Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тұрсынжан Шапайдың шығармасындағы «Мырқымбай» бейн...

06.01.2017 6425

Тұрсынжан Шапайдың шығармасындағы «Мырқымбай» бейнесі

Тұрсынжан Шапайдың шығармасындағы «Мырқымбай» бейнесі - adebiportal.kz

Бір әңгіме  бір әлем 


Әзілдің астарында көп мағына жататынын жақсы білеміз. Әзілдің өзі әркімге әр түрлі әсер етеді. Біреу мүлдем күлмеген құбылысқа біреудің шек-сілесі қатқанша күлуі мүмкін. Тұрсынжан Шапайдың қай әзілі болмасын адамды еріксіз күлдіреді, терең ойға шақырады. Бейімбіт Майлинның «Мырқымбай» образын Тұрсынжан Шапай былай жалғастырады:

«Осы Мырқымбайдың жетілгені-ай!

Уа, бұл Мырқымбай – асты!

Асқандықтың алғы шарты – дүниенің бар тілінде сөйлеу еді. Асқандықтың айғағы – қазақшаны ұмыту болатын. Егорды «Жәгор» дейтін жабайы Мырқымбай қазір орысшаның өзін ағылшын акцентімен сөйлейді. Бірақ, Мырқымбайдың қазақшасында акцент жоқ... Өйткені, Мырқымбайда «қазақша» атымен жоқ... Тап-таза.

 Мырқымбай – асты! Мырқымбай, қазір – министр. Мырқымбай – сенатор. Мырқымбай – жулик. Мырқымбай – наркоман. Мырқымбай – бай. Мырқымбай – құдай...».

0bc53b94cd1c72ba2a21c85b3499eef2.jpg


Қаламгердің бұл юморын түсіну үшін оқырманның Мырқымбайдан хабары болуы керек. Болмаса Бейімбет Майлиннің кітабын оқып шығуға тура келеді. Бұл кешегі мырқымбайдың мертіккен кезінен «марқасқа» шағына ойысқан бейнесі. Кешегі мырқымбайдың айқын бейнесіне бір ғасырдан астам уақыт өткендіктен, бүгінгі мырқымбайдың өсіп, жетілуі заңды дүние. Бірақ қай бағытпен өсу керек екенін білмейтін Мырқымбайдың жетістігі өзінің ана тілін қор санайды, өзгені зорға балайды. Қойдың соңында жүретін Мырқымбай жетіліп, елдің алдына шыққан. Үкіметке үкім жүргізіп отыр. «Экономикада қандай тіл маңызға ие болса, барлық елде сол тіл үстемдігін жүргізеді» деген ғылыми теориядан мән-мағына іздеген Мырқымбайдың білімділігінде шек жоқ.

«Мырқымбайдың бай, құдай екені рас. Сондықтан, ол баяғы болып-толып тұрған кезіндегі Ыбырай замандасы сияқты дәл қазір «кімсің?» деп сұрасаң, «Миркимбаймыс» деп жауап қатады. «Баймыс», «кудаймыс» деп, бірақ айтпайды. Ыбырай секілді ол жабайы, надан қазақ емес. Бай, құдай екені өзіне де, былайғы жұртқа да айтпай-ақ түсінікті. Астарсыз ағылатын баяғының қазақтарындай емес, Мырқымбай Хемингуэйден хабары бар білімпаз қазақ. Мырқымбайдың әр сөзі – астар, әр сөйлемі – айсберг. Түбінде таудай-таудай мағыналар жататын қымбат ойларын Мырқаң сондықтан пышақпен кескендей, балтамен шапқандай шорт-шорт қайырады. Әр сөзі, сондықтан – қимыл, әрекет, ақша... Сөйлемдері қысқа да нақты, түйенің құмалағы сияқты қанша биіктен құласа да, түсетін жерін дәл тауып түседі... ».

Екі сөйлеммен ездің құтын қашыратын астарлы әзілдердің астында зілді сілкініс жатыр. Аузын ашса, жүрегі көрінетін бұрынғының қазақтарын, аузын ашса көмейін көрсетпейтін жаңашыл қазақ қоғамы алмастырғанын тілге тиек етеді. Түртіп қалсаң ағытыла сарнайтын Мырқымбай жоқ қазір. Оның орнына сөзін ақшамен өлшейтін, аз ақылын көп бақырға теңейтін білімпаз қазақ келді. Публицист сөздің жілігін шағып, майын ішкен шебері. Көркемдігі былай тұрсын, ойының шашауын шығармай дәл жеткізетін көрегендігіне қайран қаласыз. Әдебиет ғылымында «теңеу» деген теория бар. Бір нәрсені сол қалпында жеткізбей, өзге құбылыстармен теңестіре отырып оқырманды ойға шақыру. Логикасын жетілдіре түсу. Оқып отырған дүниесіне ынтықтыру. «Түйенің құмалағы сияқты түсетін жерін дәл табатын» астарлы сөздің өзіне шақырып тұратын тартымдылығын теңеудің ұтқырлығы деп білеміз. 

«Мырқымбайды ойлағанда, бейшара Рокфеллер есімде тұрады... Рокфеллер өз бизнесін асхананың ыдыс-аяғын жуа жүріп, ептеп темекі сатудан бастады. Мырқымбай... бастап та әуре болған жоқ... Бірден байыды! Рокфеллер алғашқы жиналған қаржысына ертеде суға батып кеткен кемені көтертіп, жөндетті... Мырқымбай сау кеменің бәрін су түбіне жіберді... Рокфеллер байғұс тірнектеп жинап, өмір бойы байыды – Мырқымбай бір-ақ күнде Рокфеллер болды... Жиырмадан асар-аспас жасында «Миркимбаймыс» болды. Мұндай бас айналдырар жедел бақ, кенен дәулетке аяқ астынан қалай ие бола кеткенін сенгенінен сүйенгені мықты Мырқымбай апай-топайда өзі де түсінбей қалған шығар. Біздің де миымыз жетпес, соны тергеп әуре болмай-ақ қойсақ...

Әйткенмен, қызық... Мырқымбайдан сұраңызшы «қалай байыдың?» деп. Ол «қазақ - жалқау» дейді. Қалай түсінсеңіз, олай түсініңіз: қазақ – жалқау... Қазақ жалқау, бірақ Мырқымбай – бай...».

Тұрсынжан Шапайдың астарлы әзілінің астында шындық жатады. Баланс дұрыс сақталмаған біздің қоғамнан аса ауқаттылардың қатарын жиі кездестіреміз. Қазақ мемлекетінің гүлденген шағы осы ма деп сеніп қаласыз. Публицист айтқандай, біздегі Мырқымбай ағалар бірден байыды. Бірақ, қалай? қайдан? - деген көпшілікті қызықтыратын сауалдың жауабын ғылым әлі нақты ашып жариялаған жоқ. Адамның ақылы жетпеген жер арман емес, қиял болып саналады. Армандаудың еш зияны жоқ екенін білеміз. Бірақ ақылымыз жетпейтін жерді қиялдап уақыт жоғалтқанның еш реті жоқ. Оның үстіне ол сұрақты Мырқымбай да, керек десеңіз Рокфеллердің өзі түсінбей қалар еді. «Ақылды болсаң неге байымайсың?» деген жапон халқында нақыл сөз бар екен. Сол ұлттың нақылына сенсек, біздің елде Мырқымбайдан асқан ақылды адам жоқ. Қалай байып кеткеніне сол данышпанның миы жетпей отырған кезде, біздікі не әуре. Кезекті ұтымды юморға берейік.

«Бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз... Сонымен, Мырқымбай жетілді дедік пе? Жетілгеннің белгісі – баяғы көн шоқайды тастаған, жыртық шекпенді лақтырған. Қазір үстінде ине-жіптен жаңа шыққан шетелдік киім...

Мырқымбай баяғы көк өгізді зорықтырып, ақыры өлтірген. Темір дөңгелекті тырқылдақ тракторын музейге өткізген. Қазір Мырқымбайдың астында – «Мерседес!».

Өгізді өлтірген Мырқымбай шетелдің су жаңа көлігін ерттеп мініпті. Үстінде шетелдің қымбат матасы. Сыртқа шығып алып, бағасын бұлдайтын шетелдің тауарлары Мырқымбайлардың арқасында елінің экономикасын қарық қылып жатыр. «Қазақтың жерінен шыққан мата, қазақтың үстіне киім болып тоқылсын» деген Алаш зиялыларының үкімі, үміті болған екен. Алаш зиялылары деп отырғанымыз кімдер өзі? Мырқымбайдың өзінен басқа зиялы қауым өкілдерінен хабары бар ма екен?

 «Баяғы «Мырқымбай, Мырқымбай... Бай-бай-бай... Ай, құдай-ай!» деп жүретін қақсауықтардың үні өшкен. Мырқымбай қазір жұртқа өзі ақыл айтады. Өкіметті сынайды, қазақты сынайды, қазақбайшылықты сынайды...

Мырқымбай дүниеге шытырлаған су жаңа доллардың көзімен қарайды. Мырқымбай – жаңа қазақ.

Еліктеу өнерінде Мырқымбай маймылдан да талантты. Еуропалық, америкалық аңғал біреулер біздің елге келгенде, Мырқымбайды көріп, «осы екеуміздің қайсымыз оригинал?» деп, таң-тамаша қалатын сәттері көп.

Мырқымбай қазір сөзінің бісмілласын «Ортега-и-Гасет» айтпақшы, тіпті болмаса, «Тойнби демекші» деп бастайды. Сіз ойнамаңыз Мырқымбаймен – интел-л-лектуал!».

Мырқымбайдың алыс-жақын шетелдің мықтыларынан хабары бар екен. Соларды оқып алып, қазақты сынайды. «Сын түзелмей – мін түзелмейді». Қазақты жамандай берсең. тарихта қалатының сөзсіз. Бұл қағида бұрынғы заманнан бері өз өзектілігін жоғалтпай келеді. Жаңаның жаршысы, ұйықтап жатқан қазақты күн сайын ашылып жатқан жаңалықтарға шақыру, ақылды адамның образы болып тұр. Публицист тілге тиек етіп отырған Мырқымбайдың ерекшелігі сол, Еуропа мен Американың жансызы секілді. Жақсы ма, жаман ба, оны қызықтырмайды. Бүгін көрсеткенін ертең міндетті түрде «надан» қазаққа жеткізу керек. Осындай зор құрметке ие болатындай Еуропа мен Американың қандай құдіреті бар екен. Ол жақтың адамдары «мейірімді, қарапайым» келеді дейтіндер бар еді. Соның арқасы шығар.

«Екі ауыз өлең білмейтін Мырқымбай қазір өнердің талғамы нәзік бағалаушысы. Шетелден әнші, бишілер шақыруға құмар. Әсіресе, өзінің,әйелінің, бала-шағасының туған күндерінде...

Мырқымбай қазір – қоғамшыл. Егеменді елдің еңіреген патриоты. Көктем, көкек, ай-жұлдыз, ит-құс, бақа-шаян туралы мамыражай әңгіме бастай қалсаң, «Мырзалар, мырзалар... тым ұсақтап барасыңдар. Кәне, егемендік туралы сөйлейік, әлеуметтің қамын толғайық, ұйымдасқан ұрлыққа қарсы тұрайық...» деп, бәрімізді дереу тәртіпке шақырады... Жыласаң, мүсіркеп, арқаңнан қағады. Дүниедегі жақсы адам – сен. Жыласаң, дүниедегі жақының – Мырқымбай. Мырқымбай, қара аспанды төндіріп сайрағанда, жыламай қойсаң, сенен өткен күнәкар жоқ. Қуанып, жарқылдап жүргеніңді Мырқымбай көтере алмайды – «халық жауы» деп өсек тартады. Жұрт жылаған жерде Мырқымбай өзін өте жақсы сезінеді... Қысқасы, қызық Мырқымбай! Жақпайсың Мырқымбайға. Мырқымбайға жағу үшін бейшара болуың керек... Мырқымбайды өлтіру үшін – қуану, күлу керек...».

Бұл жерде публицист үлкен мәселелерді көтеріп кеткен. Езу тартып отыра бергің келеді. Артынан дереу тәртіпке шақырады. Қазақ бітіміндегі кейбір кесірлі мінезді майда сөзбен әдемі жеткізген. Мырқымбайға қуансаң, жақпайсың. Бірін-бірі көре алмайтын тобырдың шоғыры біздің қоғамда өріп жүр. Оған дәлелдің еш керегі жоқ. Үлкен қалаларда көрінбеуі мүмкін, бірақ кішкентай ауылға барсаң анық байқалады. Көршінің баласы мектептен артық баға алып келсе күндейтін қазақ, көршінің малы бір бас көбейіп кетсе өзін қоярға жер таппайды. Бәсекелестік пен бақталастықтың орнын ауыстырып алған. Менен басқада болмаса екен деген тілек публицист айтып отырған проблемамен астарлас жатыр. Мырқымбайдың мінезі осы. Оның алдында бәрі сұраушы, сорлы болу керек. Мырқымбай арқылы таңы атып, тауығы шақырса, сенен жақсы адам жоқ. Ал одан асып кетсең, кек тұтады, күндейді. Орайын тауып, мәдениетті түрде аяқтан шалуға тырысады. Бір жақсысы жыласаң, қайғырсаң, сенімен шаруасы болмайды. Жылағанда да артыңнан қалмай қойса, қайтер едік? 

Тобырдың сағын сындыру үшін күштілердің қаруы күлкіні пайдалану керек. Жаманның құтын қашырыу үшін күлу, күлкінің хакім Абай ұсынған қасиетті түрі.

Тұрсынжан Шапай публицистикасы юмордың жүгі мен салмағын келісті қолданады. Асырып айтпайды, жетпей қалған жерін де таппайсыз. Наданның мақтанышы - түкке тұрмайтын елес екеніне көз жеткізеді. Оқырманды күлдіре отырып, сендіреді. Сенгіңіз келмесе, айналадағы болып жатқан дүниеден бейхабар екеніңізді дәлелдейді. Күлкіге қарық боласыз. Күлдіре отырып, жас шақыратын зілді әзілдері де жетерлік. Оқып отырып, тобырдың түйсігі мен Тұрсынжан Шапайдың шеберлігіне қайран қаласыз.




Бағлан Оразалы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар