Әблақат
(повесть)
Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №19 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Менің отбасым
Біз топырағын адам аяғы баса бермейтін разъезде тұрдық. Анам күн сайын теміржол бойындағы шағын кеңседен шығып, қолын әрі-бері сермеп, жүйіткіген пойыздарды сапарға аттандырып жатады. Күнде рельстерге зор күш бітіріп, ертегідегі алып жылан ысқырғандай зәреңді ұшыратын пойыздарды тамашалауды ұнатам. Бір тепловоздың қанша вагон сүйреп бара жатқанын ерінбей санаймын. Түнде әдемі көрінетін самофорлардың жыпылықтаған көздерін айтсаңызшы!
Апыл-тапыл басқан баланың бойындай ғана терелері бар тамда әжем, әкем мен анам, екі қарындасым қоңырқай тірлік кешіп жатқан едік. Олжас әкемнің күнде азаннан тұрып, азын-аулақ малды өріске жаятын. Қой-ешкі маңырап, төлдеген сахманда әкеме көмектесіп, қозы-лақтарға бөтелкемен сүт берем. Қи ою, бұзау көгалға арқандау, малға шөп салу, су беру - бәрі менің мойнымда.
Жазғы каникул біздің үйдегі білте шамдай жалп етіп өшуге таяп қалған. Шәй үстінде Айша шешем әкеме буы бұрқыраған кесені ұсынып жатып:
- Әбілді қалаға оқытпасақ болмас, - деп қойып қалды. Мен нан шайнап отырып, түйіліп қала жаздадым.
- Әй, қатын, қаласы несі?! Көрші ауылда тоғыз жылдық мектеп бар емес пе? Ештеңе жоқ, автобуспен қатынап оқиды, - деп әкем жақтырмай қарады. – Менің түрім мынау: белімнен шойылып, қозғала алмай отырмын. Малды ала жаздай осы бала бақты емес пе?
- Мал, мал деп өлеміз бе? Мал – бір жұттық. Алтайдың сарышұнақ аязы келмесін. Әйтпесе, малдың тілерсегі дірілдегенін көрер едім, - деп шешем өзін құптай қоймағанына арқасы ұстап қалды. - Мен мына баланың болашағын ойлап отырмын. Өзің айтшы, осы разъезде тұрып келе жатқанымызға он екі жыл болды. Не қызық көрдік. Әйтеуір жұрттан кем емеспіз. Ол тоғыз жылдық мектепті көріп жүрміз ғой, тарих пәнінің мұғалімі географияны қойшы, биология, химиядан да сабақ бере береді.
- Сонымен не айтпақшысың?! – деп Олжас әкем қабақ шытып, кесесін төңкере салды.
- Ертең ана екі қызың өсіп, жатжерлік болады. Жалғыз ұлыңды жақсы оқытпасаң, жүреді ертең малдың соңында салпақтап. Қысы-жазы жел гуілдеген теміржолдың бойында жүріп, денсаулығымыздан айырылдық. Саған тағы ұл туып бере алам ба, жоқ па білмеймін. Мына баланы оқыту керек!
Байқаймын, Асылзат анам қатты кеткен сияқты. Әкемнің ештеңені өзгерткісі келмейтін тоңмойын мінезіне әбден тойып біткен-ау шамасы. Арада үнсіздік орнады. Әңгіме мен жайлы болып жатқан соң шәйімді ішіп болсам да, орнымнан тұрып кете алмадым. Расында, бұл кішкентай разъезде қимайтын не бар? Айналдырған төрт-бес үй. Мұнда пошта таситын есек пойыз болмаса, жүйіткіген «Тұлпар-тальго» тұрмақ, жүрдек пойыздың өзі ерініп, үш минутқа әрең аялдайды. Біздің разъезд Жаратқанның өзі ұмытып кетердей елден жырақ. Малын жоғалтқан адам болмаса, ешкім келмейтін мидай дала. Қос өркешті жотаның табанында орын тепкен разъезге ата-анам аудан орталығынан жұмыс таппаған соң келіпті. Марқұм Тілеубай атам дүние салар алдында әкеме бес-алты ірі қара, мініске екі-үш жылқы, алдына қырық шақты қой-ешкі салып беріпті. Әкем үйде азық-түлік таусылғанда, болмаса киіміміз тозып кеткенде бір ірі қараны сойып, аудан орталығындағы саудагерлерге жөнелтетін. Үйдегі жетпісті алқымдаған Ақбаян әжем қашан көрсең бір тынбайды.
- Барсын, немерем оқысын, - деді ұршық иіріп отырған әжем үзілген әңгімені қайта жалғап. – Елдің баласы міністір, әкім болып жатыр. Әкөшім оқыса, ғалым болса, несі жаман? О, несі ей, баланың бағын байлап. Ауырам десеңдер, малды мен–ақ бағайын. Әкем қойдай жуасып, әжеме көзінің қиығымен қарап, басын шұлғыды. Келіскені. Мен қуанып қалдым. Бір жағынан бейтаныс қалаға баруға жүрексінетін секілдімін. Ал, әжемді ойласам, мұңаямын. Әжем қойнында жатқан немересін көзі қиып қалай қалаға жібере салады, ә? Мені қалаға жіберуге қимай жүрген әжемнің неліктен бел шешіп кіріскенін білмедім. Кешке ұйықтар алдында маған ертегі, аңыз-әңгімелер айтып, бетімнен сүйетін әжемнің жалғызсырап қалатынын ойлағанда, жүрегім шым ете түсті. Ақбаян әжем мені әкөшім деп еркелетеді. «Әкөшім, ғалым болса...» деген сөзі мені жігерлендіріп жіберді. Анамның жүзі жадырап сала берді.
Бесінші сыныпты жақсы оқыдым. Мектепке ынтамен барып жүрдім. Бірақ тапсырмаларды тез орындап тастайтынмын да, сурет салуға кірісентінмін. Болмаса шимай-шатпақ тақпақ құрастырып отыратынмын. Разъездегі Қосан ағаның үйі, Сәмен шал, Дүрия апа да менің зеректігіме қуанып, ақ батасын беріп отыратын. Үлкен кісілер маған газет оқытып, жаңалықтарды тыңдап отырғанды жақсы көретін. Қосан ағаның қызы, Сәмен шалдың екі немересі менен бір-екі сынып төмен оқыды, ал Дүрия кемпірдің немересі Тоқбай екеуіміз бірінші сыныпқа бірге бардық. Бізді күнде ескі автобус келіп, көрші ауылдағы орталау мектепке әкелетін. Жұмабике мұғалім мені өзгелерден артық санады ма:
- Балаңыз құймақұлақ, оқыта беріңіз. Оқыған адам далада қалмайды, - деп шешеме айтқанын құлағым шалып қалған.
Бір аптадан соң қалаға баратын болдық. Кетерімде әжем маңдайымнан сүйіп, кимешегіне көз жасын сүртіп, шығарып салды. Сөйтіп, бір-ақ күнде өмірім күрт өзгеріп, қаладағы теміржолшы, шалғайда жатқан шаруа қожалықтардың балалары жиналған мектепте оқитын болдым. Анам мені мектеп жанындағы интернатқа орналастырды. Мен алдымда қандай сынақтар күтіп тұрғанын білмедім. Бар білетінім: менің иығыма ауыр жүк артылғанын, әке-шешемнің, әжемнің, тіпті бүкіл разъездің үмітін арқалап келгендей болдым.
Анам екеуіміз ырғалып-жырғалып қалаға мектепке жеткенше қоңырау соғылып, сабақ басталып кетіпті. Анам мені мектепке қабылдау үшін директордың атына өтініш жазып, мені 6 сыныптың есігінің алдына ертіп әкелді.
- Әкөш, сен енді үлкен азаматсың! Сабағыңды жақсы оқы. Бәріміз сенің тілеуіңді тілеп жүреміз.
- Уайымдама мама, бәрі жақсы болады, - дедім өзімді бір сәт ересек адамдай сезініп. Сөйтті де, есікті қағып мені ілестіре кірді. Балаларға сабақ түсіндіріп жатқан бейтаныс апай сөзін кілт үзіп, бізге қарай мойын бұрды. Балалар жалт қарап, орындарынан тұрды.
- Келіңіздер, директор біздің сыныпқа жаңа оқушы келетінін айтып еді.
Анам маған бұрылып, мұңға толы көздері жасаурап:
- Әбіл, қазір жол жүруім керек. Разъезге асығып барам, бүгін менің кезекші екенімді білесің ғой, - деді анам. Мені қимағандай көңілі босап, көзін беторамалмен сүртті. Маңдайымнан сүйіп, қош айтысты. Артына бұрылып қараған жоқ. Есік сарт етіп жаюылғанда өзімді дүниеде жалғыз қалғандай сезіндім.
- Келе ғой, сен разъезден келген баласың ғой. Аты-жөнің кім?
- Әбіл Ахатов.
Менің судыратып айтып шыққанымды ұстаз жөнді ести алмады ма:
- Қалай, қалай? – деп қайталап сұрады.
- Әбіл Ахатов.
Мұғалімге менің айтқаным түсініксіз болды ма:
- Әблақат, қош келдің! – деді. Жым-жырт отырған балалардың бәрі ду етіп күлді.
- Сен Маржанның жанына отыра ғой. Әне, екінші қатардағы соңғы парта.
Оқушылардың тырқылдаған күлкісі қайта естілді.
- Кәне, балалар, тынышталамыз! – Мұғалім көзілдірігін түзеп жатып. – Бүгін сыныпқа жаңадан балалар келіп отыр екен. Танысып отырайық, менің аты-жөнім – Рауза Ықтиярова. Қазір дәптерлеріңді ашыңдар. «Мен жазғы каникулды қалай өткіздім?» деген тақырыпқа әңгіме құрайсыңдар. Бұл қайсың сөйлеп отырған? Ішбаев сен бе?
- Жоқ, апай мен емес, Базарханов қой! – деді Тасқын деген бала азар-безер болып.
- Иә, саған, мен емес, өзі маған Әблақат деп айтып сыбырлап отыр, - деді Ермек.
- Кәне, тынышталамыз, балалар!
Мұғалім журналды ашып, толтыра бастады. Аты аталған оқушылар орындарынан тұра бастады. Кезек маған да келді.
- Әблақат! – Балалар ду күлді.
- Апай, менің аты-жөнім – Әбіл Ахатов.
- А, солай ма? – деп мұғалім қағазға шұқшия қадалып, әлдене жазып жатты. Сәлден соң менің жанымдағы толықша келген қыз орнынан көтерілді.
- Маржан Ізбасарова.
- Жақсы, отыр.
Мен жаз бойы разъезде әкеме көмектесіп қой баққанымды, шешеме болысып пойыздар жүретін кестені жаттап, теміржолшының көмекшісі болғанымды жаздым. Иә, айтпақшы ұмытып барады екем, әжеме қолғабыс жасап, жүн түтіп, жерошақ қазып, ет асқанымды мақтаныш санайтынымды ақ параққа түсірдім. Дүрия кемпірдің немересі Тоқбай екеуіміз екі үйге даладан қураған отын тасып, бұзауларға шелектеп су тасығаныма дейін түк қалдырмай тіздім. Шығармам аяқталған сәтте қоңырау соғылды.
- Балалар, бес минутқа үзіліске шығып келіңдер! – деді мұғалім. – Жазған шығармаларыңды өткізіңдер!
Мен мектеп ауласына шықтым. Күн жылы. Күздің жайлы желі еседі. Қазір анам мұңайып пойызда кетіп бара жатқан шығар. Әкем мал бағып жүр ме екен? О, бұл кезде мал жақсы семіреді. Әжем менің қалаға мектепке кеткенімді ұмытып, «Әкөш, көзілдірігімді әкеп берші!» деп жүрген болар. Кенет арқамнан біреу нұқып қалды. Жалт бұрылдым.
- Ей, Әблақат деген сен бе? – деді шашы дудар, бойшаң бала.
- Мен – Әбілақат емеспін.
- Е, Қапан, мынаны қара! Әблақат емеспін дейді ғой. - Анау тырқылдап күлді. – Сонда сен кімсің, ей?!
- Әбілмін, - дедім шамданып.
- Ал, бұл Зоран! - деді Қапан екі көзін бақырайтып сес көрсетті. – Жетінші сыныптың бірінші атаманы, білдің бе, Әблақат?
- Әбілмін дедім ғой!
- Жоқ, сен Әблақатсың! – Ол менің білегімнен шап беріп, ұстай алды.
- Өй, жібер қолымнан!
Екеуіміз ұстаса кеттік. Сәл болмаса ерегесіп, төбелесіп қалар ма едік. Әйтеуір соғылған қоңыраудың үні бізді құтқарып қалды.
- Сабақтан шыққан соң көрсетемін, саған! – деп Зоран жұдырығын түйіп, кіжінді. Мен де оны жақтырмағай, қабағымды түйіп, атып жіберердей көзіне тесіле қарадым.
Ертеңінде мұғалім сыныптағы оқушылардың жазғанын шығармасы жайлы айтты.
- Иә, балалар, жазған шығармаларыңмен танысып шықтым. Араларыңда үш бет шығарма жазған жазушылар да бар екен.
Мұғалім шығарма жазған оқушылар бірі жазғы каникулда қуыршақпен ойнағанын, бірі қызықты кино көргенін, бірі тауға демалуға барғанын айтты.
- Әбіл Ахатов, - деп саңқ етті мұғалім. Мен орнымнан атып тұрдым.
- Сен жазғы каникулда дем алмағансың ба?
- Жоқ апай, дем алдым, - дедім түк түсінбей.
- Сенің жазған шығарамаңа қарасам, жұмыс жасаудан қолың бір босамапты ғой.
- Неге апай, демалдым. Дүрия әженің немересі екеуіміз қи теруге барғанда жол бойы ләңгі теуіп ойнадық.
Бүкіл сынып сәл тынып, маңырай жөнелген қозылардай шу ете түсіп, күлкіге көмілді.
- Апай, Әблақат өтірік айтады, – деді беті секпіл сары бала.
- Өтірік айтқанын қайдан білесің?
- Қазір ешкім ләңгі теппейді.
- Иә, саған! – дедім теріме сыймай ашуланып, орнымнан атып тұрдым. – Біз разъезде күнде ләңгі тебеміз. Әкелші, ләңгің бар ма? Саған қалай тебу керектігін көрсетейін!
- Кәні балалар, тынышталамыз. Байсар, Әділ орындарыңа отырыңдар!
Орныма сылқ етіп отыра кеттім. Беті секпіл баланың аты Байсар екенін сонда білдім.
- Шығарманы жақсы жазыпсың, - деп апай мені мақтап қойды. Жазды демалысты қалай өткізгенін туралы жазғаның екі параққа сыймай, сыртына да жазып жіберіпсің.
- Сендер тұратын разъезде балалар асық ойнайтын шығар? – деп сұрады мұғалім жаныма келіп.
- Иә, - дедім басымды изеп. – Сенбесеңіз, үйдегілерге асықтарымды беріп жіберіңдер деп айтайын.
Мұғалім жымиып күлді. Оқушылар бір-бірімен сыбырлап сөйлесе бастады. Мына қалалық балалардың маған сонша таңырқап тұрғанын түсіне алар емеспін.
- Әбіл, сен интернатта тұрасың ғой, - деді мұғалім.
- Иә, - дедім сабама түсіп.
- Интернат өз үйің емес, дегенмен үйренуге тура келеді.
Мен білемін дегендей басымды изеп, қоштап қойдым.
Интернат
Интернатқа алғаш келген күні өзімді жайсыз сезініп, көпке дейін ұйықтап кете алмадым. Разъезде қалған әке-шешемді, әжемді сағынып үлгеріппін. Шіркін, осындайда Ақбаян әжем болғанда ғой, айналып-толғанып, мені жанына жатқызып алар еді. Сөйтіп небір қисса, батырлар жыры мен ертегілерді майын тамызып айтар еді. Әжемнің әңгімелерін тыңдап жатып бірде Қобыланды батыр болып жауға шауып бара жатамын, бірде сараң байды алдайтын Алдар көсе болып кетемін.
Міне, сиыр қорадай бөлмеде онға жуық бала пысылдап ұйықтап жатыр. Интернат мені бір сәтте есейтіп жібергендей. Мына жатысымның өзі түс секілді: тосын қабырғалар, бөтен бөлме. Таң ортасында көзім ілініп кетіп еді, ащы айғайдан селт етіп ояндым.
- Подъем! Кәні тұрыңдар! – Әсет деген бала айғай салды. Бәрі таң атып қалды ма дегендей орындарынан атып тұрды.
- Не болып қалды? – деп шулады балалар.
- Дәурен жылап жатыр!
- Не?! Неге жылайды?
- Мен қайдан білем, оны өзінен сұраңдар!
- Дәурен, неге жылайсың!
- Иә, неге жылайсың? – деп балалар сұрақтың астына алды.
Мен секілді алыстан келген бала қорсылдап жылауын үдете түсті. Басы дәу, бұйра шаш, жуан мойын, тостақан көз, салпаң ерін баланы күндіз көргенім есіме түсті. Бірінші қатардың соңғы партасында отырған.
- Ей, Дәурен, сен не қызсың ба, жылайтын? – деді жасы да бойы да бізден үлкен Фархат үлкендігін көрсетіп. – Айтсаңшы, біреу тиісті ме? Жетінші сыныптың балалары ма?
- Ешкім тиіскен жоқ, - деп кесіп айтты Дәурен. Жай... үйдегілерді сағынып... түсімде жылап жатыр екем. Оянсам, кәдімгідей жылап жатырмын, ей! - деп даузын күрт өзгертіп, көңілденіп кетті. Бір жағынан «Қызсың ба, жылайтын» деген сөзге намыстанып қалған сияқты. Мұрнын бір тартып, менде бәрі жақсы дегендей күліп жіберді.
- Өй, сен... жылама, түсіндің бе? Әйтпесе, жылауық қыз дейміз? – деді балалардың бірі.
- Өй, сенде... жылауық қыз сияқты, күшті түс көріп жатыр едім, мамам маған торт әкеліпті, - деді екіншісі тәтті түсінің үзіліп қалғанына өкініп.
Осы кезде түнгі кезекші, дене шынықтырудан сабақ беретін Темірбек ағай кіріп келді.
- Балалар, бұл не шу? Қане, орындарыңа жатыңдар! Кім тәртіп бұзса, соны қараңғы бөлмеге жалғыз қамап қоям, түсіндіңдер ме?
Балалардың үні өшті. Әркім өз орнына жатып, ұйықтап қалды. Таң ата қағылған дабылдан оянып кеттім.
- Подьем! Қане, тұрамыз! Болыңдар, тез!
Айғайлап жатқан Темірбек ағай екен. Балалардың бәрі жылдам киініп, төсегін жинап, сарбаздарша сымдай тартылып сапқа тұра қалды. Мойнына сүлгіні іліп, сабын ұстаған балалар жуынатын бөлмеге бет алды. Екі қабатты жатақхананың іші араның ұясындай гүжілдейді-ай! Бір-біріне жол бермей, алға ұмтылған оқушылар. Суы шорылдап аққан шүмектің басында екі-үш баладан жуынып жатыр. Төменгі сыныпта оқитын кішкентай балаларды қақпайлап, ересек балалар кезексіз кіріп кетеді. Кішкентай балалар қаздың шұбырған балапандарына ұқсайды.
- Кезекке тұр! - деп талап ете бастады бір кішкентай бала.
- Өй сен.. өзің былай тұр! - деп ересек бала қолымен қақпайлап. Анау кішкентай болғанымен, намысқой екен, бар күшімен өзінен дәу баланы итеріп қалды. Ересек бала қарап қалсын ба, әлімжеттік жасап, жасы кішіні аяқтан шалып құлатты. Мен шыдамай, ересек баланың жанына жетіп келдім.
- Ей, сен өзіңнен кішкентайға неге тиісесің?! - деп қолынан шап бердім. Бойшаң, бірақ сіріңкедей жіңішке бала мұндайды күтпесе керек, тосырқап қалды. Бірақ есін тез жиып алды.
- Саған не керек?! – деп өзіме дүрсе қоя берді. Жағамнан ала түскен. Екеуіміз алыса кеттік.
- Тоқтат! – ту сыртымыздан гүрілдеген дауысты естіп, қолымыз жағадан сусып кетті. Темірбек ағай қабағын түксите қарап тұр екен. Үшеуімізді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының кабинетіне желкелеп кіргізді.
- Мына үшеуі интернат тәртібін бұзды, - деп Темірбек ағай. - Жазалаймыз ба, қалай?
- Иә, батырлар, сөйлеңдер! - деді жасы елуге тақаған қара әйел әйнегі қалың көзілдірігімен бізге бажайлай қарады.
- Апай, мына Сержан жуынамын деп жатқанда кеудемнен итеріп...
- Апай, өзі..
- Тоқтат! Жетер! – деді қара апай. – Осы қылықтарың үшін үшеуін де таңғы астан қағыласыңдар!
- Апай, Аман екеуіміздің кінәміз не? – дей беріп едім, көзәйнектің ар жағындағы көз сұсты көрінді:
- Бұл – интернат! Бәрін тәртіпке бағынуларың керек. Тәртіп бәріне ортақ. Бұл - әке-шешелеріңнің үйі емес. Кім қиқаңдаса, дереу жынын қағып аламыз. Түсіндіңдер ме?!
- Түсіндік, - деп мұрын астынан міңгірледік.
- Түсінсеңдер, боссыңдар! Тәртіп бұзғандарың үшін таңғы ас ішпейсіңдер! – деді қара әйел. Басымыз салбырап, кабинеттен шықтық. Асханада тамақ ішіп жатқан балаларға қарап, сілекейіміз шұбырды. Сержан қолын сілтеп кетіп қалды. Оқушылар тізбектеле бірінен соң бірі асханаға кіріп, хош иісті нанды белден бір тістеп, күйсеп қояды. Стақанға құйылған қою күрең шайға шақпақ қант салып, қасықпен араластыра бастады. Темірбек аға есіктің алдына тұрып алыпты.
- Жүр, - деді Аман. – Бізге аш қалуға болмайды.
Екеуіміз сыртқы есіктен асхананың ас дайындайтын бөлмесіне сау етіп кіріп келдік.
- Сандуғаш апай, қалыңыз қалай? – деді Аман.
- Ой, балалар, мында неғып жүрсіңдер? Бұл жерге сендерге кіруге болмайды.
- Апай, бізге тамақ бермей қойды. Бір үлкен бала маған тиісіп, мына Әбіл маған көмектескені үшін аш қалатын болдық.
Мен Аманның менен жасы кіші болса да, пысық екенін білмеппін.
- Ойбай, аш қарын қалай сабақ оқисыңдар? Тамақ неге бермесін, береді ғой, сендер тыныш жүрсің дегені ғой. Келіңдер, мында біраз ботқа қалып еді, соны жеп алыңдар, - деп алдымызға бір табақ тамақты қоя салды. Қасығымызды тықырлатып, желімдей жабысқан ботқаны соғып алдық. Бұл кезде балалар аспазшы апайларға рахмет айтып, ыдыстарын кішкене терезеден тапсырып, сыртқа шығып бара жатты. Біз де қарнымызды сипап, сапқа тұрып үлгердік. Сөмкемізді асынып, сабаққа жүгіре жөнелдік.
Теміржол бекеті
Мектеп пен теміржол бекетінің арасы аса қашық емес еді. Интернатқа келген алғашқы күндері мен жаңа ортаға үйренісе алмай, орманға қарап ұлыған асыранды бөлтіріктей күй кештім. Бұрын разъезде асық ойнап, ләңгі теуіп жүрген Әбілдің аяқ астынан тым өзгеріп кеткенін сездім. «Шіркін, әке-шешем қазір жанымда болса ғой. Әжемді айтсаңшы! Қазір әкем мал жайып, анам разъезде пойыздарды жөнелтіп жатқан болар. Әжем әдеттегідей жүн түтіп, ұршығымен әлемді айналдырып жатыр ма екен? Иә, олар да мені сағынған болар. «Әкөшім сабағын жақсы оқып жүрген шығар, көресіңдер әлі, менің құлыным үлкен азамат болады» деп әжем кемпірлердің бәрін жинап, шәй үстінде әңгіме айтып отыр ма екен? Ех, шіркін, ауылға қайтса ғой!
Мен интернат-мектепте жақсы оқыдым. Оқымағанда не бітірем? Осы қалаға білім алу үшін келдім емес пе. Разъезде жүргенде өзіме жүктелген шаруаға жүрдім-бардым қарай алмайтынмын, ал мұнда келгелі еңсемді түсірмек түгіл, жауапкершілік арта түсті. Олимпиада ойындарына ту ұстап аттанған спортшы секілді, бүкіл разъездің үмітін арқалап келдім емес пе? Сабағым кілең бестік, тек орыс тілінен жаман қиналам. Разъезде орысша сөйлемек түгіл, бір аққұлақты кезіктіре алмайсыз.
Аяқтан шалып тұрған орыс тіліне тілім келмей-ақ қойды. Жеке тіркестерді тәуір-ақ меңгеріп алдым, аудармам да ақсап тұрған жоқ, емлеге де етене жақынмын. Бәрін құртып тұрған тек сөйлеуім. Разъезде орыс тілі сабағы болмағанын мен пақырдың сөз саптасынан-ақ байқар едіңіз. Интернатта орыс тілі сабағы жүйкемді жұқартып-ақ бітті. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Юля Михайловна мені тыңдағанда қабағын шытып, басын шайқайтын. «Абиль, как ты говориш?!». Ұстаздың сорақы сөздері жаныма бататын. Мұғалім маған сабақ үйреткенде басқа балаларды ұмытып, дыбыстар үндестігі әлеміне сүйрей жөнелетін. Қалай айтуым керектігін талап еткенде – тұтығып қалатынмын. «Это... это..» деп кібіріктей берем. Мен үшін орыс тілі деген соншалықты жаман, одан өткен қиын дүние болмады. Кейде мен «Оқушылар ана тілінде былдырлап жөнді сөйлей алмай жүргенде, орыс тілінің не керегі бар, осы?» деп оңашада күңкілдеп қоямын. Есіл-дертім үйге қайту болды. Разъезге қайту деген мен үшін соғысқа барып, майдан даласынан қашып кетумен тең абыройсыздық болар еді. Интернаттағы балалармен де тез тіл табысып кете алмадым. Өзім ілмиген арық едім, адам төзгісіз азаптан соң адам танымастай болып өзгеріп кеттім.
Бірде анама сағынғанымды айтып, телефон соқтым. Анам ертең кезекшілігін өткізген соң келетінін айтты. Қалаға келгенде шешем менің азып-тозған түрімді көріп, шошып кетті. Анамды бас салып құшақтадым. Көзімнен жас ыршып шықты. Шешемнің жанары да дымқыл тартқанын сездім. Разъезде қалған әкемді, әжемді сұрадым.
- Қасқа тайың өсіп қалды. Бүкіл разъезд саған сәлем айтып жатыр, кемпір-шалдар біздің кішкентай разъезден үлкен азамат шығады деп мақтанып жатыр, - деп анам көңілімді өсіріп қойды. Шешем сөмкесін ашып, әжемнің дәмді құрт-ірімшігін, талқанын берді. Ауылдың иісін сағынып қалыппын. Бірақ мен үйді қатты сағынған едім. Жақын адамның көзінше сыр бергем жоқ, бірақ анам қайтар кезде көңілім босап қоя берді. Анам уақыт шектеулі, разъезге қайту керектігін айтты. Осы кезде жүрегімді ұшырып пойыз да келіп жетті. Анам пойыздың басқышына табан тигізе бергенде шыдай алмай, еңіреп жылап жібердім.
- Мама, менің сенімен бірге ауылға қайтқым келеді.
- Балам, сенің оқуың керек. Тағы келемін ғой. Каникулда ауылға алып кетемін.
- Мама, мен сендерді сағындым. Әкемді, әжемді...
- Біз де сені сағындық, балам. Кішкене шыда, сосын үйреніп кетесің. Әділ, сабағыңа бара ғой, жарай ма? Бізді ұятқа қалдырма.
- Мама, мен сенімен бірге...
Анам кілт тоқтап, аяғын нық басып, маған қарай адымдай түсті. Жүрегім лүпілдеп кетті. Қабағын түйіп, түрі бозарып кеткен.
- Ой, ынжық! Осы оқығаның да жетер! Кеттік! Ауылға жүр, қой бағып, малдың астын тазалайсың!
Мен дереу есімді жиып, кері бұрылып, жүгіре жөнелдім. Артыма қарамай, солқылдап жылап келем. Өзімнің ағат кеткенімді, анамның үкілеген үміті екенімді сездім.
Менің жадап-жүдеуім разъезді сағынғаным ғана емес, интернат тәртібіне көндіге алмай қарным ашып жүретін. Оның үстіне жасы үлкен балалар тиісіп, әке-шешеміз беріп жіберген ауқатты тартып алғысы келіп тұратын. Солармен жаға жыртысамын деп әбден сүйкімім кетті.
Пойыздың бақырған үні естіліп, дүрсілдеген тепловоз іркес-тіркес вагондарды сүйретіп, ілби жүріп кетті. Бұл пойыздың ішінде анам кетіп бара жатты. Мен зымырап бара жатқан вагондардан көз алмадым. Өксігімді басып, ойымды жинақтап, жігерленіп тұрмын. Кенет терезенің бірінен анамды көрдім. Ол маған қарап, мұңды жүзімен күлімсіреп, қол бұлғап қалды. Анамның жүзінен оның жылап тұрғанын көрдім. Менің екі көзімнен ыстық жас бұршақтай домалап кетті. Шыдай алмай пойыздың соңынан жүгірдім. Анамның беті терезеге жабысып қалғандай болды.
- Мама! - өмірімде алтын затын жоғалтқан адамша еңіредім. Пойыз ішінде анам емес, жүрегім қалып қойғандай. Үстіне ақ жолағы бар, сары күртеше киген теміржолшы әйел маған жаны ашып, басу айтты. Мен бетімді сүртіп, бәрі жақсы дедім. «Анам, әкем, әжем мен ауылым. Мен сендер үшін жақсы оқитын боламын!» деп өзіме іштей серт бердім.
Ақбота
Күзде сыныпқа үріп ауызға салғандай әп-әдемі қыз келді. Аппақ бантик таққан, ақ фартук киген жәудіреген ботакөз қызға ауызым ашылып, қарап қалыппын.
- Балалар, бізге жаңа оқушы келді, аты-жөні Сабыржанова Ақбота, - деп мұғалім қызды таныстырып жатыр.
Қызға сұқтанып, сыртынан көріп ұнатқан мен ғана емес екем. Ақбота шеткі қатардағы партаға қатарласа жайғасты. Сабақ жайына қалды. Ақ қағазға қыздың суретін сала бастадым. Күннен күнге шимай-шатпағым көбейіп кетті. Бір күні «қылмысым» ашылып қалды. Ақботаны ұнатып қалған Байсар қолымдағы суретімді жұлып әкетіп, бүкіл сыныпқа айғай салды.
- Қараңдар! Әблақат Ақботаның суретін салып отыр! – деп жар салсын.
- Әкел бері! – деп соңынан қуа жөнелдім. Анау партаны айналып жеткізер емес.
- Бұл не шу! – деп сыныпқа мұғалім кіріп келді.
- Апай, Әблақат суретімді сала береді, - деп Ақбота шағым айтты.
- Әблақат, тақтаға шық, бұрышқа тұр! – деді мұғалім.
- Мұғалім басымнан тақ еткізіп, сөмкемді ұстатып, бір аяғымды көтертіп, тұрғызып қойды. Екі көзіммен Ақботаға қарап қоям. «Қап бәлем, Байсар! Осыдан сабақ бітсін, саған көрсетемін!» - деп кіжініп, жұдырығымды түйдім. Бір жағынан кеудемді жағымды қуаныш билеп тұр. Ақбота! Ол енді менің өзін ұнататынымды біледі. Көз алдымнан ақ бантикті қыз кетпей қойды.
Несі бар, мен жұрт айтқандай соншалықты ұсқынсыз емеспін. Рас, киімім Ермектікі секілді сәнді емес шығар. Бойшаң болмасам да келбетті жігіт екенімді білемін. Шаштарым анау ақиын ақындікі секілді бұйралау, қақ ортасында біздің ауылдағы өзеннің иірімі секілді орай бар. Қыр мұрнымды ешкім пұшық дей қоймас. Ауылдағы балалар боксқа қатысамын дегенімде «Өй, сенің мұрын жалпақ емес, бір соққанда сынып кетер. Қой, қайтесін» дегені бар. Міне, көрдіңіз бе, менің мұрным ешқандай да пұшық емес. Басым қарбыз секілді домалақ емес. Шаштараз шашымды «полубокс» деп алып бергеніне қарағанда, қыры да жоқ емес-ау. Маңдайым - жазық. Көздерімнің қарашығы жасыл ма, әлде қоңырқай ма, әйтеуір бір ұшқын шашырап тұратындай көрінеді. Құлағым... иә, құлағымның қалқайып тұратын несіне жасырайын. Бірақ сол да кемшілік болып па? Талай керемет музыка жазған тұлғалардың құлағы үлкен болған. Ақбота соған бола кеудемнен итере қоймас деймін.
Екі күннен соң сурет сабағы болды. Ақботаға жақындай алмай жүргем. Кенет қыз жаныма келді де:
- Әділ, сурет салып бересің бе? – деді. Тіл қата алмай қалдым. Сөйтіп жатақханаға Ақботаның сурет дәптерін ала кетіп, үйге берілген тапсырманы қатырып орындадым. Ертеңінде еңбеке баулу пәнінің мұғалімі Қарлығаш апай Ақботаға бес, маған төрт қойды. Себебі суретімді аяқтай алмай қалған едім. Бірақ соған бола қайғыра қойғам жоқ, қайта өзімді ерекше бақытты жан сезіндім.
Зоран мен Қапан
Интернаттағы бір-біріне ұқсас сүреңсіз күндер өтіп жатқан. Сабақтан соң мектептің асханасына кіріп, ауқаттанып, интернатқа келе жатқанмын. Алдымнан Зоран мен Қапан шықты. Бұлар - «үйдің балалары». Үйінен келіп оқитындарды солай атайтынбыз. Бұл екеуі кішкентайларға әлімжетік жасап жүреді. Екеуін байқамағансып, аяғымды жылдамырақ басып, интернатқа жетіп алмақ болдым.
- Ей, Әбләқат!
Зоран бар дауымен айғай салды. Аяғымды жылдап басып, алға адымдай түстім.
- Ей, Әбіл-ә-қат! Құлағың естімей ме, немене?! – деп Қапан қуып жетіп, иығымнан жұлқи тартып қалды.
- Саған не керек?! – дедім қақпанға түскен қасқырдай айбат шегіп.
- Мені ұмытып қалдың ба?!
- Сені танитындай кім едің?
- Өй, мынау қайтеді, ей?! Крутойсың ба, не?!
- Крутой емеспін!
- Ендеше, неге өзіңше боласың?!
- Өзім білем, - дедім тістеніп.
Бұл кезде қасымызға Зоран жетіп келді.
- Мынау не деп тұр-ей? - деп басымен маңдайымнан бір-ақ соқты. Басым тасқа соғылғандай шекем солқылдап, көз алдым қарауытып кетті.
- Саған не керек? – дедім мені басынғысы келген Зоранға. Байқаймын, бағанағыдай емес, үнім дірілдеп ақырын шықты. Көзім жасаурап кетті. Мен үндемесем, соқтыға беретін түрі бар.
- Ақша бар ма?!
- Қайдағы ақша.
- Қайдағы ақша дейсің бе? Кәдімгі ақша! Әке-шешең берген.
- Менің әке-шешем бай емес, маған ақша беретін!
- Ей, сонда сен қайыршысың ба?!
- Мен емес, сен қайыршысың, ақша сұрап тұрған, білдің бе?!
- Өй, мынаған жан кірейін деген екен, - деп ұзын бойлы сары бала тістерін ақситып өтірік күлді. Қапан төбелестің иісін сезгендей маған жақындай түсті. Зоран менің жағамнан ұстап, бар күшімен итере бастады. Екеуіміз ұстаса кеттік.
- Саған ақша керек пе, мә саған! - деп басыммен қарымта соғып жібердім. Зоран екі қолын жағамнан босатып жіберіп, мұрнын ұстай алды. Қан саулап аққан екен. Қапан досының мұрнын қанатқаныма ызасы келіп, жұдырық ала жүгірді.
- Ей, шакал, жабылма! - дедім айғайлап. Қапанда аяқпен бір тептім, бірақ ол беріспей алға ұмтыла берді. Бұл кезде Зоран есін жиып, маған тап берген. Кенет иегіме тиген соққыдан көзімнің оты жарқ етті. Жерге құлап бара жатқанымды білем.
- Қойыңдар, сендерді апайға айтамын, - деп бір қыз айғай салды. Ана екеуі сасқалақтап қалды. Менің орнымнан тұрғанымды көріп, қайта соқтығуға дәттері жетпей, қызға бір қарады да, тым-тырақай қаша жөнелді. Қарасам, менің де мұрным қанап, көйлегімнің түймелері үзіліп қалыпты. Жерге құлаған кезде шалбарым топырақ болып қалған екен.
- Бәрі дұрыс па? Еш жерің ауырған жоқ па? – деп қыз қасыма жақындады. Үстімді қаққыштап жүріп, қызға зер сала қарамадым.
- Келесі жолы әкесін танытамын олардың, - дедім әкемнің кегі кеткендей өзімді қайрап.
- Ой, мұрның қанап қалыпты ғой, мә, мына орамалды ал, - деді қыз. Басымды көтеріп, жалт қарадым. Ақбота!
- Ақбота! – дедім күмілжіп. – Сен апайға айтпай-ақ қойшы. Әйтпесе...
- Жарайды, айтпаймын, - деп күлді қыз. – Бірақ сен екінші рет төбелеспе!
- Менің төбелескім келді десің бе? Өздері ғой тиіскен.
Қыздың маған қамқорси қалғанына ызам келіп, бір жағынан қуанып қалдым. Менің қарамта қайтарудан тайынбайтынымды сезді ме, Зоран мен Қапан маған тиісуін қойған. Басқа балалар да жаумен алысқан жалғыз батырдың ерлігі жайлы естіп үлгерсе керек, мүлдем мазамайтын болды.
Мені ұнатпайтын ұстаз
Бәрі өзімнен болды. Мәймөңкелеп, ақталып қайтем. Жә, ештеңе жасырмай түгел баяндайын. Ауылда жүргенде қой-ешкі бағып, спортқа түк назар аудармаппын-ау! Интернатқа келгенде Темірбек ағай өкпеміз өшкенше жүгіртіп, түрлі спорттық жаттығу жасатады. Тіпті, кешігіп қалған оқушыны спорт залына кіргізбестен әуелі «Бәленбаев, кешіктің бе? Қане, белтемірге он рет тартыл, жиырма рет отжимания жаса» деп азапқа салды. Содан кейін ешкім денешынықтыру сабағынан кешіккен емес. Бірде мен сабаққа кешігіп қалғаным бар. Спортзалды айнала жүгіріп жүрген балалардың арасына зып беріп кіріп кеткім келді.
- Ахатов! – деген дауыс санқ ете түсті.
- Ағай, кешіріңізші. Кешігіп қалдым... дедім міңгірлеп.
- Кешіккенің үшін жазаланасың. Қане, белтемірге тартыл! – деді. Басымды салбырап кетті. Жоғары сертіліп, қос қолыммен темірден ұстадым. Ирелендеген жылан секілді үш рет әрең темірден басымды қылтитым.
- Қане, жалғастыр! – деді мені көзін алмай бақылап тұрған дене шынықтыру мұғалімі. Мен бар күшімді жинап, жоғары көтерілмек болдым. Бірақ қуатым сарқылып, қолым тала бастады. Қанша тырыссам да, белтемірге тартыла алмадым. Амалсыз қос қолымды босатып жіберіп, еденге аяғыммен дік ете түстім.
- Өй, әлсіз неме! Тартылып үйренгеше, басқа ойын ойнамайсың. Түсіндің бе? – деді Темірбек ағай жақтырмай қарап. Тілім салақтап, басымды изедім. Содан бері менің спортзалда бар шұғылданатым - жүгіру, белтемірге тартылу, еденге етпетінен жатып, қос алақанымды тіреп, жоғары көтерілу болды. Арада бір апта уақыт өткенде тартылуды онға жеткіздім, ай өткенде жиырма рет еркін тартылатын болдым. Бірақ Темірбек ағайға менің қиналып, ақ тер, көк тер болып, әбігерге түсіп жатқаным ұнайды. Ұнайтыны сол – мен қиналған сайын ләззат алып, миығынынан күліп қарап тұрады. Ағай мені командалық ойынға қосуды ұмытып кетті деп ойладым. Балалар футбол, баскетбол, волейбол секілді ойындардың көрігін қыздырып жатқанда, ауызымның суы құрып, жанкүйерше қызыға қарап тұрамын. Қашанғы шыдап жүре берем, бір күні:
- Ағай, мен де доп ойнайыншы, - дедім. Темірбек ағай жатпаған кейіп танытты:
- Команда толық.
- Қосалқы ойыншы болайыншы.
- Әлі ерте. Кейін дайын болғанда өзім айтамын, - деді. Бірақ қанша сұрансам да, Темірбек ағай мені ойынға қоспай-ақ қойғаны. Менің орындықта балалардың ойынын тамашалап отырғанымды көргендер:
- Әблақат, сен дене шынықтыру сабағына қатыспай, интернатқа қайта бермейсің бе? Бәрібір ағай сені ойнатпайды, - деп жұбатпақ болды. Бірақ бұл жағдай керісінше ызымды келтіріп, ағайға деген өкпемді күшейтті.
- Ой, Темірбек ағай мықты балуан ғой. Кезінде облыстан көп медаль алыпты, - деді Ермек.
- Иә, бұлшық еттерің көрмейсің бе? Күші көп, - деді Байсар. – Саған ондай болу қайда?
- Иә саған! Мықты адамдар да қорқатын нәрсе болады. Тіпті, күш атасы Қажымұқанның өзі тышқанан қорыққан, - деп соғып жібердім.
- Өй, біздің Темірбек ағай неден қорқады дейсің! Сөйлей береді екенсің сен де, - деді Ермек білгішсініп.
- Көресің әлі... дедім тістеніп. – Қорықпайтын адам болмайды.
- Ағайды қорқыта алмайсың. Босқа әуре болма.
- Қорқыта алам! Кел, бәстетесің бе?
- Бәстесем! Неге бәстесеміз? Так, былай болсын, мың теңгеге бәстесейік!
- Әкел, қолынды! –дедім ашуланып.
- Өй, Әблақат, босқа жеңіліп, масқара болғың келсе, өзің біл! Маған берер мың теңгеңді дайындай бер! –деп Ермек сақылдап күлді. Екеуіміз қолы алыстық. Байсар «бәс тіккендеріңе мен куәгермін» дегендей қол алысқанда қолының қырымен бөлгендей рәсім жасады. Ашу дұшпан деген осы. Енді өкінгеннен еш пайда жоқ. Интернатта жатқанда басым бір ой сап ете қалды. Күнде кешке Темірбек ағай спортзалда жеке бір өзі жаттығып жүретінін білетінбіз. Ұйықтамай Байсарды мазақтап жатқан Ермекке сыбырлап:
- Жүр, сыртқа шығып келейік, - дедім.
- Неге? – деді Ермек.
- Қазір көресің. Куәгер Байсарды да ертіп алайық.
Астымдағы ақ жайманы төрт бүктеп, қолығыма қыстыра салдым. Ұшеуіміз жатын киіммен спорт залына беттедік. Коридорда аяғымызды санап басып, вахтерша апай көріп қоймасын деп аса сақ қимылдадық. Спорт залында Темірбек ағай қолына бокс қолғабын киіп, қапты аяусыз соққылап жатыр екен.
- Қазір мен белгі бергенде жарықты сөндір! – дедім. – Екі-үш секундтан кейін қай жақ. Сөйтіп үш рет қайтала!
Ермек түсіндім дегендей басын изеді. Темірбек ағай қолына бокс қолғабын алып, теріс қарап грушаны тоқтаусыз соқылап жатыр екен. Ту сыртындағы биік сатыға шығып алып, үстіме ақ жайманы жамылып алдым. Бастан-аяқ ақ түсті жайманың ішінде аруақ секілді ауада қалықтап тұрдым. Мен ақ жайма ішінен қолымды жоғары көтергенде Ермек жарықты сөндіріп қалды. Мен адамның зәре-құтын қашыратын қорқынышты дауыспен бақырып қалдым. Жарық жалп етіп сөніп, ту сыртынан зарлы дауыс шыққанда Темірбек ағай жалт қарады. Шам қайта жарық ете жанды. Қарсы алдындағы сатының жоғарғы жағында көлбеңдеген жын ба, сайтан ба, әлде аруақ екенін айыра алмай, батыр ағай «Ойбай!» деп спортзалды басына көтере айғалап жіберді. Мен шыдай алмай қарқылдап күліп жібердім. Қас-қағым сәтте не болғанын түсіне алмай, есеңгіреп қалған ағайдың миы балалардың ісі екенін кеш қорытып үлгерсе керек. Ызаға булыққан Темірбек ағай жүгіріп келіп сатыны аяғымен бір тепкен. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ, жанарымның жарығы сөніп қалыпты. Есімді дәрігердің палатасында бір-ақ жидым. Аузыма қанның дәмі келді.
- Маған не болды? –дедім есеңгіреп жатып.
- Бәрі жақсы. Сатыдан құлап жарақаттанып қалыпсың. Ертең-ақ тәуір болып кетесің, -деді дәрігер. Бірақ мен үш күн орнымнан қозғала алмай жаттым. Еш жерім сынбаған екен. Басымнан ауыр соққы алып, қабағым жарылып, қан кетіпті. Интернаттағылар болған жайды әке-шешеме хабарлауға батпапты. Мен тәуір болып кеткен соң қоңырау да шалмады, мен де болған жағдайды айта алмадым.
- Әбіл, - деді директор шашымнан сипап. – Қалың қалай? Өзіңді қалай сезінесің?
- Жақсы, - дедім. – Мені кешіріңіздерші!
- Сен жаман оқушы емессің. Бірақ сенің бұл қылығың дұрыс емес екенін өзің де білетін шығарсың.
- Иә, - дедім түні болған оқиға есіме түсіп. – Мен жай... Ағайды қорқытып... Ол мені топқа қоспай қойды.
– Ағайыңмен сөйлестік. Саған дұрыс қарайтын болады. Уайымдама.
- Мен енді не істеймін? – дедім, бұл ісім үшін қандай жазаға ұшырайтынымды білгім келіп.
- Сен ақылды баласың ғой. Сенің не үшін мұндай қадамға барғаныңды білеміз. Ата-атаң уайымдамасың деп оларға хабар берген жоқпыз. Сен де айтпай-ақ қой, жарай ма? Егер сенің сатыдан құлап қалғаныңды естісе, жаман іс жасағаныңды білсе, олар қандай күйде болады? Үлкендерді уайымға салып қайтесің.
- Сонда мені мектептен шығармайсыздар ма?
- Жоқ, сабағыңды оқи бер. Бірақ ендігәрі мұндай іс жасамаймын деп уәде бер.
- Уәде берем! – Шыны керек, өзімнің интернатта оқуымды жалғастыратынымды естігенде қуанып қалдым. Іштей «Осының бәрін не үшін жасадым? Ермекпен бекер бәстескен екенмін» деп ойладым.
Байсарды айтуы бойынша, ақ түсті аруақты көрген ағайдың көзі шарасына шығып, мысықша кері серпілген. Жаңа ғана батырсынып грушаны аяусыз соқылап жатқан жігіттің санаулы секундтарда желі шығып кеткен доп секілді бір уыс болып қалыпты. Бір жағынан ағайды да аяп кеттім. Олай жасамауым керек еді? Иә, бәрі кеш. Тым кеш. Адамдар неге қателік жасаған соң ғана істеген ісіне өкініп, тәртіпті болға тырысады екен. Соны түсіне алмай-ақ қойдым.
Қызықты күндер
Қазан айының басы болатын. Мен балаларға үйренісіп, жаңа достар таптым. Орысшам да жөнге келіп қалған секілді. Алғашқыда байқамаппыз, мен сыныпқа жаңадан келгенде бәрі мені өзінше менсінбей жүріпті. Сабақ басталғанда сыныпқа Дәукен есімді бір бала келген. Бәріміз соған бөтенси қарадық. Мұғалім жаңа сабақты түсіндіріп болып, үй тапсырмасын сұрауға көшкен. Журналды аты-жөні бірінші тұрған, сабаққа дайындалмаған оқушы желмен тербелген күзгі жапырақтай қалтырап, қорқа бастайды.
- Абилов тақтаға шық! Үй тапсырмасын айт!
- Апай, кеше тісім ауырып...
- Отыр, екі!
- Асылбеков!
- Апай, дайын емеспін!
- Отыр, екі!
- Ахатов!
Жүрегім зу ете қалды. Кеше математикадан есеп шығарамын деп ұйықтап қалыппын. Сабақта мұғалімнің айтқанын еске түсіре бастадым. Төрт түлік жайлы білгенімді құрап айтып жатырмын. Артынан тиым сөздерді судырата жөнелдім.
- «Қой қырқатын қырықтықты бос қайтармайды, жүнге орап береді», «Қой қоздап жатқанда біреуге мал сыйламайды, сатпайды», «Мал айдап келе жатқан адамға «айдар көбейсін» дейді, ал малшыға «бағар көбейсін» дейді.
- Дұрыс, Әділ тағы қандай тиымдарды білесің? – деді мұғалім.
- «Мал сүйегін пешке салма», «Ақты төкпе», «Малдың басынан ұрма», «малды теппе»...
- Жақсы, отыр, бес! – деді мұғалім журналға шұқшия баға қойып жатты. – Әкел, күнделігіңді!
- Базарханов!
- Апай, кішкене дайындалып алайыншы. Оқығам, бір қайталап алайыншы.
- Базарханов, сен негізі жақсы оқитын баласың, бірақ еріншексің, - деді ұстаз.
- Апай, міне, қазір... Берікболовадан сұрай тұрыңызшы!
Бүкіл сынып ду күлді.
- Отыр, екі! Айымнан қажет болса өзім-ақ сұраймын.
- Ой, апай! – деп Базарханов Ермек жыларман болады да, орнынан тұрып сабақ айта бастайды. Айта бастайды деген жәй сөз, шығарманың екі жолын айтып, қайталап тұрады. Алдынғы партада отырған оқушылар сыбырлап әлденені айтып тұрады. Кенет есікті біреу тақылдатты. Ішке Тасқын кіріп келді.
- Апай, кешіріңізші, ұйықтап қалдым.
- Ішбаев, осы сенің ұйықтап қалматын күнің бола ма?
- Болады апай, демалыс күні мен ерте тұрам.
Бұл өтірікке оқушылар тырқылдап күліп жіберді.
- Үй тапсырмасың орындап келдің бе?
- Үлгере алмадым апай, кеше кешке футбол ойнап, үйге келгенде сабақ оқимын деп ұйықтап қалыппын.
- Осы сен сабаққа не үшін келесің?
- Апай, сабаққа барсам қашқым келеді, келмесем бір қызықтан құр қалып қалғандай болам, - деді ол желкесін қасып.
Сынып іші-қыран топан.
- Әй, Ішбаев, Ішбаев, отыр, - деп мұғалім басын шайқайды. - Кәне, тынышталамыз, балалар!
Мұғалім қайта үй тапсырмасын сұрай бастағанда шыбынның ызыңы естілмей қалады. Артқы партада отырған Ермек «Ой, мына сабақ қашан бітеді?» деп уайымдай бастайды. Тыныш отырмай, алдында отырған Гүлімнің шашынан тартып қалғаны.
- Ай, жынды Ермек, мен сені апайға айтам. «Апайға айтам» дегенде батырың желі шыққан доп секілді болып бұғып қалады.
Осы Ермек тақтаға шығып, есеп шығара алмай тұрғанда жазғанын әдемілеп бояи беретіні бар. Интернатта тұратын балалар таңғы алтыда тұрамыз. Бірде соны айтқанымда, Ермек менің ең жек көретін уақытым 7. 00 дейтін.
- Қуат, тақтаға шық!
- Апай, мен төрт түлік туралы оқығам, бірақ Абай атаға ұқсап жазған тақпағымды айтып берейінші.
- Ал, жарайды, тақпағыңды айта ғой.
- Мен тәртіпті баламын, түзелсе деп сабағым, кітап оқып жатқанда, депутаттар секілді, қалғып, ұйықтап қаламын.
- Ой, жарайсың, өзің шығардың ба?
- Өзім жаздым апай!
- Жарайды, сабақ оқып келмегенің үшін екі, тақпағын үшін бес қоямын, бестен екіні алса қанша болады?
- Ой, апай, ең болмаса, семіз үш қойғанша, арық төрт қойыңызшы!
- Төрт түлік туралы тақпақ білесің бе?
- Білем апай, «Қошақаны қойдың, қайда қалып қойдың? Бұлтиып тұр бүйірің, қай өрістен тойдың?».
- Жарайды, төрт қояйын. Отыр.
Қуат қоқиланып, жан-жағына «Міне, көрдіңдер ме, түк оқымай келсем де төрт алдым» дегендей маңғазданып, мақтана бастайды.
Сабақтың соңында бір топ бала старостаға бағынбай, өз еркімен кетіп қалыпты. Мөлдір деген қыз шырылдап жүр. Бір қызығы, нашар оқитын балалар бақылау, тест жұмыстарында үздік, озат оқушыларды жағалайды. Өзі нашар оқитын баланың бес есебі де дұрыс болып шығатын кездер болады. Мұғалім үтір, нүктесіне көшірген есебінің үшеуін Нұргүлден, екеуін Гүлімнен көшірілгенін біліп қояды.
Кенет шыр етіп қоңырау соғылды. Сабаққа дайындалмай келген, журнал бойынша кезегі келмеген оқушылар бір сынақтан құтылып, уһ деп дем алады.
- Апай, үйге не бересіз? – дейді Ермек.
- Осы сен қатырып оқып келетіндей сұрайсың, - дейді үй тапсырмасын беруді ұмытып бара жатқан мұғалім. – Балалар, үйге бүгінгі өткен тақырыпты оқып келеміз.
Жолдама
Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Темірбек ағай балаларды мектеп ауласындағы стадионға жинады. Оқушыларды сапқа тұрғызып, жаттығу жасата бастады.
- Қалдарың қалай, балалар?
- Жақсы.
- Жақсы ұйықтадыңдар ма?
- Иә, жақсы ұйықтадық.
- Қалай? Чемпион боламыз ба?
- Иә, - деп шуылдап жауап беріп жатырмыз. Біз мектеп ауласындағы спорт алаңшасына жүгіріп, денемізді қыздырып алдық. Дене шынықтыру сабағынан соң сыртқа шықтық. Қарсы алдымнан Байсар шықты.
- Әблақат, естідің бе?
- Нені?
- Мен мектеп құрамасының сапында доп тебетін болдым. Жақында жарысқа барамыз. Ал сен таштақ бойыңмен баскетбол ойнайтын болдың, - деді Байсар миығынан күліп. Байсардың футболдың менен жақсы ойнамайтынын білем. Оның мына қорлығы өңменен өтіп барады. Сотқардың сыбағасын сол жерде-ақ бергім келіп, өзімді-өзім ұстап қалдым.
- Жолдаманы қайдан, қалай алдың?
- Айтпаймын.
- Айтасын! Әйтпесе...
- Айтпаймын дедім ғой, жолымнан былай тұршы, ей?!
Байсар жанымнан өтіп бара жатқанда мойынан қолыммен тарс қысып, босатпай қойдым. Ол ол ма, піскен қарбызды тексергендей қақ маңдайдан шертіп кеп жібердім.
- Ойбай, басым! – деп дәлізді басына көтере айғайлап жіберді.
- Өй, сен де... Қыз сияқты жылап, шыңғырып жібергенің не?! Айтпасаң, айтпай-ақ қой! Өзім-ақ біліп алам, – дедім. Мұғалімдердің бірі көріп қоя ма деп, басын босатып жібердім. Байқұстың жүзі қызанақтай болып кетіпті.
- Темірбек ағай, саған жолдама бермейді, білдің бе?
- Неге бермейді? Береді! – дедім сеніммен.
- Саған орын жоқ! - Ол ызаланып кетіп қалды.
Сыныпқа кірдім. Темірбек ағай журнал толтырып отыр екен. Сырттан келген маған елеусіз мойнын бұрып:
- Әбіл, неге келдің? Бірнәрсе айтайын дедің бе?
- Иә, ағай маған жолдама бересіз бе?
- Неге?
- Менің футбол ойнағым келеді.
- Әбіл, футболға қақпашыны қосқанда 11 ойыншы ғана болады. Бәріне орын жоқ. Сен волейболды тәуір ойнасың ғой. Мен сені волейболға жазып қойдым.
- Білем ғой. Бірақ мен футбол ойнасам деймін. Қосалқы ойыншы болсам да...
- Қосалқы ойыншылар да бар.
- Ағай, мен өскенде Месси сияқты мықты футболшы болғым келеді.
- Месси сияқты дейсің бе? – Ол жымиып күлді. – Арманың жаман емес екен. Бірақ Месси сияқты болу үшін көп еңбектену аздық етеді. Ол үшін туа біткен дарын керек. Футболшы болып туылу керек. Сені жақсы түсінемін. Бірақ бәрі шешіліп қойды.
Қара аспандай түтігіп, ашуланып кеттім. Сонда қалай, бізден бір ауыз сұрамай өздері-ақ бәрін шеше бере ме?
- Бәрін шешіп қойсаңыздар, мен волейбол да ойнамаймын! – деп, теріс бұрылдым да, есікті тарс жауып шығып кеттім.
- Әбіл! – деп айғай салған Темірбек ағайдың дауысы қатты шықты. Мен ештеңе естімеген адамдай алды-артыма қарамай жүгіре жөнелдім.
- Әбіл, тоқтай тұршы!
Мен ызадан жарылардан болып далаға атып шықтым.
Жатақханаға келген соң ойландым: ұстазға қайырылмай, кеткенім қателік болған екен. Бірақ доп тебе алмайтын Байсарды құрамаға қабылдап, мені қақпайлағаны әділетсіздік емес пе? Менің қандай ойыншы екенімді балалардың бірі біледі. Сөйте тұра мені құрамаға қабылдамай қояды. Тым болмаса қосалқы ойыншы ретінде қалдырса да болар еді ғой. Ойын аяқталуға жақын қалғанда алаңға шығып, ала допты қақпаға шірене теуіп, гол соғар едім. Маған сондай мүмкіндік те бермей отыр ғой. Осы қылығым үшін ағайдың маған суық көзбен қарап, тоқсан соңында төртпен шығарып отыр. Үш қоя алмайды. Өйткені мен белтемірде балалардың бәрінен көп тартылам, жүгіргенде ылғы бірінші болып келемін. Амал қанша, Месси боламын деген арманым көзден бұл-бұл ұшып бара жатты.
Төсегімде жатып армандап кетіппін. Еуропаның атшаптырып стадионы. Төбемізде жарқырған сансыз шамдар. Мыңдаған жанкүйерлер. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының финалында доп теуіп жүр. Әрине, қарсыласымыз немістерге қарсы ортада ойнақ салып жүрміз. Тоқсан минутта керемет айқас болды десеңізші! Қазақтар бір-бірімізге пас беріп тәп-тәуір ақ ойнап жүр едік, кенет немістер біздің қақпаға доп салып жіберді. Сол-ақ екен, ұнжығамыз түсіп кетті. «Қане, қазақ деген атымыз бар емес пе? Намыстарың қайда? Жақсылап ойнап, мыналардың ту-талақайын шығарайық» деп айғайлап жүрмін. Енді, команда капитаны болған соң артылар жүк те оңай емес екенін ішіңіз сезіп отырған шығар. Біздің қазақтар ес жиғанша немістер біздің қақпаға екінші допты тулатып жіберді. Қаным басыма шапты. Амал қанша, бірінші тайм осымен аяқталды. Үзіліс кезінде бізге бапкер ағайымыз намысымызды қайрап жіберді. «Сендерге не болған? Әлем чемпионатын ұтпасақ, елдің бетіне қарай қараймыз? Біз қарсыласымызды біріксек қана жеңеміз. Алға, қазақ жігіттері! Намысты қолдан бермеңдер!» деп қатты айтты. Екінші таймда жігерленіп шықтық. Ұпайы түгел болған немістер қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, қит етсе өтірік құлап жерге жатып алатынды шығарды. Біздің жігіттердің бір-екеуі ескерту алды. Ширақ ойнап, құстай зымырап немістің футболшыларын алдап қақпаға допты сүңгітіп жібердім. Бірақ олар саспай қарымта шабулға көшті. Сол кезде қазақ жігіттерінің допты аяқтарынан іліп әкетіпті. Көп қорғаушының арасында тұрған маған пас берді. Мен желаяқтай жүгірдім. Қорғаушылар алдап өтіп, бос қалған саңылауға допты шірене тептім. Гол! Қазақтан-Германия 2х2. Ойынның ақталуына бірер минут қана қалыпты. Төреші қосымша 3 минут қосты. Немістер допты аспандата теуіп, алаң ортасына жеткізді. Жаныма қос неміс жетіп қалғанда «Гитлер, капут!» деп айғай салдым. Мұны естіген екі неміс сасып қалды. Сол-ақ екен, допты қақпаға қарай құйын-перен зымырадым. Қорғаушылар мен шалып құлатпақшы болғанда, секіріп өттім. Әуеге көтерілген басыммен періп жібердім. Айнала ұшқан допты қағып жіберуге неміс қақпашысының шамасы келмеді. Гол! Қазақ жанкүйерлері алаңда кернейлетіп жіберді. Қазақтан футболдан әлем чемпионы! Бәрі бізді қаумалап, аяғымызды жерге тигібей әкетті. Қазақ еліне әкелген, жарқ-жұрқ еткен, алтын кубокты айтсаңызшы! Міне, сол кезде Темірбек аға мені көргенде қалай ұялар еді? «Әбіл, кешірші! Менен бір ағаттық кетті» дей ме? Менің суретімді, қазақ елінің жеңімпаз футболшыларын еліміздегі бүкіл баннерге іліп, құрметпен қарайды. Сол кезде интернатым, кіп-кішкентай разьезім қалай менімен мақтанар еді. Байсар сөзсіз қызғанып, желкесін қасып тұрар. Ал, Ақбота ше? Сұлу қызда жеңімпазды ұнатып, жанна бір елі қалмай жүрер. Еһ, арман не істетпейді!
Ғаламтор
Жолдамадан қағылып, еңсем түсіп жүрген. Бір күні Ермек екеуіміз күзгі сары жапырақтарды теуіп келе жаттық. Бұл кезде мен разъезде қалған анамды, әкем мен әжемді қатты сағынып жүргенмін. Менің күнде көңілсіз жүретін түрімді көріп, Ермек:
- Қалада ойын ойнайтын компьютер орталығы ашылыпты. Барып біраз ойнап келейік, - деп ұсыныс айтты. Мен ақшам жоқ екенін айтып, бас тарттым. Сабақтан соң түскі асымызды іштік. Интернатқа келген соң сабағымды оқыдым. Түс ауа ентігіп Ермек қайта келді.
- Жүр, менде ақша бар, ойын ойнайық, - деді. Интернат алдындағы орындықта зерігіп отыр едім, келісе кеттім.
Компьютер орталығына кірдік. Іште он шақты бала ойын ойнап отыр екен. Қарасам, атыс-шабыс, қарумен бір-бірін қырып жатқан адамдар. «Контрастрайк» деген ойын екен. Балалардың бірі - полиция, енді бірі бандит болып атысады. Экран бетіне өлген адамның қаны шашырап, зәрені алады. Әлгі ойынға қараған сайын басым айналып, құсқым келді.
- Компьютермен ойын ғана ойнай ма?
- Жоға. Қазір ғаламторға қосылсақ, әлемдегі кез келген жаңалықты біле аламыз. Хат жаза аламыз, кино көреміз, ән тыңдаймыз.
- Хат жіберуге бола ма? - дедім қуанып.
- Болады. Міне, ғаламторды қостым, кімге хат жазамыз?
- Разъезге. Әкем мен анама.
- Олардың электронды адресін білесің бе?
- Разъездегі үйдің адресі ме?
Ермек қарқылдап күлді.
- Міне, мынау менің электрондық поштам.
- Біздің ауылда ғаламтор тұрмақ, компьютер жоқ.
- Ой, онда хат жібере алмайсың, - деген Ермек «Мені босқа әуреледің» дегендей бетін тыржитты. Мұңайып қалдым. «Өскенде әкім болып ауылға ғаламтор орнатып беремін» деп армандап кеттім. Ермек пернетақтаның тез басып, теріп жатыр.
- Мынау әлемдегі ең танымал кітапханалар. Мысалы, Конгрес кітапханасы - Америка құрама штатының ұлттық кітапханасы. Кітабы да көп, өзі жүзіндегі ең үлкен кітапхана.
- Мәссаған! - дедім ауызым ашылып.
- Білесің бе, мұнда 3000 қызметкер жұмыс жасайды екен.
- Үш мың дейсің бе!? Өтірік шығар?
- Ал мынау британдық кітапхана. Лондон қаласында орналасқан. Мұнда әлемнің ең танымал тілдеріндегі 150 миллионнан астам құнды ақпарат, кітаптар, газеттер, видеоақпараттар, әуезді жазбалар, карталар мен суреттер жинақталған деп жазылыпты.
- О, мына кереметті қара! Кітапханада 25 миллионға жуық сирек кездесетін қолжазба мен кітаптар жинақталған екен. Бұл қолжазбалар біздің заманымыздан 300 жыл бұрын жазылған екен.
- Сонда бұл өте ескі кітаптар екен ғой...
- Иә, ал мына Александрия кітапханасы біздің заманымызға дейінгі 3 ғасырдың басында көрнекі ғалымдардың қатысуымен Птоломей әулиетінің алғашқы патшасы негізін қалапты. Бұл кітапхана мысырда салынған.
- Ех, шіркін, сол алып кітапханаларға кіріп, көне кітаптарды оқыса ғой, - деді қиялға беріліп.
- Өй, сен де, қиялдайтын нәрсені тапқан екенсің! – деді Ермек. – Саған бір қызық көрсетейін бе? Мә, мына көзілдірікті тағып ал.
Бұл өзі компьютерге жалғанған көзілдірік екен. Көзілдірікті кигенім сол еді, бір қараңғы үйге тап болдым. Басқа бір бөлмеде баланың жылаған дауысы естілді. Бөлме есіктері өзіне өзі сықырлай, шиқылдай ашылады. Терезені біреу ұрған секілді, бірақ бұл дыбыстар терезеден емес, айнадан естіліп жатты. Жанымда біреулер күбірлеп сөйлеп жүр. Ту сыртымда біреудің тұрғанын сездім. Өне бойым қалшылдап, қорқыныш пен үрей биледі. Жалт қарағанда аруаққа ұқсас бір аппақ жамылған әйелдің сұп-суық қызыл көздері маған тесіле қарап қалыпты. Міне, жезтырнақ қолдарымен мені бүре салмақшы. Айғай салып, ескі үйден далаға атып шықтым. Қараңғы елсіз далада жалғыз жүріп келем. Кенет көмескі жарықтан жанымда бір көлеңке елес пайда болды. Артыма қарасам ешкім жоқ. Бірақ көлеңкелер көбейе түсіп, мені қоршауға алды. Қатты шошып, айғайлап жібердім.
Ермек көзілдірікті жұлып алды. Мен қараңғылықтан құтылғаныма қуанып, далаға атып шықтым. Сонымнан Ермек қуып жетті.
- Өй, есің дұрыс па?! Жанындағы балаларды шошытып, айғайлап жібергенің не?! – деп дүрсе қоя берді.
- Өй, өзінің басын жұмыс істей ме?! Қайдағы жоқты көрсетіп, зәрені алдың ғой, - деп ренжіп қалдым. Жүрегім атқақтай соғып тұр. «Ғаламторы құрысын, кітапты кітапханадан алып оқимын» дедім іштей.
Тоғызқұмалақ
Интернатта жүріп шахмат, тоғызқұмалақ деген ойындарды үйреніп алдым. Ауылда дойбыдан ешкімге есе жібермейтінмін, мұнда жақсы ойнайтын балалар көп екен. Бір-екі айдан кейін шахмат ойнап, интернаттағы балалардың тең жартысын ұттым. Бірақ тоғызқұмалақ ойынына тісім бата қоймады. Ғасырлар бойы тоғызқұмалақ ойнаған ата-бабамыздың ақылдылығына, ойшылдығына таң қалдым. Азат досым мені ойынға үйретіп, тоғызқұмалақ тақтасын түсіндіре бастады.
- Міне, мынау тоғызқұмалақ тақтасы. Мұнда 2 қазан, екі қазанда 18 отау, 162 құмалақ болады. Әр ойыншыға бір қазан, ал тоғыз отауда тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ болады. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, ал екінші ойыншыны – қостаушы деп атайды. Түсіндің бе?
- Иә, - дедім басымды изеп. – Шахматта ақтар бірінші жүреді. Ал тоғызқұмалақта кім бірінші жүреді?
- Асықпа, қазір бәрін түсіндіремін. Кімнің бірінші жүретіні жеребемен, болмаса келісім бойынша анықталады, - деді Азат.
- Қызық екен!
- Иә, қызық. Жүріс жасау үшін өз жағындағы отаулардың бірінен бір құмалақты қалдырып, қалғанын солдан оңға қарай таратамыз.
- Тарату кезінде тоғызқұмалақ өз отауымнан асып кетсе ше?
- Онда қарсыластың отауына таратысың. Егер соңғы құмалағын қарсыластың тақ санды отауына түссе, сол отаудағы құмалақты сыпырып, өз қазанына саласын. Сөйтіп, ұпай жинайсың. Егер жұп отауына түссе, немесе өзіңнің отауына түссе құмалақ алмайсың. Көресің әлі, бұл өте қызық ойын.
Азат маған «Тұздық алу» керек екенін, «Атсырау» кезінде қандай айла қолдану қажеттігін де үйретті.
Бірде Маржан мен Азат тоғызқұмалақ ойнап отырды. Досым қыздан ұтылып бара жатқан. Ту сыртынан бақылап тұрған менің ауызымнан байқаусызда жетінші қазан деген сөз шығыпты кетті. Қателігін байқап қалған Азат қорғанысқа көшті.
- Көмектесуге болмайды, мен жаңа жеңетін едім, - деді қыз бұлқан-талқан болып.
- Мен байқамай.., - дедім сасқалақтап.
- Ақбота, мыналар маған жабылып жатыр, - деді Маржан құрбысын шақырып.
- Не болды? – деді Ақбота жанымызға келген бойда.
- Әблақат досына көмектесті. Мен жеңетін едім, - деді Маржан жыларман болып.
- Бұлай болмайды, егер сен досыңа көмектессең, мен де досыма көмектесемін, - деді Ақбота.
- Көмектесе берсін, - деп күлді Азат. – Екі қызға шамамыз келетін шығар.
- Ал, егер шамаларың келмесе ше?
- Неге шамасыз келмейді?
- Шамаларың келмейді, егер ұтылсаңдар екеуіңнің суреттеріңді салып, мектептің алдына жапсырып қоймыз, - деді Маржан.
- Жарайды, келістік! Бірақ егер сендер ұтылып қалсаңдар, сендердің суреттеріңді саламыз. Бүкіл мектепке мазақтап, бір рахатқа батамыз.
- Мақташақ! Қане, сендер жүресіңдер! – деді Маржан. Ақбота үндемеді. Мен «бұл тартыстың арты не болар екен?» деп басымды қасыдым.
Қырсық шалғанда қыздар 82 құмалақ жинап, бізді ұтып кетті. Сөйтіп, бүкіл мектепке масқара болармыз деп ойладық. Бірақ қыздар бізді аяп, суретімізді салмады. Есесіне біздің қыздардан оңбай жеңілгенімізді естіп қалған Байсар пен Ермек мектеп қабырғасына ілінетін карикатуралық суретке баттитып тұрып суретімізді салып қойыпты. Ол аз болғандай, ұялы телефонына түсіріп, бүкіл жұртқа таратып жіберіпті.
Бәлем, сендерді ме, тұра тұрыңдар, сазайларыңді берерміз деп кіжініп қойдық. Бірнеше күн өткен соң бұл жағдай ұмытылар деп ойладық. Бірақ күн өткен сайын екеуі жұрттың есіне салып, бізді келеке етуді шығарды.
Бірде сабақтан соң интернатқа қайтпақшы болдық. Балалардың бәрі кітап-дәптерлерін сөмкелеріне салып, қайтып бара жатты. Мен де интернатқа қайттым. Жолда кітабымды мектепте қалдырып кеткенім үсіме түсіп, қайта оралдым.
Сыныпқа кіргенде Байсардың Ақботамен оңашада тоғызқұмалақ ойнап отырғанын көріп, қызғанышым қозып кетті.
- Міне, қарсыласың былай жүргенде... сен былай жүруің керек, - деп Байбек қызға ойын үйретіп жатыр екен. Байсар мені көріп, үндемей қалды.
- Әбіл, не үшін қайтып келдің? – деді Ақбота.
- Жай, кітабымды ұмытып...
- Ой, сен мақтаншақ ғана емес, ұмытшақ екенсің ғой, - деді Байбек кекете күліп. Осы сөз кеудеме шаншудай қадалды. Ол менің Ақботаны ұнататынымды білетін. Қыздың алдында абыройымды төгу үшін мысқылдап отырғанын көрмейсіз бе? Мен бұл қорлыққа шыдап тұра алам ба? Шыдап тұра алмаймын.
- Қане, не дедің, қайталашы!
- Ұмытшақ! Мақтаншақ!
Жетіп барып, Байсардың жағасына ала түстім. Ол да ұстаса кетті.
- Сөзіңді қайтып ал деймін! - дедім тістеніп.
- Қайтып алмаймын!
- Қайтып ал дедім ғой. Оңдырмаймын!
- Мен маған не істейсің? Қайтып алмаймын ал!
- Ах, солай ма? Онда өз обалың өзіне!
Байбекті жұлқып, итеріп жібердім де, тоғызқұмалақ тақтасымен басынан салып жібердім. Сыныптың ішіне тоғызқұмалақ тарыдай шашырап кетті.
- Қойыңдар, бұларың не?! – деді Ақбота бетін басып жыларман болды.
- Көрдің ғой, бастаған өзі. Жазасын алды, - дедім неше күнгі қорлығы үшін сыбағасын бергеніме айызым қанып.
- Ой, Байсар, мұрның қанап кетіпті, - деді Ақбота шошып.
- Мұрнымды қанаттың ғой, ә? Мен саған қазір көрсетемін! – деп Байбол тұра ұмтылды. Үсті-басы қан тамып кетіпті.
- Кел, кел, тағы таяқ жегің келіп тұр ма? – дедім жұдырығымды түйіп.
- Әбіл қойшы, өтінемін! – Ақбота алдымды кес-кестеп тұрып алды.
- Жарайды, - дедім. – Ақбота болмағанада сазайыңды жақсылап берер едім.
Осы кезде еден жуатын апай кіріп келмесі бар ма?
- Ойбай, мына жерді не істеп жібергенсіңдер? Құмалақ шашып тастағансыңдар ма?
Мен кітабымды алып, сыртқа зып беріп қашып кеттім. Ту сыртымнан еден жуушының бақырған дауысын естідім.
Әке мен баланың сағынышы
Бірде Азат досым әкесі жайында айтты. Ол шешесімен бірге қала шетіндегі бір шаруа қожалығында тұрады екен. Әкесі отбасынан ажырап, басқа бір әйел алыпты. Жаңа жанұясында екі қызы бар екен. Самат әкесі осыған дейін бірнеше рет келген көрінеді. Бірақ Азат оған қайырыла қоймапты.
Мектептен шыққан соң қаланы аралап, қыдырып жүрдік. Дүкенге кіріп, құрт алмақ болдық. Ауыл құртын қатты сағынған едім. Сосын интернаттың ауласына келіп, екеуіміз доп ойнадық.
Күзгі суықта қара куртка киген ер адам Азатқа жақындай түсті.
- Азатжан келе ғой! – деді ол. – Мен сенің әкеңмін ғой.
Мен бұл адамды бұрын осы маңнан кезіктірген едім, оның Азаттың әкесі екенін жазбай таныдым. Өйткені Азат ол кісіге өте ұқсайтын еді. Әлгі адам баласына жалтақтай қарады. Азат оны елемегендей көзінің астымен қарап, әр қиымылын бағып тұр екен. Әкесі жақындай бергенде Азат теріс айналып кетті. Сосын маған бұрылды.
- Сенің атың кім? – деді ол.
- Әбіл.
- Сен Азаттың досы емессің бе?
- Иә.
- Қалдарың қалай? Сабақтарың жақсы ма?
- Жақсы.
- Қарындарың ашқан жоқ па?
Үндемедім. «Қарным ашты» деуге ыңғайсызданып едім, қарным шұрылдап қоя берді. Тамақты ойлағанда қарным ылғи ән салатын. Сағат ағаның бізге жақындау үшін айтып тұрғанын білемін, сөйтсе де оның қамқорси сөйлегеніне ішім жылып қалды. Ол менің басымнан сипап, Азатқа бұрылды.
- Азат, балам, бері келші! – деді дауысы дірілдеп. Бірақ Азат қайырылған жоқ. Оның әкесіне өкпелі екенін түсіндім. «Қайдан келді? Тезірек кетсе екен?» дегендей ілгері бірнеше қадам аттап, шегіне берді.
- Мен де сендермен доп ойнасам бола ма? – деді әкесі.
Самат ләм-мим демеді. Досымның орнына мен жауап бердім.
- Интернатқа үйрендіңдер ме?
- Үйрендік.
- Азаттың сабағы қалай?
- Жақсы.
Азатты сұрағанда дауысы қайта қобалжып, кібіртіктеп қалды. Мен Самат ағаны қатты аяп кеттім. Иә, алғашында оны Азатты тастап кеткені үшін жек көріп кеттім десе болады. Ал қазір... Ол Азат жайлы бірдеңе сұраса, табан астында жауап беруге әзір едім. Баласының жетістігін айтып, көңілім көтергім келді.
- Самат аға, Азат бақылаудан бес алды, - дедім.
- А, солай ма? – деп қуанып қалды әкесі. – Құтты болсын, Азатжан!
Әкесі баласына иығына қолын салып еді, Азат жақтырмай денесін қиқаң еткізіп, ілгері жүріп кетті. «Әкесі ғой, несіне қаша береді екен?» деп іштей кейідім.
- Қазір, тұра тұрыңдар! – деп Самат аға төс қалтасын ақтарып, екеуімізге бір-бір шоколад ұсынды. Азат әкесінің сыйлығын алғысы келмеді.
- Ала ғой, Азатжан! – деп ұсынып еді, ол тағы теріс бұрылып кетті. Сосын шоколадты маған ұсынды.
- Біреуің өзің ал, біреуін Азатқа берерсің, - деді Самат аға менің кекілімнен сипап тұрып. – Қарындарын ашқан шығар, жей қойыңдар.
- Рахмет, аға! - дедім бар ықыласыммен.
- Сабақты жақсы оқыңдар! Азатқа қарап жүресің ғой, біреу-міреу тиісіп жүрмесін.
- Қорықпаңыз, мен тұрғанда ешкім тиіспейді, - дедім сеніммен.
Ол теріс бұрылып, бұртиып тұрған Азатты ту сыртынан құшақтамақ еді, анау қайта бұлқынды. Азат шегіншектеп кетті.
- Азат, ұмытпа! Сен сенің әкеңмін! Білем, сен маған өкпелісің. Бірақ мен сені жақсы көрем. Мамаңа сәлем айт! Сау болыңдар! – деді екеуімізге алма кезек жәутеңдей қарап. Самат аға баласына қарағанда «Ең болмаса бұрылса ғой» деп үміттенгем. Бірақ Азат қаққан қазықтай қалшиып қалды. Досымның кесірленіп тұрғанына жыным келді.
- Самат аға! Сау болыңыз! – дедім екеуіміз үшін жауап беріп. Әкесінің жанарында жас тұнып қалыпты. Азат үнсіз қалпында қалды.
Бірнеше күн өткен соң құрбан айт болды. Біз, балалар, айтшылап, үй-үйді аралап, бауырсақ, кәмпитке тойып, кәдімгідей мәре-сәре болып қалдық. Көк қақпалы үйдің жанына келгенде Азат:
- Бұл үйге кірмей-ақ қояйық, - деді.
- Өй, неге? Мұнда орыстар тұра ма? – дедім.
- Жоқ. Кіргім келмейді.
- Бүгін айт қой. Кіріп шығайық. Мүмкін, бұл үйде кәмпит, мейіз бар шығар.
Азат үндемеді. Мен жол бастадым. Үйден жүзі жылы бір сары апай шығып:
- Ой, балалар, айтшылап жүрсіңдер ме, келе қойыңдар, - деп бәйек болып, үйге шақырды.
«Үйге кірмей-ақ қояйықшы, бергенін алып жүре берейік, ыңғайсыз ғой» деді Азат. Мен ауылдағы жеңгем алдымнан шыққандай қуанып, ауыз үйге кіріп, аяқ киімімді шеше бастадым. Азат амалсыз төрге озды. Үйде екі кішкентай қыз ойнап жүр екен.
- Келе қойыңдар, балалар! Төрлетіңдер! – деп сары апай бәйек болып жатыр. – Қайда оқисыңдар?
- Теміржолшылар мектебінде. Интернатта тұрып оқимыз, - дедім.
- Ойбуу, қарындарың ашқан шығар. Ол жерде қайбір тамақ береді дейсің. Кәне балалар, ұялмай тамақтан алып отырыңдар, - деді сары апай Азатқа қарап. Екеуімізге шәй құйып, айналып-толғанып отырды.
Бір кезде үйге отағасы кіріп келді. Сырт киімін шешті де, үстел басындағы қонақтарға қарады. Қарады да, өз көзіне өз сенбегендей босағада тұрып қалды. Менің де ауызым аңқиып ашылып қалыпты. Бұл – Азаттың әкесі Самат аға еді. Мен ол кісіні көргенде таңырқап, әке мен балаға алма-кезек қарай беріппін.
«А-а, Самат аға, бұл сіз бе? Азаттың...» дей жаздап, тілімді тістеп алдым.
- Бұл көшенің арғы бетіндегі теміржол бойындағы интернатта оқитын балалар ғой. Құрбан айт болған соң айтшылап келіпті, - деді сары апай.
- Е-е, дұрыс-с, дұрыс қой енді, - дей берді Самат аға ауызына жөнді сөз түспей. Екі көзі - Азатта. Азат бұдан әрі отырғысы келмей, «Жүр, тұрайық» дегендей, жеңімнен тарта берді.
- Тағы бір кесе шәй ішіңдер, балалар! Күн салқын, барғанша жаурап қаларсыңдар, - деді. Мен қою күрең шәй ішкім келіп, кесемді ұсындым. Азат маған жақтырмай қарады. Мен соны сезіп, бауырсақты ауызыма бұрап тығып, ыстық шәйімді апыл-ғұпыл ішіп жатырмын. Ас ішіп болған соң үй иелеріне:
- Көп рахмет! Құрбан айт құтты болсын! – деп сыртқа беттедік. Самат аға баласын көзімен ұзатып салды. Мен үйдегі апайдың жайдары жүзің, дастарханда тәтті мол екенін айтып келе жаттым. Сөзімді аяқтай бергенде Азат салқынқанды үнімен:
- Әбіл, біз бүгін не үшін көшеге шықтық білесің бе? – дегені.
- Құрбан айт қой. Айтшылап қайтайық дедік.
- Жоқ, - деп кесіп айтты Азат.
Досымның не ойлап келе жатқанын дәл таба алмай, аздап абыржып қалдым.
- Енді.. қарнымызды тойдыру үшін ғой, - дедім сосын шындыққа көшіп.
- Жоқ!
- Бауырсақ пен шелпек, кәмпит жегіміз келді.
- Жоқ!
- Қала аралап... дей бергенімде Азаттың «Мен әкемді көру үшін бардым» деп еңіреп қоя бермесі бар ма? Азатпен бірге екі айдан астам бірге жүрсем де, «Досым жылап, мен оны жұбатамын» деген ой қаперіме кірмепті. Ол көшені басына көтере бақырып, өкіре жылағанда кәдімгідей сасып қалдым. Қолымдағы бауырсақ пен шелпек толы пакет те жұбаныш болмады. Бір сәт өзімді ересек сезініп, досыма басу айттым.
- Жылама Азат... Сенікі дұрыс қой енді.. Әкеңді сағындың...
Бірақ досым жұбатуыма құлақ асып жатпады. Жылағаны сондай аянышты. Көз жасын тоқтата алмай, солқылдап жылады. Неге екенін білмеймін, досыма қосылып мен де жылап жібердім. Көзімнен ып-ыстық жас ыршып шықты. Көшедегі адамдар біздің жылап келе жатқанымызға мүсіркеген жанарымен тесіле қарап, аяушылық білдіргендей болды. Бәлкім біреулер тиіскен болар деп ойлаған болуы керек.
- Азат, болды, қойшы еді, жылама, - деп оны құшақтай алдым.
- Жылаймын. Бүгін менің жылайтын күнім.
- Бүгін мереке ғой. Жыламашы. Білем, сен әкеңді көру үшін бардың. Оның бақытты өмір сүріп жатқанын көргің келді.
Кенет Азат жылағанын тыя қойып, бетіме бажырая қарады.
- Сен оны қайдан білесің?
Досым мұндай сұрақ қояды деп ойламап едім, мүдіріп қалдым.
- Енді.. әкеңнің бақытты екенін көргің келген шығар? – дедім сасқалақтап. Азат маған ожырая қарады.
- Жұбатпа мені, білдің бе?! Менің жылауым керек. Жыласам, жеңілдеп қалам. Әкемсіз өткен күндерім үшін жылаймын. Шешемнің жалғыз қалған күндері үшін жылаймын.
- Қойшы, енді...
- Қоймаймын. Әкем мені көрген сайын жүрегі езілетін болады. Ол анам мен мені талай жылатты. Әкем де жылайтын болады, білдің бе? Мамам екеуімізді аяды ма? Аяған жоқ. Бізді тастап кетті. Мен неге оны аяуым керек?! Көресің әлі, ол мені іздеп тағы келеді. Мен оған көзімнің қиығын да салмаймын. Ол анам екеуіміздің бақытсыз қылғаны үшін әлі жауап беретін болады. Түсіндің бе? Әкемнің жаңа отбасында ұл жоқ. Ол мені өмір бойы іздейтін болады. Өйткені мен оның мұрагерімін. Бірақ мен оны жек көрем.
- Өтірік айтпа! – дедім көшені басына көтере айғайлап. – Жек көрсең әкеңнің үйіне бармас едің ғой.
- Сен мені түсінбейсің. Мен баяғыда есейіп кеткенмін. Сен әкесіз өскеннің қандай екенін білмейсің. Себебі сенің жанында әкең болды. Ал мені балалар «Әкең жоқ, жетімсің» деп көзіме шұқитын. Бұл сөздерді есту мен үшін қандай ауыр, қандай қиын болғанын сен білесің бе? Білмейсің. Өйткені сенің басыңнан мұндай өткен жоқ. Өйтпей-ақ қойсын. Ал анам байқұс қалай қиналғанын білесің бе? Оның көздері үнемі қызарып жүретін. Мен оның менен жасырынып жылайтынын білетінмін. Сосын мен де көрпенің астына тығылып жылайтынмын. Мен жылау үшін жаралғанмын, түсіндің бе?
Азаттың үлкен кісілерше ой толғап, сөйлегеніне таңданып, оның расында менен әлдене есе есейіп кеткенін түсіндім. Шынымды айтсам, досыма не дерімді білмедім. Ол тоқтаусыз жылады. Ол жылаған сайын денем тітіркеніп, өне-бойым, құйқа басым шымырлап қоя береді. Ащы өксік тамағына кептелік қалғандай. Менің де көзімнен тоқтаусыз жас сорғалады. Екеуіміз көшені басына көтере жылап, біраздан соң әрең басылдық. Бойым жеңілдеп қалған секілді. Мен досымның бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім.
- Азат... сен менің ең жақын досымсың, тіпті бауырымсың, - дедім. Бұл сөздерім Азаттан гөрі өзімді жұбатқандай болды. Разъезде қалған бүтін отбасының бар екеніне шүкірлік қылдым. Досымның алғаусыз жан сыры менің де сырыма айналғандай.
- Азат, мен сенің өмір бойы досың болам, - дедім кемсеңдеп. Достығымыз одан әрі артып кеткен секілді. Досым маған тым жақын адамдай көрінді. Мен досымның қайғысына қосылып, ебіл-дебіл жылап келе жатып, көп нәрсені түсінгендей болдым.
Глобус
Мен тақтаның алдындағы картаға, әсіресе мұғалімнің алдында тұратын глобусқа қатты қызығатынмын. Бірде кітапханаға кіріп, глобустың шығу тарихы жөнінде білгім келді. Жер ғаламшарының шығу үлгісі қалай, қашан, қайда пайда болған деген ой мазалайтын. Кітаптан глобустың латын тілінде «шар» деген мағына білдіретінін оқыдым. Біздің заманымызға дейінгі екінші ғасырда ақындар ғаламды тұтастық деп санапты. Жер жұмыр әрі шар тәрізді деген екен.
Мен мектепке ерте келіп, парта үстіндегі глобусты айналдыра бастадым. Осы кезде мектепке Ақбота келе қалғаны.
- Ақбота, қарашы, қандай керемет! – дедім глобусты шыр айналдырып. Ол сөмкесін орындығына қойды да, жаныма келді.
- Ақбота, білесің бе? Глобус туралы бір қызық оқыдым. Айтайын ба?
- Ол қандай қызық?
- Көне грек ойшылы, философ Кротет Малосский «Одессея» дастанын күні-түні оқып, шығарманың басты кейіпкері жүрген жолын картаға түсіріп отырыпты. Ол бейнелеген географилық ерекшелік шар сияқты затқа бейнелеген екен. Бұл Кротес жасаған глобус географиялық картаны бастауы болған екен.
- Ой, Әділ, сенің оқымайтынын жоқ екен, - деп қыз күлімсірей қарады. Еркінси түстім.
- Тыңда, Ақбота! 1492 жылы Нюрнберг қаласында жердің екінші сұлбасы жасалыпты. Оны жасаған кім екенін білесің бе?
- Білмеймін.
- Мартин Бекхайм есімді ғалым. Ол жердің сұлбасын «Жер алмасы» деп атапты. Ақбота, жер домалақ алмаға ұқсайды емес пе?
- Сонда тура осындай глобус болған ба? – деді Ақбота.
- Жоқ, ол глобуста Америка құрлығы болмаған ғой. Өйткені Христофор Колумб Американы кейін ашқан.
- А-а, солай ма? – деп күлді Ақбота маржандай тістерін ақситып. – Біз әлі оны сабақта өткен жоқпыз ғой.
Осы кезде балалармен бірге сыныпқа кіріп келді. Мұғалім де ілесе кірген.
- Апай, Әбіл екеуіміз глобус туралы айтып отыр едік. Әділ ең ежелгі глобус түйеқұс жұмыртқасынан жасалған дейді, сол рас па? –деді Ақбота.
- Жердің неге ұқсайтыны жайлы түрлі болжамдар бар. Леонардо до Винчидің қолтаңбасы бар ертедегі глобуста метериктер латын тілінде жазылған.
- Апай, бұдан да үлкен глобус бар ма?
- Әрине, бар. Оны өздерің іздерін ізденіп оқып аларсыңдар, ал қазір сабағымызды бастайық, - деді мұғалім.
Мұғалімнің үстелінің үстіндегі глобусты айналдырып, бәріміз таласа қарап жүрдік. Ақыры арада бірнеше күн өткенде глобусты сындырып тындық.
- Глобусты кім сындырды?! – деді мұғалім бәрімізге сұқтана қарап. Оқушылардың ешқайсысы үндемеді. Ақбота жыламсырап тұр.
- Мен сындырдым, - дедім басымды салбыратып. - Кешіріңші апай, байқамай қалдым.
- Әбіл, сен бе? Сенен мұндайды күтпеп ем, - деп мұғалім көзілдірігін саусағымен көтеріп, маған тесіле қарады.
- Мен де күткен жоқпын, апай!
Сынып ішінен тырқылдаған күлкі естілді. Ақбота ғана жыламсырап тұрды. Кенет:
- Апай, глобусты мен сындырдым, - деді шыдай алмай. – Әбіл сындырған жоқ. Байсар оны итеріп қалғанда менің қолымдағы глобус байқаусыз құлап кетті. Үлгермей қалдым. Мұғалім енді ала көзімен Байсарға қарады. Сотқардың басы салдырап кетіпті.
- Отырыңдар! - деді мұғалім қабағын шытып. – Өздерің оқып жүрген мектептің дүниесіне осылай қарасаңдар, жақсы адам болмайсыңдар!
Терең тыныс алып, орныма сылқ етіп отыра кеттім. Бірақ қақ бөлінген глобусқа ішім ашып тұр еді.
Етікші
Қазан айында күн күрт суытып, анам маған етік беріп жіберді. Жылы киімдерімді де ұмытпапты. Бірде сабақтан келе жатқанда бәтеңкемнің басы бір темірге ілініп қалып, салбырап қалмасы бар ма? «Енді қайттім?» дедім ішімнен уайымдап. Жолшыбай дүкенге кіріп, желім сатып алдым. Интернатқа келген соң бәтеңкемнің алдына кірген құм-тасты тазартып, желім жағып қойдым. Сосын кросовкиімді киіп, сабағымды оқып болған соң аулада балалармен доп теуіп ойнадық. Ертеңінде бәтеңкемді мектепке киіп бардым. Бірақ аяқ киімім көп шыдас бермей, ауызы қайта аңқиды да қалды. Партаның астына аяғымды жасырып, балалармен ойнай қоймадым. Әсіресе, Ақбота жаққа жалтақ-жалтақ қарап қоям. «Қыз аяқ киімнің жыртылып қалғанын көрсе, не ойлайды екен?». Өзімнен өзім қысылып, өне-бойым терлеп кетті.
Мектептен шыққан соң қаланы шарлап етік жөндейтін шеберхана іздеп кеттім. Маңдайшасында «Аяқ киім жөндеу» деген жазуды оқып, ішке кірдім. Аядай ғана бөлменің ішінде бір ағай етік тігіп отыр екен. Қабағын көтеріп бір қарады да:
- Сен аяқ киімімді беріп жіберемін деген Еркежан апаның немересі емессің бе? – деді.
- Жоқ, ағай, - дедім жалтақ-жалтақ қарап. – Аяқ киімім жыртылып қалып еді.
- Қалдырып кет. Ертең түстен кейін келіп аласың.
- Аға, менің басқа аяқ киімім жоқ. Ертең мектепке киіп баруым керек.
Етікші басын көтеріп, бастан-аяқ үстімді шолып өтті.
- Тоса тұр! – деді ол. – Қазір мына етікті тігіп тастайын.
Мен шебердің қолына ілгегі бар біз алып, аяқ киімнің жиегіне сұғып, ар жағынан шалма жіпті суырып алғанын, ортасынан бергі беттегі жіпті өткізіп жатқанын көрдім. Сәлден соң аяқ киім шебері ісін бітіріп, маған қарады.
- Жыртылған аяқ киіміңді әкел, - деді көзіме тура қарап.
- Аға, бағасы қанша болады? Менің екі жүз теңгем ғана бар, - дедім аяқ киімді шешіп жатып.
- Әке-шешең қайда?
- Разъезде. Өзім интернатта тұрып оқимын.
Шебер үндемей, бәтеңкемді тігіп, қолыма ұстатты. Еңбегі үшін ақы алмады. «Рақмет!» деп бір орнымда тұрып қалдым.
- Саған тағы не керек? – деді шебер.
- Маған аяқ киім тігуді үйретесіз бе? Аяқ киімінің тағы жыртылып қалса, өзім тігіп алғым келеді.
Шеберді мені осылай айтады деп ойламаса керек, таңырқап:
- Ертең кел. Бүгін шаруам көп. Бірақ сенің қолынан келе қояр ма екен? - деді ойланып.
- Келеді ағай... Тез үйреніп алам ғой.
Шебер жымия күліп, арқамнан қақты.
Әжем, асыл әжем!
Қазан айының ортасында каникулға шыққан кезде анам келіп разъезге алып кетті. Біртүрлі, көңілсіз. Бұрынғыдай жарқырап күлмейді. Әлде мені есейіп кетті деп ойлай ма екен? Бірақ маңдайымнан сипап, мұңая күлімсіреп қойды.
Анам екеуіміз пойыздан түсіп, үйге жақындағанда шарбақтың жанында жатқан Жүйрік атты итім мені көре сала орнымнан атып тұрып, үстіме қарғып секірді. Қуанғаны сондай бетімді жалап өліп барады. Әкем түстік ішуге келген бе, торы аты желіге байланып тұр.
Үйге кірдік. Есік ашылып біз ішке кірген сәтте әкем төсектен басын көтеріп, атып тұрды. Көптен бері көрмей сағынып қалғанмын ба, әкемді құшақтай алдым. Құшағым босаған сәтте бұрышта ұршық иірім отыратын әжемді іздедім.
- Әжем қайда?
Әкем үнсіз қалды. Шешем болса аптыға сөйлеп:
- Әжең біраз ауырып... Курортқа жібергенбіз, - деді. «Ауылдан аттап шықпайтын әжем курортқа баруға қалай келісімін берді екен? Курортта дем алған қымбат шығар, ақшаны қайдан алған?» деп ойладым.
– Кәне, шешіне ғой. Мен шәй қойып жіберейін, - деді анам.
Беті-қолымды жуып, үстел басына отырдым.
- Әдөк, интернатта қарның ашқан шығар, - деп анам дастарханға отырғанда алдыма сақтап жүрген құр-майын, ірімшігін алдыма тосты. Әкем интернат жайлы сұрап жатыр.
- Сабағың қалай? – деді әкем.
- Жақсы. Айтпақшы, өткенде бәтеңкем жыртылып қалып, өзім тігіп алдым, - дедім.
- О, менің Әдөгім үлкен азамат болыпты, - деп анам қуанып қалды. – Саған аяқ тігуді кім үйретті?
- Етікші аға. Басында бәтеңкем жыртылып қалғанда барғанмын.
- Әдөк, мықты етікші болайын деп жүр екен. Қалада босқа жүрмей, кәсіп үйреніпті, - деп әкем көңіліміді көтеріп қойды.
- Менің ұлым етікші емес, ғалым болады, - деді анам мәртебемді өсіре түсіп.
Ас ішіп болған соң тысқа шықтым. Менің келгенімді естіген Дүрия кемпірдің немересі Тоқбай, Қосан ағаның қызы Әдемі, Сәмет шалдың Тілектес пен Тілеулес деген немерелері, бала біткен менің жаныма жиналды. Олар менің қаладан әкеп берген шарыма кәдімгідей қуанып қалды. Бір-бірімен жарыса үрлеп, басына жіп байлап желге ұшырып әлек.
- Қатты үрлеме, шарды жарасың, - деп Тоқбай өзінен кішілерге ақыл айтып жүр.
- Әділ, келетініңді айтып хат жазып жібермедің бе? Біз сені разъезден тосып алар едік қой, - деп Тоқбай пысылдаған мұрнын бір тартып.
- Керегі жоқ, өзім-ақ келе аламын ғой, - дедім. - Сендерді әурелеп қайтем.
- Келесі жолы келерде хабарлас. Саған тосын сый жасап қоямыз, - деді Әдемі. – Қала саған ұнады ма?
- Ұнады, - дедім. - Бірақ ауылға жетпейді екен.
Бәріміз доп теуіп ойнай бастадық. Күздің қара суығын елеп жатқан балалар жоқ. Кенет Тоқбай байқаусызда Әдеміні құлатып жіберді. Қыз жыламсырап орнынан тұрды. Ол аз болғандай доптың желі шығып кетті.
- Добымды құрттың, - деп Тілектес Әдеміге қосылып жылай бастады. – Өзі жап-жаңа доп болатын.
- Қайдағы жап-жаңа! – деп Тоқбай өршелене өзінікін дәлелдемек болды.
- Жап-жаңа дедім ғой. Сәмет атам Ақбаян әже қайтыс болмай тұрғанда алып берген.
Мұны естіген мен есеңгіреп, бір орнымда тұрып қалдым. Жалма-жан Тілектестің жанына жетіп бардым.
- Сен деп тұрсың?! Ақбаян әжем өлген жоқ... Өлмейді, - дедім ауызым дірілдеп. Көздерім ақшиып кетті.
- Өл... өлген.... – Тілектес ағаттық жасағанына өкініп, кібіртіктеп қалды.
- Өй, сенде... Үлкендер айтпа деген жоқ па! – деп Тоқбай жақтырмай қарады.
- Өтірік айтасыңдар, әжем өлген жоқ. Ол курортқа кеткен, - деп ауланы басына көтеріп, үйге қарай жүгіре жөнелдім. Екі көзімнен ыстық жас ытқып жатыр. Өне бойымды белгісіз ыза мен өкініш кернеп, тамағым өксікке тұншықты. «Әдөш, тоқтай тұршы!» деп соңынан айғайлаған Тоқбайдың сөзін елемедім. Жанарымнан ағыл-тегіл ағып жатқан жасты тоқтата алсамшы. Жердің сызды топырағына аяғымды нық баса түсіп, үйге кірдім. Анам бақырып келген түрімді көріп, шошып кетті.
- Не болды? Біреу тиісті ме?
- Әжем... Әжемнің қайтыс болғанын неге айтпағансыздар?!
Анам жүзін төмен салды. Әкеме қарай жүгіріп, құшақтай алдым.
- Әжем... Әжем менің, - деп еңіредім. Әкемнің де жанары жасқа шыланды.
- Болды, қоя ғой. Сен алаңдамасын деп айтпаған едік, - деді әкем. Мен солқылдап ұзақ жыладым. Көз алдыма Ақбаян әжемнің маған күлімсірей қараған бейнесі келді. Әжемсіз қалай күн көрем деп ойладым. Кім енді маған ертегі, батырлар жырын айтады? Кім мені айналып, толғанып құшақтайды? Басымнан сипап, мейірлене иіскейді?
Ертеңінде әкем екеуіміз әжемнің басына бардық. Әкем күмбірлеп ұзақ дүға жасап, бетімізді сипадық. Әжемнен айырылған күні мен бірнеше жасқа есейіп кеткендей болдым.
Ұялы телефон
Қырсық бір айналдырыса, шыр айналдырады деген рас екен. Екінші тоқсан басталып, қалаға қайтатын болдым. Бір жағынан разьезд мен үшін енді құлазып қалғандай. Өйткені әжем жоқ. Қыстың суығы мен аптап ыстығында мал бағатын әкемді, желдің өтінде тұрып, ертелі-кеш пойыздарды тосып алып, жөнелтетін анамды аядым. Мен өзіме жақсы оқуым керек, ешнәрсе мені алаңдатпауы тиіс деп шештім.
Интернатқа келгенімде мен секілді алыс-жақын разьезден келген, шаруа қожалықтарынан алып-ұшып жеткен балалар сағына көрістік. Бірер айдың ішінде бір атаның баласындай болып үйренісіп кеттік. Бәрі ата-анасының жанында болып, көрген қызықтарын айтып, тауыса алсашы. Мен ғана үндемедім.
- Әблақат, неге үндемейсің? – деді Азат.
- Ей, ол мамасына еркелеп, осында қайтып келгеніне риза болмай тұрған шығар, - деді Ермек. Басқа балалардың бірі маған сұраулы жүзбен қарап қалыпты.
- Әжем қайтыс болды, - дедім көңілсіз. Жаңа ғана жамырай күлісіп тұрған балалар үнсіз қалды.
- Әжеңнің алдынан жарылқасын! - деді Азат бірінші болып көңіл айтып, құшағына басты. Өзгелер де мені жұбата бастады.
Интернатқа жайғасып алған соң Ермек «көше аралап, қыдырып келейік» деп ұсыныс айтты. Ертең сабақ басталады. Сол есімізге түскенде бүгін біраз серуендеп келмекші болдық.
Ермек, Азат үшеуіміз далаға шықтық. Қара күздің суығы бетке ұрады. Табан астындағы қызыл-сары жапырақтарды аяғымызбен теуіп келеміз. Кенет Ермек аяғын сермеп қалғанда бір ауыр зат алға жылжып кеткендей болды. Тасқа ұқсамайды. Қарасақ, ұялы телефон. Азат телфонды жерден көтеріп алып, әрі-бері аударып көрді. Тетігін басып еді, экраны жанып шыға келді.
- Ой, бұл смартфон ғой, - дедім теледидардан көрген жарнамам есіме түсіп.
- Иә, саған бұл сенсорный телефон, - деді Ермек білгішсініп. – Азат, бұл телефон менікі, мен бірінші таптым.
- Сен оны аяғымен теуіп қалдың, мен оны байқап, жерден көтеріп алдым, - деді Азат. – Бірақ мұны иесіне қайтаруымыз керек.
- Неге қайтаруымыз керек, қайтармаймыз! - деді Ермек екіленіп.
- Телефонды тапқан жерімізде қалдырайық. Мына талдың түбі ғой. Иесі сол жерден тауып алады, - дедім. Біздің райымыздан қайтпайтынын білген Ермек қулана жымиып, жарайды дей салды. Сонымен ұялы телефонның бетін жапырақпен жасырып, бетін жауып қойдық.
Кенет ұялы телефон безілдеп қоя берсін.
- Қоңырауға жауап берме, - деді Еркін айғай салып. – Чипін ауыстырып сатып жібереміз.
- Иесі шығар, жауап берейік, - дедім жерден безілдеп жатқан ақ телефонды көтеріп алдым. Тетікті басып қалдым.
- Алло, бұл кім екен? – деп тұтқанын ар жағындағы әйелдің дауысы естілді. Мен «Апай, бұл телефонды біз тауып алдық. Қазір саябаққа келіңіз, сізді тосып тұрамыз, - деп айтып жатырмын. Телефон тетігін басып үлгергеше, Еркін телефонды қолымнан жұлып алды.
- Сен не істеп жатырсың? Бұл телефонды сатсақ, көп ақша табар едік қой, - Ермек өршелене шаптықты.
- Бұл - біздің телефон емес, - дедім жұлып алғандай. – Біз телефонды сата алмаймыз.
Есіме ауылдыағы әжемнің «Қарағым, біреудің ала жібін аттама» деген өсиеті түсіп кетті. Еркін кеудемнен бар күшімен итеріп жіберіп, өзі қаша жөнелді. Мұндайды күтпеп едім, жерге сұлап түстім.
Азат мені жерден тұрғызбақ болып қолын созды. Ермекті не түлен түрткенін білмеймін, экраны түрлі-түсті, құлпырған телефонды алып қала жөнелді.
- Бұл телефон енді менікі! Түсіндіңдер ме?!
Ол саябақтың қалың ағаштары арасымен зуылдап, арықтардан қарғып өтіп, жеткізер емес. Азат екеуіміз ентігімізді басып, Еркінге дауыстай бастадық.
- Ей, Еркін, телефонды бері әкел! Қазір иесі келеді, - деп айғайладық.
- Тапқан тапқандікі, ешкі баққандікі, мен тауып алдым, енді ешкімге бермеймін!
- Бер дедім ғой.
- Бермеймін.
- Ұстап алсақ, таяқ жейсің!
- Ұстай алмайсыңдар!
Осылай аяғайлап тұрғанымызда жанымызға телефон иесі келді, жанында толықша келген бір апай келді.
- Телефонды тапқан сендер ме? – деді бірден іске көшіп.
- Иә, бірақ, досымыз... Ей, Еркін, апай келді, телефонды бер!
- Телефонды бергісі келмей тұр ма?!
Үндей алмай басымызды шұлғыдық. Еркін бізді өтірік алдап тұр деп ойлады ма, естімегенсіп, зям-зия жоқ болып кетті. Ол әйелдің біздің қай мектепте, қайт сыныпта оқитынымызды сұрады. Бәрін жасырмай айттық. Бұл кезде Еркін бейтаныс әйелдерді көріп, көзден таса болып еді. Толықша келген апай қоңырау шалып еді, жанымызға полиция өкілі жетіп келді. Азат екеуіміз істің насырға шапқанын сезгендей состиып тұрып қалдық. Құқық қорғау органының өкілі бәрімізді көлігіне отырғызып, көше бойымен жүріп отырды.
- Әне, ана бала, - деді Азат автобус аялдамасында телефон шұқылап отырған Еркінді көрсетіп. Полиция өкілі көліктен түсе сала алаңсыз отырған Еркінді ұстап алды. Қолынан дедектетіп, көлікке әкеп тықты. Байқаймын, бағанағыдай өзімсініп тұрған Еркін жоқ, біреу үстіне суық су шашып жібергендей моп-момақан. Полиция үшеуімізді бөлімшеге кіргізіп, тергей бастады. «Телефонды қайдан алдыңдар?». «Тауып алдық». «Иесіне неге бірден қайтарып бермедіңдер?». «Қайтарып бергіміз келді, иесімен сөйлесіп, саябақта күтіп отырдық».
- Еркін, сен неге телефонды алып, қашып кеттің? Демек, сен - қылмыскерсің! Сені түрмеге қамаймыз, - деп қорқытты полиция инспекторы.
- Жоқ, мен қылмыскер емеспін! Мен... мен... жай ғана ойын ойнағым келді, сосын иесіне қайтырып беремін деп ойладым, - деп Еркін жыларман болды. Екі көзі қызарып, ботадай боздауға шақ тұр.
-- Солай де... Бұл сенің достарың ғой. Сені қылмыс жасаудан арашалап қалмағаны үшін оларды да темір торға қамаймыз, - деп зілді дауысымен тіл қатты полиция өкілі. Жүзі суық, бізге жақтырмай қарады.
Сол кезде бөлмеге телефонның иесі кіріп келді. Мен құтқарушы періштем келгендей қуанып кеттім.
- Апай, айтыңызшы, біз сізге телефоныңызды қайтарып береміз дедік қой. Солай ғой, апай? – дедім дауысым жарқын-жарқын шығып. Үнімде үміт бар.
- Қорықпаңдар, балалар! Сендердің үстілеріңнен ешқандай шағым түсірмеймін. Мен қазір құжаттарға қол қойып келейін, сосын сендерді босатып жібереді, - деп шығып кетті. Бірақ полиция өкілі үшеуімізді босататын түрі жоқ, қайта темір торлы сыз сіңген қапасқа қамап тастады. Сабақ болсын дегені шығар. Көзіміз қараңғыға үйрене алмай, бір қадам ілгері бас алмай қалдық. Еркін бақырып жылап жіберді. Дауысы қандай ащы еді. Ол қараңғылықтан қорықты ма, әлді осы қараңғы қараста қалып қоямын деп ойлады ма, бейшараланып еңірей берді.
- Жылама! Неге жылайсың! Жаңа апай бізді босатады деп айтты ғой. Телефонды бере салғанда біз бұл жерде отырмаушы едік, - деп Азат екеуіміз Еркінді кінәлай сөйледік. Арада жиырма минут еткенде темір есік сықырлай ашылды. Көзімізді осып өткен жарықты қолымызбен көлегейлеп, үрпейісіп сыртқа шықтық. Сол кезде мен бір минут бостандықтын қадірін түсіндім. Азат екеуіміз Еркінді ерткен жоқпыз, оған деген өкпеміз қара қазандай еді. Бәрінен де сынып жетекшіміз Рауза апайға обал болды, ылғи біз үшін сөз естіп жүреді. Ертең директор шақырып алып, «Сыныптағы балаларға жете көңіл бөлмейсіз. Оқушыларыңыз бұзақылық жасап, жаман бала болып барады. Бұл жерде оларды тәртіпке салатын әке-шешесі жоқ. Тәртіптері нашар, бүйте берсе түбі жақсылық болмайды» деп ұрсатын сияқты. Біздің қыңыр мінезімізге, сотқар ісімізге төзіп жүрген не деген мықты адам десеңізші! Е, бұл өмірде Рауза апай сияқты ұстаздар аз ғой. Иә, мұғалім көп, ал ұстаз аз. Жақсы ұстазға жарыған қандай бақытты жан едік.
Көрінбейтін ұстаз
Жаңа жылдан соң Дүрия кемпірдің немересі Тоқбай біздің интернатта оқитын болды. Ол интернатқа алғаш келгенде жаңа өмірді тосырқап жүрді. Әрине, мен оған барынша көмектескім келіп, нені істеп, нені істеуге болмайтынын айтып түсіндірмек болдым. Ол болса иә деп басын изегенімен, сол мезгілде ұмытып кетеді. Бір қызығы, Тоқбай ауылда өзімшіл болатын. Интернатқа келген соң күрт өзгеріп сала берді. Өзгермегенде ше, бір қазаннан ас ішіп, тәулік бойы достарың мен сыныптастарыңның жанында жүрсеңіз, сіз де өзгерер едіңіз. Олар бірге туған бауырларымыздай болып кеткен. Бір-бірімізді іздеп, қуаныш пен қайғымыз да ортақ болды. Бір үйдің баласындай болып кеттік.
- Азаттың әкесі бүгін тағы келді, ол болса оған бұрылып қараған да жоқ, - деді Тоқбай. Іштей Азат әкесін кешірсе екен, татуласса екен деп қоямыз. Сол кезде біріміз әкесінің үйінде сүт қатқан тәтті шәй ішіп отырар ма едік.
Интернатта жалқау бала деген болмайды. Ауылда жүргенде жұмысты шешеміз, болмаса аға-әпкеміз істей салса, бұл жерде бәрін өзімізге істеуге тура келді. Таңғы алтыда тұрып, заттарыңды жинайсың. Кіріңді жуу, бөлме жинау, таңнан кешке дейін өзіне керек істі істейміз. Бір жақсысы, тамақ жасамаймыз. Бірақ қарнымыз ашқанда тез дайындалатын асты әзірлеп жібереміз.
Айтпақшы, ауылда ашық ауыз болып жүретін Тоқбай мұнда келіп қасқыр болып алды. Қасқыр болғанда, қиындыққа тап болса бұрынғыдай әке-шешесін мазаламайды, бәрін өзі жайғап жүретін пысық. Тіпті өткенде аспазшыға көмектесіп, бізге анда-санда ғана жейтін тәттілер әкеп берген. Ауылда қойдың алдынан шыққым келсе шығам, шыққым келмесе шықпаймын дейтін Тоқбай қазір жоқ, әрбір істі тап-тұйнақтай орындап, таңғалдырып жүр. Оны айтасыз, тәрбиешілердің:
- Міне, көрдіңдер ме? Тоқбай деген жігіт қандай тәртіпті. Сендер де сондай болу керексіңдер, - дейтінін қайтерсіз.
Тоқбай күнде істейтін шаруасын минутына дейін белгілеп, уақытты құр жібермейді. Кітап оқиды, спортзалға барып денесін шынықтырады. Үнемшіл болуды да Тоқбайдан үйрендік. Разъезде жүргенде екі кәмпіитті ұртына тығатын Тоқбайды қазір мүлде танымайсыз. Қаладағы дүкенге бас сұқса, қағазға жазып алған затынан бір зат артық алмайды. Бұрын қалаға аттанған әкесіне, анасына «Ананы әкеп бер, мынаны әкеп бер» деп байбалам салатын Тоқбай мүлдем өзгерген. Ақшаның ауадан келмейтін біліп, әр тиынды үнемдеп жұмсап жүр. Сөйтіп, интернат біздің ұстазымызға айналды.
Тәрбиеші тәртіп бұзсақ, қит етсе интернатта тұру ережесін құлағымызға құяды. Бірде Ермек Самалды қуалаймын деп терезенің алдында тұрған вазаны сындырып қойды. Салдыр етіп түскенде-ақ тәрбиеші жанымызға жетіп келіп, түтіп жеп қоя жаздады.
- Кім вазаны шаққан?!
Үн жоқ.
- Айтқыларың келмей ме? Бәрібір, мойындатам! Қазір директорға барасыңдар!
- Апай, бармай-ақ қояйықшы! – деді Самал жыламсырап.
- Ей, сендер не істеп жүргендеріңді білесіңдер ме?! Сендер бақытты бағаламай жүрсіңдер, - деп Райхан апай бастады әңгімесін. – Қалада тұрғандарыңда ғой, мынандай керемет жатақханада жатпас едіңдер. Сендер интернат ережесі мен тәртібін сақтауға, орындауға міндеттісіңдер! Осыны есте сақтамайсыңдар! Мына ваза мемлекетттің дүниесі! Шақтыңдар ма, жауап бересіңдер!
- Апай, Ермек байқаусыз сындырып алды, – деді Самал.
- Өз обалдарың өздеріне. Мына стол, орындықты сындырсаңдар, бір зат жоғалса әке-шешелерің 10 күннің ішінде түгел қайтарады. Сендер соны білесіңдер ме, білмейсіңдер! Әке-шешелерің сендерді адам болсын деп күндіз-түні жұмыс істеп жүр, қарындарын тоқ, киімдерін бүтін, ал сендердің істеп жүргендерің мынау! Интернатта тұру ережелерін бірнеше рет бұзсаңдар, интернаттан шығарыласыңдар!
«Интернаттан шығарыласыңдар!» деген суық сөз санамды сансыратып жіберді. Анам мені интернатқа әрең орнастырғанда, үмітін ақтамай оқудан шығып қалсам, бүкіл разьезге масқара болмаймын ба? Ермек сияқтылар мұны ойлай ма екен?
Қызға хат
Күн өткен сайын Ақботаға деген сезімім күшейіп бара жатқандай. Оны қайдан білдің дейсіздер ғой. Айтайын. Мен тым қызғаншақ болып кеттім. Соңғы кезде Байсардың Ақботаның қасынан айнашықтай, көлеңкесіндей еріп жүргені жынымды қоздырады. Ал мұнымды сезім емес деп кім айта алады? Жә, сезім деген қазір менің еркіме бағынбай асау тайдай оғаш мінез танытып жүр. Енді ше, сабақ үстінде Ақботадан көзімді алмай қарай берем. Қанша қармауға тырыссам да мойным бұрылып кете береді. Бұл құпиямды бір рет мұғалім байқап қалып, ескерту жасағаны бар.
- Ахатов!
Тәтті қиялдың құшағыңда отырған мен селк етіп, орнымнан ұшып тұрдым.
- Не істеп отырсың?
Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды.
- Сабақ тыңдап отырмын, - дедім шімірікпей.
- Қай жаққа қарап тыңдап отырғаныңды көріп отырмын. Алдына қарап отыр, - деп жаңа тақырыпты түсіндіруді жалғастырып кетті.
Мұғалім жүзін басқа жаққа бұра салысымен қайта сұлу қызға сұқтана бастадым. Бірақ дереу есімді жиып алдым.
«Бұлай болмайды, Әбіл, оқушылардың бірі байқап қойса, бүкіл мектепке жаяды» дедім ішімінен. Ең дұрысы, сезіміңді оңашада білдіру керек. Оған менің батылым бара ма? Қайдам. Оның үстіне құрбылары бір елі қасынан шықпайды. Ең дұрысы, хат жазу деп шештім. Хатты да жан баласына білдірмей жазу керек. Егер Еркін секілді әумесердің қолына түссе, атағым жер жарды дей бер.
Интернатқа қайтып келген соң Ақботаға арнап хат жаза бастадым.
«Ақбота! Мен сені алғаш көргенде...». Жоқ, бұлай бастауға болмайды. Қызды шошытып алуым мүмкін. Бәлкім, «Сәлем, Ақбота! Кеше екеуіміз уақытты көңілді өткіздік. Сен тоғызқұмалақты тамаша ойнадың. Бүгін қаланы аралап, серуендеп қайтсек қалай қарайсың?» десем бе екен? О, таптым! Жұмбақ жасырам, Ақбота өзі тауып көрсін!
Жұмбағым: «Бейқам жандар оны байқамайды, жанарларым күлімсіреп айта алмайды. Ол сезім емес айғайлайтын, бір сағыныш баурап алып, қайта алмайды».
Тамаша! Бәрі сәтті шыққан сияқты. Тіпті, жұмбағым ұйқасып, ақын болып кеттім-ау деймін. Жақсы, енді ебін тауып мұны Ақботаның қолына ұстатуым керек. Аты-жөнімді жазуым қажет емес. Егер қалтамнан түсіп қалып біреу-міреу байқап қойып, тауып алса, ғашық жанның кім екенін біле алмайды.
Ертеңінде сабақтан соң Ақботаның сөмкесін көтерісіп қайттым. Күн суық. Бетті қаритын аяз бар. Алғашқы қар еріп, арты көктаяғаққа айналған. Бір жағынан құлап қалмасын деп қыздың қолынан ұстап келемін.
- Әбіл, қолымды жіберші, біреу көріп қойса, ұят болады, - деді Ақботаның екі беті нарттай қызарып.
- Айта берсін, жердің тайғақ екенін көріп тұр ғой. Бір-бірімізді демеп жұрмесек, құлап қаламыз, - дедім қысылудың еш реті жоқ екенін аңғартып. Жол бойы күлкілі анекдот айтып, қыздың көңіліп көтеріп келе жаттым. Интернатқа жақындаған сайын дегбірім қашты. Ақбота зәулім терезесінің ернеуін ақ қар жапқан үйлерді тамашалап келе жатқан. Осы сәтте хатты білдірмей, сөмкенің ішіне салып жібермек болдым. Бірақ қайбір ептімін дейсіз, қыз байқап қалып қылмысым ашылып қалды.
- Әбіл, не істеп жатырсың? – деді таңырқап.
- Ә, жай, сөмкеңің ауызы ашылып бар жатыр екен, жауып қойдым, - дедім түк болмағандай.
- Қолыңда бір нәрсе бір сияқты бар еді...
- Ә, ол ма? Ол – жұмбақ! Жарайды, келіп қалыппыз, мен жүре берейін, - дп қыздың сөмкесін өзіне ұстата бердім. Артыма қарамай, зулап келем. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Бір жағынан хатты сөмкеге салып жібергеніме риза болып келемін.
Ертеңінде сыныпқа кіріп келгенде Ақботаға көзім түсіп кетті. Ол да мені көріп, ұялып жүзін тайдырып әкетті. Мен басқалар біліп қоймасын дегендей сабақ бойы мән бермей, ойға батып отырдым. Азам менің ешкіммен сөйлеспей, тамаға-тұйық болып отырғанымды көріп: «Бәрі дұрыс па?» деп деп сұрады. Басымды изей салдым. Сабақ біткен соң балалар шуылдап, кітап, дәптерлерін жинап сыртқа шыға бастады.
- Әблақат, кезекші екеніңді ұмытпа! Орындықтарды көтеріп кет! – деді Маржан. Сыныптан шығып бара жатқан Ақбота көзімен ұзатып салдым. Жалма-жан орындықтарды көтеріп, тарсылдата қоя бастадым.
- Ақырын» партаны бүлдіресің! – деді Маржан менің сабырсыз қимылыма қарап. Мектептен шыққанда Ақботаның интернатқа жетіп қалғанын көріп, құстай ұшып жеттім.
- Ақбота! - деп деім ентігімді баса алмай. Қыз үндемеді. Қысылып, көзін төмен салды.
- Кешегі берген жұмбағымды шеше алдың ба? – дедім. Қыздың беті қызанақтай болып кетті.
- Өзің ақын екенсің! – деді қыз. – Жұмбағың қиын екен, өскен кезде шешетін шығармын. Жаныма жақындамашы, бәрі бізді көріп тұр.
Мен терең күрсініп, бір орнымда состиып тұрып қалдым.
Ыбырай ата және біз
Әдебиет сабағы басталғанда мұғалім қолтығына журналды қыстырып, сыныпқа кіріп келді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін сыынып жетекшіміз Рауза Ықтиярова оқушылармен амандасып, журналдағы тізім бойынша түгендеді. Сосын өткен тапсырманы сұрады. Тақтаға ақ бормен бүгін өтетін тақырыпты жаза бастады.
- Балалар, бүгін біз Ыбырай Алтынсаринның «Атымтай жомарт» деген әңгімесін оқитын боламыз, - деді ұстаз. – Сендер Ыбырай аталарың туралы не білсіңдер?
- Білеміз апай, ол ағартушы, ақын, жазушы болған, - деді Ақбота.
- Дұрыс. Ол кісі сонымен қатар этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері болған. Ыбырай аталарың бүкіл ғұмырын қазақ халқы білім алу үшін тер төкті, ұлттық мектептің қалыптасуы жолында із қалдырған тұлға.
Осы кезде артқы партадан Ермектің тырқылдаған күлкісі естілді.
- Базарханов! Неге күліп отырсың?
- Апай, мен емес, Тасқын ғой! – деді ол кінәні басқаға аударамақ болып.
- Сендер сабаққа күлу үшін келесіңдер ме? Осы интернатта білім алып, ертең еліңе пайдасы жақсы азамат болуға тырысудың орнына неге бейқам отырасыңдар? Ыбырай аталарың сендер сияқты жас болғанда көп оқыды. Білімге құштар болды, уақытының көп бөлігін кітапханада өткізді. Халқыма пайда әкелсем деп ойлады. Ал, сендер не ойлап жүрсіңдер?
- Кешіріңізші апай, енді қайталамаймыз, - деді Тасқын басын төмен салбыратып.
- Осы сендер сабаққа не үшін келесіңдер? Ыбырайдың атасы Балғожа би Орынбор қаласында оқып жүрген немересіне хат жолдап, «Үміт еткен көзімнің нұры балам» деп үлкен үміт артқан. Сендерге де әке-шелелерің оқысын, білім алсын, ертеңгі күні балам мықты азамат болады деп жіберді емес пе? – деген мұғалім сабасына түсіп: - Қалай ойлайсыңдар балалар, Ыбырай атасының үмітін ақтады ма?
- Иә, ақтады, - деп ете түсті балалар. - Ол тоғыз жасында оқуға қабылданып, екі жыл оқып тілмаш болған.
- Дұрыс. Балғожа атасы Ыбырайға жазған хатында немересі оқымай, надан болып қалса, өкінетінін айтады. Құрық ұстап мал бағып, мақсатына жете алмайтынын жазады, - деді мұғалім Рауза Ықтиярова.
- Апай, ол тілмаш болып қалған жоқ, ағартушылық жолды таңдады, - деді Азат.
- Дұрыс айтасың, Азат! Торғай мектебінде бала оқытып, ұстаздық жолды таңдайды. Ермек, Тасқын, сен сияқты балалар білім алсын деп оқулық жазды. Ал, сендер ыржалақтап жүргенді жақсы көресіңдер. Аталарыңнан ұялмайсыңдар ма? Сендерді білімге алуға шақырып, Ыбырай аталарың «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлең жазды. Сендерге сенім артып кетті. Сендер ертеңгі күні елді гүлдендіретін білімді азаматтар болды. Ал, сендерлің істеп жүрген істерің болса мынау...
Бәріміз үрпейісіп, үндемей қалдық.
- Қане, кітапты ашып, «Атымтай жомарт» әңгімесін алып оқыңдар. Атымтай ешнәрсеге мұқтаж болса да, тынбай жұмыс істейді. Өзі бейнеттеніп тапқан қаражатқа нан алып жесем, бойыма нәр болып тарайды деп, еңбектің рахатқа бөлейтінін айтады, - деді мұғалім.
Осы кезде Ермектің сатқындық жасап, мені ұялтпасы бар ма?
- Апай, өткенде Әбілден етігі жыртылып қалған. Ол ағайдан етік тігуді үйреніп, өзі тігіп алған, - деді Ермек бәлем қатырдым ба дегендей маған қарап, ыржалақтап қояды. Ақбота жаққа қарауға дәтім бармады. Ермекке іштей кіжініп, жұдырығымды түйіп, сес көрсетіп қойдым.
- Қысылатын ешнәрсе жоқ, аяқ киім көп киген соң жыртылады. Сендер интернатта тұрған соң өз киімдеріңді өздерін тігіп үйреніңдер. Әке-шешелерің өмір бойы сендердің киімдеріңді жөндеп бермейді. Еңбек етуді бала кезден бастаған дұрыс, - деді ұстаз. Бұл сөзге кәдімгідей жігерленіп қалдым. Ермек мені мұқатамын деп қалайша мерейімді өсіріп тастағанына таң қалып отырған болар.
Қоңырау соғылып, бәріміз кітап-дәптерімізді жинастыра беріңдер.
- Балалар, үйден осы «Атымтай жомарт» әңгімесін оқып келіңдер. Қасиеттерін келесі сабақта сұраймын, - деді ұстаз.
Ыбырай атамның шығармасын қайта-қайта оқыдым. Қызықты әрі ой салатын шығарманы әр бала оқуы керек деп ой түйдім.
Интернат қызықтары
Бірде бізге ауылдан Мақсұт деген бала келді. Мені жетекшім қабылдау бөлмесіне гүлдерді апаруға тапсырма беріп еді, хатшы Айнагүл апай өтініш үлгісін көрсетіп жатыр екен. Мақсұттың әкесі арыз жазбақшы болды. Өзі ежіктеп «Менің... сыныпта оқитын ұлымды интернатқа қабылдауыңызды сұраймын» деп жазды да:
- Әй, Мақсұт, сен өзі қай сыныпта оқитын едің? – деді баласының бетіне бажырая қарап.
- Алтыншы сыныпта ғой, әке, - деді Мақсұт қызарақтап.
- Ә, солай екен ғой, - деп әкесі қағазға қайта шұқшиды.
- Ой, сіз де қатырады екенсіз, балаңызды біреуден жалға алып па едіңіз? – деді тісі сары апай күліп. Мен де мырс етіп жібердім.
- Е, бала деген қазір-ақ өсіп кетеді ғой. Бала деп жүргенде мектеп бітіргенін білмей қалармыз, - деді әкесі ақталып.
Бірер күннен кейін Мақсұт бізбен достасып кетті. Бір бөлмеде ұйықтаған соң бауырымыздай болып кеткен. Қыздар жеке бөлмеде ұйықтайтын. Сондықтан қарнымыз ашқанда қыздарға ауылдан сарқыт әкелсе де, сұрауға намысымыз жібермейтін.
- Қарным ашты, мен кешке ауылда ет жеуші едім, - деді қиналып. Интернатта кешкі тамақты сағат алтыда береді.
- Ештеңе етпейді, көп ұзамай бұған да үйренесің, - дедік жұбатып.
- Бағана асханадан нан мен шұжық көргенмін, - деді ернін бір жалап.
- Ей, оны қалай алмақшысың? Есік болса жабық. Вахтерша апайдың алдынан тышқан да өте алмайды.
- Бір амалын табамын, - деді ол. Есіктен шығып, көп кешікпей бір шұбалған шұжық пен екі бөлке нан алып келді. Мұндай олжаны көрген бәріміздің көзіміз жайнап кетті.
- Сен мұны қайдан алдың? – дедік таңырқап.
- Екінші қабаттан беседканың трубасы арқылы секіріп түстім. Ауылда тал үстінде өрмелеп жүрген ауыл баласына сөз болып па?
- Сонда сен мұны ұрлап алдың ғой.
- Енді, бұл бізге арналған тамақ қой. Өкімет біз жесін, тоқ жүрсін деп тамаққа көп ақша бөледі. Ал біздің қарнымыз аш. Аспазшылар бізге аз ғана береді де, қалған тамақты үйіне алып кетеді. Сонда олардікі ұрлық емес, біздікі ұрлық па?
- Рас-ей! – деді бір бала.
- Иә, өткенде апайдың үйіне нан әкетіп бара жатқанын көргем, - деді екіншісі.
- Келіңдер, бәріміз осы тамақты бөліп жейік, - деді Мақсұт. – Бұл бізге арналған тамақ қой.
Бұл ұсыныс көңілімізге қона кетті. Бәріміздің ішегіміз шұрқырап әрең шыдап тұр едік, нан мен шұжықты ұртымызға тығып, артынан суды сіміріп алдық.
Көп ұзамай қылмысыз ашылып қалды. Жұма сайын төсек ауыстыратын апай жастықтың асынан нан мен шұжық тауып алыпты. Жаза ретінде бір апта сары майдан қағылдық.
Интернат ақысынның сексен пайызын өкімет, жиырма пайызын әке-шешем төлейтін. Анамның теміржол бойында күндіз-түні еңбек етіп, әкемнің малдың соңында салпақтап жүргенін ойласам, ұйқым шайдай ашылады. «Қалайда жақсы оқуым керек? Білімді азамат болып шығуым керек» деп өз өзіме серт бердім.
Үлкендердің ойыны
Наурыз айының басында бәріміз жаңадан келген ұл-қыздармен тынысып тұрғанбыз. Бір кезде жаныма Мақсұт келді. Өзі әңгімешіл. Үлкендерден бәрін сұрап жүреді.
- Мен күзетші Батық ағайдан бір ойын естіп келдім, - деді бізге. – Ол кісі бұрын, жетпісінші жылдары ауыл интернатында тәрбиенепті. Бала кезінде ойнаған ойнын айтты.
- Сонда ол қандай ойын?
- Ұл мен қыздар жұп құрып, қол ұстасуы керек, - деді Мақсұт ойын тәртібін түсіндіріп.
Ұлдар мен қыздар қол ұстасып, ән салып жұмбақ айта бастайды. Егер қасыңдағы көршіңіз жалықтырса, болмаса ұнамаса, жаңасын іздеуге болады. Бір Ақбота екеуіміз қол ұстасып тұр едік. Байсар мен ұнаттатын қызбен қол ұстасып тұрғысы келді. Ойын шарты бойынша көршісін бергісі келмеген адам өз өнерін көрсету керек. Мен намысқа тырысып, жұмбақ айттым, ән салдым, әйтеуір Ақботаны ешкімге бергенім жоқ.
- Өй, сен өзі ән айтпаушы едің, бұлбұл болып кетіпсің ғой, - деді ұлдар әдемі қызды бір өзім иеленіп алғанымды қызғанып. Олар менен Ақботаны айырғысы келді, бірақ екеуіміз де өнер көрсетіп, аман қалдық. Әйтеуір осы бір аққұба қызға деген бір жылылықты сезетінмін. Біраздан соң кеш қарайып балалардың бәрі тарап кетті. Бойыма қандай күш-жігер біткенін білмеймін, батылданып Ақботаның бетінен шөп еткізіп сүйіп алдым. Қыз төмен қараған күйі интернатқа жүгіре жөнелді.
Жатақханадағы өрт
- Иттің ғана балалары! - деді Темірбек Айтжанов ағай бізге көзін аларта қарап. – Қане, мойындандар, интернатты кім өртемек болды?
- Ағай, біз.., - дедім күмілжіп.
- Шылым шеккен кім?!
- Шылым шеккен жоқпыз, ағай!
- Әй, сонда өрт өзінен өзі шықты ма? Сендердің араларыңда шылым шегетін біреу бар, қане бір-бірден жақындап, мұрныма үрлеңдер.
Бәріміз кезекпен ағайдың мұрнына үрлейміз. Бірақ ешкімнің аузынан темекінің иісі сезілмеді. Балалар бір-біріне қарап, өрттің темекіден шыққанына сене алар емес. Кім мен сіріңке жақтым деп айтар дейсіз. Темірбек ағайдың айтуы бойынша, өрт шатырдан шыққан. Балалардың біреуі шатырдың ішіне кіріп, сіріңке тұтатқан. Бір топ бала шатырдың ішіне кіріп, көгершіннің жұмыртқасын көрмек болғанбыз. Тіпті, балалар көгершінді ұстап, пісіріп жемек те болған. Біздің сыртымыздан Ермектің ілескенін байқап қалғанбыз.
- Шатырда не істеп жүрсіңдер? - деп сұраған Ермекке балалардың бірі мысқылдап:
- Құпия қазынамыз бар, байқа ұрлап қойып жүрме! – десін.
Ермек біздің бір нәрсе жасырғанымызды сезді. Шамасы, біздің жиналатын құпия жеріміз бар деген болуы керек ойласа керек. Біз жоқта алакөлеңке шатырға шырақ жағып, не барын көрмек болған. Қолынан от түсіп кетіп, тез тұтанғыш материал жана бастағанда, өшірудің орнына қорқып қылмыс орнын тастап шыққан. Содан не керек, өрт сөндірушілер келіп, қызыл жалынды сөндіргенше, шатырдың бірақ жерін от жалмаған.
- Мына спортивка кімдікі! – деді өрт сөндірушілерді бірі. Жүрегім зірк ете қалды.
«Мәссаған, мынау менің спортивкам ғой, ол шатырда неғып жүр?» деп ойлап үлгергемше болған жоқ, басы салбырап тұрған Ермек:
- Ол Әблақаттікі! – десі бар ма! Үстімнен біреу суық су құйып жібергендей болдым. Темірбек ағай қолына түтін иісі сінген спорттық киімді ұстап, жаныма жетіп келді.
- Бұл киім сенікі ме? – деді.
- Иә, бірақ бөлмеме келгенде оны біреу киіп кетіпті.
- Киім сенікі екен, одан да шатырға өрт қойған мен едім деп неге мойындамайсың!
- Киім менікі екенін мойындаймын, бірақ шатырды өртеген мен емес. Оны біреу киіп шатырға қалдырып кеткен.
- Оны қалай дәлелдейсің?
- Мен киімімді шатырға неге тастап кетуім керек? – деп қорғанысқа көштім.
- Кім сендерге шатырға шығуға рұқсат берді!- деді Темірбек ағай бәрімізге көз жүгіртіп. - Оңбағандар, сендерді осы интернаттың табалдырығын қайта баспайтындай қылмасам ба бәлем, көресіңдер әлі. Маған жаны ашыған Азат:
- Темірбек ағай, мен бұл спортивканы Ермек киіп жүргенін көргем, - деді Азат.
- Ой, өңкей бұзақылар! Біреудің телефонын ұрлаған аздай, енді интернаттың күлін көкке ұшырайын дедіңдер ме! Ермек, қане бері кел!
Ермек басы салбырап, ортаға шықты.
- Екеуің де, жазаланасыңдар! Педсоветке салам, түсіндіңддер ме, өңкей иттер! – деді Темірбек ағай ашуланып. Үнсіз басымызды шұлғыдық. Қане, бөлмелеріңе барыңдар, бүгін соңғы күн қонатын боласыңдар! Көп ұзамай киім-кешектеріңді алып, үйлеріне қайқаясыңдар!
- Ағай, менің жазығым не?
- Сенің де бұл іске қатысың бар. Оны педсоведте талқылайтын боламыз! – деп қабағын түйді Темірбек ағай.
Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Көз алдыма менің болшағымнан зор үміт күткен разъезім, шағын ауылдың адамдары келді. «Әбілді оқысың, адам болсын деп жіберіп едік. Жасаған ісің қара!» деп бетіме баспай ма! Ұят-ай! Бүйтіп жүргенше, ешкімнің жүзін көрмей, басым ауған жаққа қаңғып кеткенім артық. Егер оралып жатсам, ауылға көмектестін жағдайға жеткенде ғана барамын. Ол үшін жақсы білім алып, жұмыс жасап, көп ашқа табамын. Осындай ойлар мазамды алып, көзім ілініп кетіпті.
Ауыр күндер
Иә, олай демеске амалым жоқ. Мені иттің етінен жек көретін Темірбек ағай интернат директоры Ғалымбек ағайға із кезген кәнігі тыншыдай қылмысымды жайып салыпты. Сондағы айтқаны «Әбілақат оңбаған! Интернатқа келмей біреудің ұялы телефонын ұрлады, мектеп глобусын сындырды. Ол аздай тарихы бай интернаттың күлін көкке ұшырмақ болыпты» дейтін шығар. Сонда осының бірін істеген жалғым мен бе екем? Ермек сонда судан ақ, сүттен таза болғаны ма? Әділдік қайда? Менің ісім емес екенін Азат дәлелдеп бере алады.
Жеке сөйлескілері келді ме, Темірбек ағай мені желкелеп директордың кабинетіне кіргізіп жіберді. Басым салбырап, төселген қызыл кілемшенің үстінде қызарақтап тұрдым.
- Иә, батыр, сөйле! – деді директор көзінің қиығын салып.
- Айтатын ештеңем жоқ. Мен кінәлі емеспін.
- Сен кінәлі болмасаң, сонда кім кінәлі? Істеген екенсің, мойныңмен көтер!
- Ағай, менің еш жазығым жоқ.
- Қалайша жоқ? - деп Темірбек аға киліге кетті. – Саябақта бөтен біреудің телефонын ұрлаған кім? Сендер. Глобусты сындырған кім? Сендер. Интернатты өртемек болған кім? Тағы сендер. Неге үндемейсің!
- Телефонды саябақта жерден тауып алдық, иесіне қайтармақ болғанбыз, бірақ Ермек бергісі келмеді. Сосын ол апай полиция шақырды.
- Телефонды жерден алдық дегендеріне кім сенеді? Сендер ол әйелдің қалтасынан қағып кеткенсіңдер!
- Өтірік! – дауыстап жібердім. – Ол жерде Азат та болды. Ол менің сөзімді растап бере алады. – Ал, глобусты байқаусызда сындырып алғанымыз рас. Оған өкінеміз. Ермек қағып жібермегенде глобуста аман болар еді.
- Сен өзің кінәні басқа біреуге аударып жіберуге шебер екенсің, - деді Темірбек мысқылдап. – Мүмкін, шатырдың ішінен табылған спортивканы менікіні емес дейтін шығарсың.
- Спортика менікі. Бірақ шатырдың ішінде от жаққан емес. Азат оны Ермек киіп жұргенін көріпті.
- Ермек деген баланы да шақыр келіңдер, онымен де сөйлесейік, - деді директор. Өзі шкафтан бір бума папканы ашып, біреуге телефон шала бастады.
- Алло, бұл кім екен? Маған Асылзат Момынова ханым керек еді. Ә, сіз бе? Мен интернат директоры Ғалымжан Абдыкадыров. Иә, қалымыз жақсы. Сізге хабарласып түрған себебім, балаңыз Әбілдің тәртібі жайлы. Соншалықты нашар ма дейсіз бе? Оны жұма күні сағат 10.00-де интернатта өтетін педсоветте қарайтын боламыз. Соған сіз міндетті түрде келіп қатысуыңыз керек. Иә, аса маңызды шаруа болғалы түр. Балаңыз содай бір теріс жолға түсіп алған... Сау болыңыз!
Жотамнан біреу дырау қамшымен осып жібергендей болды. Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Ұят ай, мені бүкіл разъезге мақтап жүрген анам менің тәртіпсіздігіме байланысты педсоветке қатыспақ. Бұдан асқан қорлық бар ма?
- Боссыздар! - деді интернат директоры қабағын шытып, есікті нұсқады.
Басым салбырап, кабинеттен шықтым. Төсекке келіп құладым, бойымды көңілсіздік басты. Асылзат анама қала көрінем? Не істеймін? «Мен соншалықты не бүлдіріп қойдым? Егер бізді кінәлі деп тапса, сұмпайы Ермекті де жазалау керек емес пе? Мейлі, оған бәрібір секілді. Қайта ол интернаттан шығу үшін әдейі істеп жүрген болар. Өткенде «Үйіме қайтқым келеді. Мына интернаты құрғыр, әбден мезі қылды. Ауылға барып, балық аулап, атқа шаппасам ба?» деп жүрген. Рас-ау, сонда осының бірін ол әдейі істеді ме? Ал, Ақбота ше? Байсар аздай, ол сұмырайдың қылықты қыздан дәмесі бар екенін сезем. Мүмкін, интернатты қимаса, Ақбота үшін қимайтын шығар. Ал, мен ше? Менің арманым ғаламат емес пе еді? Енді қайдағы бір сотқардың кесірінен арманымның күлі көкке ұшпақшы ма? Ұят-ай, разъездегі ел-жұртқа қалай қараймын? Бәрі «Е, оқи алмаған соң шығарып жігерген ғой. Бәсе, бұл неге елден ерек болып оқымысты болып кетті десек, оқығаны құр далбаса екен ғой» деп, жер-жебіріме жетер. Өйтіп абыройсыз атанғанша, ауыл адамдарына көрінбей, басқа жаққа көшіп кеткенім артық.
Менің қорғаушыларым
Соңғы кезде интернатта бұзақылық көбейіп, даңқымыз аудан орталығына дейін жетіпті. Енді мектепке комиссия келейін деп жатыр. Біздің бұзақылық жасанымыз аздай, жоғары сыныптың оқушылары көшеде төбелес шығарып, полиция ұстап әкетіпті. Интернат басшысы аудандық полиция бөліміне келіп, шығарып алғанша тәртіп бұзғандар қараңғы қапас камераның ішінде қамалып отырыпты. Істері арнайы есепке алынған. Интернаттағы тәртіп күшейді. Директор Ғалымбек ағай тәртіпті біздің сабаққа уақытылы келуді қадағалаудан бастады. Таңертең әр оқушыны есіктің алдынан өзі күтіп алады, егер біреу-міреу келмей қалса, блокнотына түртіп жазып алады. Содан кейін басыма бұлт үйірілді дей бер.
Біздің сыныпты оқушыларын жинаған Рауза Ықтиярова көпке дейін үнсіз ойланып отырды. Сол сәтте ол кісінің қандай күйге түскенін сезген едім. Сынып жетекшіміздің үнсіздігі барған сайын жанымызды ауыртып, тыпыршып отыра алмадық.
- Балалар, соңғы кезде сендердің тәртіптерің нашарлап бара жатыр. Үстілеріңнен көп шағым түсті. Тіпті, кейбір оқушыларды оқудан шығарып жіберейін деп жатыр.
- Апай, неге шығарады? Біз соншақты не істедік? Бәрін бүлдіріп жүрген жоғарғы сыныптың оқушылар ғой, - деді Ермек шыдамай. Староста Мөлдір орнынан атып тұрып:
- Иә, саған! Біреудің телефонын алып қашқан кім? Сендер! Асханадан тамақ ұрлап алып жеген кім? Сендер! Сонда қалай біз ешнәрсе жасаған жоқпыз дейсіндер! – деді
- Балалар, тыныш, құр айғайдан ешнәрсе шықпайды. Жұма күні педсовет болады. Сонда Байсар, Ермек, Әділдің тәртібі қаралады. Балалар, осы іске қатысты сендердің ойларыңды білейін дегенмін? Қане, кім қалай ойлайды?
- Апай, Әділдің еш кінәсі жоқ қой. Мына Ермек спортивкасын киіп кетпегенде, Әділдің қылмысқа қатысы болмас еді, - деді Азат мені қорғаштап.
- Қайдағы! Әділді судан ақ, сүттен таза деп кім айтты! Темірбек ағайды өлердей қорқытып, Ермекпен бәстескен кім? Әділ! Меніңше, оны оқудан шығару керек. Бізге ондай тәртіпсіз оқушының керегі жоқ! – деп кесіп айтты Байсар.
«О, қу Байсар, мені интернаттан шығартып, Ақботаны иемденіп алмақшысың ғой, ә! Олай бола қоймас. Бәрібір Ақбота мендік болады» дедім қаным басыма шауып.
- Өзіңді жөндеп алсаңшы, Байсар! Ермек біреудің телефонын алып қашқанда, сен де жанында болдың ғой. Тәртіп сақтағыш болсаң сол жерден неге тоқтатпадың! – деді Маржан. Байсар жым болды.
- Иә, Маржан дұрыс айтады. Байсар өзінше тәртіпті бола қалыпты ғой, - деп Айым, Гүлім, Самал қостай жөнелді. – Қыздардың шашынан тартып, есін шығарады. Нағыз бұзақы сол!
- Егер Ермек пен Әділді оқудан шығарса, онда Байсар да оқудан шығуы керек, сонда әділ болады, - деді Әсет қызбаланып. Оны Дәурен мен Дәукен қоштай жөнелді.
- Апай, сонда оқушы бұзақылық жасаса оқудан мүлдем шығарып жібере ме? Сонда олар қайда оқиды? – деді Фархат. Рауза апай көзілдірігін қолымен көзілдігін түзеп:
- Оқушы орта білім алмайынша, мемлекет мектептен шығармайды. Білім алуына жағдай жасайды. Ал, егер тәртіп бұзса, басшылар басқа мектепке ауыстырып жіберуі мүмкін. Жатақханадан шыққан өрт жағдайды ушықтырып отыр. Бетін аулақ, егер өрт түнде орын алғанда интернатта жатқан балалар аман қалуы екіталай еді.
- Бәрі Ермектің кінәсі... Ол интернатта оқығысы келмей, әдейі жасаған, - деді балалар дуылдаса жөнелді.
- Солай ма? Әрине, шатырдың ішінде от жақпауы керек еді. Мүмкін, байқаусызда өрт шыққан болар. Бір қателік жасаған шығар. Жастық шақта бәрі қателеседі. Қателеспейтін адам болмайды. Біреудің жазғыра беруді қойыңдар!
- Рауза апай, Әділдің түк қатысы кінәсі жоқ, жаман достарына еремін деп осындай жағдайға ұрынып қалады, - деп Ақбота бетін басып отыра кетті. Жылап отырғанын сездім. Ақботаға сондай жаным ашып кетті.
- Балалар, бәріміз бір үйдің баласындай болып кеттік. Солай ма?
- Иә, апай солай! - деді балалардың бәрі қоштап.
- Сендер Әділді, Ермек пен Байсарды қорғауларың керек. Оларды басқа мектепке ауыстырып жіберді дейік, егер достарыңды қорғай алмасаңдар, өздеріңнің тәртіпті болғандарыңнан не қайыр?!
- Сонда оларға қалай көмектесеміз? –деп балалар шулай жөнелді.
- Мен балапанын қорғаған құс сияқты, оқушыларымды қорғау үшін бәріне дайынмын. Бірақ менің қалауым, әрекетім аз болуы мүмкін. Басшылар қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Сондықтан қол қусырып қарап қалмауларың керек, - деді сынып жетекшіміз. Біріміз бір-бірімізге қарап қалдық. Ертең шешуші сәтте не істейтінімізді ойлап кеттік.
Сыртқа шыққан соң Азат маған:
- Таптым! – деді.
- Нені?
- Ертең педсовет өткенде іштен біреу бірге тікелей эфир жасап тұруы керек. Сонда мұғалімдердің сен жайлы не айтып жатқанын еститін боламыз.
- Қайдағыны айтпашы. Бізді ол жерге кіргізбейді.
- Егер телефонды тікелей эфирге қосып қалдырып кетсек ше?
- Одан не пайда? – дедім қолымды сілтеп, ол бізді басқа мектепке ауыстырып жіберуден аман сақтап қала ала ма?
- Бірақ...
Мен ешнәрсе тыңдағым келмей, қолымды сілтеп, жатақханаға кетіп қалдым.
Қайран, шешем!
Түнімен дөңбешіп ұйықтай алмадым. Таң ата көзім ілініп кетіпті. Түс көріппін. Түсімде ауданнан келген комиссия Ермек пен Байсарды интернатта қалдырып, мені басқа мектепке ауыстыруға бұйрық шығарыпты. Байсар бұл шешімге қуанып: «Қош бол, Әблақат! Ақбота енді менікі болады. Интернатты енді түсінде де көрмейтін боласың» деп мысқылдап күледі. Өне бойым қара терге малшынып кетіпті. Кенет есіме Ақбаян әжем сиынатын құдай есіме түсе кетті. Әжем құлшылық қылғанда Жаратушыдан алақанын жайып тілек тілейтін еді. Әжем адам баласы құдайдан шын тілесе, тілегі қабыл болады деуші еді. Мүмкін, мені оятқан әжемнің аруағы шығар. Төсегімнен ұшып тұрып, киіндім де, жерге тізерлей отырып, алақанымды жайдым. «Жаратушы ием, мені бұл сынақтан аман-есен өткізе гөр!» деп жалындым. Қағаз-қаламды алып, берген уәдемді орындау үшін өзімді тәртіпке шақыратын ережелерді жаза бастадым.
- Бірінші, бұдан былай бұзықтық жасамаймын. Екінші, Ермек секілді тәртібі нашар оқушылармен дос болмаймын. Үшінші, егер мені азғырса да жамандыққа жоламаймын. Төртінші, бұдан былай бейәдеп сөздерді айтпаймын. Бесінші, әке-шешемді, сынып жетекшімді ұят қалдырмаймын.
Кенет ту сыртымда жатқан бір бала оянып, менің жерде шоқайып отырғанымды көріп, дауыстап жіберді. Жалт бұрылдым. Әсет көзін уқалап, аузын ашып есінеді.
- Әблақат, не істеп отырсың!
- Жай... Ұйқым келмей.
- Сен өзі айкезбе емессің бе?
- Бұрын түнде жүргенімді көріп пе едің?
- Жоқ, не істеп отырсың дегенім ғой.
- Құдайыма сиынып отырмын. Бүгін педсовет болады ғой.
- А-а, иә айтпақшы... Сенікі дұрыс қой.
Жазып жатқан ережелерімді тәмамдап, таңынын атуын күттім. Таңертеңгі пойызбен анам келді. Маған түсі суық көрінді. Салқын амандасты. Интернатқа жеткенше тіл қатпады. Шешемнің үндемей, мақтамен бауыздағаны арқама аяздай батты. Онаша бөлмеге кірген соң күрсініп, төсекке отыра кетті. Маған өте ашулы екенін жүзінен байқадым. Шешеме бәрін түсіндірмек болдым.
- Мама...
Шешем ашудан қара бұлтта түнеріп, мені түтіп жіберердей. Тіл қатпады. Жүрегім дүрсілдей соғып, бетім бір суып, бір ысыды. Кенет шешем ішкі сезімін тежей алмай, көзіне жас алды. Моншақтап төгілген жасын жеңімен сүртті.
- Мама... Кешірші мені... Мен кінәлі емеспін...
- Сонда кім кінәлі? Сен адам болсын, оқысын деп жіберген біз кінәліміз бе?
- Мама, қойшы...
Жанары жасқа шыланған анамды сондай аяп кеттім. Өмірімде шешемді қатты ренжітіп, жылатамын деп ойладым ба? Бәрі өзімнің бейқамдығымнан, аңғалдығымнан болды.
- Мама, жыламашы, қойшы енді...
Анам мағана суық қараған сайын жерге кіріп кете жаздаймын.
- Жылаймын, неге жыламайын... Мен сені ұлт-жұртқа мақтап, «Балам интернатта оқып жұр, өскенде мықты маман болады. Бәрімізді жарылқайды» деп айтып жүрсем, сенің істеп жүрген тірлігің мынау. Жасаған-ау, саған қашан ес кіреді осы. Осы жасқа келгенде теміржолда жүріп сенің жақсылығыңды көремін бе десем, күйігіңді тарттырып біттің ғой. Елдің баласы сияқты тыныш жүріп, сабағыңды неге оқымайсың?! Әлде, ауылға қайтып мал соңында салпақтап жүргің келе ме? Бұрын мұндай емес едің, не көріңді саған! Әлде біреу азғырып жүр ме? Барған сайын сотқар, жамантты болып барасың. Осы ма бізге жасаған жақсылығың?! Соншалықты бұзылып, жаман бала болардай тәрбие бердік пе саған? Сорлы шешеңді неге аямайсың?! Түбіме жетейін дедің бе, соры қайнаған-ау!
- Мама, қойшы, мен бәрін түсіндім, - деп жылап жібердім. – Ендігәрі бұлай жасамаймын. Сөз берем.
- Маған сендей жаман бала керек емес. Оқу саған не керек, малдың соңында салпақтаумен өміріңді өткізесің.
- Маматай, мама. Мен сені жақсы көрем. Жақсы оқтын болам, ендігәрі бұзақылық істемеймін. Кешірші мені! - деп еңіреп жылап жібердім. Кенет шешем көз жасын тыйып, батылда сөйлеп кетті:
- Әкеңе сенің не бүлдіргеніңді айтқан жоқпын, - деді шешем терең күрсініп. – Егер әкең естісе жон теріңді сыпырып, малдың соңына салып қояды. Маған сенің оқығаның керек.
- Оқимын, оқитын мама, - дедім көз жасымды тыя алмай. Жылағанан ба, денем жеңілдеп сала берді. Шешемді құшақтай түстім.
Педсовет
Адам баласы өмір бойы бақытты болмайды екен. Бақытты күндер, бақытты сәттер ғана болады екен. Бақытсыз болған күндері адамдар күйзеліп, уайым шегеді екен. Бүгін менің өмірімдегі ең бақытсыз күн секілді. Әрине, Ақбаян әжемнің қазасын есепке алмағанда.
Жүйкені тоздырар педсоветтің болар уақыты да келіп жетті. Демімізді ішке тартып, акт залына кіріп бара жатқан ұстаздарды көзім шалды. Қабағы түксиіп кеткен Темірбек ағай, жүзінде әлдебір уайымның табы бар Рауза апай, ұстамдылық қалпынан айнымаған Юлия Михаловна, ұстаздардың бәрі акт залына беттеді. Іле Ғалымжан директор бой көрсетті.
Педсоветте алдымен төбелес шығарып, біреудің мұрын сындырып қойған, 9 сынып оқитын екі жігіттің мәселесі қаралды. Арада жарты сағат өткенде екеуінің басы салбырап шықты. Естуімізше, сотқар жігіттерді 9 сыныптан соң басқа мектепке ауыстыратын болыпты. Жүрегім атқақтап кетті. «Шынымен, мені де басқа мектепке ауыстырып жібере ме? Сұмдық-ай! Разъездегі адамдарға қалай көрінем? Ақботаны енді көре алмайтын болдым-ау»» деп уайымдап кеттім. Ермек пен Байсардың шешесі де келіпті. Соларға ілесіп Асылзат анам ішке кіріп кетті. Сүт пісірім уақыт өткен соң ішкен бір мұғалім шығып:
- Әй, қайдасыңдар, бері келіңдер! деп коридорда жүрген үшеуімізді педсоветке шақырған. Азат мені құшақтап тұрып, «Уайымдама. Бәрі жақсы болады. Біз сені ешқайда жібермейміз» деп құшағына қысты. Ермек пен Байсар ішке жылдам кіріп кетті де, мен кіруге асыға қоймадым.
- Басаңшы аяғыңды, тәртіп бұзғанда алдарына жан салмайсыңдар, педсоветке келгенде тасбақаша тырбандап қалғанын қарашы! – деп алғашқы әскер дайындық мұғалімі жақтырмай қарады. Бір үлкен толқыныспен, күйзеліспен ішке аттадым. Жағалай қойылған үстелдің төріне директор жайғасыпты. Жүзі түтіп жіберердей сұсты. Қабағын түйіп, дауысы гүрілдей жөнелді.
- Ал, батырлар, сөйлеңдер! – деді директор. – Сендерді құрметтеп не үшін шақырғандарыңды білетін шығарсыңдар!
- Білеміз, - дедік мұрын астынан міңгірлеп. – Тәртіпсіз болғанымыз үшін!
- Интернатта оқығыларың келмей ме?
- Оқығымыз келеді.
- Ал, өздерің айтыңдаршы, сендерге қандай жаза қолданайық!
Байсар мен Ермек үндемеді.
- Қандай жаза қолдансаңыздар да мейлі, тек интернаттан шығара көрмеңіздерші! Менің басқа жаққа барып оқығым келмейді.
Менің бұл сөзіме мұғалімдер елең етті. Директор да басын көтеріп, маған таңырқай қарады.
- Бұларға сенуге болмайды, - деп сөзімді бөліп жіберді Темірбек ағай. – Тәртіп бұзбаймыз деп талай уәде берген. Сол уәделерінде тұрды ма, тұрған жоқ!
- Жас кезде талай бұзықтық жасаған балалар өсе келе қателігін мойындап, түзу жолға түседі. Осы кездесуден кейін балалар мұны жақсы түсініп, тентектігін қояды деп сенемін, - деді сынып жетекшім Рауза апай бізді қорғаштап.
- Мен олай ойламаймын, - деді қатал алгебра пәнінің мұғалімі Шолпан апай. – Бұл балалар тәртіпсіздікті бірінші рет жасап отырған жоқ. Мына Темірбекті өлердей шошытып, есінен тандыра жазады.
Бұл сөзге кейбір ұстаздардың жымиып күлгенін байқап қалдым.
- Оқушыларыма соңғы рет мүмкіндік берулеріңізді сұраймын, - деді Рауза апай шыр-пыр болып. – Егер оларды тәртібін түземей, басқа мектеп ауыстырсақ, тағы бұзақылық жасайды. Сондан кейін интернатттан келген балалар жаман деген атқа қаламыз. Біз сол жағын да ұмытпауымыз керек.
- Ақыры бұзықтық жасайды екен, бұларды қазірден бастап басқа мектепке жіберуіміз керек. Өскен соң тіпті бағынбай, басымызға әңгіртаяқ ойнатар, - деді Шолпан апай отқа май құя түсіп.
- Сол жайлы ақылдасақ деп ата-аналарын шақырып отырмыз. Сіздер не айтасыздар?
- Бізге бәрібір, басқа мектеп ауыстырсаңыздар, қарсы емеспіз, - деді Байсар мен Ермектің шешесі келісіп алғандай. Асылзат анам орнынан тұрып, жағалай отырған мұғалімдерге қарап:
- Мен баламның осы интернатта оқығанын қалаймын. Алтыншы сыныпқа дейін бір теріс қылығын көрмеген балам қалай бұзық болып жүр? Мүмкін, достарың дұрыс таңдамады ма? Менің сіздерге аналық өтінішім: баламды осы мектепте қалдырсаңыздар!
- Мен сыныбымдағы балаларды бөле-жара қарамаймын. Мен үшін бәрі балам сияқты. Оқушыларымның бірін басқа мектепке ауыстырып, бірін қалдырмаңыздар, - деді Рауза апай.
- Сіздер бұл балалардың ертең тағы тәртіп бұзбайтынына кепілдік бере аласыздар ма? Кеше олар біреудің қымбат ұялы телефонын алып ашты, мына біз отырған интернатты өртемек болды, - деді Темірбек ағай қызбаланып.
- Темірбек, сабыр етіңіз, - деді еңбек пәнінің мұғалімі Қарлығаш апай. – Қатты кетіп барасыз!
Анамды сондай аяп кеттім. Жаныма тым ыстық адамның шарасыз жүзін көрем деп ойладым ба? Дәл сол жерде тесік бар болса, ұяттан жерге кіріп кетер едім.
- Балалар, тағы не айтасыңдар? – деді директор.
- Анам байқұс мені адам болсын, оқысын деп осы мектепке берді. Біз кішкентай ғана разъезде тұрамыз. Маған бүкіл разъезд адамдары үміт атып отыр. Ертеңгі күні осы оқу орын жақсы бітіріп, жақсы бір маман иесі болсам деймін. Маған ең соңғы рет мүмкіндік беріңіздерші! –дедім жыларман болып. Көзімнен жас ыршып шықты.
- Қой, жылама! Жігіт деген жылай ма екен? – деп ұстаздар мені жұбата бастады.
- Әрине, интернатқа үйреніп қалған шығарсыңдар. Бірақ басқа жақтың мектебі де жаман бола қоймас. Бәріміз дауысқа салайық. Қане, кім ұсынысты кім қолдайды? Кім қарсы?
Кенет есік қағылды. Ішке алғашқы әскери дайындық пәнінің мүғалімі кіріп келді.
- Кешіріңіздер, алтыншы сынып оқушылары келіп тұр.
- Оларға не керек екен? – деді директор түк түсінбей. – Жиналыс өтіп жатыр деп айтпайсың ба!
- Айттым. Бір өтініші бар екен. Қазір кірмесек, кеш болады дейді.
- Оқушыларға кіруге болмайды. Қажет болса өзіміз шақыртамыз, – деді директор. Есіктің сыртында іштегі әңгімені естіп тұрған бір топ оқушы «Директор ағай, бізді кіргізіңізші! Айтатын сөзіміз бар» деп ұлардай шулап кетті. Олардың дауысынан іштегі адамдардың дауысы естілмей қалды.
- Кірсін! – деді директор амалсыз. Есік ашылғанда іштен бес-алты ұл-қыз кіріп келді.
- Ғалымжан ағай! Әбіл, Ермек пен Байсар интернатта қалсыншы. Басқа мектепке жібермеңізші. Тәртібіне өзіміз жауап береміз, - деді. Мұндайды күтпеген директор мен ұстаздар таң қалып, бір-біріне қарады. Аз-кем ақылдасқан соң:
- Жақсы, бүгін сіздердің өтініштеріңізді қабыл алайық! Бірақ біліп қойыңыздар, бұл үшеуінің тәртібі үшін бәрін жауаптысыңдар!
Оқушылар акт залын басына көтеріп, шулап қоя берді. Алтыншы сынып оқушылары ортақ жеңісі бір-бірін құттықтап жатты. Бұл менің өмірімдегі ең керемет, бақытты күн еді.
Сыртқа шыққан соң Азат мені интернатта қалуымен құттықтап, құшақтап көтеріп алды.
- Сендер іштегі жағдайды қалай біліп қойдыңдар, - деп сұрадым. Ол мырс етіп күлді де, қалтамнан жұп-ұқа, кішкентай телефонын алып шықты.
- Міне, мынау арқылы.
- Өй, сенің шығармайтынын жоқ екен, - дедім күліп.
- Сені біреу күтіп тұрған сияқты.
Ту сыртымда жүзі бал-бұл жайнаған Ақботаны көрдім. Өткендегі жұмбақтан соң екеуіміз жөнді сөйлесе алмай жүргенбіз.
- Құттықтаймын! Интернатта қалатын болдың ғой! – деп бас салды. Мен де мауқымды басып, қапсырай құшақтадым.
- Рақмет! Сені енді көрмей қалам ба деп қорықтым.
- Рас айтасың ба? – деді күлімдеп. Бетінен шөп етіп, сүйіп алдым. Ол ұялып, жатаққанаға қарай жүгіре жөнелді.
- Ол да сені ұнататын сияқты, - деді Азат маған жымия күліп.
- Сенде айта береді екенсің! – дедім. – Жай, құттықтап жатқаны ғой.
- Мені алдай алмайсыңдар! – деп күлді досым.
Анамды пойызға шығарып тұрып, жып-жылы алақанына бетімді тостым. «Мама, уайымдама, енді мен жақсы бала боламын. Уәде берем!» дедім. «Құлыным, қайда жүрсең де аман бол, саған зор сенім артамыз» деді анам шашымнан сипап, еркелетті. Алыстан кернейлетіп пойыз да келді. Пойыз жүріп кеткенде терезеден жүзі жадырап, қол бұлғаған анамның бақытты сәтін көрдім. Мен үшін одан асқан бақыт жоқ еді.
Арман қанатында
Түнімен ұйықтай алмай, ерте ояндым. Құлағымның түбінде патриоттық «Атамекен» әні жаңғырып тұрды. Интернат терезесінен сыртқа қарап, желдеткішті аштым. Қып-қызыл күн шапағын шашып, рауандап атып келеді екен. Мамырдың таңғы салқын самал желі еседі. Шіркін, асқақ армандарыма жетсем ғой. Осы себезгілеп атып келе жатқан көктемгі таң нұрымен бірге менің болашағым да бүр жарып атып келе жатқандай. Қайран таң! Қайран көктем! Қайран жастық шақ! Сендер неткен егіз едіңдер! Айналадағы тіршілік атаулыға алтын сәуле шашырап, өн-бойым бір ғажайып жігер билеп алды. Екі бетім алаулап, өмірге ғашық көзбен қарадым. Ыбырай атам секілді ұлы ұстаз болғым келді. Әлі-ақ кішкентай разъездің атын күллі әлемге танытатын боламын. Сол темірқазық бағыттан еш ауытқымаймын. Өзімді бір сәт қос қанатты құстай сезініп кеттім. Қиял құсым шарықтап, мені алысқа, мөлдірген, жарқыраған бір келешекке бастап барады. «Еш бөгелме, қанатыңды қомдай түс! Сәттілік саған! Еліңнің ертеңі сендер!» деп бір белгісіз күш алға жетелеп барады. О, менің асқақ армандарым! Құшағыңды аш, мен келемін!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.