Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тәуелсіздіктің 25 жылында ҚР Мемлекеттік сыйлығын ...

15.12.2016 6723

Тәуелсіздіктің 25 жылында ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған туындылар

Тәуелсіздіктің 25 жылында ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған туындылар - adebiportal.kz

ГОСПРЕМИЯ.jpg

Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік ең жоғары марапат – Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығы. Әдебиет пен өнер қайраткерлерiнiң еңбегiн қоғам мен мемлекет алдында жоғары бағалап, танудың айғағы болып саналатын бұл мәртебелі сыйлық әдебиет және өнер майталмандарына отандық мәдениеттi дамытуға ерекше бағалы үлес деп танылған аса үздiк шығармалары үшiн берiледi. Арнайы комиссияға тапсырылып, елеп-екшеуден өткен соң Мемлекеттiк сыйлықтарды Қазақстан Республикасының Президентi Тәуелсiздiк күнiне орай тапсыратын дәстүр қалыптасқан.

Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығы 2008 жылдан бастап екi жылда бiр рет берiледi. Кейбір жылдары бір сала бойынша бір ғана туынды лайық деп танылса, кей жылдары әдебиет пен өнер бойынша бірнеше иегерге берілген. Көркем әдебиет және әдебиетті зерттеу бойынша Тәуелсіздік алғаннан бергі Мемлекеттік сыйлыққа ие болған қаламгерлер мен зерттеушілердің сол еңбегіне шолу жасадық.

1992 ЖЫЛЫ

Жазушы Дулат Исабековке «Ай-Петри ақиқаты» повестер мен әңгімелер жинағы үшін;

Жазушы Қалихан Ысқаққа «Ақсу – жер жаннаты» романы үшін;

Фольклортанушы ғалым, жазушы, Сейіт Қасқабасовқа «Ертегіден тыс қазақ прозасы» монографиясы үшін;

Жазушы Әнес Сарайға «Еділ-Жайық» романы үшін берілген.

ДУЛАТ.jpg

Көрнекті прозаик, драматург Дулат Исабековтің кеңестік қайта құру жылымығы тұсында жазылған «Ай-Петри ақиқаты» хикаяты және басқа да әңгімелерін оқырман қауым жылы қабылдаған еді. «Ай-Петри» ақиқаты – кеңестік билік сатысына өрмелеп-құлдыраудың психологиялық қалып-күйін шынайы суреттеген шығарма. Сый-құрметке бөленіп, Қырымда шалқып жүрген Жамалдың Алматыдағы үлкен қызметтегі күйеуі орнынан түскенін ести сала, бекердегі қошеметші жұрттың түгел теріс айналғанын жазушы шеберлікпен бере алған. Кеңестік, оның ішіндегі қазақ қоғамында орын алған келеңсіздіктер «Ескерткіш», «Бонапарттың үйленуі» т.б. әңгімелерінде өткір сатира тілімен шенелген.

ХАЛИХАН.jpg

ҚР Халық жазушысы Қалихан Ысқақтың «Ақсу – жер жаннаты» романынан Алтайдан туып шыққан қарымды прозаиктерге тән қолтаңбаны, шұрайлы тіл мен көркем суреттерлі анық байқаймыз. Қалихан Ысқақов өз романында адамзаттың бесігі, көркем сұлу Алтайдың тұмса табиғатының бұзылмауы, Алтайды мекен еткен адамдардың арасында кездесетін түрлі драмалық жағдайларды, олардың өмірдің түрлі сәттеріне байланысты тебіреніс, толғанысын бейнелейтін психологиялық күйлерді қоғамдық қатынастағы түрлі поблемалармен астастыра отырып, бейнелейді. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған Қазақстан Алтайы бойындағы «жер жаннаты Ақсуды» аңсаған арманшыл жұртының шынайы тіршілік қалпын осы романнан анық көресіз.

КАСКА.jpg

Академик Сейіт Қасқабасовтың «Ертегіден тыс қазақ прозасы» монографиясында халықтық прозаның бір тобын «ертегіден тыс проза» деп бөліп алады да қазақ фольклорындағы фольклортануда біршама бұлыңғыр болып келген, нақтылы айқындалмаған миф, аңыз (предания), әпсана (легенда), хикаят (быличка), ауызша әңгіме сияқты өте күрделі мәселенің қазақ фольклорындағы көрінісін, олардың арақатынасын, айырмашылығын мұқият зерттеп, ғылыми тұрғыдан жаңа, жинақы пікір түйеді.

Зерттеушінің тұжырымы бойынша «ертегіден тыс прозаның» басты ерекшелігі – оқиға болған мезгіл мен мекеннің көрсетілуі, соған орай оқиғаға тыңдаушының сенуі, шындыққа жақын келуі, аспан, жер, табиғат құбылыстарын тануға құштарлық жатуы. Яғни, көркемдіктен гөрі танымдық сипаттың мол болуы ғалымның егжей-тегжейлі зерттеу жүргізуі арқылы дәлелденеді.

анес.jpg

Жазушы Әнес Сарайдың «Еділ-Жайық» романына Қазан төңкерісінің бастапқы жылдарындағы Еділ мен Жайық арасындағы мұнайшы, балықшы көп ұлтты қауымның қым-қуыт зобалаңға толы кезеңдегі тағдыры арқау болған. Автор өзен мен теңіз жағалап кәсіп қылған балықшы ауылдың шынайы суретін өзіндік тіл ерекшелігі арқылы қызықты етіп бере алған.

1996 ЖЫЛЫ

Жазушы Дүкенбай Досжановқа «Құм кітабы» романы үшін

Зерттеуші ғалымдар тобына (З.Ахметов, С.Қирабаев, Ж.Ысмағұлов, ҚМұхамедханов, М.Құл-Мұхаммед, М.Мырзахметов)

Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу және бастырып шығару жөніндегі жұмыстары үшін

Жазушы, сыншы Асқар Сүлейменовке «Ситуациялар» үштағаны үшін берілген.

ДУКЕНБ.jpg

Жазушы Дүкенбай Досжанның «Құм кітабындағы» кейіпкердің төлқұжаттағы есімі Абылүйген, ауылдастары Абориген атап кеткен қарапайым қойшы. Таң алакеуімнен үй сыртындағы биік белге көтеріліп, малдас құрып отыра-отыра, баяғының бітігші шебері қашаған балбал тасқа ұқсайды. Көлеңкесі кішірейе-кішірейе, бүйіріне кеп бүк түсті. Төбе басындағы балбал тас – Аборигеннің көзіне не кеп елестетеді дейсіз. Абылүйгеннің «Абориген» атануының өзі жайдан жай емесі анық.

Ғалым Серікқазы Қорабайдың аталған еңбек туралы пікірін беріп отырымз: «Кейіпкеріміз ауруханада жападан-жалғыз қиялын серік етіп, ой кешеді. Қойшылық кәсіпті қалай қамыт қып киіп алдым деп таңғалады. Марқұм әкесі «бұл дүниеде көрмеген қызықты о дүниеде көрермін» деп мал соңында сүйретіліп жүріп суішкілігін таусыпты. Бұл көкең балалық шақтың бар қызығы – «қой бағу, қозы қайыру, үнемі үні бітіп шаршап жүретін әкенің қолын ұзарту» деп біліпті. Шыжыған күннің ыстығында қалпағының астынан бу шығып, мақталы күпәйкенің жонынан тұз соры теуіп, мың салсаң бір баспайтын аяқ лаудың арқасына жарбиып мініп құм ішінде… ел шетінде жүре беріпті. Өмір өтіп кетіпті.

Қызыл орамалы желбіреп, томпиған тоқ еріні үлбіреп, жылдам қоштасып көгілдір поезға отырып, астанаға оқуға кеткен сыныптас қызының сылдыр… сыңғыр күлкісі көпке дейін құлағынан жуылмай жүріпті. Құм – жазушы көзінде құштарлық қан тамыры ұрып тұрған өмір лүпілі. Импрессионалдық фресканың символ-суретке ауысқаны секілді.

Сіз бен бізге мүлде құпия мелодраманың жігі білінбей өрілген желісінде кесек мінезді Абориген ешкімге ұқсамайды, еш ортаға сыймайды. Іш пыстырған… зеріктірген… бірқалыпты… уақыттың өзі өтіп болмайтын ортадан аракідік ашу шақырған – мінез ашуын танисыз. Рас, кісі тағдырын таңдамайды. Тағдыр адамға бұйырады. Былайғы өмірдегі суішкілік, күнкөрістің құлы секілді. Байлық артықшылық болмас, кедейшілік кемшілік емес. Өмірдің күнесі мен көлеңкесін түкпірлеп тұнжыраған, мұңайған мінезді тап басып тауып жазатын қаламгер – «мәңгілік тақырып екеу» дейді. Бірі – махаббат, екіншісі – ақталмаған үміт. Домбыраның қос ішегі іспетті, бірінсіз бірінің шешілуі қиын. Қаламгер құмдағы тағдырды қозғағанда, осы екінші тақырыпты – қиялы қай құстың қанатында кеткені белгісіз, арманы құм шағылының ыстығына күйген, ақталмаған үмітті қазбегерше қаза түседі».

ЭНЦ.jpg

Абай энциклопедиясыАбай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай қазақтың бас ақынының өмірі мен ақындық жолына арналған энциклопедияны «Қазақ энциклопедиясы» әзірлеген еді. 1995 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген бұл толымды еңбекте ақынның төл шығармалары мен аудармалары, қара сөздері мен тарихи-зерттеу мақаларына толықтай талдау жасалған. Абайдың философия, әлеуметтану, дінтану, психология, педагогика, экономика, әдеп, эстетикалық тұрғыдағы көзқарастары мен джүниетанымы туралы кеңінен талданумен қатар, Абайдың өскен ортасы, өмір жолы, ұстаздары мен шәкірттері, ата тегі мен ауыл-аймағы, абайтану ғылымына үлес қосқан ғалымдар, Абай шығармаларын аударған отандық, шетелдік тұлғалар, сонымен бірге Абай шығармаларының библиографиялық көрсеткіштері қамтылған. Авторлар ұжымына аталған еңбектің аса зор құндылығына орай ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілген.

АСКА.jpg

Жазушы-драматург, сыншы Асқар Сүлейменовке «Ситуациялар» үштағаны үшін берілген. Үштағанға енген «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қысқарту», «Төрт тақта – жайнамаз» пьесалары ХХ ғасырдың 80 жылдарындағы Қазақстан қоғамының болмысын, оның барлық атрибуттарымен қоса алып, зерттей шұқып көрсетіп, сараптау жасауымен құнды туындылар.

Қоғамымызда қазіргі күні орын алып отырған ұлттық құндылықтардың жұтаңдыққа ұрынуы, даңғазалық пен дарақылықтың белең алуы, яғни рухани дағдарысты қаламгер сол уақттың өзінде болжап кеткені ғажап.

Қоғамды алға сүйреуге қабілетті, бірақ бюрократиялық құрылымның жықпылдарынан өтіп, өз идеясының өміршеңдігін дәлелдеуге дәрменсіз зиялы да шығармашыл тұлғаның халін жазушы «Жетінші палатаның» басты кейіпкері Жұмат Сахатов арқылы көрсетеді. Ол – ғылыми интеллигенцияның өкілі, тәртіпті, білімді, сүйкімді, биязы азамат. Қоршаған рухани ортасының түсінбеуінен ішкілікке үйір болған Жұматтың адами болмысы, көзқарасы мен мәдени, әлеуметтік ортасында бір-бірінен жаттану бар. Жазушы мұны психиатрдың байламы ретінде өте орынды көрсеткен. Жазушы жалпы жеке адамдар арасындағы айырмашылық, қайшылықтарды, қоғамдық, әлеуметтік қайшылықтар деңгейіне көтереді. Қай шығармасынан болсын, үлкен зияткерліктің лебі есіп тұратын Асқа Сүлейменов туындыларының мәні ешқашан жойылмақ емес.

1998 ЖЫЛЫ

Жазушы, әдебиеттанушы ғалым Зейнолла Қабдоловқа «Менің Әуезовым» романы үшін

Жазушы, әдебиеттанушы ғалым Шерияздан Елеукеновке «Мағжан» монографиясы үшін берілген екен.

КАБДОЛ.jpg

Академик, жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романы 1997 жылы жарыққа шыққан. Көлемі екі жүз жиырма бес беттен тұратын романның тақырыбы мен басты сюжеті қазақ әдебиетінің классигі, заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтің өмірбаянына, тағдырына, қаламгерлігіне, ұстаздық қызметіне негізделіп жазылған көлемді прозалық туынды. Мұхтар Әуезовтей күрделі де алып тұлғаның балалық шағы, өскен ортасы, Абайдың ақындық аясы, Алаш қайраткерлері мен олардың жазушыға жасаған игі ықпалы, Мұхаңның өміріндегі аласапыран саяси, тарихи оқиғалардың барлығы еркін заманның ойлы жазушысының қаламы арқылы оқырманға жол тартады. «... Көрген жерден көзді арбап, көңілді қоса баурап әкететін ғажайып сурет – тағы да айтайын, - Әуезовтің өлшеусіз кең, керіле жарқыраған әжімсіз жазық маңдайы мен жалтыр төбеден тайғанай сусып барып самайға ұйлығып қалған – оң шекеде бір уыс, сол шекеде бір уыс – шөкім-шөкім бұлт тәрізді көк мамық шашы. Сократ-маңдай деген маңдай болады деуші еді, сол осы екен ғой деп сүйсіндім ішімнен, кеудемдегі күллі діріліммен түйсініп...». Ғалымдығына қоса «Ұшқын», «Жалын» т.б. тамаша романдар жазған қаламы қарымды жазушы тамаша теңеулер мен метафораларды шеберлікпен қолданады.

шерияз.jpg

Жазушы, аса көрнекті ғалым Шерияздан Елеукеновтың 1995 жылы жарық көрген «Мағжан» монографиясы арқылы қазақтың аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевты қалың оқырман жаңа қырынан таныды. Бұл жөнінде Марал Сқақбайдың мына пікірін ұсыып отырмыз: «Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияға мен сегіз жыл бойы мүше болдым. Осы мерзім аралығында оннан астам үлкенді-кішілі туынды лауреат атанды. Сол кітаптар ішінде маған айрықша ұнаған, әлі күнге сол әсерін жоғалтпаған шығарма – «Мағжан» дер едім. Менің олай деп айтуыма мынадай бірнеше себеп бар: кез келген әдеби кітапқа қарапайым пенде тұрғысынан қойылар ең басты талап – оның заман шындығын әспеттеп яки бүркелемей, дәл көрсете білуі, тілдік тұрғыдан мінсіз келіп, қызғылықты әрі жүрдек оқылуы болса керек.

Ол шарт талант пен шеберлік бірлігімен ғана жүзеге аспақ. Оны жүзеге асыру, әсіресе, әдебиеттану ғылымында оңай емес. Ал біз әңгіме етіп отырған кітап – тұтас монография. Соған қара­мастан, мен бұл еңбекті бас көтермей, роман оқығандай қызыға оқып шықтым. Осы еңбекпен бір мезгілде қатар ұсынылған кітаптар ішінде прозалық та, поэзиялық та шығарма­лар баршылық еді, бірақ дәл осы монографияша баураған, толғандырған шығарманы қазір есіме түсіре алар емеспін. Ертеректе К.Чуковскийдің КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Мастерство Некра­сова» аталатын монографиясын сүйсіне оқығаным бар-ды. Мына кітап сол әсерімді еріксіз есіме салған. «Қалауын тапса қар жанады» демекші, шын иесін тапқан­да, жақұтша жарқылдамайтын тақырып жоқ екеніне көзім тағы бір жеткен. Әсілі, монография жазудың үлгісі осылай болса керек-ті.

1999 ЖЫЛЫ

Ақын Мұқағали Мақатаевке «Аманат» кітабы үшін берілді.

мукагали.jpg

"Аманат" - Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы өлеңдер жинағы. Жазушы Асқар Сүлейменовтен кейінгі, бақилық болған қаламгерге берілген екінші мемлекеттік сыйлықтың ақиық ақын Мұқағали Мақатаевке берілуі – заңды құбылыс деуге болады. «М.Мақатаев – қазақ тарихындағы ең оқырманы көп, қалың халық басты жанашыры болған суреткер. Ол ең алдымен – ақын, қазақ жырының құдіреті», - деп қазақтың әйгілі ақын қызы Фариза Оңғарсынова айтқанындай, бірнеше буын ұрпақтың ең оқылымды, сүйікті ақыны ретінде халық жадында жаңғырған Мұқағали жырлары туралы талдап, таныстырып жатудың өзі артық болар еді.

2000 ЖЫЛЫ

Жазушы Рамазан Тоқтаровқа «Абайдың жұмбағы» романы үшін

Жазушы Баққожа Мұқаиға «Өмірзая» романы үшін

Жазушы Оразбек Сәрсенбаевке «Шеңбер» романы үшін

Ақын Темірхан Медетбекке «Тағдырлы жылдар жырлары» жинағы үшін

Жазушы, театр сыншысы Әшірбек Сығайға «Сахна саңлақтары» еңбегі үшін берілді.

РАМЗАЙ.jpg

Жазушы Рамазан Тоқтаров өзінің «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасында ұлы ақын өмірі мен поэзиясының әлі ашылмаған қырларына, шетсіз, шексіз әлеміне бойлай отырып, Абайдың жұмбақ болуының кілтін, сырын, себебін іздеуге талпынады: «Ұйқысынан жаңа оянған марғау қазақ даласында Ибраһим Құнанбайұлындай теңдесі жоқ кемеңгердің дүниеге келуі кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Бір Абайда сан кісінің саралы өмірі тұр. Абай қазынасы – біздің қолымызда болса, дана адамның өзінің өмірден не алғаны, қалай алғаны – жұмбақ. Ол жұрт көрмегенді көрді, жұрт сезбегенді сезінді. Ал енді: қалай көрді, қалай сезінді, түсінік-түйсігі, қай дәрежеде қалыптасты? Не нәрселерге көбірек әсерленді?» - деген сұрақ қоя отырып, өзіне дейінгі Абай туралы жазылған шығармаларды, мұрағат деректерін сараптап, сүзгіден өткізе отырып, ұлы Ақын бейнесін жаңа қырынан танытады.

«Толғақ», «Жұлдыз», «Құрбандық», «Қызғаныш», «Хақиқат мекені», «Нұрсипат» деген бес кітап арқылы Абайдың өмір сүрген дәуірін кеңінен суреттейді. Кенесары хан, Наурызбай, Ағыбай батыр, Үмбетей жырау, Тәттімбет күйші, сұлтан Шыңғыс Уәлиұлы, Мұса Шорманов, Ахмет-Риза хазрет, Абаймен тұстас өмір сүрген замандастары – Шоқан, Ыбырай, Достоевский, Құдайберді, Долгополов, Михаэлис, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Әлихан Бөкейханов, тағы да басқа тарихи тұлғалардың романда көрініс табуы романның жүгін арттыра түскені анық.

БА00АОЖА.jpg

Талантты жазушы Баққожа Мұқаидің «Өмірзая» романы туралы белгілі сыншы Жанғара Дәдебайдың мақаласынан үзінді беріп отырмыз. «Өмірзая» – ХХ ғасырдың ақырына қарай Кеңес өкіметінің тоқырау кезеңіндегі саяси-әлеуметтік, тарихи маңызы зор аса ірі оқиға желісіне құрылған. Шығарманың қазақ елінің тәуелсіздігі туралы басты идеясы қоғам мен адам ара­сын­дағы алшақтық, тоқыраған қо­ғам­дағы жеке тұлға тағдырының трагедиялық шындығы арқылы ашылады.

«Өмірзаяның» бас кейіпкері – Аяған, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқытушы, ғылым кандидаты, тарихшы. Айна­ласы, ортасы: студенттер, профессор-оқытушылар, факультет, институт басшылары. Ұстазы – қарт профессор, ұлттық тәуелсіз­дік идеясының іздеушісі, зерттеушісі, коммунистік идеология талаптары мен азаматтық ұстанымдары өзара қайшы болғаны себепті қуғын-сүргін көрген, жапа шеккен.

Қыра­ғылық танытқысы келіп, Кеңестік өкіметке адалдығын, коммунистік идеологияға шексіз берілгендігін жалпақ дүниеге жар салып жариялауды мақсат еткен пенделердің ішінде жатып, айналасынан жау іздеген, көзі аларып, өз бойына өзі сыймай шіреніп, тісін қайраған шойынқұлақ пиғылдағылар қарт профессорды жайына қалдырып, енді оның шәкірттеріне ауыз сала бастаған. Оның тісі алдымен Аяғанға тиді. Жас ғалымның үстінен «пиғылы жат», «ойы бөтен», «ұлтшыл», «сенімсіз» секілді бәлелі-жалалы сөздер қарша борады. Бұл жұмыстан қуылды. Ісі тергеуге түсті. «Коммунистік партияға қарсы», «Кеңес өкіметіне жан-тәнімен қарсы», «Астыртын ұйым құрған», «Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы» деген айыптар тағылды. Аяған енді өзінің ақтығын, адалдығын, жазықсыздығын дәлелдей алмай, көкірегінде шыр-пыры шығып шы­рылдаған шындығына басқа­ларды иландыра алмай, мысы құриды. Шындық іздеп жүріп, түрмеге түсті. Түрмеден шығып келіп еді, әлгілер оны жындыханаға салды. Одан аман-сау шыққан соң да тыным бермеді. Қайтадан түрмеге тықты. Қарт ата-анасы, әйелі осының қайғысынан өлді. Балалары жетім қалды. Өмірі зая кетті. Мына дүниенің әді­лет­сіздігінен, азап-мехнатынан жан беріп қана құтылды.

Жазушының өз заманының көз алдындағы тарихи маңызы зор, аса іргелі шындығын жазуы, қара сөзден өз заманының қайт­пас қайсар ұланының, қаһар­манының көркем мүсінін сомдауы – әдебиет тарихында өте сирек кездесетін ерекше құбылыс. Баққожа Мұқаи «Өмірзая» романында өз заманының саяси-әлеу­меттік, тарихи маңызы зор, мәні үлкен аса іргелі, өзекті шындығын суреттеді, заман қаһар­ма­ны­ның образын жасады. Шығармашылық еңбек жолында мұндай нәти­жеге жеткен жазушы да та­рихта өте сирек. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы кеңестік қоға­м­ның тоқырау дәуірінде ұлт­тық идея, ұлттық тәуелсіздік идея­сы жолында еңбек етіп, бейнет көрген, қанша тар қапаста, тайғақ кешуде, азап үйлерінде өмірлік ұстанымынан таймаған, алған бетінен қайтпаған, елдің тәуелсіз­дігі үшін өмірін қиған, жанын пида еткен замандас образын жасау – жазушының шығар­ма­шы­л­ық бақытқа пара-пар жетістігі».

оразбек.jpg

Өмір шындығын құнарлы тілмен суреттеу арқылы мөлдіретіп жазатын талантты жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың «Шеңбер» романында қазақ қоғамының өткені мен бүгіні, замана келбетінің көркем шежіресі қатар алынып жасалған. Соның бәрі жеке адамдар тағдыры, олардың күнделікті өмірі, күресі мен жеңілісі арқылы суреттеледі. «Шеңбер» романы, аты айцтып тұрғанындай, қанша жерден «адамға табын – жер енді» деп ұрандатқанымызбен, жазмыш шеңберінен асу жоқ. Сондықтан да өзіндік жақсылықтарына қоса зардаптары да ұшан-теңіз социалистік қоғамның бордай тозып, күйреп қалуының себебіне жауапты аталған шығарманы оқыған оқырманның жауап табары анық.

ТЕМИР.jpg

Жаңа ғасыр табалдырығында мемлекеттік сыйлық алған қаламгерлердің бірі – ақын Темірхан Медетбек. «Тағдырлы жылдар жырлары» жинағына енген өлеңдер өзінің мамзұндық, пішіндік сонылығымен ерекшеленеді.

Еңкіп-еңкіп соққанда

Таудың денесінен,

Тастар бұршақ боп құйылды.

Серпіп-серпіп соққанда

Үзіп жібердім.

Шынжыр боп шырмалған

Бұғау боп күрмелген түйінді

Күрсінгенімде

Күн күркіреді.

Сілкінгенімде –

Жер тітіренді.-

деп көк түріктер сарынын, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктен жеткен тас жазбалардағы даналық рухын, орта ғасырлар мен хандық дәуірдегі ұзан жыраулардың екпінін қаламына сіңіре отырып, ХХІ ғасыр ұрпағы үшін түрлендіре жырлаған Темірхан ақынның аяқ алысы расымен де оқырманды елең еткізері анық. «Қазақтың Герағаңы», Герольд Бельгер Темірхан Медетбек поэзиясы жайлы былай деген екен: «Темірхан Медетбекті көп жылдардан бері қадағалап оқимын, поэзиясында, публицистикасында. Ерекше талант. Даусыз. Ешкімге ұқсамайды. Ұқсаса – Махамбетке ұқсауы мүмкін. Өлеңдерінде азаматтық әуен, өршіл екпін, тегеурінді мақам бар. Ашық жазады. Жағымпаздану, жарамсақтану, мәймөңкелеу, сылап-сипау, жалпашешейлік, көлгірсу Темірханда кездеспейді». Ендеше, Темірхан Медетбек толғамдары – қай кезеңде де оқырманын жалықтырмайтын толымды толғаулар, отты жырлар.

ашир.jpg

Жазушы, театр сыншысы Әшірбек Сығайға «Сахна саңлақтары» еңбегі үшін берілді. Қазақ сахна өнерінің дамуына ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері елеулі үлес қосқан майталмандардың еңбегін ел жадында мәңгілік жаңғыртқан туынды болып саналатын «Сахна саңлақтарын» оқысаңыз – әрқайсысы былай қарасаңыз бір-біріне еш ұқсамайтын, бірақ барлығы бірігіп келіп, біртұтас, заманауи қазақ сахна өнерінің алтын дәуірін құраушы тұлғалардың жиынтық бейнесін көретніңіз анық.

Он сегіз кітап жазған сыншы-жазушы аталған кітабында әр сахна саңлағы туралы, олардың жүріп өткен жолын бағамдай отырып, тап басқан тамыршыдай батыл ой-пікірін білдіреді. Мысалы, ҚР Халық артисі Құман Тастанбеков туралы былай дейді: «...Барын қанағат тұтқан биязы өнерпаз жоғын іздеп өрекпуде өркөкіректік танытып алмауды өзіне мақсат еткендей. Жалпы жетпісінші жылдары Құман қатарлы театрға келген жас артистердің режиссура жөніндегі көрген қамқорлықтары пәлендей сүбелі емес. Әзірбайжан Мәмбетов көбінше аға, орта буын артистерімен «алысып» жүріп, бұлардың буынына анау айтқандай көңіл бөле алмады. Олар кездейсоқ ауысу, алмасу процестерін бастан кеше жүріп, ілгеріледі, ізденді», – деп жазды.

ҚР Халық артисі Есмұхан Обаев былай деп жазады: «Қазақтың профессионалды театр өнерінде Әшірбектің орны ерекше. Өйткені театртанудың театр сыны деп аталатын саласын кең арнаға салып, өрісін ашқан Әшірбек еді. Қазақстанда 53 театр болса, ол соның бәрінде болды. Еліміздегі 53 театрды түгел аралап, ондағы таланттарды тірнектеп жинап, елеп-екшеп, өнерде жүрген дарынды актерлардың шығармашылық портреттерін жасады. Сол портреттер топтастырылған «Сахна саңлақтары» атты кітабы үшін 2000 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Театрлардың тарихын, репертуарын, драматургия мен режиссураны зерттеген көлемді еңбектер баршылық. Бірақ Әшірбекке дейін бірде-бір сыншы театр актерларының портретін жасаған емес». Ендеше, өмірден мезгілсіз аттанған қазақ сахна өнерінің Күреңбай сыншысы Әшірбек Сығайдың аталған еңбегі өзінің тарихи деректік, теориялық-практикалық құндылығымен әрдайым ерекше тұрмақ.

2002 ЖЫЛЫ

Ақын Марфуға Айтхожина «Аңсау» жыр жинағы үшін

Жазушы Әкім Таразиге «Жаза» романы үшін

Ақын Нұрлан Оразалинге «Ғасырмен қоштасу» өлеңдер жинағы үшін

Ақын Иранбек Оразбаевқа «Қорқыттың көрі» жыр жинағы үшін

Сыншы Зейнолла Серікқалиға «Алтын жамбы» сыни мақалалар жинағы үшін берілген.

МАРФУ5А.jpg

Тырнақалды өлеңдер жинағы «Балқұрақ» деген атпен 1962 жылы жарияланған «қазақтың аққу қызы» Марфуға Айтхожинаның кәусар жырлары туған халқына етене таныс. Нәзік жанды ақынның әсіресе, көңіл-күй лирикасы ғажап құбылыс. Онда оқыған адамның жанын баурап, еріксіз иіріміне тарта бір тылсым бар. Ақынның жырлары – тағдыры ғой. Марфуға Айтхожина – тағдырлы ақын. Марфуға жырларынан біз Арғынбек, Таңжарық, Жәркен өлеңдеріндегі мөлдір сағыныш, шүкірана қуаныш егізделген шынайылық ескен сарынды аңғарамыз:

Қаншама артық болса да басқа қала

Жетер ме өз туған жер, тас қораңа?

Алыс жүрсең құс болып сағынышың

Құшақтай ма жартасы, жастана ма?

Әлде оған сырлы ыстық жас тама ма?

Әлде одан көтере ме алғаш рет?

Шырылдап жатқаныңда асқақ ана

Әлде адам сарқып барып бар тірлігін

Бір уыс топырағын жастана ма?!.

Марфуға Айтхожина өлеңдері – көркем айшықтарға, сезіміңді селт еткізер ғажайып сұлулыққа толы эететикалық талғамы биік жырлар.

Туған ел мен туған жер топырағын аңсаған кезде, кез келген адамның жүрек қылындағы сезімді тап басып қозғайтын Марфуға ақынның өлеңдерін оқысаңыз, онда жиі кездесетін Сайрам, Талқы, Тәңіртау сияқты өлкелерді көріп-білмесеңіз де, өзіңіздің туып-өскен өлкеңізге деген сағынышыңыз қабыздап, сөзден төгілген ғажайып суреттерге шомарыңыз анық:

...Бөленіп төбе үстінде құрық қалған...

Жоқшылық жомартқа тор құрыпты алдан.

Ақ арман құшағында талып кеткен,

Көл-арудың көз жасы тұнып қалған...

Өз оқырмандарын қалыптастырған қазақтың танымал ақын қызы Марфуға Айтхожина өлеңдері әрдайым биік талғам үдесінен шыға берері анық.

АКИМ.jpg

Қазақстанның Халық жазушы Әкім Таразидің «Жаза» романы – жаңа ғасырда жазылған айтулы романдардың қатарына енетін шығарма. Роман отбасылық мәселелер мен ұлт болып сақталу арасындағы өзара байланыстарды «отбасы – шағын мемлекет» дейтін ұғым арасында терең психологиялық иірімдер арқылы көрсете алған. Шығармадағы кейіпкерлер Або мен әйелі Зоро, балалары Боло мен Айно – бір қарағанда қазақы әдепкі атаулар да емес. Әдебиет зерттеушілер аталған шығарманың өзегі жапондық психология сарынына құрылғандықтан да, автордың осындай есімдер таңдаған деп атап көрсетеді.

Кешегі Ауған соғысының жауынгері, бүгінгі күзетші Абоның жан дүниесіндегі арпалыс оқырманды бей-жай қалдырмайды. «Мен шығармаларымды заманға, болмаса жекелей біреуге ұнайыншы деп жазған емеспін. Табиғатымнан қатал жазушымын. Заманды да, адамды да аямаймын», - деп өзіне зор талап қоятын жазушының аталған романы – өз заманындағы солақай саясаттың салдарынан жасалған ағат қадамдардың жеке адамға, тұтастай ұлтқа тигізген өлшеусіз зардаптарын жалаң баяндау емес, адам санасы мен әрекетіндегі терең психологиялық ауытқушылық хал арқылы шеберлікпен сезіндіретін, талғамды шығарма.

нурлан.jpg

Аталған жылы ақын Нұрлан Оразалин «Ғасырмен қоштасу» өлеңдер жинағы үшін мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған екен. Бүгіндері аға буын ақындар қатарына енген Нұрлан Оразалиннің өлеңдеріне бастан кешкен өмір жолдары, туған ел мен жер, Отан, өзі бастан өткеріп, көзден кешірген замананың түйінді тұстары арқау болған.

Тіршілікте аз адам жұртына аңыз,

бәрімізде болуға ұмтыламыз.

Пендеміз ғой, пендеміз…. Пенделіктің

кейде көніп кетеміз ырқына біз, –

деп қазақи қоңыр үнмен жырлаған ақынның өлеңдері – өз дәуірінің үні екендігі анық.

Неге керек көбік сөз?.. Жасыра алман…

Жорға тартып шықпайды ғасыр алдан.

Білетінім: Ертеңім – ұрпаққа сын,

Бостандығым – тағдырым бәсіре алған.

Бүгінгі біздің буын қол жеткізген Тәуелсіздік атты қастерлі бақтың баянды болуы болашақ ұрпақтың қолында екенін меңзеген ақын өлеңдерінен мазмұндық, пішіндік тұрғыдағы батыл шешімдерді аңғара қоймасақ та, сарабдал сана, сабырлы жүрекпен жазылған жырлардың өзіндік айтары, ғибратты сырлары бар екені даусыз.

9ЛЫ0БЕК.jpg

Қазақтың талантты ақыны Ұлықбек Есдәулетов «Киіз кітап» жинағы үшін мемлекеттік сыйлық алған екен. Көркемдігі келісті жырлардан құралған бұл жинақ туралы белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы былай дешен екен. «Шындығын айтсам, Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітап» жыр жинағын қолға алғанымда, бұрынғы оқыған кітаптарындағы сыршыл әлемімен қайта қауышам ба деген үкілі үміттің жүрегімде қылаң бергені рас. Жалған тіршіліктің қиындығынан шаршағанда:

Түсіме бүгін кірді ауыл,

Түсімде жүрдім бала боп,

Басымда ой жоқ зілмауыр

Жанымда мұң жоқ, нала жоқ.

Пәтерден көшкен пәтерге,

Ақыны емес қаланың,

Тойынған бал мен шекерге

Еркесі екем даланың.

Емшектен шыққан балама,

Жүргем жоқ тіпті сүт те іздеп.

Кілегей тартқан анама

Тұр екем деймін «жұтқыз» деп, -

деп, бала болуды армандайтын ақынның қиялшыл кейіпкерлерін қайта кездестірем бе деп ойлағам. Бірақ қателесіппін. «Киіз кітапты» соңына шейін оқып шыққанымда, бұрын соңды адам баласының аяғы баспаған жаңа бір әлемнің қалың орманына кіргендей әсер алдым. Ақынның жан дүниесінің есейіп кеткенін байқадым. «Киіз кітаппен» бірге менің де ойым өсе түскендей болды. Елдің, жердің, ең қорқыныштысы рухани құндылықтардың азып-тозып бара жатқанын ерекше бір сезімталдықпен суреттеген ақынның жыр жолдарын оқығанымда, зарлық пен мұңлықтың қайғылы үні құлағыма жеткендей, жон арқама кірпі аунағандай, тұла бойым түршігіп кетті». «Киіз кітапты» оқу керек, оқу арқылы ұлтымыздың айрандай ұйыған қазақы бояуына, риясыз қалпына, яғни өз қаныңызда, санаңызда бар, ақпаратың ақын қаламы арқылы шеберлікпен түскен суретіне түшіркене таңырқап, бас алмай оқитыныңыз анық.

ИРАНБ.jpg

Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) қазақ әдебиетіндегі қабырғалы қаламгерлердің бірі. Лирикалық өлеңдерден бастап, терең философиялық иірімді, эпикалық драмаларға дейін қаламынан тудырған Иранбек Оразбаев шығармашылығы туралы пікір айтудың өзі оңай емес. Мемлекеттік сыйлық алған «Қорқыттың көрі» туындысы – ақынның әлемдік әдебиеттің биік көкжиегімен астасып жатқан дүние екенін аңғару қиын емес.

Зауал індетіңді молайттың,

Қара жер емеспін ғой,

Құдай.

Шер-шеменімді зорайттың,

Қатқан көн емеспін ғой,

Құдай.

Жүрек қанымды қарайттың,

Қалаулыңнан кем емеспін ғой,

Құдай.

Соқа басымды сорайттың,

Мен сен емеспін ғой,

Құдай.

Иранбек Оразбаев жырлары қазақы таным-түсінікпен өріле отырып, кейде ұлтымыздың дәстүрлі көзқарасына тіпті қайшы келетіндей қадамдарға барып қалғандай болып көрінетіні рас. Алайда, «қу шұнақ құдай!» деп, жүрегі күйіп, өзегіне өкініш түскенде Жаратушысына өкпе айтатын қазақтың ақын ұрпағына жараспайды деп те айталмасымыз анық. Екі ғасырдың тоғысқан тұсына таман тағдырлы ақынның басынан өткен трагедиялық хал – туған халқының ғасырлық мұңымен, бүгінгі күнге деген тәубасымен, келер күннен күтер үмітімен астасып кеткендігін көруге болады.

Құдіретім деп таныдым,

Құрбандығың болайын.

Сен мың жаса, Жарығым,

Мен-ақ көктей солайын!

Күрсінбе де, күрмелме,

Азғырар Ай, арбар Күн.

Сен жер басып жүргенде,

Махаббат – бар, Мен – бармын!

ЗЕЙНОЛЛА.jpg

Талантты әдебиеттанушы, сыншы Зейнолла Серікқалидың «Алтын жамбы» кітабы –Мемлекеттік сыйлыққа лайық туынды екені сөзсіз. Жазушы Төкен Ибрагимов былай деп жазады: «Зейнолла Серікқали зерттеушіліктің аса табанды әрі нәзік те өткір тәсілдерге аса бай сыншы әрі кешірімсіз сыншы. Өз зерттеу-сын еңбегінде айтқан ойларын қайталап, қайыра көмкеріп, бекітіп отырады. Бұл – оның аса жиі қолданып отырады. Мысалы, «Ал Асқарды түсінбейміз деп шынын айтатындар базынасы соншалық жаттанды, әбден бауырласқан тобырлық өнер сұранысымен ғана шектеліп, элитарлық мәдениет өресіне көтеріле қоймағандардың өз талғам-таным деңгейінен сырын шашқандығынан басқа түк емес».

Зейнолла Серікқали – өз заманындағы қарымды қаламгерлермен, интеллектуалдығы жоғары әдебиеттанушылармен, сыншылармен араласа, кейбірімен етене достаса жүріп, олардың шығармашылығы туралы тамаша талдаулар жасап, өрелі ойлар айтады. Сыншының әдеби сын теориясындағы кредосын мына ойларынан аңғарамы: «Кез келген ақынға айтылып жүрген; әр шумақ жырынан белгілі бір сәттегі бүкіл болмыс-бітімің, көңіл-күйің аңғарылып, қабақ кірбіңің, жүздегі нұр, көкірегіңдегі от лаулап, жалындап жатса екен деген орынды талап енді тұп-тура сыншылардың өзіне де арналатын кез жетті... Дәлелсіз мадақ пен дәлелсіз жазғырудың өрісі тар. Ақтарылып отырып, жан дүниесін айқара жайып салып пікір айтқан адам – шын сырын бүкпесіз, қалтарыссыз шерткен адам. Адал көңілін, адал пікірін айтса – ол оның әдебиетті сүйгендіктен, айрықша бір жауапкершілікті сезініп айтқаны. Әділ айтса – ол шығарманы танығандығы. Сондықтан да біз оған сенеміз, қалтқысыз сенеміз. Ал оқушысын бұлай сендірген, баурап алып, қызуымен, жанымен орап алып сендірген сын, әрине, тегін сын болмаса керек. Сыншының айқын, берік тенденциясы, эстеткалық сезімінің жетістігі, көркемдікті тану, түйсіну қабылеті, білім-парасаты, мәдениеті, дүниеге, өмірге көзқарасы, рухани жан сұлулығы, ұстанымы, оты – бәрі-бәрі қаз-қатар тізіліп көрініп, жазушы сыншының шын мәніндегі туысқандық достығы, бауырластық бірлігі басталатын жер, міне осы болар».

2004 ЖЫЛЫ

толен.jpg

ҚР Мемлекеттік сыйлығы 2004 жылы жазушы Төлен Әбдікке «Парасат майданы» хикаяты үшін берілген болатын. Әдебиет әлемінде тым ерте танылған жазушының осыншама кеш, ХХІ ғасырда ғана мемлекеттік ең жоғары марапатқа ие болып жатуы, мүмкін, таңданыс тудыруы да мүмкін. «Парасат майданы» – расымен де соқталы шығарма. Ол туралы көп жазылды, көп оқылды. Көп талданды. Белгілі сыншы,әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлының аталған шығарманы кең көлемде талдағанын білеміз. Біз ертеректе жарияланған осы еңбектен көлемді үзінді беруді жөн көрдік: «Енді бұған не дейсіз? Зұлымдықтың аузымен сөйлеген өтіріктің айтып отырғандары расында да шындық емес пе осы? Қалай мойындамауға болады, оның мірдің оғындай дәлелдерін? Бірақ оны мойындасақ күндердің-күнінде біздің бәріміз сол зұлымдықтың апанына түсіп, оның жемтігіне айналатынымыз да айдай ақиқат қой. Міне осындай зұлматтан шошып, жер бетіндегі жауыздыққа қарсы парасат майданын бастап, жан азабына түскен ғаріп жан тозақтың отына күйгендей қиналып, жүрегінің алтын сарайының қоймасын ашып, зұлымдықтың келтірген дәлелдеріне қарсы жауап іздейді.

- Өмір күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетін болды. Одан кейін неше түрлі қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Енді қатері одан кем емес ақыл-парасат майданы шықты. Егер бұл майданда ізгілік жеңіске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу дәуірі басталады - дейді ол шарасыздықтан қамығып.

Мойындағымыз келмегенмен, сол рухани күйреу дәуірі басталып кеткен жоқ па, осы бізде? Неге адамзат баласы дүниедегі әділеттілікті әлемдегі бір-екі күшті мемлекеттің ұғымымен өлшеп, әлсіздердің ініне су құюмен келеді. Әлемде тек мықтылар ғана өмір сүріп, аяғынан тік тұра алмай жатқан сәби мемлекеттер жойылуы керек пе сонда, жер бетінен? Мыңдаған мешіт салсақ та, неге адамның бойындағы имандылық жоғалып барады, жылдан-жылға? Неге біздің ақындарымыз билікті мақтап жыр жазғандарын немесе аяғына жығылып, сөзін сөйлеп, сойылын соғып нәпақа тапқандарын соншалықты ұлы мәртебе санайды? Гомер, Данте, Шекспир, Гете, Пушкин, Абай мен Жұмекендердің адамдық санасы көтерілген ұлы биікке шығуға талпынудың орнына, неге ақыл-парасатымыздың көшін тоқтатып, рухымыз құлдырап, өлі жандарға айналып барамыз күннен-күнге? Рухани күйреуге ұшырағанымыз рас болмаса, халық үшін жазықсыз атылып кеткен Алаш қайраткерлерінің жанын беріп көксеген, өмірін қиып қорғаған ұлы мұраттары қайда қалды? Қайда?

«Парасат майданы» повестін оқып отырғаныңда осындай бір шамырқанған мазасыз ойдың тиегі босап, көңіл кеңістігіңнің бір түкпірінде үнсіз жылап қоя береді. Күресінге лақтырылған рухыңмен табысып, жүрегіңді езіп, жаныңды қинаған сұрақтардың жауабын тапқандай боласың. - Рас өтірікпен күн көрген заман көп болды. Қазір де онымен күн көріп жүргендер аз емес шығар. Бірақ ол өтіріктің өз басының жақсылығынан емес, өтірікке негізделген қоғамның кінасынан ғой. Егер оның орнында шындыққа негізделген әділ қоғам болса, өтірік сол сәтте әшкере болып, сіз айтқандай, бізге кекірейіп, жоғарыдан қарап сөйлей алмас еді...

Шығарманы оқи бастағаннан-ақ суреткер Әбдікұлының талай кітаптың шаңын жұтып, өз ақиқатын дәлелдеу үшін айтысатын ізгілік пен зұлымдықтың қисындарын бақайшағына дейін зерттегенін аңғарасың. Зұлымдықты жақтаған бейтаныс кейіпкердің хатын оқып, келтірген дәлелдерімен таныса бастағаныңда, кейде тіпті, пенделік түйсігіңнің оның алдында жығыла жаздайтыны да рас. Біраз уақыт өткеннен кейін оған беретін ізгіліктің жауабын оқығаныңда, райыңнан қайтып, сол пенделік түйсігіңнің солқылдақтығынан үрейлене бастайсың.

«Парасат майданы» күтпеген жерден қайғылы аяқталады. Ауыр қасіретті арқалап, жан азабын кешкен науқас, ақырында, ешқандай да бейтаныс хат жазушының жоқ екені, өзінің біресе ізгілік, енді бірде зұлымдық болып айтысып жүргені туралы ащы ақиқатқа көзі жетіп, өзіне-өзі қол салып өледі.

Повесттің басты кейіпкері қаза тапты. Бірақ рух тазалығы үшін болған шайқас әлі жалғасып жатыр. Зұлымдық салтанат құрып, үстемдігін жүргізіп тұрған заманда парасат майданындағы сол ұлы ұрыста қиналып, азапқа түсетін бір жұмбақ әлем бар. Ол – адамның жаны. Жан өлген күні – Ізгілік өледі. Өмір өледі. Біз өлеміз...»

2006 ЖЫЛЫ

Жазушы Сайын Мұратбековке «Жусан иісі» шығармалар жинағы үшін

Ақын Есенғали Раушанға «Бозаңға біткен боз жусан» жинағы үшін

Ақын Күләш Ахметоваға «Құт» жинағы үшін берілген.

САЙЫН.jpg

«Жусан иісі» - қазақ даласының жұпарлы жусаны аңқыған тамаша жинақ. Сайын Мұратбеков шығармашылығы туралы көрнекті жазушы Тахауи Ахтанов былай деп баға берген екен: «Бізде шағын жанр әңгімені жаңа форма, тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары бар».

Талантты прозаик, балалар әдебиетінің аса көрнекті өкілі Сайын Мұратбеков әңгімелері мен хикаяттары – екі ғасыр жүзінде миллиондаған қазақ балалары мен жастарының, жалпы оқырмандарының қызыға оқитын шығармаларының қатарында екені даусыз.

ЕСЕНГАЛИ.jpg

Қазақтың дәстүрлі қара өлең үлгісімен-ақ тамсандырар тамаша жырлар жазып, қазақ поэзиясының көгінде жарқырап жүрген танымал ақын Есенғали Раушанның «Бозаңға біткен боз жусан» жинағына ақынның ең таңдаулы өлеңдеріне қоса «Сарыөзен», «Ғайша бибі» қатарлы көлемді поэмалары енген. Есенғели ақын өлеңдерінің ғажайыбы – оның қазақы ойлаудың терең тұңғиығынан шымырлап шығып, қазақы танымдағы кез келген адамға етене қалыпта қабылданатындығында болса керек.

Бозаңға біткен боз жусан,

Боқыраудың күні болғанда,

Бозарып барып солар ма,

Мен бозаңды құшып көз жұмсам,

Қара жер қойның толарма?!

Ақын Жәлел Шалқардың аталған кітап туралы мына пікірін беруді жөн көрдік: «Әрбір өлеңнің астарында ауқымды бір ойдың жататындығы және сол өлеңнің түп тамыры қазақтың қазыналы «Жыраулар поэзиясына» барып тіреліп өн бойынан қарапайым қазақи мінездің аңқып тұратындығы кеудемде өшпес әсер қалдырды. Жыр кітабының «Бозаңға біткен боз жусан» деп аталуының өзінде үлкен философия жатыр. Өйткені қарға тамыр қазақтың атам заманнан бергі тарихы, мәдениеті, әдебиеті, ұлттық болмысы мен таным түсінігінде жусанның алатын орны ерекше. Енді «Бозаңға біткен боз жусан» деп қарайтын болсақ, қазақтың созылып жатқан бозаң тартқан даласындағы өсіп тұрған жусанның бозарып барып солуын ақын өзінің ақындық, азаматтық тұлғасымен салыстыра, шалыстыра суреттеген. Және де ақын болсын, әкім болсын ешкімнің бұл өмірде мәңгі өмір сүрмейтіндігін осы жырға арқау етіп, Мен бозаңды құшып көз жұмсам, Қара жер қойның толар ма?! - деп қасиетті жер анамен тілдеседі. Келесі бір үзіндіде де сол жусанды, қазақтың ұлттық сусыны болып саналатын қымызды арқау етіп қазақтың мәрт мінезді, дархан пейілді, ақжарқын халық екендігін меңзеп біртұтас ұлттың атынан сөйлеп тұр. Бұл жерде ешқандай алып қашпа теңеу жоқ. Қазақтың қандай кеңқұшақ халық екендігін күллі әлем біледі - десек артық болмас...»

2010 ЖЫЛЫ

Ақын Жұмекен Нәжімеденовке «Менің Қазақстаным» өлеңдер мен поэмалар жинағы үшін берілген.

Ж9МЕКЕН.jpg

Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық әлеуеті, шығармашылық лабораториясы жайлы айтып жатудың өзі артық болар. Жұмекеннің қарапайым болып көрінгенімен, асқа биік, тұңғиық терең әлеміне бойлау үшін де қабілет-қарым керек. Мұқағали мен Жұмекен – мөлдір тұнығынан қарасаң тап-таяз болып көрінгенімен, түбіне бойлатпас тереңдік. Белгілі жазушы Рақымжан Отарбайдың мына бір толғанысы біз айтып отырған осы халді бейнелейтіндей. Жұмекен табиғатын ашуға деген ХХ ғасырда Достоевский бағындырған шығармашыл ақыл-ойдың асқары – ой философиясы, сезім философиясы деген биіктікке Қошалақтың қоңыр ұлы ғана көтеріліп кеткенін көреміз.

Бәлкім, ол Ашақ сорында қалған әке ізіне қарай-қарай өзегімізден өте туған шығар?

ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының құбылысына айналған қос тұлғаның бірі Мұқағали Мақатаев өз ортасынан баз кешкенде:

Жапырақ-жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын, -

деп жас қайыңға дәрменсіз қолқа салса, Жұмекен Нәжімеденов ол гөй-гөйді бастан өткізіп жүріп:

Жел өтінде ыс-пыс боп ырсыл қағып,

Тас қабақта тұл жалғыз тұрсың нағып? –

деп жалғыз қайыңды өз бейнесінде көреді.

Кездейсоқтық па, әлде қайың олардың ақындығының тотемдік символы ма? Меніңше, соңғысы. Кеңсайдағы Жұмекен ескерткішінің көк тасы бетіне де белі бұралған жалғыз қайың бейнеленген. Тәу етіп барған сайын бір уыс топырақ бүлкілдеп, құлаққа үзік-үзік қоңыр үн келеді:

Аржағында ұлы ызғар сезіліп тұр,

Жылтырайтын дүниенің беті ғана…».

Жұмекен әлемі – расымен де тұңғиық. Жұмекен жырлары – халқының жүрегінде жаттаулы. Сол себепті де Жұмкеннің маңдайына барша қазақ даласы өз жырын ала таңмен таласа, салтанатты, ресми іс-шараларда қатарласа тұрып ақын жырын жүрегіне қойып шырқау бақыты жазылса керек.

2012 ЖЫЛЫ

Жазушы Сәбит Досановқа «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы үшін

Ақын Несіпбек Айтұлына «Арқатірек» поэмалар жинағы үшін берілген екен.

ДОСАНОВ.jpg

«Жиырмасыншы ғасыр» атты роман-эпопеясы – қазақ халқының соңғы жүз жылдық тарихын көркем шындықпен қамтыған көрнекті туынды. Қазақ тарихындағы қоғамдық-әлеуметтік оқиғалар, көрнекті тұлғалар көркемдік шындық заңдылығы бойынша эпикалық баяндау, кейіпкерлерді даралау, мінездеу жолдарымен сенімді суреттелген, - деп жазады белгілі әдебиеттанушы ғалым Темірхан Тебегенов.

Жазушы Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясы – аса көлемді туынды. Аты айтып тұрғандай, роман-эпопеяда Ресей патшалығы империялық-отарлық басқару-әкімшілік жүйесінің, зорлық-зомбылықтарынан бастап, қазіргі кезеңге дейін қамтылған төрт кітаптан құралған еңбек болып табылады.

Кітап туралы Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай дейді: «Бұл кітапты бастасаң болды, бас көтере алмайсың. Алып өзеннің ағыны айдап алып бара жатқандай күйге түсіп, бас көтерместен оқи бересің. Ана оқиға не болар екен, мына мәселе қалай тынар екен деп қадаласың да отырасың. Кітаптың әр беті сайын көркем сөздің шырынын жұтып, масайып, марқаясың, жүрегің лүпілдеп, жаның лаулайды. Кейде қатты қайғырып, ерініңді тістеп, қайта-қайта бас шайқайсың. Осының бәрі автордың сөз қуатының, оның ой ғаламатының күші».

несипбек.jpg

Ақын Несіпбек Айтұлына «Арқатірек» поэмалар жинағы үшін берілген екен. Қазақ поэзиясындағы поэма жанрының ХХІ ғасырдағы даму жолы тұрғысында ойға оралатын ақындардың бірі – Несіпбек айтұлы екені даусыз. Оған ақынның соңғы жылдар жүзінде жазылған кесек туындылары куә. «Арқатірек» жинағы – қазақ ұлтының ел болып жер бетінде аман қалуына қанын беріп,терін төккен абзал ерлердің атақ-даңқын жағырта тербеген, бүгінгі Тәуелсіздік таңы атқан ғажап өмірді өлең тілімен кестелеген мадақ жыры:

Басынан көне тарих төмен құлап,

Тағдырын туған елдің келем жырлап.

Өзегім талып жеткен Тәуелсіздік,

Өмірде не бар екен сенен қымбат?

Құбылып соққан желдей заман неше?

Қан кешті толарсақтан бабам кеше.

Күн емес бодандықта көрген күнім,

Төбемнен алтын құйсын маған десе.

Азатты бірге тартып қалың елмен,

Аһ ұрып ата-мекен тебіренген.

Көк туды көкке бойлап желбіреген,

Қазақтың арманы жоқ көріп өлген.

Жалтырап атқан таңым – Азаттығым,

Танылды шар талапқа қазақтығым.

Өз жерім, өз Отаным, өз Астанам,

Қарашы, бостандықтың ғажаптығын.

Несіпбек Айтұлы шығармашылығы туралы тұрғыласы Серік Ақсұңқарұлы былай дейді: «Сол кездегі біздің буыннан Мұқағали Мақатаевтың көзі осы Несіпбекке түсті. Қазақтың қайнаған қалың ортасынан шығып, бізше орысша сақауланбай, ұлттық ойлау жүйесін жан дүниесіне сіңірген Несіпбектің өлеңдеріне Мұқағалидай Мэтрдің жан тартуы тегіннен тегін емес еді. Дантенің «Тәңірдің тәлкегін» тәржімалап жүрген ұлы ақын Несіпбек шығармашылығындағы эпикалық са­рын­дарды сол кезде-ақ аңғарды. Несіпбек Айтұлы кейіннен қазақ батырларының тұтас бір поэтикалық пона­рамасын жасап, Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Бердіқожа, Шахантай, Ке­несары, Тайжандардың қаһармандық об­раздарын сомдап шықты».

...Атша тулап,

Алпыс екі тамырымның бүлкілі,

Сағыныштан сарғайды іздеп түркіні.

Үйсін, Арғын, Адай болып алдым да,

Абай болдым бір күні..., -

деп шабыттана толқытқан Несіпбек ақынның «Арқатірек» жинағы – қазақ әдебиетінің қазынасын толықтырған кесек дүние екені даусыз.

2014 ЖЫЛЫ

Жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлына «Тар кезең» тарихи романы үшін

Ақын Гүлнәр Салықбаеваға «Кешіріңдер келгенімді өмірге» лирикалық өлеңдер жинағы үшін берілген екен.

КАЖЫГАЛИ.jpg

Жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романында қазақ даласының батыс бөлігіндегі қиын-қыстау замандарды бейнелейді. Жазушы өзінің тарихи романында қазақ халқының өткен кезеңіндегі оқиғалардың көркем­дік болмысын кең тынысты, байыпты да, байсалды көрсете білуімен ерекшеленеді. Жеті тараудын тұратын тарихи романда өзіндік ееркшелікке ие, әрі тамаша ондаған кейіпкерлер галереясы бар.

«Қажығали Мұқанбетқалиұлының «Тар кезең» романының басты ерекшелігі – романды жазу барысында тарихи деректер мен мұрағаттық дәйектерді молынан келтіруі болса керек.

«Ұзақ жылдық шығармашылық еңбектен кейін көп тер төгіп, оқырманға ұсынған «Тар кезең» тарихи романы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының шоқтығы биік туындысы деп бағалаймыз. Романдағы басты кейіпкерлер – Ақ патшаның сеніміне кірген, Уфа мен Симбирск әкімшілік аймағына генерал-губернаторлық қызметіне тағайындалған барон Осип Андреевич Игельстром, Елек пен Жайық бойындағы елге билік жүргізген Нұралы хан, қарапайым халықтың мұңын жоқтаған Байбақты Сырым батыр, сондай-ақ, осы тарихи тұлғалардың төңірегіндегі белгілі жандардың өзара ара-қатынасы, мінез-болмысы мен жаратылысы, тіпті, ой топшылауына дейін жазушы қия­лы­ның көркемдік безбенінде әр алуан сомдалып, оқырманға ой салады. Роман басты кейіпкерлерінің өмі­ріне қатысты деректердің еміс-еміс есте сақталғанынан оқиғалардың ортақ желіге шебер тоқайласуы – қаламгер қарымының қуаттылығын көрсетеді. Жазушы­ның осы өңірде туып-өсіп, жер бедері мен табиғат құбылыстарын жетік білуі – романның көркемдік тұтастығына әсер етпей қоймайды. Шығарманың көркемдік деңгейін анықтайтын үш тірек – деректілік, фабулалық және мата­форалық негіз романның сапалық деңгейін айқындап тұр. Әр ұлттың өзіндік көркем ұғымы бар десек, тарихи тақы­рыпқа қалам тербеген жазушы осы әдеби талаптарды мұқият орындау­мен қатар тарих жүгін де орынды көтере білген. Халықтың көш­пелі өмірін шындыққа сай баян­даумен бірге көр­кемдік рең беру міндетін де абыроймен атқарып шыққан. Жазушы қазақ тарихындағы үлкен белес – еліміздің Батыс пен Орталық аймағындағы Ресей империясының отарлау саясатына қарсы бас көтерген қарапайым халықтың наразылық қозғалысын өзінің «Тар кезең» тарихи романына кең де, ауқымды түрде арқау ете білген», - деп жазады белгілі журналист Өтеш Қырғызбай.

САЛЫКБАЕВА.jpg

Әдебиетіміздегі Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Марфуға Айтхожиналар бастаған ақын қыздар шоғырының ізін баса шыққан тегеурінді ақын қыз Гүлнәр Салықбаеваның «Кешіріңдер келгенімді өмірге» лирикалық өлеңдер жинағына мемлекеттік сыйлық берілгенде қазақтың маңдайалды ақындарының бірі Есенғали Раушан былай деп пікір білдірген екен: «Әдебиетте әділдіктің жеңуі – ылғи бола бермейтін шаруа.

Гүлнәрды кішкентай кезінен білем. Әдебиетке өзі келді. Бірақ, әдебиетте жақсы ақын болып қалыптасу, жақсы ақын болып қалу аз. Гүлнәр өзімен бірге бір топ адамды әдебиетке ала келді. Өзінің мектебі бар. Гүлнәрға еліктеп өлең жазбаған қыздар, әй, кем шығар. Гүлнәрдың өлеңін оқыған қыздардың бірсыпырасы әдебиетке тұрақтап қалды. Соның үшін де Гүлнәрды ұстаз ақын десек болады. Бір бума қағаздың арасынан бір парақты суырып алып, авторының кім екенін айтпай оқысаң, Гүлнәрдың өлеңін бірден тани қоясың. Оның ерекшелігі сонда. Өзіндік үні бар ақын».

Гүлнәр ақынның «Кешіріңдер келгенімді өмірге» жинағындағы кітаппен аттас өлеңін ақынның халқымен бөліскен сыры, өмірлік жыры, атылар-айтылмас мұңы, болашққа деген үміті деген болар едік.

...Кешіріңдер

жасырылған жарамды -

ешқашан да таңбаған.

Кешіріңдер қолымдағы қаламды -

құмары бір қанбаған.

Кешіріңдер кітабымды бітетін -

айта алмастан бір шынын.

Кешіріңдер кереметтер күтетін

жүрегімнің дүрсілін...

Кешіріңдер

осынау бір адамды -

жағдайы жоқ белсенер.

Кешіріңдер иен қалған жағамды

қолдарыңнан келсе егер...

Кешіріңдер

жазылмаған сөзімді,

өзімді де әлі аман.

Кешіріңдер менің ғашық көзімді -

өздеріңе қараған...

«Кешіріңдер...» деудің өзінде туған халқыныың алдындағы кішілік, «ақын қызым» деп әлпештеген елінің, демеу көрсетіп, сенім білдірген, тіреу көріп, үміт тілеген ақсақал ағалар мен ақ самайлы апалардың, тұстастар мен іні-сіңілердің сенім үдесінен шыға білсем деген парыз жатса керек. Гүлнәр ақынның «жазылмаған сөздерін» болашақта әлі де жазып үлегеретініне сенім білдірейік. «Жыр жазу деген – азап ол, әйел боп туған болмысқа» ...- деп ақын Фариза жырлағандай жыр жазудың азабы мен мұңын, қуанышы мен шаттығын қатар көріп келе жатқан қазақтың танымал ақын қызының жазары көп болғай.

2016 ЖЫЛЫ

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлына «Әй, дүние-ай!» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілген болатын.

бексул.jpg

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай!» романына 1916 жыл көтерілісі тұсындағы оқиғалардан желі тарта отырып, тәуелсіздік алу кезеңімен аяқталатын тарихи туынды. Автор аталған туындыны жазу үшін архивте отырып бес ай құжаттар мен деректер қарау барысында ұлт тарихындағы аса елеулі осы бір кезеңнің шындығы мүлде дұрыс ашылмағандығына көз жеткізеді. Осы арқылы өзінің бағытын анықтаған тәжірибелі қаламгердің туындысы сәтті шыққан деуге болады. Өмірінің он бір жылын арнаған романдағы басты кейіпкер Шәйі атты қазақ қызының басынан өткен трагедиялы тағдыр – қазақ халқының ХХ ғасырда көрген көп зобалаң, қилы заманын типтендірілген көрінісі. Бұл туралы автордың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында былай дейді:

««Шәйі деген бір әйел емес, Шәйі деген – қазақ. Егер Бексұлтан бір әйелдің тағдырын жазыпты деп қарайтындар болса, ондай адам ешқандай да зерттеуші емес. Шәйі қазақ қой. Зорланған әйелдің тағдырын ойлап қара. Әлі жетпегендіктен өзі зорланады, өзі кінәлі болады. «Ой, оны пәленше зорлап кеткен ғой» дейді. Шәйіні көр де қазақты көр. Қазақтың не жазығы бар еді?! Патша өкіметінің өзінің берген жарлығы бар ғой, «сендерді әскерге алмаймыз, тек салық саламыз» деген еді ғой!»

Романдағы Шәйі, Самсалы, Тазабек, Алдаберген, Әубәкір, Ұзақ, Жәмеңке т.б. кейіпкерлердің көбі өмірде болған адамдар екенін ескерсек, романда өмір шындығы мен әдеби көркем шындық арасындағы қашықтықты дәлме-дәл ұстаудың оңай еместігіне көз жеткізесіз. Кейде қуаныш пен қайғы да ұрпақтан ұрпақ өткенде қайталанады дейміз бе, өзінің мына өмірден көрген көрешігін шөбересі көріп, сексен алтының ызғарына ұрынғаны – қазақтың тағдырлы тарихының үзілмес желісі іспетті туынды жеңіл оқылады. Қызықты оқылады.

Мінеки, оқырман қауым! Тәуелсіздігіміздің бүгінгі күнге дейінгі ширек ғасырлық тарихында жоғарыда тоқталып өткен ақындар мен жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған екен. Кезінде олардың барлығы болмаса да кейбірі турасында жылы пікірлер, ыстық ықыластармен қатар, күмән-күдікке толы шетін пікірлер айтылғанын да көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі. Біздің мақсатымыз – «әдебиетте саған көзіңнің тірісінде қоғамның берген бағасы – анық баға емес» дейтін пікірге саю арқылы, «аналардыкі дұрыс, мыналардыкі бұрыс еді» деп, өткен тарихтың бетін кері парақтау емес. Тек мемсыйлық алған туындыларды жадымызда бір жаңғыртып, көңіліңіз жаратса қайталап оқуға ұсыныс тастау ғана болды. Қазақ әдебиетінің қазынасына қосылар сүбелі туындылар молынан болғай!

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар