Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Төрт әннің текстологиясы жайлы аз ғана сөз...

10.06.2024 641

Төрт әннің текстологиясы жайлы аз ғана сөз 14+

Төрт әннің текстологиясы жайлы аз ғана сөз - adebiportal.kz

«...Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар».               

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Белгілі музыкатанушылар: «Музыканың трансұлттық ағыны көбіне күшті ұлттардан төмен қарай, олардың мәдениетін басып-жаншу мен ығыстыру мәселесінде қатар жүреді», – дейді.  Мұны айтып отырғанымыз, мәдени империализм ұсақ елдердің этномузыкасын өзіне гибридтемей әсте тұра алмайды. Сөз жоқ, біз бұл ахуалды кеше ғана басымыздан кешірдік. Орыстың үш жүз жылдық метрополиясы  (бұл жерде музыкалық миграциясы десек дұрыс болады) қаншама төл дыбыстарымызды ассимиляциялап үлгерді. Сөйтіп, абсолютті және идеалды дыбыс түйіршіктерін барынша тежеп, төл әуеннің негізгі қағидалары мен ладтық құрылымдарын бұзды. Мұны түсінікті тілмен айтар болсақ, қазақ әуезі өз «Алпамысы» мен «Кенесарысынан», «Әлиханы» мен «Мұстафасынан» айырылып тынды.

Дыбыстың да иерархиялық жіктелімі, дәлірек айтсақ, тектік әулеті болады.  Төл дыбыс – аристократ.  Ол тағынан тайған күні кембағал, етегі елпек, есер дыбыстар әулеті әуенге өз әмірін жүргізіп билеп-төстей бастайды. Бұл, әрине, бөгенайы бөлек үлкен әңгімеге жүк. Біздің бүгінгі қаузамақ тақырыбымыз ән мәтіндеріндегі логикалық және  текстологиялық қателіктерге қатысты болып отыр.

Сонымен әндегі бұл бұрмалаушылықтар мен кеселдің басы кешегі кер заманнан басталды. Әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов құрастырған «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» деген екі том еңбектің беташар сөзінде автор бүй дейді: «...Шеңгелінен қан сорғалаған отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдардың ызғарлы сұсы көптеген ұлттардың дәстүр- мәдениетіне, тарихына көлеңкесін түсірмей қалған жоқ. Ауыз әдебиетіне тағылған айып ән өнерімізді де уысынан шығарған жоқ. ...Арнайы тапсырмамен «жаңа заманға лайықталынып» ән сөздері қайта жазылды. Сән-салтанат, байлық-мансап, атақ-абырой, діни атаулар ұсынған сөздер «қамауға» түсті. Үш мың жылдық тарихи деректі бозторғайдай шырылдап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, асыл әннің бір қанаты соқыр қатыгездікпен аяусыз қиылды». Шынымен-ақ 1930 жылдың басында ескілік пен феодализмді көкседі деген жаламен екі жүзден астам ән мәтіні түрмеге тоғытылды. Мұның біршамасын төмендегі «Политические репрессии  в Казахстане в 1937-1938 гг» (Қазақстандағы 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін) құжаттар жинағындағы Орталық Комитеттің «Список граммофонных  пластинок с  записями песен на казахском языке, подлежащих  немедленному изъятию» (Дереу жойылуға тиіс қазақ тіліндегі әндер жазылған граммофондық пластинкалар тізімі) деген № 28 хаттамасынан  біршама мәліметтерді ұшыратуға болады. 

Енді мұнымен ғана тыншыр қызылдар ма, алғашқы соққыдан ауыр жарақат алған қазақ әнін 1950 жылдардың басындағы саяси бұлғақ екінші рет тағы да бұтарлады. Бұл енді қазақ музыкасындағы саналы түрде бұрмаланып, саналы түрде ұйымдастырылған саяси науқан десек, бүгінгі біз айтып жүрген ән мәтіндеріндегі бұрмалаушылық,  біздегі  білместік пен  салғырттыққа қатысты туындап отыр. Бұған енді әнші деген қауымның асыл сөздің астарын зерделемей ат үсті қарайтын  немқұрайлығын қосыңыз. Әрине, оқығаны мен тоқығаны мол кей әншілер қауымынан кешірім сұрай отырып, дәл қазір қазақтың бірнеше  ән мәтіндеріне тоқталып, текстологиялық талдау жасасақ дейміз. Алғашқы сөз халық әні «Шиліөзен»  әніне тиесілі. Әрине, қазақ топырағында  шилі өзен көп. Бұл жердегі реалды «Шиліөзен» бүгінгі  Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылының маңындағы жер атауы. Кеншімбай, Қызылкөз әулие секілді тау суынан бастау алып, Қызылкөлге дейін ағып барып құятын аталған өзеннің ұзындығы шамамен 6-7 шақырымды құрайды. Бұл енді неліктен  Созақ өлкесінде орналасқан дейсіз ғой? Енді соған қарай келейік.

Бұл жерде ерекше ескеретін жайт, қамыс пен шидің еш­қашан бір жерде өспейтінін, әрі екі атаудың бірге айтылуында  қабағат қателік бар. Қайыра айтамыз, қамыстың сулы, шидің құрғақ жерде өсетінін, яғни бұл өсімдіктердің жаратылысы біріне-бірі керағар екенін ескерсек, бұл жердегі қамыстың мүлде басқа екендігін анық аңғаруға болады.  Дұрысы, екінші қосамжар тұрған сөз «қамыс-ай» емес, «Қанымсай». Екеуі (Шиліөзен мен Қанымсайды айтамыз) Созақ өңірінде біріне-бірі өте жақын орналасқан жер атаулары. 

Осы жердегі Созақ атауынан шығады ғой, бұл өңір  – Қазақстанның Халық жазушысы Сәуірбек Бақбергеновтың туған жері. Жазушы өзінің бір шығармасында: «Ол өзінің туған жерінің ой-шұқырын, тау мен тасын, өзен-суын, өзі білетін жерлерін түгел аралады. Бұрынғы ескі қала: Құмкент, Баба-Ата, Қызылкөл, Қызылсеңгір, Қаратас, Қызылтас, Қапшағай, Сасықбұлақ, Шиліөзен, Қанымсай, Шаштөбе – бәрін бірін де қалдырмай аралап шықты», – дейді. Мінекей, халық жазушысы Шиліөзен мен Қанымсайды жер атауы ретінде өз еңбегінде арнайы атап келтіріп отыр. Ал енді жердің Қанымсай аталуының жанама нұсқасына да аз-кем тоқтала кетейін. Осы Қанымсай шатқалында «Қандым» деген бұта тектес өсімдіктің өсетінін, оның ұйыса өсетін бұтағының кейде  5-6 метрге дейін ұзарып өсетіні жайлы деректерді де ұшыраттық. Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы ғалым А.Балтабаев: «Бетпақ даланың шөлді үстіртінде суыққа шыдамды қандым деген бұта тектес ағашы өседі. Қандым – қызулы отын, оның шоғы темірді, сексеуілдің шоғынан бұрын балқытады және шоғы көпке дейін сөнбей жатады», – дейді. Демек, бұл жердегі «қанымсай» сөзінің түп-төркініне осы «қандым», яғни сай қуалай өскен қандым өсімдігінің атауы да өз әсерін тигізді деген байлам айтуымызға болатын секілді. Сонымен бір нәрсені айдан анық дейміз. Шиліөзен мен Қанымсай біріне-бірі  етене жақын орналасқан жер атаулары.  Ендеше «Шиліөзен қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-ай» деп біз әндетіп жүрген ән тексіндегі қамысқа бұл жердің тіпті де қатысы жоқ, оның Қанымсай атты жер атауы екендігіне, бұдан кейін аталған әннің «Шиліөзен Қанымсай, бізді ойлай жүр таныс-ай» деп  өзінің байырғы төл нұсқасында айтылуына осы деректер шын жеткілікті деген пікірдеміз. Енді жылыстап әйгілі Біржан Салдың «Жанбота» әніне қарай ойысайық. Осы әннің екінші шумағында айтылатын мына бір жолдарға барынша назар аударып көрейікші? 

Жанбота, өзің – болыс, әкең – Қарпық.
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,
Қолымнан домбырамды алды тартып» дей келіп, үшінші шумаққа қарай ойысқанда: «Тартса да домбырамды бергенім жоқ,  Есерді поштабайдай көргенім жоқ», – деп ән мәтіні одан әрмен ширыға түседі. Естеріңізге салайын, бұл жердегі поштабай адам есімі емес, Жанбота болыстың хат тасушы, дұрысы қолбала  адамы. Осы арада сіз ән мәтінінен қандай да бір логикалық қайшылықты аңғара алдыңыз ба? Екінші шумақтың соңғы жолындағы «Қолымнан домбырамды алды тартып» дегені  поштабайдың Біржанның қолынан домбырасын толығымен алып қойды дегені емес пе? Ендеше бұдан кейінгі кезекте  тұрған өлең жолындағы  «...Тартса да домбырамды бергенім жоғы» қалай?  Мұны қалай түсінуге болады? Біздіңше бұл жердегі бар мәселе бір ғана әріптің мәселесіне тұр. Әгәрәки, осы «алды тартып» ұғымның алдына кәдімгі (қазақтың) «қ» әрпін қосып жіберіп,  «қалды тартып»  деп түзеп жібергенімізде   бұл әлгі шодырайып,  шығып  тұрған адам буынының  бейнебір өз орынына түсе қалғаны секілді болар еді.  Енді «шыққан буынның өз орнына түсіп», жөнге келген  нұсқасымен тағы бір танысып көрейікші.

Жанбота, өзің – болыс, әкең –Қарпық.

Ішінде сегіз болыс шенің артық.

Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,

Қолымнан домбырамды қалды тартып

Тартса да домбырамды бергенім жоқ,

Есерді поштабайдай көргенім жоқ...».

 

Есіл ән енді ғана өз орнына келе кеткен тәрізді. Кәнекей, бұған не деп  бәтуа айтқан болар едіңіздер?

Дәл осы жердегі бір әріптің қателігі қазақтың  халық әні «Ахау, Семей» әніне де тиесілі. 

Ахау, Семей, 

Тіл мен көмей.

Басылмас жанған жүрек

Сәулем келмей.

Бастапқы  екі жолдың өзара логикалық байланысын шын зерделесек, бұл жердегі адамның тіл мен көмейіне Семейдің не қатысы бар. Семей жер атауы екендігі бәрімізге мәлім, ал тіл мен көмей бұл жерге неге араласып кеткен? Сәл ойланайық. Көмей дыбысқа, дұрысы адам үніне қатысты ұғым десек, бұл жерге Семейдің үш қайнаса сорпасы қосылмасы бесенеден белгілі ғой. Сонымен ағаттық қай жерден кеткен? Мәтіннің дұрыс нұсқасы қайсы? Біздің пікірімізше,  осы әннің оң нұсқасы «Ахау, Семей» емес, «Ахау, демей» болады. Қайыра айтайық, «Ахау, демей». Бұл жердегі «Ахау» тіл мен көмейді қозғаудың негізгі тиянағы ретінде тұрғандықтан бұл сөздің  «демей» болатыны  басы ашық нәрсе.  Мінекей, екі сөздің логикалық байланысы сонда ғана жымдасып  өз орнына келе кетеді. Енді жөнделген нұсқасын қосып тағы бір мәрте айтып көрейікші. 

Ахау, демей, 

Тіл мен көмей.

Басылмас жанған жүрек

Сәулем келмей. (Ах-уай).  Біздіңше, дұрыс нұсқасы осы деп білеміз.

Кейде бір ұғымның мәні мен мағынасы ашылмағанда  мәтінге байланысты ізденісіңді тек бір ұлт пен бір территория төңірегінде ғана емес,  одан шыға ойлануыңа тура келеді. Төмендегі әннің текстологияға еш қатысы болмаса да әндегі «статикалық уақыт» ұғымына қатысы бар («Статикалық уақыт» музыка ғылымында тоқтатылған, кідірген  уақыт мағынасын береді).

Қуанқарға, дегенде Қуанқарға,

Қуанқарға қонады дуалдарға. 

Келген адам қасыңнан кете алмайды

Оқып қойған аузыңда дуаң бар ма?

Шынымды айтсам, Қырбай сал деген адамға телініп жүрген осы бір ән мәтініндегі  «Қуанқарға» деген құс атауын  білмекке көп талаптандым. Бірақ қанша дүниені парақтасам да  қарғаның мұндай түрін еш ұшырата алмай көп әлекке түстім. Басында, бәлкім,  «Қуан қарға», «Қарғам, қуаншы» деп адамға  қарата айтылған  қаратпа сөз бе деп те ойласам, бұл ойымды мұнан кейінгі тұрған «...Қуанқарға қонады дуалдарға» деген екінші жол түбегейлі теріске шығарады. Сонымен бұл сөздің көне ұшығы мен дерегін мына дүниеден тапқандай болдым.  Хонхэрээ – моңғол тілінде қарғаның бір түрі екен. Хонхэрээ –  бие том, өнгө нь гилтгэнэм хар, шөнө цугларан хоноглодог, хэрээний нэгэн зүйл (Қазақша тәржімалағанда «Хонхэрээ –  денесі  ірі, түсі жылтыр қара, түнде топталып қонақтайтын қарғаның бір түрі» деген мағына береді). 

Монғолша хонхэрээ сөзінің  қазақша дыбысталуы (қонқере). Мұны айырықша есепке алуымызға түрткі болған, түркілік түбірі бір сөздерді зерттеуші,  «монғол-қазақ» сөздігінің авторы, лингивист ғалым Базылхан Бұқатұлының қырық мыңға жуық сөзді қамтыған әйгілі сөздігі дер едік. Мәселен, аталған сөздікте екі тілдегі 1500-дей сөздің түбірі бір  айнымастан дәлме-дәл  келетіні кісіні қайран қалдырады. Сонымен мәтіндегі  Қуанқарға деген қарға құсының бір түрін өзімізден кезіктіре алмағанымызбен, оның монғол тілінде сақталғаны шынымен-ақ қызық. Ал көріп отырғанымыздай,  бұл атаудың  тым көне  екендігін ескерсек,  XX ғасырдың басында ғұмыр кешіп, 1937 жылғы қанды қырғынның тырнағына ілініп  небары 48 жасында дүниеден озған Қырбай  Бозымбекұлына  телуімізде үлкен ағаттық  бар деп есептейміз. Осы жағынан келгенде кез келген әннің әр ғасырға тән өзіндік музыкалық түзілімі, мәтіннің уақыты мен лексиконы, сондай-ақ сөзжасамы болады десек, бұл туынды  XX ғасыр уақытына еш сәйкес келмейді. Оның үстіне Қырбай салдың  кейін жинастырылып жарыққа шыққан «Ұрпаққа аманат» атты кітабынан мұндай өлең  мен ән дерегіне, сондай-ақ жазу стиліне  қатысты ештеңені кездестіре алмадық.  Бұл енді  ілгерідегі Қожаберген мен Сегіз сері дауына да қатысты ғой. Қазір әлеуметтік желі бетінде Сегіз серіге қатысты дау қайыра пайда болды. Айқайға сүрең қоспайсың ба деген жәмиғатқа мына бір қысқаша ғана көзқарасымды білдіре кетсем деймін. Сегіз серіге, қалаберді Қожаберген жырауға қатысты талас  мына жағдайда ғана сап тыйылады деген ойдамын. Басын ашып айтайық. Бұл – мәдениет пен тарихтың ғылыми полемикасы емес, бұл бар болғаны рудың өзара дауы. Сондықтан өнбес дауға араласып, уақытты рәсуә етудің ешқандай да қажеті жоқ деген пікірдемін. Біріншіден, әңгіме адамның  есім-сойы туралы емес, оған телінген ән мәтіндері мен әуезі жайында болуы керек қой. Ең бастысы, біздің қолымызда ән әуезі мен оның мәтіні  бар. Енді бұл дауға ең негізгі кесім мен  куәгер болатын да осы екеуінен артық (саз бен сөзді айтып отырмыз) қандай ғылыми дәйек керек.  Өнбес даудың нақты нүктесін қойып, пышақкесті үкім жасаудың ең дұрыс тәсілі де ғылымдағы мәтінтану мен герменевтика саласы деп білеміз. Сонымен мәтінге байланысты жазылған шағын ғана мақаламызды осы жерінен тәмамдасақ дейміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар