Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Халтурщиктер тағы да қарақұрттай қаптайды...

14.04.2017 5787

Халтурщиктер тағы да қарақұрттай қаптайды

Халтурщиктер тағы да қарақұрттай қаптайды - adebiportal.kz
  1. «Идеясыз шығарма жазыла береді, ал ақиқатсыз шығарма жазылмауға тиіс» деген Р. Прустың көзқарасын негізге алсақ, бүгінде ақиқаттың ауылынан алыс шығармалар жазылып жатқан жоқ па?
  2. Сіздіңше, қазақ қаламгерлерінің жағдайын нарықтық қатынасқа бейімдеуге бола ма?
  3. Қазақ әдебиетінде сыйлықтар қалай беріліп жүр деп ойлайсыз?

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын:

1. Меніңше, «ақиқат» дегеннің өзі де — идея. Егер Абайдың айтқаны ақиқат болса («Алланың өзі де — рас, сөзі де — рас»), бізге Муза (Рух) Тәңіріден келеді. Поэзия дегеннің өзі көшедегі көрінгенмен емес, Тәңірінің өзімен сөйлесу ғой. Суреткерге өмірдегі қарабайыр, қасаң шындықтан гөрі өнердегі көркем шындық мың есе артық; мәселен осындағы көзінің алдындағыдан басқаны көрмейтін кейбіреулер «Сальери де талантты кісі еді, ол Моцартқа у бермеген, оның жағымсыз образын жасаған Пушкин, оның өзі де оңған адам емес...» дегенді айтып, көйітіп жүр... Мүмкін, Сальери марқұм өмірде жақсы адам болған шығар, жаман композитор да болмауы мүмкін, бірақ, Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» трагедиясында ол дарынсыздықтың дара бейнесі ғана болды да қалды. Былайша айтқанда, Пушкиннің ішкі идеясының құрбаны болып кетті... Көзді қарықтырып, көңілді астан-кестен ететін көркем шындықтың құдіреті—осында.

2. Қазақ қаламгерлерінің маңдайдағы соры — бес елі. Біз — адамзат тарихындағы неше түрлі эксперименттің «сынағына» түскен халықпыз. Қолға үйретілген көжектер секілді... Социализмді бізге әкеліп сынады. Капитализмді көзімізге көрсетпей, феодализмнен —социализмге бір-ақ секіртті... Енді келіп, бізде жабайы капитализмді сынап жатыр... АҚШ одан баяғыда өтіп кеткен. Елдің айтуына қарағанда, біз дүниежүзіндегі дамыған елу елмен тізе қағысып тұр екенбіз. Нарық деген еңбек-тауар-ақша деген сөз; көше сыпырушының өзіне еңбекақы төлейтін біздің ел ұлттық руханият (әдебиет) дегенді еріккеннің ермегі деп есептейді. Өйткені, өздері — ақын, өздері — композитор, өздері — ойшыл-ғұлама... Бізді қайтеді?! Тәуелсіздік алғалы қаламақы дегенді ұмытып қалдық... Қайыршы деген совет өкіметінің өзі ұлы отан соғысы жүріп жатқанда қаламгерлеріне қаламақы төлеген. Қаламақы қақында заң қабылданады екен, мемлекеттік тапсырыспен шығатындар қарық болады деседі... Меніңше, одан да түк шықпайды. Қаламақыны министрлік беретін болса, жарыққа таланттың кітабы шықпайды, халтурщиктер тағы да қарақұрттай қаптайды енді! Не істеу керек? Орта деңгейлі банктерге дағдарыс сайын миллиондап ақша бөледі. Бірақ бізде әлі — дағдарыс... баяғы дағдарыс... Түбі көрінбейді. Сол желге кеткен ақшаның біразын баспаларға беріп, олардың бәсекелестік қабілетін көтеру керек; сонда олар рынокта бәсекеге қабілетті, ел сатып алатын кітаптарды шығарады. Кәдуелгі біз көз тігіп отырған Еуропа елдеріндегідей халтураның жолы кесіледі.

3. Қалай болса, солай беріліп жүр. Оның тағдырын Абай түгілі, Пушкинді оқымаған орыс тілді шенеуніктер мен қазақша әліпті би деп танымайтын қайдағы біреулер шешеді. Мен енді осы «тай жарысқа» түспейін деп шештім. Ел-жұртыңа бірдеңе айт деп, арқама аруақ ұялатқан Алла ғой; ендеше, Мен—Тәңірі Сыйлығының Лауреатымын! Осы жетеді маған... Украинада ма, әлде, басқа бір жерде ме,қалыптасқан жақсы бір дәстүр бар деп естідім. Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитет жыл бойы, тұрақты жұмыс істейді екен. Штаты бар. Онда кімнің кім екенін жақсы білетін ақын-жазушы, өнер қайраткерлері еңбек етеді. Бізде де солай болса... Бірақ оған дейін кім бар, кім жоқ...

Айнұр ТӨЛЕУ, әдебиеттанушы:

1. Ақиқаттың да өз деңгейі бар. Жазған адам ақиқатты жаздым деп ойлайды. Біз негізі жазушыға жиі талап қоямыз, ренішімізді айтамыз. Бірақ жазушыға «идея қайда, шығарманың өзегі қандай, кульминациясы қандай, детальді ойнатуы қандай деңгейде» деп талап қоя бергенше, оқырманның талабын өсіруіміз керек. Оқырманның деңгейі өспей, екі сөз құрайтынның барлығы жазушы болып көріне береді. Ал ондай жазушыдан ақиқатты қалай талап етесіз.?

2. Бейімдеуге болады. Ол үшін жазушылардың имиджін қалыптастыру керек. Бізде кеңестік кезеңнен қалыптасқан жазушылық имидж бар. Бірақ ол қазіргі нарықтық қатынасқа келіңкіремейді. Жазушылар одағы жазушылармен жұмыс жасаудың осы бір түрін жүйелеуі керек. Ғаламтор дамыған заманда оны қолға алу түк те қиын емес. Тек креативті ойлай алатын бір-екі адам сеңді бұзып шыға алады.

3. Қазақ әдебиетіндегі сыйлықтардың үлестірілуі жайында бұрын ойланып көрмеппін. Сондықтан бұған жауап бере алмаймын.

Сауалнаманы жүргізген: Аягүл Мантай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар