Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозалық байқауы. №13 шығарма...

28.04.2023 1615

«Жетісу көктемі» прозалық байқауы. №13 шығарма 14+

«Жетісу көктемі» прозалық байқауы. №13 шығарма - adebiportal.kz

       Әйкеннің балтасы 

       повесть

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №13 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мен Әйкенмін. Жасым 38-де. Семейдің атақты Абыралы ауылында туған екенмін. Атақты екенін әжем айтқан. “Есіміңді сонау отызыншы жылдары тұқымың өшкір Голощекиннің иттігінен болған ашаршылыққа қарсы Шыңғыстау, Шұбартаумен қатар көтерілген Абыралыдан топ бастаған батыр арғы атаңның құрметіне қойдым. Байғұсым, қыршынынан қиылды-ау…” деп  бет орамалын алып, көзін сүртетін. Әлгі кітаптарда айтылатындай ұлы Абайдың, ғалым Шоқанның тұлғалық қалыптасуына зор ықпал еткен әжелері Зере мен Айғаным сықылды менің де әжем солардан қалыспайтын дана кісі еді. Сиқырлы мың бір түннің ертедегі ертегілерінен бастап, жыр-дастан, ән, өлең не керек бәрін бойыма сіңіріп өсірді. Жасқаншақтанбай, еркін жүріп, анық нық сөйле деп жігіттікке тән қасиеттің барлығын бекітті. “Сенің бабаң – көктүрік, шетсіз-шексіз далада кеңдікті, еркіндікті сүйіп өскен. Рухымыз көкті аңсайды, сондықтан әрдайым көкке қарап, сүттей жарық ай нұрын алақаныңмен сипап, аялауды ұмытпа!” деуші еді бала күнімде. Құшағы тола мейірім, әр ісі үлгі-өнегеге айналған апамның қадіріне жете бермедім. Өмірдегі  жалғыз өкінішім осы. 

Бүгін орталықтағы мектепке бара жатқан жас бүлдіршіндерді көріп, өзімнің де  мектеп табалдырығын алғаш аттағаным еріксіз есіме түсті. Онымен қоса апамның да жарқын бейнесі санамда қайта жаңғырды. Мектеп біздің үйден төрт шақырым шалғайда орналасқан болатын. Әсіресе қыс түскенде мектепке бару адам төзгісіз бір қиямет-қайымға айналушы еді. Менің тіземе келетін қалың қар жауады.  Апамның тастамайтын қара пимасы бар еді, сонымен маған қалың қардың арасынан жол ашып, із қалдырып отырады. Ал мен болсам сол жаным апам салған іздің үстінен басып, сол жолды қайталап артынан еріп жүрер едім. Сол кезде маған алда жалғыз жаяу тартқан апамның не ойлап келе жатқаны қызық болатын… Алғашқы күні-ақ мектептен ботадай боздап, жылап келіппін. Апам себебін сұраса бірінші күннен-ақ сыныптас қызға ғашық болып, ол да намыстанып жылап, менің көңілімді қайтарған көрінеді. Сонда мен апамнан “енді ешқашан қайта жақсы көре алмаймын ба?” деп сұраппын. Апам жарықтық мені көтеріп, “құлыншағым-ау” деп бетімнен шөпілдете сүйе беріпті. 

Бірақ жетінші сыныптан соң, мектепті тастайтын болдым. Нақты не нәрсеге бола тоқтатқаным есімде жоқ, мүмкін мұғалім қатты зекіп сабағаннан болар, мүмкін түптің түбінде бәрібір оқып қарық қылмайтынымды білген де шығармын. Бұл ісіме әуелі әжем қатты ренжіді. Одан соң көнбеске амал қалмады, үйден шықпай айлап сал адамша жатып алғанымда апам өзім-ақ үйретемін деп келісімін бергендей болды.

Мың адамға жетер жетпес ауылдың жалғыз бетке ұстары өзім сосын көрші ағам Жарылқасын. Рас айтамын, сенбесеңдер ауылдан сұраңдар. Менсіз ештеңе де бітіре алмайды. Ертеден тұра сала еститінім “әй, Әйкен су тасып берші, әй, Әйкен отын жарып берші, мынаны істеші, ананы істеші сенен артық ешкім де тындыра алмайды”. Оны өздері де мойындайды. Айтып отырмын ғой, менсіз күндері қараң.

Әйкеннің балтасы

Мені шебер балташы ақсары шал жасап шықты. Оған дейін таулы жерде әдемі жайқалған үйеңкі ағашы едім. Түбімнен сіресіп қатып қалғандай тамырланып кеткен жуан әрі қайратты қолдар балталап шауып алды. Шеберханасына барғанымда небір кереметті көрдім десеңізші! Қайың ағашы, емен, діңі қатты шаған тіпті шамшат та бар. Мені кесіп-жонып болған соң, ақсары шал білегін сыбана аса ұқыптылықпен сүргіледі. Одан соң аппақ сақалын сипай отырып, әккі балташы  пішінімді келтірді. Бір шелек салқын суға салып, әбден тазарып кебуімді күтті. Бір ғажабы бұл кезде де өзімді әлі сол баяғы үйеңкі ағашы ретінде сезіндім. Жоқ, жалманы жарты ай сияқты жүзі өткір айбалта емеспін. Хан ордасының күзетшілері ұстаған ұзын сапты айбалта болуға да жазбапты. Қақтау әдісімен жасалған, алтын-күміспен булап сабыма жалт-жұлт еткен түрлі әшекейдің көз қарықтырар кереметтері қонған ала балта да емеспін. Тұлдыр жалаңаш ағаш сап болып тұрғанымда басыма темір жүзді орнатқанда ғана отын жаруға арналған қарапайым қара балта болып шыға келдім. 

Әйкенді айтайын ба? Өмірімде дәл осы Әйкен менің қожайыным болады деп ойламаған едім. Қоңқиған мұрын, қалқаң құлақ, сықсиған көз, титықтаған ап-арық сондай ұсқынсыз адам болатын. Қара жұмыс адамды жегідей жейді емес пе?! Жасынан бұрын қартайып кеткендей, маңдайындағы қатпарланып кеткен әжімдерін тіпті санауға болатындай. Жиын-тойларда ешкім сөз бермейтін кісінің жаманы еді. Сөйлегенде сақау сөйлей ме қалай өзі?! Сол  Әйкен мені  жетішатыр Семейден 300 шақырым шалғайда орналасқан Абыралыға көршілес “Қайнар” ауылындағы базарлардың бірінен  сатып алды. Сол күннен бастап мен Әйкенге және оның жарылып кеткен қолдарына қызмет қыла бастадым. Тек Әйкенге ғана емес оның көрші-қолаң, бүкіл таныстарына да жұмыс жасадым. Бейшара ертеден қара кешке дейін тыным көрмейтін. Кейде осы жаманның ақкөңілдігіне таңданбай тұра алмайсың. Осындай да бола ма екен адам баласы?! Ал басқалары бұның сол “әлсіздігін” пайдалана беруден аянып қалмайтын.

Бұл ауылда тамұқ жалғыздығының уын бір кісідей тартқан адам болса, ол бірден-бір Әйкен еді. Әке-шешеден көз жазып қалғанда, бұл әлі бала болған. Туғаннан жалғыз өскен ол ит-мысықпен бауыр болды. Көшеде сан мәрте иттердің алдына шыға келгенде құйрықтары бұлаңдап   жып-жылы тұмсықтарымен бұның қолын жалап кететініне талай рет куә болдық. Ауылмен қоса иттерін де осы Әйкен асырайтын. Тек анда-санда жалғыздықты әжесі ғана ұмыттыра алды. Ақылды, данагөй кісі, сөйлегенде ордадағы сұлтандардың өзіне ықпал ете алатын әмірі күшті Әз-ханымдардай шешен еді. Әлі есімде, әжесі айтып отыратын, көршілері Жарылқасындардың отбасында дүниеге екінші нәресте келіп, үлкен қуаныш орнаған сәтте  ыстық лебіз білдіруге Әйкеннің ділмар апасы да барды. Сонда жиналған қауымның барлығын аузына қаратып былай деген еді:

– Дұрыс жарқындарым, көбейіңдер айналайын! Бір-екі бала халық санын көтермейді. Бір бала әке орнын басады, бір бала шеше орнын басады. Ал бір бала Құдай  ажалына!, - деген ашты болса да ақиқат сөзін естігенде жұрт гуілдесіп “рас сөз-ау” деп құптағандай таңдай қаға таңырқасып қалған еді. Сонда бергі бұрышта отырған қатындардың біреуі қисайып “өзінде бір-ақ немере неменесіне жетісіп, ақылсына көлгірсиді” дегенде:

– Тәйт, жаман неме, қипақтамай жөніңе отыр! Алақанға жалғыз баланы еріккеннен салып отырғам жоқ. Көрерсіңдер әлі осы тұрғанда менің Әйкенім он балаға татитын жігіттің сырттаны болады! – деп себепсіз сөккендерді ұялтқан еді. Ал кейбір сәттері адуынды мінезін де байқап қалуға болады. Ондайды асыл әже бір ауыз сөзбен ғана ұғындырғандай болады. 

Шаңқай түс. Әбден қысқарған көлеңкенің кезі. Әйкен отын жарумен айналысып жатты. Маңдайынан төменге қарата сызылып сырғыған ащы терді сол қолының жеңімен сүртіп, бір сәтте желге арқасын сипата бөрененің үстіне отыра кетті. Алыстан жүрісінің екпіні қатты адам нобайы байқалады. Құдды меккеден жаяу келе жатқандай кеудесі сырылдай, әлсін-әлсін екі иінінен дем ала таяғына сүйенген Нағима  апаны жазбай таныды. Бірден Әйкеннің апасына үйге қарата алшаңдай басты. Біраздан соң шүйлігісіп қалғанға ұқсайды сыртқа шыға бергенде әжесі қабағын қар жауғандай түйіп:

–   Қалай-қалай сөйлейсің, өзі сен кемпір?! Менің кім екенімді ұмытып қалып, сені қай қара басты?! Әй, мен Қаракерей Қабанбайдың ұрпағымын!, - дегенін естіді. 

Осы сөзді әженің шамына тиген талай адам естіді. Бұл мінезі ерекше бір сүйіспеншілік туғызғандай өзіне ғана жарасушы еді. Жұрт күлісіп әңгіме ғып отыратын. Содан бері Әйкеннің әжесін “найман әже” деп атап кетіп еді. Ал немересі Әйкен керісінше адам баласына кәрін көрсетпеген момын еді. Дегенмен ішіндегі бар ашу-ызасын маған салатын. Ондайда бір қысқа жететін отынды жарып тастауға дейін бар-тын. Арық болса да шымыр қос қолымен сабымды ұстағанда оның тұла бойын кернеп, зығырданын қайнатқан күш маған жайылғанда тылсым әрекеттер әсерінен маған міне-міне жан бітіргендей күйге ұшыратар еді.

Әйкеннің айнасы

Түпкі бөлменің бұрышында төсек үстінде арқасын маған беріп әже отырды. Оған қарама-қарсы кібіртіктей көзін ашып, кейде кірпігі ілініп бара жатқан баланың пәк жүзі маған қарата шағылысады. Ай жарығы әженің ақ жаулығына түсті. Әйкеннің арқасын сипай, қара түнді жамылып, апасы ертегісін айтып отырды. Оның арқасын баяу сипалаған аяулы қолдың мақтадан мамық жұмсақтығын өзім де сезінгендей болдым. Оның ертегі-жыр айтатын жан еліттірер даусы –  айналаны қараңғылық патшалығы билеп, кісі сұлбасы сығалаған түнгі жарықтан    әрең-әрең қараңдаған сәтте түн тылсымымен терең тоғыса астасып, адамды, адамды ғана емес бар әлемді күңіренте сазды тербеткендей ерекше бір күйге түсіреді. Бұл көрініске мәңгі қарауға болар еді. Тек адамдар мәңгілік емес қой… Аздап жөтеліңкіреп алған соң асыл әже былай деді:

– Арада біраз уақыт өткен соң аты елге мәлім бір кісі келіншекке келіп, екі

достың қарақшыларға тап болып, қазаға ұшырағанын, оның біреуі келіншектің күйеуі екендігін қаныпезерлер олардын басын кесіп, айдалаға тастап кеткенін хабарлап, көңіл айтады. Қайғылы хабарға арудың жаны күйзеліп, әлгі жерге барып көз жасын көлдете Алла тағалаға мінәжат етеді. Оларға қайтадан өмір сыйлауын сұрайды. Жаратқан ием тілеуін берсе, екі достың бастары бір-біріне араласып жаңылыс түскен екен. Сол кезде ғажайып ирам бақтағы сұлу перизат ұйқысынан еріксіз оянып бұл жұмбаққа былай жауап беріпті, “Әңгімеңе жан-дүнием пида, сырттай бас адамға жақын болса да, бірақ тіршілік тәнге тиесілі, тәнге сырлас, демек оның сырласы тән болуы керек”. 

Бұл Мұхаммед Хайдар Дулати деген шығыс ғұламасының “Жаһан-наме” дастаны болып шықты. Бірақ Әйкен де мына тұста сіресіп қатып тұрған мен де дәл осы сәтті түсіне алмадық. Дегенмен ардақты әженің ертегілерін тезірек тыңдау үшін жаратқаннан күннің тез батуын тілейтінбіз.

Мен бұл үйден әмісе қонақ үзілмейтініне кепілдік бере аламын. Көрші бөлмедегі дастарханда  меймандардың арқа-жарқа шат күлкіге бөленіп жатқандары үнемі естілетін. Көрші ауылдан біреу келе қалса немесе жаңалық тасушы қатын-қалаштың бәрі найман әжеге соқпай кетпейтін. Сондай күндердің бірінде ауылға үлкен қуаныш болған жаңалық келді. Құтым есімді дудар бас жігіт көрші ауылдан келіншек алып үйленетін боп шешті. Дәстүр-салт, жоралғыдан аттамаған ауылдағы үлгілі отбасы. Кейде ежелден ұмыт қалдырған әдет-ғұрыпты орындап жатқанда таңғалмасыңа амал жоқ. 

Әйкен ол кезде бозбала болып қалған шағы. Ағайын-туыс болып “болғанынан боладысы қызық “ дегендей думанды тойды ақылдасып бәрі шат-шадыман мәз-мейрам болған. 

Астында қыры шығарылған шалбар, маған қарап жеңі жоқ, тарыдай дақ түспеген аппақ көйлекті киіп менің алдымда біраз таранды. Шашты сулап екі жаққа қарай қайыра тараған. Үстіне тәнінің өз исін ұмыттырып жібергендей әтірді өлтіріп тұрып септі. Жалт-жұлт еткен туфлиі қандай жарасымды! Осы сәтте адам көркі шүберек екенін Әйкен алғаш түсінгендей болды. Есіктен әжесі еркелете сөйлеп кірді:

 – Шіркін-ай, қай сұлудың маңдайына біткен бағы екенсің?!

 – Қойшы, апа!

 –Үйбай, мынауың қайтеді?! Ертең Құтымға түскен күн сенің де басыңа келеді, жоқ әлде мына бес күн жалғаннан әйелсіз өтем деп пе едің?! 

Бұдан соң найман әже ежелгі әдетіне салып, Әйкеннің сау тамтығын қалдырмай сүйе бастады. Әйкен бетін қайта-қайта сүртіп қашқақтап еді

– Тұқымың өскір, жаман бала! Ертең Құдай қалап,  келін әкеліп мен шөберелі болып жатсам  сен боқ сасып қаласың ғой!, - деп ішек-сілесі қата күлді. 

Әйкен тойға сақадай  сай болып далаға шықты.

Қабырғадағы кілем

Мен өзімнің қалай кілем болғандығымды, бұл жерге қалай келгенімді айтып, уақыттарыңызды алмай-ақ қояйын. Оның үстіне зеріктіріп те алармын. Тек көргенімді айтайын. Той болатын күні мені ақ шатырлардың төріне әсемдеп іліп қойды. Мақтамен-ау шамасы Құтым қосылған Гүлзия деп жазды. Төбем жақта тіпті махаббат символына айналған қос аққудың да бейнесі тұр. Алдымда “Т” формасында орналастырылған ақ дастархан. Сахна секілді төмпешік болған шеткі бұрышта сұп-сұр ямаха, музыкалық аппарат пен колонкалар қойылған. Бәрі дайын болса да халық шұбырып шулап жүр. Дәл алдыма жас жұбайлар жайғасты. Жиналғандар арасынан Әйкенді байқап қалдым. 

Түнгі аспанға қолын асқақ созады, айды аймалағандай. Қатарластары бұған қарап күлді. Есі ауысқан санайды екен. Оның үстіне ақыл-есі кем дей ме, мектепті өздері секілді бітірмегендіктен болу керек тәрізді. Бәрібір де оны өздерінен бір саты төмен көрген. Әйкен сөйлегенде де кейбір дыбыстарға күрмеліп, тілі келмей қалатын. Көп сөйлемейтіндігі де сол себептен болар. Біраз уақыт өткенде ортаға әдеміше костюм киген асаба шықты.

                                 Тентек су

                                 Ерді қалайды

                                 Тынбайды дейміз өлтірмей.

                                 Ішетін ел бар алайда

                                 Араққа бір сөз келтірмей

                                  Жігіттің жампоз жайсаңы

                                  Жырласа қызып, 

                                  Күлмеңдер…

                                  Ішкіштер емес – той сәні,

                                  Той сәні – іше білгендер!

Топырласқан жұрт масаттанып, шаттана айқай-қиқуға салды. Артынан ысқырық естілді. Әйкен мұрны қусырыла асабаға жиіркене қарады. Асаба өлеңін тағы жалғастырды:

                                  « О баста өнер қонбаса,

                                  Сол үшін тойда күймек пе ер?!»

                                  Күйеді!

                                  Даусың болмаса,

                                  Ортаға шығып билеп бер!

                                  Өйтпесең, жұрттың оншама

                                  Көңілі саған толмайды…

                                  Өнерсіз адам болса да,

                                  Өнерсіз қазақ болмайды!

Жұрт тағы бір мәрте шуласып ду қол шапалақтай тамаша боп қалған. Енді біразының назары жас қалыңдыққа ауды. Уыздай жап-жас қыз жанарын төмен сызылта  жерге қараған күйі ұялыңқырап отырды. Біраздан соң би  басталды. Бұл Әйкеннің қыз баласымен алғаш билеуі болатын. Алғашында қимылы өз-өзіне ерсі көрініп, қораштанып еді, бірақ тез үйренісіп жақсы боп кетті. Төңіректі жаңғырып өзбек әні тұмшалап тастады. Әйкен әннен ештеңе де ұққан жоқ, бірақ өне бойыңның қылын тербеп, ғажайып әуезімен баурап алатындай. Бұнымен билеген құдаша қыз қандай сүйкімді еді. Үстіне киген көк көйлегі жеңіл желбіреп, қолында жұмсақ шарфты шыр айналдыра бұнымен әсем ырғалып бір биледі. Басқа жігіттер өтірік билеген боп барып, қызды өз еріктеріне тартып алғылары келіп еді, бұл әрекеттерінен ештеңе өнбеді. Алаң көңілді билеген тойлаушыларға толды. Ал кейбір билемеген топ дастархан басында бұларға қызықтай қарап қалған. Оң жақ бұрышта екі қолын айқастырып алып,  ішінен жасыл көйлекті галстук таққан жас жігіт міз бақпай тұрып қалған. Әйкен шын бақытты болды. Езуінен күлкі кетпей, бір сәтте арқасынан екі қанаты пайда болып, көктегі сәулемен асқақтап биіктей беріп еді… Жоқ, маған ғана солай көрініпті. 

Той тамаша өтті. Аяқталған соң тарқасуға бір-бірін қимай үлкен жігіттер ақтан ішіп, біраз дуылдатты. Сондағысы жастарға бақыт тілеп, Құтымның соншалықты жолы болғанын айтып қоймайды. Құтым да қызып алған. Гүлзияда тал бойына біткен өзгелерде кездеспейтін ерекше бір сүйкімділік бар еді. Сол сүйкімділік сені еріксіз өзіне шақырып, нағыз сұлулық пен көркем мінездің тамаша үйлесімділігін көрген сәтте жігіттің бағы бар екенін мойындамай тұра алмайсың. Боз балалар “Басқасы басқа  Құтым ағамнан бұл түнде бақытты адам жоқ шығар” деп қалжыңдасады. Солай дей тұра кеуделерінде дәл осындай қыз маған да бұйырса екен деген үміт оты пісіп, алға жетелейді. 

Бірақ қуаныштың артынан бір сұмдықты көрдім. Бәрі дудар бас жігіттің үйінен басталды. Ел тарап болды да, мені той иелері түкпір үйінің кіреберісі жақтағы сол жақ бұрышқа жинап қойды. Жастар жататын түпкі бөлмеге жеңгетайлардың біреуі кіріп, салты осы екен деп жоғарыдағылардан бұйрық алды да аппақ төсекті қысылып, әрең салды. 

Жас қыз болса екі беті өрттей қызарған үстіне қызара түседі. Осымен доғара салып ақырын ғана шығып кетсе де болар еді. Олай еткен жоқ. Қараңғы қапастан шыға алмай мөлие қараған көздерге аяусыз жанарын тікті де “таңертең жуып жая сал” деген әңгімені естігенде қыздың сол мезетте өле салғысы келді білем, алқымына тығылған өқсікті қысып қалды. Көздері жәутеңдеп, жүрегі тарс-тұрс соққан  қыздың жеке шекарасы тас-талқан болды…

Даладағы қол жуғыш

Жаңа күн орнауын барынша тілемеп еді, ол тілегі де қабыл болған жоқ. Кейбіреулері көрер таңды көзімен атырды. Күйеу жігіттің әсіресе бүгін ұнжырғасы түсіп, далаға зорлықпен шыққандай қинала  шықты. Көзінің асты дүрдиіп ісіп кетіпті, оның үстіне кешегіден сынған басы бұған қосыла солқылдап әбден құтын қашырды. Амалсыздан илігуге мәжбүр адамша жеке басындағы белгісіз сызатты жазатын жалғыз осы мен яғни су ағатын шұңғылша секілді салқын суды молынан ағызып, бетіне аямай шашып-шашып жіберді. Жаңа түскен келін бұдан 2 сағат бұрын тұрған. Басына орамалын тағып, үй шаруаларына кірісіп кеткелі біраз болған екен, ата-енесіне таңғы шайын беріп те үлгерді. Қапсыра құшақтап, мойнына асылғысы келді, бірақ біреу-міреу байқап қалар деген оймен ол райынан қайтты. Су жаңа күйеуіне келіп, ыстық ықыласпен “шай ішесің бе” деп еді бұл жақтырмаған сыңай танытып, қысқа ғана “иә” деп салқын қайырды. Даусында аздап кекесін де сезілетіндей. Келіншек басқан қадамы білінбей шай дәмдеуге кетті. Дегенмен үстіне кигені әсем халат емес жібек көйлек секілді, ай жүзіне тағылған ақ шаңқан орамалына қарап сүйсінбей тұра алмады. 

Қора-қопсыны реттестіріп жүргенде ақырын ғана ұрланып екі жеңгетайы келді. Құтым бұлардың келетінін іштей сезсе де білмеген сыңай танытып, маған шынтақтай сүйеніп тұрып алды. Кеше түнде ақ төсекті салып бергені де бар еді. Аманшылықты сұрасып болған соң, жеңгетайлар ұзын сөздің қысқасы “разысың ба?” деп сұрады. Берілген жауап жеңгелердің басына жай түскендей әсер қалдырды. 

Біріншісі еріксіз таңданысын жасыра алмай аңқая берген аузын оң қолымен жапты, екіншісі бір орында тіктеп тұра алмай қай-қайта көздерін уқалайды. Жігіт “жоқ” дегендей басын шайқапты. Одан соң арада орнаған таңданыстар мен кішігірім үнсіздіктен кейін Құтым бұрынғылардың билері ұқсап:

 – Алтын дегенім мыс болды, күміс дегенім жез болды. Қалың малды мына мен қатынға емес, қызға төлеген сияқты едім ғой, - дегенде қарсы тұрғандар тілін жұтып қоя жаздады. 

Қаралы хабар естігендей тез арада асыға-аптығып,  іздерін суытып кетті. Бұл жағдай есіне қайта түскендей тұрған жерінде отыра кетті. Найман әженің тойдағы тілегі еске оралды. Жастарға ақ бастасын беріп, Гүлзияны жер көкке сыймай көзінің алды ризашылыққа толып, мақтаған еді. Ауылдың берекесі одан сайын артатын болды, бұл қызды жіберіп алмау керек деп бұған жеке шығып та айтқан болатын. Артқы тұстан шайға шақырған нәзік дауыс естілді. 

Көксауыр кебіс

Тар дорбаның ішіне қамалып, қайда келе жатқанымызды білмедік. Тек шауып бара жатқан ат тұяғының дыбысын ғана естідім. Дорбаны қысқан әйелдің қатты қолын сездім. Әкесі өлгендей асығады тура. Бәрін басынан баяндайын.

Серке терісі мен жылқы терілерінің жондығынан жасалғанмын. Реңімді одан сайын аша түсетін ашық жасыл түске қандыра бояған өң бетім жалтырап тұр. Күмістен, маржаннан моншақ жүргізіп, тұмсығыма асыл тастарды орнатып, күдеріден қиюланған әсем оюларды безендіре жібек жіппен кестеледі. Өкшелі қасқайып осылай тұрғанда мен Гүлзияның жеке мүлігімін. Нақтырақ айтқанда оның шешесінен мирас болып қалған аяқ киіммін. 

Сәске түстің кезінде жас келіннің қолынан шай ішкісі келетіндердің саны арта бастады. Тура кешегі тойдың жалғасы іспетті. Келгендер мәз болысып, шайдан бөлек тапа тал түстің уағында аштыдан да көріп жатты. 

Жиналғандардың бәрі жас-кәрісіне қарамай жас келінге ілтипат білдіріп, сүйсіне ризашылықтарын айтып отырды. Бұндайда ата-ененің мәртебесі асқақтап, төбелері көкке бір елі жетпей қалғандай болды. 

Кенет шарбақтан дыбысын шығармай ақырын кірген келіншекті көрдім. 

Бұл кешегі атағы шыққан жеңгетайы еді. Бір сұмдықтың жақындағанын бірден білдім. Көптің көзіне еленгісі келмей, үйдің шеткі жағындағы есігінен кірді. Арқасына асынған кішігірім дорбасы бар екен, маған қарата аялдап басып келе жатқанда шошып кеттім. 

Алтын жүзік

Мені ең алдымен түпкі бөлмедегі немесе жастар бөлмесіне кіретін есіктің әдеттегідей емес жұлқылай асыға ашылғандығы алаңдатты. Тартпаны аша салғандағы ием емес басқа бір бейтаныс келіншектің жүзін көргенде де ойыма ешқандай жамандық келмеген. Жанарында жеңіл жымиыс пен күлкі бар. Бірақ бұл күлкі, риясыз қуанышқа бөленген жарқын күлкі емес, әккі қу ішіне сыр жасырған әйелдің күлкісіне көбінесе ұқсайтын. Тырнағы жоқ жезтырнақтың қолдары мені бас салып, дорбаның ішіне жылдам сүңгітіп жіберді. Жалғыз емес екенмін, менімен қоса бір белбеу мен көксауыр кебіс бар. Бәріміз де Гүлзияға тиесіліміз.

Тар дорбаның ішіне қамалып, қайда келе жатқанымызды білмедік. Тек шауып бара жатқан ат тұяғының дыбысын ғана естідім. Дорбаны қысқан әйелдің қатты қолын сездім. Иә, айтқандай-ақ әкесі өлгендей асығады тура.

Біраз уақыт жүрген соң, жоғары-төмен шоқыларды артқа тастап, ауылдан шығып кеттік-ау деп топшыладым. Жалғыз аяқ соқпақ жолдың бітер тұсында оң қапталдан тоқтап дорбаны жылы топырақтың үстіне төңкере салды. Әуелі белдікті алды да өткір пышақпен кесе бастады. Бұл мыстанның жасаған екінші қылмысы болатын. Кісі көркін ашып, сырт киімге сән беретін қоңыр белдік енді ештеңеге жарамай қалғанда жалмауыз көксауырдың өкшесін ортасынан бір-ақ сындырды. Келесі кезек маған келгенде де аянып қалмады. Бірақ қалған бұйымдарға қарағанда маған сәл аялдай тұрды, онысы бағалы болғаныма қызығып, ешкім көрмей тұрғанда қалтасына сала салмақшы болған шығар деп болжадым. 

Сонда да артынан біреу-міреу көріп қойса жүзікті бірден танып қояр деген ой сап ете қалғандықтан болар,  олай етпеді. Көзінің ұшына апарып, мені мұқият қарады да қақ ортамнан екіге айырды. Дәл осы мезетте бізді қожайынға ендігәрі қызмет ете алмаймыз деген үлкен үмітсіздік шарлады. Бір қызығы, түкке жарамаған бізді қайтадан дорбасына салып,  жүзіқара қайтадан жолға аттанды. Көп жүрген жоқпыз. Аттың жүрісі баяулап тоқтаған сәтте иін тірескен үйлерді байқадым. 

Жоқ, таныдым. Құдай сақтасын! Масқара! Бұл жаңа келіннің яғни біздің иеміздің төркіні ғой?! Әке-шешесінің үйі. Бізді үйдің сол жақ босағасына қалдырды да атқа қарғып міне беріп еді, үйден шыққан адамдардың:

– Құдаша қыз, сенбісің кел төрлете ғой!, - деген дауыстары шықты. Құдаша қызы оқты көздерін бұларға қадап, ләм-мим деместен  кете барды. Әке мен ананың төбемізден қараған сәттегі әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жүздерінен қан-сөл қаша қуарып, қарсы алдында құдды бір өлік жатқандай шошырая қарайды. Көздері шарасынан шығып кетердей бақырайып, байғұстар бір-біріне жалтақтай берді. Ал кеп ойбайға салсын. Бұл қазақтарда тұрмыс құрған қыздың таза емес екендігін көрсететін байырғы ғұрып болып саналады. Жеті қат жердің астына көміп тастаса да көнер едім, балқытылып жүзік болған болмысым толығымен ұмытылып кетсе де ризамын, бірақ қыз баласының өсіп-өнген үйінің сол жақ босағасында жатудан асқан қандай сұмдық бар еді?! Залым-ай! Масқара-ай! Недеген қорлық?! Бұндай қорлықты көру үшін не жазған едік?! Адамдар бізді жасағанда адамзат игілігі үшін қызмет етсін деп жаратты. Одан артық басқа ниет те ойымыз да жоқ. Ал адам баласы Құдайдың   адамзатты  жақсылық жасау үшін жаратқанын  біле   тұра    неге      осындай іс-әрекетке барады?! Бұл оның жасаған үшінші әрі ең үлкен қылмысы еді.

Ағаштың саясында

Ала боздап таң атты. Түбімде екі адам сырласып отырды. Екеуі де мас. Сөйлеген сәтте қарама-қарсы отырған адамға сөздерінен бұрын, үстерінен шыққан ішімдіктің мүңкіген сасық қоңырсық исі бірінші жетеді. Екі адамның біреуі –  Әйкендердің көршісі Жарылқасын. Соның мұң-шерін тыңдап отырған жанындағысы Құтым. 

– Сен не үшін қайғырып отырсың?, - деді оған Жарылқасын қолындағы стақанын көтеріп жатқанда, – Шаңырақ құрдың, әйелің болса хор қызындай! 

Бұны естіген Құтым одан сайын жаны күйзеліп, бейне шарасыздықтың шарабынан ұрттағандай тапжылмастан біраз сұлық отырды. 

– Айырылып қалдым!, - деді арадағы үнсіздікті бұзып. 

Осы кезде екі жеңгетайы бұларға келіп Гүлзияның жоқ екенін айтып, оны осы отырған Құтымнан сұрай беріп еді, ол екі қолымен басын ұстап:

 – Қан шықты… - деді. 

Құтым кісі өлтіргендей өзін қандыбалақ сезінген шығар…  Көз алды қанға бөгіп, төңірегінің бәрі-бәрі бейне қанға толып кеткендей жан-жағына үркие қараған да шығар…. Қан қызыл түсті көрсе ат тонын ала қашып, қалтырай қарғыс атқан адамдарша бәкідей бүктеліп жатып алаар бәлкім…

Бұдан соң не болғанын айтып отыру артық шығар. Бүкіл ауылға, ауылға ғана емес үйдегілерінің алдында  де абыройы төгілгенін білген жазықсыз жапа шеккен бейшара қыз бұл сұмдыққа шыдай алмай кетіп қалыпты. Құтым ешкімді кінәлай алмады. Тіпті хабарды жеткізіп барған жеңгесін де. Себебі оның тек үлкендердің жұмсауымен түбінде бұл істі ол болмаса да басқасы жасайтынын білді.

Үйдегілері бұны найман әжеге жұмсады. “Бар, аяғына жалбарынасың ба білмеймін, ауылдың ел анасы сол емес пе?! Әйтеуір бірге барсаң да қызды қайтарып келіңдер, о не масқара екі күн тұрмай қайтып кетуі” десті. Бұл сүмірейіп найман әженің алдына жетіп келді. 

– Мен білгем жоқ қой, білмедім…  - дегеннен басқаға Құтымның тілі келмеді.

– Өй, надан ақымақ! Қыз баласының намысын аяққа таптап, абыройын айрандай төгу қай ата-бабаңның дәстүрінде  қалған еді?! Сауап болған екен, өз обалың өзіңе, енді қалың малыңды ұялмай қай бетіңмен қайтарады екенсің?!

Бірақ ағайындары алғашқы аптада-ақ қалың малды қайтарып берді. Қыз қайтып келмеді. Одан соң оның арғы тағдыры не болғанын да білмейміз. Біздің ауыл осылайша жаны да тәні де кіршіксіз таза пәк қызды жіберіп алған еді…

Әйкеннің балтасы

Бұл оқиғаны бүкіл ауыл білген кезде шарбақтың алдында бір шөлмекті қолына қыстырған Жарылқасынды көрдік. Әйкенге кеп амандасты да Құтымға бара жатқанын айтты. Артына бұрылмаған күйі кетіп бара жатып:

–  Ехх, қазір қасымда Мұрат болғанда ғой, - деді.

Мұраттың кім екенін Әйкен екеуміз жақсы білеміз. Ол осы ауылда Құтым үйінен үш-төрт үй ары тұратын. Жарылқасынмен түйдей құрдас. Екеуі тай-құлындай тебісіп өскен достар болатын. Жарылқасын әзілсүйгіш қылжақпас қой, біреу-міреуді мұқатып елді күлдірткенді жақсы көреді. Сондай күндердің бірінде бұл екеуі мектеп бітіруге аз қалған болашақ мамандық таңдайтын жауапты кезеңге келгенде Мұраттың әкесі Ғарифолла деген кісі ылғи да айтушы еді:

–  Мен баламды сотқа беремін! Сотқа! (мұнысы мамандықты меңзеп отыр)

Ондай кезде Жарылқасынның жаны шығып:

–  Қайда беремін дейсіз қайда?, - деп әдейі қайталайды.

– Сотқа беремін деймін, сотқа! Басқа ешқандай оқуға бермеймін оны сотқа беремін!

– Сотқа дейсіз бе?

– Иә, сотқа берем! Көресіңдер ертең-ақ азамат болғанда есігінің алдынан кіре алмай жүресіңдер қиналып, - дейтін. 

–  Дұрыс-дұрыс аға! Сотқа беріңіз балаңызды иә сотқа беріңіз!, - деп халықты бір қыран-топан күлкіге қарық қылып еді.

Айтқандай-ақ сөзі дәл келгендей кейін Мұрат ешқандай оқу оқыған жоқ бірақ сотталып кетті. Сонда Әйкеннің әжесі:

–  Дұрыс айтқан-екен ау, расымен де есігінің алдынан кіре алмай қалдық қой, - депті.

Ал Жарылқасынның не нәрсеге бола қайғыра ішімдікке салынатынын да мен білетінмін. Оның үш қызы болды. Үш қызын әрине өлердей жақсы көрді. Қыз бала тәтті болады ғой. Бірақ көкірегінде сарғайып, иненің жасуындай ғана ой бүкіл санасын алып, кетпей қойған еді. Ол ойы – артынан ізін жалғайтын тұяғы яғни ұл баланы аңсау еді. 

Осы ойды іске асырмақ боп талай тәуіпке барды, елдің айтқан бар сандырақтарын сабырмен тыңдады. Бірақ ешқайсысы көмектескен жоқ. Қалғандары “үш қыздың әкесісің жәннаттың алтын есігі алдыңда айқара ашулы емес пе?!” дегендей болады. Ал Жарылқасын болса мына өмірге мұрагерін қалдырмай жұмаққа аттанғысы келмеді ме білмеймін, әйтеуір жаман әдетке салынуын тоқтатпай  жүрді. Бұл өкінішін үйдегі қыздарына білдірмесе де олардың іштері бәрін сезетін. Содан соң олар да өздерін кінәлағандай көңілсіз жүретін. Үйіне тәлтіректей құлай жаздап келгенде, әсіресе үлкендерінің ажары сынып, қыз болып жаралғанына ұялып, таң атқанша көзден таса болып көрінбеуге тырысып бағатын. Ал Жарылқасын болса ертесіне ештеңе болмағандай күндегі күйбең тіршілігіне лезде кірісіп кететін. Сондағысы маңдайынан жылт етіп жерге тама жоғалған ащы тердің тамшысы сияқты жылт еткен бір ой қайта келіп бірден жоқ болады. Сол ой қайта келгенде ішінен айтқысы келгенді сыртқа шығарып жіберген-ді:

–  Ең құрығанда қасымда бір қара домалақ отырса игі еді…

Құтыммен ағаштың саясында біраз шерін тарқатып отырғаннан кейін ұйықтап кетіпті. Денесін қалтыратып ауылдың кешкі суығы оятты. Көзін ашып қараса айналасында ешкім жоқ жалғыз өзі. Аяқтары әбден ұйып қапты, екі қолымен кезек-кезек уқалап қан жүгірткендей болды. Алдымен оң аяғын бүктеп жинап алды да бар күшін осы аяққа салып, жер сүзгілеп орнынан тұрды. Кеңістік пен уақытты шатастырып алғандай айналасына бір көз жүгіртті. Толған айды көрді. Аппақ. Түн жарығы тұмшалаған кешкі тымықта шегірткенің шырылы ғана естіледі. Бірақ бұл шырыл түн тыныштығын бұзбай керісінше сазды әуен болып естіліп, ерекше үйлесім береді. Жарылқасын есінеп-құсынап үйіне қарай тартты.                        

Есікті әйелі ашты. “Келдің бе?” деген толғанысты сұраққа жауап бермеді. Тек кешке дейін ұйықтаса да қатты шаршағанын сезді. Кенезесі кеуіп, табалдырықтан үйге аттамаған күйі бір ожау су сұрап алдыртып, лықылдата жұтты. Ерні жыртық адамдарша аузына бара жатқан су кейде шетке ығып, ернінің астынан сорғалай мойнынан төмен сырғып, кеудесіне кірді. Тәні де сусындағандай болды. Одан соң үйге кірді. Есік жабылды. Шегірткенің түнгі шырылы жеңіл майда ескен желмен бірге толастамады. 

Алыстан ауық-ауық иттердің үргені естіледі. Бір кезде есік қайта ашылды. Үйден Жарылқасын шықты. Көшеге қарай жүрді. Түн баласы дала кезіп жүру жарамас-ты. Үйлердің арасымен жүріп келеді. Қызуы сәл қайтса да, үстінен исі кете қоймаған. Кешкі қаланың ортасында серуендеп жүрген адамдарша бір әуенді ыңылдап келеді. Оң жақ шеткі бұрышта орналасқан үйге келгенде әндетуін тоқтатты. Үй іші қалың ұйқыға кеткенге ұқсайды, терезесін жарық өтпейтін қара түнек жаулаған. Бұл нағашы інісінің үйі еді. Жарылқасында үш қыз болса, Сағындықта керісінше үш ұл. Бірақ бұл Жарылқасын ұқсап, жаман әдетке салынбайтын. Есікті үш рет қақты. Арғы жақтан тыпыршыған дауыстар шықты. Түн ішінде ұрланып келген бұл қайсы дегені шығар. Есікті Сағындықтың өзі ашты. 

– Ассалаумағалейкүм! Қалыңыз қалай Жәке? Тыныштық па түн ішінде не бтіріп жүрсіз?!

–  Әликсаллам!, -  деп қолын ұстатты да – Сыртқа шық сөйлесетін шаруа бар!, - деді. – Ең алдымен еркектерше бұтыңа шалбар ки, үстіңе жамыл!, - деп бұйырды. 

Сағындық киініп болып сыртқа шықты. Бұның аздап қызып алғанын біліп, тәтті ұйқысынан оятқан адамға көңілсіздене шықты. Жарылқасын сөзге келместен Сағындықтың белдігіне жармаса бастады. Сағындық болса бұндайды мүлде күтпеген, өз белдігіне өзі жармасып, “Аға-ау не істеп жатырсыз қоя берңіз” дей берген. Бұны ішіп алып, сабағысы келген деп ойлаған-ау шамасы. Бірақ Жарылқасынның өз белінде де белдігі барын біліп, сабырға келді. Сағындықтың белдігін шешіп алған соң Жарылқасын өз белдігін босата бастады. Сөйтіп нағашы інісінің белдігін өзіне тағып, өз белдігін Сағындыққа ұсынды. Ұсынды да:

– Саған қыз керек, маған ұл керек, - деп кете барды. 

Ештеңе түсінбей Сағындық үйіне кіріп кетті. 

Арада бір жыл өткен соң Құдайдың құдіреті Жарылқасынның отбасына көп күткен дүниеге ұл келді. Ал Сағындық қызды болды. Талай жиындарда Сағындық осы оқиғаны есінен шығармай айтып жүретін болды.

Қабырғадағы сағат

Әйкендердің үйіндегі ақ сағатпын. Үйдің ішіне ортадағы дәлізбен кіре бергендегі оң жақ қабырғада ілініп тұрамын. Пішінім ромб тәріздес, пластмассадан жасалдым. Түстік жағымда фотосурет салып қоюға  ыңғайластыра ойылған екі шаршы орын бар. Бірінші суретте қолына кішкентай нәрестені алған бұйраланған қою қара шашты, сұр жылтыраған көйлекпен көмкерілген әйел бейнесі тұрады. Екіншісінде дәл сол әйел тек қасында қияқ мұртты шашын ұқыпты тараған қысық көз жігіт бар. Үстіне киген жылы жемпірдің түсін нақты  айта алмай тұрмын,  себебі сурет ақ-қара кескінде  түсірілген екен. Жай күндері аса еленбеймін тек үй ішіне бір ұсақ-түйек шаруаларымен келген біреу-міреу қарап кетпесе бар-жоғым да білінбейді. Рамазан айында ғана қызметім аса бағаланғандай боламын. Әйкеннің әжесі шұқшия қарап, аузын ашып,  сәресіне тұрып жүрді. Бес уақыт намазда болмаса да оразасы бұзылмаған игі адам еді. Қонақ бөлменің шетінен қарап тұрамын. Қақ ортада “LG” -ден ескі қара теледидар тұрады. Елде болып жатқан жаңалықтардың бәрін осыдан көреді. Кейде ылғи негативті жаңалықтарды көріп көңілі түсетін. Әсіресе саяси жаңалықтарға ерекше бір зейінмен үңіліп, биліктің жасаған жүйесін мүлде ұнатпайтын.”Осы біздің халық ел боп жарыта ма өзі?!” деп күрсінетін. Келген қонақтардың өзімен кейде осы жайлы біраз сөз жарыстырып, дәлелдеп жеңіп те жүрді. Ауылда бір қаусаған қара шал болды. Жұрт нағыз оппозиционердің өзі дейтұғын. Саясаттың жілігін шағып, майын ішіп тура әңгіме қозғағанда көкірегіңе сәуле түсіп, санаңа жылу орнағандай болады. “Елге тиесілі барлық байлық белгілі бір адамдар тобының  қолына өткенде диктатура басталады” деп бастаушы еді әңнімелерін. 

–  Мәселенки мынаны қара, біздің байлар шіріген бай болғанда да енді сұмдық, әлемдік форбс журналына кіріп алған. Ал елдің жағдайын қара. (Форбс журналын білетіндігінің өзі қайран қалдыратын) Әлемнің ең бай жүз адамының ішіне кіреді. Ал ол тізімде басқалардың қалай кіргенін жақсы білеміз. Адамзат игілігі үшін адамзат өмірінің сапасын арттыру үшін я болмаса өз еңбегімен әлемге аты шулы үлкен компания ашқан тұлғалар тұрады. Ал біздікілер ше? Қай кәсібі үшін сол тізімге еніп отыр? 

Міне гәптің бәрі осында! Жаңаөзен оқиғасының өзінде жұртты арандатып, іріткі салып қалағандарын істеп отыр, саяси қарсыластарынан құтылуы бұл былайша айтқанда енді беспредел! Сәбет үкіметінің кезінде пропагандамен сұмдық айналысты, сол сияқты интернетті де әдейі өшірген болып тұр ғой, халықты тәуелсіз ақпараттан айырып, өз ертегілерін теледидардан ал кеп тықпалайды. Сөйтіп отырғанда қалай кеш батқанын өзі де білмей қалады, маған қарайды да “ойбу, тым кеш боп қалыпты” деп әңгімесін толық бітрмей кете баратын.

Сол қара шал күндердің бір күні шыдамады білем, қарама-қайшылықтар қоғамында өмір сүруді доғарғысы келгендей қала әкіміне хат жазбақшы болды. Бірақ ол ойынан айнып, тікелей айнып, мемлекет басшысының өзіне жазамын деп ойлады. Одан соң жастарға айтып, видеожолдау жасамақшы екен. Хатының бір тұсында ауылдың, ауыл тұрмақ қаланың жағдайы тым нашар екенін оның үстіне өзі тұрып жатқан жерде өмір сүруге қажет қарапайым қолайлы жағдайдың әлі күнге дейін жоқ болуы, үйіндегі қоғаммен байланыс теледидарының өзі байланысты дұрыс қабылдамайтындығын жазып біраз дүниеге тоқталыпты қысқасы. Көбісінің айтуынша хат әрине президентке жете қойған жоқ, жарты жолда қала әкімі алып алғанға ұқсайды. Ал видеоны желіге салмауды шалдың өзін жеке шақырып алып, өтінген дейді ұзын құлақтың айтысына қарағанда. Арада бір-екі апта көлемінде шалдың жағдайы күрт өзгере түсті. Ешкімде жоқ шатырының төбесіне үлкен антенна орнатылды. Бүкіл ауыл бойынша енді жалғыз осы шалда жүзден астам арна көрсетіледі.

Сол күннен кейін бұл адам танымастай қатты өзгерді. Бұрынғыдай билікті сынамайтын болды. Біреулер қарсы пікір айта бастаса

– Енді бүтін бір мемлекетті басқару оңай дейсіңдер ме?! Біз әлі жас мемлекетпіз, көш жүре келе түзеледі  емес пе?!,  - деп ақталғандай болады.           Бұдан соң ешкім қара шалды тыңдамайтын болды. “Мынауың таза өз дегенін ғана ойлап қалған  эгоист адам екен, әйтпесе жұрттың жағлайы сол баяғы жартса қой”, “ сонда өз ойын жаман бір антеннаға алмастыра салғаны ма?” деп біраз сөкті.

Ал елдің жағдайы сол беті өзгере қойған жоқ. Қаладан ауылға дейін жарты тәулігін арнап әрең дегенде жетеді ондағы бар кедергі қарғыс атқыр жолдың нашарлығы ғой. 

Сау тамтығы жоқ, жүрген көлікке обал, секең-секең етіп шұңқырлардың барлығын айналып өтем дегенше әрине кеш батады. Көшеге орнатылатын түнде жанатын жарықтардың өзі таяу күндері қойылды. Басқасын сұрамай-ақ қойса да болады. 

Семей дегенің Алаштың астанасы емес пе?! Кешегі қазақтың жарты интеллигенциясын өсіріп шығарған құтты жер. Талай саңлақ білім алған асыл мекен. Абайдың туған жері деп аса сенімділікпен, жүректі мақтаныш кернеп көрсететін күн қашан туар екен?! Мен де соны асыға күтем. Сағаттарды санап, минуттарды, секундтарға дейін дамылсыз санап келемін. Үздіксіз соғамын.

Тоқтамаймын. Қанша уақыт кетерін білмеймін бірақ болашаққа деген жалғыз үміт қана алға жетелейді.

Әйкеннің күрегі

Егер әңгімені мен бастасам демек қыстың уақытын баяндаймын. Әйкен өзін жігіт санап жүрген кезі, жасы он алтыда болатын. Қазақ “қылышын сүйретіп қыс келді” дейді. Абай “кәрі-құдаң қыс келіп әлек салды” дейді. Қаһарлы қыс. Мейірім-шапағатсыз. Үскірік бет қаратпайды, дуылдатып бір орында тұрғызбайды. Аяусыз аяз. Иә бұның бәрі әрине рас сөздер. Бірақ сонда да айналаңа бір сәт кең тыныста да мұқият қарашы! Жүректен терең орын алатын мына сұлулықты басқа қай мезгілден табасың?! Басқа жылдың қай мезгілінде  адам баласы тек адам баласы ғана емес, тіршілік иесі  жылулықты ерекше іздейді, аңсайды?!  

Түні бойы қалың қар жауды. Біз Әйкен екеуміз қысты біртүрлі жанымызға жақын тартып, тым бөлекше сүюші едік. Әсіресе кешкі қыста  ақ ұлпа қардың астыңдағы жылтырақтарға  жапалақтап жауар мезетін күздің төгілген жапырақтарымен қалай салыстырасың?! Немесе кешкі көктемде ақ жаңбырдың сіркіреуіне қалай теңестіресің?! Салыстыруға да келмейді әрине! Қыстың қызығы бөлек… Мамықтай жылтырап жатқан жерге төбеден үлпілдек ақ қар ұшқындары қылаулап  себілгенде айнала бейне бір аппақ нұрға бөленіп кеткендей жан сарайың жадырап сала береді. 

Үй-үйлердің шатырында үйілген ақ ұлпа қар терезеден сыртқа қарай ұмтылған сап-сары жарықтармен жөнді үйлесім табады. Мінсіз жатқан қалың қарға із қалдырғың да келмейді, табиғат шедеврын осылайша адам бұзады, бұзуға мәжбүр...

Иә, айтқандай-ақ түні бойы қалың қар жауды. Өзгелері бұдан артық жұмыс көрсе Әйкен қар түскен сайын қуанышқа бөленетін. Қар жауып болған соң,  түнгі аспанда титтей  сүп-сүйкімді әрі жап-жарық жұлдыздар  жылтыраған жерге сығалайды. Құдды аспандағы жұлдыздар бөлшектері жылтырап жерге төңкеріле түсіп қалғандай… Ғажайып… Ертегі… Әйкен осы көрініске ұзақ қарады. Ойлардың шырмалған орамына байланып, ұзақ отырды. Мына сансыз жұлдыздарға қарап, тұрақтылықтың үздік үлгісін көрген шығар. Иә адам баласы бұл өмірде бір ғана нәрсені жақсы көреді екен-ау. Ол – тұрақтылық.Тұрақты жұмыс, тұрақты табыс, сені мәңгі сүйіп өтер тұрақты жар. Тұрақты бақыт айналып келгенде… Ал аспандағы жұлдыздар нақ тұрақтылықтың символындай етін. Олар сені сөкпейді, ең жақсы тыңдаушылар әрі ең жақсы бақылаушылар. Күндізгі бұлттар да әдемі дегенмен бұлар көшіп ырғалып бір орында тұрмайды. Жұлдыздар нақ бір орында жарқырайды, тек оқта-текте зулап ағатыны бар. Онда да жай ғана бір орыннан екінші орынға ғана ауысады. Міне, осыдан соң қыс мезгілінен бөлек тағы қандай мезгілден айрықша тылсымды сезесің?! 

Әйкен ертесіне ерте тұрды. Аяғында қалың саптама етік, қолында қара қолғап, жылы бас киім киген. Екеуміз бірден қар күреуге кірісіп кеттік. Қатып үлгермеген қарды бірден тазалап отырған жақсы, жеңіл күреледі. Бір қатар, одан соң екінші қатар кезек-кезек тазалап келе жатыр. Лақтырған кезде де жеңіл,  аса қиындық тудыртпады. Суықта дем алған сайын ауыздан бу шығады. Көп ұзамай үйдің ауласы күреліп бітті. Одан соң ол сырт жақты күрей бастады. Үйінің сыртына дейін тазаланып біткенде Әйкен жолдың арғы тұсындағы үйіне мүлдем қиылыспайтын маңды тазалай бастады. Мынауың жынды шығар деп ойладым, үйдің алды-сырты күрелді енді бүкіл ауылды күреп тастамақ па?! Айдаладағы аялдамадан бастады. Кішкене маршруткалар  тоқтайтын аялдамадан жол оң және сол болып екіге айрылады. Әйкен оң жақты күреп, жол аша бастады. Жол біраз созылды, кең етіп тазаланған жоқ тек бір адам жүре алатындай жол ашылып жатыр. 

Жол түбіне жетіп, аяқталғанда ғана бәрін түсіндім. Егер қазір бойыма жан бітіп, адамға айнала қалсам Әйкенді құшақтай алар едім. Ішім лезде жылып кетті. Аяқталған жол көк қақпасы бар үйге әкеледі. Бұл үй мектепте оныншыда оқитын Сәфияның үйі тұғын. Жүректі қозғаған, осындай іске сүйрелеген ғашықтық дерті шығар. Адам баласына кейде қайран қаламын. Жаны да тәні де ауырмауын тілейді, ем іздейді. Бірақ өз еркімен сау басына сақина тілеп, шын ниетімен бір дерт сұрап алса ол осы бірден-бір махаббат дерті дер едім. Ләйлі-Мәжнүн, Хұсрау мен Шырын, Жүсіп пен Зылиха, Таһир мен Зуһра, Бозжігіт пен Қарашаш, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу…  

Қақпаның маңын күреп жатқанда Сәфияның өзіне біткен талдырмаш көркі, жеңіл қозғалысы, сүйріктей сүп-сүйкімді нәзік саусақтары көз алдына елестеген болар. Ал жердегі аппақ қар оның ақша жүзін және сол жүздің жылы жымиған сәтіндегі оймақтай шұңқыршаларын еске түсірген шығар.Құдай кейде соншама сұлулықты бір адамның бойына үйіп-төге салатынына,  қыздың ешкімге ұқсамайтын және ұқсауға да тырыспайтын кіршіксіз кербездігін ойлап жомарт тәңірдің сыйына шүкір еткен де шығар бәлкім…

Түстен кейін аялдамадан түскен адамдар қар кешіп, өз үйлеріне тарай бастайды. Тек араларында бір қыз ғана ашылған жолмен еркін келеді. Бұл жол дәл үйіне дейін апарып, шығарып салғанда біраз таңырқады. Іштей сезген де болу керек. Әйкен екеуінің арасында талай хаттар да жазылды. Оны мен оқи алған жоқпын, білгендер сөйлесін! Келесі сөзді соларға тапсырайын.

Пештегі от

Қақпағымды ашып отын салды. Астымдағы күлімді тазалап шығарды. Біраз уақыт өткенде қызуым күшейе бастағанда Әйкен бетін тыжырайтып көмір жаға бастады. Көмірдің қып-қызыл бөлшектері шоқ болып астыға түсіп қалып жатты. “Сөнген шоқты үріп бала күледі” деуші ме еді Мағжан?! Енді бір мезетте күшіме еніп, бұлқынып-тасынып гуілдей жан бастадым. Бет қаратпайтындай болып алдым. 

Әйкен үйдегі тозығы жеткен ескі аяқ киімдерді, қара жұмысқа әбден киіліп, тердің исі әбден сіңіп, жібі тарқатылып  үгіле бастаған сүлгіге де жарамайтын ескі-құсқы жемпірлерін, қолдануға келмейтін шамасы біткен заттарды да отқа тастап жатты. Ысылдай өртке шарпылып жатқан дүниелердің арасынан айрықша затты байқап қалдым. Әйкен шимайланған жұқа дәптерді оның ішіндегі бөлек тұрған ақ қағаздарды да маған тапсырды. Пештің ішінде ең әуелі бұл қағаздар бүктетіліп, шет жақ тұстары қарайып одан соң қызған шоқ қағазды тесіп бара жатып бірден ғайып қылды. Ішіндегі жазылған жазулардың біразын оқып үлгердім. Бұл Әйкен мен Сәфия қыздың бір-біріне жолдаған сезім хаттары  еді. 

Бәрін айтып бермеймін, бұл енді әлгі жапон жазушысы Мишима жазатын “Сига шіркеуіндегі әулие қарттың махаббатындай” ерсі көрінеді. Сол себепті ең негізгі деген дүниелерге тоқталайын.

Бұл Сәфиямен мектепті тастамай жатып бір сыныпта оқыған. Сыныптың ең ұсқынсыздауларының бірі осы болған-ау тәрізді. Басқа қыздар бұдан жиіркенісін жасырмай бір табан аулақ жүрсе де бұның сенімділікті қайдан жұтып алғанын білмеймін қаннен қаперсіз еш қымтырылмастан  сыныптың ең әдемісі Сәфияға хат жаза бастайды. Мүмкін ол қыздың ақылдылығына балап, сырт келбетке емес, ішкі жан дүниесіне үңілер деп сенім артқан да шығар. Соңғы хатты ол жақында ғана алды. Сәфия оныншыны аяқтайтын тұста. 

Әлі есінде екен, орыс әдебиетінің сабағында бұл екінші қатардың ең артқы партасында отырып еді. Алдында Сәфия оның қасында Жанар есімді кішкентай сары қыз отырды. Бұл зерігіп кетті ме білмеймін Жанарға арнап, бір жапырақ қағазға күлдіргі өлең шығарып, артынан түртіп бұның қолына өзі табыстапты. Қыз да мәз боп қалды. Оны көрген Сәфия артына бұрылып оған да өлең шығарып беруін өтінеді екен. Осы мезетте Әйкеннен бақытты адам болмаған шығар сірә. Сәл ұялыңқырап, шығарайын десе бір шумақ қана емес төгілтіп-төгілтіп барын сала жазғысы келеді. Оған әттең уақыт тапшы емес пе?! Қыз қайта-қайта артына қарағыштап бұдан барынша өтініп, ернін де бұртитып бар қылығын көрсетіп шықты. Әйкеннің жаны кіріп барады. 

Бір жапырақ қағазды тағы жыртып алды да жазуға кірісті. Жанары мөлдіреген қыз екі қолын шапалақтап, шыдамы таусыла күтіп отырған. Лезде қыздың қолына өлең шумағы шығарылған қағаз келді. Мұнша жылдам келгеніне Сәфия да таң қалған. Қағазды екі қолымен ұстап оқи бастады:

                                  Сәфияға шығарайын ба өлең?

                                  Бірақ мен ойланып көрем.

                                  Егер ертең шығарсам,

                                  Бетіңе нұр ғып төгем.

Сәфия разы болмағандай кейіп танытты. Бірақ артынан лезде жымия қойды. Жымиған кездегі шұңқыры қандай жарасымды еді өзіне! Осылайша Әйкен ғашығына өлең арнауға бір күн уақыт ұтып еді. 

Түні бойы көз шырымын алған жоқ. Қайтсе де қыздың көңілінен шығу керек. Барын салды, жанын салды. Осы сәтті пайдаланып, сезімін де білдіргісі келді. Ақын емес екенін білсе де барынша тырысып бақты. Қызға деген нәзік сезім иірімдерінің бөлшектері ең алғаш осы өлеңге басылды. Көлемді, бір бетке жазылған кәдімгідей арнауға лайық сегіз шумақ өлең жазыпты. Қалтасына ұқыпты бүктеп салып қойды. Ертесіне мектепке шығардың алдында орнында ма дегендей қайта-қайта қолын сумаңдатып тексеріп алды. Жүрегі ытқып-ытқып кеудесінен шығып кететін сияқты. Қатты қобалжып, әрең келді. Бірақ жақсы болғаны да, жаман болғаны да бірнәрсеге келіп түйілді. Қыз кешегі берген уәдесін ұмытып кеткен екен. Бұл не істерін білмей қағазды берсем бе бермесем бе деп біраз іштей жепті өзін. Ақыры беру керек деп түйген. Күн ұясына батып ымыр түсе бастаған шақ. Соңғы сабақтың алдындағы шағын үзіліс. Балалар берілген мүмкіндікті жібермейді бір-бірімен алысып-жұлысып ойнай бастайды. Қыздардың артынан қуып оларға тисудің кез-келген себебін тауып қалатын. Әсіресе бәрі Сәфиямен ойнағыш. Қыздардың да ұл бала құсап, бұларды айтқанға көнбесе ұрып, шымшып  ойнайтын кезі ғой. Әйкен де “аласапыранға” араласып кетті. Сәфия тиіскен жігіттердің бәріне есесін жібермей жазаларын беріп тұрды. Әйкенге келгенде қолын тартып алды да білек тұсынан тістеп алды. 

Қаттырақ тістеген болу керек, терісі сәл сыпырылып, кішкене көгергендей болды. Тістерінің ізі санауға болардай қатты батыпты. Әйкен ауырсынуын білдірткен жоқ. Дәретханаға барып, қолын жууға кірісті. Сабаққа сәл кешігіп кірді. Сәфия бұған жалынышты көзімен бір қарады. Бірақ кешірім сұрамады. Сабақ аяқталған соң, бәрі үйіне қайтуға асыққанда бұл қызды сәл тоқтатып, қолына бүктетілген қағазды ұстата қойды.

–  Кешегі өтінішің бойынша ғой!, - деп сәл қызарды. 

–  Мәссаған, мен ұмытып кетіппін ғой! Қойшыыы, рас па?

–  Иә

– Тууйй, рақмет үлкен, шынымен алғым келген!, - деп алғысын жаудыра бастады. 

–  Тек үйде өзің оңашада оқышы – деп өтінді Әйкен.

–  Жақсы, - деп келіскендей болды Сәфия

   Бірақ қыздың шыдамы үйге дейін жеткен жоқ. Әйкеннің жүргеі зырқ етіп, бірден үйіне қарай асыға мектептен шығып кеткенде Сәфия қыздар әжетханасына барып оқып үлгерген еді. Мен өлеңді толық жаттап үлгермедім, тек соңғы шумағы есімде қалып қойыпты.

                                Жақсы ғой бізге көңіл бөліп кетсе,

                                Жан сырымның бөлшегін сезіп кетсе.

                                Білмеймін неге, жүрегім жылынғандай

                                Қолымның ұшы бетіңе тиіп кетсе.

Келесі күні Әйкен сабаққа барғысы келмеді. Бірақ ешқандай сылтау тауып, бармаудың амалын таба алмады. Өтірік ауыра қалайын десе әжесі біліп қояды. Сондықтан тәуекел деп барды. Бекер барған екем деп ойлады ішінен. Ең сорақысы өлеңді басқа қыздар алып оқып, артынан бүкіл сынып білетін боп шықты. Әйкен кірерге тесік таппады. Отырған жерінен терезе жаққа қарай жүгіріп, қарғып секіргісі келді. Ұлдар жағы бұны мазақ қылды. Ал Сәфиядан ешқандай жауап жоқ, сол баяғы жылы жымиыс қана. Қаны басына шауып, өне бойы сұп-суық болып кетті. Ешқандай қарсы уәж айта алмай, бір орында сұлық отырып қалды. Бұдан соң Әйкен ешқашан поэзияға жоламады. 

Ал соңғы хатына келсек, Әйкен мектепті тастап кетсе де қызбен қатынасын үзе қоймапты. Қанша дегенмен бір ауылдан. Жиі-жиі көріп тұрады. Одан соң да сезімін ашық хатқа жазып білдіріп жүріпті. Тек соңғы хатты қыз оныншы сыныпты бітірер шақта алды. Араларындағы толық хатты оқымай-ақ қояйын бәрі түсінікті болуы үшін қыздың жазған соңғы хатына ғана тоқталып өтемін.

Ойын да жазуын да сондай әдемі жазушы еді. Ол былай басталған еді:

“Сен менің өмірімде бар жақсы жандардың бірісің! Мені үнемі қолдайтын, жанымнан табылатын, бастысы мен сенетін жандардың бірегейісің. Ерекше сыйлаймын, ризамын барыңа! Мен сенің маған бөлетін көңіліңді, қуантқың келетін сезіміңді бағалаймын. Бірақ мен саған тек дос ретінде ғана ашыла алатын сияқтымын. Бірден айтайын, оған сенің еш кінәң жоқ, тек өзім! Көңілді ауыртқым келмейтін болғасын да айта алмай қиналамын. Қателігім сол болар. 

Иә, сен біраз нәрсе жасай алатын едің. Өйткені жасап келесің. Мен сездірмесем де қатты таң қаламын саған. Жақсы көрудің әдемі әдістерін көрсетуден шаршамадың, көп рахмет…

Сүйетініңді дәлелдеу деген бар ғой, сүймейтінімді дәлелдеп жату артық шығар…”

                                                                                           Құрметпен Сәфия

Осы хат менің ыстық жалыныма шарпылып, бірте-бірте жоғала  бастаған соң сезім атты алып күштің нәзік иірімдеріндей кішкене шоқ құсап жанған от ұшқындары төбеге жеңіл көтеріліп, біраз ырғалды. Содан соң, дереу сөніп күлге айналды. Осы сәтте маған  ақын Мағжанның өлеңі есіме түсті:

                                Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді,

                                Сөнген шоқты үріп бала күледі.

                                Ой басты ма? Әлде көзім талды ма,

                                Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді…

Бұл Әйкеннің алған соңғы хаты тұғын…

Түйемойнақ(саба)

Сәуірдің он төрті еді. Күн бейсенбі болатын. Төңірек күрт салқындап, сұп-сұр суық түске қошқылданып, әдеттегісінен ерек бұйығы мінез танытқандай. Дегенмен ауада дымқыл сыз байқалады. Әйелдердің бет тырнап, шыңғыра салған ойбайлары онсыз да көңілсіздік меңдеген айналаны одан сайын тұнжыратып күңіренте түседі. Ию-қию құжынаған жұрт.  Кішкентайлар бүріскен балапандар секілді тоңазып қалтырай қаралы үйге кіріп алды. 

Ішімдегі балдай қымызды сапырып тұрған етжеңді қараторы әйелдің  қасына Зейнеп апа жақындады. 

– Сүйекке түсушілердің қатарында жоқсың ғой?!

– Менсіз де мәйіттің алыс ағайыны болмаса жақын араласқан үлкендері бар шығар, иман суын солар жасаған да, - деп тостағандарға сусынды құйып жатты.

– Қанипаларды қарашы, әншейінде сұрай қалсаң бір ыдысын ұстатпайтын, бүгін міне астау-тегенелерін тіпті саптаяқтарына дейін қалдырмай әкеліпті. 

– Нағима апамды айтсаңызшы, қазан-ошақты өзі шығарып, елде жоқ зерендерін қойып отыр. 

– Еее, демек марқұмға деген ерекше құрмет болғаны да. Жақсы адам еді жарықтық. Бәрінен де Әйкен балаға обал болды, жападан жалғыз қалды. Қайта осыны ер жеткізген әжесі мықты екен. Жаны пейіште шалқығай!

– Иә, жалғыз немересінен шөбере сүйіп үлгермесе де үйлендіріп, аяққа тұрғызам деген жалғыз арманы ғана бар еді…

Ерлер жағы жаназасына қатысып келді. Інішектер аға буынның қолына су құйып, келгендер дастарханға жайғаса бастады. Отырғандар марқұмның тірі кезіндегі өмірінде өткен жақсы-жақсы естеліктерін айтысып, қимастықпен әңгімелерін аяқтайды. Әйелдер жағы ағыл-тегіл көздеріне жас алып дауыстай жылайды. Ел ағалары оларға басу айтып:

– Құр жылап отырудың иіні жоқ. Жамандық шақыра бермеңдер! Қайта арманы жоқ кісі екен,  92 жас жасаған. Баяғының адамдары бұндайда той деуші еді марқұмның жасын берсін деп. 

Бәрі-бәрі Әйкенге көңіл айтты. Қандайда бір көмек қажет болса кез-келген мезетте көмек қолын созуға даяр екендерін білдірді. 

Жандары ауырып, құдды Әйкеннің ішіне кіріп-шыққандай бүған келіп қайта-қайта құшақтап, жылы сөздерін аямады. Топырласқан жұрт асыл адамнан айрылғандарын, оның енді ешқашан қайта оралмайтындығын саналарына енді ғана түйіп, қабырғалары қайысты. Кейбіреулері тірі кезінде айтқан өтініштерін орындай алмағанына бейне бір арғы дүниеге өтелмеген қарызы кетіп бара жатқандай ах ұрып күрсінеді. 

Әйкеннің күрегі

Мәйітті ақ киізге орап болған соң дәлел оқу басталды. Молданың күңіренген мұңлы даусымен құран аяттары оқылды. Одан соң киім үлестіру рәсімі орындалды. Тірі кезінде киген киімдері алдымен мәйітті жууға қатысқан адамдарға, сосын жақын туыстарына таратылып берілді. Қазақта “өзің киіп өзің тоздыр” деген сөзді де бекер айтпаған ғой. Бұл аймақта бұл дәстүрді сыйым деп те атайды. Қайтыс болған кісінің денесі арнайы ағаш зембілге салынып, жаназа оқитын жерге апарылды. Молда ораулы жатқан мүрденің басын күнбатысқа қарай жатқызып, “қарызы бар ма еді” деп сұрады. Рәсім аяқталған соң ер адамдар зиратқа қарай беттеді. Жер өте жұмсақ болды. Мәйітті көму аса қиындық тудырған жоқ. 

Мені ұстаған адамның қолдарын танымадым. Әйтеуір үйден ала берген кезде дәл осы “шараға” қатысқым келмеген еді. Себебі марқұмның талай рет аяулы қолын сезіп, бау-бақшада талай іс бітірген едік. Ал бүгін сол адамды жерлеуге қатыстым. Құран бағышталған соң, жаңбыр сіркірей бастады. Төбе тесіліп кеткендей екпіні күшейіп қатты жауа бастаған. Жиналғандар жаратқанның нұрына балады.

   Шұңғыл тәрелке 

Үйдің ішін қараңғылық торлады. Қара көлеңкеленген бөлмеде майшамның болар-болмас жарығынан адамдардың сұлбалары көмескіленіп көрінеді. Жарық өшіп қалыпты. 

Сәл бұрыш жақта отырғандардың көлеңкелері адамдыкі емес құбыжық көлеңкесіндей ұзыннан созылып, көп қарап қойсаң бас салатындай арбайып тұр. 

Әйкен ас үйдегі шкафтың жоғарғы тұсынан мені алып, ыстық тамақ құйды. Сөйтіп түпкі бөлмеде үнсіз жатқан адамның мойнын көтеріп тамақтандыруға кірісті. Қасына көршілері жиналған. Бұл науқастың жағдайы тым нашарлап кетті деген хабардың тарағанына екінші күн толғанда жиналған отырыс еді. Әйкен ыстық сорпаны үрлеп-үрлеп, қасықты науқас әжесінің ерніне тосты. Найман әже ернін жыбырлатқандай болды. Бірақ соңғы үш-төрт күнде ешкім бұның тілін түсінбейді. Бір қасық сорпаны жұтқыншағынан қинала әрең өткізді. Оның бұл жағдайын көріп, қолынан ештеңе келмес шарасыздықтың шарабын ішкендей Әйкеннің жаны күйзеледі. Дәрігер кеше келіп тамырын ұстап кеткен. Жақындарына дайындала беріңдер бір-екі күн уақыты қалды деп ескерткен еді. Көршілері мұны дәрігерден таяу күндері ғана естісе, найман әже  он бес күн бұрын дайындалып қойған болатын. Сол кезде де бұны бұл жамандыққа қимай бәрі “өйтіп қалжыңдағаныңызды қойсаңызшы, әлі ғұмырыңыз ұзақ Әйкенді үйлендіресіз ғой” деп жалынышты үнмен қарайтын.

Кеудесі сырылдап, барған сайын тынысы тарылып келеді. Барлығы қаймығып, ауыр минуттарды артқа қалдырған сайын үкілеген үміттен күдер үзіп бастары салбырай берді. Әйкеннің көзі бұлдырай бастады. Себебі жанарының алды жасқа үйіріліп, ештеңені анық көрмеді. Ештеңені де көргісі келмегендей, бояу-реңкінен айрылған қуыс бөлме сияқты жаны да үңірейіп екі тізесін құшақтай ала отырғысы келеді. Енді-енді кірпігін тарс қағып жіберсе көздерінен жас тамшылары сырғып ағып, айнала қайтадан мөлдір күйінде жарқ ете қалар еді… Бірақ ол өйтпеді… Көзіндегі жасты жібергісі келмеді…

Тағы бір қасықты апасына ұсына беріп еді, ол бірдеңе айтқысы келгендей күбірлеп дауыс шығарды. “Ана.. анау.. ананы…” деп дірілдеген сұқ саусағын шошайтты. Барлығы үн шығармастан жым болған.  Әйкен құлағын тоса жақындай беріп еді, апасы даусы қатты шығып:

–  Ана қылды алып таста тамақтағы, - деді. 

Жиналғандар бұл қылығына мәз-мейрам болып еріксіз күліп жіберді. Бағанадан бері орнаған үмітсіз үнсіздік пен мылқау мұңның себепшісі сол қайғыны өзі-ақ лезде жуып салғандай болды. Көзге түртсе көргісіз түн баласында битімдей ғана қылды байқап қалған қарт әженің қырағылығына қайран қалысты. 

–   Найман әжемнің осылай жаныңды жадырата салатын қасиеті ғой. Қаракерей Қабанбайдың ұрпағы емес пе аттай шауып кетеді әлі, - деді Жарылқасын. 

Дегенмен бұл сөзі амалсыз айтыла салған әңгімедей, керісінше жаман ауруды есіне түсіргендей жалынышты шықты. Найман әже өзіне қарағанда өзгенің жағдайын қатты алаңдап жүретін кісі еді. Хал үстінде жатса да айдаладағы басқа біреулердің болмашы күйбең тіршілігін айтып, “соларға көмек көрсетуім керек, екінші тұстан шығысуым керек” деп жатты. Бірақ қалғандары оның сөзін бөлгісі келмеді. Не айтқаны мүлдем маңызға ие болған жоқ, тек сөйлегені,  жылы даусын естігені ғана керек еді. 

Жылы дауыс ұзаққа созылмады… Сағат таңғы 5-тер шамасында таң сәріде астыңғы жақ сүйегі салбырап бос қалды… Дәл сол сәттен бастап жылы дауысты жылаумен араласқан аңыраған дауыстар алмастырды. Аяулы әженің соңғы демі үзілді… Ішімдегі бір ожау ет араласқан сорпа жылуы кетпей сол беті ішілмей қалды… Жартылай толы болсам да ішімде толтырылмайтын қуыс жатқандай сезілді… 

Әйкеннің балтасы

Содан бері жеті жыл өте шықты. Орда бұзатын отыз екіге  келсе де қу басы жалғыз. Үйленген жоқ. Отызға енді шықса да он жасқа қартайып кеткендей етін. Бұл өз бетінше ауыл адамдары бұның бар екенін кейде ұмытып кеткендей  өз бетінше өмір сүре берді. Кешегі айтылған сөз далаға кеткендей жоқ әлде бұны енгезердей жігіт деп өз тағдырын өз қолына тапсырды ма ол жағын біле бермеймін, тек бұдан сырт айналғансып суық араласады. Адамдар арасындағы кішігірім сыйлылығы апасымен бірге ғайып болған шығар бәлкім. 

Көршілерінің арасынан тек Жарылқасынды жақсы көрді. Тек соның айтқанымен жүріп, соның ғана сөзіне иманындай сенетін. 

“Басқасы басқа Жарылқасын ағам алдамайды, қара қылды қақ жарған нағыз әділдің өзі ғой” деп жанынан бір елі жылыстамады. Бұл оған қажет шаруаларын тындыртып алады. Бос уәдені де көп береді. Бір күні сол уәделердің ішіндегі ерекше ұсынысты төгіп салды. Бөренеге қадалып тұрғам, бір кезде арба сүйретіп жүрген Әйкенге кеп:

– Әй, Әйкен бүгін не істейсің? Өстіп қашанғы ақ тер көк тер боп жүгіре бересің, өміріңде құйтақандай бір мақсат қалды ма? Жалғыздық бір құдайға ғана жарасушы еді ғой. Сен былай істе. Мен болмасам елуге келсеңде кәрі бойдақ боп жүретін түрің бар. Қазір мен қалаға жұмыстарыммен шығамын, сен мен келгенше үйімнің айналасын толығымен жинастырып, дос сүйініп дұшпан күйінетіндей дүрілдетіп бір монша жағып қойшы. Рақаттанып түсейін келіп. Еңбегіңе қаладан саған кереметтей қыз дайындап қойдым. 

Әйкен жаңылыс естідім бе дегендей:

– Қыз дейсің бе? 

– Иә тамаша сұлу өзі. Өзіммен бірге ертіп келемін. Моншадан соң бірден той бастап кетейік.

– Қаладан ба?, - деді қолындағы арбаны тастай сала.

– Не айтып тұрмын өзі саған, керең боп қалғанбысың? Иә қаладан,  көргенде ауылдың бәрі ауыздары ашылып, сол хор қызының Әйкенге мына саған тиесілі екенін естігенде пах жігіттің сабазы екен деп мойындайды хехе, - деп кеңк-кеңк ете күлді.

– Ағам-ау, - екеуінің арасы екі-ақ жас болса да бұған аға деп сөйлейтін. – Менің жағдайымды сіз ойламасаңыз кім ойлайды екен. Әміріңіздің бәрін жасаймын, моншаны жаққанда тура бұрын-соңды болмағандай бұрқылдата отырып жағайын. Моншаға емес, жәннатқа кіруге лайықсыз ғой!

– Болды, болды көп лепіре берме!, - деп сөзін тыйып тастады. 

Үстіне майы кетпеген сұр костюмін киіп алып, басына киіміне мүлде үйлеспейтін сары кепкасын жабыстыра көлігін оталдыруға тырысты. 

Көлігі енді-енді отала бергенде қайта өшіп қалады. Содан соң артына қарап: 

– Әйкеееен!, - деп дауыстады.

Әйкен оны бірден түсіне қойды. Бірден көліктің артына жармасып итере жөнелді. Жолда жылдамдық алып, көлік отала кетті де тоқтамастан қалаға апаратын ұзыннан созылған жалғыз жолды беттей зулап кетті. Байғұс Әйкен осы сәттен бастап тыпыршуы басталды. Түскі асын да ішкен жоқ. Жарылқасынның үйіне өтіп білегін сыбана бірден жұмысқа кірісіп кеткен. Үйшікте байланып бұған үрген алабайды да елеген жоқ. Үйінің айналасын ал кеп тырмалады. Бір жерге айырмен алып жинастырып, өртеді. 

Үйден Жарылқасынның әйелі шығып, бұған күйеуі тапсырмаған мүлде басқа жұмыстарды айтып көріп еді бұл бәріне келісе кетті. Қойманың төбесін ақтап берді, үйдегі жатын бөлменің тұсқағаз жабыстырылмай қалған кішігірім бөлігін бітіре салды. Ескі-құсқы дүниелерді бір қорадан екінші қораға ауыстырды. Тіпті қақпаларына дейін балғын бояумен бояп берді. Маңдайы тепшіп-терлеп, үсті шылқылдай бастаса да қабағын түйген жоқ. Көңілді бір әнді ыңылдатып, сергек жүрді. 

Бұл түкке тұрғысыз ғұмырында қалған соңғы жұмыстарындай, бар ынтасымен беріліп істеді. Өмір бойы осы сәтті аңсап келгендей. Бұдан соң бәрі-бәрі аяқталады. Бұдан соң ол аттанады… Ертең-ақ аттанады. Бақытты ылғи да аппақ дүние болып жарқырап жататын мәңгі қыс болатын мекенге аттанады. Қосағымен бірге. Иә қалғандары жұмақ мезгілін мәңгілік көктем деп елестетеді. Ал Әйкен қысқа аттанады. Одан соң бойына терең тамырланып кеткен өкініш пен мұң-қайғы атаулы бүршік атып, бейне бір нәзік сакура гүлдеріндей қуаныш пен шаттықтың жемісіне ауысып, жұпарын шашып сыртқа шығады. Алдарынан алтын нұры жарқыраған қақпаның есігі айқара ашылады. Содан соң… содан соң ол ендігәрі  өзін ешқашан жалғыз сезінбейтін болады… Өзін түсінетін жалғыз адамды қастерлеп өтеді. Басқалары оны қызықтырмайды, басқаларын тіпті көрмейді де. Жан тәнімен құлай беріліп соны ғана ардақ тұтатын болады. Тек сонымен ғана бір көрпеде кірпік іліп, бір көрпеде оянады. Соның ғана түзден келгенде ыстық сезіммен құйылған тәтті шайын ішіп, әдемі әзілдеседі. 

Соның ғана барлық сырын білгісі келеді, балалық шағындағы қызықтарын, бақайына дейін бұрындары болған әр жараның тарихын, қылықтарын, бәрін-бәрін… Соны ғана күндіз-түні жалықпай тыңдар еді… Соған ғана күніне жүз тыңдай алатын сүйікті әнді,  жүз қайтара оқыса да жалықпайтын кітапты оқытқызар еді… Соған ғана толықтай ашылар еді. Сол үшін ғана үйіне ерте асығар еді. Кей кездері жұмыс бабымен түннің бір мезгілінде үйге оралғанында, өзін көз ілмей қарсы алғаны үшін, бұған тосқан аппақ маңдайынан құшырлана иіскеп сүйер еді. Сонымен ғана қараңғы кеште сұлу ай жарығының астында  әдемі вальс билер еді. Тек сол ғана есеңгіреп қалған шаңыраққа жаңа құт әкеліп, мерейін тасытатын еді. Ал ол болса неге бұнымен ертерек таныспағанына аңтарылатын болады. Қызық… Жарылқасыннан қыздың атын да сұрамапты. Өзі сұлу болса әрине аты да сұлу болуға керек. Мысалға… Айсұлу…Нұрсұлу… Бақыт…Айжүрек… жоқ… Сағыныш! Иә Сағыныш деген есім ғана бұның жүрегін елең еткізді. Тек солай болса тым тамаша болар еді. 

– Көп ойға беріліп, сандырақтай берме!, - деп өз-өзіне зекіді.

“Оданша жұмысты тындыру керек” деп ежелгі серігі мені алып моншаға отын жаруға кірісті. Қалың-қалың бөренелер, ағаш ескі тақтай барлығын жарып, отынға тасыды. Ентікпей-ақ жүріп артығымен жинап тастады. Алдағы қысқа да жететін отынды дайындап үлгерді. Моншаның мұржасынан қып-қызыл жалын төбеге қарай алаулайды. Лезде ысып, қайнаған ыстық су, аузы-мұрнынан шығып атылып кетердей бұрқылдап қыз-қыз қайнайды. Пеш гүрілдеп екі бүйірі балқып кетердей қызыл түске оранды. Пеш астына түскен шоққа ойлана қарап, қақпақты ашып көмірдің күйесі сіңіп қалған қара қолғап киіп алып ескі-құсқы дүниелерді де салып жатты. Моншаның есігі ашық болды. Жұқа дәптердің ішінен бүктелген қағаздарды алып бір қарап, санасында жаңғырған естеліктер оралғандай біраз ойлы жүзімен тапжылмастан отырды. Отқа лақтыруға оқталды да, әлденені ұмытқандай қағазға срңғы рет қайта қарады. Содан соң бәрін пешке жіберді. Бұл жай қағаз емес хаттарға ұқсайтын. 

Мені қолына қайта ұстағанда бір жайттар есіне түсіп, еріксіз жымиды. Әйкеннің қолы маған тигенде, ол естеліктерді өзім де сезініп, елестете алдым. Ол кезде әжесі есен-сау етін. 

Семейден ауылдарына көрші Жарылқасындардың туыстары келетін болды. Сөйтіп екі үй боп мейман күтуге жанталасып, бәйек боп жүрген. Келетін қонақтары – Жарылқасындардың ағасы Қали деген кісі. Жұбайымен келді. Шашын боятып, қысқа қидырған әйелі Дариға жылмың-жылмың етіп тез қимылдап, ашылып сөйлеп қалған пысық екен. Келген соң барлығы алдымен емен-жарқын жағдай сұрасып алды. 

– Кішкентайларың қалай, өсіп жатыр ма?

– Жақсы шүкір, бірақ ең  кішісі  жиі ауырыңқырап  жүр  соңғы кезде, - деп бір жастан енді аса берген баласын нұсқады.

– Ауырмайтын бала бола ма, бұлардың бәрі солай ғой, ештеңе етпес көз алдыңда  өсіп шығады әлі.

Әйкендермен танысып болғаннан соң, бірден тіл табысып кетті. Әжесінің жағдайын ойлады ма әйтеуір бұдан үйлену жағын сұрай берді. Жиырманың төртеуіне келген Әйкенді сұрақтың астына әбден алған еді. Бұл ұялыңқырап қыз жоқ дей беріп еді.

– Мен саған жақсы бір қыз көрсетейін бе?, - деп сұраса да жауабын күтпей телефонын шығарды. Күйеуіне қарап:

–  Қали Нұржамалмен таныстырмадық па, өзі сондай жақсы қыз.

– Иә, иә, - деп қостады. 

Суреттен жарастыра хиджаб киген ажарлы қызды көрсетті.

– Бұндай намаз оқитындар керек емес!, - деді әжесі.

– Жоға, бұл сіз ойлағандай бет жүзін көзіне дейін тұмшалап алатын діни фанат емес, ақылды пысық қыз, өзі медик келіп системаңызды да, уколыңызды да салып береді. 

–  Қайта намаз оқыса жақсы емес пе, ондайлар адал болады, - деп сөз қосты Жарылқасын.

– Жылтырақтың бәрі алтын бола бермейді, бірақ доқтыр болса жақсы екен, - деп ойланып қалды.

– Иә бәріңе келіп дыз-дыз етіп укол салып береді, үйге кіре қалғанша огородқа қарай қашасың, - деп жүгірген адамның қимылымен көрсетіп, қарқ-қарқ күлді Қали.  

Оның айтқан сөзінен қарағанда жасаған қылығы күлкілі көрінген еді. 

– Бір орында бос отыра алмайды өзі еңбекқор өзі ісмер, жас қыз ғой өздерің тәрбиелеп аласыңдар, үйдегі Саматқа( ұлдары) талай келіп укол салып кетті. 

Алдымызға кеп бетімізден сүйіп, қашан қарасаң жылы шырай танытып тұрғаны, тура бар ғой айналып кетесің ғой айналып!, - деп жер көкке сыймай мақтады. 

– Мақтауды өлтіреді екенсің өзің де! 

– Рас айтамын, бір өтірігі жоқ сөзімнің. Давай Әйкен, - деді Дариға орысшалап, – Мен саған қыздың номерін берейін сөйлес.

– Мен не деп айтамын оған?

– Айт! “Сәламатсыз ба, мен Дариға апайдың інісі едім, жолығайық деп”

Бәрі ду күлді. Бұдан соң бұл сөздер айтылған күйінде осылай қалды.

Жарылқасынның моншасы дайын болды. Алдымен үй іші бала-шағалары рақаттана түсіп алды. Әйкен Жарылқасынды сарғая күтті. Кеткеніне жүздеген ай өткендей көрінді. Содан соң іңірде сарыла күткен Жарылқасын да келді. Жоқ… қыз жоқ, әлде ғайып болған ба бұның ғана көздеріне көрінбеді ме көлікте жалғыз адам. Қабағы түсіңкі, көліктен көңілсіз қозғалып, үйге қарай беттеді. Әйкен барлығы дайын деп еді

–  Жарайсың, - деп қысқа қайырды.  

Одан соң үйден орамалын иығына іле салып, моншаға кіріп кеткен. Жұдырықтай қайрақты алып ап, Әйкен менің жүзімді қайрап отырды. Моншаның қақ сыртында жайғасып алған. Жарылқасынды күтіп отыр. Түнгі тылсымда төбедегі шетсіз-шексіз аспан теңізінде толған ай баяу қалқып мүлгіген. Жұлдыздар бүгін ерекше жап-жарық еді. 

Ас үйдегі перде

Мен Жарылқасынның үйіндегі пердемін. Сарғыш, көбелек пішінімен көмкерілген жеңіл пердемін. Жарылқасын ішке кіргенде ас үйден даладағы қақпаға  қарайтын терезені жауып тұрғам. Балалар түпкі бөлмеде ал мен жақта тек әйелі мен балдызы Фарида жүрді. Келіншегі күміс табадағы тағамды дастарханға қойып жатып, оны кешкі асқа шақырды. Балалардың тамақ ішіп алғанын, мұнда тек өздері отырып әңгіме шай құрып отырғанын айтты. Күнделікті тұрмысты сұрасып болған соң, тақырып басқаға қарай ауды. Фарида кенет орнынан секіріп кете жаздап:

– Әпке сізге бір қызық айтып берейін бе?, - деп өзі әлі күнге дейін ішек-сілесі қата күлетін оқиғаны айтқысы келді. – Менің жездем нағыз актёрдың өзі ғой, өткенде Әйкенді қалай қатырғанын білесіз бе?!

Әпкесі шынтағын таянып, білмеймін дегендей басын изеп, таңданыстан аузы ашылып қалды. 

– Бұл жынды жездем ана байғұсқа әдемілеп монша жақ деп бұйырған. Сонда бұған кешке қаладан дайын тұрмысқа шығатын қыз әкелем деген ғой…, - осы кезде демі жетпей сөзін жұтып, сықылықтап күле берді. 

– Ол бейшара тыным таппастан тыпыршып, моншаны бар өнерін сала қыздырып жағады. Кешке келсе қыз жоқ екен, бұл жалғыз өзі ғана. Үйбәй Әйкен жалтақ-жалтақ етіп сұрамай ма “әкелем деген қызың кәне?” деп, -  мәз болып, Фарида қайтадан сыңқылдай жөнеледі. 

– Сонда жездем тура кинодағыдай ойнағанда енді сұмдық, тура көзінен жас паршалап, жүрегін оң қолымен ұстап бұған жақындап:

–  Қыз бейшара, Саржалға (120 шақырымдай алыста орналасқан көрші ауыл) келгенде шыдай алмай жүрегі жарылып қайтыс болды, - дегенде Әйкен не дерін білмей қалыпты. 

– Есің ауысып қалған осы сенің!, - деп әйелі жымиды. Бірақ бұл сөзінде жазғырудың ізі де көрінбеді. Артынан қалғандарына қосылып күлді.

Арада бір апта өткен соң үйін сатып, Әйкен қалаға кетіп қалды. Біржолата кеткендей болды. Кейбіреулері бұл шешіміне риза болмай жатса, кейбіреулері дұрыс деп тапты. “Қалаға кеткені дұрыс болған. Құтымның қу шоқысы болған мына жерде ұстап тұрардай бағалы несі қалды дейсің” десті кей кемпірлер. 

Әйкеннің балтасы

Желсіз, тымырсық түн. Аспанның жарты бөлігін будақ бұлт басып, қалған бөлігі жұлдыздарға толып ап-анық көрініп тұрды. Сонда да сұмдық жарасымды көрінді. Әйкен басын алмай шын сүйсіне қарады. Содан соң сол қолын биікке қарай соза түсті. Алақаны түн жамылған тұнық аспанда жайылып, саусақтарының арасынан жұлдыздар жылт-жылт етеді. Артынан жақындаған аяқ дыбыстарын сезді. Ыстық моншадан кейін көкірегін кере салқын ауаны жұтып, құлағын шұқи қасына кеп жайғасты. Көздері қызарып кеткен. Әйкенге қарады да өзін кінәлі сезінгендей: 

– Айтпақшы, ана қыз…,- дей беріп еді Әйкен мойнын бұра жалт қарады. – Жап-жақсы келе жатқанбыз, Саржалға келгенде бейшара қыз шыдамай жүрегі жарылып қайтыс болды, - деп жүрегін ұстай алды. 

Сұмырайды дәл қазір-ақ еркім жүрсе  қарғып секіріп дәл осы тұрғанда басын шауып алар едім. Жоқ… бұл жолы шыдамады ма расымен?! Мені қолына алды да қақ маңдайдан періп қалды. Жарылқасынның маңдайынан қан жылыстап өтті. Денені моншаға сүйреп апарды. Содан кейін мені иығына асып алып, Жарылқасынның үйіне кірді. Қан-қан балтаны, тамырланып кеткен бұның көздерін көргенде үй ішіндегілердің зәре- құты қалмады. 

Жоқ… ешқандай да кісі өлтіру болған жоқ, бұл әншейін менің көзіме елестеген екен. Жарылқасын бұның иығынан қағып, не дерін білместен орнынан тұрып кетіп қалды. Бұл осымен төртінші рет қайталанған болатын… Оның алдындағы қыздар біреуі жол апатынан, біреуі уланып қалып тағысын тағы дегендей бұған жетпей жолда мертігіп қала беретін. Әйкен үнсіз. Талай уақыт жиналып, енді-енді жарылуға оқталған жанартаудай…жоқ бұл жолы шыдамады расымен, тұра кеп құдайды қарғады:

– Әуелі бәріңді жұп-жұптарыңмен жаратқам дейсің, маған келгенде қатын құрып қалады ма? 

Бар ыза-наласын төкті. Шағымдарын айтудан аянып қалмады. “Мұнша қорлайтындай не жазып едім…” Одан соң жарым түннің кезінде сабасына түсіп, өзіне келгендей болды. Қайтадан жалбарынып тұрып кешірім сұрады. Содан соң орынан тұрып өзін қайрай түсті:

– Үміт үзуге болмайды. Амандық берсе бәрі де болады, тек сену керек.  Жарылқасын ағам да асыл адам ғой. Әлі талай көмек көрсетеді маған. Бейшара қиналып, мен үшін жаны ауырады. Талай теперішті  көріп шығыпты, - деді де бүгінгі болған ауыр күнді осылайша аяқтап, үйіне кетті. Бұл осымен төртінші рет қайталанған болатын.

Әйкеннің шақыртуы

Әйкеннің ауылдан көшіп, қалаға келгеніне төртінші жыл толып отыр. Бастапқыда біраз қиындықтар туындағанымен, қаладағы өмірге де үйренісіп кетті. Саудаға барды. Алғашында біреуге жалданып, жұмыс істеді, кейін өзі кішігірім кәсіп ашып, соны дөңгелете бастады. Бәрі ойдағыдан да жақсы жүрді. Ең бастысы жақсы қызды жолықтырды. Көңілдері жарасып шаңырақ құрамыз деп сөз байласты. Үлкен қуанышына туып өскен ауылындағы таныған барлық ағайынын шақырғысы келді. Қалыңдығымен жымиып бірге түскен суретін салып, шақыртуды да жіберді.

Есіне әжесі түсті. Егер қазір көзі тірі болғанда менің апамнан артық бақытты жан болмаушы еді деп ойлады. Апасына жасай алмай кеткен жақсылықтарын ойлап күрсінді. Жерлегеннен кейін бір мәрте де кеп құран бағыштамапты. Тойдан соң, қаладағы тірлігін тоқтата тұрып, арнайы уақыт бөліп басына келуді жоспарлады. 

Тойға ешкім келген жоқ. Нақтырақ айтқанда, қыздың шақырған қонақтары келіп, ал Әйкеннің жұмыстағы әріптестерінен бөлек ауылдан бірде-бір адам келмеген. Неге екенін мың толғанып түсіне алмады. Айналайын әжесі өмірден өткенде барлығы жұмылып, бұған шын ниеттерімен көңіл айтып еді. Ал енді қуанышқа келгенде ешқайсысының келмегеніне бір жағынан қалыңдығының алдында ұялды. Сөйтіп бір үстел бос қаңырап бос қалды. Мүмкін әжесінің болмағаны да дұрыс болды ма екен?! 

Қызық, әжесін ойласа сонау мектептің қақ алдындағы жарық орнатылған ағаш бағана есіне түседі. Қысы-жазы қас қарайса жанып тұра беретін. Әсіресе үскірік аязды, бет қаратпайтын боранды күндері пайдасы шаш етектен. Бұлар бір топ бала боп таңғы жетілер шамасында биялай, шарф, бас киім, қолғап, жалпы теріні жабатын не бар соның барлығымен бүркеніп алып, өңменіңнен өтетін суықта жолға аттанатын. Қарлы боранда қолтықтасып бір-бірінен ажырамай солтүстік бағытты бетке алатын. Сонда айналада  гуілдеген бораннан басқа ешқандай дыбыс, ешқандай көрініс болмағанда сонау алыстан темірқазықтай жол сілтей жанған жарыққа қарай жүре беруші еді. Жүрген сайын жарық ұлғайып, айналаны анықтандырып, мектепке дәл әкелетін. Міне, сол жарықтың арқасында оқушылар еш адаспайтын. Тек мектепте ғана емес өмірде де адаспай өз орнын тапты. Әйкен өзін сол жиналған бір топ баланың арасынан бөлініп қалған баладай сезінді.  Адасып кеткен секілді… 

Соңғы күндері бір түсті жиі көріп жүр. Түсіне әжесі кіреді екен. Екеу болып қыста мектепке бара жатады екен. Айнала қап-қараңғы, күн көзі көрінбейді.

Әжесі жол бастап алдында келеді, бұл артында. Сонда көріп жатқан түстің ең қорқынышты жаман тұсы сол әжесі қалдырып кеткен ізді баса алмай, енді басайын десе ізім-ғайым жоғалып, болмаған күйі қар қайта толтыра кетеді. Ал апасы алыстай береді, алыстай береді… 

Түсінен түн ортасында оянды. Маңдайынан арқасына дейін шылқыған тер. Бөлмедегі сағатқа көз жіберді. Үш жарымды көрсетіп тұр екен. Жақын арада ауылға барып, апасының жатқан жеріне құран бағыштап қайтуды ұйғарды. Жанында ақ көрпені қымтанып, қаннен-қаперсіз келіншегі пысылдап жатыр. Шыдатпаған шырмауықтай ойлардың бәрін тастап, аттанам деп шешті. Ертесіне әйеліне ескертіп, құлан сәріде  жиналып жолға шықты. 

Күн ашық. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Бірақ Әйкеннің көңілі әлі де ашылмай келе жатыр. Белгісіз бір мұң күрсініске айналып, өз-өзімен қапаланып, көліктің терезесінен сыртқы көріністен көз алмай қалған. Қошқыл сары шоқылармен жоғар-төмен құлдилап келе жатыр. Кенет өз ойынан бас тартқысы келіп, кері бұрылғысы келді. Ауылдастарының бетіне қалай қараймын деп біртүрлі қораштанды. Әйелімді ертпей өзім-ақ келуім керек еді деп ойлады. Бірақ үлкендер келінді көрмедік деп тағы болмайды, райынан бірден қайта қойды. Әжесін сағынды.  Әжесінің басына барып, сәлемдесіп қайту қалауын дәл қазіргі сәтте ештеңе алмастыра алмайтын еді. Бұл сапардың бәрін ойластырып қойған, алагеуімде  шығып, түстен кете сол жерде болса зиратқа барып қалаға қайтқанша тұтас бір күн кетеді. Сондықтан бұл саяхаты демалысқа қарағанда дер кезінде тындыратын іс сапарға көбірек ұқсады. Әйкен ауылда қонбаймын деп өзіне серт берген. Онысы іштегі бір реніштен болмаса ашу-ызадан емес, ешкімнің алдына барып, жатын орныңды дайында деп өтінгісі келмеді. Онсыз да ешкім елемейді деп сенді. 

Талтүсте өзі жас кезінде талай қарғаған Саржалға келді. Жүргізушінің осы тұстан аялдауын сұрап, біраз бой жазып алуға ұсыныс білдірді. Ауылға кіре берісте жолаушыларға арналған кішігірім арнайы асханасы бар. Сол жерден жүргізуші, әйелімен үшеуі сонда кіріп, Саржалдың бал қымызынан дәм татып еді.  

Біреу әдейі келіп  кеміріп, қалдықтарын ғана қалдыра жеп тастағандай жолдың дар-дұр еткен дірілі  басталып кеткенде бағыттың жартысын еңсергеніне көзі жетті. Жол қысқартып, ұйықтап барғысы келді, бірақ көпке созылмаған мәжбүрлеуден соң, бәрібір де ұйықтай алмады. Егер ұйқтай қалса, түсіне әжесі кіретін бе еді?! 

Ымырт жабыларда ауылға келді. Бұлай болар деп үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ауылда тіршілік жасап отқан бес-алты үй ғана қалыпты.  Биік ағаштың қасында орналасқан үйден шелекпен су көтерген қарулы кісі шығып келе жатты. Жанары таңданысқа тұнды. 

–  Әйкен сенбісің?!

–  Ассалаумағалейкүм, иә менмін ғой

– Уағалейкумассалам, аманбысың сен кеткеннен соң ауылдың жартысы Қайнарға көшті, жартысы қалаға кетті.

Жарылқасындардан бастап Қайнарға көшкен екен. Абыралы бұрынғыдай емес. Бұларды үйіне шақырып еді, алдымен зиратқа бару керек деп жүріп кетті. Өзінің аласа ағаш шарбақтарымен қоршалған ескі үйіне келді. Тап сол күйінде. Аздап саумал самал соғады. Әжесінің бақшасы, жанындағы ағашқа пышақпен ойып жазған оймақтай ғана ізі де қаз қалпында тұр. Бәрі-бәрі жылы көрінді. Келіншегі қасынан бір адым ұзамай қолтықтап алған. Еш ойланбастан үйге кіруге оқталды. Үй иесі тағы ауысқан ба мүлде бөтен адамдарды кезіктіріп қалды. Алғашында не дерін білмей басқа үйге адасып түскендей кідіртіктеп қалды. Есікті арғы бетінен қалың қасты жігіт бұған жәнеиқасындағы әйеліне кезек-кезек қарап ыңғайсыз үнсіздік те туды. Кенет Әйкенге тіл бітіп:

– Біз ауылға келген қонақ едік, осы үйде бұрын тұрған едім. Ренжімесеңіз ішке бір кіріп шықсам…, - деп батыл сөйледі. Бұған өзі де іштей сүйсінді.

– Құдайы қонақ кеп қалыпты ғой, кіріңіздер Халипа шайыңды дайында!, - деп онсыз да тыпыршып жүрген әйеліне шай қайнатты. 

Сырттағы бөренеге қадалып тұрған өзінің балтасын көрді. Аздап тот басқаны болмаса  жүзі өткір қолданыста, екені байқалады. Бұрыштағы әжесі екеуі жағатын пешке көз тігіп еріксіз жымиды. Күнде таңертең әжесі ерте тұрып алып, пешті қыздыратын. Сонда басқалардың пешімен салыстырғанда осы үйдің пеші ылғи да аппақ боп тұратын. Қазір ол күйі жоқ. Жан-жағы қап-қара күйеге жағылған. Ал айналайын апасы болса әр жаққан сайын ерінбей күйе жағылған жерін ап-аппақ қылып әктеп отыратын. Сонда таңертең пеш жылулығымен бірге әктің мұрын жаратын жұпар исі бүкіл үйді орап алатын. Әжесі аттанған соң бұл ғажайып иіс те сонымен бірге жоғалды. 

Үйдің қазіргі қожайыны бұның әжесін танитын болып шықты. Жарылқасындар Қайнарға көшпей жатып талай игі істерін айтқан көрінеді.

– Жақсылыққа жанын аямайтын ардақтының өзі деп еді, - деп бастады әңгімесін. – Жарылқасынның мектеп оқитын кезі екен. Жаңа жылдық шыршаға әр баланың түрлі жан-жануар боп келетін кезі емес пе, Жәкеңнің киетін киімі болмай қалған, “ешқайда да бармаймын” деп зар еңіреген. Сонда найман әжесі өзінің жалғыз қоңыр күртешесінің  ішкі жүнінен аюдың киімін тоқып берген көрінеді. Сонда Жәкең айтады “Найман әженің осы ауылға келін боп түскендегі жасау ретінде алып келген екі-ақ киімі бопты. Біреуі қыстық тон, екіншісі осы қоңыр күртешесі екен”. Недеген бекзаттық десеңізші!

Иә расымен де ғұмыр бойы өзіне арнайы киім алдырып көрген адам емес-ті. Сол тонын өмір бойы киіп шықты. Әйкен қажет емес десе де қожайын қоймай бұларды көрші Қайнарға Жарылқасынның шаңырағына алып келді. 

Таныс жүздер бұларға басында таңданып, кейін мейірлене қарады. Әсіресе әйеліне сүйсініп қарап қалған. Соншалықты сұлу болмаса да бойында адамды тартатын бір сүйкімділік бар еді. Жарылқасын екеуі аға-іні ретінде емес, бұл жолы жан достардай арқа-жарқа твбысып, алғаш рет ашыла сырласты. Әжесінің басына да бірге барды. 

Ескерткіштер жотаны түгел алып, жолға дейін шығып кеткен екен. Ара-арасымен өтіп әжесінің басына келді. Құлпытастың бетін сипап, барлығы отыра кетті. Әйкен асықпай сазды даусымен “құлхуалласын” айтып құран бағыштады. Бағыштаған соң бір сәтке жеңілдеп қалғандай да болды. Лсы күнге дейін өткен барлық ғұмыры көз алдынан өте шықты. Сол оқиғаларға куә болған шоқылар мен жоталар және де көненің көзіндей болған әжесі мен өзінің заттары ғана қалды. “Егер сол заттарға жан біте қалса мұқым Абыралының тарихын айтып берер еді” деп ойлады. 

Алдына келіп, сағынышын басқандай болса да әжесі туралы ойлады. Есіне бала кезіндегі әжесінің айтатын ертегілері оралды. Аздап жөтеліңкіреген соң:

“Арада біраз уақыт өткен соң аты елге мәлім бір кісі келіншекке келіп, екі достың қарақшыларға тап болып, қазаға ұшырағанын, оның біреуі келіншектің күйеуі екендігін қаныпезерлер олардын басын кесіп, айдалаға тастап кеткенін хабарлап, көңіл айтады. Қайғылы хабарға арудың жаны күйзеліп, әлгі жерге барып көз жасын көлдете Алла тағалаға мінәжат етеді. Оларға қайтадан өмір сыйлауын сұрайды. Жаратқан ием тілеуін берсе, екі достың бастары бір-біріне араласып жаңылыс түскен екен. Сол кезде ғажайып ирам бақтағы сұлу перизат ұйқысынан еріксіз оянып бұл жұмбаққа былай жауап беріпті, “Әңгімеңе жан-дүнием пида, сырттай бас адамға жақын болса да, бірақ тіршілік тәнге тиесілі, тәнге сырлас, демек оның сырласы тән болуы керек…”деуші еді.

“Міне жаным апам, сенің алдыңда тұрмын. Сенің аялы алақаның, “құлыным” деп еркелетер тәтті сөзің мен мерейлі ыстық құшағың маған жетіспейді. 

Алдыңда талай қарыздармын, сол қарыздарымның бір бөлшегін өтей алдым ба екен?! Тірі кезіңде қадіріңе жете білмеген санасыз балаңды кешіре гөр! Ал дәл қазір дұға оқудан басқа қолымнан ештеңе келер емес! Тарихта Зере, Айғаным секілді ардақтылардың атын Абай мен Шоқан танытты. Ал мен сен үшін не жасадым?! Жаның пейіште шалқысын, найман әжем!”.

Осы сәтте бүкіл Абыралы мен Қайнар “найман әже” деп атап кеткен Әйкен өз әжесінің азан шақырып қойған атын құлпытасқа қарағанда бір-ақ білді. Онда “Тоқбала” деп жазылған еді. Дәл осы мезетте Тоқбала Зеренің азан шақырып қойған есімі екені есіне түсті… 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар