Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жазушы Несіпбек Дәутайдың 70 жылдық мерейтойы өтті...

04.10.2017 8488

Жазушы Несіпбек Дәутайдың 70 жылдық мерейтойы өтті

Жазушы Несіпбек Дәутайдың 70 жылдық мерейтойы өтті - adebiportal.kz

«Айғыркісі», «Аты жоқ әңгіме», «Құдірет пен Қасірет» сынды кесек-кесек шығармаларымен қазақ әдебиетіне бітімі бөлек болмысымен келген жазушы, көрнекті қазақ қаламгері, қазақ әдебиетінің арқары, Қордайдың құлжасы, Несіпбек Дәутайұлының 70 жас мерейтойы Жамбыл облысында облыстық драма театрында өтті.

Әдеби сазды кешке облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Алматы мен Атырау өңірлерінен арнайы ат терлетіп келген зиялы қауым, қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай көрнекті өкілдері және жазушының оқырмандары қатысты. Салтанатты шараны белгілі жазушы-драматург, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Рахымжан Отарбаев ашып беріп, жүргізіп отырды.

- Артында бай рухани мұра қалдырған бабаларымыз қашанда өнер мен әдебиетті биікке қойып, жадынан шығармаған. Өзіндік ұлттық дәстүрі қалыптасқан қазақ әдебиеті де әрқашан да құзар шыңның биігінен көрінген. Абай мен Шәкәрім, Сәкен мен Ілияс, Бейімбет пен Мағжан, Мұхтар мен Сәбит салған сара жол бүгінге дейін ұрпақтар сабақтастығын жоғалтқан жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап ұлттық әдебиет пен өнерді дамыту мәселесін бір сәтке де күн тәртібінен түсірген емес. Мемлекет басшысының «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз» деп, әдебиет әлемі мен өркениет көкжиегіне көтеруді көрсеткен. Бүгінде азат елдің әдебиеті мен өнері баршаға танылып үлгерді. Жамбыл жұртынан бабалардың ұлы жолын жалғап, қалам құдіретінің қуатын танытып келе жатқан талантты тұлғалар аз емес. Өңірден шыққан алғашқы прозашы Бауыржан Момышұлы, әдебиетке алпысыншы жалдары енген жерлестеріміз Шерхан Мұртаза мен Әкім Таразидің есімдерін сіз абыроймен жалғастырып келе жатырсыз. Сіздің қанатты қаламыңыздан туған «Құдірет пен Қасірет» романы, «Ақкөгершін», «Әнім сен едің», «Алма ағашының бұтағы», «Ақкүшік», «Алтын балық» повестері, көптеген көркем әңгімелеріңіз сізді төл мәдениетімізбен әдебиетіміздегі шынайы тұлға ретінде танытты. Аталған шығармалар сізге әдеби бәгелердің үш мәрте жеңімпазы, ең үздік роман байқауының жүлдесін, халықаралық «Дарабоз» конкурсының алтын медалін, «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Халық сөзі» газетінің сауалнамасы бойынша 2012 жылдың үздік қаламгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сияқты айбынды атақтар алып келді. Ол сіздің туындыларыңыздың оқырмандар жүрегінде даңғыл жол тапқандығының жарқын көрінісі. Осыдан 4 жыл бұрын өзіңіз іргетасын қалап, алғашқы саны жарық көрген, бүгінде қалың оқырманы бар «Жамбыл» журналы қысқа мерзім ішінде мағыналы мазмұны бар елімізге танымал басылымға айналды. Өміріңіздің есте қалар ерекше салиқалы сәтінде деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, баянды береке тілейміз. Қазақ әдебиетінің алтын қорына сіздің бергеніңізден береріңіз көп болғай, әрдайым халқыңыздың ыстық ықыласына бөлене беріңіз, - деп Бекболат Серікбекұлы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың құттықтауын жеткізді. Құттықтауда аймақ басшысы: "Ұлы өмір көшінде қашанда адамдық, азаматтық биіктен көрінуді, ел үшін ерен еңбек етуді мақсат тұтқан таңдауыңыз, өзіңіз көздеген мақсат-мұраттардың өзегіне айналып, белді де беделді белестерді бағындыруға септігін тигізді. Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесіңіз бен оны дамыту жолындағы еңбегіңізді еліңіз лайықты бағалап, құрметке бөледі. Мерейлі мерейтойыңызда сізге өмірдің бар жақсылығын тілеймін» деп өз лебізін жеткізіпті.

Бұдан кейін текті сөзді тізгіндеген Рахымжан Отарбаев жиналған көпшілікке Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтың құттықтау хаттарын оқып берді. Онда тәуелсіз еліміздің әдебиетін өркендетуге елеулі үлес қосқан, абыройлы істермен өрнектелген жазушының еңбек жолы жайында сөз өрілген. Сонымен қатар салтанатты басқосуда Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан сөз алып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаттарын оқып берді. Мерейтойға арнайы келген қазақ әдебиетінің ақсақалы Марал Ысқақбай жазушының бала күніндегі санадан сөнбес сәуледей сәттерін сөз етсе, белгілі жазушы, Балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен» ЖШС-і бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек «Нобель» сыйлығын алған жазушылардың шығармаларынан еш кем түспейтін Несіпбек Дәутайұлының теңіздей тұнық терең мағыналы туындыларына кеңінен тоқталды.

- «Әне, – деді жолдасым, әне «Шұғаның белгісі көрінді... өй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!..», – деген сөйлемді бала күнінде кітап бетін ашқан қазақтың баласының бәрі біледі. «Қостанай неге «Шұғаның белгісіне» ескерткіш орнатпайды?» деген мәселе көтердім. Сол Қостанайға баратын үлкен жолдың бойында «Шұғаның белгісі» тұрса, әдебиетке одан артық қандай насихат керек? Бұл жәйдан-жәй айтыла салған сөз емес. Осы бүгінгі жазушылардың көзге түсетіндері әдебиетте Бейімбеттің балалары сияқты. Әсіресе облыстардағы жазушылар ел ішінің мінез-құлқын жақсы біледі. Олар алдымен мінезді суреттейді, мінездері кесек, жандары таза, жүректерінде намыс бар адамдарды жазады. Міне, біздің елдің адамдары осындай екен, олар жақсы адамдар екен, бірақ тағдырдың осындай қиыншылығына ұшырап қалып отыр. Әйтпесе олар таулардай биік, даладай кең, көлдердей тұнық деген идеяны миыңа сіңіреді. Осы үлкен идеяға жұмыс істеп жүрген қаламгерлердің белді бір өкілі Несіпбек Дәутайұлы. Өз өмірінде де, сөз өнерінде де тұрқы бөлек адам. Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутаев есімізге түсетінді шығарды. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, ежелгі грек мифологиясында кентавр деген ұғым бар. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіреді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутаев біздің ұлтымызға тағы бір жақындатып қойды. Бұл кісі «Айғыркісі» деген әңгіме жазды. Ескі мифологияға жаңаша мазмұн беретін мұндай образды тудыру екінің бірінің қолынан келмейді. Асырып айтқандық емес, атауының өзінде мифологиямен тайталасқан образ тұр. Маған бұл шығарманың басқасы басқа, тап осы Таразда туғаны заңдылық сияқты көрінді. Екі мың жылдан астам тарихы бар жерде қалам ұстаған үлкен дарын иесіне рухтар да көп ой салатын болса керек. Ежелгі ғұндардың, сақтардың, үйсіндердің тұлпарларының тұяғы дүбірлетіп өткен жерде жазушыға осылай арқаланып жүрген бек жарасады. Жазушы деген кім, оның жазған кітабы не, бізге қандай керегі бар? Осы сұрақ ойлантпаған оқырман жоқ шығар. Сол сұрақтарға бір-ақ ауыз сөзбен жауап берер едім. Жазушы да, кітап та, бізге керегі де – есте жүретін образдар. Осындайда біз өзіміздің образымызды жасай алмай жүрген ұлт секілді көрінеміз. Қазақ деген ұлтты қандай болмыста елестетеміз? Кейде жер боп қалған көңілдің жетегінде кететініміз өтірік емес. Несіпбек Дәутаев ер мінезді ұлттың образын сомдап жүрген суреткер, - деп Жүсіпбек Қорғасбек Несіпбек Дәутайұлының шығармаларын шет елдің классикалық туындыларымен салыстырмалы түрде жіліктеп талдап берді.

- «Мен» деген жазушы қандай тақырыпты қаузап жүрсе де, өзі өмір сүрген заман мен қоғамның сырын ашсам деген бір талпынысты бәрібір жасайды. «Құдірет пен қасірет» осы мақсатта туған, арқалағаны атан түйеге жүк боларлық кезеңдік роман. Оның «Көгілдір көйлекті келіншек» атты әңгімесін атақты жапон жазушысы Кобэ Абэ жазыпты десе, таңқалмас едім. Кобэ Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» повесінде құм қойнауында қалған мекен мен ондағы адамдардың тағдыры суреттеледі. Бала күніміздегі «қуыр-қуыр қуырмашты» еске түсіретін осы хикаят әлемді шарлап кетті. «Көгілдір көйлекті келіншекте» ондай құм жоқ, физикалық тұрғыда құм шұқырда қамалып қалған адам да жоқ. Бірақ, «Көгілдір көйлекті келіншекті» «енді не болар екен», «апыр-ай, енді қайтер екен», «мына жағдайдан қалай шығар екен» деп құмартып оқисыз. «Құм құрсауындағы әйел» құм тұтқыны болса, «Көгілдір көйлекті келіншек» – жан тұтқыны. Екеуінде де оқырманды бір сәт те босаңсытпай, бір ысынтып, бір суынтып отыратын тылсым қаракеттер бар. «Көгілдір көйлекті келіншекті» оқығанда, «мұндай әр сөйлемі серіппедей ширығып тұрған әңгімені жазу үшін жазушы қанша энергия жұмсады екен?» деп те ойланасың. Әлгі «ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» деген осы. Несіпбек Дәутаевтың «Жалғызілік» әңгімесін қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь жазыпты десе де, «әбден мүмкін» дер едім. Мо Янь шаруаларды жақсы көреді, олардың әрекетін күлкілі етіп жазғаны сонша, көзіңнен жас шығарады. Сол сияқты Несіпбек Дәутаевтың «Жалғызілігі» де тұншығып күліп, тұншығып жылайтын, жылататын әңгіме. Жазушының шеберлігі сонда, кейіпкерінің көрген азабын күлкілі істері арқылы жеріне жеткізе суреттеп береді. Несіпбек Дәутаевтың әңгімелерін бірін мұңлы, бірін күлкілі притча немесе тәмсіл деуге толық келеді. Притча дегеніңіз кәдімгі мысалға жақын жанр. Несіпбек Дәутаевтың шығармаларының бәрі өмірдің мысалына құрылған. Әлем әдебиетіндегі мықты жазушылардың бәрінің шығармалары өмірдің мысалымен жазылады. Протестік дүниелер Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовта ғана емес, Бейімбет Майлинде де бар. Кейінгілерде Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменовте айқын көрінеді. Бүгінгілерден мен сөз басында Бейімбеттің балалары деп атаған жазушылардың көбінде ұшырасады. Бұлардың шығармаларындағы протестік сипат қатал реализммен астасып жатыр. Солардың ішінде Несіпбек Дәутаевтың үні өзгешерек естіледі. Несіпбек Дәутайұлы санамызда бір ғана сөзбен есте жүретін образ сомдады. Айғыркісі – ескерткішке айналуға лайықты образ. Сөз басында «Шұғаның белгісіне» ескерткіш орнатылса» деген әңгімені бекер айтқам жоқ. Жалпы әдеби кейіпкерге орнатылған ескерткіш, авторға орнатылған ескерткіш емес. Сондықтан артық кетті деп тарпынудың қажеті шамалы. Сәтті табылған образ елдің санасынан онсыз да өшпейді. Несіпбек Дәутайұлы деген есімді ұмытып қалып, «Айғыркісі» деген атауды ұмытпай жүруіміз де әбден мүмкін дегім келеді. Жазушыға өзін ұмытса да, сомдаған кейіпкерін ұмытпаса, одан үлкен бақыт жоқ! - деді ол өз сөзінде.

Ән мен жырға арқау болған әдеби кеш барысында республикалық басылымдар мен баспа басшылары да сөздің тізгінін ұстап, құттықтау, лебіздерін жеткізді.

- Нес аға – өзі де сөзі де өзгеше,мінезі кесек, қолтаңбасы қайталанбас, тумысынан текті, тұрысы дара Баукең, Шерағаңдардан басталған құтты керуеннің жалғасы іспетті. Көненің күмбірі Кенен атамыздан нәр алған, қастерлі Әулиеата топырағынан жаралған Төле бидей тура, шыншыл да сыршыл Несіпбек ағаның тойы баршамызға ортақ мереке, құтты болсын. Қазіргі қазақ прозасында құлагер шабытпен құйғыта жазған, құзға бойын тастаған құлжадай тұнықты көксеп,тың тақырыптар арқылы оқырманды олжалы еткен Несіпбек аға оқырман қауымды өрнегі өзгеше жаңа стильдегі көкркемдік дүниетанымдық ізденістермен Қаратау шертпелеріндей бейнелі дәстүрлі эпикалық баяндауларымен, ұлттық бедерлі танымымен өзіне баурап, қаймана халқымыздың әлеуметтік-қоғамдық күрделі өмірін адамзатқа тән ақиқатпен шебер жұмдастыра жеткізетін жазушы. Сөз зергері Несағаңның прозасындағы кейіпкерлер әлемі өмірдің буырқанып қайнаған өз ішінен, өзегінен ойып алынған шыншыл да, сыршыл келеді. Несаға шытырман өмірден шындықты іздеген қайраткер қаламгер. Жазушының стильдік ұстанған бағыты да айқын. Ол кейіпкерлерін көлгірсіп көркемдемейді, әсіре әрлеп әсемдемейді, өйткені жазушы бүгінгі әлеуметтік қоғамдық алуан түрлі кеселдерді, ұлттық тамырымызға жегі құрттай жабысқан сан алуан кесапаттарды боямасыз суреттеп, әрбір шығармасы ащы дабыл қағады. Нарық жаманында жүдеп қалмай үдей түскен, өзгеше шығармашылық орта қалыптастырып, ауылда отырып-ақ тәуелсіз көзқарасқа жас буынды баулыған, соны соқпақ салып ешкімге ұқсамаған дара қолтаңба қалыптастырған тарпаң талант табаны қыза шабатын тарлан жүйрік шынымен жүзден біреу саналады. Кешегі отаршылдық зардабы мен бүгінгі ғаламданудың кері ықпалынан құндылықтар күйреп, біз түгіл жалпы адам баласы өзіне өзі жұмбақ болып, тұйықталып бара жатқаны шындық емес пе? Жазушының шеберлігі де, шығармашыл мұраты да сол – парасатты адамзатқа ортақ құндылықтар жүйесін, адалдық пен мейірбандықты өзі ғана іздемейді, санаға сілкініс туғызу арқылы сені де іздеуге мәжбүр етеді. Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру, ұлттық кодты іздеу, сананың сілкінуі, жадының жаңғыруы, жақсылықтың салтанат құруы деген осы емес пе. Ұлтқа қызмет еткен ұтылмайды. Түгел түркіге ортақ тамыры терең Тараз жерінде тұрып, қаламымен халқына қызмет етіп отырған Несаға, есімі жалпақ жұртқа ұран болған Жамбыл бабамыздың атындағы журнал шығарып, жалғыз өзі біртұтас әдеби орта қалыптастырып отыр. Несағаңнан тәлім-тағылым алдық. Әңгімелерін тыңдап, жанында жүрдік. Біз сияқты қаншама жастардың қанаттарының қатаюына ықпал етті. Сондықтан қашанда төрден таймаған, Шерағамыз Қордайдың қоңыр құлжасы атаған, қазақтың қастерлі құндылықтарын жоқтаған жазушы ағамызбен бірге шындығын тапқан қазақ көп болғай,- деді Халықаралық түркі академиясының президенті,»Егемен Қазақстан» газетінің басшысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дархан Қыдырәлі.

Кеште сонымен қатар, белгілі ақындар Есенғали Раушанов, Аманхан Әлім бастаған ақындар жазушының болмыс-бітімі туралы, шығармашлығы туралы ойларын айтса, жазушы ағасына Алия Дәулетбаева жырмен ізгі лебізін білдірді.

Сұрағым бар...
(Несіпбек Дәуітайұлына)

Ейй, жан көкем, көкірегі көк теңіз,
Осы бала албырттау деп сөкпеңіз.
Жан жарасын жаңғыртты -ау деп сөкпеңіз...

Сізге қояр сұрағым бар, сұрағым,
Қаршығамен неге туыс құладын?
Соны ойласам шытынайды шыдамым...

Іші нәжіс, сырты жылтыр әдемі,
Мынау- менің заманымның жәлебі...
Ол да болса қара өлеңнен дәмелі...

Шертетіні - шегірткенің ғазалы
Елітетіні - ібілістің ажары...
Селебесін суық сөзбен жанып ап
Делебесі дембіл-дембіл қозады.

Жатыр әне жанарында мыстандық,
Отыр әне қу молада іштарлық,
Сілекейі шұбырады сәт сайын,
Құзғын пиғыл қапы кетер тұсты аңдып.

Қашанғы ол қара түнді мекендеп,
Қайта-қайта қан түкіріп жөтелмек.
Кейде ойлаймын, ең бақытсыз сол пенде
Есі кетіп ғашық болса екен деп.

Мүмкін содан сәулеленер түйсігі,
Ізгілікке, іңкәрлікке исініп.
Күнгей жаққа бұрар сосын керуенін
Кеудесіне күмбір-күмбір күй сіңіп.

Мүмкін сосын қараулықтан қайтар ол,
Мүмкін сосын адам жырын айтар ол,
Махаббаттың иесі мен киесі
Сайтанды да сұмдығынан қайтарар.

Ейй, жан көкем, көкірегі көк теңіз,
Осы бала қызбалау деп сөкпеңіз...
Жүрегі ерте мұздады –ау деп сөкпеңіз...
Әуейі мен әумесердің үстінен,
Шаршай-шаршай қанат қағып өткеміз...
Оған куә жердегі өсек, көктегі із...

Ейй, жан көкем, көкірегі көк теңіз...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар