Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Харуки Мураками. Үнсіздік...

17.11.2022 9588

Харуки Мураками. Үнсіздік 14+

Харуки Мураками. Үнсіздік - adebiportal.kz

- Одзава мырза,  сіз өміріңізде біреуді ұрып көрдіңіз бе?

Ол көзіне күн шағылысқан адамша маған сығырайып қарады да:

- Оны неге сұрадыңыз? – деді.

Отты көзі ұшқын атып бір жалт етті де, сәлден соң арнасына түсіп, байыпты қалпына келе қалды.

- Жай әшейін, – дедім мен. Сауалымның анау айтқандай маңызы жоқ еді. Жай бір қызығушылыққа бола бекер сұраған екенмін. Әңгіме ауанын дереу басқа жаққа аударсам да, Одзава көне қойған жоқ. Оның бір ой шырмауынан шыға алмай, әлденеден ойсоқты болып, қабағы кірбің тартып отырғаны байқалды. Өзі бірдеңемен арпалысып отырғандай. Ал маған терезеден күмістей жалтылдаған ұшақтарға мағынасыз көз тастау ғана қалды.

Жетінші сыныптан бастап бокспен айналыса бастаған Одзаваның әңгімесі осы сауалды қоюыма түрткі болған еді. Ұшағымыз келіп қонғанша уақыт өлтіріп, ұсақ-түйекті сөз етіп отырғанда әңгімеден әңгіме туды. Отыз бір жаста. Өзі әлі күнге дейін спортзалға барып жаттығып жүр. Студенттік сайыстардың жеңімпазы, тіпті оны ұлттық құрама қатарына да алған. Одзаваны тыңдап отырып ол боксқа өмірінің жиырма жылын сарп еткен адамға мүлде ұқсамайды деген ой мазалады. Мен онымен бір емес, бірнеше рет істес болған едім. Қалай десем екен? Қарапайым адам, мінезі ауыр, ешкіммен қақ-соғы жоқ. Қызметіне адал әрі төзімді, әріптестеріне әділетті, дүние күйіп бара жатса да айналасына қабақ шытпайды. Оның біреумен жүз шайысып, дәм-тұзы жараспағанын көрмеппін. Ұзын сөздің қысқасы Одзава адамдармен тату еді. Жұртқа жұғымды, ұстамды әрі байыпты... Осындай адамның бокспен айналысқанына қайран қалып сұраған едім.

Біз Ниигатаға ұшпақ болып, әуежайдағы мейрамханада кофе ішіп отырғанбыз. Бұл желтоқсанның басы еді. Күн бұлттап, қара аспанды қақпақпен жауып қойғандай тұрып алды. Ниигатада дауыл тұрып, ұшақ кешіккен үстіне кешіге берді. Әуежай лық толы, иін тірескен жұрт. Дауыскүшейіткіштер болса мезі болған жолаушыларға үнемі рейстің кешігетінін хабарлаумен болды. Мейрамхана іші бүк болып, тершіген маңдайымды қайта-қайта беторамалыммен сүрте бердім.

- Жалпы мен ешқашан, – деді Одзава сілтідей тынып қалған ұзақ үнсіздіктен соң. - Бокспен айналысқалы ешкімді ұрып көрмедім. Спортқа жаңадан келгендерге рингтен тыс жерде қолғапсыз ешкімді ұрмау керек екенін санаға әбден сіңіріп тастайды. Жай адам есесін жібермейтін жерде, боксшы кешірім сұрап, иіле салуы керек. Өз теңімен шыққанда ғана күш салуға болады.

Мен басымды изедім.

- Бірақ шынымды айтсам, мен бір адамды ұрғанмын, – деді ол. Он төрт жаста едім. Бокспен енді-енді шұғылдана бастағанмын. Ақталды демеңіз, бірақ ол кезде мен бұл спорттың қыр-сырын білмейтін едім және біраз уақыт жалпы денені шынықтыратын жаттығуларды жасап жүрдім. Секіртпемен секіріп, керіліп-созылып, жүгірдім... Және ол адамды мен қасақана ұрмадым. Ашуым алқымыма тығылып, күйіп кеткен едім. Ойлануға мұршам болмады. Қолым өздігінен серіппедей серпілді. Өз-өзіме келгенде ол сұлап жатты. Оны ұрған соң да тұла-бойым ызадан қалтырауын қоймады.

Одзава жаттығу залын басқаратын ағасының ықпалымен бокспен айналысып кеткен. Оның үстіне көлденең көк аттылар жүретін қарапайым жаттығу залы емес, шашасына шаң жұқпайтын жүйріктерді баптайтын жер. Ата-анасы баламыз ертеден қара кешке дейін кітапқа шұқшиып, оқусоқты болып қала ма деп алаңдап, жан-жақты дамуы үшін спортпен айналысуға кеңес берген. Спортқа өмірін арнау деген қаперіне кіріп те шықпай, ағасын ыстық ықыласпен жақсы көріп, мезі болған сәтте-ақ спортты тастаймын деп алаңсыз жаттығуын жасай берген. Бірнеше ай бойы электр пойызымен сағаттап жол жүріп жететін ағасының спортзалындағы жаттығуда бокс өнері оның жүрегін жаулап алды. Бәрінен бұрын бокс көп сөйлемейтін ұстамдылардың спорты болғандықтан шығар. Оның үстіне нағыз дарабоз, дара спорт. Есіл-дертін еш себепсіз жаулап алған таңсық әрі санаға симайтын өзге әлем еді. Тер иісі, былғары қолғаптың сықырлаған дыбысы, адамдардың үнсіздіке шомып, өзін-өзі ұмытуы, бұлшық еттерін тез әрі дәл серпілтуі, жаттықтыруы, бәрі-бәрі біртіндеп мәңгілікке оның жан дүниесін баурап алды. Ендігі жерде сенбі-жексенбі жаттығу залына барып тұру оның кішігірім сүйікті істерінің біріне айналды. 

- Бокс мені несімен өзіне тартты? Оның тереңдігін түйсінумен десем болады. Сені ұра ма, әлде сен ұрасың ба, салыстырып қарасаң, бұл тіпті маңызды емес. Мені тереңдік ынтызар еткен сияқты. Жеңу немесе жеңілу деген тек әдеттегі нәтиже ғана. Бақ шабатын да, бап шабатын да кездер болады. Ал егер осындай тереңдіктің мәнін түйсінсең, жеңіліп қалу қорқынышты емес. Адам тек қана жеңімпаз бола бермейді ғой. Ерте ме кеш пе бәрібір жеңіледі. Соны түйсіну маңызды. Кейде қолғабымды киіп, шаршы алаңға шыққанда өзгелер де, тіпті менің өзім де көрінбейтін терең құдықтың ішінде тұрғандай сезінемін. Сол құдықтың ішінде мен көлеңкеммен күресемін. Жалғызсыраймын, бірақ қайғырмаймын. Жалғыздық жайлы сөз қозғағанда біз жалғыздықтың түр-түрі болатынын ескермейміз. Жүрегіңді қарс айырып, санаңды сарғайтатын жалғыздық болады және бір өзгеше жалғыздық бар. Оған жету үшін барыңды салып тұла-бойыңды шынықтыруың қажет. Еңбексіз зейнет жоқ деген. Бұл бокстың арқасында мен түйген ақиқаттың бірі.

Одзава жарты минуттай тынып қалды. 

Сағатыма қарадым. Әлі көл-көсір уақыт бар екен.

- Шынымды айтсам, өткенді қазбалағым келмейді. Қолымнан келсе, ұмытып кетіп, ешқашан есіме алмас едім, – деді де жымиып әңгімесін бастады.

Одзава тегі Аоки деген сабақтасына қол көтерген. Оны су қаны сүймеген. Себебін өзі де білмеген. Алғаш жолыққаннан пайда болған мұндай жек көрініш сезіміне қайран бар ма? Оның үстіне өмірінде бірінші рет ашықтан ашық жаны  қас болды.

- Қалай ойлайсыз, мұндай да бола ма? – деп сұрады. – Бәрінің де еш себепсіз суқаны сүймейтін адамы бар шығар. Өзім алауыздыққа жақынмын демеймін. Бірақ бәрібір менің маңдайыма да сондай бір адам жазылыпты. Еш себепсіз. Қырсыққанда оның да маған жаны қас болды. Аокиді жұрт бар сабақтың үздігі деп санады. Біз ұлдар мектебінде оқыдық және ол көпшілік арасында беделді болды. Өзі оқушылардың алды әрі мұғалімдердің сүйікті шәкірті еді. Оқу үздігі болса да мұрнын шүйірмей, бәрімен тіл табысып, көңілді жүретін. Тіпті бойында бір бекзадалық бар еді… Бірақ әу баста оның маңдайында тайға таңба басқандай есептесіп қалған көкбеттігін анық байқап, су қаным сүймеді. Бұған жөнді мысал келтіре алмаған соң, нені меңзегенімді дәп басып айта алмаймын. Тек соны аңғарғанымды ғана айтайын. Оның менмендігі мен дөнен итше керіккен болмысын көтере алмадым. Дәл әлдебіреудің денесінен шыққан күлімсі иіс сияқты төзе алмадым. Аоки ақылды жігіт болған соң мұнысын жасыра білді. Сабақтастарымыз сезіктенбестен: «Пәлі, өзі жігіттің сырбазы!..» дейтін. Әрине, мұндай сөздерден соң абдырап қалсам да, дымым ішімде болды. 

Аоки екеуміздің арамыз жер мен көктей еді. Өзімді жалғыздықты көтере алатын, ерекшеленуді аса ұнатпайтын, тұйық, ұстамды адам санадым. Әрине, менің де бірер жолдасым болды. Алайда оларды тек қана жолдас деуге болатын шығар. Былайша айтқанда мен қатарластарыма қарағанда көшілгері жасөспірім едім. Құрдастарыммен араласқаннан гөрі үйде кітап оқуды, әкемнің пластикасынан классикалық музыка тыңдауды, үйірмедегі ересектермен араласуды жөн көретінмін. Көріп отырғаныңыздай сондай көрікті де емеспін. Мектептегі оқу үлгерімім жаман деуге келмесе де, үздік деп айтуға келмейтін әрі мұғалімдер менің атымды жиі ұмытып қалатын. Спортпен шұғылданғанымды да, оқыған кітаптарым мен тыңдаған музыкам жайлы да жан баласына айтпадым. Аоки менімен салыстырғанда сүт бетіндегі қаймақтай еді. Өте ақылды екенін жасырмайын. Қағілездігін де мойындау керек. Адамды тез танып, не ойлап тұрғанын біліп, дереу ыңғайына қарай әңгіменің тігісін жатқыза қоятын. «Аоки деген келіскен жігіт» деп бәрі таңдай қағатын. Мен ғана өйтпейтінмін. Ол маған жеңілтек көрінді. Кейде сондай қырық қалталы болғанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлайтынмын. Осы жыланның аяғын көрген жылпостың-ақ тасы өрге дөңгелей берсін. Есесіне бұл адамның бойында өзіндік ештеңе жоқ. Адамдарға бетпе-бет келгенде көрсететін дәнеңесі жоқ. Оған әйтеу ел аузына іліну керек, тапқырлығына масаттанып, жанын тыныштандыруы керек. Оның желдің ығына тығылған жылпыңдаған жылпос екенін менен басқа ешкім байқамады. Менің көзқарасымды Аокидің іші білетін. Нағыз тақыс еді. Оның да мені құлқы сүймейтіндей көрінді. Аса бір аңғарымпаз болмасам да, мен ақымақ емес едім. Мақтанды демеңіз, бірақ сол жылдардың өзінде менің өз әлемім бар еді. Сыныпта мендей көп оқыған ешкім болмаған шығар. Жас едім және осы әлемімді өзгелерден жасырып, жауып ұстағым келді. Кейде аңдаусызда сабақтастарымды қонышыма тенгермей, мұрнымды шүйірген кездерім де болды. 

Менің күдігім Аокидің шымбайына батса керек. Бір күні ағылшын тілінен бақылау болғанда сыныптағы ең жоғары бағаны мен алдым. Бірінші рет осындай жоғары балл қойды және бұл кездейсоқ емес еді. Сол кездері бірдеңені көңілім қалап, не екені есімде жоқ, бақытыма орай, егер қандайда бір пәннен болсын жақсы баға алсам, ата-анам алып беруге уәде еткен болатын. Ағылшын тілін таңдадым да, емтиханнан келеді-ау дегеннің бәрін оқыдым, қолым қалт етсе етістіктің шақтарын қайталадым, кітаптың түбі түскенше жатпай-тұрмай оқыдым, содан бәрін жатқа білетінмін. Сондықтан жүзге сәл-ақ жетпеген сыныптағы ең жоғары бағаны қойғанына аса таңырқамадым. Онысызда солай болатындай көрінетін. Бірақ өзгелер үшін менің алған бағам сенсация еді. Тіпті  мұғалімдер үшін де тосын жаңалық болды. Бұл сабақта бәрінен оқ бойы озық келе жатқан Аокиге менің бағам ұнамады, білемін. Мұғалім бақылау жұмысымды маған беріп жатып, Аокиді келеке етіп, миығынан күле қарады. Аокидің бетінен оты шықты. Ол ел-жұртқа мазақ болғанын ұқты. Мұғалімнің не дегені есімде жоқ, бірақ біраз уақыт өткен соң Аоки мен жайлы сөз қыдыртып, құрыққа сырық жалғай бастады. Мысалы бақылауда жазба қағазға қарап, қулығын асырды деген сияқты қаңқу сөздер таратты. Асығым алшысынан түскен осы жағдайды түсіндіретін басқа сөз таппаса керек. Сабақтастардан мұны естіп, қаным қарайды. Әрине, мұндайда миығымнан күліп, сөзін шыбын шаққандай көрмеуім керек еді. Бірақ мен жай бір мектеп оқушысы едім, албырттықпен морт кеттім. Істің жай-жапсарын анықтау үшін үзіліс кезінде Аокиді мектеп ауласының шетіндегі бұрышқа апардым. Аоки көлгірсіп: «Ей, саған не керек, а? Менде шатағың болмасын!.. Кездейсоқ жоғары балл алып, енді келіп мұрнын шүйіруін өзінің!». Осыны айтты да ол мені кеудеден бір-ақ итеріп өтіп кетпекші болды. Бойының ұзындығына, күшінің көптігіне сеніп кеудесі өскен екен. Міне сол кезде оны ойланбастан ұрдым. Есімді жия бастағанда сол жақ сүйегіне менің соққым бара жатқан еді. Аоки бүйірімен жығылды да, басын ағашқа соғып алды. Мұрнынан аққан қан ақ жейдесіне төгілді. Маған төменнен абыржып қадала қарады. Таңқалғаны сонша не болып кеткенін өзі ұқпаған сияқты. 

Бірақ жұдырығым оның жағына тиген сәтте-ақ мен өкіндім. Жұдырықпен ештеңе шешілмейтінін ұқтым. Тұла-бойым ызадан әлі қалтырап тұрды, мен ақымақтық жасағанымды түсіндім. Одан кешірім сұрағым келді, бірақ сұрай алмадым. Аоки емес басқа біреу болғанда дереу кешірім сұрар едім. Әрине, оны ұрғаныма өкіндім, бірақ мүлде анау айтқандай жамандық жасадым деп санамадым. «Өзіне де сол керек, - деп ойладым. – Жігіт емес, жылпос, өлез неме. Мұндайлардың әкесін таныту керек». Сонда да ұрмауым керек еді. Бұл – ішім сезген ақиқат. Дегенмен… тым кеш: мен оны ұрдым және сол отырған орнында Аокиді қалдырып, бұрылып кетіп қалдым. Түскі астан соң Аоки сабаққа қатыспады. Соған қарағанда дереу үйіне қайтқан сияқты. Ал менің көңілім алабұртуын қоймады. Не істесем де серги алмадым; музыка да, кітап та көңілімді аулай алмады. Әлдене жегідей жеп, назарымды пәс қылды. Төсекте жаттым да, жұдырығыма қарадым. Және неге сондай жалғыз екенімді ұқтым. Сонда мені мұндай күйге түсірген Аоки деген адамды одан бетер жек көріп кеттім.

Ертеңінде Аоки сыныпта тегі Одзавадай оқушы жоқ сияқты елемейтінді шығарды. Және әдеттегідей бақылаулардан өте жақсы балл жинай берді. Мен болсам бақылауға дайындалу үшін саусағымның ұшын да қимылдатпадым. Маған бәрібір еді. Әйтеу көштен қалмайтындай оқып жүрдім. Басқа кездерде өз шаруаммен айналыстым, әрине ағамның жаттығу залына барып жүрдім. Иығым үлкейіп, кеудем шынығып, қолдарым қарулы болып, жүзім қатқыл тарта бастады. Оқушыға жарасымды-ақ. Ер жетіп келе жатқанымды ұқтым. Неткен керемет кез еді! Күнде кешке кеудемді шешіп тастап, қолжуғыштың алдындағы айнаға қарап шыныққан денеме тамсанушы едім. Аоки оқу жылының соңында қатарлас сыныпқа ауысып кетті. Менің арқамнан ауыр жүк түсті. Сыныпта күнде кездеспейтінімізді ойлап, төбем көкке жетердей болды. Ол да солай қуанған шығар. Маған жағымсыз естеліктер уақыт өте келе жадыңнан өшетіндей көрінген еді. Олай емес екен. Өшіккен Аокидің дымы ішінде болыпты. Менмендердің кекшілдігі оған да тән еді және бір кездері көрген қорлығын ол жай ғана ұмытып кете алмады. Менің алқымымнан ала түсу үшін оңтайлы сәтті күтіп жатқан. 

Ол да, мен де бір жоғары мектепке түстік. Оқушыларға жеке орта және жоғары мектеп болғанын ескерте кеткенім жөн*. Жыл сайын бұл сыныптар араласып, ауысып тұрса да Аоки үнемі қатарлас сыныпта қалатын. Дегенмен бітіретін жылы біз бір сыныпта оқыдық. Көзбе көз жүздескенде мен абдырап қалдым. Оның тұрқы бірден ұнамады. Көп ұзамай одан жылан жұтқандай жиіркенетін болдым. Бір жаман нәрседен сезіктенген едім. 

Одзава үнсіз қалды және біраз уақыт алдындағы кофенің ыдысына қадалып қарап отырды. Содан соң жүзін көтеріп, білінер білінбес жымиды. Терезенің ар жағынан самолеттің гуілі естілді: «боинг-737» бұлтты жарып өтті де кайта көрінбей кетті. 

Ол сөзін жалғады: 

- Оқу жылының алғашқы үш тоқсаны айтарлықтай тыныш өтті. Аоки болса қаз қалпынан танбады. Сегізінші сыныптан бері түк өзгермепті. Кейбір адамдар алға баспаса, сол күйі жасап келгенін жалғастыра береді ғой. Аоки жетістікке жетіп, көпке дес бермеді. Он жетіге толар толмаста бұл адам өз өмірін уысында ұстады десем болады. Мүмкін әлі солай күн кешіп келе жатқан болар. Қалай болғанда да жүзбе-жүз кезігіп қалудан екеуміз де қашқалақтап жүрдік. Сыныпта мұндай бақталасым тұрғанда менің көңіл күйімді айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Оның үстіне мен де сүттен ақ, судан таза емес едім.

Көп ұзамай жоғарғы сынып оқушылары үшін жазғы демалыс басталды. Тоқсанды жақсы тәмамдадым. Дүрілдеген атақты оқу орны болмаса да, мұндай бағаларыммен қалыпты оқуға түсуге мүмкіндігім бар еді. Сондықтан дайындыққа уақытымды жоғалтпай, өткен дәрістерді қайталап үй тапсырмаларын орындадым. Жетер енді! Әке-шешем де мазалап қоймады. Сенбі-жексенбі жаттығу залына барып, бос уақытымның бәрін музыка тыңдап, кітап оқумен өткіздім. Көз алдымда бәрі өзгеріп сала берді. Біздің мектептің «жоғары оқу орнына түсетін трамплин» ретінде даңқы шықты. Кім қайда оқуға түсті, қаншасы түсті, қандай мектептен, қайда деген сұрақтардан мұғалімдердің есі шығып жүрді. Оқушылар да қалыс қалмады және соңғы оқу жылында бәрі аяғынан тік тұрды. Сынып қарбаластықтан қара қазандай қайнады. Шынымды айтсам, бұлары орта мектептің бірінші сыныбынан бастап маған ұнай қоймаған. Алты жыл өтсе де осы бір қарбаластыққа үйрене алмай қойдым. Осынша жыл бойы сыныптан үзеңгілес болатын, сене алатын бір дос таба алмадым. Жолдастарым деп жаттығу залындағыларды ғана айтуға болар. Көбі менен үлкен, кейбірі тіпті қызмет те істейді. Сонда да солармен уақыт өткізу қызықтырақ еді. Жаттығудан соң біз бір жерге сыра ішіп, әңгімелесуге баратынбыз. Менің сабақтастарыма қарағанда олар мүлдем өзгеше еді. Солардың қасында жүрген ұнайтын әрі олардан білгенім көп болды. Әлі күнге осынша уақыт ағамның жаттығу залында бокспен айналыспасам, кім болар едім деген ойдан жаным түршігеді. 

Жазғы демалыс кезінде менің тегі Мацумото деген сабақтасым өз-өзіне қол салды. Сүйкімсіз оқушы еді. Дәлірек айтсақ, өз ойы жоқ. Өлімін естірткенде оның бейнесін есіме әрең түсірген едім. Бір сыныпта оқығанда екі-үш рет болмаса, біз көп тілдеспеген де едік. Оның үстіне анау айтқандай келісті емес дедім ғой. Ол жайлы есімде қалғаны осы ғана. Он бесінші тамызға біраз күн қалғанда қайтыс болды да, жерлеу рәсімі соғыстың аяқталғанына бір жыл толуымен тұспа-тұс келді**. Бұл анық есімде. Аптап ыстық еді. Маған үйге қоңырау шалып, бәрімен бірге жоқтау рәсіміне қатысу керек деп ескертті. Сынып түгел қатысты. Мацумото пойыздың астына секірген. Себебін ешкім білмейді. Мектепке барғысы келмейтіні айтылған өлер алдында жазған тілхатқа ұқсас бірдеңе тауып алыпты. 

Неге барғысы келмегенін жазбаған. Әрине, барлық мұғалімдердің аза бойы қаза болды. Жоқтау рәсімінен соң директор мектепті тегіс жинап, жауыр болған сөздерді сағызша созды:  «Мацумотоны қайғыра жоқтаймыз… қайғыға ортақ болуымыз керек… осы қасіретті бастан өткеріп өзіміздің адамдық болмысымыздың діңгегін тіктеуіміз керек…». Сосын біздің сыныпты оңаша қалдырды. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар мен сынып жетекшіміз Моцумотоның өлімінің ақ қарасын анықтайтынын айтты. «Егер біреу бірдеңе біліп жатса бүкпесіз айтсын». Бәрінің аузына құм құйылғандай үнсіз. Маған бұл айқай-шу ондай әсер ете қоймады. Сабақтасым өлді. Топырағы торқа болсын. Өзін-өзі өлтірудің не қажеті бар еді? Мектеп ұнамаса барма, бәрібір бітіруге жарты жыл ғана қалды емес пе? Ол үшін неменеге өледі? Мен оның бір неврозы болған шығар деймін. Ертеден қара кешке дейін өңкей емтихан жайлы әңгіме. Қаласаң да қаламасаң да, біреудің жүйкесі сыр берер еді. Демалыс бітіп, сабақ басталғанда мен сыныптағы біртүрлі ауанды байқадым. Барлығы маған қырын қарайтындай. Бірдеңе сұрасам болды мардымсыз болмаса шап етіп дөрекі жауап қайтады. Басында жүйкесі жұқарып жүрген болар деп мән бермегенмін. Алайда семестр басталғанына бес күн толған соң жетекшіміз мұғалімдер бөлмесіне шақырып алып, жаттығу залына баратынымның рас-өтірігін сұрауға кірісті. 

- Рас. Мектеп ережесін ешқашан бұзған жоқпын. 

- Бұрыннан айналысып келесің ба?

- Он төрт жасымнан бері. 

- Алдыңғы жылы Аокиді ұрғаның рас па?

- Рас. - Мен өтірік айта алмадым.

- Жаттығу залына бармай тұрып па әлде кейін ұрдың ба?

- Кейін. Бірақ ол кезде қолымнан түк келмейтін. Алғашқы үш айда қолғапты да кигізбеді, - деп түсіндірдім мен. Бірақ мұғалім құлақ аспады:

- Ал Мацумотоны ұрдың ба? 

Ол томсырайған томаға тұйық деп едім ғой. Мен тікесінен тарттым. 

- Оны неменеге ұрады екенмін? Не үшін? – ақталуға тырысып бақтым.

- Мацумотоны мектепте біреу үнемі соққыға жыққан, - деді мұғалім қабағынан қар жауып, - анасының сөзіне қарасақ беті, кейде денесі көк ала қойдай болып үйге оралып жүрген. Мектепте, ДӘЛ ОСЫ МЕКТЕПТЕ біреу оған ит қорлық көрсетіп, ақшасын тартып алып отырған. Бірақ Мацумото анасына басынған озбырдың атын айтпаған екен. Айтайын десе одан әрі жұдырықтың астына ала ма деп зәрезап болған. Осылай өзіне-өзі қол жұмсаған. Балаға обал. Ешкімнен қол ұшын сұрамаған. Соған қарағанда күн бермеген-ау. Қазір кімнің басынғанын анықтайық деп жатырмыз. Егер бірдеңе білсең, мойындағаның дұрыс. Өзіміз тыныш шешеміз. Ондай болмағанда іске сақшылар кіріседі. Түсініп тұрсың ба? 

Мұнда Аокидің шикілігі бар екенін аңғардым. Мацумотоның өлімін жақсы пайдаланып кетті. Оның үстіне өтірік сөйлеген түгі жоқ. Соған қарағанда бокс жайлы біреуден естісе керек. Қайдан естігенін білмеймін. Және бұл жайлы Мацумотоның өліміне дейін біреуге айтса керек. Ары қарай бәрінің орайы келе қалады: мұғалімге жаттығу залына баратынымды және бұрын өзін ұрғанымды айтып, оқиғаның тігісін жатқызып жіберсе жеткілікті. Сөз жоқ барлығын жетер жеріне жеткізіп тұрып баяндап бергені анық. Мүмкін Одзава сес көрсетті деп, ұрды, қорқып үндемей жүрдім деп айтқан болар. Соған қарамай, бір қарағанда-ақ байқайтындай өтірік те аузынан шықпады ғой. Аоки жымын білдірмеді. Шындықтың өңін айналдырып темірді дәл қызған кезінде соқты. Сөзсіз бұл соның ісі екені анық. Мұғалімдерді күдік әбден запы еткенге ұқсайды. Боксшы деген олардың көзіне бұзақы болып көрінетіні анық. Оның үстіне мен мұғалімдерге жағып көрген адам емеспін. Үш күн өте сақшы бөлімшесіне шақырды. Айтары жоқ, төбе шашым тік тұрды. Қырық сақа жүгірткен іс болды. Оның үстіне ешқандай айғақ жоқ. Тек артыма ілескен алып қашпа әңгіме болмаса.

Менің ұнжырғам түсіп, көңілім шайлығып қалды. Ешкім де сөзіме сенбеді. Тіпті әділетті деген ұстаздардың өзі маған жақтаса алмады. Бөлімшеде мені ресми тергеуге алды. Моцумотомен тіпті сондай тілдеспегенімді ұқтырмақ болдым. Иә, мен төрт жыл бұрын Аоки деген оқушыны ұрдым бірақ ол әдеттегі ерегес еді. Одан кейін екеуміз керісіп көрмедік. Міне осы межеде баяндадым. Тергеуші қаңқу сөзге қарасақ Мацумотоны ұрған мен екенімді айты, мен бәрі өтірік деп жауап қайырдым.

- Біреу сыпсың сөз таратып жүр, - деді одан арыға тартуға құзіреті жоқ, болжамнан басқа қолында дәлелі де жоқ тергеуші.

Сақшы бөлімшесіне барғанымды құпияда ұстаулары керек болса да, қауесет хабар мектепке жетіп, жайылып кетті. Әйтеу бәрі маған қырын қарай бастады. «Жел соқпаса шөптің басы қозғалмайды. Себебі болған ғой!». Енді бәрі Мацумотоны соққыға жыққан мен дегенге сенімді болды. Бұны Аоки сыныпқа қалай айтып жеткізгенін және олардың не ойлағанын білмеймін және білгім де келмейді. Қауесет мына жағдайға қарағанда сұмдық болған сияқты. Бәрі келісіп қойғандай маған ләм-мим деп тіл қатпайды. Бірдеңені сұрайын десем де ешкім жауап қайырмады. Тіпті бұрын жолдас болғандар да іргесін аулақ салды. Обыр ауыруымен ауыратындай маған ешқайсысы да жұғыспады. Менің бар екенімді естерінен мүлде шығаруға тырысқандай. Тек қана оқушылар емес. Мұғалімдер де менен қашқалақтай бастады. Тізімдікті тексерген кезде ғана тегімді атады. Бәрінен бұрын денешынықтыру сабағында қиын болды. Топ-топқа бөлінгенде ешкім мені алмай, жұп-жұппен жаттығатын кезде менімен шыныққысы келетін адам табылмады. Мұғалім де мүлде қол ұшын беруге тырыспады. Мен үндемей мектепке барып, сабақта үндемей отырып сол күйі үнсіз үйге қайттым. Айтатын несі бар, бірінен бірі ауыр күндерім жалғасып өтіп жатты. Екі апта, үш… Тамаққа деген тәбетім жоғалып кетті. Жүдеп, ұйқысыздық мазалай берді. Жата қалсам болды жүрегім дүрсіл қағады да тұрады. Көз алдыма онысы бір, мұнысы бір келеді. Қайдан ұйықтайсың? Көзіңді ашасың, ал басың ойсоқты болып ойсырап тұрады. Уақыт өте өң мен түсімді айыра алмай қалдым. Жаттығуға бармайтынды шығардым. Ата-анам алаңдап мән-жайды сұрай бастады. Оларға тіс жармадым. «Бәрі дұрыс. Сәл болдырып тұрмын». Ал оларға айттым делік, не өзгереді? Олар маған көмектесе алмайды ғой. Ақыры мектепте не жай болғанын олар сол күйі білмей кетті. Екеуі де жұмысбасты адам, ошақ басы деп бас қатырып жатпады. Мектептен келе сала бөлмемді жауып алып, шалқадан түсемін де қабырғаға қадала қараймын. Ештеңе де жасай алмай, қабырғаға қадалып, ұсақ-түйекті ойлап, сұлық жата беремін. Түрлі көріністі елестетемін. Көбіне Аокидің аузы-мұрнын қан жалатқанымды, ұстап алып ұрып жатқанымды елестетемін. Содан: «Сүмелек неме!» - деймін де бар күшіммен соға беремін. Ол шыңғырып, көз жасы көл болып кешірім сұрайды, мен оның мұрнын бет қылғанша ұра беремін. Сәлден соң жиіркене бастаймын. Басында міз бақпай: «Обалың жоқ, сол керек өзіңе», - деп ойлап жеңілдеп қаламын. Бірақ біртіндеп бұл күйім тарқап, өзімді қоярға жер таппай, ойша Аокиді өлімші етіп сабай беремін. Қабырғаға қараймын да оның бейнесін көремін. Қараймын да ұрамын. Бастасам болды тоқтай алмаймын. Шынымды айтсам, ойша Аокидің ит сілікпесін шығарғанда күйім келмейтін, тіпті бірнеше рет лоқсып жібергенім бар. Қайтерімді білмедім. 

Бір кездері сыныптың алдында тұрып, зәредей қастық қылмағанымды дәлелдеуді ойластырып көрдім. Егер сендер мені сазайын тартып жазалануы керек дейтін болсаңдар айғақтарыңды көрсетіңдер. Егер айғақ жоқ болса, маған бұлай қарауды қойыңдар. Ал осылай істедім делік, біреуі де маған сенбейтінін ішім сезеді. Аокидің өтірігін шімірікпей қылғытып алған көп тобырдың алдында ақталғым да келген жоқ. Егер ақталар болсам, бұл менің сасқанымды білдірер еді. Ал оның деңгейіне менің мүлде түскім келмеді. 

Бұл жағдайда қолымнан келер амал болмады. Аокиді де ұра алмадым, не жазғыра алмадым, не кінәсіздігімді айтып біреуін көндіре алмадым. Маған қалғаны үнсіз төзу еді. Енді жарты жыл. Жарты жылдан соң мектеп бітіреміз де, бұлардың ешқайсысын енді көрмеймін. Жарты жыл… Осы үнсіздікті көтере алсам жақсы. Бірақ көтере алатыныма сенуден қалдым. Тіпті бір ай төзуге шамам жетер жетпесін білмедім. Үйге келе күнтізбедегі әр күнді сызып отырдым. «Әйтеу бітті-ау осы күн, бітті-ау!» деген ойда жүрдім. Шаруам бітті деп ойладым. Бір күні электр пойызында Аокиді жолықтырмағанда бұл жалғаса берер ме еді. Қазір сол кездерді еске алсам, жүйкем әбден тозып, жетер жеріне жеткені анық  еді. 

Бар бәле басталғаннан екі ай өткен соң барып осы тозақтағыдай күйден құтылдым. Мектепке бара жатып, электр пойызында Аокиді жолықтырып қалдым. Вагон іші иін тірескен жұрт, қыбырлауға мүмкіндік жоқ. Менен кейінгі екі-үш адамнан соң біреудің иығынан жылтиып Аокидің жүзі көрінді. Бір бір бірімізге қарама-қарсы тұрдық десем болады. Ол да мені байқады. Біраз уақыт көзіміз түйісті. Менің тұрқым ұйқысыздық пен жұқарған жүйкеден әбден жүдеу тартса керек. Басында Аоки маған «Қалай екен ал?» дегендей суық көз тастады. Бұның бәрін ойластырып жүрген өзі екенін мен анық білдім. Менің білетінімді ол да сезді. Біраз уақыт жек көрінішпен бір-бірімізге қарап тұрдық. Біраздан соң көңілімді бір қызық күй ақырындап билеп алды. Аокиді расымен жек көрдім. Тіпті жек көргенім сонша өлтіріп тастағым келді. Бірақ сол ине шаншар жер жоқ пойыздың ішінде менде жек көрініш те, ыза да болмады, мұңға ұқсас, аянышқа ұқсас сезім болды. «Расыменде адамдар осындай қылығын мақтан тұта ма? Расыменде мына адам дегеніне жеткеніне масаттана ма?.. Жоқ, мына Аокидің маңдайына шын қуану мен намысты ұғу жазылмаған шығар. Ол өле-өлгенше тереңдікті білмей өтеді. Кейбір адамдарда тереңдік деген жоқ» деп ойладым. 

Дегенмен ол менде бар деп те ойламаймын. Айтқым келетіні адамның сол тереңдікті ұққанында. Бірақ олар оны түйсінбейді, сондай қаңыраған, әдеттегі мезі ететін өмір. Әйтеуір ел-жұрттың назарын аударып, сыртқа жүнді қампайтып көрсетсе болды. Бірақ арғы жағында түк те жоқ. 

Осының бәрін ойлай келіп, мен оған байыппен, қадала қарадым. Соққыға жығуды енді ойға алмадым. Оның енді бар-жоғы маған бәрібір еді. Жоқ, расымен, жеңілдеп қалғаныма өзім де таңғалдым. Осы бес ай үнсіздікке  төзе алатынымды түсіндім. Менің намысым бар еді. Аоки сынды адамдармен енді шатыспайтынымды ұқтым.

Міне оған осындай көзбен қарадым. Біз бір-бірімізге ұзақ қарастық және ол көзін тайдырса ұтылатынын түсінді. Келесі бекетке дейін ешкім көзін алмады. Соңғы сәтте Аоки білінер білінбестей ғана қалтырады. Анық байқадым. Бокспен ұзақ айналысқанда қарсыласыңды қабағынан тани бастайсың. Оның көзі аяғы қалтыраған боксшының жанарындай еді. Аяғын қимылдатқысы-ақ келеді. Ширақ қимылдатамын дегенімен ыбылжып ит әуреге түседі. Аяғымен бірге иығы да болдырып, соққысында да еш күш болмайды. Аокидің көзі дәл сондай еді. Қызық, себебін ол өзі де білмеді. Осындай сәті келген жағдайдың арқасында менің еңсем бір көтеріліп қалды. Түнде тұяқ серіппей ұйықтап, тәбетпен тамақтанып, жаттығуыма қайта бара бастадым. Жеңілуге хақым жоқ деп өз-өзімді сендірдім. Мені жек көретіндерге сағымды сындыруға мүмкіндік бермеймін. Осылай қалған бес айды өткердім әрі ешкіммен сөйлеспедім. Ағаттық менен емес, жұрт қателеседі деп өзімді арнама түсірдім. Басымды тік көтеріп, мектепке қалай барсам, дәл солай қайттым. Мектеп бітірген соң сабақтастарымның ешқайсысын көрмейін деп Кюсюдағы университетке түстім. 

Одзава әңгімесін аяқтап ауыр демалды. Тағы бір шыныаяқ кофе ішейік деді. Мен бастарттым. Онысызда үшеуін ішкен едім. 

- Мұндай сілкіністі бастан кешкен адам сөзсіз өзгереді, – деді Одзава. – Кейде жақсы жаққа өзгерсе, кейде кері кетіп жатады. Жақсы жағын айтар болсам, мен төзімді болдым. Сол жарты жылда көргеніммен салыстырар болсам, қалған қиындықтарды қиындық деуге келмейді. Ойша сол кезеңмен салыстыра отырып талай қиындықты еңсердім. Өгелердің қайғысын тез ағаратын болдым. Бұл жақсы жақтары десем болады. Мен, тіпті, бірнеше адаммен достасып алдым. Бірақ жаман жақтары да бар. Содан бері адамдарға сенуден қалдым. Рас, барлық адамзатқа деуден аулақпын. Менің әйелім, бала-шағам бар. Отбасымызда жанымыз бір-біріміздің үстінде тұрады. Сенімсіз бұл да мүмкін емес қой. Бірақ тіпті қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болса да, дүние асты үстіне келсе де, әлемдегі ең бақытты отбасың мен қасыңда тонның ішкі бауындай жолдастарың болса да алда не болары белгісіз. Бір күні қараптан қарап адамдар менің болмаса сіздің бірде-бір сөзіңізге сенуден қалады. Бұл аяқ асты болатын жайт. Аяқ асты, аңдаусызда. Мен осыны үнемі ойлаймын. Өткенде бұл жарты жыл ғана болып өтті. Қайта болса қанша уақытқа созылатынын ешкім де айтпайды ғой. Тағы мұндай жағдайға тап келсем, көтере аламын ба, жоқ па, білмеймін. Ойласам болды жүрегім тас төбеме шығады. Кейде түн ортасында осы түсіме кіріп, оянып аламын. Сирек кірсе қайтті! Мұндай кездері әйелімді оятып, қатты құшақтаймын да жылап аламын. Бір сағаттай басылмаған кездерім болды. Жаным сондай түршігіп кетеді. 

Ол үнсіз терезенің арғы жағындағы бұлтқа көз салды. Соңғы бір сағатта олар тапжылмапты. Диспетчер бөлімшесінің мұнарасы, ұшақтар, жүк көліктері, баспалдақтар, арнайы киім киген қызметкер адамдар бәрі-бәрі ауыр-ауыр бұлттардың көлеңкесінде қалды. 

- Мен Аокиден қорықпаймын. Бұл дүниеде ондай адамдар жетіп артылады және оған көндігу ғана қалады. Ондай адаммен жолығып қалсам, ортақ ештеңеге кіріспеуге, байланыспауға тырысамын. Жай ғана бойымды алшақ ұстаймын. Олармен басқаша істесе алмайсың. Өзім оларды алыстан танимын. Аокидің қабілетін мойындамасқа болмас. Дымын білдірмей бұғып қалып, қулығын асырып адамдардың жүрегін арбап, оңтайлы сәтті пайдаланып, кету кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Мұның бәрінен жылан жұтқандай жиіркеніп жиырылсам да, бұл қабілет екенін мойындаймын. 

Шын мәнінде бәрінен де қорқыныштысы Аоки сияқтыларды сүттен ақ, судан таза деп ойлайтын тобыр. Ештеңе ұсынбайды, ештеңе түсінбейді, жабайы тобырлық инстинкке еріп әдемі сөзге алданып, өзгенің пікірімен жүріп тұратындар. Олар тіпті қателесуіміз мүмкін деп те ойламайды, сондай ойсыз әрі есепсіз өзгелерге зияны тигенін аңдамайды да. Қылықтары үшін жауап бермейді де. Бәрінен қорқыныштысы міне осындай адамдар. Менің түсіме тобыр кіреді. Айнала жым-жырт үнсіздік. Түсімде көргендерімнің бет-жүзі жоқ. Сұп-суық сұрқай үнсіздік айналаны жайлайды. Барлығы осы үнсіздікте еріп кетеді. Үнсіздікте еріп бара жатып, жан дауысымды шығарып айқайласам да ешкім мені естімейді. 

Осыны айтты да Одзава басын шайқады.

Мен әңгімесінің жалғасынан дәметіп едім. Бірақ ол осы жерден аяқтады. Одзава көкірек тұсына қолын айқастырып үнсіз отырды. 

- Қазір ерте шығар, бірақ сонда да сыра ішсек қайтеді? – деді сәл кідіріп. 

- Ішсек ішейік, - мен қостай кеттім. Расымен сыра ішкім келіп кетті. 

* Жапонияда бастауыш білім 6 жыл оқытылады, орта мектептің бірінші сыныбы Қазақстан мектебінің жетінші сыныбына сәйкеседі.

** 1937-1945 ж.ж. 15 тамызда аяқталған Тынық мұхиты соғысы

Қаңтар, 1991ж. 

Аударған: Қарғалдақ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар