Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тірісінде тіресіп, аруағында ардақтап...

18.03.2019 34507

Тірісінде тіресіп, аруағында ардақтап

Тірісінде тіресіп, аруағында ардақтап - adebiportal.kz

Әдебиет – өмірдің өзі емес, өмірдің көркем бейнесі екендігі белгілі.

Яғни, көркем шығармалардағы кейіпкерлердің көркем бейнесі мен өмірдегі болмысын ажырата білу маңыздылығы қаншалықты қажет екенін біле алғанымыз дұрыс.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Абай жолы» роман-эпопеясындағы көркем шындық пен тарихи шындық турасында: «Көркем шындық бар, өмірлік шындық бар. Тарихи өмірлік шындық біткен жерден көркем шығарма басталады. «Абай жолы» – көркем шығарма. Біз Абайға келгенде тарихи шындық пен көркем шындықты айырбастап алдық. Маған салсаңыз, «Абай жолының» төрт кітабының ішінде бірде-бір өмірлік тарихи шындық жоқ дер едім. «Абай жолын» мен де талай оқыдым. Білмей айтып тұрғаным жоқ. Ал көркем шындық тұрғысынан алғанда бірде-бір өтірігі жоқ», – деген пікірін білдіреді (Шапиян М. Әуезов «Абай жолын» қалай жазды? adebiportal.kz. 27.02.2019 ж.).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Серік Елікбай: «Қазақ әдебиетінің ішкі иммунитеті қалыптаспаған...»

Ол Құнанбай, Абай заманы, сол кездегі қазақ қоғамы туралы қалтарыста қалған тарихты Бекен Исабаев сияқты қарт шежірешілердің шығармаларынан табуға болады дейді. Мәселен, «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайға қастандық жасайтын Оразбайдың өмірдегі шынайы болмысын анықтау қаншалықты қажет деген сұрақ туындауы мүмкін. Негізінде, «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған кезде Құнанбайды зұлым адам ретінде біліп, ішкі дүниемізде кейіпкерге деген өкпе-ренішіміз болғаны да ақиқат. Ал романды қайтадан оқығаннан кейін Абайдың тұлға болып қалыптасуына әсер еткен адамның бірден бірі әкесі екендігіне көз жеткізіп, пікірімізді өзгерткен жайымыз бар. Тура сол сияқты... Оразбай бейнесі... Біз оқыған романда суреттелген кейіпкердің образы шынайы өмірге жанасуына байланысты осы тақырыпты қозғап отырмыз.

Бұл жөнінде әдебиеттанушы Бауыржан Ердембеков: «Абайға қамшы ала жүгіргендердің аты өшсін» деген ниетпен ақын өмірінің осы бір жарақатты тұсын сылап-сипап, жауырды жаба тоқып жүре бергенімізбен, кейінгі ұрпақтың дәл осы оқиғаны білуге деген құлшынысын ауыздықтау мүмкін бе? Абай ортасы дегенде оның жақсысымен қатар жаманы, үлкенімен қатар кіші тұлғалары да барын ұмытпаған жөн» (Ердембеков Б. Абай мен Оразбай. adebiportal.kz. 27.02.2019 ж.), – дейді. Бұл заңды да.

Дәл осы Бауыржан Ердембеков тіліне тиек еткен Абай мен Оразбай бай туралы мәселелерді талқыға салған кезімізде көптеген дау-дамайлардың, кереғар пікірлердің болатындығы айдан анық. Абайға қатысты көп адамдардың сөз ететін адамдары Оразбай бай деп алатын болсақ, дәл сол Оразбайды Абайға қамшы үйіріп, сағын сындырған оңбағанды әңгіме қылудың қаншалықты қажеттілігінің маңызын айтып, сұрақтардың қаптап кетуіне де әкеп соқтыратыны белгілі. Қос тұлғаның арасында айтарлықтай тығыз қатынастың жатқандығын бірі білсе, екінші адам біле де бермейді. Ғалымдар байды ақынның қабатталған қайғысының бір парасы ғана деп бастап айтады да, бірден ақынның өшіккен жауы ретінде оқырман алдына жайып салады. Ақынмен өмір бойы жауласып өткен Оразбай бай және ақынға қастық қылып, қамшы жұмсаған топ туралы аз сөйлесек, ақын жарасын жазбасымыз анық екендігін де есімізге салып өткеніміз жөн сияқты.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Таласбек Әсемқұлов. Аюп һәм Абай

«Абай жолы» роман-эпопеясында Абай әділеттік етер жиын топ ішінде, оның қарсысында жарып сөйлер сөзімен, ықтыжарды тыңдамас кесек ісімен «жалғыз көзді, ұзын селдір қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ер жүзді Оразбай» отырады. Мұхтар Әуезовтің бұл суреттемесімен алдымызда тірі Оразбай отырғандай. Өйткені, Оразбайды Мұхтар Әуезов тірісінде көрген. Турағұл қызы Ақыш естелігінде Мұхтар Әуезов Оразбай немересі Медеуұлы Санияз үйінде 1918 жылы айлап жатып, Оразбай әулетімен араласқанын айтады.

Оразбай «Абай жолы» эпопеясының 2-кітабының үшінші тарауы «Еңістеден» төртінші кітаптың соңғы тарауына дейін Абайға қарсы күресер пәлелі топтың басында жүреді [3, 93].

Оразбайдың өмірі жөнінде абайтанушы, шежіреші Бекен Исабаев «Ұлылар мекені» еңбегінде төмендегідей мәліметтер келтіреді:«Оразбай Аққұлыұлы (1837-1921) – Тобықты елiндегi Бұғылы болысының байы, қажы. Руы Есболат екендігінен де хабарымыз бар. Шежiреде Мұсабайдан Толымқожа, Шегiр, Шегiрден – Бораншы, одан – Есболат. Кайыпбердi – Есболаттың асырап алған баласы. Қайыпбердiден Қошқар, одан Аққұлы туады. Оразбай жұлынып туып, қолы мол байлыққа жетіп, малды әмір-құдіретке жету үшін де, атақ-даңқын шығару үшін де жұмсаған. Омыраулап, орып сөйлейтін, Тобықтыға кірме, нашар атадан туса да азуын айға білеген. Ұлылық, данышпандығын айтпағанда «еңкейсе Ертісі, шалқайса Шыңғысы бар», ойда орысты, қырда қазақты уысында ұстаған ақыл иесі, баспен, байлықпен Оразбайды он орап алар, тегінен қаракөк Абайдың сағын сындыруға жараған кісі. «...Оразбайдан қалай байыдыңыз?» деп сұрағанда «Оның несiн сұрайсыңдар? Ағайынды бесеуiмiздiң ортамызда өңi бүтiн бiр шапан болды. Соны ертеңгiсiн қайсымыз бұрын тұрсақ, сонымыз киiп кетушi едiк» дептi. Оразбай аулы көшiп, көш жүрерде бiр малшысынан: «Жұртта ештеңе қалып қойған жоқ па?» – деп сұрапты. Малшысы ешнәрсе қалмағанын, жұрт орнын өзi қарап шыққанын айтыпты. Сонда Оразбай әлгi малшысын ертiп кеп, жұрт орнын тексерiп, қотанда қалған жалғыз тал сабауды алғызып, тақымына қысып жүрiп кетiптi. Кейiн малшысы Мейманқұл «Бай сабауды қайтер екен деп жүрдiм. Жаңа жұртқа келген соң, сол сабаудан бiзге ерiнбей-жалықпай өз қолымен төрт құрттауыш жасап берiп едi», – дептi. Құрттауыш дейтiнiмiз – қойдың құртын алып тастайтын ағаш...» (Исабаев Б. Ұлылар мекені. Екінші басылым. – Алматы, 2010. 93 б.).

Бұл жерде Оразбайдың бойынан әр нәрсенің қадірін білетін, үнемшілдік қасиетін барлығымыз байқағанымыз жалған емес-ті. Ал үнемдеуді білетін адамның болашағының зор болары да сөзсіз екендігін айтпаса да түсінікті. Бұған қоса, күн сайын қой өріп кеткен соң, Оразбай қой орнынан қойдың түскен пұшпақ, төс жүндерін жинап алып, қолы босаса-ақ, өз үйінің оң жағына тайтері жайғызып, түтіп, әлгі қалдық жүннен көгеннің бұршағын есіп отырады екен. Қараңыздаршы, адам бойындағы қандай қасиетті байқап тұрсыздар? Әрине, біз білетін романда оқып, жағымсыз кейіпкерге айналған Оразбай емес, керісінше жоқтан бар жасап, биттей нәрседен зор затты тудырушы ретінде танып-біліп отырмыз.

Келтірілген деректерде Оразбай өмірден өткенде жаназа, підия садақасына деп 100 ат жаратқан. Соның бәріне байдың өз қолынан істелген киіз тоқымды, түп-түгел жіптен есіліп жасалған айыл, тартпа, құйысқан секілді ер-тұрманымен сыйлаған. Егер де қандай да бір лайық мақтауға тұрмайтын адам болса, өмірінің соңында да ешқандай көмек көрсетілмеуі де мүмкін еді ғой. Бұл жерде барлығының керісінше болуының себебі де жоғарыда түсіндіріліп кетсе керек.

Бiз ендi Оразбайдың ел аузында сақталған әрекеттерiнiң шындығы қандай, сондай-ақ бұл адамның жеке басының, болмысының күштi жағы неде дегенге тоқталсақ деймiз.

Еңбекпен байыған Оразбайдың қонақжайлы мен жомарттығы ерекше болған екен. Ауылының үстінен өтіп бара жатқан жолаушыны көрсе, шақыртып, мал сойып, күтіп жіберетін болыпты. Әрине, қазақтың қанына сіңген қасиет деп бағаларсыз. Дегенменен де, сараңдық танытып, жолаушы тұрмақ, өз туысынан да безетіндердің қаншама екендігін ескерсек, біздің кейіпкеріміз Оразбайдың жағымды қасиеттерінің бір легін көрсеткендей-ақ болып отыр.

Бірде Абай жайлаудағы Мәмбетей Қарамырза ауылына бара жатып Шорқашқан деп аталатын адыр-жоталарда үйездеп тұрған көп жылқының ортасымен өтіп бара жатып, Оразбайдың Кербестісін көреді. Атты айналып қарайды да, өз тобымен Қарасуда отырған Оразбай ауылына соқпай өте шығады. Мұны байқаған Оразбай: «Анау кетіп бара жатқандар кімдер?» – деп сұраса, жылқышылар мән-жәйды баяндайды. Сонда Оразбай: «Енді ол Кербесті маған мал болмайды, Абайдың көзі тиеді. Тез барып кербестіні ұстап алып, Абайға апарып бер», – дейді. Жылқышы атты жетектеп, Майдақоңырға жетіп қалған Абайлар тобын қуып жетеді де, атты көлденең тартады. «Бұл атты ауылыма соқпады» деп әдейі жіберіп отыр ғой» деп, Абай бүкіл тобымен кері бұрылып, Оразбай ауылына келіп сәлем береді. Оразбай қонақтарын қошемет көрсетіп, құлын сойып, етін биенің сүтіне пісіртіп күтіп аттандырған екен. Шынымен де, бұл бір айтыла салған әңгіме іспеттес. Ал негізінде түптің тереңіне үңілетін болсақ, қандай мән мен мағына жатқандығын көруге болады. Тәлім мен тәрбиенің бұлағы қайнап жатқандай әсер қалдырады. Осы оқиға арқылы астарлауды түсіне білген Абай тобына да оны жеткізе білген Оразбайға да ерекше мән беру қажет етіледі. Қазағыма тән қасиеттің барлығын Оразбайдың бойына сіңіріп-ақ бергендей әсер қалдыратыны да жалған емес-ті.

Оразбайдың жомарттығы мен мәрттігіне қатысты ел арасында таралған тағы бір әңгіме Абай өмірімен тікелей байланысты.

Абай кемеліне келіп, ақылы мен абыройы бар қазаққа мәшһүр кезінде Жетісудың жалайыр елінде жұрт «Жәмеңке аға» деп атап кеткен Жәлменде дейтін абыройлы қария болыпты. Жәмеңке қартайған шағында «арманым, Семей еліндегі Құнанбайұлы Абай ақынды көргім келеді. Ол кісі «Ұят кімде болса – иман сонда» депті. Ұят дегеніміз адамгершілік болса, адамгершіліктің бар сипатын Абай деп білемін» деп, ұлдарын ертіп Шыңғыстауға жол тартыпты.

Алыстан арнайы келген құрметті мейманына Абай жеке үй тігіп, ерекше құрмет көрсетіпті. Абай елінде бір ай жатқан Жәмеңкеге Абай қайтарында: «Аға, бұйымтай айтып, қалағаныңызды алыңыз» дегенде, Жәмеңке: «Қамысқұлақ атыңды бер» деген екен. «Қайсы қамысқұлақ атты айтасыз?» дегенде Жәмеңке «Шоқпардай кекілі бар қамысқұлақ» деп басталатын Абайдың әйгілі «Аттың сыны» деп аталатын өлеңін түгелдей жатқа айтып шығыпты.

Абайдың өз қолында, Құнанбай әулетінің жылқыларында дәл осы өлеңде айтылатын сәйгүлік табылмағандықтан, қонағын тағы бір жұма аялдатып, бес болыс Тобықты еліне жіберіп, өлеңдегі сынға саятын ат іздетіпті. Одан да шықпаған соң, өзімен араз, 9 мың жылқысы бар Оразбайға: «Ел намысы – ер намысы болғанда, ер намысы – ел намысы болмай ма екен? Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын» деген сәлеммен кісі жіберіпті.

Сәлемді естіген Оразбай: «Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба?! Жаттан сағы сынбасын» деп, өңкей сәйгүлік бөлек бағылатын 5 қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш ат ұстатыпты.

«Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін», – депті.

Үш аттың біреуін көріп тұрып Жәмеңке: «Мынау нақ сол өлеңде айтылатын ат екен» деп ризалығын білдіріпті.

Жоғарыда келтірілген екі дерек те Оразбайдың тұлғасын ашуға жеткілікті. Тағы осы тұста мына бір тіркеске мән берейікші... Өзіне қарсы болса да, ақылы мен ажарына қарсы емес екендігін жеткізе білген Оразбай үлкен бір тапқырлық танытқанын әбден көруге болады. Ұлы ақынның ақылын мойындап, іліміне бас иген байдың жоғарыда айтылған қасиетін қалайша біз адамилыққа жатқызбаймыз?

Саналы ғұмырында Абаймен сыйластығы жараспаса да, ұлы ақынның дүниеден өтер шағында алдына барып, кешу сұраған Оразбайдың қалайша кісілігі жоқ дерсіз?!

Абайдың дүниеден өткенін хабарламақшы жаназашы алдымен алыстағы елге аттандырылады ғой. Балашақпақтан Дегелеңдегі Қаракесектерге жіберілген жаназашыдан хабар естіген ағайындарының бірі кеп Абайдың өлгенін Оразбайға жайдан-жай, тіпті қуанғандай боп хабарлай салыпты. Оразбай «Ой, бауырымдап» боздап жылап кетіп, әлгі пәруайсызды сабай жөнеліпті. Оразбай «Ойбай-ойбай, жетесіз ит! Абай өлгенше, Оразбай қоса өлді, арысың құлады. Күнің сөніп, айың батты! демейсің бе, ойбай! Енді не болдым! Ойбай, Абай! Абай! Мен неге артыңда қалдым!» деп аңырапты. Бай сабасына түскен соң, жиналған ағайындар ішінен бірі:

– Оразеке, мынауыңыз не? Тірісінде Абаймен сыйластығың жайы алты алашқа мәлім болды. Ал, ол жарықтық дүниеден көшкесін мына жоқтауыңызды түсіндіріңізші! – депті.

Оразбай:

– Мені аяғы аспаннан салбырап түсті деп пе едіңдер? Шыққан жерім белгілі. Шөкімдей Есболаттан шықтым. Тіпті, шынға келсек, оның да бел баласы емес, асыранды Қайыпбердіден туамыз. Кең Алла алдыма мал бітірді. Маңымда қара-құра болсын деп Семей уезіне шашырап кеткен Есболаттың «ойдағы отыз арба жыны мен қырдағы қырық арба құтырғанын» жинап, Шұнайдың қос биігіндегі екі старшын Есболат елі еттім. Мені «Абайдың кім екендігін білмейді», «онымен теңмін деп алысты» деген кісі қателеседі. Абай «ел бүлігі Тобықты» деп тегін айтқан жоқ. Мен «ел бүлігі – Олжай» дер едім. Қараңдаршы, Көшбикедегі бүліктен соң, Абай үш Олжай – Айдос, Жандос, Қайдос басын қосып, біріктіріп еді, бүлінген Тобықты бар ма қазір. Міне, Абай дүниеден өткен тұста, шүкір, Тобықты бір кісінің баласындай бүтін ынтымақты ел. Бұл – Абай ісі», – деп Абайға деген үлкен құрметін аңғартады.

Тірісінде сыйласпаған адамның өліміне қуанады-ау деген ниетте болған хабар жеткізушінің де осы бір тұста айтылар әңгімесі ерекше болған-ды. Абайдың көзі кеткен соң емес, өмірінде де мойындаған Оразбайдың бойындағы жақсы қасиетті тағы бір мәрте дәлелдегендей-ақ болып тұр.

Оразбай 65 жасында мұсылмандық парызын өтеу үшін қажылыққа аттанған еді. Қасына інісі Бегімбетұлы Ыспанды ертіп барады. Оның қажыға барып-қайтуының өзі аңызды әңгімеге толы.

Оразбай Меккеден қайтар кезде іш ауруға ұшырайды. Ол елдегі тәртіп бойынша Мекке қаласынан қажылар 10-15 шақырымға шекті жаяу шығуға міндетті екен. Бұл біріншіден, қасиетті орынға қажылардың құрметі делінсе, екіншіден, ол іш ауруды таратпаудың амалы екен. Іш ауруға шалдыққан адам ауруын жасырмақ. Соны білудің оңай әдісі қажыларды 10-15 шақырым жерге жаяу жүргізсе сырқаттың іш ауруы білінбей қоймайды. Арнаулы сақшы топ іш ауру кісіні сөйтіп жібермеген.

Мұны білген Оразбай қатты сасқан екен. Әдісті өзі тапсын, не інісі Ыспан тапсын, әйтеуір Ыспанның қайратының арқасында Оразбай Меккеде қалмай, елге қайтыпты. Ыспан ағасының бойындай сандық жасатып (Оразбай бойы шағын кісі екен), ағасын 15 шақырым бойына сандыққа салып, арқалап алып шыққан (Исабаев Б. Ұлылар мекені. Екінші басылым. – Алматы, 2010.107-б.).

Оразбай – жұмбағы көп, күрделі тұлға. Оның бойындағы жақсы қасиеттерді, адамгершілігін көре тұра, біз келер ұрпаққа тек жағымсыз кейіпкер ретінде қалдыра алмаймыз. Әдебиетте тура осы Оразбай сияқты кейіпкерлер өте көп. Нақты деректер негізінде көркем шындықтан тарихи шындықты ажыратып келер ұрпаққа қалдыру абайтанушылардың мойнындағы жауапты іс болса керек-ті.

Айман ТОҚСАМБАЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Тарих порталы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар