Алматы облысы, Талдықорған қаласында әдебиетке арналған жаңа жоба басталды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің бірлесе ұйымдастыруымен қазіргі қазақ әдебиетінің үш буын өкілімен еркін форматтағы кездесу өтті. Бұл жоба – жыл бойы жалғасады. Тақырып – еркін. Кештің негізгі кейіпкерлері кездесу барысында оқырмандар мен көрермендердің сұрақтарына ғана емес, бір-біріне сұрақ қояды, жауап береді.
Сонымен... Алғашқы жүздесудің басты қонақтары жазушы Жұмабай Шаштайұлы, «Абай KZ» порталының бас редакторы Дәурен Қуат және ақын Айнұр Төлеу. Басқосу бірден тұшымды ойлармен өрбіді. Таптаурын сүрлеуге түспеуді ойлапты ұйымдастырушылар. Жүргізуші, журналист Есболат Айдабосын қаламгерлерге әртүрлі тақырыпта сұрақ қойды.
Айтылар әңгіме белгілі – әдебиеттің жай-күйі. Айналып келіп, журналистика мәселесі де сөз болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының «Туған жер» бағдарламасына орай ұйымдастырылған шара әдебиетсүйер қауымның басын қосқан ерекше кеш болды. Шындық, адамгершілік, ел мен жер, ата-ана қасиетін ту ететін қауым өз ойларымен бөлісті.
Жұмабай Шаштайұлы әдебиеттің мақсаты жайлы: «Жазғаның – өмірдің заңынан ауытқымауы тиіс. Әке туралы жазасың ба, оның өмірдегі орнын көрсет», – дейді. Көпті көрген, өмірден түйгені көп ағаның шығармашылықтағы тәжірибесі мен қатар өмірдегі түйгені көпшілік үшін маңызды болса керек. Ал, Дәурен Қуат пен Айнұр Төлеу шығармашылықтағы жаңалықтары мен ұстанымдары және бүгінгі таңда «Қаламгер неге ден қоюы керек?» – деген тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітті.
Жүргізушінің:
- Жұмабай аға, осыдан 50 жыл бұрын шопан едіңіз. Одан кейін техникамен айналыстыңыз. Прозаға кеш келдім деп өкінбейсіз бе? – деген сауалына жазушы:
- Өкіндім деп айта алмаймын. Журналистика факультетіне түссем деп біраз уақытымды тағы жоғалттым ғой. Бірақ, әдебиет айдынынан кетпедім. Жазушылықта, журналистикада жүргенде түйгенім, біреудің жазу-сызуына тиіспеу керек екен. Бұрын аға қаламгерлер, жастардың жазғанына көңілі толмаса, сызғылап тастап, қайта жазып шығатын. Кейде, лақтырып та жіберетін. Ол адамның жігерін құм қылады. Әркімнің өз стилі бар. Сол «ескі мектептен» құтылу керек екенін ерте түйсінгеніме қуанам. Басқаны сынауды да жөн көрмеймін, – деп жауап берді.
Ал, Дәурен Қуат:
– Мен де қойшының баласымын. Бір қызығы, біздің бала кезімізде шопандардың барлығының үйіне міндетті түрде газет-журнал жеткізілетін. Әкеміз жаздырып алатын «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын түгелдей оқып шығатынбыз. Кітапқа қызығушылығым сол кезден басталды. Бірақ, мен оқыған кітабымның авторына мүлде қарамайды екенмін. Кейіннен оқуға түскенде байқасам, елдің аузынан түспейтін тұшымды дүниелерді бала кезімде қаузап тастаппын. Басқа ермек болмағандықтан кітап, газет-журнал оқыған сияқтымыз. Жаһанданбаудың да пайдасы бар ма деймін, – дейді ол.
Жазушыларға ортақ: «Өмірде өкінішіңіз бар ма?» деген сұрақ қойылды. Айнұр Төлеу: – Өкінішім, керексіз кітаптарды оқуға уақытымды босқа жіберіппін. Бәрін білейін, барлық шығарма жайлы ой айта алатын дәрежеге жетейін деген мақсатпен қолыма түскен шығарманы сыдыртып оқи беріппін. Уақытымды босқа сарп етпей, орамды ой айтатын, өзіме содан бір түйін түйетін дүниелерді оқуым керек еді, – деді. Бұдан кейін «нені оқу керек, нені оқымау керек?» деген ортақ сұраққа қатысты Жұмабай Шаштайұлы ананы оқы, мынаны оқыма деп айтудың қажеті жоқ деген ой айтты. Шығарманың да әркімнің тағдыр-тәлейіне қарай бұйыратынын, кей әңгіменің адам өмірінің өзгеруіне әсер ететін көрінеді. Бұл сұраққа өзінше жауап берген Дәурен Қуат кейбір шығарманың тапсырыспен жазылатын, бірі – биліктің талабынан шығуға бағытталатынын сөз ете келіп, оқитын дүниені дұрыс таңдау керектігін айтты. – Кезінде Мұхтар Әуезов «Оянған өлкені» биліктің қысымынан шығу үшін жазды. Сондықтан, жүректен шыққан дүниеге ғана ден қою керек, – деді ол. Бұл ойды жалғаған Жұмабай Шаштайұлы жалпы әдебиеттің өркен жаюына билік интеллигенциясының көп кедергі келтіргенін нақты мысалмен жеткізді. Биліктегілер халықты бір бағытта ұстау үшін бір пікірдегі қаламгерлердің арасын ашып, достығына іріткі салып отырған. Міне, осындай жағдаяттар «тонды келісіп пішуге» кесірін тигізгендігі ащы да болса шындық. Ашық сұрақ-жауап алаңында университет тәлімгерлері де көкейдегі ойларын білдірді. Тәлімгерлер шетелдік оқу орындарында журналистикаға бейімдеудің әдіс-тәсілі жайлы ойларын ортаға салды. Олар тәлімгерлерге бір саланы ғана жазуға машықтандыратын әдісті бізде де қолданса қалай болар екен деген ойларын жеткізді.
Жұмабай Шаштайұлы:
– Біздің журналистердің стилін құртқан экономика. Құрылтайшының сойылын соғамыз. Қалаған тақырыбыңа көсіліп жаза алмайтын кездер болады. Ойыңды шектеп отырасың. Шеңберден шыға алмайсың. Шетелдегідей тәрбиелеген де жөн сияқты. Маман мықты болып шығады, – деген пікір айтты ол.
Бұл жөнінде Дәурен Қуат:
– Меніңше де бір салаға бейімделген дұрыс. Бірақ, кез келген тақырыпты қамшы салдырмай жазатын журналистер бар. Мысалы, арамыздағы Болат Абаған сондай майталман журналист. Қайсар-қайтпас журналист. Журналиске қасқырдың жүрегіндей жүрек керек. Қазір көптеген жас журналистер зерттеу мақаланы барып, көріп зерттемей, «терезеге қарап отырып» жаза салады, – дейді.
Айнұр Төлеу журналистикаға бейімделу жайындағы ойын жаһандану заманында тілшілер көпшілік бұрын қалам тартпаған тақырыпты таңдап алғаны жөн екендігімен өрбітті. Мысалы, сұлулық саласына қазақ журналистері көп қалам әлі тартқан жоқ. Сол тақырыпты терең зерттеп, сөздерінің қазақша баламасын тауып, өз жолын қалыптастыруына болады деген ойымен бөлісті.
Басқосуда әдебиетсүйер қауым үштілділік жайлы да сөз қозғады. Адамның өміртанымы қалыптасқанша, есейгенше бір тілді ғана толық меңгеруі керектігі жайлы ой көптің көкейінен шықты.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Кәрбозұлының айтуынша, алдағы уақытта кездесуге Жетісудан шыққан 33 жазушы-ақын шақырылады.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.