Ұлы жазушы ғана емес, кемеңгер ойшыл Лев Толстой өзінің шытырман тағдыры мен құпияға толы ғұмырымен кейінгі зерттеушілер мен сан мыңдаған оқырманына ойлануға негіз болатын терең сыр қалдырып кетті. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» сынды әлем прозасының жауһарларын тудырған қайталанбас суреткерлігі өз алдына үлкен бір тақырып. Ал оның ақиқат пен Жаратушы турасындағы пікірлері мен ұстанымдары, ұлы жазушының бізге әлі толық ашылып бітпеген бөлек бір әлемі болып отыр. Осыған дейін орыс классигінің жалпы дін мен сенімге, сондай-ақ, Исламға қатысы жайлы біршама зерттеулер мен құнды деректер жарық көрді. Алайда, бұл тараптағы пікірлер мен жорамалдар күні бүгінге дейін бір тоқтамға келген жоқ. Әсіресе, кемеңгердің Ислам дініне қатысы туралы пікірлер сан қилы. Шешімі даулы әрі құпияға толы бұл түйінді мәселеге, ұлы қаламгердің Христиан діні мен Ислам туралы көзқарасы, кемеңгердің өз заманында мұсылман әлемінің ойшылдары мен Шәкәрім Құдайбердіұлымен болған рухани үндестігі біраз анықтық береді деп ойлаймыз.
Қазақ пен орысқа ортақ рухани қазына
Толстойдың Исламға қатысы турасында сөз қозғамас бұрын, ең алдымен қазақтың аяулы ұлдарының бірі болған – Шәкәрім бабамыз бен орыс ғұламасының арасындағы рухани байланысты тілге тиек етуден бастағанды жөн көреміз. Бұл екі ойшылдың өз заманында рухани үндестікте болып, хат алмасқандығы туралы бүгіндері жиі айтылып жүр. Өкінішке орай, ұлылардың хат арқылы тілдескендігіне шын мәнінде дәлел боларлық тарихи құжаттар сақталмаған. Десе де, Шәкәрім қажының ұлы Ахаттың естелігіндегі мына бір құнды деректер, аталған мәселеге сәл болса да жарығын түсіруі мүмкін. Онда, Ахат Шәкәрімұлының өз әкесімен орыс жазушысы туралы болған әңгімесі мен Шәкәрім қажының рухани ұстазына қойған сауалдарының мазмұны келтірілген.
«Марқұм әкеммен болған бір әңгімеде: «Сіз Толстой туралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңіңізде де оны өте жоғары бағалайсыз», – дедім. Сонда әкей айтты: «Мен Толстойды бұрында да бағалайтынмын. Әсіресе, мен Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақтарыма Толстой маған өте қымбатты жауап қайтарды. Сол жауаптары мені толғандырып, ғибадат алатын сабақ болып, көңіліме орнап қалды. «Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың ішінде және Сіз білетін арға ең ауыр тиетіні не?» – дедім. Толстой бұған: «Осы тізіп тұрғандарыңның барлығы да адамшылық арға тиетін нәрселер. Меніңше, арға ең ауыр тиетін бір іс бар. Ол адам көпшілікке не қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны бір нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші: сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсаң, малыңа зиян тисе, екінші: сен мансап иесі болып, сол хақиқатты айтсаң, мансабыңнан айрылатын болсаң, үшінші: сол хақиқатты айтсаң, басың жазаланатын болса, міне, осы үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетіні осы», – деді. Екінші: «Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?» – дедім. Бұған ол кісі: «Көп адамдар қатысатын шығарма болсын, не әңгіме болсын, алдымен, сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуы керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындалып, сезініп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде әңгіме дәл, қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге пішкен тон бойға шақ келмейді» деген мәтелді жазушы ойдан шығармауы керек. Ішіне араласпай, сырттай ой-жотамен жазылған шығарма шындыққа жанаспай, қызықты болып шықпайды», – деді. Үшінші: «Өз жазғанымның дұрыс, терісін сынау қиын, өз шығармамның қатесін қандай әдіспен көріп, сынап, түзеуге болады?» – деген сұрағыма ұлы жазушы: «Жазушының артық қасиеті – өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» деген де бар. Бәрінен адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзеген артық, өз қатесін түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол – адамға біткен ақ жүрек. Егер адам істеген өз ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің сезімі оны ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, біреудің мінін де көре алады, сондықтан әділ сыншы – ақ жүрек», – деді» (Ахат Құдайбердіұлы. «Шәкәрім жайындағы естелік», 64-б.).
Қазақ және орыс руханиятына ортақ мұра саналатын бұл екі алыптың хаттарын іздестіру, болашақтың еншісіндегі маңызды дүниелер қатарына жатқызылады. Бұл орайда біраз шаралар атқарылып жатқанын айта кетуге де болады. Мысал үшін, Абай мұражайынан аттанған бір топ делегация орыс жазушысының көзі тірісінде мекені болып, қазір мұражайға айналған Ясная полянаға барып қайтқан болатын. Бұл топтың аталмыш сапары барысында алға қойған бірнеше мақсатының бірі – Шәкәрім-Толстой хаттарын іздестіру жұмыстары да болған.
Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілсе, қазақ және орыс кемеңгерінің хаттары табылуы да ықтимал. Ал осынау терең пәсапалық мазмұнға ие тарихи құжаттар табылып жатқан жағдайдағы екі елдің мәдени қазынасына қосар үлесін ескерсек, зерттеу шараларының маңыздылығы арта түседі.
Екі ойшылды үндестірген рухани байланыс
Толстой мен Шәкәрімнің сұрақ-жауап формасында өрбіген бұл хатынан, ой алыптарын толғандырған мәңгілік сауалдардың өзара ұқсастығы көрінеді. Қазақ ақынының шынайы шығармашылықтың негізгі міндеті мен адастырмайтын тура жолға бастайтын ақиқат турасындағы сауалдарына Толстойдың берген жауабынан, орыс ойшылы мен қазақ кемеңгерінің рухани байланысын көре аламыз. Сонымен қатар, қос тұлғаның өз заманында мәңгілік шындықты іздеуінде ортақ рухани бастаулардан сусындағаны осындай жарасымды пікір алмасуларынан үйлесімді көрініс тапқан. Сондықтан болар, Шәкәрім әлемін тану арқылы орыс жазушысының тағылымына бас иеміз. Бұл орайда Шәкәрім мен Толстой арасындағы ой-пікір, идея үндестігі мен тағдыр ұқсастықтарын салыстыра отырып, рухани параллель өткізуге болады. Қазақ ойшылы қайшылыққа толы қоғамда өмір сүргендігі белгілі. Шығармашылық адамының болмысы оның рухани айнасы болатын туындыларынан аңғарылады десек, ақынның дін мен ақиқат, Жаратушы турасындағы көзқарасы, кезінде жазып қалдырған діни өлеңдерінде керемет жыр жолдарымен кестеленген.
Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге, өмірге, дінге деген өлең-ойлары оның күрескер ақын болғанын, жалпы, адам «таза ақыл» мен «жүрек көзі» арқылы ақиқатты, сол арқылы өзін таниды деген рухани ұстанымда болған тұлға екендігінен хабар береді. Ақынның терең философиялық өлеңдерінде дүниені жаратушы Құдіретті Бір күш бар және оны мойындау керектігі айтылып, сондай-ақ, оның дәлелі ретінде, айнала қоршаған табиғаттың жарасымдылығынан көрінеді дейтін сырлы ой көрініс береді. Бұдан бөлек, қазақ кемеңгерінің сыр сөздерінде, адамның ақиқат болмысты танып-білуі, кедергісіз таза ақылға сынату арқылы мүмкін болатыны, керемет ақындық шеберлікпен астарлап жеткізілген.
Ақынның адам танымының мүмкіндігінің шексіздігіне ерекше назар аударғандығына дәлел боларлық өлеңдері аз емес. Соның бірі мына өлең жолдарында тамаша теңеулермен астасып көрініс береді:
Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас көзден таса.
Жеті көк жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетеді қармаласа.
Жанның бәрі мендегі жар табар еді,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа, –
деген жыр шумағында Шәкәрім қажы ақиқатты танудағы ақылдың орнын айқындап берген. Сондай-ақ, Шәкәрім мен Толстой рухани үндестігін тұлғалар өмірінің соңғы бөлігінің ұқсастығымен де салыстырып өтуге болады. Қазақ ойшылы тағылымды ғұмырының соңғы жылдарын Шақпақ деген жерде жалғыз өткізгендігі белгілі. Осылайша Шәкәрім бабамыз тағдыр сыйлаған жылдары барысында жинаған рухани қазынасын оңаша отырып қорытуды жөн көрсе, ұлы Толстой да өмірінің соңғы күндерінде жалғыздықты серік етіп үйінен кетіп қалған болатын. Адамзаттың барлығы тең, олардың арасына сызат түсіретін тек пенде бойындағы жат мінез бен арам пиғыл екенін айтып өткен Шәкәрім Құдайбердіұлы, осындай гуманистік идея-
ларымен өзі рухани ұстаз тұтқан Толстой ойларымен бір арнада түйісіп отырған. Қазақ кемеңгерінің «мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ», «ар түзейтін ғылым» керек деген өлең-идеясы, орыс классигінің «Евангелие» кітабындағы «бір бетіңнен ұрғандарға екінші бетіңді де тос» деп көркем мінезділікке шақыратын уағызын насихаттауымен үндеседі. Бұл екі ойшылдың адамзаттың бір-бірін бауыр көріп, зұлымдық атаулыға тоқтау салудың жолындағы гуманистік рухани бірлігін көрсететін бұдан бөлек өзге де мысалдар жетерлік. Қазақ кемеңгері «Таза дін» – «Шатақ дін» тұрғысындағы сыншылдық ойларын тарқата отырып, дінді тек қазаққа ғана емес, барша адамзатқа бірлік пен берекенің, татулықтың үлгісі ретінде ұсынады:
Еңбекке шыда ебін тап та,
Сабырдың түбі – сары алтын.
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі – өз халқың, –
деген Шәкәрім жолдарында адамзаттық ауқымның өнегесі жатыр. Ойшыл ақынның адамның барлығын қадірлеп, гуманистікке үндеген ізгі идеясына Толстойдың діннің басты қағидаты туралы айтқан мына бір пікірі үйлеседі: «Бөгде халықтың адамдарын сүй, олар тіпті күш көрсетсе де жақсылық жаса. Немістерде де, орыстарда да Құдай – жалғыз және ешкімді алаламай жақсы көреді; сендер де оның теңдей ұлдарысыңдар, Құдай сияқты күллі жұртқа қайырымды болыңдар деймін», – деген ойы мен «Христиандар үшін ешқандай күрделі метафизика жоқ және болмайды да, Христиан уағыздарындағы метафизика деп атауға болатындардың барлығы, баршаға ұғынықты қарапайым ережеден тұрады: күллі адамзат – Тәңірінің перзенті, бауырлар! Сондықтан олар әкелерін, бауырларын сүюлері тиіс. Сол себепті өзгелердің саған мейіріммен қарағанын қалайтыныңдай, басқаларға да сондай бауырмалдықпен қарағаның жөн» деген терең мағыналы уағызы сабақтаса жалғасады.
«Үш анық» пен «Круг чтения»
Орыс ойшылының үндеген идеяларына рухани жақын мәселелерді қозғайтын Шәкәрім қажының «Үш анық» еңбегі бар. Шәкәрім Құдайбердіұлының осы терең мазмұнды философиялық трактатын көп жылдық ой еңбегінің жемісі деп қабылдау керек. Ақын бұл еңбегінде, «Өмірдің мәні не?» деген сауалға бұрындары өткен ойшылдардың пікірі мен ойларын, өз заманындағы құнды көзқарастарды біріктірген болатын. Ал Толстойдың осыған ұқсас «Круг чтения» деген еңбегі бар. Бұл кітабында орыс кемеңгері белгілі жазушылар мен тұлғалардың, Конфуций мен Жан Жак Руссо секілді терең ойлы философтардың ақиқат пен өмір турасындағы ойларының басын құраған. Міне, мұның барлығын да Шәкәрім мен Толстой рухани бірлігін қуаттайтын дәйекті пікірлер қатарына жатқызуға болады. Бұл рухани үндестікке Толстойдың Ислам әлемімен байланысы да көрік береді. Ұлы абыздың көзі тірісінде шіркеуден аласталуы мен оның Ислам дінін қабылдағандығын жақтайтын жорамалдар аз емес. Кемеңгердің шіркеуден аласталғаны тарихи дәйектермен расталғандығы белгілі. Толстой өмірінде орын алған өзге де шытырмандармен қатар, ұлы жазушының заманында шіркеуден аласталғандығы да сансыз сауал тудырып жүрген үлкен бір тақырыпқа айналып отыр. Ойды сан саққа жүгіртетін мұндай пікірлер таразысының екінші жағында орыс ойшылы шіркеуден өзі алыстаған дейтін қарама-қайшы пікірлер де жоқ емес. Мұндай ой ұстанушыларға Павел Басинскийдің «Лев Толстой: «Бегство из рая» атты кітабында келтірілген деректер мен жазушының православ шіркеуіне байланысты көзқарастары мен идеясы негіз болған секілді. Павел Басинскийдің аталмыш еңбегінде жазушының жер қойнына тапсырылған шағын суреттейтін: «Тело Л. Н. положили в дубовый гроб, без креста на крышке», «Толстого хоронили, как он и завещал, «без церковного пенья, без ладана», «без торжественных речей» деген сөйлемдер бар. Толстойдың православ шіркеуі турасындағы өткір пікірлері мен бітіспес қарсылығының салдарынан жазушыны шіркеуден аластау ұйғарылғандығы белгілі. Бұл шешім православиелік шіркеудің бас органы саналатын Синодтың ұйғарымымен 1901 жылдың 22 ақпанында шығарылған еді. Ал жазушының мұсылмандықты қабылдауына байланысты пікірлер болғандығына қарамастан, бұл мәселеде ақиқатты біржақты кесіп айту қиын. Исламның қағидаттары ізгі ұстанымдардан тұратындығы, жазушының айтқан пікірлерінде ашық, күнде көкте ойнайтын жасындай анық айтылған. Толстойдың мұсылман әлемімен таныстығы болғанын растайтын көзі тірісінде айтып кеткен Ислам жайлы пікірлері мен оның өмір жолының мұсылман дүниесімен тоғысқан тұстары да жетерлік.
Он үшке толғанда болашақ жазушының отбасы сан ғасырлар бойы мұсылман қауымының мәдени әрі рухани орталығы болып келген көне қала Қазанға көшкен. Ал 1844 жылы Лев Толстой Қазан университетінің философия факультетінің шығыс тілдері бөліміне оқуға түскен. Сондай-ақ, жазушының кейін осы оқу орнының заң факультетіне ауысқандығы да белгілі. Міне, осы кездерде орыс ғұламасы Шығыс әлемін жетік білетін ғалымдардан дәріс алып, араб және түрік тілдерін үйренген болатын. Бұдан бөлек, Толстой Кавказдағы Терек өзеніне іргелес тұрған казак станицасында 1851 жылдан бастап үш жыл тұрды. Осы аралықта жазушы өз еркімен әскери міндетін өтей жүріп, Кавказдағы әскери қимылдарға да қатысқан. Осылайша, әскери борышын өтеу кезінде Толстой тау халқының ерекшелігімен жақын танысқан. Кемеңгер жазушы осы шақтарда байыптаған ислам дүниетанымы мен өмірінің сол кездегі бөлігіне дейін көріп келген орыс қоғамындағы салт-дәстүр, мінез-құлық ерекшеліктерін іштей салыстырған болатын. Ал Толстойдың Кавказда өткен күндері мен түйген ойы кейін жазушының «Казактар», «Шапқыншылық», «Орманды кесу» повестері мен соңғы еңбегінің бірі болып есептелетін «Қажымұрат» повесінде суреттелді.
Көзі тірісінде-ақ Батыс пен Шығысқа бірдей абыз атанған Толстойдың Исламға қатысы турасында белгілі бір ой айту үшін, жазушының мұсылман қайраткерлерімен болған байланысын, сонымен бірге, тарихи құжат ретінде сақталған хаттарына да сүйену қажет. Орыс жазушысымен байланыста болған тұлғалардың қатарында Махатма Ганди мен мысырлық Мухаммед Абдоны және тағы да басқа ойшылдар мен мұсылман ағартушыларын келтіруге болады. Бұл орайда сол кездердегі ислам реформаторларының орыс ойшылын қаншалықты құрметтегені мен Толстойдың мұсылман сенімінің ізгі қағидаттарын қадірлегеніне дәлел боларлық бірнеше тарихи хаттардың біріне тоқталып өтуге тиіспіз. Толстойдың 1908 жылы Р. Елкібаевқа жазған хатында: «Құрметті бауырым, Рахматулла Минғалиұлы! Мен баршаға 1881 жылдан кейін жазылған шығармаларым мен аудармаларымды басып шығаруға рұқсатымды бергенмін. Ал, сіздің маған жасаған ұсынысыңыз үшін үлкен алғысымды білдіріп, қазіргі күні қолда тұрған еңбектерімді жіберіп отырмын. Соның ішінен өзіңізге ұнағанын іріктеп алып, басарсыз. Ал, менің Ислам діні туралы не ойлайтыным жайлы сауалыңызға келсек, менің ойымша, шынайы дін жалғыз-ақ. Бұл шынайы діннің ақиқаты адамзатқа әлі толық ашылған жоқ, бірақ оның кейбір бөліктері барлық діндерде байқалады. Адамзаттың бүкіл дамуы осы шынайы дінді түсіндіру айналасына келіп топтасады. Сол себепті ақиқатты сүюшілердің бәрі діндердегі айырмашылықтарды емес, олардағы бірлік пен шындыққа лайықты пәлсапаларды іздеуі қажет. Сондықтан мен барлық діндерге, соның ішінде өзіме жақсы таныс Исламға қатысты да дәл осы әрекеттерді жүзеге асыруға тырысудамын».
Бұл хаттың мазмұнында жазушының Исламды қастерлейтіні және бұл сенім турасында айтарлықтай білімі болғаны көрініп тұр. Сондай-ақ, ол әлдебір шынайы діннің барын және оның ақиқаты мен сыры әлі ашылмағанын да айтқан. Міне, терең ойлы кемеңгердің осы сөздері оның Христиан сеніміне көзқарасы мен Исламды қабылдағандығы төңірегіндегі жорамалдардың ой арнасына дұрыс бағыт беруі тиіс деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, ұлы жазушы өзінің қайталанбас шығармалары мен гуманистік идеялары арқылы барша адамзаттың бірлікте болуын көкседі. Абыз Толстойдың пендені дұрыс жолдан тайдырып, ақиқаттан адастыратын зұлымдық пен әділетсіздік атаулыға тұсау боларлық әлдебір хақ жолын іздегені анық. Адамзатқа ізгілік ілімін үндеп өткен өзге де «таңдаулылар» секілді, бұл ақиқат жолын біздің Шәкәрім бабамыз да аңсаған еді. Өзінің терең мазмұнды пәлсапалық ойларының алтын қазығы болған «Ар ілімі» идеясымен, Шәкәрім Құдайбердіұлы Толстой бастаған ұлылар шоғырынан өзіне лайық орын алды деп ойлаймыз. Жоғарыда келтірген деректермен екі ойшылдың арасындағы байланысқа тағы бір мәрте назар аударып, осы арқылы Толстойдың Ислам әлемімен қатынасын шама-шарқымызша зерделеуге тырысқан болатынбыз. Ал, адамзатқа үлкен өсиет қалдырып кеткен Шәкәрім мен Толстой арасындағы мәңгілік рухани үндестіктің тағылымы мол екені сөзсіз.
Мұрат Мұқашұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.