Жақында жарық көрген «Қазына» кітабы – қазақтың ұлттық танымын, болмысын және салт-дәстүрін танытуға бағытталған. 12 бөлімнен тұратын кітап адамның шыр етіп дүние есігін ашқан сәтінен басталып, мәңгілік өмірге аттанар кезіне дейінгі барлық ырым-жоралғыларды қамтиды. Осы тұрғыдан, авторы Ақмарал Мағауияқызы Қанапинамен жасалған сұхбатты алдарыңызға ұсынамыз.
ӘП: – Сәлеметсіз бе, Ақмарал Мағауияқызы! Жақында ғана «Қазына» атты кітабыңыз жарық көргенін естіп, қуанып жатырмыз. Құтты болсын! Жаһандану дәуірі, технология кезеңімен бірге «жамалған» ұлттар теориясы немесе «ұлтсыздану ұраны» жайлап тұрған ғасырда сіз ұлттық құндылықтарға негізделген, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын кітап жазып шықтыңыз. Бұл – үлкен еңбектің нәтижесі болса керек. «Қазына» кітабы – қазақтың ұлттық танымын, ұлттық болмысын, салт-дәстүрін танытатын кітап. Сізді осы бағытта ізденіп, осы бағытта қалам тартуға итермелеген себептер қандай?

Ақмарал Мағауияқызы: – Cәлеметсіз бе! Бізде дәстүрді құрметтеу бала кезден қалыптасады. Әжемнің айтқандары, үйден үйренген тәлім-тәрбием мен танымым осыған негіз болды. Қазір өзім төрт баланың анасымын. Балалардың «Құрсақ шашудан» бастап, «Қырқынан шығаруға» дейінгі барлық рәсімдерін терең түсінемін. Бұл рәсімдердің астарында үлкен даналық, терең мағына жатыр.
Мысалы, «Қырқынан шығару» кезінде тек сөзбен ғана емес, жүректің ақ тілегімен бата беру маңызды. Әжем үйреткендей алақан жайып: «Болашақта жүрегі ақ болсын, тек жақсы сөз естісін», - деп тілек айтуды әрдайым орындап келемін. Мұндай дәстүрлер адамға өмірлік қуат береді деп сенемін.
Кейде шетелге шыққанда біздің қазақ екенімізді танымай, «Орыссыздар ма?» деп сұрайды. Сондайда біз тек өзіміздің тамырымызды таныту ғана емес, ұлттық кодымызды түсіндіру арқылы ерекшелігімізді көрсетуіміз керек. Қазақты әлемге таныта алатын нәрсе – дәстүрі. Біздің өміріміз, туғаннан бастап, өмірден өткенге дейінгі әр сәтіміз – дәстүрге бай.
Қазақта «Сәлем салу» дәстүрі де ерекше орын алады. Бұл – жай бір әрекет емес, терең психологиялық және рухани мағынасы бар рәсім. Әйел адамның иіліп сәлем салуы – оның отбасына, ата-бабалар рухына құрметін көрсетеді. Кейде жастар мұны дұрыс түсінбей жатады, бірақ дәстүрімізде сәлем салу – үлкендерден бата алу, үйдің әруақтарына құрмет көрсету дегенді білдіреді.
Шетелде жүрсем, мәдениетіміздің тереңдігін байқаймын. Менің қызым бір күні шетелдік достарынан: «Неге қазақша сөйлеспейсіңдер? Өз тілдерің жоқ па?» - деген сұрақты естігенде, бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін түсіндім. Біздің ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалудың басты құралы – тіліміз бен дәстүріміз.
Қызымның сұрақтарына жауап іздей отырып, бір нәрсеге көзім жетті. Біздің болашағымыз – тілімізде, дәстүрімізде, ұлттық кодымызда жатыр. Ұрпағымызға ана тілі мен дәстүрін үйрету арқылы біз ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысымызды сақтап қаламыз. Біз ерекше халықпыз. Басқа жерде «Шашу шашу» дәстүрі бар ма? Қуанышты бөлісудің осындай терең, мағыналы түрі тек бізде ғана бар. Осы секілді дәстүрлеріміздің мәнін ұғыну, қадірін білу – біздің басты міндетіміз.
ӘП: – Енді оқырман қауымға өзіңіз жайлы айтсаңыз. Қайда білім алдыңыз? Қай жақта тудыңыз? Осынша терең қазақы болмыстың тамыры қай жақта жатыр?
Ақмарал Мағауияқызы: – Мен Қарағанды облысының тумасымын, әдебиет пен дәстүрді кішкентай кезімнен бері сүйіп өстім. Бала күнімнен әдебиетке, қазақтың тарихына ерекше қызығушылығым болды. Мағжан Жұмабаевтың шығармалары, Асан қайғының жырлары, «Бес ғасыр жырлайды» кітабы мен үшін рухани азық болды. Әжемнің тәрбиесі де осы қызығушылықты тереңдетті.
ӘП: – Әжеңіз сізге қандай ұлттық құндылықтарды үйретті?
Ақмарал Мағауияқызы: – Әжеміз өте данышпан кісі болатын. Ол кісіден үйренген нәрселерімнің бірі – дастарханға ет тартудың өзі үлкен дәстүр екенін түсіну. Мысалы, ет мүшелері әр адамның жасына, мәртебесіне қарай беріледі: төс күйеу балаға, жамбас қонаққа, ал құйымшақ келінге немесе қызға беріледі. Бұл арқылы біз тек ас мәзірін ғана емес, үлкендерге деген құрмет пен әдептілікті үйрендік. Бұл жай ғана құндылық емес, терең логикалық байланысқа да негізделген дүние. Үйге кіріп келген кез келген адам жеп отырған етіне қарап, кімнің кім екенін бағамдаған және сұрап жатпайтын болған.
Әжем маған қазақ халқының табиғатқа, жан-жануарларға деген құрметін де үйретті. Қаздармен, сиырлармен сөйлескенін, олардың әрқайсысына қамқорлық танытқанын көріп өстім. Бұл да – қазақы өмірдің бір әсем қыры.
ӘП: – Қазақ тілінің қазіргі жағдайы туралы ойыңыз қандай?
Ақмарал Мағауияқызы: – Қазіргі қазақ тілінің мәселелері көп. Мысалы, шет тілінен енген сөздер дұрыс бейімделмейді. Балалар қазақша оқулықты түсінбей, шатасады. «Интернет» дегенді қазақша «торкөз» деп атау сияқты шалағай аудармалар бар. Менің ойымша, терминдерді қазақшаға бейімдеп, оны халыққа түсінікті ету қажет. Бірақ алдымен балалардың қазақша сөйлеуін қамтамасыз ету керек. Әйтпесе мұның бәрі бос әурешілік болмақ.
ӘП: – Ал дәстүр мен қоғам арасындағы байланыс туралы не айтасыз?
Ақмарал Мағауияқызы: – Қазақтың дәстүрлері – халқымыздың рухани байлығы. Бірақ қазір бұл құндылықтар көбіне ауылдық жерлерде, шет аймақтарда ғана сақталған. Мысалы, Атырау мен Ақтау, Шымкент сияқты жерлерде қазақтың жеті қазынасы, дастархан әдебі, жеті ата ұғымы жақсы дәріптеледі. Менің ойымша, дәстүрді сақтау – әйелдердің қолында.
Ер адамдар жеті атасын біліп, ұрпағына дұрыс тәрбие берсе, әйелдер сол тәрбиені күнделікті өмірде қолдануды үйретеді. Әжем: «Ер азаматтың қазынасы – сұлу әйел, жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы, құмай төбет, ілім-білім және мол дәулет», - деп айтатын. Бірақ бұл жерде «сұлу әйел» дегенде сыртқы сұлулық емес, жан сұлулығы, рухани байлық, ар сұлулығы қатар жүреді. Осы секілді ұлттық құндылықтарды жастарға заманауи форматта жеткізсек, олар батысқа еліктемей, өз дәстүріне оралады деп сенемін.

ӘП: – Қоғамға қатысты сізді мазалайтын тағы қандай мәселе бар?
Ақмарал Мағауияқызы: – Мен өзімнің тегім туралы көбірек білгім келеді. Қазақта «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз бар ғой. Мен өзімді кіші жүзбін деп айтамын, бірақ генетикалық зерттеу жасап, нақты қайдан екенімді анықтағым келеді. Бұл мен үшін маңызды, себебі тарихыңды білу – ұлттық санаңды нығайту деген сөз.
Мені мазалайтын тағы бір мәселе – тіл мәселесі. Балаларымызды «мама», «папа» деп жатқанына куә боламыз. Бірақ олардың санасына ана тілінің шынайы құндылығын сіңіру үшін қазақша сөздерді бірінші кезекте қондыруымыз керек. Балалар қазақша сөйлемей жатып, шеттен енген сөздерді аударып, енгізуге тырысқанымыз бекер. Бұл тікелей ана тілінің болашағына әсер етеді.
ӘП: – Бұл мәселеге байланысты қандай нақты қадамдар жасалуы тиіс деп ойлайсыз?
Ақмарал Мағауияқызы: – Қоғамда, бала тәрбиесінде ең басты рөл әйелдерде екенін ашық мойындауымыз керек.Алдымен әр әйел өзіне «Сен кімсің? Қазақсың ба?» - деп сұрақ қоюы керек. Осыдан кейін өз дәстүрін, тілін, мәдениетін сүйе бастайды. Қазіргі кезде ұлттық сана-сезімімізді оятуымыз маңызды. Дәстүрді насихаттау арқылы тілімізді, мәдениетімізді сақтай аламыз.
ӘП: – Дәстүр туралы айтқанда, қандай салттарымызды қайта жаңғыртуымыз керек деп ойлайсыз?
Ақмарал Мағауияқызы: – Мысалы, бүгінгі «Гендер пати» деп аталатын заманауи үрдісіміз бар. Алайда қазақта бұрын «Құрсақ той» деген дәстүр болған. Бұл той болашақ ананың амандығын, баланың аман-сау дүниеге келуін тілеу үшін өткізілген. Қазақтың әрбір салтында терең мағына жатыр, біз оны түсінуіміз және қайта жандандыруымыз керек.
Мен өзімді жазушы деп есептемеймін, тек жинақтаушымын. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жеңіл әрі түсінікті тілмен қазіргі ұрпаққа жеткізгім келеді. Жастарға ана тілінің байлығын, ұлттық мәдениетті қарапайым тілмен ұғындырғым келеді.
Мектептерде дәстүрді дәріптеу тек «Наурыз» мейрамы кезінде ғана жүзеге асады. Бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Дәстүр тек бір күннің немесе бір айдың тақырыбы болмауы керек. Ұлттық құндылықтарды сабақ ретінде оқытуға болады. Бұл экологияны, тарихты, тіпті этиканы қамтитын кешенді пән болуы мүмкін. Дәстүр – бұл біздің қазынамыз. Ол материалдық байлық емес, рухани байлық. Ұлттық дәстүрімізді сүйген бала тілі мен мәдениетін де сүйеді.
Содан соң қазақ мәдениетінде астрология мен мүшел жас өте маңызды орын алады. Мүшел жас — адамның өміріндегі ерекше кезеңдер мен өзгерістерді білдіретін ұғым. Әр мүшелде адам белгілі бір өмірлік дәуірге қадам басып, жаңа жауапкершілік пен өмірлік өзгерістерге тап болады. Ал астрология сол кезеңдерді түсінуге және адам өмірін болжап, бағыт көрсетуге көмектеседі. Бұл қазақ мәдениетінде маңызды, өйткені ол адамның өміріндегі шешуші кезеңдер мен бетбұрыстарды белгілейді.
Қазақтың тойы мен дәстүрлері өте бай әрі терең мағынаға ие. Мысалы, біздің мәдениетте «Қыз ұзату», «Шашбауын көтеру», «Құдалық» сияқты дәстүрлер бар. Әр дәстүрдің өзіндік мәні бар. Мысалы, «Шашбауын көтеру» — қыздың сіңілілері атқаратын, күйеуге шығуға дейінгі маңызды кезеңді көрсетеді. Бұл дәстүр – қазақтың көшпелі өмірінің іздерін сақтай отырып, рухани құндылықтарды таситын код. Әр дәстүрдің терең мәні бар, олар тек адамның өмірін ғана емес, қоғамның тұтастығын да көрсетеді.
ӘП: – Қоғамның қанаған жарасына айналған рушылдық, жершілдік жайлы не айтасыз?
Ақмарал Мағауияқызы: – Бұлар – қазақ мәдениетінің өзегіне айналған ұғымдар. Рулық жүйе адамның қоғамдағы орнын, әлеуметтік байланыстарын анықтап, өмір сүрудегі бағытын көрсетеді. Бірақ бүгінгі қоғамда, әсіресе жастар арасында бұл жүйе көбінесе тек тарихи элемент ретінде қаралады. Алайда ру тек тарихты емес, адамның мінез-құлқын, психологиясын да білдіреді. Мысалы, бір рудың адамдары белгілі бір мінез-құлық сипатымен ерекшеленуі мүмкін. Бірақ осы ұғымды дұрыс түсініп, оның қазіргі қоғамға қалай қызмет ететінін ұғынуымыз қажет.
ӘП: – Көптеген адамдар тілдің мемлекеттік деңгейде дамуына қатысты пікір білдіріп жатады. Осы мәселеге қатысты сіздің ойыңыз қандай?
Ақмарал Мағауияқызы: – Әрине, мемлекеттік деңгейде тілдің дамуы үшін көптеген шаралар қабылданып жатыр. Жеке адамдар да өз тараптарынан көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ меніңше, бұл мәселені бастауыш деңгейден, яғни отбасы мен қоғамнан бастау керек. Бала анасының тілінде сөйлеп, осы тілді тереңінен түсінуі үшін, ана да сол тілге құрметпен қарауы тиіс.
ӘП: – Сіз түрлі салада жұмыс істедіңіз. Бизнес пен қоғамдық қызметте қандай маңызды тәжірибе алдыңыз?
Ақмарал Мағауияқызы: – Менің өмірімде көптеген өзгерістер болды. Бизнес саласында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Бірақ менің ең басты құндылығым – қоғамға пайда әкелу. Қоғамның дамуы үшін мен тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, ұлттық құндылықтарды да дәріптеуім керек деп шештім. Менің кітабым да осы мақсатқа бағытталған.
ӘП: – Сіз әлгінде қоғамның өзегі – әйел екенін айттыңыз. «Қазына – менің үш қызыма жазған аналық хатым», - деген екенсіз бір жазбаңызда. Әр ұлттың тілін, ділін, дәстүрін насихаттауда әйелдің орны ерекше ғой. Кезінде түрік тілі кілең араб-парсы сөздерімен араласып, өзгеріп кеткен тұста Ататүрк бір сөздік әзірлеткен екен. Ол сөздікке тұтас түркі халқына тиесілі, көне түркіден бері келе жатқан ұттық сөздер енген. Әлгі сөздікті біраз тиражбен басып шығарып, әр ауылдағы ең көп өсек айтатын (күліп) 2-3 әйелге таратқан екен. Әйелдерге сол сөздерді жаттап, сол сөздерді қолданып, тұтас ауылға тарату тапсырмасы беріледі. Осылайша қазіргі Түркия түрікшесі қалыптасқан деседі. Арасы жалғыз ғасыр болса да, сол кездегі Осман түрікшесі мен қазіргі Түркия түрікшесінің арасында көп айырмашылық бар. Яғни стратегиялық тұрғыдан тілді тарататын да, насихаттайтын да әйелдер болуы керек екенін осы жерден түсінеміз. Ататүрік те мұны жақсы түсініп, жақсы қолданған саясаткер-идеолог болғанын көреміз. Жалпы түркі танымында әйел үнемі – «мейірім мен жылулық, шексіз жанашырлық, жебеуші шипа» символы болған ғой. Бірақ мені қазіргі қазақ қоғамында жүрген әйелдердің, әсіресе қызметте, билікте жүрген әйелдердің «қатыгездігі» мен «амбициясы» қорқытады. Осы жайлы не дейсіз?
Ақмарал Мағауияқызы: – Иә, осының бәрі «Сәлем салу» дәстүрінен ажырап қалғанымыздан деп ойлаймын. Өйткені қанша жерден қызметте, жоғары жерде, билікте жүрсең де, кешкісін үйге келген сәт күйеуің мен туысқандарыңа сәлем салсаң, сен қайтадан жерге түсесің. Өзіңнің амбицияң мен тәкаппарлығыңды осылай сабасына түсіріп отырасың. «Сәлем салу» дәстүрінің басты құндылығы да – осы. Сол үшін әр дәстүрдің психологиялық мәні мен философиялық ұғымын дұрыс түсініп, дұрыс қолдану керек.
ӘП: – Жақсы. Осындай істерге атсалысқаныңыз үшін көп рақмет!
Ақмарал Мағауияқызы: – Рақмет! Мен де осы сұхбатты өткізу мүмкіндігін алғаныма қуаныштымын. Әр адам ұлттық құндылықтарды түсініп, оны өз өмірінде қолданса екен деп тілеймін!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.