«Өзінің арғы-бергі тарихын әрбір халық өзі жазуы тиіс. Жат идеологияның жетегінде кете беруге болмайды. Ұрпақтың рухын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік беретін дүние ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ғана» - деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде айрықша тоқталған болатын. Айбынды қазақ сұлтаны Ахмет Кенесаринның «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабы сондай құнды тарихи еңбек. Белгілі ақын Ербол Алшынбай ел тарихы үшін аса құнды еңбек сұлтан Ахмет Кенесаринның «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабын шағатайшадан қазақшаға аударып, ғылыми түсініктемелерін жазып, кітаптағы дерекке сай Кенесары хан мен сұлтан Сыдықтың жорық жолдарының картасын салдырып баспадан шығарып отыр.
Кітап шағатайшадан қазақшаға тұңғыш рет аударылды. Кенесары хан мен оның әулеті, ұлы сұлтан Сыдық туралы көптеген тың деректер ғылыми айналымға түсіп отыр. Ұлттық көзқараспен жазылып, жауынгер халқымыздың мүддесі тұрғысынан пайымдалған «Насаб наме сұлтан Сыдық» нағыз тарихи еңбек. Бұл жазбаның авторы Ахмет сұлтан Кенесарыұлы әкесі Кенесары хан мен ағасы сұлтан Сыдықтың сан қилы күреспен өткен өмірін көрген, сол күрестердің бел ортасында өзі де жүрген екен. Жолбарыстай жортып өткен қазақтың соңғы ханының ғибратты ғұмырын, оның Еуропалық үлгідегі әскермен қарсы келіп, қаруы кемшін түссе де, ерекше әскери айлаларымен талай жеңіс туын желбіреткенін біз осы кітаптан танып отырмыз.
«Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабы «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының демеушілігімен, «Фолиант» баспасынан 2000 данамен жарыққа шықты. Кітаптың таныстырылымы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Кітаптың тұсаукесеріне зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев: «Ахмет Кенесаринның «Насабнаме сұлтан Сыдық» кітабының қолжазбасын баспаға дайындау және жариялауға байланысты, оның тарихи дерек ретіндегі құндылығы, түсініктімелер және де басқа атқарылатын жұмыстар туралы оқырман тарапынан айтылар ой аз болмас.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында отаршылдық билік құрылымында қызмет істей жүріп қазақ халқының мүддесін қажырлы қорғаумен көзге түскен Ахмет Кенесарин сияқты бірді-екілі азаматтар ерекше орын алады. Олар қазақ елін бүтін басқарған хан әулеттерінің өкілдері бола тұра, объективті жағдайға байланысты қазақ халқына қызмет істеу мүддесімен амал жоқтан Ресей әкімшілік қызметіне кірді.
Ахмет Кенесарин Түркістан генерал-губернаторлығына құрамындағы Шымкент уезінің басшылық қызметінде жүріп, сол кезде Тәшкентте қызмет атқарғанӘ. Диваев, Д. Асфендияров сияқты озық ойлы азаматтармен, Ресей географиялық қоғамының Түркістан бөлімшесінің маңындағы ғалымдармен, қазақтың ішінен шыққан шежіреші-ақын азаматтармен мәжілістес болды.Автордың қаламынан шыққан «Насабнаме сұлтан Сыдық» осындай зиялы ортаның жемісі деп білуіміз керек.
Бұл кітап 1822 жылдан басталатын Ресей империясыныңқазақ жерін отарлаутуралы «Сібір қазақтары туралы жарғысының» өмірге енгізілуінен басталады. Бір ғасырдай протектораттық режимде, яғни Ресей қазақтың ішкі шаруасына араласпауға уәде берген кезеңде өмір сүрген қазақ қоғамы хандық билікті, сол арқылы мемлекеттілікті жоюға бағытталған«Жарғыны» қабылдамағаны, оны Абылай заманындағы келісімшарттарды бұзу деп есептегені ақиқат. Расында да, тек сырт билігіне ие протектораттан таза отарлық бағыныштылыққа өту қазақ билігімен келісілмеген еді.
Әуелі саяси наразылық түрінде басталған қарсылықты Абылай баласы Қасым сұлтан, одан кейін оның үлкен ұлы Саржан сұлтан, одан кейін Кенесары басқарды. «Насабнаме сұлтан Сыдық» тәуелсіздік үшін қозғалыстың соңғы кезеңін, яғни Кенесары хан күресін және Сыздық сұлтанға қатысты әңгімелерді баяндайды.
Кітап шығыстық шағатай түркі жазба тілінің әсерімен жазылған, оны біз Сыздық атауының Сыдық болып жазылуынан-ақ аңғарамыз. Мәтінде кездесетін толып жатқан ескі ұғымдардың көшік, таш, шейітсияқтыларын кітапты баспаға дайындаушылар қазіргі аудармаларын қатар беріп қолданған,негізгі бөлігі қазіргі қазақ тіліндегі баламаларымен берілген.Кітаптың жазылу мәдениеті, тіл шұрайы, сөздердің қолданысы тіл зерттеуші ғалымдар үшін үлкен дерек болып табылады.
Екіншіден, кітап мәтініндегі көптеген терминдер жалпы шығыстың, соның ішінде Қазақ хандығының, Орта Азия хандықтарының мемлекеттік басқару жүйесі мен саяси институттарынан, әскери лауазымдары мен құрылымдарынан хабар береді. Мысалы, саркарда, пансат басы, топ сияқты сөздер. Бұл тарихи саясаттану, әскери іс тарихысалаларындағы мамандар үшін таптырмас қайнар көз деп есептейміз.
Үшіншіден, «Насабнаме сұлтан Сыдық»мәтініндегі этнографиялық ақпарат, Орталық Азия этностары мен Қытай және Ресейліктер арасындағы қарым-қатынас этнология саласы мамандары үшін ХІХ ғасырдағы этнос мәселесін зерттеуде үлкен көмек береді. Кітаптағы бір қызық мәселе, Орта Азия жеріндегі қазақ тайпаларының қоныстану шекарасы. Бұл мәлімет әсіресе Сыздық сұлтан өмірбаянын баяндайтын тарауларда мол.
Ең бастысы, Ахмет Кенесаринкітабы ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы тарихи оқиғаларды барынша шынайы баяндайтын тарихи дерек көзі деп қабылдаймыз. Сол кезеңдегі Орталық Азия аумағында өрістеген жағдайлар, өркениет құндылықтары арасындағы күрес, отаршылдық саясат және оның салдары тұлға арқылы жақсы көрсетілген. Жалпы тарихты тұлға арқылы көрсету қазақтың тарихи дәстүрінің негізі болып табылады, яғни Ұлы даланың сан ғасырлық тарихы біздің шежіре дәстүрінде тарихи тұлғалардың маңайына топтастырылады. Ахмет Кенесариннің«Насабнаме сұлтан Сыдық»кітабы да осы дәстүрді ХІХ ғасырдың екінші жартысында жемісті жалғастырған еңбек депбілеміз.
Бүгінгі күні кітаптың қолжазба нұсқасы табылып, қазіргі графикаға келтірілген соңтарихшылардың атқаратын басты шаруасыкітап мәтініндегі әр тұлғаға, әр оқиғаға, әртүрлі жер-су атауларына қатысты ғылыми түсініктемелер беру. Бұл шаруаны атқаруға біздің гуманитарлық ғылымдардың деңгейі жетеді деген сенімдемін. Әрине, қазақ тарихнамасы шығыстық дәстүрлерден қол үзіп,орыстаныпкеткені өкінішті, бұл тарихи тұлғаларды тануға көп бөгет болады. Дегенмен, Кенесары мен Сыздық өмір жолын зерттеген ғалымдар мүмкіндік болса шығыстық деректерге сүйенгені дұрыс. Мысалы, Сыздық төренің Бұхар əмірлігіндегі қызметі туралы Молла Сəми Бустанидің «Тухфа и шахи» (Шахқа сыйлық) еңбегінде мәліметтер бар. Шығармада Бұхар əмірінің құзырында Сыздық төремен бірге оның немере бауырлары Арысланбек төре, Əбілқайыр төре жəне Садан би қызмет еткені айтылады. Əмір ел ішіндегі бүлікті тоқтату үшін Шахрисябзға кеткенде сарай төңкерісі болып, бірталай жақтаушыларымен әкесінің орнына ұлы отырып алады. Сыздық сұлтан да солардың ортасына барып қосылғаны, одан кейін Бұхарадан кетіп, қазақтардың ортасына барып тұрғаны, қазақтан жинаған әскерімен Сыздық Ғиждуанға жəне Керминге Әбдімәлік ханзаданы қолдап шабуыл жасағаны айтылады.
«Насабнаме сұлтан Сыдық»кітабын баспаға дайындаушы тарапынан жасалған түсініктемелерКенесары хан мен Сыздық сұлтан өмір сүрген кезеңді, олардың әлеуметтік ортасын, көрші мемлекеттермен жүргізген саясатын нақты түсінуге көп көмек береді. Түсініктемелерде Ахмет Кенесарин әлдебір себептермен жаза алмаған, немесе жазуға қажет деп таппаған көптеген жағдаяттарға анықтамалар берілген.
Ахмет Кенесариннің«Насабнаме сұлтан Сыдық»кітабын баспадан академиялық нұсқада шығару бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан бастан өткеріп жатқанәр түрлі саяси ахуалдарға байанысты аса өзекті. Біздің болашағамыз ұлтымыздың бірлігіне, азаматтарымыздың елім деп соққан жүрегіне байланған.Мағжан Жұмабаев «Ертегі» атты поэмасында былай дейді:
«Жап-жас Сыздық қорғамақ боп қазағын,
Ту көтеріп, қарға ілді садағын.
Балаусасың қанды майдан көрмеген,
Құтты қадам болғай еді, қарағым!
Сыздық батыр тұлпар атын ерттеген,
«Алты алашым, енді маған ер» деген.
Көп соққы жеп, сүле болған сорлы алаш,
Алты алаштан алты адам да ермеген.
Алты алаштан алты адам да ермеген…
Алаш сорлы келешегін көрмеген.
Орыс алды, қимылдаған қазақ жоқ,
Қайран Сыздық құса болды шерменен».
Ахмет Кенесариннің «Насабнаме сұлтан Сыдық» кітабының қолжазбасын ескі шағатай түркісінен қазіргі қазақ емлесіне түсіріп, көнерген сөздердің баламаларын дәл тауып, Кенесары мен Сыздық заманындағы оқиғаларды ой елегінен өткізіп, ғылыми түсініктерін жазып, оқырманға ұсынып отырған Ербол Алшынбай баурымыз да кезінде Мағжан ақын сияқты өзінің азаматтық парызын орындап отыр.
«Насабнаме сұлтан Сыдық» кітабы өз оқырманын табады, оқырманның танымшекарасын кеңейтеді және түсінік деңгейінтереңдетеді деп сенеміз. Табыс тілейміз».
Тарихи мәні мен маңызы зор кітаптың алғы сөзін Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің жазған екен. Тәуелсіз көзқараспен жазылған еңбекті жан-жақты зерделей келе: «Тарихи ақтаңдақтар жыл өткен сайын толығып келеді. Қазақ тарихына қазақтың көзімен үңілу керек. Осыны негізге алсақ, бұл кітаптың мәні арта түседі. Тәржімаға ғалым И.В. Зайцев Мәскеу мемлекеттік тарихи мұражайының мұрағатынан тауып, жарыққа шығарған факсимиле пайдаланылған.
Әр халықтың қасіретті болса да, қасиетті тарихы бар. Бұл оның ұлы мұраттарына талпыну жолындағы сан қилы кешуі, мың жылдықтарды көктей өткен асуы мен бұралаңы көп жолы. Қазақтың да тарихи кешуі сондай.
Мемлекеттің ықпалды саясатының негізінде елімізді отарсыздандыру процесі қарқынды, үздіксіз жүріп жатыр. Халқымыздың санасына ғасырлап сіңірілген отаршылдықтың зардаптарынан сауықтыру – мемлекетіміздің ертеңін қауіпсіз әрі жарқын етуге тікелей байланысты екені түсінікті.
Қазақтың сол тарихи тағдыр жолында кешкенін сол кезеңнің және өз елінің танымы тұрғысынан жазған санаулы ғана еңбектер бар. Сондай шежіренің бірі «Насаб наме сұлтан Сыдық». Соңғы ханымыз Кенесары Қасымұлы мен оның ұлы Сыдық сұлтанның өмірі жайлы баяндалатын бұл мәнді тарихи шежіре шағатай тілінен тікелей қазақшаға тәржімаланып отыр.
Ұлттық көзқараспен біздің халқымыздың мүддесі тұрғысынан жазылған «Насаб наме сұлтан Сыдық» тарихи еңбек.
Бізге азаттықтың символындай болған тарихи тұлға – Кенесары хан. Алаш қайраткерлері оның күрескерлігін ерекше бағалаған. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ханның қасіретті тағдыры жайлы нақты тарихи деректер берген. Онда «Кейбіреулер сұлтан Кенесарыны хандыққа жетуге ұмтылған билеуші ретінде көреді, шынында ол Ресейдің отаршылдығына қарсы күрескен дала батыры деген дұрысырақ болар еді» деп бағалаған болатын. Бұл Кенесары хан туралы әділ баға.
Хан Кененің қасіретті тағдырымен күрес аяқталмай, тағы да жалғасын тапты. Бұл күрестің қаһарманы тарихымызда тым аз айтылып жүрген сұлтан Сыдық. Сұлтан Сыдықтың тұтас Тұранды қорғап, тек өз халқы үшін ғана емес, түгел түркі үшін арпалысқан 16 жылдық ауыр күресі ұмыт қалмауы тиіс. Тұтас түркінің азаттығы үшін күрескен сұлтан Сыдықтың осы өнегелі жолды кейін Мұстафа Шоқай жалғастырды. Сұлтан Сыдық әкесі Кенесары хан сияқты қайсар қолбасы, соғыс өнерін жан-жақты меңгерген тактик болған.
Президенттің баспасөз қызметінің сарапшысы Ербол Алшынбайұлының қызмет қарбаласынан уақыт тауып, осы үлкен еңбекті аударған жауапкершілігі мен еңбекқорлығына разылығымды білдіремін. Барлық азамат ұлтына талмай еңбек етсе, халқымыздың ертеңі жарқын болмақ. Мұндай маңызы бар тарихи еңбектерді баса шетел тілдеріне де аударып, насихаттағанымыз жөн».
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.