Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
ТЫНЫШТЫҚБЕКТІ ТҮСІНГІМ КЕЛЕДІ......

15.01.2016 6954

ТЫНЫШТЫҚБЕКТІ ТҮСІНГІМ КЕЛЕДІ...

ТЫНЫШТЫҚБЕКТІ ТҮСІНГІМ КЕЛЕДІ... - adebiportal.kz


11423686_1481752012148655_7536626419791701697_n.jpg



Мен бүгінгі хабарымызды кітапсүйер қауыммен «Жұпар ие, өзің жар бола гөр» деп амандасып, бастағым келіп отыр. Бұл сөзді Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Қас Сақ Аңқымасы» атты кітабынан алдым. Жалпы Тыныштықбектің шығармашылық ізденістері адамды таңғалдырады. Тіпті «Осы Тыныштықбек Әбдікәкімұлының жазып жүргендері не нәрсе?» деген сұрақ туа бастады. Ақындар Әбубәкір Қайран мен Болат Шарахымбай қатысқан сұхбатта біз де бұл сұрақты айналып өте алғамыз жоқ.






IMG_2399-520x245.jpg


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қолымызда Тыныштықбек Әбдікәкімұлының үш бірдей кітабы тұр. Соңғысы «Қас Сақ Аңқымасы» деп аталады. Осы кітаптарында Әбубәкірге жазған мынандай қолтаңбалары бар екен. «Өлеңдегі егізім Әбубәкірге» дейді. Содан кейін «Достан да қымбат Әбубәкірге» дейді. Мұндай қолтаңбаны жай адамға жазбаса керек. Негізі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы әдебиетке тосыннан келіп еді. Өзіміз Парижде тұрып жатқандай, «елде тұратын ақын-жазушы» деген бір сөз тіркесіміз бар ғой. Сол айтқандай, елде тұратын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының көп өмірі, шығармашылығы шыныменде оқырманға, көрерменге жұмбақтау. Алдымен осы тарапта сыр суыртпақтап көрелікші, Әбеке.



165833_1609410504_________.jpg

Әбубәкір ҚАЙРАН: Мен Тыныштықбекті 1980 жылдың жазында көрдім. Ол кезде үшінші курста оқимын, Семейдің Крупская атындағы педагогикалық университетінде. Семейлік ақын, ағам, ұстазым, қазір марқұм болып кеткен Ерғали Ибраев мені Абай ауданының орталығы Қарауылға арнайы ертіп барды. Сонда Тыныштықбек аудандық газетте тілші болып жұмыс істейді екен. Тыныштықбекпен жан жүрегіммен танысуым, оны бірінші рет көріп, қолын алу емес, жырларына байланысты болды, бірақ. Шынын айтқанда оның бүкіл таланты аспаннан түскен аян сияқты болып көрінеді маған. Өйткені, басқа жұрт емес, өзінің ауылдастары да Тыныштықбектен кереметтей, сұрапыл ақын шығады деп ойламаған екен. Бір күні, ол кезде жазушылық аты шыға қоймаған Талғат Кеңесбаев: «Сен Тыныштықбекпен танысшы. Өлеңдерін көрші, өлеңдері керемет», – деді. Оның өлеңдерін ол кезде мен оқымағам, көрмегем. Машинкаға басып, он шақты өлеңін әкеп берді. Ол кезде мен Алматыға келіп алғанмын, 1982 жыл. Әлгі өлеңдерін оқып, таңғалғанымнан талып қала жаздағам. «Апыр-ау, мынандай да керемет ақын болады екен-ау», – деп. Өзім филология факультетін бітіргенмін, әрі ақындыққа жақын адаммын. Қаншама ақынды, қаншама жыр сүлейлері мен дүлейлерін оқып келе жатырмыз... Бірақ мені таңғалдырғаны өлеңдерінің өрнегі, ішкі мазмұны, бәрі ерекше, бәрі басқа. Содан кейін «Қазақ әдебиетіне» бергізейік дедім. Ол кезде поэзия бөлімінің меңгерушісі Иранбек Оразбаев болатын, ұмытпасам. Сол кісіге өлеңдерін тапсырдық. Сонда Ирағаң да шалқасынан түсе жаздапты.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әдебиетсүйер қауым Тыныштықбекті алғашқы өлеңдерінен-ақ танығаны рас енді. «Қазақ әдебиетінде» басылған бір бет тола өлеңдері ерекше бір жаңалық тәрізді сезілді.


Әбубәкір ҚАЙРАН: Ақын бірте-бірте қалыптасады деген сөзбен мен де келіспеймін. Өйткені, жасындай жарқ етіп көрінгенде-ақ бірден көзге түсетін сияқты. Міне, Тыныштықбек осы бақытқа ие болған ақын деп білемін. Сөйтіп «Қазақ әдебиетіне» топтама өлеңдері шықты. Бүкіл қазақ поэзиясына жаңа леп, жаңа нұр келгендей болды. Жұрттың бәрі тамсанды, таңғалды. Одан кейін Тыныштықбекті іздеді. Тұңғыш кітабы «Ақшам хаттары» деп аталды, «Қазақ әдебиетіне» сол атпен шыққан болатын. Осы «Ақшам хаттары» Тыныштықбектің поэзиядағы бағын ашты. Досты сынап жүріп таңдайды дегенге де өз басым келіспеймін. Дос болып кететін адамдар бір-бірін магнитше тартып тұратын сияқты. Ішкі түсіністік пе, мінез-құлқындағы сәйкестік пе, жоқ әлде жан дүниесіндегі жақындық па, әйтеуір бір дүние табыстырып тұратын сияқты. Қолтаңбасында жазыпты ғой, «Достан да жақын» деп. Мен күлемін, «достан да жақын адам болушы ма еді өзі?» деп. Мына кітап оның даңқын шығарды. Одан кейін «Ырауан» дейтін кітабы шықты. Ең қызығы, осы «Ырауан» туралы ешбір сыншы дұрыс көзқарас білдірмеді. «Ақшам хаттарын» тілші болып жүрген кездерінде жазған. Оның өзі үш бөлімнен тұрады. Біріншісі қойлы ауылдан жазылған хаттар іспетті болып келеді де, екіншісі – махаббатқа саяды. «Жан-Ар» деген поэмасы бар. Қазақ поэзиясында жазылмаған сұмдық поэма бұл. Қай өлеңін алсаңыз да тұнып тұрған философия. Айтайын дегенім, осыдан кейін «Ырауанға» қарай ауысып кеткен сияқты.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шығармашылығы бірте-бірте күрделене түскен дейсіз ғой. Болат, том-томымен кітап шығарып жүріп те, ақындарымыз кең танылмай жатады. Ал енді жұқа-жұқа, пышақтың қырындай екі өлең кітабын шығарып, танылғандағы Тыныштықбектің ерекшелігі неде?


739427_2139269381_0_111.jpg

Болат ШАРАХЫМБАЙ: Мені Тыныштықбекпен бірінші рет Әбекең таныстырған. «Екеуіңнің өлеңдеріңде ұқсастық бар» дегеннен кейін әдейі барып танысқанмын. Әрине, оның шығармашылығымен оған дейін де таныс едім. Меніңше, Тыныштықбек айтары бар ақын. Бірақ ол айтатынын өзгеше жеткізгісі келеді. Біз көп нәрсені дәстүрлі өлеңдермен ғана есептейміз. Дәстүрлі өлең дегеніміз не? 11 буынды, 4 жолды, 8 буынды, 7 жолды болып кете береді ғой. Осы тұрғыдан ғана қарағымыз келеді. Ал Тыныштықбек осы дәстүрді бұзған сияқты. Осы дәстүрді бұзу арқылы ол өзінің ойын жеткізгісі келген тәрізді. Жалпы поэзияны тән мен рухтан жаралған деп есептейміз ғой, ал оның жаны бар екенін біз түсінуіміз керек. Яғни, қозғалыста. Қоғамда қозғалыста болмайтын нәрсе – өлі дүние. Қозғалыс ырғаққа байланысты. Поэзия да ырғаққа тәуелді. Қозғалыста болып жатқан нәрсенің бәрін поэзиядан бөліп қарауға бол- майды. Яғни Тыныштықбектің өлеңдерінде қоғамдағы ырғақтың бәрі бар секілді. Оның тылсым, өзгеше болатыны сонда. Тыныштықбекті Тәуелсіздікті алғаннан кейінгі шыққан ақындардың қатарына жатқызар едім. Әрине, оған дейін жазып жүрді. Бірақ Тәуелсіздіктен кейін оның ырғағы бөлектене бастады. Тәуелсіздіктен кейінгі қоғамдағы ырғақ қандай болды? Нарық жылдарында біз күйзелісте жүрдік. Өзімізді өзіміз жоғалтып қойғандай, өзімізді өзіміз іздедік. Қайдан келдік, қайда барамыз деген сұрақтар тұрды ғой. Осының барлығы біздің Тыныштықбектің өлеңдерінде кездеседі. Оның өлеңдерін оқи салып, бірден түсіне қою қиын. Оған дайындық керек. Тіл дегенді оқырмандар жалпылама түсінеді. Ал оның астары, коды болады. Соны Тыныштықбек тап басатын сияқты болып көрінеді маған. Кейде ұйқас қумайды, ақ өлең сияқты жаза салады. Тәуелсіздіктен кейін жаңаша ойлауға көшуіміз керек болды ғой. Өлшемдер, эстетикалық талғамдар өзгере бастады. Осыған өз жолымен келгендей көрінеді. Кезінде Әбіш Кекілбаев ағамыз: «Тыныштықбек деген ақын келді, бірақ біртүрлі ақын» деп баға берген ғой. Соның өзі оған назар аударғандықты білдіреді.


Әбубәкір ҚАЙРАН: Болаттың айтқанына қарап, есіме түсіп отыр: «Тыныштықбек Әбдікәкім қазақ поэзиясына келген қазақ ақындарының ішіндегі өте ерекше, қуатты» деген сияқты кереметтей метафораларды қолданған Әбіш ағамыз. Тыныштықбекке деген ішкі дүниесін жайып салған болатын.


Болат ШАРАХЫМБАЙ: Тыныштықбекті өз басым сұрапыл демес едім...


Әбубәкір ҚАЙРАН: Болат дұрыс айтып отыр, сұрапыл деуге келіңкіремейді. Сұрапылдың ішінде долы күш, дауыл, құйын сияқты дүниелер жүру керек. Ал Тыныштықбек көбіне өзінің атына заты сай, тынып ағатын терең өзен сияқты ойлы. Болат, сен айтып отырсың, «кейде ақ өлең сияқты жаза салады» деп. Мен олай ойламаймын. Өйткені, қай өлеңін алып қарасаң да ішкі ұйқасы да, сыртқы үйлесімі де бірімен бірі жарасып, бірімен бірі астасып жатады. Ақ өлеңге келмейді негізінен. Тыныштықбектің поэзиясының ерекшелігі туралы белгілі әдебиет сыншысы Бақытжан Майтанов кезінде жақсылап айтты. Айгүл Үсенова дейтін қарындасымыз жазды. Олардың ден қоятын себебі, ерекше нәрсе дараланып көзге ұрып тұрады ғой. Сондықтан поэзияға жақындау ғалымдар талдағысы келеді. Бір өкініштісі, Тыныштықбектің поэзиясын зерттеп, жоғары деңгейде талдап бере алған ешкім болмай тұр қазір.


Болат ШАРАХЫМБАЙ: Оның «Күзгі рапсодия» деген өлеңі газетке шыққан. Соны оқып, өзімше ойлы көзбен қарап, ой жүгіртіп көрген кезім болған.


Әттең!

Қоғам заңы бар, мешіті бар,

Туған жер де сатулы, несі тұмар?

Тұманданып тұрған тек күз ғана ма?

Әлемнің де меншікшіл есі тұман.

Ақшалының ыржақтап күлкісіне,

Ақылдыны санамас ірісіне.

Түйсік біткен кеткен ғой тұманданып,

Жынданбаса қоғамның мұнысы не?

Алаяқтар билікке маманданған,

Арман да жоқ қайсыбір жамандарда.

Қаңқылдақ құс көлімнен қос асауда,

Аңқылдақ жан елімен амал бар ма?

Жанын берген жат тілдің құмарына,

Мәңгүрттіктің жауапты кім арына?

Тұман деген жер болған бұлт қана ғой,

Жер болған жұрт Құдайдың күмәні ме?

Күйін күйттеп көмей мен көк дорбаның,

Пысықтар жүр, бес күндік мақтан мәлім.

Көл Киесі – Қаңқылдақ тұтқынға алып,

Ел иесі – Аңқылдақ соттар бәрін.


Осы өлеңді қарап отырсаңыз, тікелей ештеңе айта алмайды, бәрі астарлы. Көркемдігі басым, қолданылған әрбір сөзге мән бергені көрініп тұр. Тікелей айтудан гөрі, жұмбақтап, астарлап айтудың шебері. Әңгіме ар сотына тіреледі келіп. Негізгі мазмұны осында. Оның тағы да «Жансусар» деген өлеңі бар. 1-2 шумағын келтіре кетейін.


Қыбыр етпес аптапта сусар шілік,

Тау ұйқышыл, ит тыныш, жусан сұлық.

Шаңырақтан тік түскен найза сәске,

Сүйегіне сандықтың тұр шаншылып.

Уіліндей бұлттардың қанатының,

Ой-хой, далам, қазағым, ана тілім, – дейді.


Ең соңғы сөзінен-ақ білініп тұр, ана тілге байланысты өлең екені. Мазмұнын тақырыбының өзі айтып тұр ғой «Жансусар» деп. Адам шөлдесе, бұлақпен шөлін қандыруы мүмкін. Ал жанның шөлін немен қандыруға болады? Осыған жауап іздейді. Керек болса, оның жауабын нақты айтпайды да. Арғы жағындағы күңгірттік айтатын ойын ашып тұр.


Әбубәкір ҚАЙРАН: Айтатын ойы, беру тәсілі (егер тәсілі деуге келетін болса), ерекшелігі сонда болу керек.


Ыза қандай іштегі, тоқтам қандай?

Ықылассыз жандар бар, шоқпар маңдай.

Қайық етіп қайғыға қабағыңды,

Есуге келгенде ескегің жоқ болғандай.

Елпеңдеме, тіл безеу қалған бүгін,

Үнсіздік те ұлғаяр, арман да, ұғын.

Білем саған көктемді кінәлатпақ,

Бір қыздағы сезімнің жалғандығы.

Сүймес жанның сүйгенді қолдауы сын,

Жанарынан естимін жан дауысын.

Дос та керек тегінде бұл өмірде,

Досым бар деп өзіңді алдау үшін,

Саған лайық табам деп ер қанатын,

Сан қу алдап, аңғалдың алған атын.

Біреу сені мақтаса оған да сол,

Кезің керек болып жүр алданатын.

Сен көретін көрешек көп пе тегі?

Біреу – мыстан, ал біреу – көкбет еді.

Еріккеннің алдында кемсеңдеме,

Еркек емес, ез екен деп кетеді

Өз ішіңде дұшпан бар, кеңесші бар,

Сен алдымен солармен теңесші. Бар.

Теңізші боп жүзетін мұхит мұнда,

Тек қана осы екеуіміз емес шығар.

Мұң мұхит қой, дауылын тыңдар ағаң,

Мойын бұрып қарайтын кім бар оған?

Жағалаудың жап-жарық маягіндей,

Жанған көздер қайдасың мұндалаған, – дейді.

Міне, өлеңіндегі ішкі, сыртқы натурасы, өмір бақи өзгертпей келе жатыр. Біреулер айтады: «Тыныштықбектің философиясын өзі де түсінбейді», – деп. Ал бірақ бәрі тұнып тұр ғой.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мен сіздерге Тыныштықбектің қалам қарымын анық танытатын мына бір шумақтарын оқып берейін ендеше:


Мына түн қандай суық, қорқынышты,

Жүзінде жатқандайсың зор қылыштың.

Мен бүгін тағы да еріп әзәзілге,

Ақ қанат үмітімді өлтірістім.

Миымды бүре-бүре бұлты ажалдың,

Жұртқа еріп, мың ластандым, мың тазардым.

Міне, енді... Қала – қара, Ай сап-сары,

Сарғайып жалғыз тісі тұр ажалдың...


«Образ тудырмаса, өлең болмайды» деген тәмсіл бар. Жоғарыдағы шумақтар тұтасымен сиқырлы образ жасап тұр. Мистикалық та, магиялық та сипаты бар. Ай әсілі әдемілігімен, жарықтығымен суреттеледі. Ал мұнда басқаша реңк алып тұр. Екі дүниенің аралық белгісі ретіндегі түпнұсқа образ санаға бірден үйірсектей кетеді. Тыныштықбектің өлеңдерін ұстап тұрған үштағанның басы ашық секілді. Біреуі философия, ой. Екіншісі – сурет. Теңеулерді тапқан кезде ұлттық ұғым, түсінік тұрғысынан келеді. Тайтұяқтың таңбасындай анық басылады. Үшіншісі – астар. Тыныштықбекті танытқан осы үш ерекшелік. Осының дүниетанымдық көрсеткіштерге бағындырылғаны байқалады. Біз Тыныштықбек туралы әңгіме қозғаған кезде «Қас Сақ Аңқымасы» деген соңғы жазып жүрген шығармаларының жұмбақтығына, соның сырын ашуға көбірек тоқталуымыз керек сияқты.


Болат ШАРАХЫМБАЙ: Ә деген кезде менің де түсінуім қиын болған. Мәселен, «Кащей Бессмертный» деген жеккөрушілік сезімін тудыратын фольклорлық кейіпкер туралы неше түрлі әңгіме бар. Олжас Сүлейменов ол сөздің көшші, немесе көшші үй, көшпенді дегеннен шыққанын дәлелдеді. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетін оқығанымда, Тыныштықбектің кещеге берген анықтамасын оқып қалдым. Сонда ол Кащейді кещеден шығарады. Бәлкім, Кащей бірінші орысқа барып, орыстан кеще сөз болып өзімізге қайтып келген шығар. Сөз тарихын зерттеу өте қиын мәселе. Ал Тыныштықбектің сөз талдау мәселесінде кейде тікесінен түсе салатын сәттері болады.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ғылыми негізден гөрі болжамға көп орын береді дейсіз бе? Деректен гөрі дәйегі басым дей ме мұндайда?


Әбубәкір ҚАЙРАН: Солай екені рас. «Қас Сақ Аңқымасының» біріншісі 2001 жылы, екіншісі 2003 жылы шықты. Басқа кітаптарға ұқсамайтындығы өз алдына, тіпті жанрлық ерекшелігінің өзін табу қиын болды. Әдеби шығарманың өзінің жанрлық ерекшелігі болады ғой. Өзі «Өзтаным лұғаты» деп жазған. Мұны поэзияға да, прозаға да жатқыза алмайсың. Мен айтар едім: Бұл – философиялық көркем шығарма. Өйткені, мұның ішінде өлең де, оқиға да, баяндау да бар. Сосын адамның ішкі жан толғанысы, монологы да бар. Жаңа сөздің бастамасы деп ойлаймын.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Үстінен дөп түстіңіз деп айтуға болар. Десе де түсініксіз жағы басымдау әзірге.


Әбубәкір ҚАЙРАН: Өйткені, жаңалықтың бәрі бірден әркімге бірдей түсінікті бола салмайды. Әр нәрсе бір нәрседен басталуы керек қой. Сол сияқты мынау заманға сай адам баласының психологиялық, философиялық даму жақтарынан алып қарағанда, бұл бәрібір жаңалық деп ойлаймын. Мұнымен айналысқанына жи- ырма жылдай болды. «Қас Сақ Аңқымасына» сүңгіп кетті. Осыны барынша қалай болғанда да өзінің ұлтына жеткізгісі келеді. Бұл тек қазаққа ғана керек кітап. Басқалар керек те қылмайды. Аударып басатын болса дау шығарады. Себебі, ішінде керемет нәрселер бар. Оқыған сайын ойланып, кідіріп қаласың еріксіз. Ары қарай тереңдеп кете бересің. Бұл кітапта лингвистика, философия, тарих, дін, әдебиет, тіл, діл, осының бәрі тұтастай қамтылған. Ол бұл кітаптың тағы екі томын жазып бітірді. Соны шығарудың амалын қарастырып жатыр. Ал мына екі том олардан бейтарап. Бірақ ол оқырманға жақындағысы келді.


Болат ШАРАХЫМБАЙ: Эксперимент болды ғой...


Әбубәкір ҚАЙРАН: Өте дұрыс айттың, эксперимент болды. Сосын осыншама не үшін қиындатқанын ойлады. «Қазақ әдебиетіне» 3-4 нөмірге шықты-ау деймін. Оны оқып жатқан жұрттың көбі түсінбеген шығар. Бірақ соның ішіне зер салып, жәй ғана қызықтау үшін емес, ойымызды нақтылап, көзімізді жеткізе түсу үшін дұрыстап оқысаңыздар, кейбіріне сіздердің де көздеріңіз жетер еді деп ойлаймын.


Болат ШАРАХЫМБАЙ: Қадыр Мырза Әли ағамыз бір сұхбатында: «Менің өлеңдерімнің бәрі эксперимент», – деп айтып еді. Бірақ соның өзінде халыққа жетті. Жаңа Әбекеңнің сөзінен байқап отырмын, алдында шыққан «Қас Сақ Аңқымасы» эксперимент екен. Мен ойлаймын, Тыныштықбектің осы жазып отырған өлеңдері де эксперимент сияқты. Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің бүкіл тіршілігіміз өзгерді ғой шынында да. Елбасымыздың стратегиялық бағыттағы жоспары да сол өзгеріске бағытталғандай көрінеді. Кеше ақырзаман туралы да неше түрлі сөз айтылды. Сонда өмірдегі кейбір өлшемдер ғана өзгереді деген сөзге тоқтадық. Сол сияқты Тыныштықбектің өлеңдерінің көпшілігі экпериментке құрылғаны анық.


Әбубәкір ҚАЙРАН: Бір ғылыми мекеменің істеп жатқан шаруасын жалғыз өзі істеп жатқан сияқты. Бұл сөзімді өлеңін оқығандар мойындар деп ойлаймын.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қолға алып, түсініп, тұщынып оқитын болса, шын мәнінде де түсініксіз ештеңесі жоқ дейсіз ғой. Осы сөзді оқырмандарға ғана емес, ғылыми орталықтарға да бағыттап айтқым келеді. Тыныштықбектің өзінің айтуынша, «Қас Сақ Аңқымасы» ғарышнамалық сипаттағы бабалар дүниетанымын қалпына келтіру бағытындағы талпыныс екен. Мұның осы тараптағы түрлі ізденістермен тоғысар жері де бар болуы керек. Олжас Сүлейменовтің «Мың бір сөзі», Аманқос Мектептегінің сына жазуларына қатысты болжамдары, Кәмел Жүністің жұлдызнама атаулары туралы тың ұсыныстары, Тоқтасын Өмірзақтың дәстүрлік танымдар жайындағы дәйекті деректері, тағы да басқа құбылыстық мәнге ие ізденістер айтылған жерінде қала бермегені жөн еді негізі. Осындай талпыныстардың бәрін бір ғылыми-зерттеу институтының аясына жинастыру қажеттілігі де туып тұрған сияқты. Ойланып қарасаңыз, өркениет бағытындағы елдердің назар аудармайтын нәрсесі жоқ. Қара табан қара жерден сонау ғарышқа дейін тауысып зерттеп жатыр. Өркениеттің барар тұспалын өткеннен іздеушілер аз емес шынында. Екінші бір айтарым, алғашқы кітабында-ақ: «Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап», «Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп», – дегендей ұлттық нақыштағы бейнелі суреттеулер, «Тау мөңіреп, аспанда ай боздаған», «Бір ашылып есігі, бір жабылып, Тау ішінде жалғыз үй есінеген», – дегендей жансызға жан кіргізген қимыл-қозғалыстағы соны образдар, «Нені көрмек төлші қыз қолайнадан, Малда жүріп, жан бар ма қараймаған», – дегендей назына базынасы қоса жүрген ойнақы жолдар, «Сыртта боран булығып, жын күледі, моп-момақан пешіңнін қолқасында», «Осы бір сәт Сөздің өзі жап-жасыл! Ақыл-Ойдың үстін жұпар шөп басып!» – дегендей мистикалық баламаларды өлең сайын жамыратқан дарын иесі күрделі дүниетанымдық ізденістерге жайдан-жай бетбұрмаған болар. Бізде өзгеше ойлы, талантты адамдардың тұлғалық қадір-қасиетін бағалау, оларға ұлттық құндылық ретінде қарау жағы әлі қалыптаспаған. Әйтпесе Тұрсынжандар мен Тыныштықбектер дүниеге күнде келе бермейді, турасын айтқанда. Соңғы кезде жұртшылыққа түсініксіздеу көрініп жүрген Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылығына ой жүгірткенде, осы жайтқа назар аударғымыз келіп отыр. 1993 жылы «Жалын» баспасынан шыққан кітабын:


Елемес пе ек зарығудың, торығудың бірін де,

Ештеңені айтпады ғой қилы-қилы ілімдер.

«Эврика!

Эврика!

Эврика!» – деп,

кәдімгі адамдардың тілінде,

Айғай салар құмырсқалар күндердің бір күнінде!!!... - деп аяқтаған ақын сол кезде-ақ оқырманға әлдененің ұштығын ұстатқан екен. Сондағы талпыныстың нәтижесі болып отырған, бірнеше кітаптан тұратын «Қас Сақ Аңқымасы» сандыраққа баланып, зерделенбей қалмаса жарар еді деген күдігімізді жасырмаймыз.


Сөздің қысқасы, бұрынғы Тыныштықбек Тыныштықбек, ал бүгінгі Тыныштықбекті «түсінгім келеді» деушілер көбейіп барады...


"Кітапхана: сұхбаттар" кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар