Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Ықылас Шалғынбай. Қиялда аққан өзен...

26.07.2022 5325

Ықылас Шалғынбай. Қиялда аққан өзен 12+

Ықылас Шалғынбай. Қиялда аққан өзен - adebiportal.kz

(Ауылыма арнаймын)

Ерліктің тосаттан үшті-күйлі жоғалып кетуі айналасындағы таныс-біліс, дос-жарандарының үрейін ұшырған оқиға болғаны есімде. Оны қаншама жылдар бойы алыс-жақынға сұрау салып, табанымыздан тозып іздесек те таба аламаған едік. Соңғы рет онымен сапарлас болған адам ретінде жан дүниемді аласапыран күйге салғаны себепті ұзақ уақыт бойы жан баласына ашып айтпаған, өң мен түстің арасында шайқалған осы жұмбақ оқиғаны сіздерге баяндап беруді жөн деп шештім.

Мидай жазық даланың төсінде жыланша ирелеңдеп көсіліп жатқан тас жолмен зымырап келеміз. Басына бұлт қонақтап, дамыл тапқан Алатау көз ұшында бұлдырайды. Қаладан таң қылаң бере аттанып едік, күн тау басынан арқан бойы көтерліп келеді. Көлік тізгініне жабысып, бір қалыпты тербелген ырғағынан жалыққандаймын. Қасымда отырған Ерлік үнсіз, сол баяғы томаға-тұйық қалпында терезеден сыртқа телміріп, ой үстінде келе жатыр. Мүйізгектеніп, күс сіңіп қатып қалған қолымен бетін күннен қорғағаны болмаса, қимылсыз. Жасына жетпей әжім басып, солғын тартып бозарған жүзі оны қатарынан едәуір үлкен көрсетеді. Арадағы ұзаққа созылған үнсіздікті бұзып тіл қаттым:

– Ереке, не ойлап келесің?

Ерлік сөзімді аңдамағандай далаға телміріп біраз отырды да, тіл қатты:

– Ештеңе ойлап келе жатқам жоқ.

– Әңгіме айтсаңшы, жол қысқарсын.

Ол бетіме жалт қарады да, көзін тайдырып әкетті.

Алыстан қаңқылдаған қаздың үні еміс-еміс естілгендей болды. Көліктің терезесінен көк аспанға көз жүгірттім. Ерлік те айналасын шола қарап келеді.

– Әне, қаздар қайтып барады, – деді Ерлік саусағымен тау жақты нұсқап.

Алыста, зау биікте қатар-қатар сап түзеген қаздар ұшып барады екен.

– Көлге таяп қалған болдық қой, – дедім қаздардан көз алмай қарап отырған Ерлікке.

– Иә, екі-үш шақырымнан кейін оң жақ беттен көрінеді.

Екеуміз де үнсіз қалдық.

– Даланы сағынған шығарсың?

– Кейде ойлайсың ғой...

Ерлік сездіргісі келмесе де, күрсінісін жасыра алмады.

– Әне, анау үйлерді көрдің бе, сол үйдің қасындағы сайда көл бар.

Алдымыздан жолдан едәуір қиыс шағын ауылдың сұлбасы байқалады. Таң атқалы жолсоқты болып, шаршап келе жатқам, жетер нысанаға әудем жер қалғанын көріп сергіп сала бердім де, көліктің шабысын үдете түстім. Ауылдың тұсына жеткенде үлкен жолдан жарыла оңға қарай бөлініп, сүрлеуге айнала бастаған топырақ жолға түсіп, ауылға қарай беттедік. Сұрқы қаша бастаған үйлерге қарай ойлы-шұңқырлы жолда көлікпен бірге теңселіп келеміз.

– Ауылда адамдар тұра ма?

– Тұрады, – деді Ерлік бір нәрсе іздегендей айналасын шола қарап.

Ауылда тырп еткен тірі жан байқалмайды. Өрісте жайылып жүрген малдың да қарасы көрінбейді. Жол бізді тура ауылдың ортасын қақ жарып, ойдым-ойдым болып мүжіліп біткен асфальт көшеге әкеліп қосты. Жолдың екі жағына бөлініп қонған он шақты түтіні ғана бар ауылдың арт жағынан келгендіктен байқамаппыз, көбінің есік-терезесі жоқ, кейбір үйдің төбесі жартылай құлаған ескі тамдар екен. Көлікті баяулатып, үйлердің терезесінен ішке көз тастадық: қабырғаға ілінген кілемдер, сөредегі ыдыс-аяқ, жиналған көрпе-төсек, еденге төселген текемет-сырмақтар, ілулі тұрған киім-кешекке дейін шаң басып, тозаң қонып, сол қалпы тұр. Үйлердің айналасы құстың саңғырығы мен қауырсынына толыпты. Мұндағы тұрғындар үйінен ине-жібін де алмай, барлық мүкәммалын қалдырып бір жаққа кетіп қалған ба дерсің. Ауылдың шетіне шығып, жапырағы сарғая бастаған, адам құлашы жетпейтін үлкен бәйтеректің қасына келіп тоқтағанда, сайдың тағанынан орын теуіп, айналасын қамыс басқан үлкен көл жарқырап көрінді. Көл бетінде қаз-үйректер дамылсыз ұшып-қонып, көл бетін дыр-думанға бөлеп жатыр. Көлікті тоқтатып, көлге көз салып үнсіз отырып қалдым. Ерлік те тіл қатпай, қалшиып қатып қалған. Сырлы ауылдың жұмбаққа толы бейнесі ойымның астаң-кестеңін шығарды.

– Сонда ауылдағылар қайда кеткен? – дедім Ерлікке, ауылдың сырын сол білетіндей.

– Көшкен болса, дүние-мүліктерін алып кетуі керек еді ғой, – деп ол да сұрағына жауап таппай әуре.

– Қорқынышты ауыл ғой мынау. Қалаға қайтамыз-ау.

– Сонша алыстан келгенде бір құс атпай кетсек болмас, – деді Ерлік бетіме қарап.

– Бір түрлі сескеніп тұрғаным.

Ерлік не істерін білмеген адамша төмен қарап отырып қалды. Көл бетінде жүзіп жүрген, ұшып-қонып жатқан бейғам құстарға үнсіз телмірдім. Бір кезде арт жақтан тарс еткен дыбыс естіліп, екеуміз де селк етіп, шошына жалт қарадық. Көліктің артында бет-аузын сақал басқан, жұпыны киінген егде жастағы адам қолындағы таяғымен көлікті ұрғылап, бізге тесіле қарап тұр. Басында шошып кетсек те, артынан есімізді жинап, көліктен түстік.

– Амансыз ба, аға? – деп қолымды ала жүгірдім. Ерлік те таяп келіп амандық сұрады.

Ол сәлемімізді алмастан, бетімізге кезек-кезек қарап:

– Не іздеп жүрген жансыңдар? – деді

– Көлге құс атуға келіп едік.

– Не, жеуге тамақ таппай қалдыңдар ма?

Не айтарымызды білмей абдырап қалдық. Шал бізді тексере қарап өтті де, қайта тіл қатты.

– Бұл құстарды атуға болмайды!

– Алыстан арнайы келіп едік.

– Алыстан келсеңдер де рұқсат ете алмаймын.

– Неге? – деді бағанадан үнсіз тұрған Ерлік сөзге араласып.

– Себебі, бұл құстар – менің ауылдастарым, туысқандарым болады, сол үшін рұқсат ете алмаймын.

Шалдың жынды адамша сөйлеп тұрғанына шыдай алмай күліп жібердім.

– Иә, мені жынданған шал деп тұрған шығарсың, күле беріңдер, – деді шал ойымды оқып тұрғандай.

– Ағасы, жоқ дегенде бір-екі құс атуға рұқсат беріңіз, – дедім жалынышты бейне танытып.

Шал ауыр күрсінді де:

– Мен тірі тұрғанда құстың қауырсынына да тигізбеймін, – деп оқты көздерімен бетіме тесіле қарады.

Шалдың қиқар мінезді екені жалт-жұлт етіп қараған көзінен байқалады. Оның өліспей беріспейтінін аңдап тұрмын. Сонша алыстан шаршап жеткен жолдың азабын ойлап күрсіндім де, не істейміз деген адамша Ерлікке қарадым. Ол иығын қиқаң еткізіп, тіл қатпады.

– Жарайды, ағасы, құстарыңызды атпай-ақ қоялық. Бірақ мына ауылыңыздың адамдары қайда кеткен?

– Бәрі құсқа айналып кетті, жүр ғой, әне, көл бетінде улап-шулап, – деп иегімен көл жақты нұсқады.

Жынданған біреу шығар деп ойладым. О заманда бұ заман адам құсқа айналушы ма еді?..

– Мені жынды деп тұрсың, білем, бірақ шындық солай, шырағым.

– Күллі ауылдастарыңыз құсқа айналғанда сіз қалай аман қалғансыз? – деп кекетіп сұрақ тастадым.

– Мен осыларды сендер секілді құс атқыштардан қорғау үшін құсқа айналмай қалдым, – деп бетіме қарады.

Шалдың тұлғасына көз жүгіртіп өттім, есі ауысқан адам шығар десем, сөзі орнықты, кесіп сөйлейді. Жұпыны киінгенімен, киімдері мұнтаздай таза.

– Ағасы, мұныңызға сене алмаймын, адам құсқа айналуы мүмкін емес қой, – деп күле тіл қаттым.

– Құсқа айналам десе, айналады. Бірақ сендерді сендіру маған шарт емес, келген жолдарыңа түсіңдер, – деді де таяғын беліне көлденең қыстырып, көлге қарай аяңдады.

– Сен айтқандарына сенесің бе? – дедім шалдың артынан қарап тұрған Ерлікке қарап.

– Сенемін, – деп шорт кескен Ерлік, – Қалай құсқа айналғанын сұрасақ қайтеді? – деді.

– Ойдан шығарған ертегісін тыңдап отырамыз ба, қайтайық одан да.

– Жоқ, бұл кісі өтірік айтатын адамға ұқсамайды. Барып тілдесейікші.

Шалды ұнатпай тұрсам да, Ерліктің көңілін қимадым. Екеуміз едәуір ұзап кеткен оның артынан қуып жеткенде шал бізге үрке қарап, орнында тұрып қалды.

– Сендер неге келе жатсыңдар? – деді қатуланып.

– Сіздің әңгімеңізді естісек деп келдік.

Ерлік дауысын жұмсарта сөйледі.

– Айтатын әңгіме жоқ, қайтыңдар!

Шал жүріп кетті. Не істерімізді білмей, артынан қарап тұрып қалдық.

– Қайтайық болды, көнбейді мына шал, – дедім Ерлікке.

– Тағы бір өтініп көрелікші.

– Барсаң өзің бар, мен бармаймын.

Ол алыстап бара жатқан шалдың артынан жүгіріп барды да, тоқтатты. Ерлік шалға бірдеңелер айтып сөйлеп жатты. Екеуі ұзақ сөйлесті. Бір кезде Ерлік маған жүр дегендей қолын бұлғады да, шалдың артынан еріп, көлге қарай аяңдады. Жынды шалдың сандырағын естіп отырайын деген сұмпайы ойдың жетегінде кетіп:

– Сен өзің барып кел, мен сені көлікте күтемін, – деп Ерлікке айқай салдым да, кері қайттым. Орта жолда артыма қарағанымда екеуі қамыстың арасына кіріп бара жатты, сонда барып көлдің арғы шетіндегі қамыстың арасындағы лашыққа көзім түсті. Көлікке отырып жатып, көл жаққа көз тастағанымда екеуі лашыққа кіріп барады екен. Айнадай жарқыраған көлдің бетіне мағынасыз телміріп ұзақ отырдым. Ерліктің шалдың өтірігіне сеніп артынан кеткеніне ашуым келіп, сыбап алдым. Қаншама жылдан бері әр кездескен сайын Ерлік маған осы ауыл туралы, ондағы тамаша табиғат жайлы тамсана баяндап беріп жүрді. Оның көшпенді өмірге деген ала бөтен махабатынан туған таусылып бітпейтін ұзақ әңгімелерінен кейін ауылдың, қамысты көлдің бейнесі санама көшіп, көкейімде жатталып қалған еді. Ерліктің келуін күтіп отырып ұйықтап кетіппін, көлік есігінің ашылған дыбысынан оянып кеттім. Ерлік қайтып келіпті. Көңілі ашылып, жадырап алған. Терезеден асапанға көз тастадым, күн дәл төбеге келіпті.

– Көлікті сен жүргізші, – дедім Ерлікке. Екеуміз алмасып отырдық. Ерлік көлікті оталдырдырып қойды да, бейне қимасымен қоштасып тұрған жандай көл жаққа телміріп ұзақ қарады. Мен де лашық тарапқа көз жүгіртіп шалды іздеп едім көрінбеді.

– Қайтайық онда.

Ерлік жауап қатпастан көлге телміріп бір сәт тұрды да, көлікті қозғалтты. Қираған үйлердің арасын кесіп өтіп, тас жолға шықтық та қалаға қарай бет түзедік. Ерлік екі көзін жолдан алмай ой үстінде отыр. Көлге келе жатқан кездегі тұнжыраған бейнесінен із де қалмаған. Жүзі жадыраңқы.

– Не айтты сонда? – дедім Ерлікке.

– Көп нәрсе айтты.

– Айтасаңшы, жол қысқарсын.

– Сен бірге баруың керек еді. Әңгімеге шорқақ екенімді білесің ғой. Бірақ саған тыңдатармын деп әңгімесін телефоныма жазып алдым, –деп телефонын ақтарыстыра бастады.

– Бірақ әңгімесін толық жаза алмадым, – деп қосып қойды да, телефонын қолыма ұстатты.

Шалдың тамағын қырнап қойып сөйлеп жатқан байсалды, қоңыр даусы естіледі.

***

Сондай бір заман келмеске кетті ғой, шырағым. Сол жылы Сәрсеннің айтқанына көнбеген әйелі ұлын ертіп, қалаға жұмыс істеуге аттанып кетті. Ол тура елден береке кетіп, күн көру қиындай бастаған шақ еді. Ауылдан ең алғаш болып қалаға аттанған осы екеуі болатын. Қатын-баласы қалаға кеткен Сәрсен бір үйде соқа басы сопайып жалғыз қалды. Айға жуық мезгіл өтсе де әйелі мен баласынан хабар болмады. Бір жамандықтың болғанын сезген Сәрсен ақсақалдарды үйіне шақырып кеңес құрды. Ол кезде біз баламыз, қызық көріп үй сыртынан тың тыңдаймыз. Ақсақалдар кеңесе келе Сәрсеннің қасына Жалғас деген жігітті қосып, сол күні қалаға суыт аттанып кетті. Екеуі сол кеткеннен мол кетіп, аспаған тауы, кешпеген өзені қалмай үш ай дегенде ауылға әрең оралды. Сұрамаған адамы, қақпаған есігі жоқ. Үш ай бойы қаланы тінтіп, сүзіп шығып, айналасындағы ауылдарға да барып сұрау салыпты. Көрдім, білдім деген пенде кездеспепті. Қаладан қайтып оралған Сәрсен үйінен аттап шықпай, бүк түсіп жатып қалды. Басын көтеріп тысқа шықпады. Адам баласымен араласудан қалды. Бір күні ақсақалдар кеңесіп, Жаманкөз аталып кеткен атақты кезбе бақсыны алдырды. Ымырт үйірілген шақта ауылға жеткен Жаманкөз бақсы далаға отты маздатып жақтырып қойып, оттың қасына отырып, қобызын азынатып таң атқанша түсініксіз тілде жырлады. Ауылдың елі тайлы-тұяғына дейін қалмай таң атқанша отты айнала, бақсыны қоршап отырдық. Таң қылаң беріп келе жатқан алакеуім шақта бақсы қобызын тоқтатып, Сәрсенге қарап: «Отбасың бар. Олар аман. Осы әлемде жасап жатыр екен. Бірақ адам кейпінде емес, құсқа айналып кеткен. Құс болғанда да қоңыр қазға айналып кетіпті. Елін-жұртын сағынса, бір күндері мына қара көлге келіп қонар. Өзіңді таныр, күт!» – деді де орнынан шалт тұрып, аттанып кетті.

Бақсы кетісмен Сәрсен көлге қарай жүгірді. Жерге жарық түсіп қалған шақ еді, оның жығылып-сүрініп көлге қарай жанталсып жүгіріп бара жатқан сәті көз алдымда қалып кетіпті, ауыл адамдары қыр басында оның соңынан қарап тұрған едік. Ол көл жағасына барып, айналасына қарап сілейіп аз тұрды да, көлді жағалап жүгіре жөнелді. Таңғы тыныштықта Сәрсеннен үркіп ұшқан құстардың қанатының сусылы құлағымның түбінде әлі жаңғырып тұр. Ол күні бойы көлді жағалап, айналсоқтап жүріп алды. Қыр басына жиналған ел де таң атқаннан қас қарайғанша оның әр қадамын бағып, ұйқылары келгенде үйді үйіне тарады. Ертесі де сол әрекет қайталанды. Уақыт өте келе Сәрсеннің жағдайы да үйреншікті дүниеге айналып, ешкім де назар салмайтын болды. Ол сол беті ауылдың қарасын көрмей, көл жағасындағы қамыстың арасын паналап, жұмбақ адамға айналды. Ел арасына Сәрсен жынданып кетті деген әңгіме тарай бастады. Біз де көлге барып ойнаудан қалған едік. Оны алыста көрсек не шалғынның арысына тығыла қалатынбыз, не ауылға қарай қашушы едік. Солай уақыт өтіп жатты. Сәрсен көл жағасынан осы лашықты салып, көктем келген сайын құстарды қарсы алып, күзде қайтқан құсты шығарып салып, сол құстардың арасынан жары мен баласын іздеп жүріп біраз жыл тұрып қалды. Менің де жігіт болып қалған кезім, көктем келіп, құстар орала бастаған шақ болатын. Бір күні түн ортадан ауған шақта қасыма жолдасымды ертіп, Сәрсеннің лашығы көрінетін тұстан қамыстың арасына жасырынып жаттық. Бізге оның жұмбақ өмірі қызық еді. Түнгі қараңғылық ішінде көлде ұшып-қонған құстардың дауыс естіледі. Лашықтың әлсіз жарығы анадайдан жылтырайды. Сәрсен ұйықтамапты. Біреуді күткен адамша қайта-қайта лашығынан кіріп-шығып жүрді. Бір кезде «Жамал, Едіге!» – деп айқайлаған дауыс көлдің маңын жаңғыртып жіберді. Қалғып кетіппіз, дауыстан шошып ояндық. Таң атып келеді екен. Сәрсен көлге қарап айқайлап тұр. Дауысында діріл бар, жылап тұрған секілді. Көлге қарап мойынын созып «Жамал, Едіге, қайдасыңдар, алтындарым, келсеңдерші, мені зарықтырмай, сағындым ғой» – деп өкіре жылап, жерге тізерлеп отырып қалды. Сәрсен басын көтермей ұзақ отырды, өксіп жылап жатқаны бізге естіліп тұрды. Осы бір аянышты сәт біздің де көзімізге жас үйірді. Бір кезде аспаннан қаңқылдаған қаздың дауысы естілді. Үшеуміз де аспанға қарадық. Лашықтың төбесін айналып екі қоңыр қаз ұшып жүр еді. Сәрсен орнынан атып тұрды да, көкке телмірген қалпы екі қолын жайып тұрып қалды. Төбеде айнала ұшып жүрген қоңыр қаздар баяу қалықтап бірте-бірте төмендей түсіп, есік алдына келіп қонып, балпаңдай басып Сәрсеннің қасына қол созымдай жақындап келіп, оны айналып біраз жүрді де, «қаңқ-қаңқ» етіп дауыстап, қанаттарын жайып жіберіп, қайтадан көкке көтеріліп, лашықтың төбесін үш рет айналып ұшты да, көлдің ортасына барып қонды. Есі шығып кеткен Сәрсен қаздардан көзін алмай бір сәт тұрды да, қуанғанынан: «Я, Тәңір, бар екенсің ғой» деп көкке қарап отыра кетіп, шалт қимылдап тұрды да, лашығына кіріп кетті. Біз де болған жайға сенер-сенбесімізді білмей ауылға қайтып, үлкендерге көзбен көргенімізді баяндап бердік. Үлкендер жағы «ақыры келген екен ғой, көп күтті ғой бейшара» – деп Сәрсенге жаны ашып, бір жағынан сүйініп жатты. Сол оқиғадан кейін Сәрсеннің қарасы көрінбей кетті. Араға екі күн салып, түске салым ауылдағы ақсақалдарға еріп Сәрсеннің жағдайын білмекке лашығына жақындап келе жаттық. Біз лашыққа таяғанда есіктен үш қоңыр қаз үрке шығып, көкке көтеріліп кетті. Тосырқап қалып, сәл кідірдік те, ішке ендік. Лашық іші бос. Үй жабдықтары бәрі орнында. Бұрыштағы кереуеттің үстінде Сәрсеннің ұзақ жыл үстінен тастамай киген киімдері (оның бұдан басқа киімі де жоқ еді), бас киімі жатыр. Ақсақалдар бір-біріне қарады да, үнсіз түсініскен адамдардай, тіл қатыспастан қайта сыртқа шығып, көл жаққа көз тастап тұрып қалысты.

– Сонда құсқа айналуға болатын болғаны ма? – деген Ерліктің дауысы естілді.

– Құсқа айналмаса, мына бір ауыл қайда кетті дейсің, айналайын.

Шал ауыр күрсінді.

– Құсқа айналу үшін не істеу керек? – деді Ерлік құмарта.

– Оның сырын айта алмаймын. Оны айтсам болмайды.

Телефондағы жазба тоқтағандай болды, Ерлік дереу телефонын қолымнан жұлып алды да, қалтасына сүңгітіп жіберді. Оның шалт қимылын сезіктеніп:

– Жалғасын тыңдатсаңшы, – дедім бетіне қарап.

– Телефонға толық жазылмай қалыпты.

Ол менен бір нәрсені жасырып тұрғандай, жүзіне күмәнмен көз тастадым. Ерлік баяғы сабырлы қалпын бұзбай, сенбей тұрсың ба дегендей көзіме тіке қарады.

– Құсқа қалай айналуға болатыны туралы айтпады ма сонымен?

– Жоқ, айтқыза алмадым.

– Сен осының бәріне сенесің бе сонда?

– Иә, сенемін.

Үнсіз қалдым. Ерліктің оқу оқымағаны, қалаға оқу іздеп келіп, қанша тырбынса да оқуға түсе алмағаны, білімнен құр алақан жан екенін есіме алдым. Бірақ шалдың әңгімесі мені де қызықтыра түскендей.

– Күллі ауылдың тұрғындарының құсқа айналу тарихы бар болғаны ма?

– Иә, үлкендер қалай құсқа айналуға болатынын білген, бірақ жастардан жасырып келген екен. Осы оқиғадан кейін ауылда жиналыс болып, ешкімге тіс жармауға уәде алып, өмірден қажып, кедейліктен азып-тоза бастаған ауыл тұрғындарына құсқа айналудың сыры айтылыпты. Кейбір отбасылар сол күні-ақ бала-шағасымен құсқа айналып ұшып кетті дейді ақсақал. Құсқа айналуды қаламаған отбасылар да болыпты, олар бұл сырды тірі пендеге айтпауға ант ішіп, аш қалмау үшін қалаға қоныс аударып кетіпті.

Ерлік менің көкейімдегі сұрақты оқып тұрғандай сөзін ары жалғап әкетті.

– Адам қатты қасірет тартып, азап шеккенде ғана құсқа айнала алады және белгілі бір дұғаларды айтуы керек. Бірақ дұғаны маған айтпады. Айтсам, сен сыр сақтай алмайсың, сосын қасірет шеккен адамдардың бәрі құсқа айналады. Мен табиғат заңын бұзған боламын деді.

– Сәбилері қалай құсқа айналған?

Ерлік не айтарын білмеген адамша абдырап қалды.

– Ол туралы сұрамаппын ғой. Мүмкін жетімдер үйіне өткізіп кеткен шығар.

– Шалдың әңгімесінің бас жағын айтсаңшы. Сонда бәрі неден басталған? – деп қоймап едім, Ерлік бір нәрсені есіне түсіргендей үнсіз қалды да, тіл қатты:

– Қалған әңгімені бір кездескенде айтайын.

Менің құтқуырлап сұрап қоймағанымды жақтырмай отырғанын байқап, үнсіз келістім.

Біз қалаға таяғанда ымырт үйіріліп, түн қоюланып келе жатты. Алдымызда қала шамдарды самаладай жарқырайды. Екеуміз де ұзақ жолдан қалжырағандаймыз. Ерліктің осы әңгімелерінен кейін ойым он саққа кетіп, қиял үстінде келе жатырмын. Ішімде шын, жалған деген ой бір-бірімен арпалысып келеді. Ерлікке ұрлана қарап қоям. Оның көңілі тоқ, көз жанары жайнап тұрғандай. Ол менен бір нәрсе жасырып келе жатыр. Қала шетіне ілінгенде сол маңдағы ескі қабат үйлердің біріндегі Ерліктің жатағына келіп тоқтадық. Көліктен түсіп, бой жазып біраз тұрдық.

– Ал, мен кеттім, хабарласамыз ғой, – деп көлікке отырдым.

– Көріскенше, – деп қолын көтеріп қоштасқан Ерлік подъезге қарай аяңдап бара жатты да, кілт тоқтап, қайтып келді де, көліктің есігін ашып, мені құшақтап тұрып:

– Рақмет! Қош бол! – деп құшағынан босатты.

– Сенікі жайшылық па? – дедім Ерліктен мұндайды күтпегендіктен абдырап.

– Жай, керемет сапар болды, сол үшін рақмет, – деді де бұрылып жүріп кетті. Ол подъезге кіріп кеткеше артынан қарап тұрдым.

Араға бес күн салып, демалыс күніне орай Ерлікке хабарластым. Телефоны сөніп тұр екен. Түске дейін бірнеше рет хабарласып, ала алмадым. Онымен бірге темір зауытында істейтін ортақ танысымызға телефон шалып Ерлікті сұрап едім, оның үш күннен бері жұмысқа келмегенін, өздері де хабарласа алмай отырғанын айтты. Сол кезде ішім бір нәрсені сезгендей, жүрегім өрекпіп сала берді. Дереу жиналып үйден шықтым да, Ерліктің жатағына қарай асыға жол тарттым.

Ескі ғимараттың екінші қабатындағы Ерліктің жатағына келіп, есігін қақтым, жауап қатқан ешкім болмады. Есікті ақырын итеріп едім, құлыпсыз есік шалқалай ашылды да, ашық тұрған терезеден ескен самал бетімді өпті. Ерлік үйде жоқ екен. Жалғыз кісілік ескі кереуетінің жанындағы кішкене сандықшаның үстінде телефоны жатыр. Қабырғаға шегемен ұстатып қойған сөренің үстінде екеуміз көлге барған кездегі киген киімдері қатталып жинаулы тұр. Еңкейіп көз жүгірттім, кереуеттің астында екі аяқ киімі тізіліп қойылыпты. Жүрегім бір сұмдықтың болғанын сезгендей, жүгіріп ашық тұрған терезеге бардым да, сыртқа көз тастадым. Үйдің төбесінде кептерлер айнала ұшып жүр. Терезенің жақтауындағы құстың жалғыз қауырсынына көзім түсіп, қауырсынды алып, айналдыра қарап, қандай құстың қауырсыны екенінін дөп басып ажырата алмадым. Осы кезде сырттан ақ кептер ұшып келіп терезенің темір торына қонақтады да, бөлмеге қайта-қайта қарағыштап, «гурк-гурк» етті де ұшып кетті. Ерлік, мүмкін, хат қалдырған шығар деген оймен бөлмесін ақтарыстырып, ештеңе таба алмадым. «Сонда бәрі шын болғаны ма? Шынымен де Ерлік құсқа айналып кеткені ме?» дей бердім іштей. Екеуміз көлден қайтқан күні оның маған өтірік айтқанына көзім жетті. Шал оған құсқа айналудың барлық сырын жайып салған болды. Мүмкін, ол жазбасын толық естіртпеген шығар деген оймен телефонын аштым, фонына көкте ұшып бара жатқан ұшаққа тесіле қарап тұрған, қолына найза ұстап, басына үкі қадаған үндістің суреті қойылыпты. Телефонды ақтарыстырып алдындағы жазбаны таба алмадым. Ертесі таң азаннан жолға шығып, баяғы көлге қарай жол тарттым да, сиыр түс болған шақта межелі жердің тұсындағы қиыс кеткен топырақ жолға жетіп тоқтадым. Бірақ алдындағы біз көрген ауыл жоқ, оның орнында жел мүжіп, күн қақтап жермен жексен болуға айналған тоқал тамдар мен жапырағын желге тонатып сидиып жалаңаш қалған жалғыз бәйтерек ғана көзге шалынды. Жұрты ғана қалған үйлерді кесіп өтіп, ауылдың шетіне шыққанымда, баяғы айналасына қалың қамыс өскен, қаз-үйрегі шулаған жайсаң көл де, ескі лашық та зым-зия жоғалған. Тек айналасы саздауыттанып, жағасын сор басқан, оймақтай ғана жайдақ көл көзіме түсті. Су бетінде бес-алты қаз-үйрек ұшып-қонып жүр. Төбеден қаңқылдаған қаз дауысы естілді, аспанға қарадым, жалғыз қоңыр қаз төбемнен айнала ұшып өтті де, қанатын жайып, төмен қарай қалықтап келіп көлге қонды. Сонау батыс тараптан күздің сұр бұлты қаптап келеді. Кері қайтып бара жатып, не өң екені, не түс екені белгісіз осы аймаққа тағы да бір рет көз тастадым. Көз жетер жерде тірі жан байқалмайтын ұшы-қиыры жоқ далада сорайып жалғыз өзі ғана қалған алып бәйтерек сібірлеп жауа бастаған күздің ақ жаңбырынының астында қалып бара жатты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар