Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №17...

01.05.2023 1527

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №17 14+

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №17 - adebiportal.kz

Алматы – бақытымның бастауы

Повесть

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №17 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Арман мекені

Бақыт деген не өзі? Ойланып келемін. Ойланғаным соншама ойымдағы  ішкі толғаныс қиялға ерік бергендей. Бақыт деген – өмірімізде болып жатқан әрбір сәттің бізге алып келген сыйы. Әрбір сәттің бе?  Иә, өмірімізде ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғы қатар жүрері сөзсіз. Ол абсолютті шындық. Адам санасында балаша қуанып, балбұл жайнайтын сәті, көз жасы көл болып қайғыға бататын кездері де есте қалады. Сол кездер есте қалса, ол сәттің ертеңгі күні алып келетін өзінің сыйы болады екен. Өмірімізде бір қиындық болды делік. Біз сол қиындықтың жолында тар жол, тайғақ кешуде жүріп, соңында жеңіске жетіп жатамыз. Бірақ біз оны өміріміздің қара кезеңі деп жауып тастамаймыз ғой. Ол біздің санамызда мәңгі сақталады. Кейін отбасымызбен дастархан басында отырып, сол кездерді күліп еске аламыз. Өмір сонысымен қызық. Осылайша өмірдің әрбір сәтінен ләззат алып, бақыттың бізге дайындаған сыйын көруге асық болып келеміз. Осы тұста өмір берген бақыт сыйымның кейбір сәттерін сіздермен бөлісейін. 

Ұшақтың әуежайға қонуына санаулы уақыт қалды. Терезеден қаланың көрінісін тамашалап, табжылмай отырмын. Қаланың таулы беткейіне көзім түсті. Тау шыңдарын аппақ қар басқан ала таулар қалаға өрнектелген алашадай көрік береді. Қала осы аласұрған тауларымен әдемі. Енді көзім қаланың тоқтаусыз жүріп жатқан көшелеріне түсті. Қала көшелері артерия қантамырлары секілді. Көптігі соншама бір-бірімен қиысып, қабысып жатыр. Сол қиысуда көліктер арт-артына тізіліп, артерияда жүріп жатқан қан дерсің. Одан қала берді адам деген халықтың әртүрлі тағдыр тоғысында қалтарып қалмай жарыса өмір сүріп жатқандығы. Бұл қаланың өміршеңдігін көрсететін бейнесі еді. Осы сәтте ойланып кетіппін: Ее, менде қазір ұшақтан түскен соң бұл қаланың құшағына еніп кетемін ғой! Ендігі тағдырым осы қаламен тікелей байланысты болмақ па? Сондықтан өзімді қазірден бейімдеп бастауым керек. Осында өткізетін уақыт аралығында қала мені тағдырдың сергелдеңіне салмай, керісінше бақыттың базарына алып баруы керек. Болашақ армандарымды жүзеге асыратын бұл қалада жеңіске жетіп, бақытымды табуым қажет. Ол үшін неден бастау керек?... Осы сәтте ойымды бортсеріктің мына хабарламасы бұзды: 

- Құрметті жолаушылар, біздің ұшағымыз қонуға дайын! Орындарыңызға отырып, қауіпсіздік ережелеріне сәйкес белдіктеріңізді бекітіңіздер!

Ұшақ бір кезде оңға кейін солға құлдилай бастады. Қанатын жайған ақ құстай жай баппен төмен қарай құлдилай берді. Сол-ақ екен бірден екі қантын  кеудесінен шығарып, әуежайдың ұшақ келіп қонатын жолағына зырғыта келіп қонды.

Адамдар шығуға асық. Барлығы 3 сағатқа жақын уақыт бір орында табжылмай отырған соң ба, отырған орнынан атып тұрып, есік жаққа біртіндеп жүре бастады. Бізде қол жүгімізді алып, қалың көпшіліктің арасына еніп кеттік. 

Алматы қаласының әуежайы. Алматыға оқуға түсуге келдім. Қайсы немесе қандай оқу орнына оқуға түсіп кетерімді өзімде білмеймін. Талапкерлерге берілетін мемлекеттік гранттың конкурсына  қатысуға құжаттарымды алып, осы қалаға келіп тұрмын. Конкурсқа құжаттарды туған өлкемде де тапсыруға болады. Неге екенін білмеймін осы қалаға бет бұрып келіп қалыппыз. Қызық! 

Әкем өзге қалаға кетуіме іштей қарсы болды. Үйдің кенжесі болғандықтан ба, алыс шет аймаққа жібергісі келмеді. Теміржол саласына барғанымды қалады. Менің санам теміржол деген сөзді естігенде ол сөзді бірден сыртқа тепті. Себебі, ол салаға білім жағынан да, физикалық жағынан да мүлде дайын болмадым. Өмірімде вокзалға бармағанмын. Вокзалға бармаған жан поездға да отырмайды ғой. Әкеме білім беру саласы қазіргі күні жақсы дамып жатқандығын айтып, сол мамандыққа бет бұрғанымды айттым. Және бала ананың сөзінен асып қайда барады? Әжемнің «ұл баланың оқимын деген талабын аяқ асты етпе, барсын, көрсін» деген сөзі әкемнің іштей қарсылығын жібіткендей болды. Осылайша, оқуға түсуге бейтаныс қалаға келіп тұрған жайым бар. Алдымдағы мақсат – грантпен оқуға түсу. Мектепті үздік аттестатпен аяқтап, емтихан одан қала берді ҰБТ-ны өте жақсы нәтижеде тапсырдым. Ендігі үмітім таңдаған мамандығыма грантқа түсу. Бірақ іштей қобалжып, жүрегімді толғаныс басты. Өйткені,  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына грант саны аз бөлінгендіктен шекті балл да көбірек болары сөзсіз. Сәйкесінше, 111 баллмен грантқа түсу мүмкіндігімді сенімсіз көрдім. Дегенмен үлкен қалаға арман қуып келген соң артқа шегінуге жол жоқ деп өзіме сенімділік бердім де құжаттарды өткізуге кеттім.

Құжаттарды қазақ педагогтарының қара шаңырағына айналған Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қабылдау коммисиясына тапсырдым да, Алматының әсем көрінісі мен бейнесін көруге асықтым. Алматыға көкеммен бірге келгенмін. Көкем оған дейін қалаға іс сапарпен келген. Біраз жерлерімен таныс. Қазір екеуміз аялдамада автобус күтіп тұрмыз. Ондағы мақсатымыз – Алматының Абай, әл-Фараби даңғылдары,  Төле би сынды басты көшелерін автобус арқылы саяхаттап, орталықтағы негізгі нысандарды көру. Мен үшін көкем гид болып қаланың құрылысын түсіндіріп келеді. Мен қаланың биік ғимараттарына көз ілестіре алмай келемін. Көзім сан жақта. Сан тарапта. Біресе қаланың ғимаратарына, жарнама бильбордтарына таңырқай қараймын, біресе көкемнен көз жазып қалмадым ба деп көкеме қараймын. Сол кездегі алаңғасар бозбала ертеңгі күні осы көшелердің бірінде таңғы уақытта университетіне асығып бара жатқандығын көз алдына келтірді. Ішінен студенттік өмірдің бастауы болатын осы бір қала өзінің де, өмірінің де бір бөлшегі боларын сезіп тұрғандай. 

Арман қуып келген жастардың бұл қалада рөлі ерекше. Алып ұшқан жас лебіздің ішіне еніп кетудің өзі бір ғанибет. Сол үшін де қала сені тартпайды, қаланың ыстық құшағына сен енуің керек. Ыстық лебіз бен қатал тағдыр арпалысқан ортада көңіл жылуыңды шашып, құшағыңды кең жаймасаң, онда бұл орта сені сыртқа тебеді. Болмаса қаланың қатал мінезі сені сан саққа жүгіртеді. Ол қаланың жаңа келген жас буынға берер сыны, сені сынауы.  Оған сен күлесің, көнесің. Содан соң өсесің, өнесің. 

Осы сәтте көкем екеуміз қаланың биік нүктесі Көк Төбеге келіп қалыппыз. Көк Төбе – Алматының «алақандағыдай» көрінісін көре алатын ойын-сауық нысаны. Аты атап тұрғандай «көк» десе көк шалғынды, көкорайлы жасылы көп екен. «Төбе» десе Алматыны құшағына алған Алатаудың биік бір төбесі, шоқысы екен. Біз төбеге аспалы жолмен көтерілдік. Аспалы жолмен жүруім бірінші рет. Отырғаным сол-ақ екен, тербеле келе қаланың төбесінен бір-ақ шығарды. Төбеге жеткенге дейін қаланың төбесінен төніп келе жатқандай боп, тыныс-тіршілікті бір шолып өттік. Міне аспалы жол төбеге жақындай түскенде Іле Алатауы деп аталатын таудың бөктері де көрінді. Іле Алатауының бөктері бұталы болып келген. Олардың арасында шөптесін жусан да бар. Олар беткейді қанық көкке бояғандай. Осы кезде аспалы жол да беткейге келіп тоқтады. Біз аспалы жолдан түсе сала, бірден концерттік бағдарлама болып жатқан сахна жаққа жүріп кеттік. Концерт қазақтың ұлы дала өнерпаздарына айналған «Ұлытау» тобының кезекті гстрольдік бағдарламасы екен. Халық арасына кеңінен таралған қазақ ұлттық күйлеріне құлағымыздың құрышын қаңдырып алдық та, әрі қарай Көк Төбенің арнайы паркіне аттандық. Дәлірек айтқанда, хайуанаттар бағына кеттік. 

Хайуанаттар бағынан шыққан соң, біраз ойын-сауықты нысандарды, қолөнер жәрмеңкесін аралап, концерттік бағдарлама өтіп жатқан сахнаға қайта оралдық. Бұл кезде күн батып, кеш қарайып қалған. Әлденеде көзім сымбаты мен әсемдігі жарасқан күннің батуына түсті. Осы бір көріністі көру үшін біршама адам жиналған. Менде бірден сол көріністі тамашалау үшін төбенің сол қиырына баруға асықтым. Келсем шынында да күннің батуы бұл жерден ерекше әрі әдемі көрінеді екен. Көк Төбеге көп халық осы әсем көріністен эстетикалық ләззат алу үшін келетіне көзім жетті. Пах, шіркін! Алматы неткен жұлдызы жанған әсем қала! Қарап тұрып қаланың күйбелең тіршілігін еске алмайсың. Бірден қызғылт бозараңдаған күннің батуын көзім шалды. Жазық дала мен теңіз жағалауынан ғана күннің бату құбылысын көрген мен бұл жерде тұрып төрт құбылам тең болғандай мәзбін. Биік ғимараттардың жарық шамдары бір-біріне жымыңдасқан жұлдыздар секілді. Ол көрініске күннің қызараңдап батуы да әсер етіп, көрік бере түседі. Тау етегінде өсіп-өніп жатқан қаланың сұлулығы осы кезде ашыла түсті Тура бір суретші сызып, салып қойған картина дерсің. Бұл мекенге жиналған халық үшке бөлінеді. Бірінші, халықтың күнделікті қаланың күйбелең, ауыр тіршілігінен бір сәтке демалу үшін келетін орны. Екінші, ғашықтардың махаббат лебізі мен жылы сезімі ұштасатын мекені екен. Үшінші, мен секілді өзге аймақтан келгендер үшін қаламен танысуы немесе естелікке суретке түсу орны. Келгендердің барлығы дерлік естелікке суретке түсіп жатыр. Қой менде қалыс қаламын ба, - дедім іштей. Суретке түсірушілер сан жақтан түсіріп жатыр. Тіпті суреттің әдемі болып шығуы үшін экпозиция орнын тауып, сенің тұрысына дейін қызметін аямайды. Менде өзімше образға кірдім де, суретке түсіп алдым. Суреттің дайын болуын 15-20 минут көлемінде күту керек екен. Сол сәтте бұл мекенде ұзақ тұрып, қаланың «алақандағыдай» көрінісін тамашалау ғана ойымда еді. Дәл солай болды. Қаланың осы көрінісін тамашалап тұрып, ойымдағы сан сауалдың бірі жауапты осы жерден тапқандай болдым. Жай ғана таппадым, оны тізіп тұрып смартфондағы күнделігіме де жазып алдым. Ол ойым былай болатын:

Өмірдің соңы бар. Оған тағы көз жеткізгендеймін. Манағы ерекше әсер сыйлаған күннің батуы бар емес пе?  Міне сол күн өмірдің соңы, әр нәрсенің шегі бар екенін көрсетті. Күн батқан сәтте бірден аспан әлемін қараңғылық басты. Бірақ күн батыс беткейге батып, бүгінгі күннің аяқталғанын көрсетсе де, бізге ерекше әсер қалдырды емес пе?! Бізде ертеңгі күні артымыздан ұрпағымыз ұлықтайтын жақсы істі қалдыруымыз керекті. Айтпағым дүниелік нәрселер емес. Дүниелік нәрселер де ертеңгі күні мәңгілік тұрақтамайды. Бұзылады. Жойылады. Тура толқынның құмға жазған кескінді шайып өтетініндей. Ал біздің артымызға қалдырған өнегелі сөзіміз бен адал ісіміз адам жүрегінде мәңгі қалады. Ұлықталады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Ертеңгі күні бұл өмірден мәңгіге кететініміз осыдан ақ белгілі. Кейін біздің артымызда қалған ұрпақтарымыз өмір сүреді. Осылайша өмір жалғасады. Бүгін батыстан батқан күн ертең батыстан шықса өмірде өз шегіне жетеді екен ау!... Осы сәтте арқамнан біреу түртті кеп. Қарасам кешкі Алматы көрінісіне суретке түсірген фотограф. Мен түскен суреттерді қолыма ұстатты. Фотограф жігітке ақысын бердім де, кешкі Алматы көрінісіне бір қарап, суреттерге бір қарап жүріп кеттім. 

Келесі күні кеш ояндық. Кешегі күні қала аралап күні бойы аяқ жолында жүрген соң болар пәтерге келіп ұйықтап қалыппыз. Содан міне сәске уақытында бір оянып отырмыз. Пәтеріміз қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Халық білетін тұрғын үй кешені. Жанында қаланың ең ірі ойын-сауық орталығы «Мега» орналасқан. Біз бұл күні қаладан 15 шақырымда жатқан Қаскелең қаласына аттанамыз. Онда біз туған-туысқан іздеп бармаймыз. Онда оқу орны үшін барғалы жатырмыз. Қала сыртында болатын қандай білім ордасы? – деп іштей таңырқап тұрмын. Оның мән-жайын көкем біледі. Алматыға келместен бұрын ол оқу орны туралы білетінмін. Бірақ оны қалада орналасқан деп ойладым. Қала сыртын екенін осында келіп бір-ақ білдім. Қазір сол білім ордасына барғалы жатырмыз. Көкем бір ғана маршрутпен бармайтынымызды кеше айтқан. Жарайды, - деп сол кезде ойланбай қоя салғанмын. Қазір ол туралы ойланудың өзі қызық болып тұр. Ойлансам тұра беремін дедім де, киініп сыртқа шықтық. Қаскелеңге апарар жолды бағдарлап алдық. Тиесілі автобусты күтіп, кезек күттік. 

Автобустан түстік. Түскен бойда әлдебір елді-мекендердің атауы бірден естілді. Бірін бұрын-соңды естісем, бірін білмейді екенмін. Бұл Алматының облыс аймақтары мен басқа қалаларға шығатын қақпасы. Былайша айтқанда, қалаға келушілер мен кетушілердің тоғысатын торабы – Сайран автобекеті. Біздің бағыт алатынымыз Қаскелең қаласы. Бірден басты жолдан өттік те, Қаскелеңге баратын маршруттар тұратын бекетке қарай жүрдік. Маршруттар бірінен соң бірі кезектесе жолаушыларды алып жатыр. Біз де жолға шығайын деп тұрған ақ газельге баса кіріп, еніп кеттік. Бізден соң екі орта жастағы әпке кіргеннен маршрут жолға шығып кетті. 

Жол торабында өте көп көліктер. Көліктер бір-бірімен жарыса жөнеліп келеді. Біздің ақ газельде берілер емес. Жылдамдықты жүйткей түсіп, кішілі көліктерді басып озады-мыс. Басып озарын озар, бірақ қоғамдық көлік деген аты болғандықтан жолдағы әр аялдамаға тоқтау шарт. Шарт болмаса да іштегі жолаушы халық тоқтатады. Аялдамадан түсіп қала береді. Әр аялдамадан екі кісі түссе, төрт кісі қайта қосылады. Соның өзінде маршрутымыз кептеліске түспей зымырай келеді. Эхх, айтқанымдай кептеліс. Кептеліс басталды. Газеліміздің кептеліске тұрақтаған жері, аты әйгілі әмбебеп базар – Алтын Орда базары. Базар десе базар дегендей, халықтың көптігі соншама осында жиналған секілді. Халық көп болған жерде көлік саны көп болуы да заңдылық. Райымбек даңғылының Ташкенттік көшесіне көліктер кептелді де қалды. Біраз уақыт арпалысып, сабылысқан көліктер атылып бірінің артынан бірі шықты. Қайта еркін жолға түстік. Кептеліс құрсауынан бір бусанып қалғандай сезімді өткердік. 

Алматы мен Қаскелең арасы далалы, кең жазықты десем, кептелісте тұрғада ақ қателескенімді білдім. Арақашықтықта базардан басқа кішілі ауыл, аймақтар бар екен. Маршрутымыз солардың барлығына аялдап, Қаскелең деген қаланың кіреберісінде орналасқан білім ордасының аялдамасына да келіп жетті.

Қаскелең қаласында орналасқан оқу орнына келіп тұрмыз. Бұл ел бойынша облыс аумағында орналсақан бірден-бір университет. Сырт кейпіне қарап, көкемнің артынан еріп келемін. Университет кейпі мен көрген Кеңес Одағында бой көтерген оқу орындарын еске түсірмейді. Кампустың арнайы дизайны оқу орнының заманауи инфрақұрылымын қалыптастырған. Әйнектен салынған қабырғалары мен мұңдалап өзіне тартады. Бұл жас буын студенттердің ғана емес, біздей алғаш келген адамға ерекше әсер қалдырары сөзсіз. Айта кететінім, мен бұл университеттің атын естіп, университеттің ішкі олимпиадасын тапсырып келіп тұрған талапкермін. Бірақ университетке келіп, көру жоспарда болмады. Кеше ғана көкеммен сөйлесе келе, осында келеміз деген кейдесоқ ой. Содан міне Қаскелеңге де, оқу орнына да бірінші рет қадам басып келіп тұрмын. Маңдайшаға көзім түсті. Маңдайшадағы атауды            оқу-білім сайттарынан көріп, олимпиаданың кітапшасынан көрдім. Қазір білім ордасының алдында, маңдайшадағы атауды өз көзіммен көріп, оқып тұрмын. Бұл Сулейман Демирель Университеті. 

Университеттің Педагогика және Гуманитарлық ғылымдар факультетіне қарай қадам бастық. Университеттің ішкі бөлімі де соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен жасалғанына тағы бір мәрте көзім түсті. Біз іздеген факультет кампустың екінші блогында орналасқан. Тура келіппіз. Қабылдау коммисиясы осы факультеттен орын алған екен. Бірден ассистент мамандардың көмегіне жүгініп, күту талонын алдық. Біраз уақыттан соң лед экраннан біздің күту талонының саны шығып, қабылдау комиссиясымен кездесуге кірдік. Қабылдау комиссиясы оқу бағдарламасы, қажет құжаттар тізімі мен студенттік өмірдің қалай өтетіндігін айтып жатты. Сол кездің өзінде дәл осы университеттің студенті боламын деген ойды үш ұйықтасам да, университетті көріп тұрсам да ойыма алмаппын. Өйткені, жоғарыда айтқандай, грант конкурсына құжаттарды Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық университеттің қабылдау комиссиясына өткіздім. Сондағы қабылдау комиссиясындағы мамандар құжат тапсырғалы жатқанда мектеп бітіргенді растайтын үздік аттестатымды көріп, мынадай ұсыныс айтқан. Егер грант коннкурсынан грант ұтып алмасам, оқу орнының ақылы бөліміне осы «қызыл» аттестатымның көмегі тиеді екен. Ол қалай? Мұндай жағдайда оқу ақысының жарты қаражатын ғана өтейді екен. Бұл үздік аттестат иегерлеріне деген таптырмас мүмкіндік екенін де айтып қалған. Адам пенде болған соң мұндай ұсынысқа ойланары сөзсіз. Бірден келісіп кетуге де болады. Бірақ мен ұсыныс туралы ойланып, грант конкурсының жауабы шыққанға дейін уақыт барын да ұмытпадым. Енді сол үзілген ой қайта санама келіп оралды. Екі білім ордасының мен үшін бе, әлде менің олар үшін жасайтын таңдауым ба?! Кім білсін? Өзімді өзім түсінбей кеттім. Енді міне тағы да екі университеттің біріне таңдау жасауым керек. Бірінші университетті таңдасам, қаланың ортасында бола аламын. Егер грант жеңбейтін болсам, оқу ақысына деген жеңілдікті аламын. Ал екінші университетке келе сала заманауилығы бірден адамды өзіне тартып алып кетпеді ме? Бірақ мұнда оқу ақысына деген жеңілдік жоқ. Сонымен қатар, грант конкурсында осы университеттің шығуы да екіталай. Шекті балл деген асқақтап, төбемнен қарап тұр. Дегенмен, студенттік өмірдің қызық есте қаларлықтай өткені дұрыс десең, осы білім ордасының заманауилығы мен жаңашылдығын таңдағанын дұрыс деп сол кездің өзінде санама бір ойдың келгені хақ. Және солай болды да. 

Бақыт мезгілі

Қыркүйек айының екінші жұлдызы. Оқуға құжат тапсырып, мемлекеттік грант конкурсының жауабы шыққалы бір айдың жүзі өтіпті. Бүгін міне алғашқы оқу күні. Бұл күні мен әдеттегідей үйде емес, ұлдар жатақханасындамын. Бұл күні әдеттегідей оқушы болып емес, студент болып оқуға шыққалы жатырмын. 

Оқушы деген статустан студент деген статусты ресми түрде иеленіп, жатақхандан университетке қарай бет алдым. Мен қайда оқуға түстім? Қайсы білім ордасына? Сол туралы біраз сөз өрбітейін. Айтқандай менде екі білім ордасының бірін таңдау болды. Оның бірі Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық университеті болса, екіншісі Сулейман Демирель Университеті. Айта кететін тағы бір жайт мемлекеттік грант конкурсы жеңімпаздары тізімінен де тегімді көрмедім. Абай университетінен оқу ақысына берілетін жеңілдіктен де бас тарттым. Әкем мен анамның қолдауының арқасында тамыз айының 22 жұлдызы Алматыға қайта келдім. Біліп отырғаныңыздай екінші атаған университетке ақылы бөлімге студент болып қабылдандым. Мемлекеттік грант жеңімпазы болмасамда әкемнің баласына арнаған 4 жылдық инвестициясының жеңімпазы болдым. Оқу орнын таңдау ойлану мен толғаныстың туындағын шешім болды. Қазірде сол таңдауым өмірімнің қатесі емес деп білемін. Және солай боларына іштей сеніп, сезіп тұрмын. Осы оқу орны студенттік өмірімнің бастауы боларына да сенгім келеді. Ертеңгі күні таңдаған мамандығымның дипломын сүйіп қана емес, мамандықты, өз ісімді сүйіп жұмыс істесем деген үлкен үмітпен университетке қарай жүріп келемін. Жүріп келе жатып студент деген кім деген сауалды өзіме қойдым.  

Студент – арман қуып қалаға келген, болашағының бастауы үшін білім жолында ізденіп, көңілі тойса да, қарыны ашқан, бір күні қуанған, бір күні сессия деп мұңайған, не болса да үмітін сөндірмей өзіңе деген жауапкершілікті толықтай алған жас бозбала немесе бойжеткен. Дәл осы статусты бүгін міне іштей сезініп, қобалжып тұрмын. Мен үшін студенттік өмір еркелік пен ақылдың өзара тоғысатын кезі. Еркелікті бірден тастап та кете алмайсың, бірден байсалды болып ақылға да келмейсің. Екуінің орнын ауыстырып та алмай, еркелік пен ақылды қатар алып жүретін адам өмірінің ерекше әрі ұмытылмас шағы. Бір ғана өмір шағы болса да біраз нәрсені көрсететін кез. Қара шаңырақ үйіңді сағындыратын, әке мен ананың мейірімін сағынатын, аға мен апаның (әпке) қолдауын сезіндіретін, өзіңмен тілдесіп бір сәтте ойланатын, жадырап жанарың болашаққа үмітпен қарайтын, жақын мен алысты білетін, ақ пенен қараны ажырата алатын, кемелдік үшін ізденіп, өсетін, барлығы үшін көнетін, өмірдің талабын жауапкершілік ретінде мойнына алатын, төрт жыл уақыттың ішінде осындай біраз нәрсемен бетпе-бет көрістіретін кезең. Ең бастысы, болашақ үшін ең негізі тура жолды таңдап, өзің қалаған салада білікті де білімді маман болу. Болашақ маманың сенің өмірің, өзегің. 

Білім ордасында адам деген көп. Оқудың алғашқы күні болғандықтан болар студенттің көбейіп келуі де заңды құбылыс. Бірі сабылысып келіп жатыр. Бірі 3 ай көрмеген группаластарын көріп, сағынысып көрісіп жатыр. Олар әрине, 1-курс студенттері емес. 1-курс студенттерінің арасында өзімде бармын. Мен қайда барарымды білмеймін. Кампусты аралап жүріп келемін. Барлығы мен үшін таңсық. Жаң орта, жаңа таныстық. Бос кабинет деген жоқтың қасы. Қабылдау комиссиясы педагогикалық ғылымдар факультетінде қабылдады ғой деп өзіме іштей сөйледім. Біздің топты тауып алуым керек деген ой солай деді. Солай дедім де, педагогикалық факультетке қарай жүрдім. Блоктың студенттерге арналған бөлігінің өзі үш қабаттан тұрады. Барлық қабатта неде болса қарап шығуым керек дедім де іздей бастадым. Кездескен адамнан сұрауға батылым бармады. Ұялдым ба, қызық! Содан бір тақтайшада әлдебір тізімдер ілулі тұрғанын байқадым да, сонда бардым. Барсам тізім ағылшын тілінде. Ағылшын болсада түсінетін мен жоқ. Тізімнің бас-аяғы кодтар мен қысқартылған атаулар. Оның сабақ кестесі екендігін күнделікті сағат кестесінен ғана білдім. Сонда тұрғанымда, менімен бірге аудитория іздеп жүрген баланы көрдім. Ол маған келе жатыр екен. Келе сала ол:

- Брат, сенде 1-курс, қазақ тілі мен әдебиетіне түстің бе?

- Иә, бірақ сабақ болатын аудиторияны таппай жүрмін. 

- Мен таптым. Сенің де қазақ тілі мен әдебиетінен группаны таба алмай, аудитория іздеп жүргеніңді сыртыңнан көріп байғанмын.

- Рақмет брат, біздің группа қайда? 

- Төменде. Бізде қазір орыс тілі. Кеттік. 

Міне осылай бір группада оқитын группаласымды кезіктіріп аудиторияны таптым. Бірге бардым. Аудиторияға кірсем, бүткіл алдыңғы орынды алған түгел қыздар. Бір-бірін жаңа көрсе де таныстықты бастап кеткен сияқты дедім іштей. Бір шетінен олардың еркелей бойлаған дауыстары естілсе, бір шетінен аудиторияда сыңғырлай күлген дауыстары естіліп жатты. Кейбірі «мынау кім?» деген көзқараспен қарайды. Кейбірі тіпті елемейді де. Менің сондағы ішкі толғанысым тура Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарындағы» Ерболдың алғаш аудиторияға келгеніндегі сезімді өткерді десем қате айтпағым емес. 

Жаңа орта, жаңа таныстық деген ұғымдар санамнан сан саққа ұшып, биікте қалықтап бара жатқандай. Қалай мен олармен тіл табысып, жаңа ортаға сіңіп кете аламын? – деген ойыма еріксіз келген сауалдардан қашып кеткім келді. Амал не? Санадағы ойдан және өміріңнің соңында келер ажалдан қашып құтылмайсың. Мен әлі-ақ бұл ортада барлығын жақын тартып, достар секілді күнделікті әңгіме бөлісіп отырамын. Оған менің ерік-жігірім жетеді. Солай болады да, – дедім іштей. 

Сол ерік-жігерімді алғаш осы ортада сезгенімді тура төрт айдың жүзі өткен соң байқадым. Қалайша студенттік жылдың бірінші жылы оқытушы ағайға сауал тастағанымды қазір есіме алсам өзіме қызық әңгіме. Ол былай болған еді. Айтқандай төрт айдың жүзі өтті дедім ғой. Семестр соңы. Біздің студент болып алғаш бағалануымыз басталып кетті. Кезекті пәннің аралық бақылау бағалары қорытылып шығатын күн. Аудиторияда барлық студент бар. Оқытушы ағаймыз тізім бойынша бағамызды айтып жатыр. Мен өзіме тиесілі баллды алдым. Бірақ жанымдағы группалас досымның бағасы өзіне де маған да көңіл толтырарлықтай емес. Өйткені, ол күнделікті сабаққа қатысымы толық, өткізген семинарларына біршама балл қойылған. Бірақ бізде сабаққа күнделікті қатыспаса да, сабақты кемеліне келтіріп айтпасада олардың қорытынды бағасы группалас досымның бағасынан едәуір асып кеткенін естігенде өзім де досым да біртүрлі наразы күйге ендік. Содан менің мінезіме піскен іштегі намысым «бұл жағдайды оқытушыға жеткізуім керек» деген ой аудитория алдында толған студенттің алдында ағайға сауал болып барды. 

Сонда былай деп ағайға сауал жолдадым:

- Сабаққа күнделікті қатысып жүрген группаласымның бағасы не себепті аз болып шықты? Ал керісінше күнде сабаққа келмей, баға қойылатын кезде семинар айтқан студенттер досымнан артық балл алып отыр. Мұны қалай түсіне аламыз? 

Сонда ағай бірден: 

- Сіз топ алдында күнде сабаққа келмей, баға қойылатын кезде семинар айтқан студенттердің атын атап, түсін түстеп, міне мына білімгерлер деп көрсетіңіз. Сонда ғана досыңыздың бағасы туралы ойланатын боламыз - деді.

Мені соншалықты аңғал деп ойлады ма? Сондағы оқытушы ағайдың ойы  1-курс студенті ретінде осы әрекетім үшін топ алдында мені төмен түсіргісі келгені қате емес екенін сол кездің өзінде ойладым. Бір жағынан ағайдың өзінің бағалауы дұрыс еместігін топ алдында жеткізген студентке енді қателік жібермессін деген сөзі ме екен? Ағайдың жауабы солай болған соң досымда қоя салуды өтінді. 

Бұл оқиға менің студент ретінде ерік-жігерімді жасытпады. Одан әрі шыңдай түсті. Мақтанғаным емес. Бірақ бұл оқиға өзіме сабақ болып тиді. Жаңа таныстықта орын алған менің «мен» деген намысым бар екенін көрсеткендей. 

Ерік-жігер туралы Бауыржан Момышұлы: «әлсіз ерік-жігер – жеңіліске ұшыраудың хабаршысы», – дейді. Адамның ерік-жігері ақылымен бірге жүреді. Ақылсыз адам ғана өзінің ерік-жігерін басқара алмайды. Оның кесірі өз ортасына тиеді. Ал керісінше адам ерік-жігерін ақылдың басқаруына беретін болса, ғана өзінің мінезін жақсы жағынан қоғамға жарасымды көрсетеді. Әрдайым ерік-жігер ақылдың басқаруында бола бермейді. Кейде адамның өз қалауы мен нәпсі қалауы ортасында қалады. Мұндай кезде адам ақылын сезім мен жүрек қалауы біртұтас басады. Ерік-жігер сезімнің жетегінде кете береді.  Бұл жағдай менің басымнан да өтті. Ортамен байланыс орнатқаннан кейін жеке таныстықтардың бастауына жол ашылады екен. Ол үшін 1-курстан 4-курс оқып жүрген кезіме бірден өтеміз.

Алматының белгілі бір көшесі. Түнгі 22:42. Күн бұлтты. Жаңбырлы ауа райы. Метроға келдім. Кеште үйден шығып, метроға келуіме себепші бір ғана, бір ғана жан. Бұл досқа деген адалдық болғаны ма? Әлде болмысымның жаңа көрінісі ме? Ұғына алмай келемін. Іштей бір айтып жеткізе алмайтын сезім. Алай-дүлей дауыл жүрек түпкіріме орнығып, сол дауылдың арпалысы менің денемді түршіктіріп барады. Жүрегіме сезім атты оттың келіп қонғанын ақылым мойындамай келеді. Тек қана ешнәрсе ойламай тура жүре бергім келеді. Тек қана өзім. Өзім ғана. Басқаларды да көргім келмейді. Ішіме енген дауылдың басы осылай басталса, әрі қарай қалай боларын ойлап келемін. Айтқанымдай өзім ғана болғым келеді. Ақылым мен ерік-жігердің талқысын жүрек таразысына салсам деймін. 

Жүргенім сонша метроға келіп, поездға қалай отырғанымды білмей қалыппын. Ішкі күйімде болып жатқан тылсым құпия сырды аша алатын өзім ғана. Ішкі арпалыстың жан алқыма келіп тірелгенде ғана өзімде болып жатқан күйді түсінгендей болдым. Бұрын соңды болмаған толғаныс менің ерік-жігерімді жібітіп, ақылымды елітіп, жас жүрек төрінен келіп орын алған екен. Сонда ғана ақылым мен жүрегім байыппен үйлесім тауып, ішіме енген дауыл толастап жай ғана сезім алауына ұласқанын сезіндім. Сезінуден кейін жүрегіме енген сезімді саналы түрде қабылдаудың өзі бір уақытта іске қосылған техникалар секілді дерсің.

Мендегі ақылдың қамалын бұзған, жүрек құштарлығын ашқан бұл сезім – махаббат. 

Махаббат деген ұғымның өзі кең түрде қолданылады ғой. Мендегі махаббат – суреттеуге келмейтін, айтайын десең аузында сөзің байланатын, не күлдірмейтін, не жылатып іштегі сезімді шығара алмайтын ерекше күй. Не дерімді білмеймін мынау көңілге? Әлде бұл ғашықтық па? 

Нақты айта аламын. Мендегі сезім ғашықтықтан туған махаббат. Махаббаттың жолында «мен өлмеймін» дейтіндер құрбан болып, «мен сүймеймін» дейтіндер сүйіп кеткен. Өйткені ол өмір заңдылығы. Сол заңдылық мағанда келіп жетіпті. Оны бүгінгі күнде болған жағдайдан көріп келемін. Жай ғана көріп емес, ғашықтық деген не екенін түсініп келемін. Өз-өзімді біраз уақытқа жоғалтып алудың өзі мендегі болып жатқан өзгерістің шарықтау шегі екен. Оны міне бүгін ғана біліп, түсініп келдім. Осылайша менің жас жүрегіме енген ғашықтық пен махаббат атты жаңа ұғымдар тұла бойыма дарып, өн бойыма сіңісуде. 

Үйге келе сала, бір мезетте ойға келген ойларымды қорытып, ертеңгі күніме деген үлкен сенімділік күтіп тұр. Алдыма өзі келген талабымды ашу мен үшін махаббат жолында мақсат. Сол мақсатыммен сезімімді әрі қарай ашу немесе теріс бұрылып жабу маған ғана байланысты. Ғашықтықтың азабына түспей, сезім күшімен ойнамай, оны бақытты етіп алып жүрудің өзі үлкен жауапкершілік, - дедім де ұйқыға кеттім.

Ертеңгі күні оянғанымда бір керемет сезімде болдым. Ішкі толғанысым жай баппен өтіп жатқандай. Ойымда сан сақта емес, ешқандай уайымсыз келемін. Университетке бір ғана дәріске бардым. Көңілімнің жайдары екенін группаның қыздары бірден байқады. Олар:

- Асыл, екі езуің жиылмай тұр ғой.

- Арманыңа жеткендей мәз өзі, - десіп қыздар менің көңілімнің көтеріңкі екенін бірден байқады. Мен оларға жай жымия салдым. 

Менде қандай өзгерістің орын алғаның сендер білсеңдер ғой. Басыма бақыт қонғандай еріксіз күле беретінімнің себебі – ғашықтықтың нәзік сезімі. Адамның адамға деген ғашықтықтан туған ынтызарлығы. Ынтызарлықтың өзі ақылмен бетпе-бет келгенде оны басып озады. Адам оны ұқса ғана ақыл санасына шығарып, өзінде болып жатқан сезімді жасырмай жеткізері сөзсіз. Әрине, оған ерік-жігердің мықты болғаны керек. Олай болмаса басталған сезім алауын өшіріп алуы бек мүмкін. Сондықтан өзіме келген бақытымның бастауы былайша суреттелген еді. 

Бұл кезде мен жалғызбын. Өзім ғана жүруді әдетке айналдырғанмын. Соңғы кезде өзіммен жеке қалғанды ұнатамын. Жаным соны қалайды. Барлығынан бас тартып, тек өзіме қараған жақындарыммен ғана хабар алысып, аман-есен екнімді білдіртемін. Қазірде Абай атамыздың мына өлеңі еріксіз ойыма келеді:

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда?

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

 

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.

Мұнан менің қай жерім аяулы деп,

Бірге тұрып қалады кім майданда?..

Өлең жолдары қызыл тіліме оралып іштей айтылса жүрегім де онымен бірге жырлайды. Менде дұшпан болмаса да достар болды. Дос дегенді жолдас көрмеймін. Бірақ дос дегенді көңілімді түсіне алатын, пейілімді құрметтейтін асыл перзенттерді айта аламын. Мендегі дос пен достық қазіргі студенттік өмірімнің үлкен бөлігіне айналды. Оған менің көңілім мен пейілім теңіздің толқынынан асып түспесе кем болмады. Ол маған не істеді? Жай жапсарын өзім ғана білемін. Сондықтан да «көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», - деп жас жүрегім жырлап келеді. Және ойымды жинақтап, бүгін нүктесін қойып келемін. Жай жапсардың қорытындысын былайша бердім. Менің соңғы шешімім. Және басқаларға осындай түйінді жеткізгім келеді. 

Өмірде оның ішінде жастық шақта барлығына жағамын деп өзіңді жоғалтып алма! Мен үшін адам бойындағы бағалайтын ең үлкен қасиет – сыйластық. Мысалы, жай ғана бір танысымды көріп қалсам онымен амандасуға тырысамын. Онымен жақын араласпасам да, ол жанмен таныс болғаным үшін сыйластық таныту маңызды деп санаймын. Әрдайым ортамдағыларға бірдей көзқарас таныта алатын принципті ұстанамын. Өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады емес пе? Кейде осы принцип өзімді жоғалтуға алып келетін секілді. Алып келіп жүр де. 

Қарым-қатынаста сыйластықты алдыңғы шепке қойдым. Оны өзіме де, өміріме де жақын достарыма жоғарғы деңгейде көрсетуге тырысып келемін. Бірақ оны білу мен түсіну екеуі әр басқа. Берген сыйластықты өз дәрежесінде бағамдауы мен оны түсіне алуы маңызды. Сыйластықты көрсеткенмен бірақ оның түсінігі тым бөлек болып, сені алыстай көретін болса сен беретін сыйластық бір тиын болары рас. Сыйластық пен жақындық бір деңгейлі болса ғана қарым-қатынас өз биігінен төмен түспейді. Біз пендеміз ғой. Өзіңнен алыстаған пенделері оның (Алла) саған хайырсыз дегені шығар, мүмкін. Қайыры. Сондықтан барлығына жағамын деп өзіңді жоғалтып алмашы! 

Мен сені жібердім досым… Біз бір-бірімізбен жақын әрі шынайы қарым-қатынаста дос болдық. Өзің де білесің. Мен сені әрқашан бауырымдай көрдім, жақын тарттым. Бірақ өмірдің ағысы өзгереді екен. Есейген екенмін. Сол секілді әркім өз ағысын, өмір жолын таңдай білді. Мен саған жақындықты сен қалағандай бере алмаған шығармын. Ал сен өзге жолды жақын көріп, ағысыңды өзгертіпсің. Оған көзім тура жетті. Сол таңдаған жолын сені адастырмасын. Мен ешнәрсеге өкінбеймін, досым. Арамызда тек сыйластық қалады. Бұл менің соңғы достықтан алған шешімім және соңғы түйінім. Жарайды, қазіргі күнге оралайын.

Кешкі Алматы. Жібек жолы көшесімен тура жүріп келемін. Қала жастарының бастары қосылып, кешкі серуенге шығатын ең негізгі мекені – Арбат. Арман қуып, алып ұшқан жастардың ішіне еніп кетудің өзі бір ғанибет. Сол лебіз ішінде менде келемін. Осы сәтте Алматы жастарының ұранына айналған әнді бір топ студент қыз-жігіттер шырқап жатыр екен. Гитараның дауысы алыстан құлаққа тулап тұрып жетеді. Одан шыққан дауыс төгіліп барып, әннің сарынын одан сайын ашып жатыр. Әннің өзі көше әні болғандықтан болар көшеде келе жатқан мен үшін де жақын болып естілді. Бұл қалаға келгелі әрбір жастың ортасында бұл ән бір емес, кемінде екі-үш рет айтылады. 

Қанша жанның ынтық қылған жүрегің, қанша жүрек әлі таппай жүр емін, ешкімнің де орындамас тілігің, қатыгездеу Алматы, – деген ән шумақтары бойымдағы жалғыздық деген сұлбаны алдыма көлеңке ретінде шығарды. Сол көлеңкені бойлай ән айтып жатқан жастардың арасына келіп менде қосылдым. Жастардың дауысы әр жақтан көгершін болып ұшқандай әннің сарыны көкке қалықтап бара жатыр. Мұнда тұрған әр жастың өзіне мәлім құпиясы, сыр шертер оқиғасы барын іштей сезіп тұрмын. Әннің әр сөзі баппен айтылып, олардың ішкі толғанысы мен күйзелісінен туған ән ноталары секілді. Арасында әннің қайырмасында еліктіріп алып бара жатқан қыздардың дауыстары одан сайын жастар мен әннің арасында байланысты алып келетін нәзік үйлесімді көрсетеді. Осылайша бұл әнде «тәкәппарлау Алматы» деп соңына жетті. Жастардың ду қол шапалақтары мен ысқырықтары әнге берген отшашу дерсің. Барлығы у-шу. 

Достық туралы айтылған ойдан шығу үшін көңілімді босатайын, жүрегімді суытайын деп гитарист жігітке келіп:

Бауырым, мына біздерге, көңілі босап жүрген жастарға жастық шақтың керемет кездерін еске алатындай бір әнді орындап берші, алдын ала рақмет!

Гитарист жігіт дауыс қатпаса да басын изеп, репертуарындағы мына бір әннің мелодиясын шырқай жөнелді. 

Бақыт жайлы менің мынау білгенім

Бақыт деген – бірде шаттық, бірде мұң

Бақыт сол тәрік етіп түндерін

Бақыт іздеп азаптанса кімде-кім

Бақыт деген...

«Бақыт деген» деп осында тұрған әрбір жас ән мәтіненен бөлек өзінің бақытты сәттерін еске түсіріп, ән мәтініңе жаңа леп бергендей. Менде «бақыт деген» деп бақытты болған кездерімді айтайын десем, тілім күрмелді де қалды. Эхх, десе десін! Бақытты сәтімді ашық айтатын кезге жетпегенім болар. Бәрі мүмкін. Жастарға қосылып, әннің білетін тұсын жай дауыспен шырқай бастадым. Бақыттың не екені туралы көз алдыма елестете бастадым. Бала кезімнен бергі ойнап-күлген әрбір сәтім көз алдымда бейне болып бейнеленді. Шеңбер бойы жиналған жастарды көзіммен шолып, әрбір жастың көзінен әрбір бақытты кездерімнің көрінісін көргендей болдым. Барлық жастың көзінде «менің бақытты сәтім» деген отты нұрдың бары мені қуантты. Әнге елігіп, жүзім біраз жібіді. Іштей толғанысым басылып, жымия бастадым. Шеңбер бойымен тұрған әрбір жастың жүзін шолып тұрмын. Осы сәтте қарама-қарсы тұрған оң жақтағы қыздардың біріне көзім түсті. Ол көзіне жас алып, көңілі босап тұр екен. Оның ақ жүзінен ақ жасы жаңбыр тамшысындай мөлдірлеп сырғып түсіп жатты. Дегенмен, шырқалып жатқан әуенге қосылып жүзіндегі мұңды білдіргісі келмейді. Жанындағыларға қосылып, әуенді аяғына дейін шырқап айтып шықты. Күлімсіріп тұрса да көзінде мұң барын байқадым. Ал оның көз жасы мұңнан ба, әлде қуаныштан ба? Неге екенін білмеймін, оны білуге ынтық болдым. Бәлкім, оны көргенімде қанша көз жасы толып, әннің сөзін бақытты адамдарша айтып тұрғандығы, жүзіндегі жылулығы, мұң басқан жанары болсада оның күлісіріп жымиюы өте әсерлі болды. Адамды өзіне бірден тартып алып кететіндей. Ән әуеніне қосылып елігіп кеткен мендегі күйді түсінетін адамды көріп тұрғандаймын. 

Жастар одан әрі ән шырқап, әуендете бастады. Ал мен болсам іштегі «менмен» арпалысып тұрмын. Оның жанына барғым ақ келеді. Осы кезде іштегі «мен» деген біреу маған «орнында қал», «әлі ерте» дегенді меңзеп, ақылымды басқарып тұр. Оған қарасам ғана ойым бұзылып, тек оны көре бергім келеді. Бұл неткен сезім? 

Ақырында оның жанына барып, онымен тілдесуге өзіме сөз бердім. Іштегі мені басқарып тұрған «менге» қарсы келіп, ақылды іске қостым. Жүрек берер стартты күтіп тұрмын. Оны ойланбастан жүректен бірден «сен дайынсың, сәттілік» деген сигнал келді. Бар ынта-талпынысымды, жігерімді жинап алып, оның жанына баруға алғашқы қадамды бастым. Жақындап келемін. Ол ешнәрсені білмейді, бейхабар. Жақындап келемін. Сол сәтте алыстан бір дауыс естілді: 

Асыл! Асыл!

Досым, сені көретін күн бар ау! Барсың ба, досым?

Бұл менің мектепте 10-11 сыныпты бірге оқыған сыныптасым Елжас екен. 

Ее, досым қалайсың?

Жақсы. Өзіңде?

Бәрі жақсы ғой бізде. Оқу қалай?

Жайлап, соңғы курс болған соң біраз пәндер қиын. Сендерде қалай? Оның жанындағы қызына қарап. 

Бізде бәрі керемет. Ортақ досымыздың туған күні болып, содан қайтып келеміз. 

Ерте емес пе?

Жо, біздің тағы баратын жеріміз бар. «Жолай Арбатпен жүріп өтейік», - деп тілек келген соң, орындайды ғой досың! Сен ше жайша жүрсің бе?

Иә, досым, дұрыс етесің. Мен сол оқудан серігейін деп қалаға келгенмін. Осында әдемі әуендер айтылып жатыр екен. Соған елігіп тұрып қалыппын. 

Ее, досым, жақсы демалыс болсын ендеше! 

Иә, рақмет досым. 

Бір күні жолығайық. Жарайды онда кездескенше! 

Әрине, дос, кездескенше! Сау болыңдар!

Досыммен қоштасып, бірден жаңа ғана көрген қызды іздей бастадым. Әуендеткен, гитаралы жастарда тарқап жатыр екен. Олардың арасында көрінбейді. Бір ғана сәтте оны көз алдымнан жоғалтып алдым. Бұл жағдайда досымды сөге алмаймын. Бірақ ол келіп қалмағанда көз алдымда тұрған аруды жіберіп алмас едім. Екі ойда қалдым. Эхх, өзімнің де жігерімді ерте жиып, оның алдына барсам қазір басқаша болар ма еді? Дедім де, әрі қарай жүре бердім. 

Көше манағыдан бері тынышталып қалған. Жастарда көп емес, көбі қайтып кетіпті. Жүректегі «сен дайынсың, сәттілік» деген сигнал әлі толығымен өшпеді. Оны әлі де болса тауып алғым келеді. Көзім алда болса да ойым сонда. 

10 минут болса да оның бейнесі мен ақ жүзі санамда бейнеленіп қалыпты. Жылап тұрып әуенді айтып тұрған бейнесі көз алымнан, көз алдымнан кетпейді. Оның бейнесін қайта көру үшін бір орында тұрып қаламын. Кейін қайта жүремін. Бірақ сезім шіркін, керемет қой! Оның алысқа ұзамағанын іштей сезіп келемін. Сан қилы ой келседе, оның жымиғаны мен де болып жатқан арпалысты бір сәтке болса да ұмыттырды. Мендегі қараңғылыққа тура бір жарық шамдарын жағып, менің өміріме кіріп келгендей болды. Сол жарық шамдары қазір алыстамай осы маңда жүргендей. Алыстаған адам болса мен мұндай күйге түспес едім. Осыны жүрегіме түйдім де, оны іздеп табу уәделескен сөз ретінде мақсат етіп қойдым. Осылайша онымен қимай-қимай бір-ақ рет көріп, қоштасып кете беремін бе? деп ойлап келемін. 

Ол менің есімде. Есімде... Бейнесі оның қандай еді? Одан алыстамау үшін осы мекеннің барлығын шарлауға да бармын. Тек қана мына алдыма түскен қара көлеңкеге жарық сәулесін түсіріп алдымнан шықсаң екен. 

Сеземін. Сеземін. Оның осы жақын арада жүргенін. Менде міне саған қарай қадамымды нақты басып келемін. Бәрі сен үшін. Сен үшін. 

Жарайды. Қараңғылығыма күн болып кіретін, төбеме жарқ етіп түсетін ай болса алдымнан шығар. Басқа не дейін. 

Тулаған жүрегімді басу үшін суық бірнәрсе ішкім келді. Не нәрсе? Алдымдағы фаст-фуд дүкендері қатарынан балмұздақ сататын дүңкіршекті көрдім. Бірден балмұздық алу үшін сонда жүріп кеттім. Барып:

- Сәлем! 

- Сәлеметсіз бе! Сізге қандай балмұздақ түрі керек!?

- Баблгам.

- Қандай үлгіде? 

- Орташа болады. 

- Жақсы, қазір дайын болады. 

Балмұздақ дайын болғанша көше жаққа қарадым. Қарасам екі қыз кезекте тұр екен. Оның біреуі әлдене таныс бір бейне. Жүрегім тағы сигнал берді. «Тура сол» деді жүрегім. Міне, мен білдім ғой. Оның алысқа ұзамағанын мен сездім. Осында сезініп келмедім бе? Алдымнан өзі шықты. Менің алдыма түскен қара көлеңкеммен оның сәулелі жарық көлеңкесі бір-бірімізді үйлестіріп алып кететіндей. Тура сонда тұра бергім келеді. Осы бір тоқтауды бұзған кассир қыздың мына дауысы:

- Балмұздағыңыз дайын. Сізден 400 теңге.

Бұрылып қарап, кассир қыз ұсынған балмұздақты алып, төлем жасайтын апаратына сканерлеп төлем жасадым. «Осы жолы көзімнен таса қылып алмауың керек» деп өзіме іштей сөйлеп те қоямын. Көзімді бұрмай бірден кезекте тұрған екі қызға қараумен болдым. Оның бейнесіне қарағаным сол еді, ол маған езуін жымита қарап тұр екен. Сонда ол:

- Аға, байқасаңызшы. Аппақ көйлегіңізге балмұздақ тамды ғой! Балмұздақ болса еріп несі қалды!? Еріп жатыр, жылдам жеп алыңыз, – деп сыңғырлай күліп құрбысына қарады. 

Мен не дерімді де білмей тұрмын. Енді не десем екен? Тұрған орным өзімдікі. Тілсіз қалған мен ғана секілді. Содан не керек, жол сөмкемнен сулықты алайын деп жатқанымда жаныма ол келді де:

- Аға, қызық екенсіз. Балмұздақ тамған аппақ көйлегіңізді сулықпен сүртсеңіз, одан әрі балмұздақты езіп, аппақ көйлегіңізді көгілдір көйлекке айналдырасыз ғой. Бері жақындаңыз. Мен сүртіп, тазалайын.

- Жо, жоқ керек емес! Мен өзім...

- Жо, оның несі бар? Көп уақыт алмайды. Қазір бір-ақ сәтте құрғап кетеді. Балмұздақтың ізі де қалмайды. 

- Жетеді... Осы да жарап қалар.

Қандай жайдары мінезді! Осы сәттің өзінде ол менің алдымдағы қара көлеңкені жарықтандыратын ай сәулесі дерсің. Оның «аға» деген сөзінің өзі жүрек мейірімімен, жан сұлулығымен айтылады. Құлаққа қандай жарасамды естіледі. Жаныма келіп, көйлегімдегі дақты кетіруінің өзі мендегі жүрекке түскен мұңды кетірер, өмірімнің қарасын жуып тазалап жатқандай әсер. Ол маған келген көңіл құсы, бақыт құсы. 

- Міне, кетіп те қалды. Болғаны. 

- Керемет! Сізге көп рақмет! Рақмет! 

- Оқасы жоқ, аға. Уайымдамаңыз, бір жуып алсаңыз дақ кетеді. 

Ол құрбысынан балмұздақты алып, екеуі жүріп кетті. Жігіт ойланып тұрып қалғаны сол екен, өзіңе келген бақыт құсын жіберіп алмауды ойлады. Бірден арттарын ере барып, оларды үйлеріне дейін шығарып салуға өтінім берді:

Қыздар, кеш болып кетті. Сендерді шығарып салайын.

Жо, аға біз жақын маңда тұрамыз.

Болмайды. Мені өздеріңіз «аға» деп тұрсыз. Мен «аға» болсам, қарындастарыма алғысым ретінде шығарып салу ол менің ағалық міндетім.

Жарайды, аға, - деп жымиды.

Олардың арасында осыдан кейін «аға мен қарындас» диалогы емес, басқалай диалогтар өрбейтінін өздері де білмеді. 

Махаббат диалогы

Арада қыс өтіп, көктем келді. Бүгін қала қысқы ауадан бусанып, күн нұры сәулесін кең шашып тұр. Асыл сапты етігін алып келіп, көлеңкеде отырып киді. Отын жаруға ағаштарды іздей бастады. Іздеп келе жатып, қар құрсауында қалған әлденеге көзі түсті. 

Қар құрсауынан босанғаны сол-ақ екен күлтесін шұлғып, көкке қарай еңсесін көтеріпті. Жел соқса аппақ күлтесі дір-дір етеді. Қар құрсауын қопарып, ызғарлы жердің суығына шыдас берген, көктем лебін сезіп қауыз жарған бұл гүл бәйшешек еді. Айналасында қыс бойы қар астынада жатып әбден нәрлеген тау тастары күн сәулесіне шағылысып жатыр. Қарап тұрса жер бетіне төгілген көк ала моншақтар секілді. Одан әрі қарай барса үлкен қара тас көрінеді. Қара тасты үй шатырынан аққан қар суының тамшысы түртіп кеп соғатындай. Биіктен зымырандай құлдилап келіп соғатын тамшы қара тасты ойып бір жіберіпті. Оны байқаған жас жігіт “іздегенім алдымнан шықты ау, ә!” дегендей қара тастың жанына келді. Сапты етік киген жігіт оң аяғын тасқа қарай сермеп, тасты бар күшімен тебе салды. Қара тас тамшыға дес бермесе де, бұл тірі жанның соққысына төзе алмады. Қара жерден бусанып айнала түскен тас жігіттің алып қолдарына қалай түскенін өзі біле ме екен?!

Дәл осы кезде оның артына ілесіп шыққан қызда келді. Ол жігіттің қара жұмыс істеп жүргендігін көріп, танысып-білісіп жүрген кезді есіне алды:

- Үн-түнсіз кетіп қала береді ме? Менің тұрысым болса мынау! - деп ойланды сұлу қыз.

- Ер жігіттің нәпақа табуға деген ұмтылысы жоғары бағалану керек емес пе?

- Иә, бірақ көркем түрде болу керек қой. Біреуден сөз естіген кезіңізде абыройыңыз түсетінін білемісіз?!

- Екеуміздің бір жерде сату саласында жұмыс жасайтынымыздың дұрыс емес екенін әуел бастан – ақ білгенмін. Сен мен туралы жеткілікті ақпаратты әлі білмейсің. Маған бір мүмкіндік беруіңді сұраймын.

- Сату бөлімінің басшысы болып келгеніңізде қатты таңғалғанмын. Дегенмен, директордан сөз естігеніңіз үшін менің алдымда сіздің дәрежеңіз түсті. Яғни, біз үйленген соң да «Нәпақа таба алмайды ма?!» - деп ойладым. Қабілеттеріңді ашу үшін жұмыс істесең дұрыс болар еді!

- Сен мені аяп тұрсың ба?

- Аяғаным емес, шындықты айтып жатырмын.

- Мені аяп тұрсың. Қыздың ер адамды аяғаны, жанашырлық танытқаны жігітке өте қатты ауыр тиеді. Енді ешқашан бұлай істеуші болма! Біздің танысқанымызға небәрі екі ай ғана болды. Тон пішіп, кесіп айтатындай кезде емеспіз. 

- Жақсы.

Екі жас бір-бірінің даму жолы түйіспегендіктерін іштей сезіп жүрді. Қыз жігітті менсінбейтін. Ал, жігіт болса мұны сезген еді. Екеуінің алғашқы таныстықтарына кезек берейік.

- Біздің кеңсеге жаңадан қызметкер келіпті. Сату бөлімінің басшысы көрінеді.

- Шын айтасың ба? Әдеттегідей «Қолынан түк келмейтін біреу шығар!» - деп мұрнын шүйіріп, өзінің дос әріптесіне маңғаздана сөйледі қыз.

- Кеңсеге барып келсеңші. Тапсырмалар көбейіп кетті.

- Мен үйден орындай беремін. Өздерің бара беріңдер. 

- Әй, қыз – ау, тамаққа тапсырыс беріп қойдық. Басымыз қосылып жиналғалы жатырмыз. Кел – деді қыздың досы. 

- Жарайды.

Қыздың кеңсеге барған кезде «Бойы келісті, сақалды, салмақты, сабырлы, өзін – өзі ұстай білетін» жігітке дереу көзі түседі. Бірақ, онысын іштей білдірмейді. 

Сәлеметсіз бе! Мен өзімді таныстырайын – деп өзін таныстырды. 

Дәл сол жерде қыздың досы:

Құлағыңа алтын сырға. Біздің сүйікті қызметкеріміздің басы бос – деп жігітке қызды меңзеді.

Қыздың досы жаңадан келген қызметкерді өте жақсы танитын – тұғын. Яғни, жақсы араласатын адамдар болып шықты. Екі жас та алғаш бір – бірін көрген кезде ұнатқан еді. Бірақ, екеуінде де тәкаппарлық басым. Бір-бірін мойындамайтын. Жақсы көретіндіктерін айта қоймайтын. Сату саласындағы қыздың жетістіктері көп. Ол сонысымен іштей мақтанатын. Бір күні екеуінің арасы жақындай түседі. Жігіт қызды ұнатып қалғанын білдіреді.

Білесіз бе? Сіздің мінезіңіз жайсаң екен. Сізді алғаш көргенде – ақ ұнатып қалғанмын. Тік мінезділігің, қылықтылығың, сүйкімділігің өзіме тез баурап алды. 

Қыз сол жерде қатты ұялып қалды. Қыздың да жігітке сезімі болатын. Бірақ, мұнысын мойындамайтын. Кейін арада біраз күн өткеннен соң телефон хабарламасына өз сезімін жазып жіберді. Дәл осы кезде жігітте үлкен бір сенімділік пайда болды. Өзін сенімді сезінді. Мұндай жағдай екеуінде де бірнеше рет жүзеге асты. Яғни, бұрын – соңды қыз жігітпен, жігіт қызбен сөйлесіп көрмеген еді. Екі жастың бір – біріне сезім білдіруі осылай болды.

- Сенің маған дейінгі өткен шағың қандай болды?

- Қайсысын айтайын? – деп жігіт жымиды.

-  Өзіңіз қалағанды айта беріңіз – деп қыз сызыла қалды.

- Мен әкемнің өліміне өзімді кінәлаймын. Дәл сол көлікке отырмағанымда ғой – деп бір күрсінді.

- Тоқташы! Не болды? Басынан бастап айтып беруіңді сұраймын.

- Бір күні тойдан келе жатқанбыз. Көліктің рөлінде мен отырдым. Сөйтіп, артқы жақта қарындасым мен інім болды. Ал, дәл қасымда әкешім отырды. Алдымнан мас күйдегі ер адам үлкен көлігімен шыға келмесі бар ма?! Біз қалай аударылып қалғанымызды өзіміз де білмей қалдық. Інім мен қарындасымды жан сақтау бөліміне алып кетті. Ал, әкем...

- Жаны жәннатта болсын! – деп қыз жігіттің қасына барып оны құшақтап алды. 

- Әкемнің өліміне өзімді кінәлайтыным соншалықты кейде мен де бұл дүниеден кеткім келеді – деп жігіттің көзінен жас шықты.

- «Тірі тіршілігін жасайды» деуші еді емес пе?! Сен маған керексің. Олай өзіңді жазғыра бермеші. Бұл тағдыр деп аталады. Тағдырға мойынсұну әр мұсылманның міндеті. Өткенге өкіне беріп, бірдеңе ұтасыз ба? Айтыңызшы...

- Дұрыс айтасың. Дегенмен де, өзімнің аман қалғаныма әлі аң-таңмын. Әкемнің орнында мен болғанда ...

- Түш! – деп қыз жігітті тоқтатты. Енді мұндай сөзді айтушы болма. Мұны есту маған да оңай емес.

- Жарайды, алтыным – деп жігіт қызды жұбатты.

- Әрі қарай не болды?

- Әкесі бар адамдар шынымен де бақытты ғой. Әкем кеткеннен соң өмірдің барлық ауыртпашылығы өзімнің мойнымда қалды. Әкесі мен анасы бар адамдар қандай бақытты! Інілерімнің киімі, тамағы, сіңлілерімнің оқуының ақысын төлеуге жауапты болдым. Жауапкершілігім қатты артты. Қара жұмысты да жасай бастадым. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс жасап, тапқан табысымды отбасыма беріп жүрдім. Үйдің асыраушысына айналдым.

- Иә, өте керемет! 

- Сен ше? – деп жігіт қызға сұрақ қойды. Сенің өткен шағың қалай болды?

- Өткен шақты қозғай берсек таусылмайтын секілді ғой. Шәй ішіп қайтсақ қалай қарайсың? – деп күлді.

- Қолдаймын. Менің де қарным қатты ашты. Сенімен шәй ішу үлкен ғанибет қой – деп жігіт қызға махаббат көзімен қарады.

Екі жас тамақтанып алған соң Алматының Көктебесіне бет алды. Түнгі көріністі тамашалау бұйырыпты. Жаздың тынық кезінде түнгі көріністі көру де бақыт!

- Білесіз бе, мен сізді қолдаймын, бағалаймын.

- Солай ма? – деп жымиды.

- Иә, әрине.

- Алтыным, мен де сені әрдайым қолдаймын.

- Сіздің қандай арманыңыз бар?

- Саған үйлену.

Қыз бен жігіт екеуі бір – біріне қарап, шамамен 1 минуттай үнсіз болды. Қыздың қатты ұялғанынан екі беті қызарып кетті. Түнгі көріністен де айқын білініп тұрды.

- Бірақ, арман – мақсат үйленумен шектелмеуі керек қой – деп қыз жігітке еркелегендей сыңай танытты. 

- Әрине.

- Ендеше, айтыңызшы. Арман – мақсатыңыз қандай? – қыз жігітке тағы сұрақ қойды.

- Саған үйлену - деп салмақты түрмен айтты.

Бұл жауаптан соң екі жас қатты күліп жіберді. Жігіт өзінің мақсаттарын ешкімге айтқысы келмейтін. Мүмкін бұл жігіттердің табиғатынан шығар деп тұжырымдадым. Яғни, ер адамдар мақсатына жетпейінше, адамдарға тіс жарғанды ұнатпайды. Әлбетте, абзалы осы шығар. Жігіттің ойын қыз ұқты да, қайта сұрамады. 

- Ал, менің арманымды білесіз бе?

- Білмейді екенмін. Айта ғой.

- Менің арманым күшті бизнес ашу, оны дамыту. Әлемдік деңгейге шығу. Көлік сатып алу... Тағысын тағы...

- Мұның бәріне екеуміз бірге жетеміз ғой.

- Неге бірге жетуіміз керек? Соғысқа бара жатырмыз ба? – деп қатты тарқылдап күліп жіберді.

- Мен бәріне әйеліммен бірге жетуді қалаймын.

Қыздың еркелігі шексіз еді. Еркетотай қыз болғасын жігіттің әңгімесін салмақты қабылдамады.

- Сені үйіңе дейін апарып тастайын ба?

- Иә, жақсы болушы еді. Түн болып кетті. Біз 4 сағат сөйлесіппіз ғой – деп қыз телефонға қарап, шошыған түрмен жігітіне қарады.

Жігіт әзілдеп:

Менімен уақыттың қалай өткенін білмей қалғансың ғой – деп бір көзін қысты.

Жігіт қыздың үй жағына келді де, Көктебедегі әңгімені қысқа қайырды:

Мен саған үйленемін. Көктебеде айтқан әңгеменің бәрі рас еді. Әзілдеп емес, шынайы түрде айттым. Сонымен қатар, мен тойды ұзаққа созғым келмейді. Неғұрлым тез болса, соғұрлым жақсы ғой.

Қыз жігіттен 3 жасқа кіші. Жігіт оқу бітірген. Ал, қыз жоғарғы оқу орнында оқу үстінде. «Жақында үйленеміз» - деп айтқанына қыз қарсы болды. «Ата – анам не дейді?» - деген сауал оның миына бірінші кірді.

Ата-анам мені «Оқысын» деп Алматыға жіберді. Мен білім алуға мұқтажбын. Жақын арада тұрмысқа шыққым келмейді. Түсіністік танытуыңызды сұраймын.

Қыз үйіне кірді. Ал, жігіт қатты ойланып қалды. «Бұл қыздың ниеті қандай?» - деп ұзақ ойланып, үйіне жол бойы ой толғатып барды. Екі жас күннен күнге бір –біріне бауыр басып келе жатыр. Бауырмалдылық керемет нәрсе ғой!

Бақыт аясында

Арада 1 апта өтті... 1 жыл өтті... Жігіт қызға «Маған тұрмысқа шығасың ба?» деп сөз салып, қыз бас тартқаннан кейінгі уақыт 1 жыл екен.

- Құрбым, мен 1 жыл бұрын жігітпен сөйлесіп едім ғой. Қазір ол адам түсіме кіріп жүр. Мейлі, бір рет кірсе ештеңе емес қой. Жарты жыл бойы үздіксіз көріп келе жатырмын. Не істесем болады?

- Тыңда! Тәкаппарланып, жігіттің ұсынысынан бас тартқан өзіңсің. Оған бірінші жазып, кешірім сұрағаның дұрыс – ау. Қаперіңде болсын, қарым – қатынас кезінде екі адам да бар күштерін салу керек. Бір жақ тырысып, екінші жақтан үнсіздік болса дұрыс емес қой. Өзің көрерсің –деп қыздың ең жақын құрбысы оған кеңесін білдірді.

Қыз жігітке жазады. Иә, жазды. Екеуі бір-бірін қатты сағынып жүр екен. Сөйлескен сәтінде – ақ жігіт қатты қуанып, эмоциясын көрсетіп қойды. Құрбысының айтқан кеңесі жарады. Достық әрдайым керек. Шынайы сүйіспеншілігімен жаны ашып, ақылын айтады ғой.

Сонымен, қарым – қатынас қайтадан басталды. Жігіт қызды мейрамханаға тамақ ішуге шақырды. Киноға барды. Әңгімеден соң, 1 жыл ішінде қатты өзгергендіктерін байқады. Олардың 1 жыл үзіліс алуының себебі бар. Ол – бір – бірін түсінбеуі еді. Қыз дамуды қатты жақсы көретін. Ал, ер адам отбасылық көріністі тезірек қалады. Екеуінің қалаулары, құндылықтары бір жерден шықпағасын үзіліс алуға тура келді. 

- Екеуміз бірге жоба ұйымдастыруға қалай қарайсың?

- Қандай жоба?

- Үйлену жобасы.

Жігіт қатты қуанды. Қыз да махаббат көздерімен жігітке қарап, «Өмір бойы сенімен тұруды қалаймын! Дайынмын!» - деген көздерімен қарағандай, тәтті көрініс сезілді. 

Қыз бен жігіттің ата – анасы бір – бірімен танысып, тәтті шәй берілді. Арада 2 апта өткен соң екеуінің некелері сәтті қиылды. 

- Мен сені мәңгі бақи аялап өтемін адал жарым – деді жігіт қызға.

- Мен де сізді сыйлап, құрметтеуге уәдемді беремін.

Баянды некенің бастауы осы болды. Араларында қаншама нәрсе болса да, өздерінің бақыты үшін қосылды. Бақыт деген не өзі? Бақыт махаббатпен тығыз байланысты.  Әйел мен күйеуі арасындағы махаббат та, баланың анасына деген махаббаты, әкенің қызына деген махаббаты да керемет нәрсе емес пе?!

Махаббат деген ой мен санасы бірдей адамның бірге болуы. Махаббат деген отбасының беріктігі. Махаббаттың ең биік шыңы – Алланың разылығы үшін жақсы көру болып табылады.

Отбасылық өмір бастау алды.

- Төрем, сіз бүгін үйге нешеде келесіз?

-Не болды?

- Жәй, білгім келгені ғой. Сіз кешеден бері үйге түнгі 03:00-де келіп жүрсіз ғой.

- Үйленгеніміз кеше ғана ғой. Мені тергей бастағансың ба? Ботам, біліп қой. Ер адамға «Қашан келдің?», «Қайда кетіп бара жатсың» деудің орнына, «Жолың болсын, сәттілік!» - деп бір қолдап қойсаңыз қарым – қатынас жақсара бермек. Сіздің бұл айтқаныңыздан қарым – қатынасымызға сызат келеді. Күмәндану – ең жаман нәрсе. Түсінікті айта алдым ба? Отбасы біртұтастығын сақтап қалуымыз керек қой. Сондықтан, мұндай ұсақ – түйек үшін бір – біріміздің көңілімізге тимей – ақ қояйық!

- Күмәнданғаным үшін кешірім сұраймын. Жақсы, отағасы. Жолыңыз болсын, аман – есен келіңіз!

Күйеуі әйелінің маңдайынан сүйіп, сүйікті жұмысына кетті. Бизнесмен адамдардың тірлігі кейде түнгі, кейде таңғы, кейде кешкі уақытқа дейін жалғасуы мүмкін. Бірақ, күйеуі үйіне ерте баруды әдетке айналдыра бастады.

Әйел күйеуінен жиі жылы сөз, қолдау күтетін. Сонымен қатар, күйеуі таңертеңнен кешке дейін қасында отыруы керек секілді болатын. Бірақ, олай емес қой. Адамдарға тәуелді болуға болмайды. Араларында біраз мәселе туындай бастады. Күйеуі кешке жұмыстан келген соң:

- Сіз маған бүгін ештеңе айтпадыңыз ғой – деді әйелі.

- Не айтуым керек еді?

- Білмедім.

- Тезірек айтып, ішіңдегіңді шығаршы.

- Бүгін жылы сөз, қолдау айтпадыңыз.

- Мәссаған, ұмытып кетіппін ғой. Сен әлемдегі ең керемет әйелсің ғой! Менің жүрегімнің тыныштығы сенсің.

- Рақмет! Мен әрдайым осындай сөзге мұқтажбын. Маған күн сайын айтып тұруыңызды сұраймын. 

- Жарайды.

- Ооо, әдемі етіп дастархан жайып қойыпсың ғой!

- Иә, қарныңыз ашты ма?

 - Иә, тамақ ішейік.

Әйелі күйеуіне арнап сүйікті тамағын дайындапты. Яғни, балық сорпасын қайнатқан. Күйеуі әйелін мақтауға кірісті.

- Дайындаған тамағыңыз өте дәмді болыпты. Мұндай тамақты өмірімде бірінші рет жеп тұрмын.

- Рас па?

- Әрине.

- Сен айтпақшы халал тамақты қайдан барып алып жүрсің?

- Жақын жақтағы дүкеннен алып жүрмін.

- Оның бәрін өзің үйге дейін көтеріп жүрсің бе?

- Иә.

- Енді олай жасамауыңды сұрасам болады ма?

- Неге?

- Адал тамақтың бәрін өзім көтеріп әкелемін. Сенің міндетің тек қана тамақ дайындау болсын. Ауыр затты көтерме.

- Үлкен рақмет – деп әйелі қатты қуанды.

- Сен арам (халал емес) тамақты қашаннан бастап зерттеп келесің?

- Кішкентай кезімнен ғой.

- Тамаша!

- Алтыным, терезеге қарай келші!

- Қазір.

- Екі жұлдызды көріп тұрсың ба? Керемет, иә?

- Мәссаған! Күшті ғой! Өте әдемі боолып тұр,-деп әйелі қуана таңғалды.

Өз жолынан жаңылмайтын мәңгілік,

Келе жатты көкжиектен таң күліп.

Екі жұлдыз сөне берді ақырын,

Көкірегімде ақ сәулесін қалдырып.

Екі жұлдыз – екі бақыт көктегі,

Төбемізде тұрып алды, кетпеді.

Бар аспаннан екі жұлдыз көрдік біз,

Біздер де екеу едік, өйткені.

Екі жас «Екі жұлдыз» әнін бірге шырқап, бір-біріне деген махаббат лебізін жеткізді. Бір-біріне тамсанып тұрып қалыпты. Сонда жігіт:

- Тоңазытқышта тәттілер бар ма?

- Иә.

- Тәттімен шәй ішуге қалай қарайсың? Армандарымызды айтып, мақсаттарымызды сенімен бірге жүйелеп алғым келіп тұр.

- Жарайды. Онда мен тәттілерді шығара берейін.

- Жақсы.

- Мен саған үйленгенге дейін отбасын құру қиын деп ойлайтынмын.

- Солай ма? Не үшін?

- Себебі, кішкентайымнан айналаның маған берген ойларын өзіме сіңіріп алғанмын ғой.

- Үйлену де, үй болу да оңай екенін білдіңіз бе? – деп әйелі еркелей сөйледі.

- Әрине.

- Ал, мен сүйікті ісіммен айналысып бастағым келіп жүр. Бизнесті қолға алып, жобалар жасау жайлы ойлар келуде. Оған қалай қарайсыз?

- Көмегім керек пе? Тек барлығын жеңіл түрде жасасаң болды. Нәпақаны үйге әкелетін мен ғой. Егер, өзіңе ұнап тұрса жасасаң болады.

- Шынымен бе?

- Рұқсатымды бердім.

- Бұрын неге келісім бермедіңіз?

- Бастысы, үйдің істеріне кірісіп алсын дегенім ғой. Бірден үйлене сала таңертеңнен кешке дейін үйде болмасаңыз арамызда түсініспеушіліктер көп болушы еді. Осы мақсатта келісім бермедім.

- Жарайды.

- Бақыт деген сіз үшін не?

- Бақыт – отбасы жылулығы.

- Тек осы ма?

- Бақыт –жүректің тыныштығы. 

- Менімен өзіңізді бақытты сезінесіз бе?

- Әрине!

- Сіз ше?

- Әрине.

Бақыттың бастаулары көп қой. Бірақ, менің түсінгенім бойынша, махаббат бақыттың бастауы екен. Әйел – жүректің тыныштығы деуші еді. Осы тыныштыққа жеттім. Дастарқан басында дәл осылай ішкі дауысыммен бәсеңдеп өзіме тіл қаттым. 

Адамның бақыты оның жайнап тұрған көзінен көрінеді. Бақытты адамның көздері әлемге басқаша қарайды. Бәлкім, ғашық көзбен… Себебі, ғашықтық-бақыттың бастауы. Ғашық көздер әлемнен, қоғамнан тек жақсылық, қуаныш іздеп тұрады және соны табады. Тапқаныңды сезіне білудің өзі бір бақыт. Алайда, «мен бақыттымын» сөзін жиі айта бермейміз. Әлемнен ғашық болған сәтімізді көрмегеннен не таппағаннан емес, жай ғана бақытты екенімізді түсіне алмағаннан деп ойлаймын. Адам өз бақытын қолынан ұшырып алған кезде ғана, бақыт сөзінің мән-мағынасын түсінеді. Бірақ, бақыт деген әр адамның бағалайтын құндылықтарының шегі. Біреудің құндылығы материалдық деңгейде болса, ал біреудікі руханилығынан көрінеді. Меніңше, бақыт дүниемен өлшенетін болса, ол шынайылылығын жоғалтады.

Бақыт деген – адамдарды бақытты ету. Барлық игі істер сенің жүрегіңнен шығады. Мұқағали айтпақшы, «Оны алыстан іздемегін, жүректен тап бақытты». Сонымен, бақыт деген жүрегімізде қанат қаққан, жақсылық пен қуаныштың, мейірім мен махаббаттың жаршысы болған көңіл құсы. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар