Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

19.05.2023 1312

Үнемдеу 14+

Үнемдеу - adebiportal.kz

... — Айлығың шайлығыңа жетпейді. Осыны ойласам, тамағымнан бір жұтым су да өтпейді. Шаршадым! Бүгіннен бастап үнемдеуге көшіңдер! Шешіңдер! Ішіп-тышып, шолжайып жатуды доғарыңдар!

Бұл, ашуға булығып, түтеп кеткен Әкімбайдың айтқан соңғы сөзі. Зілді. Өктем.

— Жарықтық-ау! Соншама неменеге бұлқан-талқан боласың? Неңді жептік? Далбаса!  Тауықтың етіне жармаса, әупірімдеп күн кешіп жүргеніміз болмаса. Қызара бөртіп, ет кертіп, сорпа ішіп, алақан жалап отырудан баяғыда қалдық қой! 

Бұл, ашу  оты маздаған, жарылып кете жаздаған Шайымның сөзі. Зарлы. Өкпелі.

Осы кеш, кешкі ас ішілмеді. Балалар алысып ойнамады. Әкімбай мен Шайым бір төсекте жатпады. Қысқасы, шаңырақтарын шайқап-шайқап жіберген шайпау сөздер шашылып кетуге шақ қалған шаңырақтың түндігінен түнек сығалатып, түңілдірді де қойды бүкілін... 

Мектеп бітіргелі отырған Манаштың да өкпесі қара қазандай. Бірақ, сол өкпе әкеге ме, шешеге ме? Тағдырға ма? Оны, өзі де білмейді. 

Соңғы қоңырау... Соңғы кеш... Мұғалімдерге сыйлық... Виньетка... Тест... Бәрі-ақша. Ақша... Ақша... Ақша... Әйтеуір, бітпейтін ақша жинау. Жарты түнде ашуы қозып кетті. Жасына жетпей жүйкесі тозып кетті. Мектепке барғысы да жоқ. Он бірінші сыныпқа қалғанына қарадай өкінеді. Өкінгенде, өкпесі өртеніп, кеудесі жанып жатқандай азаптанады. Содан ба, төгіле беретін көз жасы да қайнақ судай жүзін күйдіріп кете жаздайды. Көңілі күпті. Тек, түкті әкесіне де, шешесіне де айта алмай, іштен тынып бітті. Бейне, басын ұстап, түнеріп кететін ашушаң әкесі мен баж ете қалып, тоқтамай сөйлей беретін заржақ шешесін жек көріп кететіндей, кейде. Кейде солай-ды. Кейде аяйды. Түсініксіз...

 ... Таң, күліп атпады. Тартыншақтап ұяла кірді. 

Ересектері ұйықтамаған, кішілері аш жатқан үйге қалайша шалқайып кірсін?! Терезеден үңіліп, пердеден сығалап, бір бозарып, бір сазарып жатып, именшектей ағартты әлгілердің әлемін. 

Көкжиектен күн көтерілгенде тұрып, бір шыны шайын ішіп, түннен қалған тамақты жалтыр бәнкіге салып алып жұмысқа кететін әкесі де бүгін сол үрдістен бас тартты. Анасы да әкесіне әдеттегідей шайын баптап бермеді. Жайын қамдап жөнелтпеді. 

Манаш, аяқтың тықырын аңдып, бәрін болжап жатыр. "Бір күн ұрыс болған үйден, қырық күн ырыс кетеді"-деген сол да... Бүгінгі күннің  күндегісінен күңгірт болатынын да іші сезеді. Барға қанағат, жоққа сабыр етіп жүрген анасының өмірге деген өкпесін балалары тыңдап, лақтырғанын жинап, сілкігенін сүртіп берекесі кетері хақ.

Болжам, нақ келді. 

“Болды! Бүгіннен бастап, бұрынғыдан да бетер үнемге көшеміз! Ит ұлығыр іштерің сыңсып кетсе де ауыздарыңды ашып, тілдеріңді сұмаңдатпаңдар! Кешкі шайға-тәтті, түскі шайға-ақты сұрауды қоясыңдар!"-деп еңіреді.

Бода-бодасы шығып, жылап отырып құйған ананың шайы қайбір ас болсын?! Ішкені ірің, жегені жырым болды, балалардың. Бір шыны шайларын сіміре салып, киіне шауып, мектепке бет алды.

 — Әпке, 8-наурызға ақша жинап жатырмыз. Апайға не деймін? …

— Біз де жинап жатырмыз! …

Жарыса желіп,тырпылдай еріп келе жатқан бауырларының базынасы басын ауыртты. Көзін қарауытты. Шеке тамыры солқ-солқ етеді. Түнгі ұйқының шалалығы тағы бар, өздерінің де жинап жатқан жағы бар… Сыныптастарының алдында сүмелектей сүмірейіп тұрудан жалыққаны... Тарыққаны...Қамыққаны... Жаны жаралы. 

…Бірінен соң-бірі келіп, дастарханға жиналған балалардың құлағы сасып, милары ашып зәрезап болды. Бір оталса оңайлықпен сабасына түспейтін шешелерінің кінәні өзінен іздемей, айналасын жайпап, шайпап, өлі мен тіріні түк қалдырмай сыбап жатқанынан әбден-ақ мезі. 

Ағасы: “қыз ұзатамын”-деген соң, елу мың теңгені аударып жіберіп, күйеуінің жынын келтіргені аздай, бала-шағаның тісіне тигенді санап, сарнап, шешелері есті аударды, түсті аудырды. Бәрін түптеп, жіктеп ,жіпке тізіп, түгете алмай діңкесі қатты. 

… Ата-енесі бұл түскенде тоңазытқышсыз отырған екен-мыш. Артынан келген "суытқыш ақ сандықты" сұрамай, дүние үшін жыламай, ердің абыройын шашпай, жұмған аузын ашпай, енші де бөліп бермеген солардың бетіне тік қарамай, кете берген... Қайнын жұрты-жармаған, қайын ағасы -оңбаған, абысыны-түлкі, өзі-күлкі…

Жағы талды ма, іші босады ма, жыны басылды ма кім біліпті?! Әйтеуір, күңкілдеп барып тынды. 

Ата тегі мен туыстарының қандай екенін жаттап алған Манаш, түскі астың дастарханын жинап, ыдысын жуып, аяғының ұшымен шығып кетпек болып есікке беттегенде, шешесі: 

— Әй, Манаш! Киін! Көтерме базарға барамыз! Бұдан былай, бәрін содан аламыз!-деп тоқтатты. Жаңағыдай емес, арыны қайтып, екпіні басылып қалыпты.

... "Мынау қанша?"; "Анау қанша?"-деп жүріп, біраз зат алды. Қарсы дүкеннен ала салғаны тыныш еді. Атшаптырым базарды шарлап жүріп, табанынан тозды. Арзаныраққа жолығып, "Һее"-деп мәз болып таңданып, қымбатты көріп: "О, иттен жамандар! Бүйте берсеңдер халық аштан өлмей ме?! О, Құдайдан безгендер!"-деп қарғанып, зарланып, базардағыны да, биліктегіні де түйреп, бір терінің пұшпағымен илеп, күйреп, қас қарая шықты-ау, базары құрғырдан. 

Жол жиегіне тұра қалып, тиынын есептеген Шайым,  алдымен такси тоқтатпақ болып оқталды да, артынша айнып, аялдамаға қарай маймаңдай, желдей есіп, жолды кесіп өтті. Манаштың қолы талып, саусақтары кесіліп түсердей жанына батып барады. Сүйретіліп, өкшелей шешесіне еріп келеді. 

Аузы-мұрнынан шыққан автобусқа мына жүкпен мініп көр…

Біреуін жіберіп, келесісіне сығылыса, аяғының ұшы ілініп, онсыз да нықталған жұртты итере-митере көпшілікті кейітіп, үйіне жол тартты. Осы қалпы тұра берсе де жақсы еді. Ыңыранған неме әр аялдамаға бір тоқтап, біраз жұртты төгіп, екі есесін қайта жегіп, мазаларын әбден алды. Ырғалған көлік, жырғалған көпшілік тек қоймады. Манаштың қолындағы жылтыр пакеттің құлағы үзіліп, бір құлағымен салбырай асылды да қалды. Пияз біткен дөңгелеп, аяқтардың арасын шарлап, шашылды да қалды. Шешесі көрсе ит терісін басына қаптап, жұрттың көзінше ащы тілін баптап, сілейтіп тұрып боқтап саларын білетін Манаштың жүрегі тарсылдай соқты. Құнжыңдап, термек болып еді, иінтірескен елдің арасында иілмек тұрмақ, бүгілмекке мұрша жоқ. Автобус ырғалғанда бір-екі жерден пияздың кірш-кірш еткен дауыстарын естіп, тапталып жатқанын ұқты. Кеудесіне біз сұғып жатқандай, қу жаны шырқырап барады. Көзінен ыршып-ыршып түскен тамшыларын сілкіп тастауға да қолы бос емес, еркіне қоя берді. Қақшиып тұра берді. Жасы жүзін жуа берді.

…Иықтаса жабысып тұрған жігіт, бойжеткеннің жылап тұрғанын байқады ма, құлағындағы әуенқабын алып, жүзіне үңілді. Өңін көрді, жөнін сұрады. Қыз болып, сызылу қайда?! Өксік тығылған өңешін созып қойып, жұта алмай дал.

— Сізге не болды? 

Жігіттің таңданысы, әлде, адам баласының назар салып, көңіл бөлгені құрғыр кеудесін одан бетер қопарып тастап… Жанарының бұлағын қайната берді-қайната берді.

Келесі аялдамаға жетіп, ыңырси тоқтаған автобустан итере-митере түсіп жатқан жұрттың аяғының астынан сау қалған пияздарын теріп, мықшыңдаған қызға жәрдемдескен әлгі жігіттің қолында - үш-төрт пияз. Өз қолындағысымен қосқанда-моншақты, оншақты. Құлағы үзілген пакетке сала алмассың. Екеулеп жатып,  әр пакетке бір сүңгітіп, барын сақтап қалғандарына "тәубе" дескендей, бұл азапқа да дес бермей біріне-бірі жымия қарады. Дудырап кеткен кекілін кері түртіп, терлеп кеткен танауын ары-бері сүртіп: "Рахмет!"-деді, Манаш. Жігіттің жүзіндегі нұр, қыз жүрегіне бір сыр тастады. Өзінің бойжеткен екенін енді ұққан Манаштың екі беті ду ете қалды. Зілбатпан жүгінің ауырлығын да бір сәтке ұмытқандай. Басынан төмен құйылған қаны алақанына келіп үйелеп, сүйріктей саусақтарын қысқан пакеттерден өте алмай,  оттай жанып, сыздатып тұрғаны да есінен шығып кетті. Бір сәттік тәтті қиял, жұмбақ сезім алпыс екі тамырын шарлап, саусақтардың ұшына жетпей, жүрегін айналып қайтып жатты.

— Манаш! Әй,Манаш! 

Осы бір тәтті сәтті зым-зия қылған, Шайымның дауысы…Қыздың миы солқ етті. Автобустағылардың бәрі селк етті. Манаш, қанша сыр бергісі келмесе де, ұмсынып, иінтірескен елді ары-бері итере, алға озып келе жатқан шешесі жақындаған сайын дірілі асқынды. Жолшыбай жаншып кеткен пияздың өз тиынына келгенін қу жүрек сездірді ме, шешесі баж ете қалды. "Арзанырақ"-деп, пияздың ұсағын алғаны есінде. Түйенің құмалағындай шашылып, аяққа басылып жатқан пияздардың өзі сатып алған пияз екенініне күмәні жоқ. Манашта ес қалмады.

Абырой болғанда, осы аялдамадан түсіп қалуға бекінген жігіт, есікке беттеді. Шайымның шайпау мінезі мен шалқар сөзін естіген жоқ. Айқара ашылған есіктен ақтарыла құлаған көппен бірге түсіп қалды, бозбала. Бәлкім, жағасы жайлауға кетіп, өрт сөндіргендей түтеп келе жатқан шешесінің адуынынан қорқып кеткен Манаштың үрейін сезді ме?! Ұялтқысы келмеді ме?!Беймәлім.

...Қарғанды... Жылады... Ысырап болған бұйымды, желге ұшқан тиынды айтып керісіне қимай ентігіп, жарымағыр пешенені, көгермегір көсегені айтып терісіне сыймай кертіліп, екі аттап, бір тоқтап, үйіне жетті-ау, Шайым. Енесіне ерген еліктей қуып келіп, Манаш та "уһ" деді. 

…Әкімбай, кешкі асқа отқа күйген тауықтай, үнсіз, қызара келіп отырды. Шайым, шалшыққа батқан балықтай, тілсіз, сазара шай құйды... 

Берекесі қашқан күн балаларға да оңай сынақ болған жоқ. Қабағы ашылмаған әкені, шуағы шашылмаған ананы көруден жалығып та кетті, байғұс балалар.

— Ана, ертең ата-аналар жиналысы... Манаш, жағымсыз жаңалықты сүйкімсіз кейіпкердей жариялады. Енді қайтсін?! Мерзімі тірелгенше айта алмай, шыдап жүрді емес пе! 

Әкесі түңіліп, шешесі бүлініп, тағы сол қасырет қаймықпай билеп алды патшалықтарын.

— Баяғы ақша ма?-деді Шайым, шайына шашалып. 

— Білмеймін! Бәрінің ата-анасы барады! Табады! Береді! Көнеді. Мен ғана осы... Онда, мектепке бармаймын! Аттестат алмаймын!

Қыздары тұрып кетті. Жүзін жас жуып, шығып кетті. 

— Біз де... 8-наурызға ақша жинап жатырмыз... 

— Біз де! …

Ұл жұтынып, қыз тұтығып шарасыз күйді амалсыз айтып тынды. 

— Ақшада бастарың қалсын, бастарың қалғырлар! Ақша жинағаннан басқаны білмейтін болдыңдар, иттен жаралған өңкей күшік!-деп, аналары бастай салды.

"Иті" ұнамаған Әкімбай, өзіне теліп, көзіне төніп, қатынына сұрлана қарады да, кесесін бар екпінімен тарс еткізіп тастай салды. Қанша дегенімен еркектің мысы басым. Шайым, шалт тоқтады. Өзі қағынды, өзі жаңылды. Аузы жабылды.

— Оттама! Осылар елден кем болмасын, жер болмасын деп тырбаңдап жүрмін! Мейлі, артық кимесін, артық ішпесін, мен тірі тұрғанда ұнжырғасы түспесін! Бер, сұрағандарын!-деді, зілдене. Шайымның ашуы ұшты-күйлі жоқ болды. Осы сөзге-ақ тоқ болды. Көңілі көк болды. 

…8-наурыз, әр баланың сынып жетекшісі құттықталды! Мәре-сәре күн болды, мұғалімді құттықтау да жыр болды. Әр құшақта гүл болды. Бір-бір пакет сый болды.

"Ата-ана жағымпазданып жырғамаса, мұғалім оқытқанын бұлдамаса болмай ма?"-деп Шайым мырс етті. Шекетамыры тырс етті. Ешкімнің көзіне түспей, іштей…

"Үнемшілдікке" көшкен отбасының жаңа дәстүрі анаға да, балаға да оңай күйт емес. Күннен-күнге шарықтап бара жатқан баға-қымбатшылыққа, қымбатшылық елді-мұң, тапшылыққа ұрындыра берді. 

"Көппен көрген ұлы той"-деп,бұл отбасы да ел қатарлы ашуды сабырға жеңдіріп, ақылды тағдырға көндіріп күн кешіп жатыр. Шайым, аптасына бір рет көтерме базарға барып, азық-түлік алып келеді. Таң бозынан кетіп, қас қарая оралатын Әкімбектің тапқанын әупірімдеп жүріп жеткізетін бұл әйелдің бар жазығы жалғыз ағасының жалғыз қызын ұзату тойына септескені ғана демесең, адал ғой, байғұс. 

… “Жалтырап кимедім, жарқырап жүрмедім"-деп дауласпайды. Жылт еткенге жармаспайды. Ол ол ма, таксилетіп келуге де дәті бармайды. Әжуа тағдырына налып, таусылмайды да. Тек, өзінің “әйел” екенін ұмытып кетеді демесең... Әтір сеппейді, бетмай жақпайды. Осы үнемшілдігінің арқасында Манаштың мектеп бітіру жиынына барып, тиынына налып жүрсе де, қыздары үшін көніп жүріп, шетінен беріп жүріп, елден қалдырмады. 

Ұлдың аяқ киімі жыртылып, қыздың жаға-жеңі қырқылып, кішілердің де мұқтаждығы маза бермеді. Десе де, ебін тауып, жыртықты жамап жүріп, тиынын санап жүріп естен танбай, көштен қалмай тіршілік етіп келеді.

Кейде: "Осылар ер жетіп, ел қатарына қосылса, біз де бар болармыз! Қоңданармыз!"-деп, күйеуіне мөлдірей, елжірей қарап, жасаурап кеткен көздерін сығып алады. Күйеуі, үндемейді. "Үй"демейді, "Бүй"демейді. Бәлкім, ол да сол күнді армандайтын шығар?! 

Бәлкім, бос қиялға алданбайтын шығар?! Өзі де ата-анасына бере алып жатқан жоқ. Соны ойлай ма?! Нені ойлайды?! Қайдан білесің?!... 

...Шаймның белі ауыратын болды. "Протрузия" дей ме... Әйтеуір, беломыртқасына күш түсіпті. "Ауыр көтеруге болмайды!"-деп үзілді-кесілді тиым салған дәрігердің сөзіне әдетінше мырс етті. Жарының жұдырығы гүрс етті. Дастархандағы, ұшып барып қонды. 

"Болды! 

Енді, анау арзан базарыңа барма! Беліңнен талма! Есіктегі дүкеннен аларсың! Әйтпесе, мүгедек болып қаларсың!"-деп, тиып тастады. Сонымен,  “үнемдеу" процесі аяқталды. Ақша да бітуге таяп қалды... “Көтерме базар” деп жүріп, “көтерем” болған Шайым да сергіп, қарсы дүкеннен қымбат тамақ алып кергіп… Онысына өзі күйініп… қарадай бүлініп…

Арзанының бағасын жаттап алған. Дүкендегімен салыстырып, дүкеншімен сөз жарыстырып біраз шаршады. Тоба,көз көрмеді, баға өзгермеді. Дүкенші жеңді! Шайым көнді!

Ел қатарлы көрер де…

Самал Зікірияқызы Шаймерденова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар