Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Төрлет, Әз-Наурыз!

21.03.2021 506

Төрлет, Әз-Наурыз! 12+

Кез келген мерекенің туып қалыптасуының тарихи негізі, тойлану ареалы бар. Қазақ халқы үшін «Ұлыстың ұлы» деп әспеттелген Наурыз мерекесінің тамыры терең, Наурыз – көктем мезгілі келіп жетуінің, яғни жаңа еңбек маусымының басталуына орай туындаған мейрам. Түркі, парсы, славян, күрд халықтарының ежелден бері ортақ мейрамы болған Наурызды қазіргі күні әлемнің 300 миллионнан астам халқы жыл басы ретінде атап өтеді. Наурызды атап өтудің ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар. Наурыздың ең басты гуманистік құнды сипаты – бұл күні елдер арасында жалғасушы соғыс уақытша болсын тоқтатылып, адамдар өз арасындағы араздық, өкпе-реніштерін кешірісіп, құшақ айқастырып татуласып, табысатындығы. Сондай-ақ ел билігінің иесі хан Ұлыстың ұлы күні өз атынан қазынадан қаржы бөліп, халыққа «шүлен тарату» рәсімін жасайтын болған.

«Наурыз» атауының өзі үндіеуропа тілдері тобына жататын парсының «ноу» – жаңа, «руз» – күн деген сөзінен шыққандығы анық. Кейінгі кездері «наурыз» сөзінің шығуына қатысты қазақ арасында айтылып «нәруыз», «нуырыс» қатарлы болжам нұсқалардың негізі жоқ деп білеміз. «Наурыз» сөзі парсыдан алынғанымен, астрономиялық түсініктерімізге, климаттық, шаруашылық жүргізу ерекшеліктерімізге орай салт-дәстүрлеріміз қалыптасқан.

Қазіргі қолда бар мәліметтер бойынша Наурызды тойлау дәстүрі парсы жерінде б.з.б ҮІ-ІҮ ғасырларда өмір сүрген Ахеменидтер әулеті тұсында болғандығы айтылады. Ахеменидтер әулетінің әйгілі Кир, Дарий патшалардың Тұран даласымен тайталасын, Ахеменидтер династиясының түбіне жеткен Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) турасындағы ескілі-жаңалы мәліметтер біздің тарихымыз бен әдебиетімізде жеткілікті. Наурыз – бір-бірімен іргелес көрші ретінде мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан иран мен тұран мәдениеттерінің синтезі. Наурызды діни мереке емес, шаруашылық маусымының басталуына орай туып қалыптасқан мереке дегенімізбен, ондағы салт-ғұрыптық рәсімдерде иран-тұран мәдениетінің әр дәуірдегі шаманизм, зороастризм, ислам діни таным-түсініктерінің айқын ізі мен әсері жатыр.

Абайдың «Біраз сөз, қазақтың қайдан шыққандығы туралы» жазбасында наурыз турасында былай дейді: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады, ол уақытта жаңа дінге кірген соң енді бір Бұхардан басқа шәһарлардың да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттарын бұзыпты. Сондықтан да болғанға ұқсайды. Әйтеуір сонан соң қазақ аталыпты». Абай сөзінен аңдайтынымыз: Наурыз тойының Құрбан айтынан да бұрын мерекеленіп келгендігі. Сонымен қоса, Бұхарадан басқа жер-судың, халық аттарының өзгертіліп, жаңаша аталғандығы. Абайдың «жаңа дін» деп Ұлы Далаға кейін келген исламды айтып отырғаны анық. Бисмилладан бастап, Аллахуакбармен аяқтап бата беру, өзге де салт жоралғы жасауға қоса, Наурызға азды-көпті әсері коммунистердің бұл ежелгі мерекені халық санасынан өшіріп, тарих қоқысына лақтырмақ болуына негіз болса керек. Наурызға түбі тықыр таянатынын сезіп, дәтке қуат деді ме екен, 20-жылдардағы қаламгерлердің жазбаларында Наурыздың әсте діни мереке емес екендігі туралы жиі кездеседі екен: «Қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді», - деп көрсетсе, Міржақып Дулатов: «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі: Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айырықшы сыйымды, артықша дәлелді…ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол Наурыз», - дейді. Өзге де қазақ зиялыларының Наурызды таза халықтық мейрам ретінде сипаттаған сөздері бар. Наурыз мерекесін қазақтар қалай қарсы алып, тойлап келгендігі туралы кеңестік дәуір әдебиетінде анық айтылып көрсетіле бермегенімен, әр өңір өзінше атап өтіп, жұрнақ-жұқанасы болса да сақталып жетті. ХХ ғасыр басындағы қазақ ақын-жазушыларының өлеңдері мен қара сөздерінде Наурыз туралы деректер біршама.

Бейімбет Майлиннің 1926 жылы 22 наурызда жазылған «Наурыз күні» атты өлеңінде қарапайым қазақ отбасының Наурыз күнін қалай қарсы алатыны туралы біршама айқын детальдар бар. Ескі-құсқыны жаңалап, жыртық-тесікті жамап жаңғырту – Наурыз келуіне орай атқарылатын әрекеттердің бірі. Бұл туралы өлеңде былай дейді:

Күн шуақта маужырап,

Бүргіштеп ескі құрымын,

Айналад Ұлжан баласын:

- Қарағым,сәулем, құлыным!

Қысқы ызғарда бүрісіп,

Мүгедек болып өліп ең.

Жаңарсын деп жаз туа –

Кенептен көйлек тігіп ем.

«Бүргіштеп ескі құрымын», - деуі – байлар сияқты жаңадан жаңғыртып жасандырып жібермесе де, барымен базар болып, киіз үйдің ескі киізін жамап-жасқаудың ишарасы. Ал «кенептен көйлек тігуі», бұл – Наурыз күні адамның ішкі жан дүниесі де, сырты да жаңғыруы керек деген байырғы салттың белгісі. Наурыз күні әр адам шама-шарқынша жаңа киім киіп шығатын болған. Сондай-ақ Наурыз – келіп жеткен көктемге, жаңа жылға деген жарқын үміттің, қуаныштың лепесі:

Қалың қар еріп су болып,

Сай салалар гүрілдер.

Көк шөбі шығып желкілдеп,

Ертең дүние күлімдер.

Күлімдер дүние...ойнарсың,

Күрең тайың ат болып, -

Бәйгеге қоссаң келерсің, -

деп алдағы күндердің қызық-думанына қиял қанатын қақтырады. Наурыздың барша түрленіп, гүлденудің басы екенін айтып, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағына жеткен, алты ай қыстың соғындағы самарқау қалыпқа қан жүгірткендей болады. Ендігі диалог суатқа барамын деп шуаққа жылынып сейілдеп жүрген шалына алаңдаған ене мен келіні арасында өтеді.

- Айтпақшы, ене, наурызға

Астың ба көже, етінді?

- Асқан болдым бірдеме

Көк аттың салып шекесін.

- Әлде өзің құр массың?

Қылмың-қылмың етесің.

- Наурызды тойлар не күй бар.

Сойған жоқпыз соғымды.

- Ұлы күнде үйдеме!

Тап дей ме саған жоғыңды?

Диалог өлең құрудың шебері Бейімбет Майлин кейіпкерлерінің осы бір кезекпе-кезек жауаптасуынан ХХ ғасыр басындағы қазақ отбасының барымен базар болып Наурызды қарсы алып жатқан шынайы көрінісін аңдаймыз. «Шеке беру», «шекеге шақыру» дейтін салт қазіргі күнге дейін қазақ әлемінің көп жерлерінде, әсіресе солтүстік өңірлерде жақсы сақталған. Соғымға сойылған малдың басын шекелеп, бір бөлігін Наурыз келгенде асу үшін арнайы сақтап қоятын болған. «Ұлы күнде үндеме», - деуін – Ұлыстың ұлы күні Наурызда өзара өкпе-ренішке, ұрыс-керіске баруға болмайды дегенді ишаралағаны деп ұғамыз.

Гу, гу...әңгіме,

Беркімбайдың үйінде.

Бидай көже буланып –

Быржия піскен күйінде.

«Құтты болсын наурызың!

Жаңа тілек, жаңа жыл

"Самарқан тасы еріген –

Наурыздың тойы, - деді, - бұл...».

Наурыз тойы қарсаңында үй-жай, ыдыс-аяқ, киім-кешегін қағып-сілкіп тазалап, жаңартып жаңғыртып, соғымнан сақтаған сүрісін дәнге қосып асып Наурыз көжесін әзірлеп, бір-біріне қуанышты тілектерін айтысып мәре-сәре болып, үлкен-кіші құшақтасып көріскен қазақ қалпын Бейімбет Майлин осылай бір өлеңге сыйғызғандығын көреміз.

Наурызды мерекелеу уақытына қатысты қазақ әлеміндегі кейбір өзгешеліктер болса, ол халықтық танымдағы астрономиялық есептеулерге қатысты. жалпы ежелгі Юлиан күнтізбесі бойынша Шығыстық Наурыздың бірінші күні 9 наурызға, қазіргі Григориан күнтізбесіндегі 22 наурызға сәйкес екендігін білеміз. Дегенмен, ХХ ғасырдың басында да Қазақ даласында Наурызды белгілеп тойлаудың бірізділігі турасында мәселелер болғандығын көреміз. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыздағы № 15 санында мынадай мәлімет көрсетілген: «Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі....». Мұндағы наурыздың бірі, тоғызы дегендер – григориандық ескі стиль бойынша алынып отырғаны анық. Наурыздың өзге елдердің жаңа жылына қарағанда климаттық, жайлылық тұрғысындағы артықшылығы туралы да осы жазбада айтып өтіледі: «...Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа жылымыз – «Наурыз» марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. ...Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді. Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнінде басталады. Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз», - делінген екен. Наурыз мерекесіне, оны мерекелеудің бірізділігн қалыптастыруға қатысты «Қазақ» газеті барынша көңіл бөліп, жарияланымдар ұсынып отырғанын көреміз.

Наурызды Ұлыстың ұлы күні ретінде әр өңірдегі ежелден бергі қалыптасқан үрдістерді ескере отырып лайықты атап өтіп, оны нағыз халықтық мереке ретінде тойлаудың жаңа деңгейіне, форматына көшу – бүгінгі күннің сұранысы мен талабы болып отыр. Осы мақсатты негіз еткен ұсыныстар мен жобалар да ұсынылып, жалпы халықтық талқылауға түсіп жатыр. Бұл – халқымыздың ұлттық рухани құндылықтарды жаңғырту жолындағы талғам-талабының өсуін көрсетеді. Бауырлас елдердің ықпал-әрекеті арқылы Наурыздың халықаралық деңгейдегі мәртебесі арта түсуінің өзі осыған жетелейді. Атап айтқанда 2009 жылдың 30 қыркүйегінде UNESCO Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізген болса, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 64 қарары негізінде 2010 жылдың 10 мамырынан бастап 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталған болатын.

Наурызды он күн бойы түрлі мазмұндық тақырыптар бойынша белгілеп өткізуді қалыптастыру туралы ұсынылған идеяны өзекті әрі қолдауға тұрарлық деп білеміз және кейбір тұстарын әлі де болса нақтылап, өзгертуге болатын шығар. Бұрыннан жеткен «Наурызды бір ай тойланатын» деген деректің өзі де бекер емес. Оңтүстік пен Жетісу жыл басы көктемнің лебін анық сезініп алғанымен, 21-22 Наурызда Арқа мен Алтайда ақ қар көк мұздың мұрты да бұзылмайтыны белгілі. Сондықтан да, күн мен түн теңеліп, Наурызды қарсы алу рәсімінен соң ай жылпарағы бойынша, көктем толық күшіне енетін 22 сәуірге дейін ұжым болып, ауыл болып арқа-жарқа атап өтудің еш әбестігі жоқ. Бұл – наурыздың қадір-қасиетін барынша сезінуге мүмкіндік беретін үрдіс. Бәрі де сәтімен болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Ұлыс оң, ақ мол болсын! Қош келдің, төрлет, Әз-Наурыз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #Наурыз

Көп оқылғандар