Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Светқали Нұржан. Көш алмасып жатқандай Екі Ғалам...

15.12.2018 6527

Светқали Нұржан. Көш алмасып жатқандай Екі Ғалам

Светқали Нұржан. Көш алмасып жатқандай Екі Ғалам - adebiportal.kz

ТҰТҚЫН

Құдайы жүрегіне Ай қадамаған

Қамаған айналамды қара надан.

Шәулігіп шибөрідей шабалаған,

Әулігіп албастыдай абалаған.

Жаратқан тастаған соң нас қоғамға,

Туысып кештім ғұмыр тас-наданға.

Жоқ, әлде хайуандығы құтыра ма,

Адамзат жынға айнала бастағанда?

Сәуле жоқ жанарында, қолда шамы,

Тобырдың түнек кезген мол жасағы –

Қидалап жыртып сүлде – суретімді,

Жанымның қанын сорып шөл басады.

Білмеймін,

түн – дүбіліс,

күн – күбініс,

Бастаған пенде бар ма пірлі бір іс?!

Тас байлап,

Басқа Әлемге сүңгір едім,

Шығады-ау тағы алдымнан жын-жыбылыс.

Мыналар таптырар ма моламда жай? –

Шұбырып келед тағы маған қарай.

...Шаншыла құлап барад құлпытасқа,

Басына жүрегімнің қадалған Ай...

02.06.2003 ж.

Шынжыр.

СҰР ДАЛА. КҮЗ

Не дегелі келді екен мына бір күз?

Қабағында бар сынды, сірә, бір мұз.

Қандай жұттан мерт тапты өлі-дала,

Кімді шоқығалы тұр құладын-құз?..

Не күйде деп келіп ем сері далам,

Жұт қарсы алды алдымнан ілебі жаман.

Мұз-азуын далама ақситып тұр,

Ақшитып тұр тұз-көзін бөрі-заман.

Әуселеңді дегендей көріп алдым,

Жел жалмап жүр жаһанды тегі – малғұн.

Қаңқасының ығына үйріледі

Сорлы қаңбақ сордағы өлі нардың.

Құзың да сұр,

құздағы ызың да сұр,

Сұр елестер салып жүр түзімде асыр.

Табиғатты сұрғайтып жібергендей

Қызыл ғасыр сұр тілді – мыжың, басыр.

Тұқайымен таптардай түкті жын кеп,

Сұп-сұр түгін жүйкемнің бітті ызың жеп.

Сұр шөмеле-бұлттардың тасасында

Күн үреді –

дауысы қып-қызыл боп...

04.06.2003 ж.

Шынжыр.

ЖАН ЫШҚЫНҒАН

Салып жатқан жын барлық жүректе асыр,

Маған тағы тап келді түнек ғасыр!

Жұлдыз жұққан Жан-Арын жұртқа тігер,

Тағы өтем бе жете алмай тілекке асыл?

Көзім – басыр, бас – ісік, ұйқым – шала,

Қиқым, шала илеген шикіл сана...

Итін сана жабысқан балағымның,

Талағымның қабысқан битін сана...

Шерт – шідерсіз. Серт – иесіз. Сөз – бұйдалы.

– Қашты неге жұртымның көзде иманы?

Кімнің тағы кетеді телімінде,

Өздеріне бұйырмай – өз қилары?

Бұттың безін Көз Уы қышқылдаған,

Қышқырады қаптаған ышқыр-надан.

Іш тырнаған қайғымды жел кеп түтіп,

Күнім бар ма оңаша ышқынбаған?!

Жөйіт жалмап ырысын, өзбек терген

Далам жатыр – ұртына сөз кептелген.

Қыстырмайтын –

сөйлесем Көз боп Көрден,

Билігім бар: тас көзді, без беттенген!

Қайда асығып барасың, аптығып құр?

– Төріңде де Көріңде жат құлып тұр!

Жиренбеңіз –

тұныққа құла маймыл,

Жирен доңыз құдыққа шаптырып тұр!..

Жайлап алып қаланы, қырды ызғырық,

Табыттардың ығында жүрміз бұғып.

...Жатыр тағы тау-бұлттар тасасында,

Хақ-Тілегім – көзіне жұлдыз жұғып...

08.06.2003 ж.

Шынжыр.

ШЕНДЕСТІРУ

Мен мына күнге не кешіп келмедім!

– Бабамыз жүрген жол кәдімгі.

Теңсіздіктермен егесіп көргенмін,

Қисайтып жіберді жағымды.

Жаныма жақпай асқынған заңы ғұмырдың,

Туладым асаудай шалқалап.

Баққан Иемнің кәріне іліндім,

– Тастады көз-қыры жаңқалап...

Жанға қарамай көзімнің аласыменен,

Сияқты жүремін мінгі мәш.

Топылған тобырдың арасына енем,

Жал – жығық,

көз – жұмық,

жұп-жуас.

Жуасығасын жырақтады мұң,

Өзді-өзім күн кешем бұйығы.

Көлеңкелерінде тұрып ап құлақтарының,

Ақырад есектер үйірі.

Қанатсыз болса шеніме жоламас та еді,

Не шара, қиған соң Алла бақ?! –

Келемеш қылады жаңбырда жалаңаш мені

Шинелін қымтанған жарғанат.

Аққудың қалды дауылда зарлап ауылы,

Теңкиіп теңіздің мұзында.

Той жасап жатыр қарға қауымы

Үмедей қилардың ығында.

Дәметпе менен.

Мен қазір өлікпін, Құсым! –

Жол берем доңызға тоқтап, шын.

...Осы айтқаныма сеніп тұрмысың?

...Оттапсың!..

08.06.2003 ж.

Шынжыр.

«ТҮРКІСТАН» ДЕСЕ

Иманның қабы – таза тілектің Бабалар өткен: «Жалған!..» – деп.

Көк күмбезіне Қожа-Ахметтің Бір жетіп өлу арман боп.

Қыран баптаған аңыздар қалған, Тұраным – бағзым, Түркістан.

Құран жаттаған абыздар қалған – Қыламын тағзым, Түркістан!

Ерлердің қашан наласы артпаған? – Қасықтап ішіп қас қанын!

Түркістан – мың жыл аласартпаған Қазақтың байтақ аспанын!

Бабадан жеткен сәруар үнмен Маңдай бұр жұмақ-шаһарға –

Түмен бап түгел – жан уа ділмен Мақтаған Хақты саһарда!

Ізіндей Пірдің гүл құшқан көше, Сарқылмас сазды ертек пе ең?! –

Тамырым тулап: «Түркістан!» – десе, Көзімнің оты мөлт еткен...

Шындыққа қарсы алысқан жаттың Туралық беріп құлқына,

Құрма-Аманаты Арыстанбаптың Бұйырғай дағы жұртыма!

Қабылдап Хақтан Сәлемді ғажап, Бір мақамменен толғайық...

«Әмин!..» – деші, кәне, енді, Қазақ, Түркістан жаққа қол жайып!..

Мамыр, 2005 ж.

ҰЛАР ЖЫРЛЫ ҰЛЫТАУ

Ұлытау еді арқауы сырдың,

Аңыз гүлдеген әр қырқасында.

Ортағы менен Кертағы шыңның

Тағдырым жатыр тарғыл тасында.

Шыңына бардым, сырына қандым, –

Арылмайды екен төсі мұнардан.

«Алаша» атанған ұлы Қағанның

Ұлытау ғой бұл бесігі болған.

Бүгеді сырын – текті ұлына аян,

Кереге түрмей кереметің кей...

Күй шалған белдер Кетбұғы ноян

Күмбірлеп ала жөнелетіндей.

Күмбезіне кеп Жошы-ханымның,

Бүгілген белді зорға жазармын.

Өшпеуі ескі несі сарынның –

Жұртынан шыққан Ордабазардың?..

Шашырағанда от-намыс қанға,

Өрт кешкен ерлер арыстан жалды.

Ер Едіге мен Тоқтамыс хан да

Осында... өліп табысқан мәңгі.

Тәуекел, Есім – дабылы-ай қалған! –

Қиялды сүйрер елесі арыға.

Әбілқайыр мен Абылайлардан

Дарыған ерлік Кенесарыға.

Бебеулі желден ұғар сыр бар ма? –

Жатқандай бағзы нарларым боздап.

Шақырғанда ұран ұлар шыңдарда,

Қандағы сөнген әруағым маздап...

Жарасқан айбар далама ғажап,

Өрінен шыңның үміт аумады.

Шын ұлы халық бола ма қазақ,

Болмаса егер ұлы таулары?!

Маусым, 2006 ж.

--------------

Ордабазар* – Ұлытаудағы қазақтың көне астанасының бірі.

ТЫНЫС ТАРЫЛУ

Ит-арбаға жегілген мехнатта

Өтіп жатыр жесір күн, жетім апта.

Шеті жоқ па, Құдай-ау, бұл азаптың,

Жаңалық жоқ жер мен көк – жеті қатта?!

Біткені ме осылай ғұмырнамам? –

Тірлікке ортақ бір жанбыз қыбырлаған.

Пері де жоқ – тамырда шымырлаған,

Періште де – құлаққа сыбырлаған.

Айтқан кезін ұмытып шырқау өлең,

Көтереді кірпігін сырқау әрең –

Мен қарасам бетіне,

маған қарап Бәжбиеді түйсіксіз Мылқау Әлем.

БАСТАЛМАЙ МА, ШЫНЫМЕН, ҰЛЫ БІР ІС?..

Жүректегі құс қайда үні күміс?..

Өлі бұрыш – тұрағым.

Тұншығамын

Ести алмай ғаламнан Тірі Дыбыс.

Арман, түйсік, ой, сезім, мұң маталған

Қай түрмеге түстім мен – үн қақалған?

Жүрек те үнсіз.

Жүректің дүрсілі де

Құмығады тамшыдай құмға тамған...

17.01.2008 ж.

Шынжыр.

АНТ-ҚАУЫРСЫН

Өлең деген бұлттан да ақша құс еді,

Сен де өлеңсің – аумай тартқан түс-өңі.

Менің жүрек-айдыныма сол құстың

Қауырсыны қалқып келіп түседі.

Сол түскен сәт, шіркін, қандай аяулы-ақ,

Ырғалады жағасында баяу бақ.

Сәлден кейін қауырсынның орынында

Нұрға малтып жатады әппақ Ай аунап.

Сонда, ақын қыз, бөленеді жан жырға,

Ырза болам маған жазған тағдырға.

Дүниеге таратады сәулесін

Жүрек-айдын – шүпілдеген ақ нұрға.

Ақша құстың жанарынан жалт көрем,

Аппақ Айдың табағынан қант терем.

Көмейге – уыз,

тіліме – бал құйылып:

«Пәктік, Сені сүйемін!» – деп Ант берем!

Аспанында ақша құсы қалқыған,

Айдынында қауырсыны малтыған,

Жүрегінде аппақ Айы балқыған Ақын –

айнып көріп пе екен Антынан?!.

17.01.2008 ж.

Шынжыр.

ӨТКЕН КҮННІҢ ЕЛЕСІ

Жәутең көзді, пәк қарағым,

Түсесің сен неге есіме?

Қырды кезсем, тап боламын

Өткен күннің Елесіне.

Қол бұлғайды қырқада әман,

Қолға жаңа қалам ұстап,

Кекілдерін күн тараған

Көк жейделі балалық шақ.

Тілдесуге оқталамын,

Сипағым кеп маңдайынан.

Кетуге еріп шақ қаламын,

Жармасып ап шалғайынан.

Өзек күйіп, қысылар дем,

Кірпігімде білте жанып.

Өтем үнсіз тұсынан мен

Жанарымды бүркеп алып.

Бір белесте –

әз болашақ –

Көздерінде жарқыл жанып –

Ақ көйлекті бозбала шақ

Жолығады аңқыл қағып.

Күйдіргенде өңімді шық,

Шақты көріп сәлемі – өлең;

Қалғым келіп қолын қысып,

Кідіремін әрең-әрең.

Бозбалаға қарай алмай –

Жүрегінің дүрсілі аңыз,

Өтіп кетем жанай (Алла-ай!) –

Ол да, мен де... қымсынамыз.

Жан сияқты қорқамын кеп

Асау мінген тізгіні осал. –

Біз тілдесер ортақ үн жоқ,

Ортақ жол жоқ бізді қосар.

Құлыны – шат,

бота – мұңсыз

Жастық шақтың даласымен

Өтіп бара жатам үнсіз –

Кілең Елес арасымен.

Күзге жеттім – жаз өтіп ед,

Сені аңсадым жанып ішім,

Еш пендеге қажеті жоқ,

Қайран менің сағынышым!

Көзіме ыстық әр сай, белең,

Көшіп жатыр көш-дүрмек боп.

Неге сені аңсай берем,

Жүрегімнен жас дірдектеп?..

Мен тіріде соғам мұнда,

Кетпегей тек қашып Елес.

Мына қырда моламның да

Тұрар күні қашық емес!..

Жалбарынам Тәңіріме –

Пәк жүзінде бір секем жоқ

Сол елестер қабіріме

Келіп-кетіп жүрсе екен деп...

19.01.2008 ж.

Шынжыр.

БАС ТОҒЫСТАҒЫ ҚАУЫШУ

Бас Тоғыс бүгін. Құдая, тәубә! –

Ақшулан дәлу арсылдап...

Сен қыстан, інім, сұрама сауға,

Балағын жазсын баршындап.

Жеті қат көкті тінте қараңыз,

Мүмкін бе жұлдыз-қар ұшпау?! –

Ай-қалыңдық пен Үркер-ағамыз

Өліп те талып табысты-ау.

Дәурен ғой бұл да түстегі ғафыл,

Арбайды ғарыш сағымы.

Құс төсек құсап Құсжолы жатыр,

Бұрқырап бұлттың мамығы.

Пердеден тұрмын Айды шақ тауып,

Сұқтанып сәуле-сынаға.

Жолықты екеуі айғұшақ қауып,

Не болды сосын? – Сұрама!..

Ұлғайды кеуде-сарайдағы үрей,

Сескендім жандай соғар сең.

Аспанның асты алай да дүлей

Болды да кетті содан соң!

Көрпесін Ай ма, қыз ба бүркенген?

– Жарайсың, Үркер – мәрт аға!..

Қаламыз ба енді біз-дағы Үркерден,

Жетейік Айдай қалқаға?!

Қайта оралғаны бастан ұшқан сән

Бақ па, әлде сор ма, ай, Тәңір?

– Толғатады әлем Бас Тоғыстан соң

Бір перзентіне, әйтеуір!

Туад деп Көктем түзді түлеткен,

Сол арманға елтіп жан-тәнім

– Қағып тұрмын мен ізгі тілекпен

Есігін Айдай қалқаның...

22.01.2008 ж.

Шынжыр.

КҮЗГІ ҚҰРБАН

Сары күз жүр соңымда салбыр балақ,

Кәрі құз тұр алдымда жалбыр қабақ.

Көз шоламның кіреуке алдын қамап,

Құстар кетті сусылдап шалғын-қанат.

Сүйегімді бір суық кеміреді,

Жүрегімнің жыртығын жаңбыр жамап.

Соғар ма екен сілесі сары күздің,

Ұрар ма екен жоқ, әлде кәрі құздың?..

Күз күлкісі емі емес жанымыздың,

Қылымсыған кейпіндей кәрі қыздың.

Келер күзде қалмаймыз –

сіз де, біз де, Кетуін-ай, қара ағаш, сәніміздің...

Кім кетпей жүр?! –

Артында із қалмаған

Соңы біз бе құрбанның күз жалмаған?!

Бауырын – мұз,

сауырын сыз қарнаған Күз күлкісі – зары екен бізге арнаған.

Өтпесіңе қоя ма, кетпесіңе,

Сайдан аптап ұрғылап, құздан боран!..

Әлі сәби – жел үні іңгәлаған,

Ұлитын шақ жеткен жоқ шыңдағы аран.

Сол аранның аузына сырғанаған

Жеткізбей-ақ қойса екен күнге қаран.

Осы күзде-ақ кетейік, кел, ендеше,

Ізімізді қыс қалсын тырналаған.

Тауып алып көктемде мүрдемізді,

Басымызға көтерер дүрбемізді.

Еңірете беред деп түнде құзды,

Екеумізден күз күдер мүлдем үзді.

Дүрбемізді паналап жас бұтақтар,

Тырнап жүрсін бейбақ-жел іргемізді...

03.02.2008 ж.

Шынжыр.

ТАСҚА КӨШУ

Жүректен – нұр, жанардан аспан өшіп, Біздің ауыл баратыр тасқа көшіп.

Шетінеген бауырдың тумай жатып Басында тұр жел тербеп қасқа бесік.

Көш алмасып жатқандай Екі Ғалам, Ортасында табыт жүр қатынаған.

Жетім анам жылайды: «Не жаздық? – деп, – Әлде жердің, әлде елдің ниеті жаман...»

Дегеніммен: «Өлгенге кінә тақпан», – Бірі арақтан мерт тапқан, бірі апаттан.

Кілең – патша, табытын елге артып ап, Ана таққа ауысад мына тақтан.

Жалмап келед бір тажал тапап бәрін, Қарсы қояр амалын апатқа кім?

Түк бітірмей тірліктен өткен бейбақ, Құлпытаста қалдырған атақтарын...

Байлап жүрген кім біздің ұрғынға кек? – Әлде шындап төбеден ұрдың ба, Көк?..

Біздің ауыл қырылып жатыр бүгін...

Заман – тыныш. Сүргін де, қырғын да жоқ...

Жылан жалап жатқанда төңірегін, Еңірерім болмаса, не білемін?

Садақаға шалынып, бұл бетімен Жер бетінен көше ме менің елім?..

Бәрі өшуде – делі дос, ізгі бауыр,

Сыпырып жүр сапырып түзді дауыл.

...Ертең қырда жоқ болып шықса, қайтем, Тас бетіне орнаған Біздің Ауыл?..

Бағзы күмбез әлі тұр әспетімен, Тарихымды оқимын хасбетінен.

...Түнде Сүлдем тентіреп жүрмегей тек – Көшіп кеткен Елді іздеп тас бетінен!..

03.02.2008 ж.

Шынжыр.

ҚАРА ТҰМАН

«...Болмасын еш күмәнің мен сұрағың, Мына тұман – менің ғана тұманым.

Таңда түнгі табытымнан тұрамын, Қара торын жамылып ап күнәнің.

Атқан таңым ақ таң емес, қара таң, Маған түкке қажеті жоқ – ел, отан.

Көксегенім – жалғыз басым қарақан,

Жалған сөйлеп, жалған күліп баратам.

Екенімді сезінбеймін елге өгей, Мені еріне қылады үлгі жеңге кей:

Қарақанда тұманы жоқ пендедей, Жан-апанда күмәні жоқ пендедей.

Тұманыма жанасса егер шамалы, Су қараңғы бітеледі жанары.

Өңешімнен өткені тек – бағалы, Бәрі бір бәс – харамы не халалы.

Өзі білсін, кімдер мені жек көрсе, Тұманыма кірмей кетер кектенсе.

Күндіз өмір сүрер адам жоқ менше, Түнгі қара табытыма жеткенше...»

...Қара тұман келеді, ойбай, жолама! – Жоласаң-ақ, кетеді ертіп молаға...

Біздің үшбу қасиетті далада –

Осындай да бір адамдар болады, ә?..

...Келтіре гөр тілді, Тәңір, тобаға!..

03.02.2008 ж.

Шынжыр.

Фото: www.stihi.ru, zakazposterov.ru


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар