Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ұлы ақынның қоштасу өлеңі хақында бірер сөз...

27.07.2017 47884

Ұлы ақынның қоштасу өлеңі хақында бірер сөз

Ұлы ақынның қоштасу өлеңі хақында бірер сөз - adebiportal.kz

АТАДАН ЖЕТЕУ ЕМЕС ПЕ?

Өмірдің ащысы мен тұщысын татып, әбден толысқан шағында жазылған Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңі көпшілікке жақсы таныс. Ақын өмір бойы көрген-білгенін һәм ел арасындағы әділетсіздікті, арсыздықты, надандықты осы өлеңге сыйдырған. «Сегіз аяқ» өлеңі Абай өмірінің соңғы жылдарының бірінде жазылғанына дәлел – өзгелердің естелігінде емес, өлеңнің өзінде жатыр:

...Қайратым мәлім, —

Келмейді әлім,

Мақсат — алыс, өмір — шақ.

Өткен соң, базар,

Қайтқан соң ажар,

Не болады құр қожақ?!

Кеш деп қайтар жол емес,

Жол азығым мал емес.

Бір кісі мыңға,

Жүз кісі сұмға

Әлі жетер заман жоқ.

Қадірлі басым,

Қайратты жасым

Айғаймен өтті, амал жоқ.

Болмасқа болып қара тер,

Қорлықпен өткен қу өмір.

Иә, ақын ішіне жиналған запыран-шерін өлеңмен төгіп отыр. Басынан өткен небір қулық-сұмдық оның жан-жүрегін жаншып, көзінен ыстық жас төккізгеніне Шыңғыстау куә!

Әсілі, сөзді ұғарлық һәм түйсінерлік жан табылса, құмдауыт шөлде қайнар тапқандай қуанушы ма еді, қайтер еді?! Бірақ бүкіл ғұмыры «айқаймен өткенін» өзі де жырына арқау етеді. Сөйтіп, ақыры осындай қорытынды шығарады.

Енді «Сегіз аяқ» өлеңіндегі күрмеуі шешілмеген жұмбақ тұсына келейік. Оны шешу үшін біраз ғалымдардың кітаптарын оқып, шындыққа жақын тұстарын ой таразысына салып көрдік.

Ол мәселе – «Сегіз аяқ» өлеңінде Абай:

«...Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым — тап шыным!», – дейді.

Ал, ақиқатында, Абай жеті ағайынды болған. Олар: Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден – Құдайберді (1829-1866), екінші әйелі Ұлжаннан – Тәңірберді (1834-1906), Абай (1845-1904), Ысқақ (1847-1901), Оспан (1852-1892), үшінші әйелі Айғыздан – Халиолла (1849-1870), Смағұл (1852-1932) дүниеге келген. Яғни, барлығын қосқанда – жетеу.

Абайдың «Анадан төртеу» деп тұрғаны – анасы Ұлжаннан туған төрт ұл: Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан. Ал «атадан алтау» дегені кімдер? Әкесі Құнанбайдан туған балалары жетеу екенін көріп отырмыз. Неліктен «Атадан жетеу» емес?

Егерде бұл өлең тұңғыш ағасы Құдайберді қайтыс болғаннан кейін жазылды десек (1866), онда Абай небәрі 21 жаста болады. Бұл – уақытқа да, қисынға да келмейді.

Енді кейбір ғалымдар Халиолла қайтыс болғаннан кейін жазылған дейді. Бұл да шындыққа жанаспайды. Өйткені Халиолла қайтыс болғаннан кейін жазылса (1870), онда Абай өлеңді «атадан бесеу» деп жазар еді. Өйткені Халиолла Құдайбердіден кейін дүниеден озған.

Әдебиетте «ассонанс», «метафора» деген ұғым бар. Бұл ұғымдар әсіресе жыраулар поэзиясында кеңінен қолданылады.

Ассонанс (французша assonance, латынша assono – үйлесім) – өлең сөзде дауысты дыбыстардың үндесе қайталануы. Ассонанс сөздің интонация-музыка мәнін, экспрессивтік-эмоционалдық бояуын күшейтіп, ерекше елеулі тұстарды дыбыстандырып, ой-сезімнің әсерлілігін арттырады. Өлеңде немесе прозада бір тектес дауысты дыбыстарды қайталау. Бұл әдеби тілдің өркен-кестесіне әдемі ажар, айшық қосады. Сөздің айтылу әуезін, мәнін арттырып, бояу мен әсерлілігін күшейтеді.

Осы орайда, Жиембет жыраудың: Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен - Есіл менің кеңесім, – деп басталатын толғауындағы "е" дыбысынан өрнек жасауын айтуға болады. Мұнда Жиембет ақын «ассонанс» тәсілін қолданып тұр. «Атадан алтау» сөзіндегі бас әріптердің үйлесуіне назар салыңыз.

Метафора (грек metaphora – ауыстыру) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылуы. “Метафора табиғатында жұмбақтылық бар” (Аристотель).

Сөз өнерінде метафораның символикалық, эмоционалдық ерекше мәні бар. Абай өлеңдеріндегі “жастықтың оты”, “жүректің көзі”, “дүние есігі” деген метафоралармен қатар дәстүрлі қолданыстағы метафоралар кездеседі: жан азығы, табиғат-ана, өмір-өзен, өмір сыбағасы, асау толқын, т.б. Осылайша, ойды әсерлі жеткізу мақсатында метафора қолданылады.

Қазақ халқында сөзді астарлап сөйлеу һәм ауыстырып, құбылтып сөйлеу бағзыдан қалыптасқан дәстүр. «Алты» сөзіне байланысты «Алты Алаш», «Алты қанатты киіз үй», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөз тіркестер мен мақал-мәтелдер бар.

«Алтау» сөзінің жыраулар поэзиясында да кең қолданысқа ие екенін тілге тиек етіп кеткен жөн. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында:

...Қаладан атын қарғытып,

Кіндіктен атын сырғытып,

Қаланың аузын қан қылып,

Қақпаның аузын шаң қылып,

Тұлымдысын тұл қылып,

Айдарлысын құл қылып,

Солқылдаған мырзасын,

Табанға салып жүн қылып,

Алтын артты шанаға,

Қарамай қатын-балаға,

Өтірік емес, жан аға,

Қырық қақпалы Қазанды,

Он сегіз күн дегенде,

Бұзып-жарып батырың,

Малын-жанын ызғытып,

Қақпаның аузын аштырып,

Айдап шықты далаға.

Есіктің алды мойыл-ды,

Ашыққан қият тойынды.

Жаманның ісі бола ма?

Атадан алтау туғанмен,

Асылмен белін буғанмен,

Қай түнде жаман оңа ма? («Ақсауыт» I том, 73бет)

Олай болса, «алтау» сөзінің түп негізі – көпшілікті, ағайынды білдіреді. Осы тұста, Абайдың өзі де «Ағайын бек көп» деп жырлағанын еске салайық. Түсінікті тілмен айтқанда:

«Атадан алтау (ағайыным көп),

Анадан төртеу (төрт құбылам тең),

Жалғыздық көрер жерім жоқ», – деп тұрғандай. Сөйтіп, «Ағайын көп болса да, ақырында жалғыз қалдым» деп қынжылады Абай.

Сөздің байырғы қолданыстарында және ақынның өлеңді әдемі әрі үйлесімді жеткізуінде «жетеу» сөзі құрбандыққа шалынып кеткендей әсер қалдырады. Өйткені «Атадан жетеу, анадан төртеу» десе, өлеңнің және сөздің үйлесімі бұзылады. Ал өлең деген – музыка, гармония, арудың алқымына тағылған біркелкі әрі жұп-жұмыр моншақ іспетті. Оны бұзуға болмайды. Тіпті, ақын бұл өлеңде тек жалғыз басының қамын емес, бүкіл «алты Алаштың» бірлігі әлсіз екенін, ынтымағы құрып бара жатқанын меңзеп отыр.

Осылайша, өзін айту арқылы бүкіл қазақтың басындағы алауыздықты өлеңмен өрнектеп тұр.

Түйін:

Жоғарыда айтылған жұмбақты ақынның көңіл-күйіне, тұтастай өміріне және әр сөзді астарлап сөйлейтін қасиетіне қарап шешуге тырыстық. Бұл – бір ғана тұжырым. Басқа да айтылар ой немесе ғылыми дәлелдер болса, қабылдауға дайынбыз.

Біржан АХМЕР,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің ғылыми қызметкері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар