Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Сұлулық сыйлайтын сымбатты өнер...

01.11.2021 3527

Сұлулық сыйлайтын сымбатты өнер 12+

Сұлулық сыйлайтын сымбатты өнер - adebiportal.kz

Театр – синкретті де сымбатты өнер. Жаныңызды рухани ләзатқа бөлейтін, ішкі дүниеңіздің қандай да бір қатпар, қалтарысында сүреңсіз сурет, яки келеңсіз бейне, жағымсыз күйе бар болса, сол қоқыс пен кірді тазартуға септесетін бекзада орын. Театрды түсінуге ұмтылсаңыз, ол сіздің пікіріңізді тәрбиелеп, ақылыңызға сәулелі ой түсіреді. Күйкі тірлік деп материалдық дүниенің соңында сандалтып қойған қу қарынның қамы, тажал нәпсісінің құлқы аз уақыт тізгінін тартады, тыйылады. Тән азығын тәулігіне неше мәрте қайғыратыныңызды еске түсіріп, жан азығына тойғаныңызға қуантады. Жалған дүниенің тылсым философиясын түсінуге шақырып, өткен өміріңіздің парқын пайымдайсыз, бүгінгі болмысыңызды бағамдайсыз, болшақ күніңізді айқындайсыз. Соның бәріне екі сағаттық бекзада өнер себеп болады. Сіздің жан дүниеңіз бір тазарып, оның ішінде ұйықтап жатқан сезім пернелерінде тәтті әуен ойнайды. Театрдан шыққан сәтте сіз ән айтсам ба, дауыстап өлең оқысам ба деп құлшынасыз. Өмір сүруге құштарлығыңыз арта түсіп, сол мезетте алдыңыздан шыққан кез келген бейтаныс адамды құшағыңызға алғыңыз келеді, елдің барлығына жақсылық сыйласам ба дейсіз. Алыстағы алаң көңілді ата-анаңыз сізден бір ауыз амандық сұрап телефон шалғанды ғана күтетінін, үйдегі бала-шағаңыз аман келуіңізді тілеп отырғанын ғана түсінесіз. Театрға жақын адам ізгі дүниені ғана ойлайтынын, ешуақытта опасыздыққа, сатқындыққа, жалғандыққа бармайтынын білесіз. Тәрбиенің төресі, өнегелі жолдың ұлы ордасы – театр аяулы армандарыңыздың орындалатынына, үкілі үміттеріңіздің жүзеге асатынына сенім ұялатады.

Соңғы бір апта ішінде Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрына екі мәрте бару сәті бұйырды. Елорда төріндегі жаңа зәулім ғимаратқа көшкелі бері сүйікті театрға бару мүмкіндігі түспей жүрген еді. Студент шағымыздың сәулелі сәттері Алматыда театр ішінде өткені, Әуезов пен Мүсірепов театрларында «Турандот ханшайым», «Бес бойдаққа бір той», «Ең әдемі келіншек» секілді қойылымдарға бірнеше мәрте барғанымыз есімізде. Соңғы екі жылдағы пандемия кезінде байтал түгіл бас қайғы деп көпшілік жиналатын орындарға бара алмадық, театрдан да алыстап кеттік.

Киелі сахнадан баяғыдай эстетикалық ләззат алайық, асқақ өнерге жастарды баулыйық деген мақсатпен алдымен Қазақ әдебиеті кафедрасының ұжымы болып, кейін биыл бірінші курсқа қабылданған шәкірттерімізді ертіп театрға барып қайттық. Бірінші тамашалағанымыз – Олжас Жанайдаровтың «Жұт» пьесасы, екінші көргеніміз – «Күн сәулесі түспеген» атты испандық қаламгер А.Вальехоның психологиялық драмасы. Екі сағатта алған тәлімді тәрбие мен толағай әсер жан дүниені жылытып, шығармашылық шабытты оятты, қиялға қанат бітірді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қазақ халқының басынан кешкен зұлматты трагедиясы, аштық шындығы көрсетілген «Жұт» пьесасынан көрермен егіліп шықты. «Күн сәулесі түспеген» драмасының да айтары тереңде, берері мол. Тамаша ойын көрсеткен әртістерге және театрға шақырған Көрерменмен жұмыс бөлімінің менеджері Айнұр Серікбайқызына шексіз ризалығымызды білдіреміз. «Театр – жанды кітап, театрда оқудың орнына адам естіп, көреді. Кітаптан театрдың өрісі кең... Театр көңіл көтеретін ойын үйі ғана емес, ол өз алдына мәдениеттің бір мектебі», - деп жазды ұлт театрының негізін қалаған қайраткер Смағұл Садуақасұлы. Біз де адами қадір-қасиетімізді арттыратын, кісілік келбетімізді асқақтататын, жан дүниені тазартып, оны рухани катарсиске бөлейтін осынау киелі өнер ошағына, мәртебелі мәдениет үйіне барынша жиі соғып отырайық демекпіз.

Қайырбек Кемеңгер,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар