Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Термин атауының қолданысқа енуі туралы бір сөз...

27.02.2023 1372

Термин атауының қолданысқа енуі туралы бір сөз 14+

Термин атауының қолданысқа енуі туралы бір сөз - adebiportal.kz

Адам қызметінің арнаулы салаларының қайсысын алсақ та сол салалардың əрқайсысының өзіне тəн ұғымдар жүйесі болады. Ондай арнаулы ұғымдардың атаулары да ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін көрсетіп тұруы қажет. Ғылым мен техника дамыған сайын мыңдаған жаңа ұғымдар пайда болып жатады. Олардың əрбірі өзінің таңбалаушысын тауып, тілдік тұрғыдан да жүйелеуді қажет етеді.

Мұндай қажеттіліктерді өтеп, термин жасау, қалыптастыру, терминологияны жүйелеу, реттеу жұмыстарын дұрыс жолға қою, жалпы ғылыми-техникалық терминологияның даму бағытын белгілеу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мəселелері болып отыр. Бұл тəрізді ауқымды да күрделі мəселелердің шешімін табудың оңай емес екендігін уақыттың өзі көрсетуде. Соңғы он шақты жыл көлемінде ғылыми жұртшылық термин мəселесіне айрықша назар аударып, баспасөз беттерінде көпшіліктің жаппай пікір білдіріп жатқандығына қарамастан қазақ терминологиясы өзінің даму бағытын айқындай алмай отыруы – соның көрінісі болып табылады. Сондықтан терминологияның шешімін таба алмай келе жатқан қандай мəселесін болса да жалпы сөз етуден гөрі, ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу арқылы ғана шешуге болады.

Ұлт тілінде термин жасап, ғылыми-техникалық терминологияны ұлт тілі негізінде қалыптастыру үшін термин шығармашылығында іске қосылатын амал-тəсілдер мен термин жасауда пайдаланылатын ішкі көздерді айқындап, олардың əрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін көрсетудің маңызы айрықша.

Қазіргі кезеңде терминжасамда ұлт тілінің ішкі байлығын сарқа пайдалануға барынша мəн беріліп отырғандығы баршамызға белгілі. Ендеше пайдаланылуға тиісті сол байлықтың өзін анықтап, ондай ішкі көздердің осы мерзімге дейін терминологиялық лексиканы құрауға қаншалықты қатысып келгендігін жəне алдағы уақытта оларды қалай іске жарату керектігі жайлы сөз қозғаудың мəні зор. Терминологияның дамуы мен қалыптасуының өзіндік тарихы бар. Оны ғылым мен техниканың өркендеуінен қоғам өмірінде болып жататын саяси-экономикалық, рухани-мəдени, тарихи-əлеуметтік өзгерістерден мүлде бөліп алып қарауға болмайды. 

Қазақтың ғылыми терминологиясының даму тарихына үңілер болсақ, оның қалыптасуына қоғам өмірінде болған өзгерістердің айқын із қалдырғанын көруге болады. Жалпы терминологиялық лексика қорының жасалуы – ғылым мен техника салаларының игерілуіне, дамуына тікелей тəуелді. Сондықтан қазақтың ғылыми терминологиясының қалыптасуын Қазақстан ғылымының даму тарихынан бөліп қарау мүмкін де емес. 

Қазақ терминологиясының қалыптасып, қанат жаюына ықпал жасаған шаралар өткен ғасырда айрықша алға жылжыды. Мәселен, қазақ қоғамындағы  сауат ашу шаралары, газет-журналдар шығару, баспаханалар жұмысының жандана түсуі осы кезеңмен орайлас. Сол себепті де  термин тануды, яғни, терминологиямыздың қалыптасу, даму тарихын сөз еткенде алаш зиялыларының  мақсатты істері мен ұстанымдарына,  бағыттарына мән беруіміз қажет.

Қазақ тілінің терминологиялық қорының қалыптасуына негіз болған басты көз ұлт тілінің өз байлығы екендігі сөзсіз. Оның бастауларын әріден, түркі тілдерінен, төл тіліміздің тармақталып дербес даму тарихымен байланыста қараған жөн. Бұл терминология тарихын диахронды зерттеу барысында зерделенетін мәселелер. Ал бүгінгі қолданыстағы арнаулы лексикамызды құрайтын жекелеген сөздердің терминдік мәнде жұмсала бастауын Абайдың қара сөздерінен, XIX ғасырдың екінші жартысында шыққан кітаптар мен осы кезеңде басылып тұрған «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» газеттерінің беттерінен кездестіруге болады. Ал нақты ғылым салалары бойынша терминологияның қалыптасуы алғашқы ғылыми еңбектердің, оқулықтардың, терминологиялық сөздіктердің жарық көруімен, олардың өзге тілдерден аударылуы­мен тығыз байланысты. Бізде қазақ тілінде жазылған ондай еңбектердің жарық көруі аяқталған ғасырдың бірінші онжылдығынан басталады. Яғни бұл дегеніміз, қазіргі қазақтың ғылыми терминологиясының тұтас жүйе ретінде қалыптаса бастауы да дәл осы кезеңмен байланысты деген сөз.

Сол кезеңде өз ана тілімізде алғашқы  тырнақалды  оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазып, топ басында тұрған зиялы қоғам өкілдері А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Қожанұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Ғ.Қараш, Н.Төреқұлұлы, Т.Шонанов сынды ұлт зиялылары бүгінгі терминдеріміздің қалыптасып, дамуына өзіндік үлестерін қосқан. Өз халқы мен еліне адал қызмет істеген алаш ардақтыларының  еңбектерін зерттеп, зерделеу, олардың ақыл-парасаты мен ұлттық рухының жоғарғы шыңындағы саналы пікірлер мен оң  шешімдердің куәсі іспеттес. Қоғамдағы кез-келген ғылымды үйренуде ең бастысы – сол  ғылым саласындағы арнаулы ұғым атаулары қажет.

Осы аталған авторлардың әрқайсы­сының қазақтың ғылым тілінің, салалық терминологияның қалыптасуына өзіндік үлестерін қосқандығы дау тудырмайды. Оған аттары аталған зиялылардың қазақ тілінде жазған еңбектерінде кез­десетін ғылыми атаулар куә бола алады. Соған қарамастан, олардың арасынан А.Байтұрсынұлының есімін ерекше атаған орынды.  А.Байтұрсынұлының ғылыми терминологияны қалыптастыруға қосқан үлесін ғалымның жекелеген немесе бір топ термин­дердің ғана авторы емес, бірнеше ғылым саласының терминдер жүйесінің негізін қа­лағанын аңғаруға болады.

Ең алдымен, А. Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің терминологиясын жасаушы. Кез келген ғылымды оқып білу, меңгеру немесе оны өзгелерге үйрету сол ғылым саласында қолданатын арнаулы ұғым атауларынсыз мүмкін емес. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым ретінде А.Байтұрсынұлы осы ғылым саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесін түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да жасаған.
Ғылыми ұғымдарға ат қою оп-оңай жұмыс емес. Ол үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді қажет ететін шығармашылық үдеріс. Онымен қоса, арнаулы ұғымдарға ат қою кезінде ұғымдар жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Атаудың ықшам болуы, бірмағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуы тағы бар. Осындай талаптарды мүлтіксіз орындаудың қиындығы терминдерді ана тілінде жасаудан гөрі көп жағдайда оны ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған өзге тілдерден дайын қалпында ала салуға (яғни жасауға емес қабылдауға) мәжбүр ететін себептердің бірі. Бұл тұрғыдан келгенде, ғалым қазақ тілін термин шығармашылығында пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткен.

А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралының» (қазақша әліппе) өзінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, жарты дауысты дыбыс, дәйекші, жіңішкелік белгісі, хәріп (әріп) сияқты терминдерді ұшыратуға болады. Ал 1914-1915 жылдары және одан кейінгі жылдары 1928 жылға дейін бірнеше дүркін басылып тұрған «Тіл құрал» оқулықтарында (қазақ тілінің сарфы) әбден қалыптасып, бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген және қолданыла беруге тиіс зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша, жалғау, жұрнақ сияқты жүздеген терминдердің кездесетіні белгілі. Бұл терминдердің терминге қойылатын талаптарға жауап беретіндігін дәлелдеп жату артық, өйткені олар кезінде арнайы шеттетілгендігіне қарамастан уақыт сынынан өтіп, тұрақты қолданылатын дәрежеге жетті.

Мұнда ең басты атап айтатын нәрсе – А.Байтұрсынұлы бір топ терминдерді ғана емес, бүкіл бір ғылым саласындағы арнаулы ұғымдардың атаулар жиынтығын, дәлірек айтқанда, терминдер жүйесін жасаған. 

Жалпы ғылымның, əдебиет пен өнердің, тарих пен мəдениеттің дамуына кешегі кеңестік кезеңде партиялық басшылықтың шектен тыс күшейтілуіне байланысты, дəлірек айтқанда, бұлардың бəріне үлкен саяси мəн беріліп, партияның орынсыз араласуына орай елеулі кемшіліктерге жол берілгендігі жайлы бүгінде əртүрлі саланың мамандары жиі сөз етіп, дəлелді деректер келтіріп жүргендігі баршамызға мəлім.

Термин шығармашылығы стихиялы түрде жүзеге асып жататын жұмыс емес. Әр маман өз бетінше термин жасап, оны қалауынша қолданылатын болса немесе термин шығармашылығы жалпыхалықтық, бұқаралық сипат алып термин жасау ісі үйлестірілмей, кәсіби тұрғыдан қолға алынбай ырқына жіберілсе, онда терминқор қалыптастыруда жүйесіздік, ретсіздік, жарыспалылық, тілдік нормадан ауытқушылық сияқты көптеген кемшіліктер орын алады. Сондықтан да кез келген тілдің ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыру – кәсіби мамандардың белгілі бір жоспарлы жұмыстарды жүргізуі арқылы жүзеге асырылады.

Терминология мәселесі – ғылымның өзекті мәселелерінің бірі. Ғалымдарымыздың ғылыми дәлелдері бойынша сонау ХХ ғасырдың 10 жылдары қалыптаса бастаған қазақ терминологиясының мәселелері әлі де шешуін таппаған, өзектілігін жоғалтпаған деп айтуымызға толық негіз бар. Ғылымның барлық салаларының жан-жақты дамуы терминология мәселелерімен тығыз байланысты, себебі қандай да бір жаңалық, жаңа ұғым терминмен белгіленіп, терминологиялық жүйеде өз орнын тауып отыратыны сөзсіз.

Білім беру және өнер саласындағы алғашқы қадам терминдерден басталады. Терминдер – білім беру және өнер салаларының ауыр жүгін арқалаушы сөздер. Қандайда да бір ғылым саласындағы білім беруді тереңдетуде және мамандандыруда терминдердің алатын орны ерекше. Белгілі бір салада ілгерілеу сол саланың мәнін ашатын түсініктер мен ұғымдарға тікелей байланысты.

Әр білім саласының өзіне тән ерекшелігі бар. Қолданылатын сөздерге өзінің мағынасына сай жеке термин сөздерін қалыптастырады. Терминдер – білім беру, өнер, мамандық салаларымен байланысты ерекше бір ұғымның орнына қолданылатын сөздер.

Ғылымның дамуы, жаңа ғылыми ұғымдарды туғызады, техниканың әр саласының өсуі, өрбуі өмірге жаңа заттар, өнімдер әкеледі. Олар жаңа атауларды қажет етеді. Ол өмірдегі әдебиет, мәдениет, өнер сияқты сан алуан салаларға да қатысты. Осымен байланысты термин, терминология мәселелері пайда болған және ол бір тілге ғана қатысты емес, тіл атаулыға қатысты мәселе. 

«Термин» атауының өзі әр кезеңде ұлт тіліне түрліше аударылып, оның бірнеше балама нұсқасы ұсынылды. О баста қазақ терминологиясы дамуының Ахмет Байтұрсынұлы кезеңінде «пән сөз» деп аталды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жарық көрген алаш оқығандарының еңбектерінде, сол жылдардың мерзімді басылымдарында осы термин жиі қолданыла бастаған еді. А.Байтұрсынұлы да «пән сөзі» деп қолданған. Елдес Омарұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Халел Досмұхамедұлдарының еңбектерінде де осы атау пайдаланылды. Е.Омарұлы 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде жасаған баяндамасы «Қазақша пән сөздер» деп аталса, А.Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өткен бүкілодақтық конференцияда жасаған баяндамасында «пән сөз» терминін қолданған. Білім ордасы бекіткен терминдер сөздігі 1927 жылы Н.Қаратышқанұлының құрастыруымен «Пән сөздері» деген атпен жарық көрді. Бұл атау сол қалпымен бірізді қолданыла бергенде қазіргі күнге дейін қалыптасып, төл терминдеріміздің бірі болып та кеткен болар еді. Алайда отызыншы жылдардың бас кезінен бастап терминологияны халықаралықтандыру, орыс тілінің терминологиясын үлгі етіп алу бағытына бет бұрғандықтан, «пән сөзді» – «термин» атауы алмастырды. Дәлірек айтқанда, ұлттық терминқорды қалыптастыруда Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған бағыттан өзге жолды таңдап, сол жолдың прогресшілдігіне сенген қазақ совет оқығандары, терминология тізгінін ұстаған ғалымдар мамандар алмастырды. Отызыншы жылдардан бастап тоқсаныншы жылдарға дейін «термин» сөзі барлық әдебиеттерде баламасыз бірізді қолданылып келді. Елдегі орныққан тілдік жағдаят пен терминологияны дамытуда ұстанған қағидаттарымызға сәйкес отызыншы жылдардан кейін оны ұлт тіліне аударуды, оған қазақша балама табуды ойлап көп ешкім бас қатыра да қоймады. Уақыттың талабына бағыну, заман ағымынан шықпау – жаңаша жол іздеуді, қандайда бір өзгеріс жасауға талпынуды қажет етпейтіні белгілі. Сол себепті бұл сөз аталған кезеңде (1930-1990 жылдар аралығы) білім алған екі-үш ұрпақтың құлағына құйылып, санасына сіңіп, үйреншікті атауымызға айналды десек те болады.

Отызыншы жылдары «пән сөз» терминінің «пән атаулары» деген нұсқасын қолданған жекелеген зиялылар да болды. Мысалы, Әлкей Марғұлан 1930 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінің наурыз, сәуір айларында жарық көрген бірнеше санында (№60, 64, 72, 73, 75, 82, 87) «Осы пән атаулары дұрыс па?» деген атпен жұртшылық талқысына көптеген терминдерді ұсынды. Бірақ бұл атау жаппай қолданыла қоймады. Сондай-ақ сол жылдары «пән атаулары» терминінің пәнге қатысын көрсетпей-ақ «атау» түрінде колдану да болды. Мысалы, 1931 жылы Халық ағарту комиссариаты білім кеңесінің терминология комиссиясы бекіткен терминдерін «Атаулар сөздігі» деген атпен шығарды. Осыдан былайғы уақытта, яғни 30-жылдардың басынан бастап «термин» сөзі жаппай қолданысқа көше бастады. Совет халқына ортақ терминологиялық қорды қалыптастыру бағыты белгіленгендіктен, бізде ғана емес өзге ұлттық республикаларда да бұл атау біркелкі қолданыла бастады. Сонау 20-30-жылдардан кейін «термин» сөзіне қазақша балама табу, оны қазақтың төл сөзімен атау мәселесі араға 60-70 жыл салып барып, тек 90-жылдары ғана қайта сөз бола бастады. Кеңес одағын құраған ұлттық республикалар тәуелсіздіктерін жариялап, тілдері мемлекеттік тіл мәртебесін алуына байланысты сол кеңес дәуірінде қалыптасқан терминқорға да жаңаша қарау көрініс берді. Дәл осы соңғы он-он бес жыл көлемінде «термин» атауына байланысты түрлі ұсыныстар айтылды. Ұсыныс білдірушілердің арасында отызыншы жылдарға дейін қолданыста болған «пән сөз» немесе «атау» терминін қайта жаңғыртып қолдануды ұсынушылар да, «термин» атауын қалдырған дұрыс деушілер де, «аталым», «атаусөз», «ұғымсөз» сынды жаңа баламалар жасап ұсынғандар да болды. Сондай-ақ сөз болып отырған атауды 30-жылдары фонетикалық өзгеріске ұшыратып «термін» түрінде қолданғандар да болды, бүгін де осы нұсқаға тоқталғанымыз дұрыс деп санайтын мамандар бар. Сонымен ғасырға жуық уақыт аралығында арнаулы лексиканың бірлігі болып табылатын бір ғана ұғым атын – пән сөз, пән атаулары, атау, аталым, атаусөз, ұғымсөз, термин//термін//термен түрінде тоғыз түрлі нұсқада атау жөнінде ұсыныс жасалып, олардың бірнешеуі әр кезеңде қолданыс тапқан екен. Бұлардың арасынан нақты қолданыс тапқандары – пән сөз бен термин. Қалғандары жеке авторлар қолданысы мен кейбір басылым беттерінде ғана ұшырасқаны болмаса, жалпы қолданысқа көше алмады. Ал ұғым мазмұнын қамту жағынан да ретімен атар болсақ, пәнсөз, термин, атау сөздерін атауға болады. Бүгінгі біздің тілдік қолданысымыздағы «термин» сөзінің ұсынылған баламаларының қайсысына басымдық берген жөн дегенге келер болсақ, әзірге бұл жөнінде мамандар тарапынан бір тоқтамға келген ортақ шешімнің жоқ екендігін айту керек.

Жоғарыдағы көрсетілген нұсқалардың әрқайсына өз тарапымыздан қысқаша тоқталсақ, мынаны айтуға болады: «Пән сөз» туралы. Термин «пән» және «сөз» деген екі сөздің тіркесуі арқылы жасалған. Ертеректе араб тілінен еніп, өз сөзімізге айналып кеткен пән (арабша - фән, орысша - предмет) сөзі «білімнің, ғылымның, өнердің жеке бір саласы» деген мағынаны білдіреді. Терминнің ғылым мен техниканың немесе өзге де арнаулы салалардың ұғымдарының атауы екені белгілі. Ендеше ғасыр басында жасалған бұл сөз өзі білдіретін ұғымның негізгі белгілерін қамтыған. Терминнің белгілі бір пәнге тән, белгілі бір саланың сөзі екендігі оның басты ерекшелігі ретінде ұғым атауынан көрініс тапқан. Термин сәтті жасалған. Сондықтан да болса керек, жаңа жасалған атау екендігіне қарамастан, бұл сөз жиырмасыншы жылдары зиялылар тарапынан қолдау тауып, жаппай қолданысқа көше бастаған еді. Бұл атаудың терминқорымыздан берік орын алмай, қолданыстан шеттетілуі оның сәтсіз жасалғандығынан емес, терминологияны халықаралықтандыру бағытының басталып кеткендігінен болды. Әрине, екі сөзді біріктіріп «пәнсөз» түрінде жазғанда атаудың ықшамдылығы артып, қолданылу, сөз тудыру мүмкіндігі арта түсер еді деп ойлаймыз.

«Атау» туралы. «Атау» жаңа сөз емес, тілімізде бұрыннан қолданылады. Терминнің де атау екені рас. Оған таласудың еш реті жоқ. Бірақ «атау» сөзі өте кең ұғымды білдіреді. Атау тек термин сөзді емес, атауыштық қызмет атқаратын өзге сөздер түрлерін де қамтиды. Сондықтан да оларды іштей бір-бірінен ажырату үшін «термин» атауы пайдаланылады. Сонау жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ  Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялылары «атау» сөзі тұрғанда, «пән сөз» атауын бекерден-бекер ойлап тапқан жоқ. Олар ұғымдар арасын ажырату қажеттігін сол кезде-ақ жақсы түсінген. Мысалы, тілімізде мал атаулары, өсімдік атаулары, жер-су, елді мекен атаулары, аң-құс, жануарлар атаулары, балық атаулары, газет-журнал атаулары сияқты т.б. атаулар көп. Олардың бірі жалпы есімдер болса, екіншілері – жалқы есім сөздер. Бұлардың барлығы да атау сөздер. Осы секілді атау сөздердің бәрін терминдер қатарына қоса алмасымыз белгілі. Сондай-ақ терминге бір табан жақын номенцеп аталып жүрген сөздер де бар. Олар да атау сөздер қатарына кіреді. Термин атау деген жалпы ұғымның ішіне кіргенмен, оның өзге атау сөздерден өзіндік ерекшеліктері бар екендігі сөзсіз. Сол себептен де терминді – атау, терминтануды (терминологияны) – атаутану деп атайық деген ұсыныс туралы ойланғанда мәселенің осы қырын ескерген жөн болар деп білеміз. Біздіңше, тіліміздегі «атау» сөзі орыс тіліндегі – название, наименование сөзінің, ал «атаутану» – номинация ұғымдарына дәлірек сәйкес келеді. Сондай-ақ атаутану тек терминдерді ғана емес, бүкіл атау сөздерді зерттейтін ғылым саласы деген ұғымды қамтып тұр.

«Пән атаулары» туралы. Бұл «пән сөз» терминінің үлгісімен жасалған. Алайда форма сәйкестігі болғанмен мұнда мағына дәлдігі, ұғым мазмұнын қамту жетісіңкірей бермейді. Олай дейтініміз бұл атау терминнің баламасы емес, ғылым, техника, білім салаларының, яғни пәннің өзінің атауы деген ұғымды білдіріп тұр. Мысалы, өсімдіктану, тәнтану, табиғаттану, тілтану, әдебиеттану, елтану немесе физика, химия десек, пәннің, ғылым салаларының атаулары болады. Сондай-ақ мұнда атау сөзден гөрі сипаттау басым, шұбалаңқылығы және бар.

«Аталым» туралы. Бұл балама 90-жылдардан кейін ұсынылған жаңа сөз. Ол осы кезеңде -м, -ым/-ім жұрнағының көмегімен туындаған айтылым, жазылым, тыңдалым, естілім сияқты тіл білімі терминдерінің үлгісімен жасалған. Алғашқы ұсынылған кезде жекелеген авторлар тарапынан қолданылғанмен, қазір өте сирек аталып, ұмытыла бастады. Бұл үлгімен жасалған терминдер қазір біршама қолданыла бастады. Термин шығармашылығында бір нәрсені ескерген дұрыс. Ол – негізгі, тірек терминдердің мейлінше қысқа болуын ескеру. Сонда солардың негізінде сөз тудыру, ұялас терминдер жасау, жаңа атаулар өрбіту мүмкіндігі сақталады. Тірек терминдер қай саланың да басты, негізгі ұғымдарын білдіретіндіктен, олардан туындайтын, олармен байланысты болатын тектік, түрлік ұғым атаулары көп болатыны анық. Жалғамалы тіл үшін, сөз тудырушы жұрнақтар сөз соңына ғана жалғанатын біздің тіліміз үшін бұл маңызды мәселе. Мүмкіндігінше бір немесе екі буынды болғаны жөн. Үш буыннан асқаннан кейін сөз ықшамдылығынан, сөз тудыру қабілетінен айрыла бастайтындығы байқалады. Сөз шығармашылығымен айналысушылар мұны ескермеуіне болмайды. Бұл тұрғыдан келгенде пәнсөз, атау, термин сөздерінің мүмкіндіктері бірдей. Айталық пәнсөзтану, атаутану, терминтану сынды атаулардың аталымтану, атаусөзтану, ұғымсөзтану терминдеріне қарағанда айтуға, жазуға, қолдануға қолайлы екендігі сөзсіз.

«Атаусөз, ұғымсөз» баламалары туралы. Бұл сөздерді ұсынған авторлардың өздерінен басқа көп ешкім қолдана қойған жоқ. Біздіңше, «атауды білдіретін, атау болатын сөз» деген мағынаны беретін «атаусөз» баламасының екі сөздің бірігуінен жасалған тұлғалық жаңалығы болмаса, тіліміздегі бұрыннан бар «атау» сөзінен мағыналық-семантикалық жағынан еш айырмасы жоқ. Дәлірек айтсақ, тілдегі терминнен өзге де атауыштық қызмет атқаратын сөздердің барлығы да «атаусөз» бола алады. Яғни бұл атау терминнің өзіне ғана тән басты ерекшелігін білдіріп тұр дей алмаймыз. «Ұғымсөз» де осы үлгімен жасалған. «Ұғымды білдіретін сөз» деген бұл атаудың мағынасы терминге сәйкес келе алмайды. Терминнің заттық немесе абстракты ұғымдарды білдіретіні рас. Бірақ термин емес, өзге сөздер де ғылыми, техникалық болмаса да қарапайым ұғымдарды білдіре алады. Екінші сыңары «сөз» де мағыналық тұрғыдан үйлесіп тұрған жоқ, бұл жерде оның орнына «ат», «атау» сөздері әлдеқайда дәл келер еді. Қысқасы, бұл екі атауды да сәтті баламалар қатарына қоса алмаймыз.

«Термин» атауы туралы. Бұл атаудың латын тілінде «шек», «шекара» деген мағынаны білдіретіні белгілі. Біздің тілімізде орыс тіліндегі таңбалануына сәйкес XIX ғасырда жарық көрген кейбір еңбектер мен басылымдарда кездесе бастаса, XX ғасырдың басында жұртшылыққа біршама жақсы таныс болды. Жиырмасыншы жылдары ұлт тілінде жасалған баламасына жарыспалы нұсқа ретінде сиректеу қолданылып жүрсе, 30-жылдардан бастап «термин» сөзі жаппай қолданылатын, тұрақтаған атауға айналды. 90-жылдарға дейін алпыс жылдай уақыт бұл терминді ұлттық баламамен алмастыру туралы әңгіме қозғалған емес. Тек қоғам өмірінде елеулі өзгерістер болған сол 90- жылдардан бастап қана оны өз тілімізде бұрыннан бар сөзбен немесе жаңа жасалған баламамен алмастыру мәселесі көтеріле бастады.

Термин сөзі қазақ тілінде латын тілінен аударғанда «terminus» сөзінің орысша баламасы «termin» деген мағынаны білдіреді. 1939 жылдың 27 желтоқсанында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген, «Терминология принциптері жайында» атты еңбекте термин сөзінің мағынасы келесі түрде беріледі: «Термин» – латын сөзі. Алғашында бір заттың шегі, географияда да шекара мағынасында қолданылған. Қазіргі таңда көбінесе тіл саласында айтылып жүр, жаңа ерекше бір ұғым мағынасында да қолданылады. Термин көбінесе бір сөзден, кейде бірнеше сөзден де жасалынады. Саясат, экономика деген жай сөздер болып табылады, ал бұл сөздерден құрылған саяси экономика, жаңа экономикалық саясат деген сөздер термин ретінде қолданылады. Терминдер басқа бір заттардың аты ретінде кездеседі. Терминдер мағынасын өзгертпестен күнделікті жазуда да, жалпы қолданыста да бірдей мағынада қолданылады. Терминдер көбінесе қысқа және нұсқа мағынада болады. Термин ерекше ұғым, мағынасы бір сөздер, бірнеше сөзден құрылған сөз тіркесі, белгілі бір ұғымның өзгеріске ұшырамаған сөздері мен сөз тіркестері. Бір білім саласына тән түсініктер жиынтығы осы саланың термині ретінде саналады. 

Терминге ғалымдар жалпы мазмұны ұқсас болғанымен, әр түрлі анықтама беріп жүр. Қазақ тіл білімінде бұл мәселелерде үнемі пікір бірізділігі болғанын атап көрсету орынды. Мәселен, Ө. Айтбаев: «...термин дегеніміз, ең алдымен, негізінен, белгілі бір ғылым мен техника саласында қолданылатын арнайы лексика болып шығады» деген.

Ал терминология туралы пікірі төмендегідей: «Терминология» терминінің өзін жете түсінбей, оның нендей мағынаны білдіретінін дәл танымай тұрып, бұл туралы ғылымда жүйелі ой-пікір өрбіту қиын. Бұл ұғым, жалпы, ғылымда екі түрлі ыңғайда түсіндіріледі. Қалыптасқан пікір бойынша, жоғарыда әңгіме болғандай, «терминология», ең алдымен, тілдің арнайы лексикасының даму заңдылықтарын тексеретін ғылым саласы, сонымен бірге ол ғылым мен техниканың жеке салалары терминдерінің жиынтығы.

Осы пікір қазақ терминологтарының бәріне ортақ. Оған дәлел ретінде қазіргі терминолог ірі ғалымымыз Ш.Құрманбайұлының пікірін келтірейік: «Терминді әдетте біз ең алдымен, адам қызметінің белгілі бір арнаулы саланың шеңберінде, негізінен кәсіби мамандар тілінде, арнаулы әдебиеттерде қолданылатын сөз деп ұғамыз». Ө.Айтбаев пен Ш.Құрманбайұлының терминді анықтауында мағына, мазмұн жағынан елеулі айырма жоқ.

Терминология мәселесінде осы пікірді айтуға болады. Мәселен, Ш.Құрманбайұлы терминологияға төмендегідей анықтама берген: «Терминология кең мағынасында «адамның кәсіптік қызмет саласындағы қолданылатын арнаулы лексиканы қамтитын, тілдің сөздік құрамының бөлігі». Терминология – арнаулы сала ұғымдарының жүйелік ерекшелігін көрсете отырып, оның коммуникативтік қажеттігін өтеуге қызмет ететін атаулар жиынтығы». 

Терминологияның теориялық проблемаларын одан әрі әзірлеуде Г.О.Винокурдың «Орыс техникалық терминологиясындағы сөзжасамның кейбір құбылыстары туралы» атты белгілі мақаласы маңызды рөл атқарды. В.А. Татариновтың пайымдауы бойынша, Д.С. Лоттенің жарияланған бағдарламалық жұмыстарынан, Э.К. Дрезеннің кітаптарынан кейін жазылған бұл мақала – мектеп болмаса да, жаңа ғылыми пән – термин жүргізуді ілгерілету жолында дербес тарихи баспалдақ болды. Онда бұрынғы терминологтардың жұмыстарында  толық көрсетілмеген терминологиялық проблемалар көрініс тапты.

Осыған байланысты Г.О. Винокурдың термин жүргізудің ғылым ретінде қалыптасуына үлкен үлесі туралы айтуға болады, ол терминологияда жүйені қарады және терминнің номинативті қызметінің ерекшелігін сипаттау кезінде оған сүйенді: «Терминологиялық жүйе оған кіретін сөздердің семасиологиялық құрылымында белгілі байланыстарды және олардың аталған заттар мен түсініктер аясындағы әділ қатынастарын қамтиды».

Түйіндей келе айтарымыз, терминдер тілдегі сөздерден, тілдік басқа да бірліктерден жасалып, белгілі мағынада қарым-қатынас құралы қызметін атқарады. Сондықтан терминдер тілдік лексикалық бірлік болып саналады. Терминдер ғылыми-техникалық ұғымды білдіретін терминология жүйесінің мүшесі ретінде ғылым тілінде жасалады.

Жалпы әдеби тілдің шағын жүйелері ретінде ғылыми тілді зерттеушілер көп құрылымдылығы мен көп функционалдылығына негізделеді. Көп қызметті әдеби тілге қарағанда ғылыми тіл адам қызметінің белгілі салалары шегінде коммуникацияларының айрықша қажеттіліктерін қанағаттандыруға міндетті.

Термин терминология жүйесіндегі бір саланың мүшесі болумен бірге, сол ғылым саласының нақты бір ұғымын білдіреді. Сондықтан дәлдік, нақтылық мағына терминнің бір қасиеті, белгісі болып саналады.

Қорыта келгенде, бізде күні бүгінге дейін «терминология» термині «тілдегі бүкіл терминдер жиынтығы» және сол «терминдер туралы ілім» деген ұғымдарды білдіріп келді. Сондықтан да болса керек термин жайын сөз еткен еңбектерде ұлттық терминологиялық лексика мен термин туралы ғылым терминтанудың даму тарихын, қалыптасуын тұтастықта, оларды бөлмей, бір атаумен белгілей отырып қарастыру байқалады. Біздіңше, мұның ара жігін ажыратып, әр ұғымды өзінің негізгі белгілеріне қарай атаумен айрықшалағанымыз жөн. Әдетте кез келген ғылым өзінің қарастыратын нысанын зерттеу, оның құпияларын ашу, даму және өзгеру заңдылықтарын анықтау қажеттілігінен туындайды, пайда болады. Сол сияқты ғылым мен техниканың дамуына байланысты жаңа ұғымдардың атаулары, терминдер саны арта келіп терминологиялық лексика қалыптасты. Ал терминдердің жасалуын, олардың мағыналарының өздері белгілейтін ұғымдарына сәйкес келуін, өзге тілдерден қабылдануын, тілдік және логикалық тұрғыдан жүйеленуін қамтамасыз ету қажеттілігінен терминтану ілімі пайда болды. Ендеше, бізге терминологиялық лексиканың қалыптасуы мен оны зерттейтін ілімнің пайда болу, даму тарихын да соған сәйкес нақтылай отырып қарастырған қисынды болса керек. Әрине, бұдан оларды бір-бірінен мүлде бөлек, байланыссыз қарау керек деген түсінік тумауға тиіс.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар