Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
М.Ғабдуллин хаттарындағы қайраткер Қаныш тұлғасы...

09.04.2024 1350

М.Ғабдуллин хаттарындағы қайраткер Қаныш тұлғасы 12+

М.Ғабдуллин хаттарындағы қайраткер Қаныш тұлғасы - adebiportal.kz

Белгілі қоғам қайраткерлерінің өзара жазысқан, әрі белгілі деңгейде тарихи мәні бар, уақыт өте әдеби мұраға айналған хаттары – эпистолярлық әдебиеттің негізін құрайды. Қазақ топырағындағы эпистолярлық әдебиет туралы сөз болғанда Кеңес Одағының батыры, академик, филология ғылымдарының докторы, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің хаттарының өзіндік орны бар. 

Академик Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық мұрасын шартты түрде «майдан хаттары» және «бейбіт кезең хаттары» деп бөліп қарастыруға болады. Майдан хаттарының өзін ұрыс даласында, тікелей оқ пен отың ішінде жүріп окоп, блиндажда жазылған және Кеңестік Қызыл Армия Саяси Бас басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарып жүрген кезеңіндегі хаттар деп екіге бөлеміз. Майдан даласында жүріп жазысқан хаттары туралы жазушының өзі «Досыма хат» жинағында былай деп жазады: «Мен майданда жүріп елдегі және майдандағы таныс жолдастар мен достарыма хат жазып, хат алып тұрдым. Бірсыпыра хаттарымда, өзімше, мәнді-маңызды пікірлер де бар еді. Бірақ, олардың көпшілігінің көшірмесін өзіме сақтай алмадым. Ал, сақтаған хаттарымның көбі жойылып, жоғалып кетті.» Майданда жүргенде қазақтың небір көрнекті тұлғаларымен жазысқан тамаша-тамаша хаттарын, ондағы алтыннан қымбат пікірлерін толық сақтай алмағанын айта отырып, оларға жазған жауаптарының көшірмесін өзінде қалдырып отырғанына қарап, хат иесінің бұл жазбалардың қазақ әдебиеті тарихына қажеттілігін сезінгендігін аңғарамыз. Мәлік Ғабдуллиннің соғыс жылдарында жазысқан хаттарына тек майданның барысы, қазақ жауынгерлерінің ерлік істері ғана емес, Алматыдағы зиялы қауымның шығармашылық іс-қызметіне де қатысты жағдайлар да арқау болған. 

Мәлік Ғабдуллин майдан жылдары Бауыржан Момышұлы, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов т.б. қазақтың көптеген көрнекті тұлғаларымен тұрақты хат жазысып тұрған. Сол хаттарында, түрлі жағдайларға, ой-пікір білдіруде есімі жиі аталатын адамдардың бірі – академик Қаныш Сәтбаев. Батыр Мәліктің хаттарынан Қаныш Сәтбаевты ұлтының ұлы тұлғасы ретінде әрдайым үлгі тұтатындығы, сыйластығы аңғарылып тұрады. 1944 жылы 12 қыркүйекте Бауыржан Момышұлына жазған хатында қазақ халқын өзгелерге таныту тұрғысындағы ойларын бөлісе отырып былай деп жазады: «Рас, сенің «қазақпын» дегеніңе шала түсінетін, қазақ деген халық барын онша жетік білмейтін адамдар кездесе береді. Әрине, олардың қазақты білмеуі кінә, айып та емес. Оған өзіміз кінәлі секілдіміз. Өйткені, біз қазақ халқын дүниеге тарататындай еңбектерді көп істей алмадық. Мұны жаңада ғана қолға алып келеміз. Бұл жөнінде, Қаныш Сәтбаев бастаған оқымыстыларымыз көп еңбектер жазып қазақты мәдени әлемге таныстырар деп ойлаймын», - деп Қанекең бастаған ұлт зиялыларының өз халқын болашақта үлкен биікке шығарып, қазақты әлемге танытарына сенім білдіреді.

1945 жылы 18 маусымда Мәскеуден қарулас дос-ағасы Бауыржан Момышұлына жолдаған хатында Мәлік Ғабдуллин былай деп жазады: «Қадірлі Бауке! Осы айдың 8-і күні Алматыға келіп жеттім. Ел-жұрт аман сау екен.Үй ішіңізге бөлек, жарандарға деген сәлем сөздеріңізді айтым. 9-ы күні Құрекең келді. Қанышқа деген хатты ол оқып танысты және кітаптарды көрді. 10-ы күні Қаныш та болды. Хатыңызды және кітаптарды арнап тапсырдым. Академияда «Бауыржанның фондысы» бар екен. Соған жаңағы кітаптарды ол кісі өз қолымен апарып қойды». Бұл хаттан біз ІІ Дүниежүзілік соғыс қаһарманы Бауыржан Момышұлының академик Қаныш Сәтбаевқа Мәлік Ғабдуллин арқылы хат пен кітаптар жолдағанын, Алматыдағы зиялылардың бұл хатпен танысқанын аңғарамыз. Мәліктің мұндағы Құрекең деп отырғаны – 8-панфиловшылар дивизиясында бірге соғысқан қаруласы, журналист, аудармашы Құрманбек Сағындықов еді.

Қаныш Имантайұлын тұстастары Ғылым академиясының президенті ғана емес, қазақтың өз заманындағы арқасүйер асқар тау азаматы ретінде қарастырып, онымен елдік, ұлттық рухқа қатысты ұлылы-кішілі мәселелерді ақылдасып, өтініш білдіріп отырған. Мәлік Ғабдуллин осы хатында: «Академияның салтанатты мерекесіне  Қаныш ағай, Кәрім Мыңбайұлы, тағы біраз адамдар келді. Қанышпен әңгімелесе отырып, мен оған мына бір жайды айттым», - дей келе, Баукең Мәскеуде жалғызсырап жүргендіктен, оны аз күнге елге алдыру қажет және алдағы кезеңде жаңа хатшыға мәселе қойып, Бауыржан Момышұлының Қазақстанда тұрып қызмет еткені дұрыс екендігі жөнінде ой тастағанын айтады: «Сол сөздерді Шәріпұлы Голиковке айтса нәтиже шығар еді деген пікірді Қанышқа жеткіздім. Қаныш: «Мен бұл жайды Исағалиға айтайын», - деп уәде берген. Ал, Исағали бұл жерде ерлік жасай ала ма, жоқ па, оны алдағы күн көрсетер. Ол жігіт солқылдақтық жасай ма деп те қауіптенем. 

Жақында болатын сессияға депутат атаулының бәрі келетін көрінеді. Шаяхметұлы Жұмабай да келеді деседі. Ол кісі депутат болып сайланғалы келмеген екен ғой. Қанышпен әлі толық отырып сөйлесе алғанымыз жоқ. Олардың сессиясына байланысты, Қаныштың қолы тимей жатыр». Мұнда Мәлік Ғабдуллин өзі қызмет істейтін Мәскеуге компартия сессиясына келген қазақстандық делегация туралы айтып отыр. Хаттан Қаныш Имантайұлының жұмыс кестесі аса тығыз екенін сезінеміз. Хат иесінің: «Қаныш ағай, Кәрім Мыңбайұлы», - деп ерекшелей атап отырған адамы – атақты биолог ғалым, себебі күмәнді ұшақ апатынан қаза тапқан қазақтың аймаңдай ұлдарының бірі еді.

Мәлік Ғабдуллиннің жазушы Ғабит Мүсіреповке жазған хаттарында да Қанышқа байланысты жағдайлар сөз болады. 1945 жылы 29 ақпанда жазған хатында: «Жақында Қанышпен жолығып сөйлестім. Сол материалдарды филиалдың архивына жібергім келеді, соған Қанышпен келістім. Оларымды, филиалға барған соң, алып оқып танысуыңды сұраймын», - дейді. Ал 14 наурызда жазылған келесі хатында: «Өткен хаттарымда айтқан қолжазбаларымды машинаға бастырып болдым. 300 беттей материалды Қаныштың қолына табыс еттім. Олардың баттасқан уақыйғалары көп. Тек әдебиеттік тіл жоқ, факты, документ, қызық нәрселер ғана бар. Қолыңыз тисе сол жазғандарыммен танысып шығарсыз. (Қаныштан алып оқырсыз)», - дейді. Қаныш Имантайұлына тапсырылған бұл қолжазба Мәлік Ғабдуллиннің майдан оқиғалары туралы жазбалары болатын. Бұл жазбалардың 1947, 1949 жылдары «Менің майдандас достарым», «Майдан очерктері» деген атпен жарық көруіне Қаныш Сәтбаевтың да үлкен үлесі болғаны анық. 

Өзінің Ғабит Мүсіреповке жазған осы хатында Мәлік Ғабдуллин мына мәселеге көңіл аудартады: «Жақында Шаяхметов Жұмабайға үлкен хат жаздым. Онда «мен ұлт намысы дегенді қалай түсінем? Мен неге қазақтар жайында айта жаза берем» деген мәселені көтердім. Бұл хат машинаға басқанда (через 1 интервал) 7 бет болды және орысша жазылды. Ол хатымда Қанышқа (копиясы) тапсырылды, оригиналы (т.е. 1 экз.) Жұмабайға жіберілді. Оны да Қаныштан алып оқып көріңіз.» Мұның мәнісі – отызыншы жылдардағы сталиндік қуғын-сүргіннің беті әлі қайтпаған уақытта белең алған әсіресақтықтан болып жазылған туынды жарық көрмей қалмаса екен дегендік еді. Кітаптағы «ұлт намысы», «қазақтар», «қазақ батырлары» деген ұғымдар турасына келгенде үкімет басында жүрген азаматтардың қолдауы керек еді. «Ал «Менің майданда көргендерім» дегеннің тарихы аздап құндылығы болмаса, әдебиеттік қасиеті жоқ деп ойлаймын. Шаяхметұлына жазған хатымның көшірмесі Қанышқа берілді, алып оқыңыз. Мұнда мен ұлт намысы (национальная гордость) дегенді қалай ұғынам және мені жұрт неге айыптайды? – деген әңгімелерді жазғам», - дейді батыр. Қолжазбаларын Қаныш Сәтбаевқа тапсыра отырып, Мәлік батырдың өз еңбегін «әдебиеттік қасиеті жоқ» деп бағалауының бір мәнісі – оларды Ғабит Мүсірепов және басқа да кәсіби жазушыға беріп, көркем әдеби туынды етіп шығарту ойында болған. Мұны ол хаттарында ашық жазған. Алайда Қанекең де ақыл берген болуы керек, жазушылар да белсеніп шыға қоймады ма, Мәлік Ғабдуллиннің бұл деректі жазбалары өзінің атымен оқырманға жол тартқаны белгілі.

1945 жылы 18 наурызда Ғабеңе жазған келесі бір хатында Мәлік батыр былай дейді: «Қадірлі Ғабит! Елге қайту жайы белгісіз: Бұл адамға жақын-жар, дос-туыстан да туған жерің сағынышты көрінеді екен. Осыны ойлағанда көксеп-көксеп жіберем. Амал не, «қажу бар ма, мен сорда» деп жүріп жатырмыз. Жақында болатын сессияға біздің басшылар келе жатыр екен, солармен және Қанышпен сөйлесем, «алып кет» демекпін. Шалдыққаным жоқ, бірақ шаршаңқырап жүрмін», - деп сыр ашады. Мұндағы өз хал-жағдайына байланысты алып отырған «қажу бар ма, мен сорға» деген тіркестің түпкі негізі – Мағжанның «Қажу бар ма тұлпарға, талу бар ма сұңқарғасы» екені айдан анық. Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының батыры атағына ие болғаннан кейін, оның түркі халықтары әдебиеті мен тілінен мол хабары мен ғалымдығын, жалпы жазу-сызуға төселгендігін ескере отырып, Мәскеуге, Кеңестік Қызыл Армия Саяси Бас басқармасының бөлім басшысы қызметіне алынғаны белгілі. Мұнда қызмет еткен жылдарында Қызыл Армияның лауазымды, ықпалды басшыларымен орнатқан таныстық қарым-қатынасына, әскери лауазым бойынша, оқып өрлеуге деген жасалып тұрған мүмкіншілік, дайын пәтерге қарамастан Мәлік батыр туған елге, Алматыға жету сұранбақ ниетте еді. «Қанышпен сөйлесем, «алып кет» демекпін» деуінің мәні осы. Мәлік інісінің болашағынан үміт күттірген ғалым екендігін, осы тұрғыда туған халқына пайдасы молынан тиетіндігін салмақтай келе, Қаныштың да бұл шешімді қолдағаны анық. Мәлік Ғабдуллин 1941 жылы майданға аттанарда әне-міне қорғауға әзір болған диссертациялық жұмысын Сәбит Мұқановқа аманаттап кеткен еді ғой. Осылайша гвардия подполковнигі Мәлік Ғабдуллин Кеңес Армиясы Саяси Бас басқармасындағы қызметінен босатылған соң туған елге оралып, 1947 жылы қазақ фольклорынан кандидаттық диссертациясын қорғады. 

Мәлік Ғабдуллиннің хаттарынан өзге, күнделіктерінде де Қаныш Сәтбаевпен кездескендігі туралы жазып қалдырған. Төменде осы белгілеулерден үзінді алып келтіріп отырмыз:

31.12.44. Бауыржан екеуіміз Қаныш Сәтпаевта (Москва, гост. № 404) күнімен болып, әңгімелестік. Көп нәрселерді түсінісіп алдық деп ойлаймын. 

***

1.01.45. ...Бүгін кешке тағы да Қаныш ағайда болдым. Докторанттармен таныстым. Қаныш екеуіміз бір сағаттан аса көшеде жүріп, көп мәселелер жөнінде сөйлестік. Айтқандарымыз халық қамы, халық тілегіне сай іс істеу болды. 

***

8.02.45. Бүгін Қанышқа бір суретімді бермек болып, оның сыртына былай деп жаздым: «Қазақстанда ғылым туын жоғары ұстап ел-жұрты, халқы және оның тарихы, болашақ ұрпақ үшін елеулі еңбектер істеп отырған ғалым ағамыз Қанышқа – көк сүңгіні көлденең ұстаған жаман інісінен ескерткіш». 

***

17.02.45. Машинкаға бастырған материалдардың барлығын Қанышқа апарып тапсырдым. Оған «Железный крест» орденін қоса бердім. Бәрі де керегі бар документтер ғой деп отырмын. Мәлік батырдың мұндағы Қаныш Сәтбаевқа тапсырдым деп отырған «Железный крест» ордені – деректі туындысында жазатынындай, қан майдандағы кескілескен ұрыс кезінде неміс офицерін жекпе-жекте өлтіргенде мойнында осы олжа болғаны айтылады. Темір крест (нем. Eisernes Kreuz) – сонау 1813 жылы Пруссия корольдігінде тағайындалған, кейін гитлершіл Германияда тапсырылып отырған беделді марапат болған. Қан майданның естелік ескерткіші болған осы олжаны Мәлік батыр үлкен құрметтің белгісі ретінде Қаныш ағасына сыйлаған екен. 

Қаныш Сәтбаев пен Мәлік Ғабдуллин арасындағы бұл сыйластық қарым-қатынас екі тұлғаның өмірлерінің соңына дейін ұласқанын көреміз. Академик Қаныш Сәтбаев 1964 жылы өмірден өтті. Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызмет жолы туралы жазу үшін талаптанып, ұзақ жылдық кедергілерге қарамастан алға ұмтылып мақсатына жеткен көрнекті жазушы Медеу Сәрсекеге Мәлік Ғабдуллиннің ақыл-кеңес беріп жазған хаттары өзге бір мақаланың тақырыбы болмақ. 

ХХ ғасырдың көрнекті екі тұлғасы Қаныш Сәтбаев пен Мәлік Ғабдуллин арасындағы өзара аға-інілік ілтипатты сыйластық, туған ұлтының еңсесін биікке көтеру мақсатындағы рухани үндестіктің эпистолярлық мұрада сақталған айқын көрінісі осы мақалаға арқау болды. 

(Мақаланы жазуға пайдаланылған эпистолярлық деректер М.Ғабдуллин музейінің қорынан алынды)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар