Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Ұларбек Дәлейұлы. Кемпіртас...

24.04.2019 6799

Ұларбек Дәлейұлы. Кемпіртас

Ұларбек Дәлейұлы. Кемпіртас - adebiportal.kz

Үліңгір өзеніне екі бала ағып кеткен жылы күзде әкем асығыс жиналып, бір жаққа аттанды. Төрт жастан енді асқан менің тұманданған санамда көп істердің сұлбасы ғана сақталыпты. Суға кеткен екі баланың қазасы шағын «Құрылыс» қыстағындағыларды қатты күйзелтті.

Сапарға кеткен әкем көп айланбай, тез оралды. Ол атауын мен түсінбейтін бір жерлерді айтып:

- Қысы жайсыз, таулы жер болғанымен ол жақта туыстарымыз көп. Әрі қарай жақсы болып кетеміз, – деп шешеміздің көңілін аулағандай болды.

Қыс өтіп, көктем шыға шешем үйдегі аздаған жүк-теңдерді буып, әлденеге дайындала бастады. Ол кезде атам мен әжем тірі-тұғын. Наурыз айының соңын ала әке-шешем көршілерге аттану шайын берді. Ертесі таң сәріде ауылдағы Қақып ағайдың тракторына екі үйдің жүгі толтыра тиелді. Біз сеңсең ішікке оранып, тіркемедегі жүк арасынан орын тауып жайғастық. Ескі трактор күдір жолмен ілби жөнелді. Анда-санда тіркемеден түсіп, иен далаға шаптыртып алғанымыз болмаса, біз күні бойы қалғып-мүлгумен болдық. Әредік қалтадағы қатқан нанды мүжіп, қаужаңдап аламыз. Күні бойы тынбай жүріп, күнді де батырдық. Тарактордың әлсіз жарығы қыңыр-қисық жолға түсіп, ілгерлеп келеді. Мен маужырай ұйқыға бас қойдым. Түннің қай мезгілі болғанын кім білсін, оянып кеттім. Трактор жол шетіне тоқтапты. Тіркемеден жрге үңіліп қарағанымда жылтылдаған шылым шоқтарын көрдім.

- Қаратүңкеге жеттік, – деген Қақып ағайдың сөзін құлағым шалды.

Серілік тауы баурайындағы біз түскен жаңа қоныс – Көктерек қыстағы. Ол жердегі туыстардың үйін уақытша паналдық. Әкем мен ағалары үй салатын ыңғайлы жер іздеді. Көктем сайын бір соғатын «Құс қанаты» амалы да бұрқырап өтті. Бүркіт тұмсық биік тау етегіндегі ешкім жоқ, иен қойнаудағы дөңесті әкем үй салуға лайықты жер деп таңдады. Малға қора-жай салуға да ыңғайлы болғаны қызықтырса керек. Кешікпей құрылыс басталды. Арамызда екі жарым жас айырмашылық бар екінші ағам екеуіміздің шаруамыз – ойын. Таңнан кешке дейін асыр салып, жаңа қоныстың айналасын қоршаған үлкенді-кішілі жоталарға, жартастарға шығамыз. Көлемі үйден үлкен, бауырында үңгірі бар оқшау, ақшыл жартас бізді қатты қызықтыратын-ды. Үлкен тұмсықтың айналма бауырына орныққан бұл алып кесек тастың тұрысы да қызық. Тау басынан домалап түскендей көрінеді. Мүмкін бағзы ғасырларда ірі жер қозғалысы болып, домаласа, домалаған шығар.

Ағам екеуіміз осы тастың түбінде «ақ сандық, көк сандық» ойнап мәзбіз. Менен гөрі күші мығым ол екі шынтағымнан қайыра арқасына іліп алып, тұтыға айқайлағанымды қызық көретін.

- Ертең аулым көшеді,

Уық бауын шешеді,

Қара қойым қашады,

Құмалағын шашады...

Ақ сандың, көк сандық

Арқан тарт, кілем арт! – деп қылғына айқайлаймын..

Денесі бусанып, делебесі қозған ағам:

- Ақ сандық, көк сандық,
Аспаннан не көрдің? – деп ойын сұрағын қайта қояды.

- Жұлдыз көрдім, ай көрдім, – деймін мен.

- Ақ сандық, көк сандық,

- Сырғауылдан не көрдің? – дейді ол тағы.

- Орақ көрдім, қабық көрдім, үлкен ағамның ақ дамбалын көрдім, – деп соңын қылжаққа айналдырып құтыламын.

Ойын соңы өзіміз ойдан шығарған «Бөрі қуғанға» ұласады. Күн де батады. Екеуіміз де өкшесіне су тимес нағыз желаяқтың өзі едік.

***

Әкем мен ағаларына көмекке келген бейтаныс тұрғындар күні бойы қара терге түсіп, дуал тұрғызады. Алыс таудан кесіп әкелінген қарағайларды аршып, сырғауыл дайындайды. Ойыннан қолы босай қалған біз ошақ маңын жағалап, енді тобарси бастаған қарағай қабықтарын ошаққа тастап, лаулаған жалынды тамашалаймыз. Кеш бата жұмыс істеген кісілермен бірге қыстаққа қайтамыз.

Бір жолы күн еңкейіп, көлеңкелер ұзара бастаған шақта ағам екеуіміз құз үстіндегі бақатасқа дейін өрмеледік. Қалтаға салған таба нанды алып шығып күйсеп отырмыз.

- Ертеде жер бетін топан су басыпты. Адамдарға жақсылық жасап жүретін бір ата жер-әлемді су басарын сезіп, үлкен кеме жасапты. Жер бетіндегі жәндік атаулының әр түрін кемесіне ала шығыпты. Қырық күннен кейін оның кемесі биік таудың үстіне тоқтапты. Ол тау екеуіміз отырған мына бақатастан да биік. Ол анау қарағайлы тау екен, – деді ағам Серілік тауын нұсқап.

Мен оған күмәнсіз сендім.

– Онда екеуіміз атамды ертіп, Серіліктің басына шығайық. Кемені тауып алайық. Діңгектері әкем көтеретін сырғауылдардан үлкен емес шығар, – дедім.

Біз үшін әкемізден мықты, әкемізден күшті жан жоқ еді жер бетінде. Күзде бірінші сыныпқа баратын ағам мектеп табалдырығын аттамай жатып, қара танып алған. Үлкен ағамның әдебиет оқулықтарынан оқыған ертегілері мен әңгімелерді маған айтып, аузы тынбайтын. Батыс таудан әрі аунап, батып кетуге шақ тұрған күннің күрең шапағы бізді етекке түсуге асықтырды.

Адам қолымен сатылап жинағандай биік те иір-қиыр қара жартастардан лақша секіріп, етекке түстік. Қорыс-қопа жұмыс жүріп жатқан жаңа жұртта адам жоқ. Тез бататын таудың күні «Тұрғын шатына» жүзін қалқалап, ақшам кірді. Күректерін иығына асып, қыстаққа беттегендер алыстан бұлдырап көрінді де, жоқ болды. «Әкелеп» айқайлап соңдарынан тұра жүгірдік. Тұмсық айналмадағы бауырында үңгірі бар кесек тастан он қадамдай ұзап барып қалт тоқтадық. Тырмысып біз зорға шығатын дәу тастың үстінде қыстақтағы Әлсағи апа отыр. Әппақ кимешек-шылауышы көлбіреп, бізге қимылсыз, үнсіз қарайды.

- Әлсағи апа, мұнда не істеп отыр? – деді ағам.

Мен үнсіз басымды шайқадым. Ағайынды екеуіміз де аң-таңбыз. Кемпірге қарап сәл аялдап қалған екеуіміз қыстақты бетке алып, құстай ұштық. Қыстаққа апарар жолды жанасалай аққан су толы тоғаннан жалғыз-ақ қарғыдық. Бидай мен жоңышқа бітік өскен атызды кесіп, тура тарттық. Төте жолмен келіп, қыстақ көшесіне кірер өкпе тұста Әлсағи апаның үйі бар-тұғын. Апақ-сапақ уақытта үй мен қораның ортасындағы ретсіз жатқан дөңбекке тарғыл бұзауын байлап, Әлсағи апа жайбырақат сиыр сауып отыр.

Қас-қағым сәтте екі жерден көрген бір кемпір онан бетер үрейімізді ұшырды. Салып ұрып өзіміз тұрып жатқан туысқанның үйіне жеттік. Жұмысшылар кешкі тамаққа отырыпты. «Бізді алдын-ала кетіп қалды» деп ойлаған әкем алаңдай бастапты.

Тас үстінде тапжылмай отырған кемпір туралы ағам екеуіміз жарыса айта жөнелдік. Тамақ ішіп отырғандар аса мән бермеді. Тек төрде отырған шалғы мұртты, өңі суық қара шал бас-аяғымызға бажайлап қарап алды да:

– Тас үстінде отырған кемпірге жақындап бармағандарың жөн болыпты. Ол маған үнемі бала болып көрінеді. Әр жылы көктем туып, байғыз шақырғанда сол жерде жүреді. Ел жайлаудан түсе Күректі асуына кетеді, – деді.

Содан бастап біз «Кемпіртас» атап кеткен үйдей кесек ескі үйдің жұртына жақын айналма тұмсықта әлі тұр...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар