Менің пайымымша баланың шынайы болмысына тән көркем шығарма Бердібек Соқпақбаевтан басталатын сынды. Бала туралы жазу мен бала болып жазудың шекарасында Бердібектің алғашқы өлеңдері мен әңгімелері тұрғаны анық. «Өлеңде мінезі бар жас баланың, жылатып алам ба деп жасқанамын», - деп жырлауы да тегін емес. Алғашқы «Бұлақ» атты балаларға арналған өлеңдер жинағы, кейіннен «Он бес жасар чемпион» деген повесі, «Бақыт жолы» сынды әңгімелер жинағы соның куәсі. Ал «Менің атым Қожа» хикаяты – балалар әдебиетінің шыңы, озық үлгісі. Осының бәрі Бердібек Соқпақбаевтың өмір жолы, тағдыр-тәлейі, туа бітті мінезі, қоршаған ортасымен тікелей қатысты.
Бердібек Соқпақбаев туралы көп жазылды. Көп айтылды. Оның замандастарының естелік әңгімелерінен, эсселерінен көп жайды аңғарамыз. Әсіресе академик Серік Қирабаевтың жазбалары жас Бердібектің өмірнен, мінезінен мол дерек береді. Оның сөзге тапқыр, ұтқырлығы, әзіл-қалжыңға жүйріктігі, айналасына көңілді атмосфера сыйлап жүретін ойнақы мінезі, уытты тілі, отбасылық хикаялары – бәрі көңілге қонымды, іриясыз баяндалады. Аты жаман советік «үш әріптің» Соқпақбаевтың соңына түсуінің басы Ермахан Бекмахановтың Нарынқолға айдалуынан бастау алатынын да академик Қирабаевтың естеліктерінен білеміз. Бұл қуғынның соңы немен аяқталғаны да түсінікті. Өмірінің соңғы бөлігін томаға тұйық өткізген, ешкіммен ісі болмаған суреткердің өмір жолының үзіктерін академик Рымғали Нұрғалидың жазбаларынан аңдауға болады.
Жазушы Қалмұқан Исабаев өз шығармашылығында Бердібек Соқпақбаевтың ықпалы, айтқан ақыл-кеңесі айрықша әсер еткенін айта келіп былай дейді: «Өз басым кезінде Бердібек пәлсафаларынан көп нәрсе ұққанмын. Соның ықпалымен балалар тақырыбына барып «Қарабала» атты повесть жаздым. Жазған повестерімнің ішінде бүгінге дейін халық сұранысына ие болып жүрген осы «Қарабала» ғана. Оқырман іздегенін тапқан болса, Бердібек әңгімесінің жаны бар екенін сезінер».
Бердібек Соқпақбаевтың жазу мәнері айрықша. Тілі баланың тіліндей таза әрі шынайы. Әр шығармасының атмосферасы баланың жан дүниесіндей тұнық. Тіпті балалар әлемін сипаттап отырып, өткен ғасырдағы қазақтың басынан өткен нәубет жылдарды да боямасыз кіргізіп жібереді. Балаларға беретін тәрбиесі табиғи образбен үндесіп жатады. Оның басты себебі, Соқпақбаевтың өзі бала болып елжіреген, өзі бала болып қуанған, өзі бала болып мұңайған толқыныстарын, сезім ирімдерін оқырман бойынан өткізіп, санасына сіңдіре алғандығынан.
Жазушының даңқын шығарған повесть өмірге қалай келді?
Шығарма алғашында «Өзім туралы повесть» деген атаумен жазылды. Алғашында туындыны оқырманның бәрі бірдей қабылдай қоймады. Өйткені, біздегі балалар туралы бұған дейінгі дүниелерде жас жеткіншектердің бәрі шетінен тәртіпті, тәрбиелі, тіл алғаш әрі белсенді етіп дәріптелгенді. Балалар бойында кездесетін қиқарлық, жалқаулық, нашар оқып, сабақтан үлгермей қалушылық сияқты қылықтар ол кездегі әңгіме, повестерде көп көрсетіле бермейтін. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы бұл қағидаға бағынбады. Сондықтан, көптеген педагогтер оған тосырқай қарады. Сыншылар да әбден сынады. Әдеби орта дуылдасып жатқанда, Б. Соқпақбаев кітабын «Менің атым Қожа» атауымен орысша шығаруға бел байлайды. Алайда, кітап рецензенттердің көзіне шоқтай тиіп, басылмай кері қайтарылады. Сондағы, рецензент: «Мектептегі барлық баланы хулиган еткілеріңіз келсе, бұл кітапты тезірек басып шығарыңыздар», - дейді. Мәскеуге ұнамаған кітапты 1958 жылы «Детгиз» оны қуанышпен қабылдап, көп тиражбен басып жіберді. Келесі жылы орталық жеделдетіп тағы шығарды. Сол сол-ақ екен, ол молдова, латыш, литван, украин, өзбек, беларусь, эстон тілдеріне аударылып жарық көре бастады. 1963 жылы «Қазақфильм» осы шығарма негізінде кино түсірді. Фильм экранға шыға салысымен, сынның астында қалды. 1967 жылы Францияның Канн қаласындағы халықаралық фестивальда ынталандыру сыйлығын жеңіп алды. Сөйтіп, соған дейінгі кеңестік қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын мінез-құлыққа ие, атап айтқанда, өзіндік қуанышы мен мұңы, керек десеңіз тосын тағдыры бар, тентек, қиқар, бірақ ақылды, ақкөңіл, адал Қожаға өз қандастарымыз үрке қарап жатқанда, өзге жұрт оны қуана қабылдады. Осылайша Қожа одақ елдеріне кең танымал бола бастады. Кино қаншалық танымал болғанмен, кинода ойнаған әртістердің өмірі жеңіл болған жоқ. Сұлтан – М.Көкенов, Жанар – Г.Құрабаева, Жантас – Е.Құрмашев қазақ киносы көгінде жарқ етті де жоқ болды. Кино арқылы КСРО емес, Еуропа мен Батыс елдеріне танымал болған балалар түсірілім біткен соң бір-бірімен кездеспеген. Бір-бірін іздемепті де. Себебі белгісіз. Белгілісі – Сұлтан – Марат медицина институтында оқып жүргенде белгісіз жағдайда қаза болса, Жантас – Ерлан айдың-күннің аманында жоғалып кетті. Туынды әлемнің 20-ға жуық тіліне аударылды. «Менің атым Қожа» повесінің алғашқы аудармашысы Самал Соқпақбаева. Әкесінің туындысын Қазақстан баспалары баспай жатқанда, ол Мәскеуге барып орыс тіліне аудартты. Одан кейін шығарма француз және тағы басқа да 15 тілге тәржімаланды. Фильмдегі эпизодта Сұлтан Қожаға темекі шегуді үйретеді. Ал шын өмірде бәрі керісінше болған. Сұлтанды сомдаған Марат Какенов сол сәттен бастап темекі шегуді әдетке айналдырған. Ал әкесі сол үшін режиссерге қатты ренжіген көрінеді. Эпизодта Қожа бақаны шынымен жұтып қойған. Бұл туралы фильмдегі Сұлтанды сомдаған Марат Какенов «Таңшолпан» бағдарламасында айтып берді.
Ең бастысы Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасында – бұл елдің Қожасы да мен, Сұлтаны да мен деген асқақ идея жатыр еді.
Кино қалай өмірге келді?
Режиссер Абдолла Қарсақбаев пен жазушы Бердібек Соқпақбаевты таныстырған белгілі жазушы Тахауи Ахтанов. Бірі кинодағы, екіншісі әдебиеттегі екі алыптың арасындағы жағдай, бастапқыда тұлғалар арасындағы теке-тіреске ұласады. Кинорежиссер Абдолланың шығарманы киноға бейімдемек болған әрекеттері асау мінезді Бердібекке ұнамайды. Екеуі де ашық күнде найзағай ойнатып жіберетін мінездің адамдары. Іс насырға шауып, екі тұлға екі жаққа айырылысуға шақ қалғанда Тахауи Ахтанов Бердібекті сабырға шақырып, екі тұлғаны мәмілеге келтірген екен.
1970 жылдары Ташкент қаласында өткен кезекті өнер фестивальдерінің бірінде Радж Капур мен Абдолла Қарсақбаев аяқ астынан кездесіп қалған. «Өлді» деуге қимай жүрген әріптесінің жер басып, тірілердің қатарында жүргеніне аң-таң болған үнділік режиссер «Жерден шықтың ба, көктен түстің бе, сен туралы «өліп қалған» деген жаман атты хабар Үндістанға жетті ғой» деген екен...
Міне Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық өмірінде осындай да қызықты жайттер болған.
Жазушының жұмбақ өлімі
Балалалар әдебиетінің классик жазушысының неге жазбай кеткені, өмірінің соңғы жылдарында қоғамнан не себепті алыстағаны біз үшін жұмбақ та сырлы дүние. Білетініміз өз ажалынан өлмегені. Ол – құпияға толы қаламгер. Талай жанның сүйікті романына айналған «Өлгендер қайтып келмейді» деген романынан соң жазушы жазбай кетті. Өмірінің кейінгі 28 жылында ол ештеңе жарияламады. Неге деп сұрағандарға «Мен газет қарамаймын. Кітап қарауға да құлқым жоқ», - деп жауап беріпті. Өмірін әдебиетпен байланыстырған жанның жазбай кеткеніне сену мүмкін емес.
Драматург Баққожа Мұқай «Шауып жүрген Бекең ауырмай-сырқамай бақи дүниеге аттанып кетті», - деп еске алса, Қадыр Мырза Әлі «...Арулап о дүниеге аттандырдық. Қимас қаламгерді қара жер құшағына тапсырдық. Өз қолымызбен жерледік. Әйтсе де көңілде күдік қалды. Адам бірдеңені сезеді. Сезеді! Күдіктенсем, күдіктенгендей-ақ екенмін. Кейін Бердібек Соқпақбаев қазасына куә болған бір әріптесімнен төрт-бес адам болып барып, Кеңсайдағы саяжайынан төбеде асулы тұрған марқұмды өз қолдарынан түсіріп алғанын естідім».
Журналистика және саясаттану факультеті 3 курс студенті
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.