Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Темірхан Тебегенов: Шешім өрнектері...

12.02.2016 4858

Темірхан Тебегенов: Шешім өрнектері

Темірхан Тебегенов: Шешім өрнектері - adebiportal.kz


жолтай әлмаш.jpg

Бірқатар әңгімелер жинағымен танылған жазушы Жолтай Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы» атты екі кітаптан құралған роман-дилогиясы қазіргі әдеби дамудағы жаңа көрсеткіштер қатарына жатады.


Екі кітаптан тұратын роман-дилогияның тақырыбы – ХХ ғасырдың 1900-1950 жылдар арасындағы тағдыры, идеясы – қайшылықты тіршілік қозғалысындағы адамгершілік асыл сезім қуаттылығын дәлелдеу.


Жазушы роман композициясында халыққа кеңінен таныған шығармашылық өнер иелерін эпикалық туындыдағы оқиғалар желісінде логикалық-психологиялық үйлесіммен өріп отырған. Әсіресе, басты кейіпкерлердің көркемдік ойлаудүниетанымын даралай мінездеу үшін осы тәсілді қолданғаны байқалады. Мысалы, Нарша бай тұлғасын даралай түсетін ерекшелік – оның қазақ тарихындағы көрнекті ақын-жыраулар, би шешендер, батырлар туралы әңгімелерді, олардың мұраларын ықыластана назарына алып жүретіні. Мысалы, қызы рауға құда түскен Нарша байды соғымбасы дәстүрімен қонаққа шақырған шарай байдың үйіне келген Әлшекей күйші өнерінің тыңдалу сәті авторлық баяндаумен кейіпкердің сезімге балқыған психологиялық хал-ахуалымен бейнеленген.


Роман композициясындағы сюжеттік бөліктердің поэтикалық-сюжеттік қуатын күшейту, шығарманың тарихилығын дәйектеу қызметін атқарып тұрған желі – ақындарды, би-шешендерді автордың эпикалық баяндауларымен кейіпкерлер қатарында бейнелеу. Басты кейіпкер Наршаның Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне барғанда Қожа Ахмет Иассауи және оның өмірі, қылуеттегі өмір кезеңінде жазған «Диуани хикмет» («Парасат кітабы») туралы ойлары да романның көркемдік шешім эстетикасын ақындай түскен. Романдағы білімдар Әубәкір қари, елдің ескі сөздерін мол білетін ділмар Нарынбай шешен, халықты ұлағатты жырларымен қарық қылған Молда Мұса, Бұдабай, Құлыншақ ақын сұхбаттасулары, шығарма құрылысында тарихи деректер негізінде бейнеленген. Роман құрылысының тұтас желісінде Құлан ақынның тарихи-әдеби бейнесі өмір шындығы негізіндегі көркем шындықпен өрнектелген. Құлан – қазақтың ұлттық сөз өнерін әлеуметтік ортадағы жеке адамдардағы жақсылықты да, жамандықты да сыншыл реализммен жырлаумен келе жатқан дәстүрлі ақындар поэзиясының көркем жинақталған тұлғасы.


Романдағы басты кейіпкерлер қатарында қазақтың ұлттық рухани мәдениеті аясында бағаланатын айрықша мінез-құлық, дағды, қасиет ерекшеліктері бар адамдар бірқатар кейіпкерлер (Шәуілдек Шуылдақ, Қунақ қырт, Селеу мылжың, Мақұлбек мешкей, т.б.) арқылы бейнеленген. Романның идеялық түйіні – жақсылық пен жамандық қақтығыстарының мәңгілігі. Жақсылық салтанат құра бастаса, оны көре алмай қызғанатын, күндейтін – іші тар, қуыс кеуделер зұлымдықтарының үнемі жалғаса жүретіндігі – шығарма желісіндегі күрделі тағдырлар қақтығысы арқылы дәлелденген.


Қазақ тұрмысының ұлттық-этнографиялық ерекшеліктер, бас қосулардағы (соғымбасы, қонақасы, т.б.) табақ-табақ ет тартылатыны, тобық сақтау ойыны, қыз-келіншектердің бастаңғы жасауы, ас беру, ас беру рәсімі салтанатындағы ат бәйгесі, бүткітпен үлкі аулаған (саятшы-аңшылық), қыз ұзату, келін түсіру, ақындардың өнернамалық дидарласу-сұхбаттары, шешендік өнер ұлағаты, халық батырларының (Көкен батыр қазақты Қоқан хандығы қорлығынан мәңгі құтқарғандығы, т.б.) – бәрі де романда асыл дәстүрін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлы халық ұлағаты екендігі назарға алынған.


Сондай-ақ, қазақ ауылдарының жылдың төрт мезгіліндегі еңбек, шаруашылық кәсіп түрлері, табиғат құбылыстары, жайлау көріністері, адам мен табиғат құбылыстарының психологиялық егізделген болмысы, кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен ішкі жан әлемі романда сезімдік тербелістермен, толғаныстармен өріле сипатталған. Эпикалық кең тыныспен қазақ тұрмысындағы тарихи кезеңдерді көркем шындықпен өрнектеген жазушының бұл романы қазіргі әдеби үдеріске қосылған жаңа туындының эстетикалық талғамын аңғартады.


Романда әйелдер бейнелері де өмір шындығы негізінде көркем шындықпен дараланған. Жазушы әйел жынысына тән биологиялық-физиологиялық және психологиялық ерекшеліктер тұтастығының табиғи болмысына ерекше мән берген. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі аясындағы отбасы құрамын ұйымдастырудағы ата-бабалық ұстаным беріктігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны мәлім. Романның идеялық-композициялық желісін құрып тұрған басты кейіпкер Нарша бай әйелдерінің отбасы одағына келу жолдары да ата-баба дәстүріне сай болғанымен әрқайсысының өзіндік ерекшелігін көреміз. Бәйбішесі Сәнімайға әке-шешесінің айттырған ұйғарымымен қосылған.


Романда әйел жынысына лайықты жан мен тән сұлулығын тұтастай иеленудің аса сирек ерекшелік болатыны да өмір шындығы заңдылығымен дәлелденген. Наршаның бәйбішесі Сәнімайдың нағыз ел анасына лайықты мінезіме сабарлылық, кең пейілділік, кіші пейілділік т.б. күндестерімен (Сырғалымен, Әзинұрмен, келіндерімен (Ақсырғамен т.б.) – бәрімен де қоян-қолтық, еменжарқын қарым-қатынасы арқылы қазақ әйелінің шынайы ұлттық болмысы айқындалған. Жазушы Сәнімай бәйбішенің, Ел Анасындай мінез-құлық қасиеттерін Наршаның үшінші әйелі тоқал Әзинұрдың көп жылдардан кейінгі ойланыстары бойынша баяндалған.


Романның идеялық түйіні – жақсылық пен жамандық қақтығыстырының мәңгілігі. Жақсылық салт құра бастаса, оны көре алмай қызғанатын, күндейтін – іші тар қуыс кеуделер зұлымдықтарының үнемі жалғаса жүретіні – шығарма желісіндегі күрделі тағдырлар қақтығыстары арқылы дәлелденген.


Романда қазақ ауылдарының жылдың төрт мезгіліндегі еңбек, шаруашылық кәсіп түрлері, табиғаттың құбылыстары, жазғы жайлаулар көріністері, адам мен табиғат құбылыстарының психологиялық егілделген болмысы, кейіпкерлердің іс-әрекеттерімен, ішкі жан әлемі сезімдік тебіреністерімен, толғаныстарымен өріле сипатталған. Эпикалық кең тыныспен қазақ тұрмысынағы тарихи кезеңдерді көркем шындықпен өрнектеген жазушының бұл романы – қазіргі әдеби үдеріске қосылған жаңа туындының эстетикалық талғанымн аңғартады.


Қорыта айтқанда, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін қазіргі уақыт талабына сәйкес тың толғаныспен, көркемдік шешіммен қамтыған жазушының бұл жаңа романы – ұлттық әдебиетіміздің жаңа көркем туындымен толыға түскенін көрсетеді.



Темірхан Тебегенов,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар