Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Светқали Нұржан Рахымжан Отарбаевтың сұхбатына қат...

22.09.2016 8921

Светқали Нұржан Рахымжан Отарбаевтың сұхбатына қатысты пікір білдірді

Светқали Нұржан Рахымжан Отарбаевтың сұхбатына қатысты пікір білдірді - adebiportal.kz


светкали.jpg

Бір нәрсенің басын ашып алайық: «Мынаған жұрт жабылып жатыр екен, мен де тебе не ұра салайын» деген нәйіс ниетім жоқ. Күнім түседі-ау дегенді кептіре мақтап, ісі түспейтіндерді бөктіре боқтау – жиіркенішті құбақандық. Біреудің бетіне айта алмайтынымды сыртынан да айтпаймын. Бұл – мендік принцип. Сондықтан сүйекке тиген содыр сұхбатқа пікір білдіруге тиіспін. Сұхбат иесін жақсы танимын. Талай төрлес, сан сапарлас болғам. Ол мені, мен оны тіпті жақыннан білеміз. Қазір 60-қа келген ақсақал. Әлім-берім жазушы. Драматургиясын білмеймін. «60» демекші, адам 60-қа келгенде ғана ақсақал болмайды. «30-да омыраулы ақсақал, 40-та қоңыраулы ақсақал» деген бұрынғылардың сөзі бар. Ал «бұрынғылардың – бәрі әулие» екеніне күмәнсізбін. Солардың бірі Махамбет те айтқан: «Кәрісі кімнің жоқ болса, – Жасы болар дуана!» деп. Маңғыстауда Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы атты ғұлама-геолог ғалым өткен. Совет өкіметі ол кісіні Ираннан ұстап әкеліп, құпия күйде геологиялық барлау жұмыстарына жегіп, кейін атып тастаған. Ол туралы белгілі жазушы Асқар Алтай өз романында жазды. Сол кісінің Иранда тұратын қос перзентінің бірі Шарғи ақсақал (2009 жылы 87 жасында қ.б.) 2008 жылы кездескенімде: «Әкем 1938 жылы 16 жасымда Ирандағы аз қазақты маған аманаттап кетіп еді, міне, 70 жыл болды, елге ақсақал болып келем. Алланың берген абыройы, осы жылдар ішінде қазақтың бір тоқтысын қызылбас пен түркпенге жем қылған жоқпын!» деп еді. Асылық сөйлемейтін, әулие-пішімді, батыр адам еді, жарықтық. Осыны естігенде, ата-қазақтың: «Болар бала он бесінде баспын дер» деген сөзінің мәнін ұқтым. Бұдан соң алпыстағы қарттан салуалы әңгіме, сарабдал пікір күтуге хақым бар шығар?..


Өзім пікірлеріне құрметпен қарайтын сыйлас інім Айдос Сарым аталмыш сұхбат жөнінде: «Жазушылық – дін емес. Мағауин – Қағба емес. Жазушылық, шығармашылық үшін бұл үрдіс тіпті пайдалы... Бүгінгі әдебиетіміздің тұралап қалуы – сынның жоқтығынан. Маған десе, біріккен Одақтың да қажеті жоқ. Қырық одақ, жүз ұйым болсын. Бір-бірін түтіп жесін, аямай сынасын, сынағанда шаңы көкке шықсын! Бұл бүгінгі боқ сасыған болотодан жақсы», – деп пікір білдіріпті. Ашынғаннан айтылған. Меніңше, бұл пікірдің келісетін де, келіспейтін де жақтары бар. Қанша «шаңды аспанға шығарғанымызбен» біз бір сәт те Қазақ екенімізді және бүгінгі һәм келер ұрпақ алдында жауаптылығымызды естен шығармауға тиіспіз! Сын болмағаннан тұралап жатқанымыз шын, бірақ ол ұрдажықтықтан, оданылықтан, әпербақандықтан, әулекіліктен, бопсалаудан, есе қайтарудан, әлімжеттіктен, жүзшілдік пен рушылдықтан, топтық мүддеден, қажет болса, әртістіктен ада Әділ сын болуы керек! Ал бүгінгі «басы – бұлағай, аяғы – теңіз, ит көзі түтін танымас» (осындай рәуішті жағыдайда Көкем марқұмның көп айтатын сөзі еді) хәлде отырып, біз әдебиет әлемінде ондай атмосфера қалыптастыра аламыз ба? «Боқ сасыған болотодан» бетпақтықты көпір қылып шыға алмаймыз, шықсақ, білім мен білікті, парасат пен кісілікті, обал мен сауапты, бір сөзбен айтқанда, Иманға суарылған Әділетті ту етіп қана азат боламыз. «Әдебиет» сөзінің мағынасы «әдеп туралы ілім» дегенді білдіреді. Егер әдебиетті жасаушы қаламгерлер ауыз өзімдікі деп былапыттай бергісі келсе, онда өздерінің әжептарқы әлемдеріне «дәмеліиек» немесе «пәлениет» сықылды ат қойып алуларына кеңес берем, әйтеуір, «әдебиет» емес! Себебі түзік пиғылсыз әдебиеттің айналасында жүру – ешкімді, әлбетте, ең әуелі елді жақсылыққа соқтырмайды. Бұл жерде, мәселе Мағауинге ғана тіреліп тұрған жоқ. Сұхбат иесі күллі қазақ Руханиятын жоққа шығарып отыр! Оның ұғымына жүгінсек, жүз томдық «Бабалар сөзі» бостекі, топан сөздердің жиынтығы ғана, жыраулар мирасының да ешкімге керегі жоқ! Себебі олар Европа мен әлемге қажетсіз-мыс. Күллі мұрамыз – үш томнан аспайтын тым шынжау жұрт көрінеміз. Абай шетелге таныла алмаған. «Абай жолын» күресінге ылақтырып тастаса да обалы жоқ тәрізді. Өйткені ол: «ендігі уақытта жүз жерден жарнамалап, мың жерден тықпаласаң да бәрібір оқылмайды»! Қазақ әдебиетінің классиктері: Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Т.Әлімқұловтар орыс пен Европа әдебиетінің «сәтсіз суррогаттары» ғана, М.Мағауин – «бас-аяғы жоқ сынық сөйлеммен» жазушы атанып жүрген біреу әрі ұры-плагиат, А.Сүлейменов пен Ө.Нұрғалиев мақсатына жете алмаған, өмірді босқа сүріп өте шыққан әдеби көлеңкелер сықылды. Тағы қайталап айтайын, менің сұхбат беріп отырған жазушының қара басында, іш есебінде шаруам жоқ, алайда мынадай «ұр-тоқпақ» пиғыл-пікірлеріне самсоз-самарқау қарап отыру беймүмкін. Өйткені бұл жақсылыққа бастамайтын үрдіс. Білеміз, Тәуелсіздік келгеннен кейін біздің рухани әлемде «идол-пұттарды қирату» деген құпия қара толқын жүрді. Оның астарында – ұлт айбынып, ұрпақ қайрылып қарайтын бір де бір тұлға қалдырмау үшін сырттан дайындалған сұмпайы жоспар жатыр еді. Сол екпінмен біраз жігіттер ақсақалдардың сақалынан алды, ағаларымен бет жыртысты, басқа шапты, төске өрледі, ақыры, дұшпан мұратына жетті. Бүгінгі таңда өліде де, тіріде де күллі ұлтымыз қадірлейтін бір де бір тұлға қалмады! Мисалы, қанша құдайсыз қоғамнан шықтық дегеннің өзінде, осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни Тәуелсіздік келген тұста Әулиелер Сұлтаны Қ.А.Ясауиді қадірлемейтін қазақ бар ма еді!? Атеист-коммунистердің өзі перзенттеріне «Қожахмет» деп ат қойғанына талай куә болдық қой. Ал енді не болды? «Софы» екен деп, «тарихатшы-нақышбандиттерден» (штаб-пәтері Лондон қаласындағы діни-саяси ұйым) сұрасаң: «Ясауи жолы 500 жыл бұрын тоқтап қалған, оның орнына Нақышбандия тарихаты келген» деп сайрай жөнеледі. Сен де сосын кеудеңде жаның болғасын қарсы сауалға жүгінесің: «Ау, айналайын, Алланың хақ жолы орта жолдан тоқтап қалса, дініңде не құн қалады?! Ондай болса, Ақ Пайғамбарымыз 33 мың сақабасының алдында Аманат-құрманы Арсылан-Бабқа (Салмани Фарси) тапсырып несі бар?!» десең, жауап жоқ... Менің қолыма ғайыптан тайып бейнеулік біреудің «қолжазбасы» түсті. Онда нақышбандиттердің компьютерге басылған «тарихат-шежіресі» бар екен. Бұл «шежіреде» Аманат Иесі Әзірет Сұлтан Ахмет Ясауи жоқ! Демек, қолдан құрастырлыған жасанды, жалған нәрсе! Әлгі шіркін бір жеріне қаламсаппен «Бекет Мырзағұлұлы», төрт-бес адамнан кейін «Ержан қазірет Төлегенұлы» деп кіргізіп қойыпты. Кейінгі компьютермен шығарылған нұсқада екі атамызды айтылмыш жалған шежіреге нықтап «орналастырып», көптеп таратып жатыр. Мұндағы мақсат, әсіресе Маңғыстау өңіріне аса қадірлі екі әулиені өз тарихаттарына «енгізіп алса», бұлардың «жолына» түсушілер қара нор болмақ. Қастерлі көне кітап-қолжазбалармен көп жұмыс жасадым, солардағы ақиқаттарға сүйене отырып айтам, жақтырмаған жандар, мейлі, сәуегейлік, мейлі, пафос дер, көп ұзамай Ақиқат Таңы атады. Сол кезде жаңағы «шынжыр-шежірелер» шірік жіпше үзілмек! Қайта жалғанбастай болып!.. Бұл – бір. Енді, қазаққа дін үйретпек болып жүрген тағы бір «сақалды саудайылар» не дейді? Қазір анау парламенттегі «аллах-лап» отырған әншіден бастап, «жасыл арнадағы» экс-айтыскерге дейін бар есілдерттері сол көк күмбезді қирату екені кімге жасырын?! Асықпаңыз, ол Көк күмбезді, олар түгілі, патшаның жезайыры от құсқан жандаралы Черняев те неше зеңбірегімен атқылап құлата алмаған, бұлардың да қолынан келмейді, иншалла! Әзірет Сұлтанды ауызға алып қалдық қой, ол ұлықтың «Алладан пәрмен болып 4400 хикмет жазғаны» мәлім. Оның мыңы – шариғат, мыңы – тарихат, мыңы – мағрифат, мыңы хақиқат мақамдарынан сыр шертеді. Бізге жеткені «дәфтар-сәни» («екінші дәптер»), яки тарихат жайлы хикметтері. Алланың үш құраны бар. Бірі – қасиетті «Кәлам-Шәріптің» өзі, екіншісі – Қ.А.Ясауидің хикметтері (түркі жұртына берілген), үшіншісі – Мәуләна Румидің «Мәснәуиі» (парсы жұртына берілген). Нәсіп болып, мен Әзірет Сұлтан мен оның шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың хикметтерін, сондай-ақ, Софы Аллаярдың «Сәбатул ғажезин» («Дәрменсіздер қуаты») кітабын қазіргі қазақ тіліне тәржімаладым. Бұл еңбектердің бәрі кешегі Совет өкіметі орнағанша әр қазақтың басына жастап оқитын кітаптары-тын. Мұның өзі – үш том! Осы еңбектерді аудару үстінде түсінгенім, бұлардың әр тамшысы – кәусар, әрбір әрпі – гауһар! Қазақ қана емес, күллі адамзат қардер болып отырған руханият маржандары! Ал «Бабалар сөзінің» әр томының тереңіне бойлап, сырын тану – танымы тайыз адамға беймүмкін іс. Талантты жазушы-драматург Нұрлан Қами өткен жылы бір әңгіме үстінде былай деді: «Жақында «Бабалар сөзінің» қолыма түскен бір томын оқып бастадым. Мен дүниежүзі әдебиетіне жүзіп жүріп, мұндай түпсіз де таңғажайып мұхитқа сүңгіп көрмеппін! Содан кейін, бар қормалымды сатсам да үйімнің төрінде «Бабалар сөзінің» жүз томы түгел тұруы тиіс деп шештім». Міне, қасиетті мұраның сырына үңілген адамның жүрек сөзі!.. Мен жыраулар мұрасын түбіжіктеп оқып, тастиықтап тануға тырысқан пендемін («пендемін» дейтін себебім, осы мұрапалардың сырына үңілген сайын өзімнің «адам», «азамат» атануға әл-әзір ылайық еместігімді бажайладым). Ол дүниелерде, сұхбат иесі айтқандай, бір де бір бос сөз, албаты пікір жоғына қапысыз көз жеткіздім. Бұл Баба-мұралардың бәрі – пенде («бәнд» – «жеңілген» деген мағына беретін парсы сөзі) деп аталатын шадырқай-міскін-сұлбадан «адам», «кісі» дейтін Тұлға қалыптап шығаратын шикізат. Әрісі Америка, берісі Ебіропа мен шығыс біздің рухани мұраларымызды зерттеуге әлдеқашан кірісіп кетті. Бұл бағытта, жеке тұлғаларды айтпағанда, тұтас институттар мен қорлар жұмыс жасап жатырғандығын нақты мәліметтерден білем. Олар осы мұралардың астарындағы асыл ілімге еріні жетпегеннен Құдайынан ажырап, іріп-шіруге бет алғанын кеш те болса сезінуде. Ол іріп-шірудің белгілерін санамалап бермей-ақ қояйын, естияр жанның бәрі біледі: «Осы батпақ бізді де батырады-ау...» Ұлтының ертеңіне белі қайысатын бүгінгі кез келген естияр қазақтың бәрінің де қайғысы осы... Өз асылымызды өзіміз түсінбей, оған мұрынымызды шүйіре берсек, обалымыз кімге?


Өзімнің «қара есебімде» қазақтың Рухани Қазынасы 100 емес, 500 томға арқайын, айылын жимай жетеді. Бәлки, менің мына «пафосты» сөзім тағы да біреулерге жақпас, бірақ адамзат көп ұзамай Адамұлын кәмелетке келтіретін осынша телегей-теңіз мұраны сақтап, жеткізгені үшін Қазақ халқына шексіз алғыс айтады және барлығы Қазақтың Ұлы Тілін үйрену үшін жарысқа түсетін болады! Мен қазаққа қажет сөз айтсам деп қана қолыма қалам алам, егер айта алсам (айта алмасам, обалым өзіме!), оның ертелі-кеш адамзатқа да қызымет етері сөзсіз екендігіне сенем! Бұл айтқандарым, ешқандай сәуегейлік емес, күндердің күнінде жұрттың бәрі куә болар ақиқат! Көкірек көзімен ізденген жанның осы ақиқатқа өзінің де көзі жетер еді, амал нешік...


Ал Абай мұрасы мен «Абай жолы» дүние тұрғанша тұратын қастерлі тұнығымыз. Оларды өткен-кеткеннің былғап, ылайлап өтуіне жол беруге болмайды! Өз басым Абай жырлары мен «Тастиқ» кітабын ай аралатып, «Абай жолын» 5 жыл сайын қайталап оқып отырам. Олар менің кеудемді кеңітеді, кеудең кеңіген сайын дүние саған таршылық қылмайды...


Әңгіменің шыны, бүкіл асыл қазынасы ұстағанның қолы, тістегеннің аузында кетіп бара жатқан Тәуелсіздікті алып берген қазақ қаламгерлері-тін. Ол қасиетті шаруаға бүгінгі ұры-қарылардың түк қатысы жоқ. Өйткені қасиетті істі қасиетсіздер жүзеге асыра алмайды. Ұлтты Руханият сардарлары іштей даярлап жетілдірді, ал кемеліне келгенде олар Желтоқсан алаңында жаналғыш жынпериядан «ақырып теңдік сұрады»! Оның кейінгі нәтижесі не болғаны белгілі. Осы майдандағы алыптар шыңының ежебасында басқа да талайлы тұлғалармен бірге: Ә.Кекілбаев, Т.Әлімқұлов, О.Бөкеев, М.Мағауин, А.Сүлейменов, Ө.Нұрғалиевтар да тұр. Қазақ ойының шалқарлығын, сөзінің салқарлығын, рухының асқақ самғауларын қапысыз көрсеткен: «Аңыздың ақыры», «Шыңырау», «Күй», «Ханшадария хикаясы», «Бір шоқ жиде», «Құсқанаты», «Бәйгеторы», «Үркер» мен «Елең-алаң» т.б. (Ә.Кекілбаев туындылары); «Қараой», «Көк қаршыға», «Саржайлау», «Сейтек сарыны», т.б. (Т.Әлімқұлов туындылары); «Сайтан көпір», «Атау-кере», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Қамшыгер» т.б. (О.Бөкеевтің туындылары); «Аласапыран», «Көкмұнар», «Шақан шері», «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлып», «Құмырсқа-қырғын» т.б. (М.Мағауиннің туындылары); «Бесатар», «Адасқақ», «Төрт тақта – жайнамаз», «Қыздай жесір – штат қысқарту», «Кек», «Ерулік», «Жетінші палата» т.б. (А.Сүлейменовтің туындылары), «Соғыстың соңғы жазы», «Афина мектебі», «Гомер мен Жамбыл», «Өлілер ояу, тірілер неге ұйқыда?», «Адайстан – Қазақстан» т.б. (Ө.Нұрғалиевтің туындылары) секілді сүйекті сом дүниелерді еш дәлел-дәйексіз белінен бір-ақ сызып: «Европа мен орыс әдебиетінің сәтсіз суррогаттары» деп, немесе түкке алғысыз қылып тастау үшін үшін, сұхбат иесі айтқандай, адамның «тұла бойы толған кек, бітпейтін ыза, тарқамайтын ашу» болуы керек шығар?.. Егер мұндай пиғылмен бұл қаламгерлерді күресінге ылақтырар болсақ, онда: «Судыр Ахмет Шолоховтың Щукарь шалын еске түсіреді», «Оң қол» мен «Парасат майданы» Кобо Абэнің «Чужое лицосына» ұқсайды» деп, басқа да күллі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын қарақтап, әлем мен орыс әдебиетінен «түпнұсқаларын» тауып, барлығынан тегіс құтылайық!.. Жоқ, сын бұлай болмайды. Әдебиет зерттеушілерінің анықтауынша, әлем әдебиетінде бар болғаны 35-ақ сюжет-фабула бар. Ертелі-кеш дүниеге келіп жатқан туындылардың бәрі осы шынжырға байланған, алайда сол тар аяның өзінен шексіз күнеске жол тартқан ғажайып дүниелер дүниеге келуін тоқтатар емес. Қазақтың мың сан қатпарлы тарихы, рухани кемел әлемі, көшпелілердің отырықшы жұрттарға мүлде жат болып көрінетін тылсым психологиясы, әлем халықтары ішіндегі ең бай тілі тек қана қазақ қаламгерлерінің жүрегінен өтіп барып, адамзат көкірегіне сапар шегеді. Мұндай зор миссияны атқаруда айтылмыш сұхбат иесінің қара сиясымен бір-ақ сызылып кеткен қаламгерлердің еңбектері өлшеусіз! Ә.Кекілбаев «Өлі жандарды Пушкин неге жазбаған?» атты мақаласында І.Жансүгіровтің айтулы поэмасы хақында: «Күйші» – қазақтың арғы-бергі әдебиетіндегі мәні мен маңызы, шеберлігі, әсерлілігі жағынан айырықша аспандап шыққан қол жетпес аса биік күмбездерінің бірі. Ол – біздің халқымыздың поэтикалық қуатының ересен жеңісі», – деген баға берген. Дәл осы бағаны иеленуге жоғарыдағы ауызға ілінген шығармалар да толық хұқылы!


Ал осынша құнды мұраларымыз неге барша адамзаттың ортақ құндылықтарына айналмай отыр деген сауалға келсек, ол – басқа мәселе. Бұған біріншіден, Абыл ұрпағының дүниетанымы мен Қабыл әулетінің әлемтану ұғымының бір-бірінен мүлде алшақ жатуы себеп; екіншіден, қазақтың шексіз бай тілінің иірім-қайырымдары мен шетсіз кеңістіктерді игерген көшпелілер ой-жүйесінің қалтарыс-бұлтарыстарын жеткізуге басқа тілдердің аясы тарлық етуі әбден мүмкін; үшіншіден, бүгінгі саяси билік Қазақ рухани әлемінің жарқырап көрінуіне, ұлы тіліміздің өзіне ылайық тұғырына шығуына еш мүдделі емес!


Егер шындығында да өзіне дейінгі қазақ қаламгерлерінің бәрі «сәтсіз суррогаттар» болып, сұхбат иесі ғана шеберліктің шыңына шыққан болса, «қазақтағы әдеби агенті бар бірден бір жазушы, шығармалары көптеген шеттілдеріне аударылған» «жалғыз атты жолаушы» әлдеқашан Мо Янь құсап Нобель сыйлығын алмағанмен, тым құрығанда, өзі теңсінбей отырған Харуки Мураками деңгейінде танылуы керек еді. Жоқ, өкінішке орай, бізге әзір «қазақтың сондай қаламгерінің жолында әлемнің оқырмандары жығылып не қырылып қалыпты» деген қуанышты хабар жетпей жатыр! Жете қалса, қазақтың бұған дейінгі өлі-тірі қаламгерлерін оның жолына садақаға шалып жібермегенімізбен, марқаяр едік. Демек, гәп басқада. Ол қанша жерден: «Қазақтың айшықты, көркем тілі менімен бірге өледі», – деп шығай маңып, шығанға шапшығанымен, Қазақтың қасиетті тілі кім өлсе де – өлмейді! Менің Медет ағам айтпақшы: «Абай өлгенде де аман қалғанбыз, Қалбай өлгенде де қырылып қалмаймыз!..»


Мен өзімді Әбіш Кекілбаевтың артында қалған жалғыз мұрагері немесе жоқтаушысы деп есептемеймін. Әйтсе де кемеңгер ағаны танып-білуге талпынған шәкірттерінің бірімін. Талай мәрте маңдайымнан сипап, сан ірет енекөкірекпен еміреніп қолымнан сүйгенін сағынышпен еске алам. Ол кісі ұлы жүректі адам еді. «Ант ұрған қазақтан да үміт үзбеймін, себебі оның белінде ұлтымның болашағы жүрген шығар деп үміт етем» дейтін, жарықтық. Орынсыз бетіне түкірген бетсізді де, ең киелісі – әулиелі топырағына зәрін шашқан зәндәмі тексізді де ұлттың ұлы мұраты үшін кешіріп жіберетін! Кеңдігі сондай, еш риясыз олардың жолын да ашатын. Кезінде (әлі де сол!) Әбіштің сыртынан ғайбаттың қара боранын боратып жүретін бір жазушының, Мем.сыйлық керек болғанда, мәймөңкелеп алдына барып шаруасын шешіп шыққанын да білем. Ол кезде жаспын, «қызылмын», жаңағы кепті біреулерден естіп, пендешілікпен Әбіш ағаға: «Ең болмағанда, қылғандарын есіне түсіріп жанын сыққанда, ол – сыйлық үшін бәріне де көнер еді», – дегенімде. – «Ол талантты ғой», – деп бір-ақ ауыз сөзбен әпігімді басқан (өкінішке орай, бүгінгі алапес кезеңде сол «талант» атты қасиеттің өзі кісіліктің көрсеткіші бола алмай қалып отыр). Содан бері Әбіш үлгісін өз бойымнан тапқым кеп қанша талпынғанмен, бойым шарғы, ойым шақ, міне, бұл жолы да біраз сөз айтып қойып отырмын. Бірақ Кие мен Қастердің басынан еш қарғуға болмайтынын күллі қазақ есте тұтуы тиіс! «Жалғыз атты жолаушы» түгілі, «бассыз салт атты» болсаң да! Сонда ғана отымыз өрелі жанады, сонда ғана дос марқаяды, дұшпан ортаяды. Әдебиеттің де, әлеуметтің де көсегесі көгереді...


Пікір Светқали Нұржанның "ult.kz" порталына берген сұхбатынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар