27 наурыз - халықаралық театр күні. Қазақ сахна өнерінің даму жолы туралы да көп жазылды. Кәсіби шыңдалудағы алғашқы белестердің бірі - әйгілі "Ревизорды" сахналау болған екен.
Қазақ өнерінің даңқы бүкіл одақ көлеміне шарықтай шығып, халықтың да, артистердің де мерейі өсіп, Алматыға үлкен қуанышпен оралған соң соны бір творчестволық белеске көтерілу мақсатын қойды. Осы ретте Ленинградтан келген талантты режиссер Илья Григорьевич Боров Гогольдің әйгілі «Ревизорын» қолға алып, табысты өткен онкүндіктен соң әлемдік классиканы көрермен қауымға ұсынып, шынайы өнердің дәмін татқызбақ ниет танытты. Пьесаны театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі Мұхтар Әуезов аударды. Алғашқы танысудан кейін-ақ тәржіманың тамаша шыққанына, ойнай алатындықтарына актерлер сенеді. Әркім өз ролін таңдап, қалай ойнайтындықтарын елестетіп те қойды. Мінез-құлықтың барлығы таныс. Қалибек Қуанышбаев өзінің Дуанбасын бейнелейтінін білген соң:
– Несі бар, баяғыда Қарқаралының оязының да жебірлігін көріп, мазақ қылғамыз. Тыл жұмысындағы полицейлерге ұқсайды. Урядниктің қылығын жәрмеңкеде талай салып, жұрттың шегін қатырғамын, міне, былай, – деді қимыл жасап, өзіне лайық, нағыз тілеген бейненің берілгеніне қуанып. Пьеса сөзі көшірілді, сөзді стол басында мәнерлеп оқу басталды.
Дәл осы сәттен актерлердің де жандүние жатырқауы, әр сөздің мағынасын түсініп, соған сай қимыл іздегенде тығырыққа тірелуі, өздері көрмеген патшалық Россияның сыбырлық, жүзқаралық, мансапқорлық қылықтарын сіңіре алмауы, қиналуы басталды. Қай мизансценадан болсын парақор орыс провинциясының емес, қазақ болысының әдеті, соның шапанының етек-жеңі көрініп тұрды. Гогольдің «шинелі» бойына қонбай, қолпылдап, шұбалаңдай берді. Күн сайын өткен дайындықтың жағдайы өзгеріп, актерлер де сенімсіздікке бой алдырды. Ақыры шешімін тапқандай. Пьеса аудармашысы Мұхтар Әуезов күніне екі сағаттан екі ай бойы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Россияның мешеу өмірі, озбырлық пен сатқындық, Гогольдың ұстаған бағыты, сыншыл реализм дәстүрі, Чернышевский, Грибоедов, Белинский шығармаларының жазылуы, іріп-шіріген басыбайлы шаруаның әлеуметтік халі қақында, «Ревизордың» жазылу тарихы, оның қойылымдарының барысы, үздік актерлік-режиссерлік табыстар туралы айтты. Жексұрындық әрекеттер, топастық, тоғышарлық суайттық қасиеттерді тоғытқан азған қоғам. Театрдың ішінде өнер институты ашылғандай. И.Г.Боров та бар ынтасын салды. Актерлерге ерік бере отырып, тізгін тартып, нұсқау берді. Әр рөлдің өзіндік мизансценаларын іздеді. Спектакльдің мазмұнына лайық бейнелер көркіне ене бастады. Хлестаковтың «бармақпен басып қалсаң» шыбындай мыжылатын, елпілдек, суайт тұлғасына Камал Қармысов қалыпқа салғандай құйыла кетті. Шәкен де лезде кірігіп, Сейфолла Телғараев – Добчинскийдің тоғышар, өсекші бейнесіне сай мінез тапты. Малай Осип – Елубайдың, сұрқия сұғанақ Земляника Серкенің табиғи дарынының, актерлік қырының ыңғайына дәл келгендей.
Ал Дуанбасы... шықпады. Әуелгі оңай, таныс, жеңіл көрінген образ тура қара қабан Дуанбасының өзі сияқты томырық тартып, ту сыртын көрсетіп, сыр алдырмады. Әрбір дайындық сайын актер мен образ арасы алшақ тартып, қабысудың, жақындаудың орнына кереғар көріністе сыңар тізгіндей тартты. Қауіп те, күдік те мол... Дуанбасы ішін оңай ашар емес. Оның әр сөзінің астары терең. Ең сүйікті сөзі «доңыз», ең жек көретіні – сыпайылық. Тұрпайылық оның туа біткен жансерігі. Ақымақ та емес, түпсіз қулықтың, зұлымдықтың уытын сіміре ішкен сілімтік. Түйілсе – шоқпар. Неге? Бәрін толқытқан осы ой. Кезекті дағдыланатын дайындықтың орта шенінде Қалибек Қуанышбаев балықтың «корюшка», «рапушка» деген атауларына тілі келмей тұтығып қалды да, булығып, өзінің әдеткі қара дәптерін лақтырып жіберді. Көптен күдік жайлаған көкіректегі ыза сыртқа шықты.
– Енді мұның маған керегі жоқ. Жанымды жеп, қылқұрттай шығады соның сөзі. Рәпішке, храпішке деп жұрт алдында қалай тілім күрмеліп тұрады. Сазан деуге болмай ма, немене? Тіпті, мынау сұрқия Дуанбасының менің жанымды жаралап, адамдықтан азғыратын жайы бар. Неткен сұмпайы! Тіпті, төбе құйқаң шымырлайды. Жек көремін азғын немені! Қай қырын табасың оның? Әр сөзі тотияйын, адамды шағады. Кекетіп тұрып күледі, күліп тұрып кекетеді. Жоқ, жолдастар, мен ойнай алмаймын. Қолымнан келмейді. Сенімдеріңе рахмет, басқаларға бердім.
Түтігіп барып орындыққа отыра кетті. Өмірінде кісіге қабақ шытып, көңілін қалдырып көрмеген, жайдары, ақкөңіл, кеңпейілді жанның мына мінезіне барлығы таң қалды. Қиналып, қыстығырылып, оймен арпалысып жүргенін барлығы да білетін. Режиссер де түсініп, алайда түбі шығаратынына сенетін. Енді қайтпек? Шынымен «Ревизордың» дүниеге келмейтін болғаны ма? Сахнада қойылар-ау, бірақ... Сабырлы, ашу-ызасын ішіне сақтайтын Қалибектің қазіргі жағдайы өзі үшін де, театр үшін де өте қиын екені анық. Ол өз кейіпкерін табалайды, бойын аулақ салады. Образбен екі ортада қабыспайтын жік бар. Актер үшін ең қауіпті жікара осы. Бірақ ондай бос қуыс ойнайтын бейнені түсінбегенде, не соған әсері жетпегенде пайда болады. Ал Қалибек түсініп, содан жерініп тұр. Актерлігіне адамдық қасиеті қарсы. Соны жеңе алмаған. Таза жанын, адалдығын мына жексұрынның тірлігіне айырбастағысы келмейді. Психологиялық кедергі, зауық залалы деген осы. Қалайда сол өткелден Қалибектің дәл қазір,осы шақта, осы рөлде өтуі тиіс. Әйтпесе, томаға тұйық қалыптан шыға алмауы, осы бетінде биік өрге көтеріле алмауы кәдік. Сендіру керек, қамшылау керек. Осы ойға келген Мұхтар баяу қозғалып, сахнаға шықты. Барлығы соған қарады. Қалибекті бұл бетінен қайыратын, көндіретін және образды меңгеруіне иліктіріп, қатты сөз де айта алатын адам – Мұхтар ғана. Толғанып, жандүниесі қозғалып, буырқанғандағы әдетімен мұрнының үшін сипап қойып, сазды дауысымен нақтай сөйледі:
– Біле білсең, Қалибек, бұл сенің рөлің. Сенің пішініңе лайық. Сенен басқа адам алып шыға алмайды. Ол өмірдің шет жағасын көрдің ғой. Сен қатыгез дуанбасының жексұрын мінезін бойыңа тоғытқың келмейді. Сонда сен соған ұқсап қаласың ба? Актердің шеберлігінің өзі сонда: жек көре, табалай отырып, ойнау керек. Сен түсінгенсің, жақсы, жатық, жүрегіңе жақын түсінгенсің. Соған бөгет болып тұрған – жанжүйеңді сол образдың қылығынан түңіліп, алып қашуыңда. Әсеріңде. Соны жеңе алмай торығып жүрсің. Жағымсыз рөлде ойнау – жағымсыздық емес. Соның барлық зымияндығын, қоғамның іріп-шіріген қоңсы иісін көрсете отырып, жамандықтан, әділетсіздіктен, өктемдіктен жеріндіресің. Өзің сияқты әсер алған адам қайтып ондай жексұрындыққа бармайды. Бойына біте қалса сылып тастайды. Сен сол әділетсіздікті өз басыңнан кешіп, сорақылығын көрдің ғой. Жапа шектің ғой. Зерлеп қарасаң, шешеннің көз жасын ағызып, жоқтау шығартқан өзіңді тентіретіп азапты жолға жұмсаған өктемдік күші, сол әкімдіктің зымияндығы. Өзің айтқан ояздың парақорлығы, қос қалтасынан алған ақшасы шығып тұрып, ауру адамды майданға жіберген әділетсіздік, жемқорлық қайдан шықты. Соның барлығына ашынған автор ызаланған. Қыж-қыж қайнаған кегін уытты қаламымен қайтарған. Дуанбасын сол күйге ұшырата отырып түйреген. Сенің өзі неге урядникті сайқымазақ қылдың? Сол ыза. Гоголь соны бір адамның бойына жинақтап берген. Ең болмаса өз өміріңнің тәжірибесін пайдаланып, анау Қарқаралының ақжелке оязынан, қырма жаға тыл жендетінен өшіңді алатын, өнерлік парызыңды орындайтын кезің міне, осы сын. Қалдық мінез жойылған жоқ. Бұл – өнердің күресі. Кешегі патшаның зымияндық саясатын әшкерелеу. Шын халықтың мұқтажын жоқтасаң, Дуанбасын ойнайсың, шығарасың!
Абзал да ойлас досының ағытыла ашына айтып, толғана тұрып түйіп-түйіп, өзіне салмақ сала, батыра айтқан сөздері жанын қайыстырса да, азаматтық парызына пайымдатып, бұл ала алмай жүрген тосқауылдың нәзік қылын дөп басса да, Дуанбасын ойнау керектігін және ойнайтындығын сезсе де, күдік сейілмеді. Үстемелей үдегендей.
– Тіпті, үстіме киімі де, ортасы да, сөйлеген сөзі, мәнері де ішіме қонбайды. Екі қолымды қайда қоярға жер таппаймын. Орындыққа шоқайып отырудың өзі ыңғайсыз. Анау Хлестаковыңның да іс-әрекеті түсініксіз.
Мұхтар сол сәтте бәрін түсінді. Тереңнен толғап, зор бейнені пішіп алып, соған қажетті қалыпқа түсе алмай, өзін-өзі азаптап, қиналып, барлығып іздеген, ойлаған образын сомдау үстіндегі творчестволық толғаныс психологиясы. Жақсы дүниені жаза жүріп, соған көңілің толмайтын сезім бұл. Оны жеңдіру керек, қамшылау қажет. Осындай күйзелген кезде, көмбеге жақындағанда, сыналар шақта өткір қамшы – өткір сөз емес пе? Ойлансын. Біржола күдіктен арылсын. Онсыз да ширығып алған ойына «Хлестаковты түсінбеймін» дегенде Мұхтар өзін-өзі ұстай алмай ренжіп, сонша тосырқаған аттай қыбыжықтап, шексіз солқылдаған досына екі түрлі оймен дүрсе қоя берді. Әдейі жанына, актерлік намысына тие сөйлейді:
– Пәлі, мынаның сөзі қара, қисық мінездің қыңыр жаласы. Хлестаковты түсінбесең Гогольді қоямын деп нең бар? Актер болып қайтесің? Әкем-ау, ол сенсің, сенің өзің емес пе? Шаншардың орыс арасындағы қуларының бірі ол. Сәдірбек пен Шүңкілтайды, хазіретті алдап соғатын Торсықпай, Мауқай, жынды Омар мына өзіңсің. Тек оның тәлімі күн көрісі басқаша. Қойыңдар, Қалибектің дуанбасына өресі жетпейді. Даланың шопаны шаң баққан болыстары мен малдасын құрып алып, сұңқылдап, қамшы сермейтін биінен басқа не біледі? Сол баяғы ұзын жең, солпы етек актер күйінде қаласың. Илья Григорьевич, бүгінге осы «Ревизор» да жетер. Актерларды қайтарыңыз, – деді өзі де қозғалып.
Үн-түнсіз тарқаған актерлер лезде көзден ғайып болды. Тек орнында ұзақ отырған Қалибек бір кезде стол үстіндегі қара дәптерін алды да, төс қалтасына салып, ақырын адымдап, сыртқа беттеді. Сәл ғана тыныштықтан соң режиссер мен аудармашы бір-біріне қарады. Режиссер де шешуші сөз таба алмай, не шара қолданарын білмей дағдарып қалды да:
– Тым қатты кеткен жоқсыз ба? Өздеріңіз дос көңілді адамсыздар. Әй, ренжітіп алдық-ау. Барлығын түсінеді. Мен ойнап кететініне іштей сенуші ем. Актерлердің өзі әртүрлі дайындалады ғой. Ұзақ толғанып, әр сөзін бойына сіңіріп, дағдылану кезінде самарқау отыратын актерлер сахнада жанданып, түлеп, арқаланып кетуші еді. Сабырлы, байсалды адам ғой. Мен соған балап медет етуші ем. Енді не істейміз, Мұхтар Омарханович?
Шөгіп, ұнжырғасы түскен режиссерге сәл жымия қарады да:
– Мазасызданба, тыныштал. Сөзсіз шығарады және нағыз айтулы бейненің өзі боларына кәміл сеніңіз. Тек өзінің бүгінгі шешіміне байланысты. Күдігім жоқ. Мен жаңа әдейі батырып, актерлік дарынына тие, шаға сөйледім. Қазақтар оны «қамшылау» дейді. Ол да түсінеді. Жөргегінен артист болып өскен адам сахнаны сыртқа теппейді. Ең қауіпті кезең – осы. Сіздерде де, жазушыларда да екінші тыныс дейді ғой. Бұрынғы таныс рөлдерге үйреніп қалған. Осы белестен асса, Қаллеки Одақ сахнасының мақтанышына айналады, – деді Мұхтар Әуезов.
***
1936 жыл. 20 октябрь. «Ревизор». Премьера. Шымылдық ашылды. Сахнада сонау сабырлық пен зымияндықтың, парақорлықтың дертімен қабынған патшалы Ресейдің қараңғы, топас түкпіріндегі зымиян әкімшіліктің шірінді көрінісі. Ортада барлық ауыр қызметті төмен дәрежеден бастаған адамдар тәрізді бет бейнесі қопалдау, дөрекі, бастырма оюлы мундирлі, қарны алға шыға шермиген, жуан денелі, қысқа мойын, жалпақ бас, жалпақ мұрын, сақал-мұрты өскен, жуан жұдырықты – Дуанбасы. Әккі, ысылған, қараңғы көкірегіне өмірі сәуле түспеген топас. Өзінше маңғаз. Бар зымияндықтың, айлакерлік пен арамдықтың сабасы сияқты. Дүлей күш иесі. Көрермендер де демін ішіне тартып, тына қалған.
Соңғы көрінісі. Дуанбасы қабынады, ашу-ыза көмейінен қорқынышты болып шығады: «Атаңның басына күлесіңдер ме? Өзіңе-өзің күлесің. Ех, шіркіндер!» Еденді теуіп-теуіп жібереді. Парақор тұлып ащы уын құяды. Сұрқиялық, тақыс қулық, пасық тоғышарлық. Халық мысқылы, мысы, жек көрініші. Қулық – ақыл-ойдың кемтарлығын көрсетеді. Дуанбасы және оның сыбайластарының тақыр мұзға отырып қалуларының өзі – ақыл-ой мүгедектігінде жатыр. Мылқау сахна халық кәріне ұшыраған, ар жазасы. Олар – іші зымияндыққа толы саба. Адамдық сезім, қасиет жоқ. Сөйлеуге, тіл қату қықысынан айырылған. Төбелеріне су құйылғандай сүмірейіп қалды. Залдың іші күңіреніп барып тынды.
– Өзіңе де сол керек!
Көрермендердің үкімі осы болды. «Өзіңе де сол керек!» Көпшілік арасынан естілген сол үн премьераның қалай өткенінің әділ бағасын береді. Сахнадағы оқиға көз алдында, дәл осы сәтте өткендей назаланып, жеккөрінішпен қарады. Демек, сұрқиялықққа, жемаулыққа қарсы лағнет сезімін айта білгені, сендіргені ғой. Жеңіс. Нағыз өнер жеңісі. Актердің маңдай терінің, ұйқысыз түндерінің, күндерінің, азапты айлардың жемісі – көкейтесті мақсаттың орындалғаны. Қазақ сахнасының салтанатты самғауы, қиянға құлаш ұруы, жемісті, жеңісті қадамы бұл! Өз өміріндегі ең қиындықпен келген рөлді абыроймен алып шықты. Залды күмбірлеткен шапалақтардың жаңғырығы құлақ тұндырады. Құшақ-құшақ гүлдестелер жаңбыры жауды. Қатты шаршағанын сезді, шымылдық жабылысымен бөлмесіне қарай жүрді. Құттықтау, қол алу, таңдану... Қарсы алдынан жарқылдай күліп Мұхтар шыға келді. Құшағын айқара ашып төс қағыстырды да:
– Сенің өзің күткеннен де еселей асырып, құлпырып, құйындатып жібердің. Сенен жұрт осыны күткен. Ақтадың, Қаллекиім, артығымен ақтадың. Енді аршының ашылды, арғымағым... Анадағы сөзімді қайтып алдым.
Қалибек досының адал ықыласына риза болып:
– Өзіңе сол сәтте қайырып бергем. Ал қамшылауыңды шын қамқорлық деп білемін. Әйтпесе дәл қазір айтсаң қайтер ем? Рақмет, – деп төс қағыстырып, демалыс бөлмесіне беттеді. «Ревизор» – Камал Қармысовтың, Мәлике Шаманованың, Қалибек Қуанышбаевтың актерлік бақытын ашты. Ол үшеуінің де сахна өмірінде өте сирек кездесетін, көбіне бір-ақ рет келетін, сирек құбылысы, тарихи бейнесі бір қырынан ашылған толыққанды рөлі болып қалды. Қазақ сахнасының биік өресінің, үлгі тұтар өнегелі шыңының бірі ретінде бағаланды. Кейін, 1940 және 1946 жылдары «Ревизор» қайтадан қауым назарына ұсынылды. Сонда да осы құрам өзгермеді. Дуанбасы мен Хлестакоы образы советтік театр өнерінің ең үздік творчестволық санатында қабылданды. Тағы бір спектакль сахнаға қойылды. Актер ғұымырының тағы бір жаңа парағы ашылды. Алда үлкен өмір. Ойналмаған образдар, көңіл құштары соған ауады.
«Актер үшін өз рөліңді табудан артық бақыт жоқ. «Ревизор» екеумізге сол сыйды әкелді. Қалибек гримнен соң тіпті өзгеріп кетті. «Көп қазақтың ортасындағы жалғыз орыс» деген мәтел содан қалды. Мұхтар Әуезовпен, режиссер Илья Григорьевич Боровпен тер төкті. Сол кейіпкердің терісіне кіреміз. Түнгі бір-екіге дейін дайындық. Өзгелерін қайтарып, екеумізді алып қалады. Өмірде де аңғал адам ғой. Осы сахнаға шыққанда «Камал ағайдан қатты сескенемін» дейтін маған қарап. Бірте-бірте үйреніп кетті. Жұмыс барысында байсалды, қылтың-сылтыңды көтермейтін. Ал, жайшылықта одан жайдары, ақкөңіл адам жоқ. Ол кісі торықпайтын жан. Бір ауыз сөзі жеткілікті еді. Дуанбасы да қатты қиналды. Бірақ, нағыз Гогольдық мысқылды әкелді. Мені театрға тартқан да сол коллектив. Жастарды жанына жақын тартатын «Камал, сен де қартаясың. Жастармен бол, бірге жүр. Олар да үйренсін. Келешектің адамдары ғой» дейтін». Бұл Қазақ ССР-ның халық артисі Камал Қармысовтың пікірі. Аз сөзде мол мағына, қаншама ықылас бар десеңізші!
Актер лабораториясын, оның әрбір сөзді табудағы ізденісін, маңдай терінің ащы тамшысын, бейнені бойына сіңірудегі жүйесін оның өзінен басқа ешкім де толық сипаттап, сезіне алмайды. Қас-қағым сәттік қимылға оның сан түнгі ақыл-ойы, зейнеті мен бейнетінің табы сіңген. Ұзақ жылдар бойы «Ревизордың» үш қойылымында да Дуанбасын Қалибек Қуанышбаев орындады. Сахнаға шыққан сайын соны қимыл қосып, бояуы қанық тартып, айшықтары анықталды. Алайда ең ауыр да жауапты жүк, күретамырлары міндет алғашқы қойылымында шешіліп, қалыптасады. «Ревизор» қақында жүзге тарта пікір айтылып, монографияларда да талданады. Одақтық театр өнерінің үлкен табысы деп танылды. 1952 жылы ұлы Гогольдің қайтыс болуының 100 жылдығына орай «Театр» журналы ол кездегі СССР Жоғарғы Советінің депутаты, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың «Мен Дуанбасын қалай ойнадым?» атты мақаласын жариялауы сондықтан. Актер лабораториясын терең түсіну мақсатында толық ұсыну – міндет те парыз да. Одан асып Дуанбасы бейнесінің жасалуы туралы ешкім де айта алмайды. Уақыт шаңы қалыңдаған сайын мүмкін де емес-ау. Ол Дуанбасын қалай ойнады, қандай өмірлік негізге сүйенді. Сол материал төмендегідей.
«Мен ССР Жоғарғы Советінің сессиясына қатысып, Москвадан қайтып келе жаттым. Қалың қар жолға тосқауыл болып, жолда әдеттегіден екі-үш күн артық жүруімізге тура келді. Поезд әрбір станцияға ұзақ аялдап, қажытып жіберді. Көрші вагондағылар менің артист екенімді естіп, репертуарымдағы әйтеуір бір шығарманы орындауымды сұрады. Соның ішінде отандастарымның көпшілігі «Ревизорды» қалады.
«Мырзалар, мен сіздерді, – деп бастадым, – бір орасан жайсыз хабарды естіртуге шақырып едім». Қысқасын айтқанда, жалғыз өзім барлық кейіпкердің сөзін айтып, Гогольдің комедиясын дерліктей ойнап шықтым. Және бұл бірінші рет емес еді. Мен ұлы жазушының творчествосына туған қазақ халқым қандай жақын, ыстық тартқанына сол күндерде анық көзім жетті. Әрине, орыс мәдениетінің асыл қазынасына ықылас аударуға біздің, қазақ артистерінің де үлес қосқанымызды мақтаныш тұттық.
Ең алғаш рет «Ревизорды» қашан оқып едім... Ол 1936 жыл болатын. Үлкен өмірлік және актерлік тәжірибе жинақтаған шағымыз-тын. «Ревизор» жаңа ғана бірінші рет қазақшаға аударылса да бірден театрдың репертуарына қабылданды. Осынау өлмес мұраны Мұхтар Әуезовтың тамаша тәржімасы арқылы қайта-қайта құныға оқып, әр ашқан сайын соны бояу, мол қазына таптым. Әлі ешқандай дайындық басталмаса да мен ойша өзімді Антон Антонович Сквозник – Дмухановскийдің бейнесінде елестетіп, міне, менің ролім осы деген сезімде болдым. Мұндай келісті рөлді шығару үшін маңдай терін аямай төгіп, жалықпай еңбектенудің қажеттігін де түсіндім.
Бұл менің Гоголь творчествосымен екінші рет жүздесуім еді. 1927 жылы «Үйленудегі» Кевакиннің ролі маған тапсырылған болатын. Осыдан ширек ғасыр бұрынғы, ескі оқиғаны көз алдыма келтіре отырып, сонда бізді режиссердің теріс жолға салғанына анық көзім жетті. Қоюшы Гогольдің комедиясын қазақ салтына бейімдеп, сол арқылы бізді орыс классикасының реалистік сипатынан алыстатып әкетіпті. Шынын айтқанда, ол кезде менің де, әріптестерімнің де сахналық тәжірибесі жоқ еді. Қайдан болсын-ау. Қазақтың ұлттық драма театрының құрылғанына үш-ақ жыл толған, ал нағыз театрды көргеміз жоқ.
Көп жылдар бойы халық тұрмысынан мысал алып, өзім шығарып, сол кейіпкерімнің атынан өзім сөйлеп, суырып салма – әңгімеші, сауықшы болдым. Думанды Қоянды жәрмеңкесіндегі ізі суымаған оқиғаларды, не сол маңдағы ауыл өміріндегі тойларды сықақтап табан астында «ойын-сауық» жасауыма да тура келеді. Сараң байларды, тоғышар молдаларды, алыпсатар саудагерлерді мысқылдап, әжуалап, әрекеттерін әшкерелегенім үшін «пері Қалибек» атандым. 1925 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласында біздің халқымыздың тарихында тұңғыш профессионалды театр ашылды. Газетте «Кімде-кім Қалибек Қуанышбайұлын көрсе, оның Қызылордаға, театрға келуі қажеттігін айтыңдар» деген хабар басылды. Қазақ оқу-ағарту комиссиясының мені театр актері болуға шақырған телеграммасы ауыл арасында қолдан-қолға ұзақ уақыт көшіп жүріпті. Ақыры ол хабар мені Қарқаралы қаласында тапты да мен Қызылордаға аттанып, театрға қабылдандым. Міне, осылай актер атандым.
Әрине, онда мен де, әріптестерім де Гогольдің реалистік сипаттағы шығармаларын ойнауға дайын еместінбіз. Алайда «Ревизорды» қоярда біз үлкен сахналық өнердің мектебінен өткен едік. Отызыншы жылдардың басында көркем театрда көрген спектакль маған ерекше әсер етті. Ол мен үшін нағыз жаңалық болды. Орыстың классикалық спектакльдеріне қатысуымыз бізді аса жауапты міндеттің қиындығын түсіне отырып, өлмейтін, өшпейтін «Ревизорды» қазақ сахнасына тұңғыш рет шығаруға алып келді.
«Ревизор» спектаклінің дайындығы театр өнерінің жалпы мәдени өрісін дамытуға зор септігін тигізді. Театрдың ішінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Россия, орыс әдебиетіндегі Гоголь ұстаған бағыт туралы лекциялар ұйымдастырылды. Біз, тамаша комедияда ұлы орыс артистерінің қалай ойнағаны, оның орыс театры мен драматургиясын дамытуда қандай орын алғаны хақында мағлұмат алдық. Гогольдің заманындағы чиновниктік ортаның анығырақ білу үшін және сырт пішінін елестету үшін көркем суреттерді, көшірмелерді, гравюраларды көрдік. Біз лекцияның тыңдай жүріп, сабақ барысында сахналық бейнені жасағанда осы уақытқа дейін қазақ драматургиясында пайдаланып келген әдісіміздің, өмірден көрген нәрселерімізді сол қалпында жеткізудің жеткіліксіз екендігін, өмірден түйгендеріңді әдеби-тарихи шығармаларды терең зертетй отырып, тоқудың қажеттігін айқын түсіндік.
Жұмыстың алғашқы сатысында өзім үйренген, алғашқы рөлдерімде сәтті сапар берген «әдісіме» жүгінгенімді жасыра алмаймын. «Ревизордағы» бейнелерді қазақ халқының тұрмысынан маған Қарқаралы мен Баянауылда көрген патшаның тоғышарларын, тағы колонизаторлар чиновниктердің тұлғасымен тұтастыра шығаруға талпындым. Олардың кінәсіз соққан дүрелерінен, парақорлығынан халықтың шеккен зардабын есіме түсірдім. Сондай-ақ қатыгез әкімдердің шешемді өз жерінен қуып шыққанда шығарған шерлі жоқтауын, ыза-кегі, төгілген көз жасы ойыма оралды. Тыл жұмысына алынған жылдардағы «реквизиция» тұсындағы өзім көрген патшаның әскери әкімдерімен, «бас асауларды» жуасытқан полицейлердің қазақ даласынан казармаға қуып тыққан бозбалалардың тағдыры көз алдыма келді. Ойға оралған осы жайлар Дуанбасының негізін түсінуге ғана көмектеспей, қараңғы патшалықтың барлық мерездігін жинақтап бейнелеген образын ашып көрермендердің жеккөрінішін оятуға себеп болдым.
Сонымен қатар, жандүниесі жақын қазақ елінің халық творчествосына жүгінуімде қол ұшын берді. Қазақ өлеңдерінде кедейдің еңбегін жеген, қанаған өктем байларды, егер қорғансыз адам оның алдына барса, ол бас салатын қауіпті әрі батыл, ал мерген аңшыны көргенде-ақ зәресі ұшып, жемтігін тастай салып, зытып беретін жыртқыш, қаныпезер дала қабанына теңеген жолдар бар. Мен өзім Қарқаралы жәрмеңкесінде талай рет әжуалаған, халықтың ой-қиялынан туған қатыгез, пайдақұмар байларды, билерді, молдаларды жадымда тұттым. Әрине, мен ондай дүниелерден Дуанбасының сыртқы ұсқынын емес, оның ішкі мәнін іздедім, әйтпесе, дала шонжарларының тұрқы өткен ғасырдағы орыс чиновнигінің кейпінде сахнаға шығаруға болмайтындығын жақсы түсінемін ғой.
Қазақта «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген мәтел бар. Маған да әккі, қатыгез, суайт Дуанбасының сұрқия кейпі көрермендерге бірден сезілуге тиіс сияқты көрінеді. Әккі, өзінше ақылды, қайда кімнің алдында түлкідей түрленіп, қуланатынын білетін, өзінің можантопай, мүләйім, түрімен елдің бәрін алдап түсіретін сиқын ашқым келді. Дуанбасын үлкен чиновниктік бюрократтық мектептен өткен әккі алаяқ ретінде, оның қатерлі ревизордың келе жатқан хабарынан тосын суық жай екенін жеткізуге ұмтылдым.
Алғашқы және екінші пердеде менің Дуанбасым үлкен ұлықтың-ревизордың алдында тізесі дірілдеп, денесі қалшылдап булығады. Чиновниктерді шақырып, олардан көмек, жеңілдік күтеді. Бірақ та Петербургтен ревизордың келуі тудырған жалпыға ортақ жаңылыс, үрей оны одан бетер қорқытып, есік сәл сықырласа болды қатерлі төре қазір кіріп келетіндей зәресі ұшып, сол орнында қалшиып қатып қалды. Менің Дуанбасым бойында болар-болмас жаны бар адамдай сөлбірейіп Хлестаковтың бөлмесіне енеді. Осы көріністі ойнағанда әдетте, менің алқымымды суық тер басып, көзім тұманданып, сүйкімсіз, суайт Дуанбасына ұлы әміршідей көрініп, оның сәл жекіген сөзінен ажал төнгендей жағдайда сезіндім. Хлестаковпен тұңғыш жүздескенімде маған, Дуанбасына, жаңа ғана городовойды сілкілеген жуан жұдырығы қалай бөгет болды десейші, екі қолымды қайда қоярымды білмеймін, жүз пұттық кірдің тасын көтергендей жерге тартады да тұрады. Үшінші перде менің Дуанбасынм барлық істің оңғарылғанын түсініп, қорқынышы басылып, Хлестаковтың сөзін сабырлы тыңдаса да, ара-арасында арқасынан суық су құйып жібергендей селк ете түсіп, мынау үлкен ұлықтың жайлы өмірінің оп-оңай-ақ күл-талқанын шығаратынын сезіп, зәресі ұшады.
Дуанбасының іш жандүниесінің сұрқиялығы, оның нақты бет-сықпыты, менің ойымша, төртінші пердеде, жұмсақ креслоға шалқия жатып алып көпестерді қорлап, олардың сақалын жұлып, шапалақпен тартып жіберетін тұста кеңінен ашылатын сияқты. Хлестаковтың сұмпайылығы белгілі болған көріністе Дуанбасын масқара ұят қысып, өзіне, қоршаған айналасындағыларға жек көрінішпен қарап долданады. Маған Дуанбасы осы арада барлық ұстамдылықтан айырылып, өзінің жүгенсіз сойқандығын, ақымақтығын толық әшкерелеуі тиіс тәрізді. Хатты ашып оқи бастағанда ол өзін-өзі ұстауға тырысады, жағдайдан құтылудың айласын қарастырады, іле еркін билей алмай қалшылдап, дүлей ашудың күшімен бажылдай, өзінің бетін жұдырықтай жөнеледі. Осы көрініс кезінде көрермендер залынан «Өзіңе де сол керек» деген дауыстардың естілуі, менің ойымды олардың дұрыс қабылдағанын танытты.
«Ревизормен» жұмыс істегенде мені және жолдастарымды сахнадағы образды сомдау барысында өмірдің өзінен туындаған көріністі шынайы бейнелеуге ұмтылуымыз керектігін байқатты. Кейбір режиссерлердің біздің жалаң декламацияға, жасанды күлкіге итермелеуінің нағыз өнер талабына қарама-қайшы екендігін, театрдың өсуіне кедергі жасайтындығын дәлелдеді. Қоюшы мен актер арасындағы пікірталасты әдетте соңғысының жеңісімен аяқталады. Өйткені актердің ішкі мақсатын автордың өзі бояуы қанық сахналық образ арқылы қолдап, нұсқау беріп тұр ғой.
Гоголь кейіпкерлерін бейнелеу 1936 жылғы спектакльді шығарумен шектелген жоқ. Театр 1940 және 1946 жылдары тамаша комедияны қайта жаңғыртты. Әр жолы орындаушылар «Ревизордың» сөзіндегі жаңа мағынаны, соны бояуды ашты. Спектакльдегі образдар сан қырлы, көп сырлы мазмұнымен тереңдей жетілді. Спектакльде өз ойым қаншалықты дәрежеде жүзеге асты, нақты және шынайы мінез-құлық арқылы үлкен әлеуметтік бейнені шығара алдым ба, оны білмеймін, бірақ та көп жылдар бойғы «Ревизормен» істелген жұмыс менің өзіме, өзге орындаушыларға да сахна шеберлігінің нағыз мектебі болғаны анық.
Осы спектакльде ойнаған жолдастарымның елеулі табыстарын айтпай кетуді мін санаймын. Хлестаковтың рөлі сол кездегі бүлдіршіндей жас артистер, қазіргі республикаға еңбегі сіңген артист Камал Қармысовқа, Қазақ ССР-ның халық артисі Шәкен Аймановқа тапсырылды. Екі орындаушы да образды сомдауда табанды, тиянақты жұмыс істеді. Бұл еңбек олардың одан әрі шеберлігін қалыптастыруға көп септігін тигізді. Бобчинскийді ойнаған, сондағы бозбала Сейфолла Телғараев қанық мінез-құлқымен, ащы мысқылымен ашық тұрқымен баурап алды. Театрдың негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұлов Земляниканың рөлінде осынау сұрықсыз мүттәйімнің, өсекшінің сұрқия қылығын шынайы шығарды. Театрдың қарт тарландарының ішінен Қазақ ССР-ның халық артисі Елубай Өмірзақов та қатысты. Осип образы оның творчестволық соны мүмкіндігін ашты. Осы спектакльге дейін Өмірзақов қазақ драматургтерінің тарихи және қазіргі өмірден жазылған пьесалардағы батырларды ойнап келген. «Ревизордан» соң ол басқа да мінез-құлықтағы рөлдерге табысқа жетті.
«Ревизорды» қою бізге күрделі сахналық міндеттерді шешуге көмектесті. Ол өз кейіпкерлеріміздің ойы мен сезімнің екінші астарын ашуға, идеялық мақсатты түйіндеуге, образға тән айшықты, нақты бояуларды, мінез-құлықты табуға үйретті. Сондай-ақ сахнадағы бейнені игеру барысында өзіміздің өмірлік тәжірибемізді әдеби-бейнелеу материалдарымен ұштастыруға жетеледі. Бұл жұмыс бізді тамаша орыс драматургиясының реалистік сипатын, оның терең идеясын, дархан қарапайымдылығын, халыққа жақындығын, жарқын образдарын игеруге жол ашты.
Біздің еліміз ұлы орыс жазушысының қайтыс болуының 100 жылдығын атап өткен күндерінде, оның өшпес комедиясымен жұмыс істегендегі творчестволық ләззатымды қошеметпен еске ала отырып, теңдесі жоқ «Ревизорды» тағы да жаңғыртып қоюға үлкен шабытпен кіріспекпін».
Иә, Дуанбасы бейнесі оның актерлік өміріндегі ең ұзақ ойнаған, 16 жыл бойы көрермендерін қуантқан, ынтыға күткен, ынтызарлықпен әр кеш сайын табысып отырған, тұрақты жалғыз ролі болды. Ол образдың ішіне бітісе кірігіп, сол арқылы келушілерді жамандықтан жиіркендірген тұлға ретінде қазақ театры тарихында мәңгі қалды.
Тұрсын ЖҰРТБАЕВ,
«Жұлдыз» журналы, №7, 1984 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.