Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Тарих арқылы бүгінгі күнді суреттеген...

23.07.2024 2045

Тарих арқылы бүгінгі күнді суреттеген 14+

Тарих арқылы бүгінгі күнді суреттеген - adebiportal.kz

«Жошы хан» тарихи драмасы жайында

Адамзат қоғам болып, ел болып қалыптасу үшін оның туыстық қатынасынан бөлек, бәріне ортақ бір дүниеге сенгені маңызды. Homo Sapiens-тің жер бетіндегі кез келген тіршілік иесінен өзгешелігі сонда: ол өзінің ойындағы, қиялындағы нәрсені өзгелерге түсіндіріп, әрі оларды соған сендіру арқылы мақсатына қол жеткізеді. Адамзаттың кез келген тіршілік иесіне қарағанда бір-бірімен байланыс жасауы өте қарқынды дамыған. Жазу сызу қалыптасқалы бері адамның тарихи жады тереңдеді. Ол өзі өмірге келгенге дейінгі оқиғалар мен мифтерді оқып, тарихтың қай кезеңінде тұрғанын түсіне алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттердің құрылуына, түрлі аңыздардың ұрпақтан ұрпаққа жетуіне мүмкіндік берді. Тарихшы, футуролог «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» кітабының авторы – Ювал Нұх Харари осыған саятын ой айтады. 

Яғни, мемлекет деген ел мен жерден бөлек, заңы мен тарихы жазылған, шекарасы бекітілген, өзге елдермен қарым-қатынасы, келісім-шарттары дәйектелген, әр өңірдің даму жоспары, өзінің идеологиялық бағыты бедерленген бума-бума қағаздар. Ақпараттар. Бұған қосымша, әр мемлекеттің өз ішіндегі ақпараттық кеңістігі бар. Қазіргі технологияның қарыштап дамыған заманында, бір елдің өзге елге соғыс ашуының алдында ақпараттық соғыстар болатынын көріп жүрміз. Халықтың сенімі үшін таласады. Оның тарихи, ұлттық жадын өзгерту арқылы өз ішінде іріткі салуға тырысады. Олардың жүрегіне үрей салып, сатқындыққа дайындауы мүмкін. Мысалы бір елдің қаһарманы екінші ел үшін сепаратист, экстремист. Өйткені ол екінші мемлекеттің мүддесіне қайшы әрекеттер істеген. Ал бірінші мемлекет өзінің халқы сыртқы күштердің ықпалына түспес үшін, өзінің ұлттық бірегейлігін жоғалтып алмас үшін азаматтарының тарихи жадын, ұлттық санасын тереңдете бермек. Өз еліне қызмет еткен тарихи тұлғаларды дәріптемек. Біз сөз еткелі отырған Думан Рамазанның «Жошы хан» драмасын осы тұрғыдан талдағанды жөн көрдік. Өйткені, біз үшін «Жошы хан» драмасының тарихи шындыққа негізделіп, негізделмегенінен гөрі, сол заманды барынша бейнелеуінен гөрі, дәл қазіргі Қазақстанға, әлемге не бере алады деген контекстте сараптаған маңыздырақ. Автор 21 ғасырда өмір сүріп жатқанын естен шығармау керек. Әдетте ақын, жазушы, драматургтер тарихи оқиғаны баяндай отырып, бүгінгі күнді суреттейді. Тарих пен бүгіннің өзара үндестігін қарастырады, яки тарихи тұлғаға, оқиғаға заманауи түсініктер призмасынан қарайды. 

Ювал Нұх Харари «Homo Deus» атты кітабында: «адамзат соғысты, ашаршылықты, обаны жеңіп, мүлдем басқа кезеңге, Homo sapiens-тен Homo Deus-қа өтетін кезеңге жетті» дейтін пікір айтады. Бірақ қазір әлем қиын кезеңді басынан кешіріп отыр. Ресей мен Украина арасындағы, Таяу шығыстағы, Қытай мен Тайвань, Африка елдеріндегі қақтығыстарды қарап отырып, Шыңғыс ханның заманынан бері аса ештеңе өзгере қоймағанын түсініп отырмыз. Гуманитарлық, экономикалық кризис апаттық деңгейге жетіп қалды. «Әлемдік тәртіп» бұзылды. Барлық алып елдер өзінің ықпалы бар мемлекеттерге өзінің билігін күшейтуді, жаңа елдерді билеп-төстеуді көздеп отыр. Ал екіншілері өзгелердің ықпалынан шығу үшін, Жаңа Әлемде өзінің статусын белгілеп алу үшін, қақтығыстарға араласып кетпеу үшін жанталасып жатыр. Сондай елдің бірі Қазақстан. 

1991 жылға дейін де әдебиетімізде тарихи шығармалар аз болған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи шығармаларға сұраныс артты. Өйткені ол мемлекеттік идеологияға ауадай қажет еді. Халықтың бірлігін арттыру үшін, не үшін тәуелсіз ел болуға лайық екенімізді өзімізге өзіміз түсіндіру үшін, соған сендіру үшін әдеби шығармалар, спектакльдер мен фильмдер керек еді. Осы тұрғыдан қарағанда, Думан Рамазан мемлекеттік идеологияға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ол «Жошы хан», «Керей Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Кенесары Күнімжан» драмаларында қазақ хандарының образдық галереясын жасады. Көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Бұл өнер қашанда саясатқа тәуелді болады дегенді білдірмесе керек. Керісінше екеуі өзара әрекеттесе отырып, жаңа белестерді бағындыруға тырысады. Әрине, мемлекет өнер адамдарына тапсырыс беру арқылы өзінің идеологиясын жүргізетін де кездер болады. Кеңес үкіметі сол әдіспен жұмыс істеді. Тапсырыстан да сәтті туынды пайда болған жайттар бар немесе уақыт тезінен өтпей қалған да әдеби шығармалар жетерлік. Бүгінгі таңда мемлекет кез-келген тақырыпты, тұлғаны БАҚ, медиа арқылы насихаттай отырып, PR-кампания жасап, қоғамның санасына сіңіреді. Ол тақырып, яки тарихи тұлға халықтың қызығушылығын оятқанда сол заманды, сол тұлғаның бейнесін әдебиеттен, сахнадан, экраннан көруге сұранысы артады. Өнер адамдары көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру үшін туындыларын ұсынады. 

Ал Жошы хан, Жошы хан жерленген Ұлытау жері жайлы БАҚ-та ақпараттар қай уақыттан бастап көбейе бастағанын сараптап көрейік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыруды тапсырады. Ұлық Ұлыстың 750 жылдығы жайлы айтады. 2021 жылы Жошы хан кесенесін көруге Президент арнайы барады. 2022 жылы Ұлытау облысы құрылады. 2023 жылы Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысы Ұлытауда өтеді. 

Дәл осы тұста, Думан Рамазанның «Жошы хан» драмасындағы ханның сөзінен үзінді келтірсек. «Ұлыстың  тағдыры талқыға түсер кезде Хан Құрылтай шақырып ақылдасады. Бұл ханды шалыс басудан сақтайды. Түпкі шешім Құрылтайда түйінделеді. Ал, Ұлыстың билігі, тақ мұрагерлігі  Алтын ұрықтың еншісінде. Бірақ, көп ханзаданың қайсысы таққа отыратынын Құрылтай шешеді» дейді. Яғни, бұл біздің жоғарыда айтып кеткеніміздей, драматург тарихты жаза отырып, бүгінгі күнге сілтеме жасайтынын байқаймыз. 

Тағы бір мысал келтірейік. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің айлығын екі есеге көтеруге тапсырма берді. Кейіннен дәрігерлердің жалақысын көтеруді тапсырды. Ал енді пьесада Жошы ханның мынадай репликасы бар: «Кемеңгер, ақылман жандар – қазынаның ең қымбаты, қайырымы қисапсыз, пайдасы кенеусіз. Оқымыстылар, емші-тәуіптер мен балгерлер, даналар мен ғұламаларға ерекше құрмет көрсетіледі және алым-салықтан босатылады». Жошы ханның нақты осындай жарлығы болғаны, әрине, күмәнді. Екіншіден, Жошы ханның білікті басшы екенін көрсету мақсатында жазылған сөз де болуы ықтимал. Десе де, шығарма бүгінгі таңдағы актуалды мәселелердің призмасынан жазғаны анық байқалады. 

«Жошы хан» драмасындағы ханның образына аз-кем тоқталсақ. Автор Жошы ханды гуманист қылып көрсетеді. Оған дәлел ретінде үзінді келтірелік. «Үргенішті алғанда Үгедей мен Шағатай қаланы жермен жексен етіп, тұрғындардың бірін қалдырмай қырып салды. Адам  түгілі, аң екеш аңның өзін бұлай аяусыз қыра беруге бола ма? Бір күні Тəңір алдында жауап беруге тура келеді ғой. Сол жанымды күйзелтіп тұрғаны» дейді Жошы хан әйелі Бектомышқа. Одан соң, Қолтуған ханзаданы, Жалаладдиннің ұлын өлтіруге Шыңғыс хан бұйрық бергенде Жошы хан араша түседі. 

Ювал Нұх Харари «адамзаттың қазіргі діні гуманизм. Біз кез-келген нәрсені, тіпті байырғы діндерді де гуманизм призмасынан қарастырамыз» дейтін пікір айтады. Тарихшы, футурологтың осы бір пайымы Думан Рамазанның Жошы хан пьесасын оқып отырғанда рас екеніне көзімізді жеткіземіз. Ал шын мәнінде Жошы хан гуманист адам болды ма, жоқ па, бізге беймәлім. Тек бір ғана факті бар, ол: Жошы хан Қазақ хандарының атасы. Біздің мемлекетіміздің осындай жерге ие болуына орасан зор үлес қосқан тарихи тұлға. Яғни біздің мүддемізге қызмет етті. Әрине, оқырман, көрермен өзінің атасын, елінің тарихи тұлғасын жақсы қырынан танығысы келеді. Бірақ ел басқару үнемі гумандық шешімдерден тұра бермейтіні ақиқат. Тіптен, адамзаттың өркениеті бұрын-соңды болмаған керемет деңгейге жеткенде, адам кемелдікке жетті-ау дегенде, жиырма бірінші ғасырда, адам айтса нанғысыз зұлматтар, қырғын, соғыс болып жатыр. Америкалық политолог Джордж Фридманның «Алдағы жүз жылдық: 21 ғасырдағы орын алатын оқиғаларға болжам» атты кітабында: «Мемлекет тек мүдделерден тұратын машина. Оны бір адам түгел басқарып, игере алмайды» дегенге саятын ой айтады. Яғни мемлекет деген қопал, алып машина. Ол көп жағдайда алда болатын қақтығыстардан қашып құтыла алмайды. Мүдделердің қайшылығы болған жерде таныштық жоқ. Сыртқы-ішкі күштердің, мүдделердің қайшылығының, импершіл ықпалдардың арасынан пайда табу, тыныштық табу – өте қиын. 

Дәл қазіргі уақытта бұл тақырып өте маңызды. Өйткені жаңа бір дәуір келе жатыр. Сол келе жатқан жаңа заманға Жошы хан не үшін керек деген заңды сұрақ туындайды. Әрбір ұлт, әрбір мемлекет дәл қазіргі кезеңде Жаңа Әлемдегі статусы үшін таласып жатыр. Ал импершіл, кеңесшіл көршіміз соңғы он жылдан бері біздің мемлекетімізді жоққа шығарғысы келіп, соған бізді сендіруге тырысып жатыр. Сәйкесінше, біз де Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізіп, КСРО-ның жасаған қылмыстарын, Алаштықтарға жасаған қиянаттарын әшкерелеп, ақтарып-төңкеріп жатырмыз. «Қазақ деген ұлт болмаған» деген сандыраққа енді бізді ешкім сендіре алмайды. Шын мәнісінде, бүкіл әлемді халық билейді. Халық сенген идея оны біріктіреді. Тек сенімге таласта ұтылмау керек. Осы тұрғыдан тарихи танымымыз 550 жылдан 750 жылға ұзарып, әрі кезіндегі Алтын Орда империясының заңды мұрагері біз екенімізге алдымен өзіміз сенсек, тамырымыз тереңдей түссе, еңсеміз де биік болатыны ақиқат. Жошы хан осы үшін керек дейміз. Өйткені бодан болмаған, болса да (аз уақытқа), тарихи жадын өшірмеген елдердің қандай жетістікке жетіп жатқанын көріп отырмыз. Ағылшындар, жапондар, француздар, орыстар, қытайлар, парсылар. Бұлардың бәрі өте ықпалды мемлекеттер, саяси аренадағы маңызды ойыншылар. Өйткені олардың артқы фонында тарих жатыр, ғылым-білім, ұлы өнер жатыр. 

Драма Жошы ханның Қыпшақ даласында Жаңа Ұлыс құруымен, ашық финалмен аяқталады. («Керей – Жәнібек» тарихи драмасы да дәл солай.) Ашық финал арқылы, автор «Жаңа Қазақстан құрдық. Енді шынымен әділеттілік орнап, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман» келе ме, жоқ па?» деп, үміттеніп, күдіктеніп бақылап отырғандай әсер қалдырады.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мемлекеттік идеологияның қызметін атқарған шығармалардың авторы – Думан Рамазанды лайық деп санаймыз. 

Әлішер РАХАТ,

жазушы-драматург


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар