Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Театр: Көркемдік. Суреткерлік. Сергектік...

11.11.2015 4245

Театр: Көркемдік. Суреткерлік. Сергектік

Театр: Көркемдік. Суреткерлік. Сергектік - adebiportal.kz



15868-6-teatr_k_rkemd_k_suretk_ru.jpg
Атырауда қазақ руханияты үшін сирек кездесетін оқиға болды. Қазақстан Республикасы­ның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рақым­жан Отарбаев халықаралық драматургия фестивалін өткізді.

Драматург бізде санаулы-ақ. Ал алыс-жақынға сауын айтып, жеке фестивалін өткізуге шығарма­шылық әлеуеті жететіндер жоқ­тың қасы. Сыншы, әдебиеттану­шы Әлия Бөпежанова айтқандай, «Әр адам ұлт үшін барымен бөлі­сіп, қасықтап құйса, ол үлкен қазынаға айналады. Қазір дәр­мен­­сіздіктен кетіп, әрекетке кө­ше­тін уақыт, сол тұрғыдан ал­ғанда Р.Отарбаев өткізіп отырған фес­тиваль осындай белсенді­ліктің, жұртты руханияттың ма­ңында ұйыстырудың жарқын мы­салы. Қазір бізге осындай су­рет­кер жанының сергектігі ке­рек».
Театр фестивалінен кейін түйсінгеніміз, “Атыраудың ақ­жарма таланты” деуге Рақымжан жарады, Рақымжанның жүгін көтеруге Атырау жарады, елі мен ері, ақыны мен әкімі, таланты мен пейілі бір-біріне сай екен.Моңғолиядан қазақ театры келіп, Алтай мен Атыраудың арасында алтын көпір салды. Қырғыздан академиялық театр келіп, “На­шақор новелласы” ғана емес, тағы бірнеше пьесасы қойылып жүргенін айтты. 

Бірақ ең ғажабы, Рақымжан драматургиясы – Сұлтан Бейба­рыс, Хан Жәңгір, Сырым батыр, Мұс­тафа Шоқай сияқты аяулы тұлғаларды тірілткен ұлттық драматургия. Әсіресе, «Жәңгір хан» драмасы мұқым қазаққа Жәңгірдің қаншалықты прогрес­шіл хан екенін түсіндіріп, тарихи әділеттілікті қалпына келтірді. «Бас», «Нашақор новелласы», «Әбутәліп әпенді» сияқты қо­йылымдардан бүгінгі қоғамның келбетін танисыз. Әр театрдан көргенде аса тереңдемейді екен­біз, сөйтсек, бар екен ғой. Сіз бен біздің үнімізді театрға алып келген драматург арамызда жүр екен. Түйдек-түйдегімен төгілетін кестелі тілін былай қоғанда, осы шығармалардың қай-қайсысында да психологиялық тереңдік, ас­тар­лы сөз, астарлы мағына жасы­рынып тұрады. Кейбір қаламгер­лер жазу түгілі, сыбырлап айтуға қорқатын ойлар ашық айтылады. Мұнда құрғақ пафос, жалаң публицистика, нәрсіз дидактикаға орын жоқ. Ол терең жазады, адамның жанын қозғап жазады, жүрек түкпіріндегі шерін оятады.
Бұл көрерменге ақыл айту емес, “мен қандай кереметпін” деген өзін қызықтау, әдемі сөзге алдану да емес, жүрекжарды сыр­ла­су, өзінде бармен аямай бөлісу, ақылдасу, кеңесу. Осы шы­найы­лық сипатының арқа­сында кө­рермен театрдың, театр Рақым­жанның жетегіне ереді екен.


«Бейбарыс Сұлтан»


М.Әуезов театрында қойылып жүрген “Бейбарыс Сұлтан” драмасын алайық. Бейбарыс батыр болыпты, қапысыз ер екен. Мәймөңкелеп жатпайды, кесіп айтады, кесек қимылдайды. Образдың осылай шешілуіне қарамастан, бұл героикалық пьеса емес, автор Бейбарыстың тамырын басып көреді, жүйкесін ұстайды. Сұлтан өзін алқалап алақанына салған Мысыр елінен неге кетті? Қалай қиды? Логикасын іздейді, астарын аршиды. Соңғы көріністің бірінде ол “жалғыз қалдым” дейді. “Мен бармын, ұлдарың бар” дейді Тәжі Бақыт. Бірақ сіз түсінесіз, қатын мен бала Бейбарыстың жан азабын әсте жеңілдете алмайды. Өзі сенетін екі-ақ досы бар еді, олардың да бауырлығын баққұмарлығы жеңіп кетті ғой. Тіпті тірі жүргенде, сол кемшіліктерімен-ақ өмірдің кермек дәмін бірге татқан достары Сұлтан­ның бір бүйірін толтырып тұрар еді-ау. Сондықтан Бейбарыс та Гамлет сияқты ойшыл болып шығады.Ол Мысыр елінен ғана шаршаған жоқ, дүниенің мінсіз еместігінен, адамның сатқындыққа бейілді­лі­гінен, дүниені жайпаған таққұмарлық пен ашкөздіктен шаршады. Сондықтан туған даласына асықты. Бұл – шынайы суреткер ғана сүңги алатын тереңдіктер. Бізге пьеса сонысымен құнды.

Спектакльді көрнекті режиссер Ю.Ха­нинга-Бекназар қойды. Қоюшы-суретшісі Е.Тұяқов жаңашыл костюмдер тіккен. Декорациядағы минимализм де орынды, “тақ” деп қызыл креслоны қоя салғаны ғана аздап қораштау көрінгені болмаса, суретші жұмысы иландырады, ең бастысы, эстетикалық ләззат сыйлайды. Музыкалық партитура да асқан талғампаздықпен таңдалған. Актерлік ойындарға келгенде, Азамат Сатыбалды әдеттегідей “кейіп­керсындылық” танытып тұрады. Оқыс қимыл, әрлі әрекетіне мін тақпаймыз, бірақ дауыс жүректен шықпайды, бергі жақтан, көмейден шығатындай. Қандай терең текстер айтылып жатыр,шындық жоқ емес, шындық бар, бірақ азап жоқ.Сезіну шындығы жетіспейді. Бұл тұрғыдан алғанда спектакльдегі ең мықты сахна Е.Дайыров­тың Қалауыны қатысатын екі көрініс. Бірі оның санасы уланатын, өзінің соған қар­сыласатын сәті. “Бейбарыс менің бауырым! Жоқ!” деп шиыршық ататыны аздай, актер жыртқыштар сияқты “ыррр” ете қалады. Сіз де селк етесіз. Психология­лық мінезде­мелер осылай беру керек, актер осылай еңбектену керек. Келесі көріністе Қалауын Бейбарысқа у әкеліп береді. Сұңғыла сұлтан оны біліп тұр, «Қалауын қай жерге дейін барар екен? Ол мені өлімге қиса, мұндай өмірдің керегі жоқ» деп тұр. Екеудің арасындағы осы үнсіз түсіністік Азамат Сатыбалды мен Еркебұлан Дайыровтың сомдауында сұмдық әсерлі жеткізіледі. Спектакльдің сөзсіз табысы актер Бекжан Тұрыстың Уәзірі. Тұрыс Уәзірдің сыртқы кейпін, шаш үлгісін, жүріс-тұрысын, санын соғып қалып отыра кетер әдетін, бәрін дөп тапқан. Ең бастысы, Ягодан, Жантықтан өрбитін арбаушы, аяр адамның жан дүниесін қалыптаған. Ізденетін актер, шар­шамайтын актер, сахнадағы өмірден рақат­танатын актер. Б.Тұрыстың ойынынан әдеттегідей орындау саналылығы, тиянақ­тылығы есіп тұрады. Жалпы, спектакльдің хореографиясы да, сазы да, костюмі де, ұрыстары да, қосалқы рөлдегі актерлері де көркем. “Мен академиялық театрмын” деп тұр. Бас-аяғы жинақы, толысты шығарма. Сондықтан бас жүлдені дәл осы театрдың иеленгені ешкімнің таласын да, дауын да туғызбаса керек.


«Бас»


Атырау театрының “Басы” Р.Отарбаев­тың бірер жыл бұрын жазылғанымен, ешбір театрдың жүрегі дауаламай жүрген жақсы мағынасындағы «бүлікшіл» пьеса. Сахнада екі сағат бойы Махамбеттің қу сүйегі допша домалайды. Өзімізді танып, өзіңізді танып, сіз түршігіп отырасыз. Автор мен режиссер бірігіп бізге көп шындықты айтады. Қазіргі болмысымыз туралы. Жоғалтқанымыз туралы. Жоғалтарымыз туралы. Мінездері­міз жайлы. Өзіңіз қараңыз, Махамбеттің өлеңін зерттеген ғалым да, Әдебиет инсти­туты да, Мәдениет министрлігі де «Бастан» бас тартқан.
Үшінші-төртінші көріністе адамдар пайда болады. Олар ерсілі-қарсылы жүріп, ақыры бастарын құлатып алады да, сол күйі бассыз қалады. Тұп-тура болмысымыздан айырылып қалып, кейін таппай сормаңдай болған біз дерсіз. Келесі бір көріністе сол бассыздардың қобыраған қағаз арасында адасып жүрген көресің. Бюрократияға көмілген біздің шенеуніктер дерсіз. Тағы бір көріністе бассыздар шығып, намаз оқиды. Тағы да өзімізді жоғалтқан өзімізді таныдық. Келесі бір көріністе әуежайдағы көп бассызды көресіз. Ерлан Жүністің бір өлеңіндегі: “Автобус тағы да толы. Тағы да бос келе жатыр” деген жолдары еске түседі. Адамдардың іші бос. Біздің бұқара ессіз тобырға айналды. Басшыларың ойсыз, халқың ойсыз, ойсыз сыйынады, ойсыз тіршілік кешеді, ойсыз газет оқиды, қыс­қасы, не істеп, не қойып жүргенін білмейді. Ойланайықшы.Бізді қуантқаны, осы ойдың бәрі театрға тән бейнелілікпен жеткізілген. Кісінің ойын шарпиды, санасын қариды. Режиссер Жанат Телтаев пен суретші Темірбек Мұхтаровтың кәсіби шешендігінің нәтижесі бұл. Кейбір қайталауларды есептемегенде, бассыздар сахнаға шыққан сайын қойылымның бояуы қалыңдай түседі.

Махамбеттің басына деген немқұрайды­лық ұлттық болмысқа, қазақы қасиетке, шынайылыққа, әділетке, мызғымас құнды­лықтарға деген немқұрайдылық. Осындай жинақтау, символмен сөйлеудің нәтиже­сінде, спектакльден біз лайым көргіміз келетін саф өнердің ұшқыны шығады.

Десе де, осы табыстарына қарамастан, біз көрген нұсқасында спектакль тым ұзақ. Композициясы піспеген, сала-құлаш. Алғашқы екі-үш көрініс, соңғы бес-алты көрініс артық. Нұрбек Съезханның орын­дауындағы Актер не үшін шықты? Егер кейіпкер спектакль барысында шешілмесе, өзін-өзі ақтамай тұрса, оны қойылымға кіргізудің керегі де шамалы. Ноэль Шаяхметов қатысатын (тікелей оқиғаға еш қатысы жоқ) жиналысты да жұлып тастауға болады. Өйткені Шаяхметовтің азаматтық және суреткерлік позициясын көрініспен бермей-ақ, бір ауыз сөзге сыйдырып, аузына салуға болады. Имаш пен Нұрлан Өтепұлының прототиптеріне құрметіміз қанша ерек болса да, көп сахналары ар­тықтау. Ал, жалпы, басты рөлдегі Дастан Пышанов, Нұрбек Съезхандар болсын, қосалқы құрамдағы Манатбек Мырзаханов, Ержан Жұматов, Асылбек Бәделболсын, актерлердің қай-қайсысының болмысында сахналық шындық бар. Қойылым күзелсе, түзелсе, әлі-ақ қазақ театрының мерейін үстем етеді.


«Жәңгір хан»


Тағы бір тарихи шығарманы алған Батыс Қазақстан театры ұжымның потен­циалыда қуантты. Режиссер Мұқанғали Томанов эстетикалық талғамының биіктігі­мен есте қалды. Махамбет пен Жәңгірдің қарым-қатынасы шынында қандай болды? Автор тарихи шындықты қалпына келтіруге тырысады. Идеялық құндылығын былай қойғанда, қойылымның ең үлкен жетістігі – театралдық-көркем шешілген түс сахна­сы. 
Әлқисса, патша қабылдауында болған күні Жәңгір түс көреді. Түсінде Кремльдің (шіркеулердің?) алдында аула сыпырып жүр екен. Оған Махамбет келіп қосылады. «Хан емессің, қасқырсың!» дейді Махамбет. «Қас албасты басқырсың!» дейді Жәңгір. «Достарың келіп табалап, дұшпаның сені басқа ұрсын!» дейді екеуі бір-бірін жұл­қылап тұрып. Махамбет қандай ер болса, Жәңгір де сондай ер екен. Батырын иілдіре алмаған хан, оның қадір-қасиетін жақсы түсінеді, өзгеден артық түсінеді. Автор Жәңгір мен Махамбетті қатар өсіріп отырып, екеуін тең ұстайды, олар Гомердің Ахиллесі мен Гекторы сияқты, дес бермес батырлар, рух батырлары. 

Қойылым бастан-аяқ новаторлық дей алмасақ та, қызықты режиссерлік шешімдер бар. Әсіресе, сахнаның алдыңғы жағындағы орды әдемі пайдаланады. Мысалы, бір көріністе жазалаушы отряд қазақ ақсақалын шаңыраққа керіп, қыздарын шашынан сүйрейді, бесіктегі баласын орға лақтырады. Соңында казактардың бірі ауаны айқыштап талтаң басып кете барады. Демек, «бәріңді шоқындырам» деген аса сенімді тайраңы. Келесі көріністе Махамбеттің жігіттері жаңа ғана өктемсіген «батырлардың» өлігін өзімізге таныс орға тастап жатады. Ең соңында Махамбет алақанын жайып бет сипайды да, кері бұрылып кете барады. Осы бір қимылда ыза да, қайсарлық та, тәубе де, заман үшін, соғыс үшін, төгілген қан үшін Құдайдың алдында кешірім сұрау да бар. 

Суретші М.Мәмбетовке Жәңгірдің хан салтанатын сездіретін қымбат костюмі үшін, халық сағынып жүрген Махамбетті бұғалақ бүгінімізге жақындатып тұрған былғары киімдері үшін алғыс айтуға болады. Бірақ хан сарайындағы (шартты болса да) әшекейлердің салбырап тұруы –тақырыпқа сай емес. Актерлік жұмыстарға келгенде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосовтың (Жәңгір хан) сахнадағы күйініші де, сүйініші де шынайы, ал Қуаныш Амандықов (Махамбет)қызуқанды болғанымен, Махамбеттің түйдек-түйдек өлеңдері, Рақымжанның сұлу сөзі жұтылып кетіп жатты. Фатима (Жанаргүл Құрманғалиева) сұлу болғанымен, спектакльде артықтау, ақпараттық миссиядан аса алмай тұр. Ал С.Қажымұратов (император), Б.Исалиева (патшайым), М.Бектенов (Қарауылқожа) сынды артистер эпизодтық рөлде ізденудің ең үздік үлгісін көрсетпесе де, материалға қиянат қылмады.


«Мұстафа Шоқай»


«Мұстафа Шоқай» бейнесі жазықсыз қараланған тағы бір боздағымыз ғой. Оның образын бүгінге танытудың маңызы туралы айтып жату артықтау. Қаламына құт біткен қаламгер Р.Отарбаевтың бұл пьесасын екі бірдей театр әкеліпті. 

Қызылорда театрын бастап келген Хұсейін Әмір Темір шығарманы бірізді, жүйелі қойып шығыпты. Пьесаға қиянат жасамаған, көп қимаған, оқиғаны рет-ретімен баяндалады. Шымылдығы ашылы­сымен бала Шоқай шығады сахнаға. Сол көріністегі «бер жағымен» ғана бала болып жүрген актерлердің нашар ойыны спек­такльге деген көңіл күйді бұзып жіберді. Келесі бір сахнада Мұстафа А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, З.Валиди сияқты қайраткер­лермен кездеседі. Суретші Т. Сағымбаевтың сын сағаттағы серттесуді ебедейсіз ұзын үстелдің маңында өткізуі түсініксіз. Серт­тес­кен серкелер бір-бірінен алшақ, бір-біріне бөтен. Марияның алғашқы пайда болысындағы қызыл шарфы, Әміре Қашау­баевтың кеше ғана «Ерке-Наз» сән үйінде тігіліп шыққандай заманауи «ұлттық» костюмі, жалпы, кейіпкерлердің киім киіс­тері соншалықты сәтті дей алмаймыз. Бас­ты рөлдегі Бақытбек Темірбековтің Мұста­фаға портреттік ұқсастығы бар, дегенмен әлде де ізденіс жетіспейді, қойы­лым­нан кейін Мұстафаның шляпасынан басқа ештеңесі ойыңызда қалмайды. Қ.Айт­жановаға (Мария Шоқай)да, Ж.Шер­ниязовқа қатысты да (Әміре) соны айтуға болады. Есесіне, Уәли Каюм, неміс офицері Шульц рөліндегі актерлер жарқ етті. Ал жалпы әсерге келсек, бұл «Мұстафа» күңгірттеу, корреспонденция мақсатын атқарған драма сияқты әсер қалдырды.

Өзгеше Мұстафаны Семей театры ұсынды. Ә дегенде Шоқай сахнадан емес, бүйір есіктің бірінен шығады. Сахнаға көтеріліп келе жатып: «Бұл ұрыста екеуміз бірдей өлсек, артымызда тоқтышақ иесіз ғой» дейтін монологын айтады. Акцентті режиссер Қажыахмет Рахмет әдемі қойған. Кейбір көріністерді қоюлатқан, бояуын қалыңдатқан, диалогтарды көріністен көрі­ніске, локациядан-локацияға лақтырған. Соған қарамастан, компози­циясы жұмыр деп айта алмайсыз. Қойылымда бірнеше әсерлі театралды шешімдер бар. Мәселен, Мұстафа концлагерьге барған сәті. Есік ашылғанда қамаудан бір бала жүгіріп шығып, «қанатын» жайып жүгіріп келе жатады. Әп-сәтте неміс офицері атып түсі­реді. Рухын, бостандыққа деген ұмтылысын атып түсірді деген сөз. Осындай,сахнаға жарасымды тапқырлықтар қойылымның құнын арттырады.

Есесіне, бұл театрдың актерлерінде мек­теп бар. Қазылар алқасы ұнатпаға­нымен, Бекзат Омашев Мұстафа рөлін барынша шынайы сомдағандай көрінді бізге. Әсем Баированың (Мария) сахнадағы өмірінде эстетика бар, көп сөйлемесе де, көйлегін көлбеңдетіп жүріп өткенінен-ақ ішкі дүниесіндегі қозғалыстар мен құ­бы­лыстар есіп тұрады. Әміре рөліндегі Мыр­захмет Сыдықов шағын ғана эпизод болса да қай­сарлықтың эталонындай болып жадымызда жатталды. Бұл – жағымды әсер қалдырған артистер. Керісінше, Розенберг (Б.Ноғай­баев) немістің әскериі емес, ауыл қазағы сияқты әсер қалдырса, Нұржан Хасенов Уәли Каюмды шибөріден де ұсақтатып жіберіпті.

Қоюшы-суретші О.Муравьеваның сах­наға екі бірдей алтыбақан сияқты өңкиген ағашты неге шығарғанын түсінбедік. Ақыры шешілмеді, актерлердің ойынына кедергі келтіріп, тұрды да қойды. Айдауда жүріп Мария Шоқайдың неге той көйлектер киетінін, Мұстафаның неге ақ кәстөмін шешпейтінін ұқпадық. Ал қорыта келгенде, қойылымның көркемдік ізденістерінен гөрі идеялық, танымдық, тәрбиелік маңызы басымдау сияқты.


«Нашақор новелласы»


Р.Отарбаевтың «Нашақор новелласы» осыған дейін оншақты театрда қойылды. Оның сыры – шығармада өмір бар. Тағдыр бар. Қоғам шындығы мен замана зары бар. Фестивальге әртүрлі трактовкада, әртүрлі атпен осы шығарманы үш бірдей театр әкелген екен. Әрқайсысынан қалған әсер әртүрлі. Есірткі деген індет екені бәріне мәлім жағдай. Бірақ бір сәттік әлсіздіктің артында не жатыр? Ол отбасындағы қарым-қатынасты қалай өзгертеді, адамның психологиясына қандай салмақ салады? Голливудтың кей фильмдерінде нашақор­лықты насихаттау, есірткі шеккен кісіні тәуелсіз, шығармашыл етіп көрсету үрдісі бар. Есірткімен бетпе-бет келгенде шын жағдай қандай болады? Р.Отарбаев құдды өзі сол тозақтың ортасына барып келген адамдай ситуацияны сенімді баяндайды. Ең бастысы, мұнда жіпті тарқатып отырған майор бар. Демек, адамның бәрі – жүйенің құрбаны.

Ал қойылымдарға келсек, соңғы жыл­дары Талдықорған театры потенциалын көрсете алмай жүр. Фестивальдерге қатысатын спектакльдері қоңыртөбел ғана. Осы жолы Ұлан Ахметов «Ұйық» деген атпен қойыпты. Оның режиссерлігінен жастық леп есе ме деп едік, үміт ақталмады. Сол баяғы сүрлеу. Тұрмыстық реализмнен биіктей алмаған. Ол аз десеңіз, сахна көтермейтін вульгаризм, талғамсыздық аңғарылады. Режиссерге бір сахнасы үшін ғана алғыс айтуға болады. Ол Брейгельдің «Соқырлары» – қараңғыда адасқан наша­қорлар. Сол көрініс идеялық жағынан өткір болғанымен, спектакльдің жалпы деңгейін көтере алмады.

Жалқытай рөліндегі Еркебұлан Айдым­баев жастық жігерімен далақтап жүр, бірақ қойылымға бүтін ансамбльдік тұтастық же­тіспейді. Әке рөліндегі Мұса Әжібеков пен Шеше рөліндегі Мәкен Нұрмұханбетова тым жұпыны, қаланың ортасында төрт бөл­мелі үйі бар интеллигенттерге ұқсамай­ды. Сөйлескендері, партнерліқ қарым-қаты­настарында тұрмыстық шындық бар шығар, бірақ сахна мәдениетінің исі жоқ, қарабайырланып кеткен. «Әке мен шеше дәрменсіз болып қалған» деді қазылар алқасының мүшесі, Халық артисі Есмұхан Обаев талқылауда. Расында солай. Қазылар төрағасы, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов “театр тозып кетіпті” деді. Демек, театр басшылығына режиссер тартудың жолын іздеу керек. Ешқандай театрдың табалдырығына бал жағылып тұрмайды, бірақ әкімқаралармен тіл табысу керек, сөзіңді өткізу керек, режиссерлерді қызық­тыру керек, жағдай жасау керек.

Сол сияқты қырғыз театры да соңғы жылдары қуантып жүрген жоқ. Бір кездері бас жүлдені бермейтін көршілеріміздің жоғары мәдениетті, терең, әфсана айтқыш театры әлеуметтік қойылымдарда ақсап жататынының куәсі болып жүрміз. Режис­сер Э.Бекболиев пьесаны қоюда аса бір еңбектене қоймапты. Бұл спектакль де тұрмыстық орайда шешілген, Талдықор­ғанда бар кемшіліктер мұнда да бар. Ішкі өмір, суасты ағыстарын көре алмадық. Режиссер қойылым соңын өзінше шешіпті. Нашақор жалғыз қалады. Баласы мен Тоғжан бөлек кетеді. Қайтесіз, бұл расында да, «Тағдыр». Жалқытай рөліндегі Жеңіш Смақов актерлік экспрессиясымен ерекше­ленді. Жанна, Камила рөліндегі актриса­ларға сылаңдап тұрып сүйкімсіз болмауды меңгеру керек. Осы және өзге де кейбір кемшіліктеріне қарамастан, қойылым Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының сахнасында 10 жылдан бері сәтті жүріп келеді екен. 500-ші, мерейлі қойылымын қазақ жерінде ойнағаны – қойылым көрермен жүрегіне жетті деген сөз. Демек шығармашылық ұжым мақсатына жетті. 

Бұл материалды қалайша құбылтуға болатынын Астана театры тамаша мысал­мен көрсетіп берді ғой дейміз. Нұрлан Жұ­маниязов соавторға айналған, кейбір кейіп­керлерді тереңдеткен, кейбірін бас­қаша шешкен, кейбірін түбегейлі өзгерткен. Мысалы, өзге қойылымдардағы Көрші шал бір кіріп, бір шығатын. Қайдан келді? Қайда кетті? Күңгірттеу еді. Боранбай Молдабаев оған өмірбаян тауып берді. “Қане, принципшілдік деген қандай екен? Кезінде мені болмашы нәрсеге бола қама­тып жіберіп едің ғой” дейді ол Жалғастың әкесіне. Демек, бұл Көршінің мотиві, бір күндік ақша табудан тереңдеу, одан маңыздырақ, бұл принцип пен мейірім арасындағы таңдау үшін кек қайтару. Басқа спектакльде кейіпкерлер ақ пен қараға, қанаушылар мен құрбандарға анық жіктелген болса, мұнда бәрі басқаша. Әр кейіпкердің өзгеге ұқсамайтын тағдыры бар. Айнұр Бермұхамедованың Камиласы сондай кейіпкер. Егер түпнұсқада ол шырмауыққа шырмалған көптің бірі болса, мұнда сол шырмаудан құтылғысы келіп, жанұшырып жүрген әйел. Жалпы, әр образы сахналық шындық, терең мағына­лылыққа (осмысленность) толы актриса мүлде біз күтпеген образ жасап шыққан. Театрдың жас геройы Жасұлан Ерболат Жалқытай рөліндегі басқа әріптестерінен тереңірек ойнауға мүмкіндік алды. Талды­қор­ған театрының “Ұйығында”, Қырғыз театрының “Тағдырында” Жалқытай нәтижеге ойнайды. Нашақорға айналды. Бітті. Сыртқы көрінісі ғана бар. Жасұлан Ерболат есірткі шеккен адамның ішіне түседі. Ол “Қолымды байлашы, мама!” деп жанұшырғанда залдағы көрерменнің де жаны қыл бұрауға түскендей. “Жоқ, мама, ағытшы! Босатшы!”. Бұл бір адамның ішін­дегі екі “меннің” айқасы. Жасұланның нашақоры өз ішіндегі сайтанмен арпа­лысады. «Ломканың» азабын «теріңізбен» сезінесіз. Талдықорған мен қырғыз театрында Жалқытай –қатардағы көптің бірі, сессиясын тапсыра алмаған жалқы ұл ғана. Астана театрының Жалғасы тамырына ине сұғылғанда өлең оқиды. Камила айта­ды, «Сен балақай, сандырақтап жатып та бір ауыз боқтық сөз қосқан жоқсың» деп таңғалады.Спектакльдің соңғы көрінісінде баласы шығып, «Анашым, үйге қатайық», «Әке, сен де жүр» дейді. Өйткені Жалғас өз таңдауымен, өз қалауымен нашақор емес. Ол жай ғана қасиетсіз қоғамның құрбаны. 

Жалғастың әке-шешесінің рөліндегі Ақыш Омар мен Майра Омар да мінсіз партнерлер. Олар құрған мизансценалар ішкі процестерден көбірек хабар береді, ізденісімен, ситуацияны қабылдауымен ерекше. Кеңес Нұрлановтың да ойыны сондай мәнерлі. Нағыз шеберлер, сахнаның саңлақтары деп осындай актерлерді айтса болғандай. Жалпы, қойылым өте мәде­ниетті, арзан әзіл, төсек маңы әңгімелер қырқылып қалған, есесіне, диапазоны кеңи түскен. Бір сөзбен айтқанда, Жұманиязов басқа режиссерлерге материалмен қалай жұмыс істеуге болатынын көрсетті.


«Двойник»


Жетісай драма театры «Двойник» пье­сасын әкелген екен. Заман сипаты туралы тағы да бір ойлы туынды, ол да, ақша культі туралы. Көрермен жақсы көретін атыс-шабыс фильмдеріне сұранып тұрған ма­териал. Театрдың кейбір артистерін (Ө.Ай­да­ров, А.Өтебеков) түртіп оятқың келеді, кейбір артистерін (Б.Қаппаров, Ж.Ата­хоева, Б.Қалдарбекова) сабаға түсіріп, шынайы ойынға шақырғың келеді. Әсіресе, Бай мен Двойник – қойылымның негізгі кейіпкер­лері болған соң, қорқақтығы да, астамшыл­дығы да, басқа эмоциялары, мінез ерек­шеліктері тереңдей түсуі керек еді. Қансор­па болған ізденіс көре алмадық. Спек­такльдің ортақ көңіл күйі жоқ, актер­лердің әрқайсысы бөлек-салақ өмір сүреді. Десе де шайтан рөліндегі үш жігіт А.Қам­барбеков, С.Арипханов, А.Қадыров қаты­сатын сахналар қызықты болып шық­ты. Б.Сраилов тәжірибесі мол суретші, бірақ бұл қойылымда кейіпкерлердің киім кию мәдениеті тамсандырмайды(мысалы, Байдың әйелі махровый халат киіп жүретіні үйлесімсіз). Қарияның 19-ғасырдан келген­дей киінетіні де аздап таңғалдырды. Дамы­та түссе, акценттерді анықтап, психоло­гиялық ойын мәнерін іске қосса, өте эффектілі, әсерлі қойылым шығатын еді.


«Аяулым Анфиса»


Сатира театрының «Аяулым Анфисасы» күлдіреді, бірақ бұл ойсыз күлкі емес. Режиссер Самат Алтаев шығарма таңдаудан қателеспеген. Ақылгөйсу жоқ, резонерлік жоқ. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді ащы мысқылмен әжуалау ғана бар. 

Алғашқы көріністе Едірей Матвеевич (Нұржан Құлшынбаев) пен Итемгеннің (Дәурен Жұмаділов) диалогтары ішек-сілеңізді қатырады. Анфиса – Гүлжанар Салқынбайқызы, Әбутәліп әпенді – Жүсіп Ақшораев, обком хатшысы – Уәлибек Әбдірайымов, жалпы, актерлердің қай-қайсысы да комедия кеңістігінде өмір сүреді. Бірақ кейіпкерді тұлғалау, ерекшелеу жағынан әлі де ізденіс керек. Бұл тұрғыда эпизод болса да журналист рөліндегі Рүстем Әуелбековтің өзінше образ тауып, сахнада­ғы әр секундын ақтағаны ұнады.«Өздерің күлесіңдер, көрермен күлмейді. Ал көрер­мен­ді күлдірем деп оның жетегінде кетуге тағы болмайды» деп қадап айтты қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов. 

Расында, бұл – формасын тауып қойса, фарс, тіпті буффонадаға сұранып тұрған материал. «Халықтар достығына факті таппай, жоқтан жонып отырғанда...» деп кейитін ауыл әкімі, алқаш орысты Әбутәліп әпендінің өзіне дайындаған көріне қоюы, ол аздай Махамбеттің атын алып тастап, көшеге Едірейдің атын беруі... былай қара­саң Р.Отарбаев комедиялық ситуацияларды да әдемі тауып алады және кейіпкерлерін тотыяйыны бар тілмен сөйлетеді. Осы мүмкіндіктердің бәрін театр сахнасының бар мүмкіндігін пайдаланып ойнату керек еді. Қазіргі жағдайында бұл «Шаншар» қоятын скетчтердің мағыналы, ұзақтау нұс­қасы ғана болып шыққан. Демек ұжым театр­дың синкреттік өнер екенін көп ес­кермеген, музыка, ән, би, пластиканы мүм­­кіндік туып тұрғанда пайдалана алма­ған.


«Мұқағали мен Фариза»


Баян-Өлгей театрының «Мұқағали мен Фаризасы» спектакльден гөрі скетчке жуық­тайды. Музыкалық партитура орын­сыз таңдалған, актерлердің орындауында кәсібилік жоқ, жалпы режиссураның мектеп көрмегені менмұндалап тұр. Ресейде Дүниежүзілік орыстілді театрлар қоғамы­ның жұмыс істейтінін, бүкіл әлем бойынша (оның ішінде Қазақстан да бар) драма театрларын кадрмен, материалмен қамта­масыз етудің жолдарын тапқанын, алыста жатып фестивальдерін, кәсібилікті көтеру курстарын ұйымдастырып тұратынын білеміз. Баян-Өлгей театрын көріп, өзіміз­дің енжарлығымыз еске түсті. Шекараның арғы бетінде болса да, қазақтың үні, қазақ­тың жоғын жоқтайды, сондықтан ол театр­дың кәсібилігін арттыру біздің жауап­кершілігімізде. Осыны Мәдениет және Білім министрліктеріне түсіндіретін адам болсашы.
Сонымен, Атыраудағы бір апта бұл елдің халқына да, қонақтарына да қай­таланбас мереке сыйлады. Талай адам ойланып кетті. «Біз кімбіз? Қайда бара жатырмыз?». Рақымжан Отарбаевтың театры – меланхолия, дәрменсіздік театры емес. Жалаң айыптау да емес. Ойға шақыра­тын, өзіңе өзіңнің көзіңді ашатын театр. “Театр да біздің бүгінгі шындығымыз сияқты ірі болатын күн туды” депті бірде К.Марджанишвили кеңестер одағының идеологиясына иланып кетіп. Расында, әр заманға өз театры керек. Фестивальден кейін, қазір бізге Рақымжан Отарбаев театры керек екенін түсініп қайттық. Өйткені Р.Отарбаев – қазақты, қазақтың бар проблемасын өзімен бірге алып жүретін қаламгер. Не жазса да, не айтса да жанды жеріңнен тырнайды, ұлттық тақырыпты адамзаттық деңгейдегі суреткерлікпен жеткізеді. Фестивальдің арқасында Отар­баев драматургиясының бүкіл қуатын сезіндік. Ойы мен сойы бөлек сергек қаламгер бүгінгі ұлт әдебиетінің ғана емес, театрының да бағы екен.


Әсия Бағдәулетқызы




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар