Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Седжон неге ұлы, Байтұрсынұлы несімен кем......

09.04.2024 1101

Седжон неге ұлы, Байтұрсынұлы несімен кем... 6+

Седжон неге ұлы, Байтұрсынұлы несімен кем... - adebiportal.kz

Жарты ғасыр, әкелі-балалы екі ұрпақ үш рет әліпби алмастырып үлгеріппіз. Әуелі жаңа әріптен (латынша) арабшаға, сосын арабшадан кириллшеге. Енді кириллден латынға көшсек, келесі буын қосылып үш ұрпақ төрт мәрте әліпби өзгерткен болып шыға келеміз. Жарты ғасырда екі буынның әріп тұрғысынан қайыра сауатсыздануы бұл – шындығында кері регресс. Бұл – автор ретінде біздің ғана емес, Шығыс Түркістан (Қытай) топырағында туып өскен қаншама әке мен баланың басында өткен тұралау дағдарысы. Әуелі 60-70 жылғы мектепке барған бір буын ұрпақ қытайдың пиньинь негізінде жасалған, жаңа әріп (латынша) деп аталатын әліпбиімен сауатын ашты, кейін 1984 жылы Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы негізінде ескіше әріп дейтін әліпбиіне қайта көшті. Біздің буын осы арабшаға негізделген Байтұрсынұлының төтешесімен біліммен сусындады. Әкелеріміздің төтешесіндегі сауатсыздығына күлетін бізге, елге келгесін кириллшенің қым-қиғаш ережесі мен тілге сынбайтын дыбыстарын меңгеру деген «сауаттылық» талабы алдымыздан көлденең шыға келді. Оңнан солға жазып, оңнан солға судыратып оқып үйренген қол мен көзге солақай, мүлде теріс жазу мен оқу үшін миыңды толықтай трансформациялауға тура келеді. Әке көрген әріп ауыстыру тағдырының қияпатын, ұрпағы ретінде бізде көріп келеміз.

Әріп – әуелі сенің ұлттың бет-бейнеңнің, исің мүңкіп шыға келетін брендтік таңбаң. Ұлттың ешкімге ұқсамас рухы әріптің тасасына жасырынып жатады. Сенсеңіздер, сөздер әуелі ойланған кезде біздің мида образды түрде төтешемен таңбаланып тұрады да, оны кирилл таңбаға қотарып барып қағазға түсіреміз. Бірақ, бұл табиғи емес.

Табиғи емес деген бұл проблема, Шығыс Түркістан қазағының ғана миында жүріп жатқан процесс пе. Өзі қазақ қазақ болғалы, қазақ қазақ болмай тұрғаннан бері әріп пен тілдің отарынан бірде-бір сәт арылмаған. Мың жыл алдында мынау Қыпшақ даласындағы бабалардың тағдырын қарап көріңіз. Дала тілі болған, Шыңғыс империясының байланыс тілі болған бұл тіл, түркі-қыпшақ жұртында ешқашан сауатты қағазға түсіп, сауатты түрде оқытылып, жазылмаған.

Әдебиет тарихына арап-парсы тіл экспансиясына алғаш қарсы жазылған түркі тілді шығарма – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны еді. Одан қалды Махмұд Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігі» сынды туындылар болмаса, ол заманда түркі текті ғұламалар тек арабша, парсыша еңбектер жазды. Одан соңғы 7-8 ғасыр мына далада арабшаның ар жақ-бер жағындағы шағатай тілі деген арнаулы сауатты адам болмаса, арабша хат танитын адамның өзі ежіктеп әрең оқитын, күрделі жазу қолданыста болды.

Орданы билеген хан-сұлтандардың не ойлағаны белгісіз, рухани кеңістікті молда мен қожаның иелігіне тастап, жалпы қара қазақты сауатсыз ұстаудың саяси техникасы жүргізілген тәрізді.

Мысалға қараша халықты қасақана сауатсыз билеудің әдіс-тәсілі ертедегі Корей елінде де мың жылдан астам уақыт жалғасын тапты. Басты себеп, бірде тәуелді, бірде тәуелсіз қытай империяларының корейліктерге жасаған отарлығы еді. Біздегідей өз еркімізбен діни түсініктің апанына құлап түскен емес, қытай тарапының ашық тілдік экспансия ұшырады. Бұл жерде қытайлар корей мемлекетінің мемлекеттік іс қағаздарын қытай иероглифімен жүргізіп, идеологиясына конфуцийлік бағыт ұстануын империяның басты саясаты ретінде қарады. Бірақ, 1440 жылдары біздің ел Қазақ хандығын құрып жатқан тұста, Чосон әулетінің төртінші патшасы, ұлы деген атақ алған Седжон корей елінің төл таңбасы хангулды қазіргі қолданыстағы таңбаның ежелгі нұсқасы) жасап шығаруға тапсырма берді. Бұл алфавиттік тәуелсіздіктің алғашқы қадамы еді. Бірақ, ел билеп отырған ақсүйектер ханча деп аталатын корейлік дыбысты қытай әріптерімен таңбалайтын алфавиттан бас тарпаймыз деп қарсы шығады. Себебі, қытай таңбалы көп әріп қарапайым халық үшін сауатын ашуға өте қиын болды да, ордадағы ақсүйектер ғана сауатты түрде оқытылды. Кәдімгі 24 әріптен тұратын хангул – хан болсын, қараша болсын үйреніп жазып кетуге өте ыңғайлы болды. Бірақ, жаңа, төл әріп жасалғанымен елу жыл өтпей қайтадан қолданыстан алынып тасталып, оны оқыту мен пайдалануға тиым салынды. Осылайша тіл дербестігіне ұмтылған корей халқының бес жүз жылдық күрес тарихы басталады. Сыртқы жақтан Қытай империясының қысымы мен ішкі жақтағы корей билеуші ақсүйек-патшаларының халықты сауатсыз билеп, елді көгертпей отыруы басты мақсат етілді. Тек 1945 жылғы Жапония тізе бүгіп, ел толық азаттық алғаннан кейін ғана, хангул Корея республикасының мемлекеттік жазуына айнала алды. Екі үлкен ел, Қытай мен Жапонияның ұқсас мәдениеттері арасында күшті интеграция болғанда бұл елдер бір-бірін жұтып, жеп қояр еді. Бірақ, ұқсамаған тіл түрлі-түрлі мәдениет пен ұқсамаған мемлекеттерді қалыптастырды. Өте күшті, қарқыны қатты, тым сергек екі елдің ортасынан корей халқы сан ғасырлық анти тіл, анти мәдениет күресін тоқтатпады. Өздерінің жапонға да, қытайға да ұқсамайтын тіл дыбысы бар екенін түсінген олар қытай секілді бір сөзге бір әріп емес, бір дыбысқа бір әріп деген жолға түсті. Тілдерінің Алтай тіл жүйесіне жататын бұл ерекшелігін жоймастан, тілін даралау арқылы, төл таңбасын дамыту арқылы бүгінгі қытайға да, жапонға да бәсекелі ел құрып отыр. 1440 жылдары қаріп өзгертуге миы жеткен Седжон патшаны бүгінгі корейліктер Ұлы Седжон деп атайды. Оны пайғамбардай көтеріп, ол туралы кино сериалдардың неше түрін түсіріп тастаған.

Бұл ел қалай болса да тіл экспансиясына тәуелсіздігін алып алған ел. Біздің 1440 жылғы ел билеушілер әріпті ойлады ма екен, күмәнім бар. Ол замандағы билеушілерді қоя тұралық, бүгінгі замандағы билік басындағылар ойлап отыр ма?

Таласбек Әсемқұлдың «Әріп тағдыры» деген мақаласы бар еді, сонда қытайлар туралы былай дейтіні бар еді: «Кезінде Құбылай хан, Қытайдың жазуға икемсіз иероглифтік әліпбиін кәдімгі дыбыстық әліпбиге ауыстыру жайында шешім қабылдайды. Сонда қытайдың он сегіз мың ғалымы бұл шешімге қарсы болыпты, қаһарлы ханға қасқайып қарсы тұрыпты. Құбылай ашуға мініп, ғалымдарды сарайға алдырып алдарына екі шарт қойыпты. Біріншісі, реформаға көну, жаңа жазуды қабылдау, осылайша аман қалу. Екіншісі, ескі жазуда қалу, өлу. Осылайша он сегіз мың ғалымның басы шабылып, Қытай өзінің ескі жазуын сақтап қалыпты деп жазады ескі жәдігерлер. Кім біледі, гиперболаға бейім қытай тарихшылары өсіріп айтқан шығар, он сегіз мың ғалым емес – он сегіз ғалым өлім жазасына кесілген шығар. Бірақ солай болған күннің өзінде қытай жұртының ата жолына берік екені, дәстүрді сақтау үшін, керек болса өлімге де бара алатыны осы ғақлия әңгімеден айна-қатесіз көрініп тұр. Әрине, моңғолдан шыққан Құбылай хан мен қытай ғалымдарының арасындағы бұл конфликтінің тамыры тереңде жатыр. Кейін реті келгенде бұны да әңгіме етерміз. Бұл жерде біздің айтпағымыз басқа. Біз екі түрлі ел – ұлы түрік нәсілі мен ұлы қытай нәсілінің жазу мәдениетін, әліпбилерінің тарихы мен тағдырын салыстырып отырмыз бұл жерде. Әрине, Қытайдың жоғалтқаны да аз емес. Мәдени революция кезінде де кітап өртеу, ата мұраны жою деген сұмдықтар болыпты. Алайда Қытайдың сақтап қалған мәдениеті ұшан-теңіз. Жазуы қырық рет өзгеріп кеткен біз, яғни, түрік нәсілі қытаймен шендеспек түгілі, олардың маңайына бара алмаймыз.»

Өлермендік пен өлім бұл тек сенің жерің үшін, елің үшін ғана болмаса керек. Ұлттық болмысың мен ұлттық құндылықтарың үшін де өлермендік керек.

ХХ ғасырдағы түрікшілдіктің оянуымен, түркі дүниесіндегі елдердің араб әліпбиінен бас тартып, латыншаға көшу сынды міндеті жатты. Осман империясының құлауымен құрамындағы араб халықтарының тәуелсіздік алуы Мұстафа Кемал Ататүрікке Түркияны араб әліпбиінен алыстауға итермеледі. Ғасырлар бойғы діни таныммен қорғалып келген, мидай араласқан парсы мен араб сөздері түрік тілін үш тілдің қойыртпағына айналдырған еді. Әуелі әліпбиді латыншалады, артынша сөздік қорындағы қаншама сөздің түрікшеге мағынасымен қолданысқа енгізді. Тіпті азанды түрікше шақыртып, намазды түрікше оқытуға көшеді. Ұлттық бір ыңғайлықты бастап, түрікті заманға сай ғылым мен техниканың тіліне қарай бейімдеді. Нәтижесі – қазіргі Түркия.

Ұлттық әліпбиіне байланысты дамымай қалып жатқан ел жоқ. Қазақ даласына келген екі өркениет араб пен славян мәдениеті зорлықты, зорлықсыз біздің көзімізге таңылып, қолымызда жазылып келді. Бірін оңнан солға жазсаңыз, бірін солдан оңға жазасыз. Бұл да ұлттың жеке ойлау дағдысын тоқтата беретін себептің бір. Әр жазудың өзіндің рухы бар, өз миссиясына бөлетін энергиясы бар. Араб әрпі сөзсіз араб мәдениетінің иісін таратушысы, кириллше болса славян халықтарының рухын демеп отырушы. Тым сауатсыз түрде, корей ақсүйектеріндей біздің хан-сұлтандар да қазақтың ағарғанына қатты пейілді болмағаны белгілі. Пейілдері болса ұлттық тұрғыда бірлікке ұйысып келе жатқан халықты руға бөліп, жүзге бөліп тоз-тозын шығаратын ба еді. Жазуы болмаған, білімге құлаш ұруға кітабы болмаған халықтың құлдық деген қақпанғы түсетін мысалын айдаладан іздеп қайтеміз. Ғасырлап жазу-сызудың отарына ұшыраған қазақтың тіл дыбысын алғаш таңбалауға, әліпби тұрғысынан оңашалаудың қажет екенін ғылыми тұрғыдан соққы жасаған Ахмет Байтұрсынұлы болды. Қараханидтер дәуірінен есептей беріңіз, Байтұрсынға дейінгі араб тілінің оқылымы негізінде шағатайшаның қалыптасуы да қазақты көгерте алған жоқ. Егер көгерткенде Байтұрсынұлынан бұрын тіл ғылымы қалыптасып, көркем әдеби шығармалар, ғылым-білімге негізделген ұлт қалыптасып болар еді. Әуелгі діни түсініктің сетінемеуі араб-шағатай жазуының бес ғасыр қазақ санасында дәуренін құрды. Шағатай жазуы мен жоғарда айтып өткен корейліктердің хангул жазуы бір заманда 1400 жылдары қалыптасты. Корейліктерде жазу үшін сауатты күрес еш уақыт тоқтамаған, олар төл таңбаларын ғасырлап пісіріп дамытып, 1900 жылдары кішігіірім құжат таңбасы, кейін газет-журналға ресми пайдалана бастаған. Халық жадысынан өшірмеген, қосымша өз беттерімен таңбасын көркемдеп, осы күнге жеткізген. Олардың төл әліпбиіне құрметі сонша арнаулы хангул күні деген мерекесі де бар.

Байтұрсынұлының артықшылығы неде, түрі арабша болғанымен шағатайша секілді оқылуы арабша емес, таза қазақ үні негізге алынды. Әр дыбысты таза қазақша атады. Өте шеберлікпен, ғаламат жасампаздықпен майдан қылшық суырғандай тіл экспансиясынан Байтұрсын қазақты сытылып алып шыға алды. Таңбаң түзелгесін ұлттың грамматикасы, фонетикасы да өз-өзінен түзеле бастайды. Ататүріктей қолында закон күші болмай қалғаны болмаса, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ үшін шын пайғамбардай адам. Күллі түрік дүниесіне түріктің төл тіл заңдылығын жіліктеп, жіктеп, ережеге салып беріп кеткен адам. Өкініштісі, Ахмет Байтұрсынұлы қалыпқа салған арап қарпі көп ұзамай, көзі тірісінде латыншаға, одан көп ұзамай славян қарпіне ауысады. Бұл 20 ғасырдың алдыңғы қырық жылы ойпыл-тойпыл таңба ауыстырған күрделі кезең болды. Одан кейінгі белгілі, халықтың қайта-қайта сауатсыздануы, соңы кирилл қарпінің экспансиясына толықтай тоғытылу болды. 

Бұл жайында тағы да Таласбектен үзінді келтірсек: «Әліпбидің ауысуының қасіреті – бұрынғы мұраның ұмытылып отыруында. Әліпби ауысады, сол әліпбиде жазылған текстер жойылады. Мысалға, қазір қарапайым халық көне түрік немесе сары ұйғыр жазуындағы жәдігерлерді оқи алмайды. Бұл текстер енді ғалымдардың ғана еншісінде. Біздің байырғы, көне түрік тіліндегі жазба мұрамыз батыстың, орыстың ғалымдарының «меншігі». Солар оқиды, солар талдайды, солар пікір айтып үкім кеседі. (Олармен дауласа көрмеңіз, Құдай сақтасын!). Енді түрік әулеті Орхон-Енисей бойынан қоныс аударып, қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, батыста Хазар Теңізінің екі жағасын, Кавказ бен Шығыс Еуропаны алды. Бұл кезде енді урбанизацияға ұшыраған түрік нәсілі араб жазуына көшті. Яғни, тастағы жазулар Орхон мен Енисей, Селенгі мен Керуленнің жағасында түсініксіз бір өркениеттің белгісі болып қала берді. Араб жазуында түріктің нәсілдік, милләттік ғылымы мен мәдениеті өркендеді, түрік ойының ең көрнекті, ең асқақ үлгілері араб тілінде таңбаланды. Содан соң жазу тағы өзгерді… тағы өзгерді… және өзгерді. Ал өзгерген сайын, жоғарыда өзіміз айтқандай бұрынғы мұра тарих еншісіне айналып отырды.

Қалай болса да, қазіргі тәуелсіз қазақ мемлекеті әлі де тіл отарында отырғанын мойындайық. Кирилл таңбасы қалай болса да славян халықтарының рухы ойнаған жазуы. Бұл жазумен бірге кірігіп кеткен артық дыбыстар, артық таңбалар қазақтың әуезді сөйлеуі мен төл дыбысын талқандады. Болмағанда Байтұрсынұлының 26 таңбалы әліпбиі сол қалпы кириллге көшірілмеді. Жаңа крилилше қазақтың дыбысына емес, қазақ кириллшеге бейімделемін деп өзінің таза сөйлеу дағдысынан айныды. Көзге үйренген кириллше де, орыс тілін үйренуге де ыңғайлы болып, көп таңба жаттап қазаққа аса қажеті болмады. Бірақ, екі таңбаның арасындағы айырмашылық болмағандықтан термин-атауларды таза орысша атай бастадық. Ғылым, өндіріс саласын былай қойғанда әдебиет пен қазақ тіл ғылымының өзі таза орыстық дыбыстарды айна қатесіз дыбыстап, соны сауаттылық, соны интеллигенттік деп қабылдадық.

Қытайда жүргенде қытайлардың өз аттарын, жерлерін жаза алмай қиналған талай сауатсызын кездестірген едік. Себебі, бір сөздің, бір әріп болуында және бір дыбыста синонимдес қаншама иероглиф жататындығы еді. Қытайлардыкі түсінікті мыңдаған иероглиф жаттау үшін біраз бас керек. Ал, кириллдіңде кесірі қазаққа жай соғып жатқан жоқ. Жер аттары мен адам аттары қазақтың есім сойын әбден әжетханаға айналдырған. Не қазақша емес, не орысша емес. Не қазақша мағынасы жоқ, не орысша мағынасы жоқ есімдер біздің күнделікті өмірімізде жеке куәлік пен паспортымызда самсап тұр. Бұл стандартталмаған тілдік нормалардың таңбаларды қалай болса, солай бейберекет, берекесіз пайдалана беруінен мыңдаған иероглиф жаттай алмай жүрген қытайға күлер жеріміздің жоқ екенін білдірсе керек.

Орхон-Енесей бойынан табылған таңбалы тастағы руна жазуы жебірейлердің өліп қалған иврит тілі емес қой. Еврейлер екі мың жыл қолданыстан шығып қалған тілді тірілтіп ел болып отыр. Ал, бізде тасқа таңбаланған әліпбиіміз болса дайын тұр. Сөздегі артық буынды, сөйлемдегі қоқыстарды тазалап тастау үшін, қазақтың дыбыстарына бейімделген жаңа, төл руналық әліпбиді қайта түлеткенімізден басқа жол көріп тұрған жоқпыз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар