтанатты жағдайда жариялауға рұқсат еткейсіздер. Бірінші боп кім пышаққа жарайтындығына қатысты пікірталасты ары қарата жалғастыруға тиіспіз.

Жуан. Қарсымын, қалайық! Бұл – көзбояушылық. Пошташымен басында-ақ сөз байласқансыз!

Пошташы (Паң қалпын бұзбай). Қызметімді абыроймен атқарып жүрген мына менің ар-намысымды аяқасты еттіңіз!

Жуан. Мына кісіге қанша пұл төледіңіз? Мүмкін... мектеп кезінен бергі достар шығарсыздар, а?

Жіңішке. Сіз мені еш дәлелсіз айыптадыңыз. Екеуміз ауыз жаластық па екен, сұраңызшы, Пошташыдан?

Жуан. Тамаша. Сұраймыз. Егер ол: «Иә!» – десе, онда сізді, ал егер бәрін жоққа шығарса, онда өзін жәукемдейміз.

Пошташы. Қалай сонда? Келгенім – қазір. Сұрқы жаман әңгіме ғой, бұл.

Жуан. Мәселе сонда боп тұр емес пе?! Іздегенге – сұраған! Жас етсіз.

Ортаншы. Тақсыр, екеуін де жейік. Пошташы – sauté. Біреуінен – қуырдақ, екіншісінен – тіскебасар әзірлейік я компот басайық. Тұздап, қақтасақ та қарсы емеспін. Немесе бөлшектеп, фарш қылайық. Дәмді болады!

Жіңішке (Үміттене сөйлеп). Пошташы жетім емес шығар, а?! Біз деген үйсіз-күйсіз кедей-кепшікпіз ғой... Өзінен сыр тартайықшы.

Жуан (Мәзірге жіті мән беріп). Жоқ, алғашқысын сығып... шарап жасайық. Пошташыдан бургундық шықпайды ғой?

Пошташы (Сөзін бас изей құптап). Иә-иә, дұрыс айтасыз. Бурыл тартқаннан бургундық шарап болмас. Бірақ, маман ретінде мықтымын.

Ортаншы. Vin du Postillon-ға қалай қарайсыз? [Пошташы шарабы. (фр.)]

Жіңішке (Пошташыға). Жала жауып, жалған ақпар айтып, ым-жымымыз бір десеңіз, пошталар мен телеграф басшылығына үстіңізден арыз жазам.

Пошташы. Оған алаңдамаңыз, отыз жыл бойы мінсіз қызмет еткем.

Жуан. Текке уақыт оздырмайық. Мына азаматпен біргесіз бе, иә, жоқ? Егер «иә» деп қуаттасаңыз, оның анасы туралы ақпар алдын ала әзірленген боп шығады! Сыйақы есебінде екі бүйрегі... бәлки кеудесінің кейбір жері сізге бұйырар. Ал, хабар расталса... онда үш жетім боп сізді жейміз. Пошта – көпшілік орын. Сондықтан, елге, жерге қалтқысыз қызмет етуге тиіс.

Жіңішке. Құдай үшін, сыр бермеңіз! Мойынсұнбаңыз!

Пошташы. Жоқ! Ардагер жұмыскерді бүйрекпен алдарқата алмайсыздар!

Жуан. Мақұл, жамбас та – сіздікі, бірақ өзгесінен дәметпеңіз.

Пошташы. Мырза! (Ілгектерін нұсқап.) Айқасқан қос рожокты көрдіңіз ғой, иә? Мен үшін бұлардан киелі нәрсе жоқ. Сау болыңыздар! (Суға секіреді.)

Жіңішке. Жоқ-жоқ, кетпеңізші! Айыпсыз екенімді қайта бір айғақтасаңыз! (Жуан мен Ортаншыға.) Әнеки... әділдік алдында бәріміз – теңбіз. Өйткені, жетімбіз!

Жуан (Ортаншыға ойсыз көзбен қарап). Дастарқан жайыңыз, құрметті әріптес. Ыдыс-аяқ, керек-жарақ – сандықта.

Жіңішке (Шегіншектей тайсақтап). Бұ қалай? Жетім жетімге...

Жуан. Әділеттіліктің тағы бір түрі барын, ол – тарихи әділеттілік екенін ұмытпағайсыз.

Жіңішке. Оны қалай түсінуге болады?

Ортаншы (Сандықты ашып жатып). Тақсыр, дуршлагты да алып шығайын ба?

Жуан. Әке-шеше жоқтығы – теңбіз дегенді білдірмесе керек. Алдымен, ата-анаңыз кім болғанын білген жөн.

Жіңішке. Құдайым-ау... менің...

Жуан. Ха-ха! Әкеңіз қандай қызмет істеген?

Ортаншы. Тақсыр, таңғажайып-пеш қажет пе?

Жіңішке. Әкем бе? Контора қызметшісі еді, неге сұрадыңыз?

Пошташы (Судан шығып, салға жармасады). Кешіріңіздер, қолхатты ұмытып барады екем. Адамжегіштік туралы төндіре айтқандарыңыз сондай, есім шығып, зәре-құтым қалмады ғой.

Жіңішке. Қай жерге қол қояйын?

Пошташы. Міне, осында!

Жіңішке түбіртек-қағазға қол қояды.

Пошташы. Алыстан кері қайтуыма тура келді. Сау болыңыз. (Жүзе жөнеледі.)

Жуан. Контора қызметшісі деңіз... Өзім де сөйтіп ойлап ем. Әкемнің кім екенін білемісіз?

Жіңішке. Жоқ.

Жуан. Ол – қатардағы шаласауатты отыншы еді. Ал, анау серіктесіміздің әкесі мүлде болмапты. Анасы оны қайыршылық кезіндегі қайғы-қиындық негізінде туыпты. Иә, солай мырзам! Тап-таза... жып-жылы бөлмеде жайғасып, өмірде қыжалат тартпай, қызыққа батқан әкеңіз қағазбен алысып, аристократияға қызмет еткен-ді. Ал, менің әкейім болса... ғасырмен құрдас, қағазға қажет қарағайды жыққан. Сол қағазға сіздің әкеңіз әнеу әріптесімнің жалғанды жарсыз өткізген анасы үшін құжат рәсімдеп отырған. Қалай ұялмайсыз, ар қайда, намыс қайда?!

Ортаншы сандық ішінен шығарған ыдыс-табақты салға реттей жайып, еттартқышты алып, жарамды екеніне көз жеткізу үшін ұстағышын бірнеше рет айналдырып көреді.

Жіңішке (Жуанның уәжімен келіскендей сыңай танытып, өзін ақтау мұратында бүйдейді). Менің не қатысым бар?!

Жуан. Сол үшін де, сізді жеуге желеу болған әділдікті... біз тарихи әділдік деп атадық!

Теңізден естілген дауыс. Мәртебелім! Мәртебелім!

Жуан. Тағы не боп қалды, қараң қалғыр?!

Сал шетінен сақал-мұртын қырау шалған, шау тартқан малайдың басы қылтияды.

Малай. Сізді қайта кезіктіргеніме қатты қуанып тұрмын, мәртебелім!

Жуан. Не дейд, түге?

Малай (Көзіне жас үйіріліп). Мені танымадыңыз ба? Сенімді қызметшіңіз, қарт Иоганныңызды шырамытпағаныңыз қалай? Бала кезіңізде пониға мінуді мен үйретіп ем ғой.

Жуан. Тәйт, зәнталақ! Кет ары!

Малай. Қандай бақыт! Жанары қайтқан, нұры тайған көзім сізді тағы да көрді, мәртебелім. Сарайдағылардың сабыр-суы сарқылды! Мәртебелімнің жүзіп келе жатқан кемесі суға батқаны туралы хабарды естігенде-ақ есім ауып, ары қарата шыдай алмадым, шыжбақтап. Мәртебелім қайда болса – мен сондамын, мәртебелімнің жай-күйі, тағдыры қандай болса – менікі де сондай. Шайқала теңселген терең теңізге күмп беріп, жүзіп келе жатып сізді көріп қалдым. Қандай бақыт!

Жуан. Иоганн! Саған... тез арада салдан ажыра, суға тұншығып ажал құш деп бұйырам!

Малай. Құп болады, мәртебелім! Қандай бақыт, қандай бақыт! (Ғайып болады.)

Жіңішке. Жоқ, жоқ, ізгі жан, алыстамаңыз... салға мініңізші... Ту, батып кетті.

Жуан (Түк болмағандай). Сөйтіп, өзіңіз көргендей, тарихи әділдік...

Жіңішке (Ашуланып). Иә-иә, көрдік, көрдік! Демек, сіз сарайда сауық-сайран құрып, пониды ерттеп мінген екенсіз ғой!

Жуан. Мен? Пониға? Балдырған шағымда пони тұрмақ, көрпе туралы ойлауға да мұршам келмеген. Өзіңізге тиесілі ел қызығарлық естелікті маған таңбауыңызды өтінем!

Жіңішке. Осындайда... ауызға сөз түспей қалатыны несі екен?! Сонда, пониға мінген мен... мына мен демекпісіз?

Жуан. Әрине, ол туралы қазір ғана айттыңыз ғой.

Жіңішке. Доғарайық... жетер, енді! Ешқашан... ешқандай... пониға мінген адам емеспін... бұ жөнінде... қатаң мәлімдеуге әзірмін.

Жуан. Әйтпесе, менен тіптен сұрамаңыз. Әкем пони деген сөзді өмірі естімеген. Себебі, әліпті таяқ деп білмеген қараңғы еді.

Ортаншы (Кастрөл арасынан, қолына табақ ұстаған күйі екеуіне қарап тұрады) Байқұс пони! Одан барлығы бас тартып жатыр. (Жіңішкеге.) Жануарға жаныңыз ашымайды екен, иә? Қайткенде де, бақытты балалығыңыз үшін сол пониға қарыздарсыз ғой!

Жіңішке. Бірақ, әлгі малай...

Жуан. Қандай малай? (Ортаншыға.) Сіз малайды көрдіңіз бе?

Ортаншы. Мен бе? Көрсем көзім шықсын!

Жуан. Достым! Осы сәттен бастап... сізді дискуссияға жарамсыз жан ретінде танимын. Өйткені... сізде... галлюцинация басталды. Есіңіз ауысқан!

Ортаншы. Мынауың, есерсоқ-ей!

Жуан. Әумесер есебінде... басшылықты мықтап қолға алған ойлы... әлеуетті әулетке бағынуға тиіссіз. Қоғамнан қудалаған жөн. Ең дұрысы – жұту керек, қылғыту керек. Дастарқан жайыңыз, әріптес!

Ортаншы. Қасықтар қажет пе?

Жуан. Әрине. Түстену заң аясында жүзеге асу керек.

Ортаншы қасықтарды реттестіріп қояды.

Ортаншы. Бір немесе екі пышақ па?

Жуан. Екі.

Ортаншы пышақтарды реттестіріп қояды.

Ортаншы. Салфеткілер?

Жуан. Әрине... Біз – мәдени жандармыз ғой.

Екеуі сөйлескенше, Жіңішке сал шетіне ығысып, үстел артына жасырынады. Ортаншы сал ортасына ақ жайма жайып, екі кісілік орын әзірлейді. Жуаның Жіңішкеге мән берер емес. Басты назары – Ортаншыда, оған нені және қай жерге қою керектігін айтуда, бұйыруда. Тамаша дастарқан. Тынышы кеткен Жіңішке оларға тынымсыздана қарап отыр.

Жіңішке (Қорқа-соқта). Тыңдаңыздаршы...

Жуан (Мән бермей). Пышақ пен шанышқыларды оңға қойыңыз.

Жіңішке. Тыңдаңыздаршы... Мен – уланғам...

Жуан. Компотқа арналған ыдысты ортаға...

Жіңішке. Шын айтам. Осы күнге шейін жасырғам, бірақ сіздерге қарап жаным ашып тұр...

Жуан (Бір шанышқыны алып). Жуып, тазалаңыз.

Жіңішке. Қашқақтағаным емес, адамилықтан ғой. Өзім де тамақтан кет ары емеспін, алайда ашқарақтық адамды аздырады. Егер уланбасам, қарсы болмай... жайратыңдар дер ем. Ескерту – ел адындағы міндет.

Жуан. Ал, кірісейік!

Ортаншы. Құп, тақсыр! (Сандықтан ұзын пышақ пен қайрақ алып шығады. Екеуі де шын болу керек. Пышақты қайрай бастайды. Мұнда адамның жүйкесіне тиетін ызыңдаған, жағымсыз, қайталана беретін дыбыс қажет.)

Жіңішке (Сал шетіне шегініп). Осы аурудан айықпаймын демеймін, бірақ бір-екі күн емделіп, ес жиып алайыншы, өтініш. Сіздерге кедергі келтірмес үшін... мына бір бұрышқа қисая дамылдайын. Удың уыты қайтқанда, бір хабарын айтам! Қашу үшін келгем жоқ... алаңдамаңыздар...

Ортаншы ырғаққа сәйкес пышағын қайрап отыр. Жуаның паңдана, маңғаздана, дастарқанға сынай көз тастауда. Ол сандыққа жақындап, ішінен гүл мен құты алып шығып, оны жайма ортасына жайғастырады. Шетке бірнеше қадам жасайды. Бір көзін қысқан қалпы жалпы жайды бағамдайды. Оның көңілі енді ғана толды.

(Секем ап, сенімсіздеу сөйлеп.) Екі күн деп еліріппін. Ұзаса – бір күн ғой. «Қазіргіні – ертең же» деген мақалды білесіздер ме, мырзалар? Хе-хе-хе!

Ортаншы пышақ өткірлігін саусағымен байқастап көреді.

Бопты, бірнеше сағат... бір сағат қана...

Жуан. Қой, кірісейік!

Ортаншы Жіңішкеге қарай жүреді.

Жіңішке (Асыға-үсіге). Жақсы, жақсы! Әзірмін! Рұқсат етсеңіздер, бір кеңес берейін... тегін... риясыз...

Жуан. Неге қатысты?

Жіңішке. Асқан аспазшының кеңесі! Аяғымды бір жуып алсам қайтеді?

Ортаншы сұраулы жүзбен Жуанға қарайды.

Жуан. Расында да, қалай ойламағанбыз-ей! (Ортаншыға.) Сіз не дейсіз?

Ортаншы (Түсініңкіремей). Білмеймін ғой... Жусын, жусын... әйтпесе, тіске батып...

Жіңішке (Балағын түріп). Иә-иә, сол ғой, сол ғой. Тамаша айтылған сөз! Гигиена – тамақтану негізі. (Аяғын қасып.) Бактерияларды көре алмаспыз... бірақ қышығанда бар ғо... ух...

Жуан. Дұрыс байқапсыз! Тазалықтан ешкім қашпас. Керісінше, ол – денсаулық пен өміршеңдік өзегі. Қазір сүлгі берейін.

Жіңішке сал шетіне жайғасып, аяғын суға малып, жуа бастайды.

Жіңішке. Сонымен мырзалар, сіздер мені...

Жуан. Айдай анық нәрсе!

Жіңішке. Жаңа ғана құрбандық туралы айтып отыр едіңіздер...

Жуан. Иә, айтқаным рас... құрбандық дегеніңіз – ғаламат идея.

Жіңішке (Сөзге құмарлана құлақ асып). Тағы айтыңызшы... айта түсіңіз.

Жуан. Негізінде, бәрін айтқам. Жан-тәнімен берілу, өзін құрбан ету, өзін...

Жіңішке. Иә-иә, бәрі дұрыс!

Жуан (Сүлгіні дайындап). Көрдіңіз бе, маған сенбеп едіңіз.

Жіңішке. О кезде тәжірибесіз, әккі болмаған шығармын... Енді қарасам бұнда да бір гәп бар екен.

Жуан (Қошеметтеп). Әлі де кеш емес!

Жіңішке. Уәлі уәжіңізді тыңдамаған ақымақ басым-ай... жексұрын екем!

Жуан. Осындай қадірлі қасиет иесі есебінде... өзімшіл емес ұқсайсыз. Сол аяғы да дайын шығар, а?

Жіңішке. Жоқ-жоқ, әлі емес. Ішімде... өзге бір ізгі жан оянып жатқанын бар жауапкершілікпен мәлімдеуге тиіспін. Сөйтіп, мырзалар... айтқаннан қайтпаймысыздар?

Жуан (Тағатсызданып). Мырза!

Жіңішке. Жоқ, жоқ, әрине, әрине. Не деп едім, мен, өзі? А-а-а, иә, өзге бір ізгі жан дедім. Зорлық-зомбылық көріп барып пышаққа ілінген кісі мен өзін шын құрбан еткен адамның айырмасы – жер мен көктей! Қысқасы, ішке тұнған тұп-тұнық... мөп-мөлдір ниетіммен бірге желіну деген... Бірауыздан шешілді деп уәде беріңіздер!

Толстый. Имандай шыным!

Жіңішке. Қолдан келер қайран жоқ... Сонымен, қай жерге тоқтап ем? А-а-а, иә, қанағаттану мен еркіндікді сезіндім...

Жуан. Әне, ақылы кірді. (Ортаншыға.) Әріптес! Сабын беріңізші!

Жіңішке (Еркінсіп). Мені ессіз, ойсыз шикізат көрмеңіздер...

Жуан. О жағынан қам жемеңіз. Қайта, қарнымызда қаласыз... ой... есімізде қаласыз дегенде... қаһарман, қайырымды, шыншыл тұлға ретінде... Сол аяғы дайын ғой деймін!

Жіңішке (Одан сайын күшейіп). Әрине, дайын. Оң аяғым да әзір. Сүлгі беріңізші... сүртінейік.

Жуан. Жоқ, жоқ, оң аяғыңызды жақсылап жуыңыз...

Жіңішке. Айтқаныңыз болсын!

Жуан. Дұрыс бопты!

Жіңішке. Иә, мен алғаш боп осы ұлы шешімді қабылдадым. Өзімді өзгелер жолында құрбан етуді...

Ортаншы (Сынай қарап). Сода да кедергі келтірмес еді.

Жуан. Сабын да жетер. Сәл күтелік.

Жіңішке. Күту? Қарындарыңыздың қашан ашатынын қайдан білейін? Жоқ, жетер... ешқашан! (Орнынан тұрмақшы болғанда, Жуан иығынан басып қалады.)

Жіңішке. Көп дүниеге көз жеткенде аяқтың қажеті болмай қалады екен ғой. Кір-қожалақ күйде қалсын!

Жуан (Сүлгіні ұсынып). Сүлгі... көзіңіз ашылды.

Жіңішке сонда да орнынан тұрып, сал ортасына барады.

Жіңішке. Рақмет, мырзалар! Мінеки, кемел адам болдым! Өз ішімді қазып... қазына таптым!

Жуан. Қуаныштымыз!

Жіңішке. Менде де абырой бар. Елдегі жағдай қалай боп жатыр? Үшеуміз! Бірақ, мен ғана бәрін құтқарам. Бостандық туралы аз-кем сөз айтсам деймін.

Жуан. Аз-кем?

Жіңішке. Аз-з-з-з ғана.

Жуан. Ал, айтыңыз.

Жіңішке (Бір орындықты сал шетіне ығыстырып, соның үстіне митинг кезіндегідей шығады). Жалпы, бостандық деген – бос сөз. Тек шын бостандық қана – киелі. Неге? Өйткені, шын бостандық қана – ең жақсы бостандық. Шын бостандықты қайдан іздейік? Ой көзімен қарайықшы! Егер, шын бостандықты қарапайым бостандық деп қабылдасақ, онда шын бостандықты қайдан табамыз? Түсінікті ғой. Яғни, қарапайым бостандық жоқ жерде ғана шын бостандық салтанат құрады.

Ортаншы. Тақсыр, тұз қайда?

Жуан. Бұндай сәтте... кедергі жасама! (Ақырын ғана.) Сандық түбінде.

Жіңішке. Сол себепті де...

Ортаншы сандықты ақтарып болған соң Жуанға қайта келеді.

Сол себепті де... (Бұ сөзді бұзылған пластинкадай қайталай береді, қайталай береді. Алайда, бірсыдырғы емес, «ары қарай не айтсам екен» деген сыңаймен әрқилы, әртүрлі үнмен қайталайды).

Ортаншы (Көзіне жас алып, ақырын сөйлегенімен дауысы анық естіледі). Тақсыр, мен сиыры еті қосылған бұршақ таптым!

Жуан. Тссс! Жаныңның барында тық!

Жіңішке. Сол себепті де...

Ортаншы. Турасында, мен бұршақты қалаймын. Сіз о жөнінде хабардарсыз ба?

Жуан. Маған бұршақтың керегі жоқ. Бірақ...

Жіңішке. Сол себепті де....

Ортаншы. Не, бірақ?

Жуан (Жіңішкені нұсқап). Қараңызшы... жүзі нұрланып... қуанып тұр!

Шымылдық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар