Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №20 шығарма...

03.05.2023 1489

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №20 шығарма 14+

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №20 шығарма - adebiportal.kz

Бұыңғыр

Хикаят

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №20 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бір америкалық танымал телехикаяны көруді бастадым. Ондағы әрбір кейіпкердің ішінде ешкімге айтпайтын бір құпиясы бар – жан жарақаты. Дәл өмірдегідей. Мысалы, қызыл шашты Бриді алайық. Телехикая кейіпкерін айтам. Бала кезінде анасын оқыстан көлік қағып қаза табады. Үлкендер ауруханаға кеткенде, Бри не істейді? Су сепкішті қосып, тас жолдың үстіне жайылған анасының қанын шәйіп жібереді. Сөйткенде ол өзін аздап жеңілдеп қалғандай сезінеді. Бри жанына батқан қайғыны сейілтудің «шешімін» осылай табады. Сол сұмдық оқиғадан кейін ол ешқашан эмоцияларын сыртқа шығармайтын болды, жанын бір нәрсе мазаласа, үйінің ішін тап-таза қылып жинап қояды. Ауласында көлденең шөп жатпайды. Өмірмен сәйкеспейді дейсің бе? Қателеспе. Мұндай психологиялық жарақат қазір кім-кімде де бар. Бірақ оған назар аудармай, өзімізді «саумыз» деп сендіріп, өмір сүруді жалғастыра береміз.

Қазір кей жасөспірім сэлфхарм жасайды. Сөйтіп, өз-өзін әдейі жарақаттау арқылы аз уақытқа жан азабынан құтылғысы келеді. Есейе келе қиындықтарын біраз ұмыту үшін «шөпке», есірткіге ден қояды. Есірткіні бір рет татып көргендер «барлығының шешімі осы екен ғой» деп, тығырықтан шығудың жолын тапқандай болатындары рас. Ол біраздан кейін өзі сияқтыларды алыстан тани бастайды, солармен араласам деп одан әрі тұңғиыққа «тартыла» береді. Бір күні өзіне темекі де, есірткі де, сэлфхарм да көмектеспейтінін түсінеді. 

«...Көбінесе олар он бірінші қабаттағы пластик терезенің қырдай жақтауына қонған көгершіндей пыр етіп ұшып кетеді». 

Әуелі өзімді таныстырудан бастайын. Менің атым – Нони, жасым – жиырмада. Нони – менің лақабым, азан шақырып қойған есімім емес. Сонымен, пәни ауасын жұтып жүргеніме 20 жыл толыпты. 

Өмір күздің жаңбырынан кейінгі ала бұлттай асығыс көшіп барады. Күз ызғарын біздің әрқайсымыздың ішімізде өмір сүретін жалғыздығымыз ба дерсің. Жалғыздық – есік-терезесі жоқ азынаған бос бөлме тәрізді. Кейде ішін немен толтыруды білмей аласұратының бар. Жалғыздықтың кермек дәмін бала кезде алғаш рет сезінген едім. Киімім бүтін, қарным тоқ, жататын бөлмем бар. Бәлкім, жаныма ата-анамның мейірімі жетпеді ме екен? Олар қасымда болса да, мейірімге шөлдейтін, әлдене жетіспейтін кездердің болғаны рас. Күйкі тірліктің батпағын белуардан кешіп жүріп, өздері ондай ештемені сезбеді. 

Содан ба екен, өсе келе біреудің «ақылын» тыңдай бермейтін болдым. Қайта жақындарым жан жылуын менен дәмететіні қызық. Тіпті күлкілі!

Ес тоқтатып, жан-жағыңа мойын бұра бастағанда өткен өміріңе сын көзбен қарайтының бар. Ештеме ұнамайды. «Бұдан да жақсы болуы керек еді ғой. Неге, неге?» деген сұрақтар көбейеді.

Содан кейін көз көріп құлақ естімеген жаққа қашқың келеді. Алысқа кетіп, өз өміріңді таза парақтан бастасам дейсің. Бәрі оңай көрінеді.

Франсуаза Саганның кейіпкері Жозе секілді өмірден шаршағандаймын. Бірақ Жозенің тағдырын қайталағым келмес еді. Аландай біреудің етегінен ұстасам, ол ертең менің қадіріме жетпей жатса қайтем?! 

Достоевский романының кейіпкері Наташаның тағдырын да қайталағым келмейді, оның Алешасы күні ертең «сүйіктісінің» басына әңгіртаяқ ойнатты емес пе?! Жоқ, өз басым абюзерлік қарым-қатынасты қаламас едім! 

Дегенмен тез басталып, тез аяқталатын махаббат хикаяларым аз болған жоқ. Оны да ретімен әңгімелермін. Бұл өмірде әркім отқа ұмтылған пәруанадай өз бақытына ұмтылады. Тіпті сол үшін жаратылатындай. Бірақ бақытқа бастап апаратын тура жол жоқ. Ол жолды адамның өзі салатын болса керек. Мен өз хикаямды жазып шығуға шешім қабылдадым. Болған оқиға айтылуы керек, болмаса ол да «өледі». 

                                                          Алатау

Алатау баурайында әсем қала бар. Оны жақсы көрмейтіндер кем де кем шығар. Ұлы пандемия аяқталып, өміріміздің бөлшегіне айналған бетпердені тастағаннан кейін университеттегі оқуыма барғым келмей қалды. Сол күні анам «каспи» картасын беріп, оқуымның екінші жартысының ақшасын төлеп келуімді тапсырды. 

Банкоматтан оқудың ақшасын шешіп алғаннан кейін қасымнан бір елі қалмайтын Ринат досыма карточканы бердім де, анама апарып беруін өтіндім. Өзім ұшаққа билет алып, Алматыға ұшып кеттім.

Әрине, бұл ой басыма бір күнде келген жоқ. Мен бәрін алдын ала жоспарладым. Асай-мүсейлерімді арқаға асатын сөмкеме салып, бірге ала шыққанмын. 

Алматыға жеткен соң, Әділге хабарластым. Мен оған келетінімді мессенжерге жазған болатынмын. Сондықтан бұл келісім досым үшін «тосынсый» болған жоқ. Әділ консерваторияның студенті еді, өзі жатақханада тұратын. Біз онымен пандемияның алдында, Астананың орталық саябағында танысқанбыз. 

Әлқисса, бұл интернет адамдар мен олардың бір-бірімен қарым-қатынасын түбегейлі өзгерткені рас. Шынымен, таңқаларлық. Араласу аясы виртуалды болса да, бір-бірімізді танып-біліп алатынымыз соншалық, кейбіреулерін өмірде бірінші рет көріп тұрсаң да, құдды бір байырғы танысыңдай шұрқырасасың.

Мен Әділден «ДАК хаус» туралы сұрадым. Бұл танымал рэп орындаушыларының концертін ұйымдастырумен айналысатын Дәурен Арынның клубы еді.

Әділ дереу Дәуренге қоңырау шалып, мекен-жайды біліп алғаннан кейін біз таксиге отырып, сол жаққа тарттық. Дәурен мені «тик-ток» әлемі арқылы білетін, жазылушыларым айтарлықтай көп болмаса да, ол жерге күніне роликтерімді салып тұратыным бар. Сондықтан жатырқамай қарсы алды:

 – Нони, қош келдің, жұмыс жетеді, орналаса бер! – деді ол. Клубтағы қыз-жігіттер де ә дегеннен жылы пейіл көрсетті.

«ДАК хаустың» өз ережелері бар. Ұйымдастырушы Дәурен мен оның досы Айбекке біз сияқты қатардағы қыз-жігіттер «аға» деп сыпайы сөйлеседі. Жалға алынған үш бөлмелі пәтердің қыздар бөлмесіне жігіттер кірмейді, қыздар да шекара шегінен аспайды. Ас үй мен пәтер тазалығына кезекшілік қойылады. Ерте тұрып жаттығу жасап, жуынған соң, таңғы ас ішіледі. Сосын күні бойы жұмыс. Түнгі 23.00-де жарық сөндіріліп, ұйқыға жату керек. Ережені орындамағандар айыппұл төлеп, жазаланады.

Таңертеңгі ондар шамасында телефон шырылдап қоя берді.

 – Нони, қайдасың? – Қоңырау шалған анам еді. 

 – Мен Алматыдамын.

 – Университеттің ақшасын төледің бе? Сабақ қайда?

 – Анашым, мен оқымаймын деп шештім. Психолог мамандығы... не ол? Менің мүлдем психолог болғым келмейді.

– Бәрібір бір диплом керек қой, қайдағыны айтпа!

 – Менің шешімім сол, әзірше қандай мамандықты қалайтынымды өзім де білмеймін. Бұл туралы талай сөйлестік емес пе? Мені тыңдадың ба? Болашақта кім болатыныма өзім әлі таңдау жасаған жоқпын әрі бұл – менің өмірім, оқуды тастаған себебім сол! Шынында, бұл о бастан менің қалауым болмаған, өздеріңнің ұйғарымдарың болатын.  

 – Мына әрекетіңе сене алмай тұрмын... тез қайт, әйтпесе...

 – Әйтпесе не болады?

 – Полицияға хабарласамын.

 – Қойшы, мен он сегізге толып кеттім ғой, - дедім мысқылдай күліп.

Ол телефонды қоя салды. 

Сол күні Әділ екеуіміз саябақта кездесіп, ашылып сөйлестік. Ішкі сырымның бәрін оған ақтарып, «өткен өмірдің темір торынан» біржола құтылғым келетінін айтып шағымдандым. «Сенің анаң маған да жазып жатыр», - деді ол. «Не дейді?». «Нони Алматыға сен үшін кетті, үстіңнен полицияға арызданам» деді. Менің шегім түйіліп қала жаздады. «Сен мені алып қашты деп ойлаған болар?». Әділ де мырс етіп күлді де, қарқылдап ала жөнелді. Ол эмоциясын көп көрсете бермейтін сабырлы жігіт болатын, алайда бұл жолы шегі тарқағанша ұзақ күлді.

Кешке ол мені «ДАК хаусқа» шығарып салып тұрып, Экстраверт туралы сұраған.

«Экстраверт» – бір жігіттің сахналық лақабы болатын. Ол екі-үш жыл бұрын ойын-сауық орталықтарының бірінде концерт бергенде, маған көзі түсіп, көңіл білдіргені бар. Талантты жігіт. Әндерінің музыкасын да, сөзін де өзі жазады. Өзі орындайды. Енді танымал болып келе жатқан. Мен де оны ұнаттым. Түні бойы телефонмен сөйлесеміз, маған жаңадан шығарған тректерін тыңдатады. Алайда бір күні кешке кенет қоңырау шалып:

 – Екеуіміз туралы біреулерге айттың ба? – деп сұрады.

 – Құрбыма айтқанмын... Басқа кімге айтқаным есімде жоқ.

 – Мен саған ешкімге айтпа деп едім ғой, олай болса қош бол, - деді де, байланысты үзе салды. Ә дегенде ештемеге түсінбей, айран-асыр қалдым. Бұл оқиға мені едәуір уақыт уайым мен күйзеліске салғаны рас. 

 – Жақында болатын концертке қатысатын шығар. Шынымды айтсам, қазір  ол жігіт маған қызық емес.  

 –  Иә, сол жолғы әрекеті дұрыс болмады. Сені тағы тұзағына түсіріп жүрмесін.

 – Жоқ, олай болмайды.

 – Сенімдісің бе?

 – Жүз пайыз! 

Экстравертпен танысқан кезде он алтыда болатынмын. Ол мені «жасым жиырмада» деп алдаған екен. Сол кезде оның жасы жиырмада емес, жиырма сегізде болғанын артынан білдім.  

Рэп орындаушылары – ерекше халық. Оңтүстік кореялық K-pop музыкалық жанры әлемді жаулап алған соң, белгілі қазақ продюсері қазақстандық Q-pop музыкалық суб-мәдениетін алып келген. Ол тез дамып, жанкүйерлерінің саны күн санап емес, сағат санап артып жатты. Жанкүйерлеріне «иглз» – қырандар деген ат берілген. Мен де жаңағы топ десе ішкен асымды жерге қоятын «иглзге» айналдым. Содан бері төрт-бес жыл өтіпті. Қазір өзімді «иглздардың ішіндегі ардагері» санаймын.  «ДАК хаусқа» да осындай әуестігім жетелеп әкелді. 

Бұл жерде, расымен, жұмыс қайнап жатыр екен. Дәурен күні бойы демеушілермен, әртістермен кездесумен болады. Біз ұйымдастыру жұмыстарымен, билет сатумен айналысамыз. Шараға екі-үш күн қалғанда мұрнымызға су жетпей, жанталасқанымыз сонша, ұйқыны да ысырып қоюға тура келді.

Концерт болатын күн де келіп жетті. Тұтас бір стадионды жалға алған едік. Дыбыс пен жарықты қою жұмыстарында кемшіліктер болып, сол күрмеуді дереу шешу керек болды. Ұйымдастырушылардың шашы ағарып кетудің сәл-ақ алдында қалған.

 – Сәлем!

Мен бұрылып қарағанда, бір кездері өзім сондай ұнатқан сүйкімді бейне қарсы алдымда тұр еді. Бұл – Экстраверт болатын. 

 – Уәде берген жарық қоюшылар кешігіп жатыр. Қиын жағдайда қалдық, - дедім мен онымен амандасқаннан кейін.

 – Сабыр сақтау керек, шешілмейтін проблема болмайды, - деді ол өзінше дем беріп. 

Осы кезде инстаграм желісінде миллиондаған жазылушылары бар супержұлдыз Ратова келді. Концертті тағы бір танымал жігіт екеуі жүргізуге келіскен. Ашық-шашық киініп, өзін тым еркін ұстайтын Ратова сахна сыртында көзіме мүлдем басқа адам болып көрінді. Өз ісіне мығым, әр сөзі мен қимылынан кәсіби деңгейі байқалып тұр. Оны миллиондар «жеңіл жүрісті ханым» деп ойлайтыны рас. 

 – Ешкім күтіп алмағаны қалай? Дәурен қайда жүр? – деді ол.

 – Үлгермей жатқанымыз рас. Жүріңіз, грим бөлмесіне ертіп апарайын, - дедім мен.

Сөйттім де, Экстравертке басымды изеп, Ратованы ертіп әкеттім.

 – Инстаграмдағы образыңыз басқа да, өмірде нағыз «шоу-бизнестің акуласы» екеніңіз байқалып тұр.  

 – Өмір – иллюзия, көргеніңе де, естігеніңе де сенбе, - деді ол жұмбақ жымиып. – Тобырға –шоу, Ратоваға – пайда мен табыс керек!

Жасыл түсті сахналық костюмі бойына қона кеткен ол сондай сұлу еді. 

Рэпер деген қауымның өз ісіне қарым-қатынасы да әртүрлі. Райдерлерінде су мен жеміс шырыны, жеңіл-желпі ас түрлерін көрсеткендер бар да, қымбат ішімдік, қара түсті дәретхана қағазы міндетті түрде болуы керек деп шарт қойғандар бар. Олардың кейбіреуі киелі сахнаға Ратова сияқты «табыс көзі» ретінде қараса, біреулері музыканы өмірім деп біледі. 

Концерттен кейін грим бөлмесін «Авгийдің ат қорасындай» ойрандап кеткендер де, жып-жинақы келіп-кеткен жұлдыздар да болды. Келісім бойынша ұйымдастырушылар әрбір рэп тобына жауапты адам болып бекітілген, әлдене қажет болып қалмаса, олардың грим бөлмесінің алдынан қарыс қадам аттап шықпаулары керек-тін. Алайда концерт басталғанда, жанкүйерлігі қозып, құдайындай табынатын жұлдыздардың буына елітіп, сахна жаққа жүгіріп кеткендер, сахнаны видеоға түсіріп, есінен айрылған әріптестерім де болды. Шындығында, олардың көпшілігі «ДАК хаусқа» өздері табынатын рэп жұлдыздарына көзінің қиығымен бір қарау үшін келгендер болатын. Оларға Дәуреннің төлейтін ақшасы да маңызды емес еді. Сурет пен видеоға түсіруге үзілді-кесілді тыйым салынғанын бір-ақ сәтте естен шығарып алды. Концерт біткен соң бірнешеуі бірден дереу жұмыстан босатылды, бірақ оған ешқайсы өкінген жоқ деп ойлаймын. 

Не нәрсенің болғанынан боладысы қызық. Шоу-бизнес әлемі жаңалықтарынан естіп-білгеніміздей, бұл концерт «өз деңгейінде өтпеді», «ұйымдастырылу жағы ақсап жатты» және «билет аз сатылды». Демек, өзін-өзі ақтай алған жоқ. Бұл артық суы жоқ, әділ берілген баға болатын. Концерттің жоғары деңгейде өтуіне барын салып, жанталасқан Дәурен аяғында әртістермен келісілген қомақты гонарарларын төлеп берем дегенше, өзі тақырға отырып қалды. Біздің екі ай бойы төккен маңдай тер, еңбегіміз сол күйі төленген жоқ. Алматы орталығынан жалдаған қымбат штаб-пәтердің ақысы уақытында аударылмаған соң, қожайыны дереу босатуымызды талап етті. Далада қалудың аз-ақ алдында тұрған соң, мен бар ақшама билет сатып алып, Астанаға ұшып кеттім.

                                                       Есіл бойында

Кей кезде шідерді үзіп кеткенімен, қазығына қайтып оралатын жылқы малы сияқты үйіме қайтып оралдым. Ата-ана баласына кешірімшіл болатыны – перзентке деген соқыр махаббаттан болса керек. «Қателігім баршылық, неге кешіре бересіңдер?» деп сұрасаң, жауап қашан да біреу: «өзің балалы болғанда түсінесің». 

Мұнымен менің бастан кешкен шым-шытырық хикаяларыма нүкте қойылған жоқ. Өмір болған соң, оның жалғасы болуы да заңды. Қалада өмір сүрген соң, күнделікті шығындарың да жетіп артылады. Сондықтан адам баласына да құмырсқа сияқты тынымсыз әрекет етуге тура келеді.  

Желкенін көтеріп өмір теңізіне енді бет бұрған қайықтың қайраңға шығып қалмауы желдің қашан да оң бағыттан тұруына байланысты. «Адамды теңізге лақтырсаң, ол жанталасып жүзе бастайды» дейді емес пе?

Мен мейрамханалардың біріне даяшы болып жұмысқа тұрдым. Жаңа таныстарым пайда болды. Бірге жұмыс істеген соң, жүріп-тұруымызға сол ыңғайлы болар деп жалдамалы пәтерге шықтық. Даяшының көретін күні сол – күні бойы он-он екі сағат тікесінен тік жүріп келген қонақтарды күтеді, күнделікті алатын аз ғана табысын бірден тамағы пен ұсақ-түйегіне жұмсап қояды. Бір-біріне ұқсайтын күндер легі айналып, қайталана береді, өзгерген дүние шамалы. Табиғаттың өзі жас адамның күш-қуатын тез толыстыратын болса керек. Мейрамхана жүйелері соны тиімді пайдаланады, күш-қуаты тасып тұрған уыздай қыз-жігіттерді аз ақшаға жалдап, соңғы энергиясы сарқылғанша, құлша пайдаланады. Шыдай алмай жұмыстан шығып кететіндердің орнын дереу екінші біреуі басады. Әлі құрып, әбден болдырғанша ол да жүгірісте болады. Ас-су бизнесінің ұпайы қашан да түгел, мұндағы өмір дөңгелегін тынымсыз айналдыратын даяшылар армиясы «ұрысқа» өз еркімен кіруге қашан да дайын.  

– Айла, сенің арманың қандай?

 – Білмеймін, ештеме армандамайтын сияқтымын.

 – Сенің ше?

 – Менің басымнан небір оқиғалардың өткені сонша, бір кітап жазсам, сыймай қалатын шығар. 

 – Нэлла, сенің қандай арманың бар? 

 – Менің арманым Мәдиге тұрмысқа шығу. Нонидың туған күнінде үйлену тойымыз болса деп армандаймын.  

 – Әумин!

– О, Тәңірім, кітап жазамын деп жүргеніме қанша болды?! Басқалар біраз  жетістікке жетіп үлгерді, ал мен ше? Жүрген жүрісім осы...

 – Алда уақыт бар, Нони, арманыңа да жетесің.

Демалыс алған болатынбыз. Киноға барып, біраз серуендеп қайттық. Қыздар ұйықтаған кезде таң атқанша ойлар мазалап, ұйқы бермеді. 

Алматыдан келген соң үйде біраз бос жаттым. «Күндіз ұйықтап, түнде түрлі ойлардан қашып, керексіз контент көруден шаршап...» 

«Жаңа жылдан бастап жаңа өмір бастаймын деп өзіме уәде беріп едім...» 

«Жүзейін самғайын, 

Көңіл-күйіме осы өлеңім лайық,

толғанайын.

Қосыл толқыныма, карап тұрма.

Мә, менің отымнан сенің отыңа!»

Құлаққаппен таныс әуенді тыңдап жатырмын.  «Қайран, Джуз! Өмірден ерте кеткенің не?»

«Екі кішкентайыңды, сансыз жанкүйеріңді кімге тастадың?»

Тайландта жүріп, жол апатынан қаза тапқан рэпер туралы қайғылы хабар кенет телефон бетінен көлбеңдеп шыға келген. «Сенбеймін. Сене алмаймын». Бұл хабар, расымен, мені теңселтіп кетті. Ақпаратты «õzen» лейблі растапты. Демек, шын болғаны. 

Джуз инди-поп орындаушысы, саун-продюсер еді. Отызға енді толған. Кеше ғана оны концертте көрген едім ғой. Белгілі «Шекер» трегін орындаған.

«ДАК хаус» пәтерінде, ас бөлмеге кіріп келгенімде, «О, сәлем!» деп, жақсы көңіл-күймен отырғаны көз алдыма келді. Өте қарапайым жан еді Джуз. Гастрөлде болып, сол күні әуежайдан бірден біздің штаб-пәтерге келіпті. Сол күні онымен естелік суретке түспей, басқаларды түсіргеніме өкінемін. Ол мопедпен келе жатып жол апатына ұшыраған екен. «Мопедке отырмай-ақ қойса болатын еді ғой...»

«Уақытты артқа қайтара алмайсың...» 

Ол керемет музыкант қана емес, екі баласына жақсы әке де еді. Өмірін әлеуметтік желі парақшасынан жіті бақылап отыратынбыз. 

 «Музыканы шын жүрегімен сүйген жан, жатқан жерің жайлы болсыншы!»

                                                          Феникс

 «Сегізінші жыл...  Ех, Зақираны сол кезде алып қашуым керек еді. Бірақ, Жади жеңгеміз де жақсы адам. Бақытты болсыншы... Өткенде концертте не деп еді?! Ә, иә, «жаңғақ сиробы қосылған капучино... жоқ, сироп керек емес... Маған да Баланікі сияқты сироп қосылғанын алып келіңізші». 

Иә, өте сүйкімді. 

 – Нони, қарбыз жегім келіп тұр. Бірақ, бағанағы әңгімені...

 – Қазір аламыз ғой. Ал бағанағы әңгімеге келсек, оны ендігі жауып тастадық қой. Менің жауабым – жоқ! О, қарашы, қандай сүйкімді марғау. Үйге алып кетейікші, Айла! 

 –  Жоқ!

Пәтерді бірге жалдап тұратын құрбым Айла екеуіміз супермаркеттен шығып келе жатыр едік. Басқышта кіп-кішкентай марғау отырды. Көзін енді ашқан ба? Мияулайын десе үні де шықпайды. Түрі қандай аянышты еді. Әлжуаз, қорғансыз.

 – Айла, алып кетейікші, өзім қараймын. Қарашы, күз болды, ертең қылышын сүйретіп қыс та келеді. Астананың ызғарын өзің білесің. Бұл байғұс суықтан үсіп өледі ғой. 

 – Жо-оқ! 

 – Өзіңді бір сәт мұның орнына қойып көрсеңші. Мен бұған ат та ойлап тауып қойдым...

Айла біраз ойланып қалды да, маған қарап: 

 – Егер бағанағы темаға келіссең, мысықты үйге аламыз, - деді. Енді мен ойланып қалдым, сосын келісімімді беріп:

 – Жарайды, бірақ ол істеріңе мені кірістірмеңдер.

 – Келістік. Мысыққа қандай ат қойдың?

 – Феникс.

 – А-ха-ха, сүйкімсіз өзі! Түрін қарашы...

 – Олай деме, «самооценкасын» түсіресің. Мысығым, тыңдама мына апайды, бұл аузына келгенін айта береді.

 – Аяқ астынан бөпелі болып қалдың ба?!

  – Өмір ғой!

Марғауды қолыма алып, тамақ салынған дорбаны Айланың қолына ұстаттым. Қуанышымда шек жоқ. Бала кезімде бір қара мысығым болып еді, кейін жоғалып кеткен. Ол кезде Семейде тұратынбыз. Астанаға қоныс аударған соң,  мысық асырауға үй іші рұқсат бермеді. 

Үйге келгенде, Нэлла жігіті Мәдимен отыр екен. Олар кішкентай марғауды көріп, бірден өзгеріп сала берді. Айналып-толғанып жатыр. Осы кезде Айла тұрып:

 – Нони келісті, - деді. 

 – Шын ба?

 – Оның қарымына мына мысықты асыраймыз. Бұл байғұс ертең суық түскенде өліп қалуы мүмкін ғой, как-то жалко стало... 

 – Менің мысық асырауға еш қарсылығым жоқ, - деді Нелла. – Аты кім болады?

 – Феникс. Сүйкімді, иә?

 – Сүйкімді.

 – Енді бұған керекті асай-мүсейлерін алу керек, тамақ жейтін ыдысы, дәретханасы, жататын жастығы... толып жатыр.

 – Қазір барып сатып әкелемін.

 – Алдымен ветклиникаға апармайсың ба, мүмкін бір ауруы бар шығар. 

 – Апарамын, уайымдамаңдаршы.

 – Айтпақшы, сен сөйлестің бе? – деді Айла Неллаға сұраулы жүзбен қарап.

 – Иә, қазір өзі де осында келіп қалуы керек. 

 – Жақсы.

 – Кім келмекші? – дедім мен елең етіп.

 – Айбек қой.

 – Мен дүкенге барып келейін, - дедім. – Тамағын, анау-мынауын әкелуім керек.  Әзірше кесеге сүт құйып қойдым, іше ме екен, қарай салыңдар. 

 – Қараймыз.

      Осы кезде Мәди:

 – Мен де сенімен шығып кетейін, Нони, жұмыс жаққа шақырып жатыр. Қазір қонаққа кальян  дайындап беремін де, қайтып келемін, - деді. Мәди де мейрамханада кальян даярлаушы болып жұмыс істейтін.

       Сөйтіп, екеуіміз шығып кеттік. Айла мен Нелла, Феникс мысығым үйде қалды.  

                                                                 Нелла

Бұл қыздармен бірге тұрып жатқаныма екі айдай болып қалған. Нелланың жасы жиырма бірде. Отбасында өз қиыншылықтары бар, ол туралы көп айтқысы келмейді. Бірақ үй ішіне үзбей ақша салып тұрады. Мәди екеуі қызық жұп. Қашан көрсең ұрысып-керісіп, бір-бірін жеңе алмай отырғаны, бірақ бір-бірінсіз де тұра алмайды. 

Мен үйге кірген кезде, Нелла үстіне ақшыл түсті футболка, жасыл «бомбер» киген, ұзын бойлы, қара торы жігітке дауысын көтеріп, бірдеңе айтып жатыр екен.  Бұл – Айбек болатын. Нелла екеуі колледжда оқып жүргенде қыз-жігіт болып кездесіпті, қазір жай ғана дос. 

 – Айбек! 

 – Нелла, бастамашы! Басым онысыз да ауырып тұр.

 – Жоқ, сен неге мені алдайсың? Өмірімде бір рет өтініш айтып едім! 

 – Басталды, - деп Айбек үстел үстінде тұрған бос бөтелкені алды да, краннан су ағызып ішті.

 – Не басталды?! Мені ештеме білмейді дейсің бе? Ты из меня идиотку хочешь сделать? Он жеті мың теңгені қалай тапқанымды білемісің өзің?!

– Қандайын таптым – сондайын алып келдім! Біз онымен алты жыл доспыз, маған сенбейсің бе?

 – Сонда мынау не? Біз сені жөні дұрыс «стаф» алып келеді деп күтіп отырмыз ғой! 

 – Қызықсың, мен мұны дүкеннен таңдап әкеледі деп ойлайсың ба? Қалай «көтердім», солай әкелдім.

 – Жарайды, жабайық теманы!

 – Нони?

        Айбек қолындағы зип пакетті көрсетіп, маған сұраулы жүзбен қарады. 

 – Жо-жоқ, не хочу. 

 – Жарайды, онда Айла үшеуімізге істеймін.

Менің «кайфтан» татып алмағаныма бүгін екінші апта. Екі апта бұрын Нелла маған қатты айқайлап тастаған. «Сонда сен басқалардан бөлекпін дейсің бе, әлде тым ақылдысың ба?» 

«Ой, мен сендер секілді емеспін... Мен басқамын...» 

«Ни фига! «Кайфты» татып көрдің, демек, тастай алмайсың! Қаншама адамды бұл бәлеге отырғызып тастағанбыз, бірақ әлі бір де біреуі өз еркімен «секіріп» кеткен емес!»

Иә, дәл осы сөздер үшін. Намысыма қатты тиіп кетті. 

Басында «кайф» туралы ойлай беретінмін, қазір ойламаймын, іздемеймін де. Жұмыстан кейін үйге келгенде, Феникспен алданамын. Барлық жағдайын жасап, баптаймын. Бүгін де достарыма назар аудармай, тамақ әзірлеуге кірістім. Өзіме ғана. Өйткені олардың тамаққа тәбеті жоқ, бәрібір ештеме ішіп-жеп жарытпайды. Мәди мен Нелла төбеге қарап, музыка тыңдап жатыр, Айла екеуін әңгімеге тартып әлек. 

Нелланың шын аты – Нұргүл де, Мәдидің төлқұжаттағы аты – Кенжетай. Өткен өмірлері «былыққа» толы болғаны соншалық, екеуі өзгермекке бет бұрады. Сөйтіп, алдымен аттарын өзгертеді, Нұргүл – Нелла, Кенжетай – Мәди болып «дүниеге қайта келеді». Алайда жандүниелерінің өзгергені шамалы. 

Нұргүл орта бойлы, арықша қыз. Толқынды қара шашы иығына түседі.  Аялы қара көзін жасанды кірпігі көмкеріп тұрады. Қолының күтіміне аса мән береді, қашан көрсең маникюрі бабында. Киім киісі «VIP қазақ қыздарына» келеді. Сыр-сипатын бұлайша  «тауар кейпіне» келтірмесе, ол өзінің артынан жүгіретін жігіттерді қалай пайдаланар еді-ау? 

Иә, ол өзін ұнатып қалған жігіттерді мүддесіне шебер «пайдалану» арқылы өмір сүреді. Бірақ сұлу қыздың түбіне «кайф» жетіп жатқандай. «Марафонды» үзбейді. Айтуынша Мәдидің алдында өзінен он жас үлкен біреумен жүрген екен. Ол алғашқы кездесуге келгенде-ақ 500 доллар беріпті. Нелла соны теңгеге айырбастап, ақшаның бір бөлігіне көптен бері ломбардта жатқан айфонын қайтарып алған. Қалған ақшасын «марафонға» жіберген. 

Оған демеуші болғысы келетін жігіттер баршылық, бірақ Нелла тапқан ақшасын ұқсата алмайтындықтан, көбінесе «каспи» әмияны бос жүреді.

Бойжеткеннің марафонға әуестігі колледжде басталған. Ол кезде Айбекпен жүретін. Бірақ бір күні есірткінің әсерімен Мәди Нелланы ұнатып қалады. Мұны білген Айбек «сүйіктісіне»:

 – Кенжетайдың саған басы кете бастаған сияқты. Ол ешқашан ақшасыз жүрмейді, бізге мұны пайдаланып қалу керек, енді жұмыс істемей-ақ қойсаң болады, ақшаны одан аламыз, - дейді. 

Екеуі жоспар құрып, Кенжетайды орталарына тартады. Жігіттің Неллаға деген ғашықтық сезімі ұлғая түседі, сонымен бірге, есірткіге әуестігі де артады.  

Айбек болса өз пайдасын көздеп, екеуінің әбден «тәуелді» болып қалғанын көрген соң, олардың «курьері» рөліне кіреді. Ғашықтардың көк тиыны қалмаған кезде табанын жалтыратып, жоқ болып кетеді. Сөйткен Айбек араға бірнеше ай салып, көкжиектен қайта пайда болады. Сөйтіп, менің достарыма «курьер» болуға келіседі.

Астанада күз ызғары қатайып, қыстың лебізі біліне бастаған. Мәдидің туған күні жақындап келе жатты. Нелла оған қысқы күрте сыйламақшы болып, ақша іздей бастады. Сөйтіп, өзіне 500 доллар сыйлаған ғашық жігітіне хабарласты. Онымен кездесуге келісімін берді. 

 – Мәдиді сүйемін дейсің, басқамен кездесуге қалай барасың? - деген сұрағыма ол бір күлді де былай деп жауап қатты:

 – Сен түсінбейсің, тән шаруасы – басқа да, жүрек қалауы – басқа. Менің жүрегім – Мәдиде, қалған ештеме маңызды емес. 

Мәдидің ата-анасы қала сыртындағы Ильинка ауылында тұратын. Демалыс алған күндері жігіт үйіне кетеді. Бұл күні де қалада емес еді.  

Енді біраз шегініс жасап, Нелла екеуіміздің қалай танысқанымызды

айтайын. Біз өткен жылдың маусымынан бастап араласа бастадық.  Ол басында маған тұйық, ұялшақ қыз болып көрінді. Екеуіміздің жақын құрбы болып кетуімізге Мәди дәнекер болған. Ол маған бірде:  

– Нони, Нелланың көпірден өткен кезде фобиясы бар. Сен болашақ психологсың ғой, оған көмек керек. Көпірден өтіп бара жатып төмен қараса, судан бір белгісіз күш өзіне тартатын секілді дейді. Әлде бұл психологиялық триггердің әсері ме екен? 

 – Жарайды, көрейік. Мен психолог емеспін, бірақ сөйлесіп көрейін. 

 – Тағы бір проблемасы бар, оның сырласатын жақын құрбысы жоқ. Мінезі тұйықтау ғой, егер бір жақын құрбысы болса, ашылып кетер ме екен?

Мен Мәдидің қызымен танысуға қарсы болған жоқпын. Арада бірнеше күн өткенде досым тағы хабарласты.

 – Алло, Нони?

 – Иә?

 – Нелланың баратын жері болмай тұр, үйдегілеріне «бүгін жұмыстамын» деп хабарласып қойған екен. Екеуің бүгін кездесіп, жақын танысып алыңдаршы? 

 – Жарайды, мен үйдемін. Бірақ ішке кіргізе алмаймын, үйдегілер бар.

 – Жақсы, қазір саған оның нөмірін жіберемін. 

 – Күтемін.

Біраздан соң Мәди жіберген нөмірге хабарласып, Нелла екеуіміз біздің үйдің ауласында кездесетін болып келістік. Нелла есірткі иіскегеннен кейін өзін жайсыз сезінген соң, үйіне бара алмапты. Ол туралы артынан білдім. 

Жарты сағаттан соң екеуіміз біздің аулада отырдық. Ол маған:

 – Нони, сен маған бірден ашық, ақ көңіл қыз болып көріндің, - деді. – Сенімен таныстырған Мәдиге рахмет айтамын.

Ол өзінің біреуге ашылып, ішіндегі уайымымен бөлісуге қорқатынын айтты, сосын «бұған не дейсің?» дегендей бетіме қарады. Оны әңгімеге тарту үшін өзім туралы ақтарылып айта бастадым, жанымды мазалайтын уайым-мұңымды жасырмадым. Сол кезде ол: «Е, онда мені түсінуің керек» деді ме екен, бірден шешіліп сөйлеп кетті: 

– Анам көптен қант диабетімен ауырады. Үйдің үлкенімін, сондықтан барлық салмақ маған түседі. Тапқан табысымның жартысын беремін. Егер бермесем, қоңырау шалып ақша жіберуімді сұрайды. Сөйте тұра менің өз өмірім өзімде болып, бөлек кеткенімді де қалайды, - деді. 

Сөйтіп отырғанда қараңғылық түсті. Біз төрт сағат бойы аулада әңгімелесіп отырыппыз. Бірақ бұл жолы ол маған өзінің есірткіге тәуелді екенін, ара-тұра жеңіл жүріске салынатынын айтпай, жасырып қалды.  

 – Қазір «Шаурмаға» Айбек келеді, сол жаққа жылжиық, - деді ол бір кезде.

 – Айбек деген кім еді?

 – Колледжде бірге оқығанбыз. Алты жылдан бері білемін. Ол бір жүрген шайтан ғой, өзің көресің! – деп күлді. 

Айбекті сол күні бірінші рет көрген едім. Белла екеуі біраз сөйлесті. Айбек қызға ақша қарыз екен. Бірақ қарызын бүгін қайтара алмайтынын айтты. Неге сол кезде ақшасы болмай жүргенін кейінірек, жақын танысқанда түсіндім. Айбек қалталыларға есірткі, «шөп» сатумен айналысады. Оның ақшасы көбінесе «айналымда» болады әрі бұл бизнесте серіктестердің бірін-бірі «лақтырып кетуі» жиі кездеседі.

Колледжде жүргенде Неллаға есірткінің дәмін татып көруді бірінші рет ұсынған да осы жігіт еді.  Кейін екеуі де тәуелді болып қалады. Бірақ одан кейін көп нәрсе өзгереді. Қазір Айбек «стафты» сатады да, Нелла оның тұрақты сатып алушысы. 

Колледжді бітірген соң Нелла ХҚКО, Каспи банк сияқты жерлерде істеп, ақшаны жақсы тапқан. Бірақ есірткінің кесірінен мінезі құбылмалы, ашуланшақ болып өзгереді. Бір жұмыста ұзақ тұрақтай алмайды. Оған біреудің жай қарағаны ұнамай қалса да, әлгі адамға бірден тарпа бас салатын жағдайға жетеді.

Астана үлкен мегаполис. Кептеліс, жұмыстарына асығып бара жатқан адамдар легі. Әуе жолымен де, басқа көлік қатынастарымен де мыңдаған жолаушылар нөпірі қалаға ағылып келіп жатады. Қаланы тастап, өз жолымен сан тарапқа кетіп жатқандар да бар. Астана бай мен кедейдің қаласы. Біреулерге ақша өзен болып ағып келіп жатса, енді біреулер қоқыс жәшіктерін ақтарып жүр. Жоғары білімді кедейлер «қаржы порталы ашық» байлардың үй шаруасын жасауға, баласын бағуға, жеке шопыры болуға жалданады. Қол астында қызметін жасап жүріп, қожайынға ақшаның қайдан ағып келіп жатқанын олар сол күйі түсіне алмай кетеді. Астанада ақшаның көзін табу оңай емес. Жастар жағы – даяшылықта, көлігі барлар –  таксиші. 

Дегенмен, ақша деген көшенің әр қалтарысында, ағаштың арасында, зәулім үйлердің көзден таса бір қуыстарында, басқа да елеусіздеу жерлерде жасырулы жатады. Әр-әр жерде он жеті мыңнан көп ақша жатыр деп ойлаңызшы. Алдын ала төлемін жасағандар «курьер» қалдырып кеткен жерлерден әлгіні өздері барып «көтереді».

Бір күні менің үйіме Нелла келді. Ол кезде әлі бірге тұрмаймыз.  Қасына ерткен бейтаныс қызбен таныстырды. Сол қыз – осы Айла болатын. Екеуі «иіскеп» келіпті. Менен көмек сұрады. 

 – Нони, біз «көтеруге» шыққанбыз. Өзің түсінген шығарсың, «иіскеп» келдік. Саған келмес те едік, әлгі орынды іздеп таба алмадық. «Көтеруге» көмектесші?

Маған бұл ұсыныс бейтаныс әрі қызық болып көрініп кетті. Келісімімді бердім. Белгіленген жерге барған соң, олар телефондарын шұқылап таба алмай жатқанда, мен суретке мұқият қарап тұрып, бірден таптым да, «көтердім».

Біз такси шақырып, Айланың пәтеріне келдік. Сол күні мен алғаш рет «мефтің» дәмін көрдім. Бойымды қызығушылық жеңді. Бірақ қыздармен қосылып «иіскеп» жүріп, не үшін екенін түсінбей-ақ қойдым. Яғни, «иіскеудің» мағынасы не екенін түсінбедім. Уақыт өте араласып жүрген ортам сол болған соң, мен оларға ілесіп кеткен едім. 

Біз пәтерге шығып, бірге тұрып жаттық. Бір күні Нелла екеуіміздің арамызда жанжал болды. 

 – Нони, «иіскемеңдер, жұмысқа кешігеміз, анау-мынау» дейсің, бірақ бізді сөгетіндей сен кімсің? Өзің де иіскейсің ғой!.. Ақыл айтпай тұрып бірінші өзіңе қарасаңшы!

 – Жарайды, мен сені түсіндім, - дедім де, киініп, жұмысқа шығып кеттім. Осы диалогтан кейін мен мүлдем қойдым. 

Олар тұз сияқты кристал ұндақты майдалап үгіп, дайындап, жіңішке жолақ түзіп алған соң, жіңішке қағаз орауын мұрындарына апарады. Қайталана беретін осы көрініске қанша рет куә болсам да, ішкі дауысым маған «иіскейінші, иіскегім кеп тұр...» деуін доғарды. 

Нелланың сөздері маған қатты әсер етті. Содан қайтып оған жолаған жоқпын.

Бірақ екі қыз әдетін қоя алмады.  Достарының арасында бір-екі рет «көрген» соң тәуелді болып қалмаған бір-ақ адам болыпты – ол мен екем. Қыздар соған таң қалатын.

Үйде Феникс пайда болғалы Айбектің маған қарым-қатынасы өзгерді. Ол алдымен Феникске «ғашық болып» қалды да, сосын маған көңілі кете бастады.

 – Нони, сенбеймін, мына сыйлықты саған Айбек жасады ма? Оның қызға бірдеме әпергенін осы кезге дейін ешқашан көрген емеспін, - деп айран-асыр болады Нелла. 

Айбек екеуіміз Фениксты ветклиникаға апарып, екпе жасаттық. Төлқұжатын алдық. Иесі ретінде екеуіміздің аты-жөніміз қатар жазылды. Сөйтіп, Айбек Феникстың «әкесі» ретінде ресми танылды. 

Бір күні ол мені анасымен таныстырған. Ол кезде Нелла тіпті талып қала жаздады. «Айбек сені анасымен таныстырды ма? Ешқашан ойламаппын!» - деді. Сөйтіп жүргенде, Айбек Фениксты үйіне алды да, қайтып бермеді. «Нони, кез келген уақытта келіп тұрасың ғой» деді. Анасы да мысық десе ішкен асын жерге қояды екен, сағат сайын видеосын жіберіп, әр қылығын қызықтайды. Айбекке сезімім ашылған соң ба, мен келісімімді бердім. Феникс Айбектің үйінде қалды. 

Еріккен қыздар мені «кайф» алуға шақырады. Бірақ бас тартамын. Сол кезде Нелла:

 – Егер біз үйде иіскемесін десең, онда сенің жігітің де үйге келмесін, шақырма, - деді.  

 – Жарайды. Онда бұл үйдегі ереже солай болсын, үйге Мәди де келмесін. 

Нелла мырс етті. Бұл кезде Мәди екеуі ұрсысып қалып, араласпай жүрген болатын. Өйткені, Нелланың бұрынғы жігітімен кездескенін Мәди біліп қойып, сол күйі хабарласпай кеткен еді. Бір нәрсеге ұшырады ма деп уайымдап, бәріміз оны іздей бастағанбыз. Бірақ жігітті еш жерден таба алмай, тығырыққа тірелдік. 

Сөйтіп жүргенде Нелла да жоқ болып кетті. Телефонын көтермеді. Екі күннен кейін түк болмағандай қайтып келіп:

 – Мен анамның қасында болдым. Ол кісі ауруханаға түсіп қалды.  Хабарласып неге мазамды аласыңдар?! Түсінсеңдер болар еді ғой,- деді.

Бірақ оның өтірігі бірден ашылды. Себебі, ол екі күн бұрын киіп кеткен киімін әлі ауыстырмаған еді. Нелла көбінесе өтірік айтады. Мәди оның құпиясын қалай біліп қойды дейсіз? Ол ұйықтап жатқанда телефонын ақтарады, кіммен хат жазысқанын оқып қояды. Сосын Нелланы оятып алып жанжал шығарып, кетіп қалады. 

Бұл жұптың бірге бола алмайтынын бір-біріне деген осындай қарым-қатынастарынан-ақ түсінуге болатын.  

Сол күні мен үйге келгенде Нелла телефонын шұқылап, жылап жатыр екен. Мәди болса оны балағаттап, қысым көрсетіп отыр. Содан соң екеуі айқайласып, ақыр соңы тағы Мәдидің кетуімен тынды. Нелла көз жасын көлдетіп, ішкі сырын маған ақтарып салды. Кешінде Мәди мас болып келіп, тағы жанжал шығарды. Арада бірер күн өткен соң Нелла жігітіне: «Соңғы рет кездесіп сөйлесуіміз керек. Мен соңғы нүктені әлі қоймадым» деп хабарлама жазып, қайта шақырып алған еді. Бұл жолы да «ескі таспа» қайталанды. Біраз уақыт өткен соң, екеуі бірін-бірі кешіргендей кейіп танытқан. Бірақ бұл – ойын болатын. Ойынның аты «сатқындықпен кім бірінші ұсталады?» деп аталады.

Мәди де талай рет Нелланың көзіне шөп салған. Онысын жасыра білді. Екеуі «апама жездем сай» еді. Бірақ оны Нелла қалай «ұстады» дейсіз? 

Қыз басқа аккаунт ашып, Мәдиге бір сұлудың атынан хат жазып жүреді. Ақыры жігіттің сыры білініп қалады. Ал Мәди болса Нелланың өз паролін кенеттен өзгерткенінен күдік алады. Осылай бірін-бірі қызғанып, аңдимыз деп  өз қарым-қатынастарын құрдымға кетіріп жатқандарын сезбеді. Ақыры Мәди қайтып оралмаған соң, Нелли бұрынғы жігітімен Дубайға демалуға кетті. 

Астанаға қара суық келді. Қар жауатыны анық еді. Бірақ кенеттен мизамшуақ басталып, күн қайнап сала берді. 

Жағдайымызды біліп кету үшін қонаққа анам келген. Бәріміз  шәй ішіп, шүйіркелесіп отырдық. 

 – Нелла мен Айланың түрі бірдей сияқты, қашан көрсем екеуін айыра алмай қаламын, - деді анам. 

 – Бірдей боянатын шығармыз әрі біз бір-біріміздің киімімізді кие береміз ғой. 

 – Менің байқағаным, көбінесе қара түсті киім киеді екенсіңдер.

 – Солай, - деп күлді қыздар.

 – Жігіттерің бар ма?

 – Нони мен Неллада бар, менде жоқ, - деді Айла. 

 – Нони, онда Айланы келін қылып алуға болады екен, - деді аңқау анам. Менің бірінші курс оқитын інім бар еді. Ол университетке грантқа түсіп, басқа қалада оқып жатқан. 

 – Жасы нешеде? – деді Айла.

 – Он жетіде.

 – Ал мен қыста он тоғызға толамын.

Айланың да тағдыры қиын еді. Ол ата-анасынан кішкентай кезінде айрылған, сосын тәтесінің қолында өскен. Ұрыс-керіске шыдамай, мектепті бітірер-бітірмес, үйінен кеткен. Қолдаушысы жоқ болғандықтан бір күн қалт етпей жұмыс істеуі керек. Оған пәтердің ақшасын дер кезінде төлей алмай қалуына болмайды. Басқа қажеттіліктері тағы бар. «Қыздар, сендермен тұрғаннан бері жан жылулығын сезініп жүрмін. Маған қамқор көңілмен қарағандарың ұнайды. Құдды туған әпкелерім сияқтысыңдар», - дейді ол.

Айла демалыссыз тік тұрып жұмыс істеуден қатты шаршайды. Оның «меф» иіскей бастауының себебі де сонда. Алғашында сергітіп, бойына күш бітірген екен. «Меф» ұйқыны да шайдай ашып жібереді, оны қабылдаған соң, 24 сағат ұйықтамай жүре беруге болады. 

Бірде екі қыз «кайф» жетегінде қолтықтасып келе жатады. Абыр-сабыр бастала қоймаған таңертеңгі уақыт еді. Шаштары жайылып, қысқа белдемшеден сандары жалтырап. Көлікте отырған бір ер адам екеуін «қыздар!» деп шақырады. Екеуі былапыт сөзбен жауап қайтарады. Сол кезде анау арттарынан «жәлептер!» деп айқайлапты.

Қызық осы жерде басталған. Екі қыз жетіп барып, дәудей еркекке тарпа бас салған. Төбелес салып, боқтаған. Айла біз өкше аяқ киімін шешіп алып, әлгінің көлігін айналдыра сызып шыққан екен.

Ақыры, қыздардың үстінен арыз түсті. Айла көлікті бүлдіргені үшін 300 мың теңге айыппұл төлейтін болды. Оның алдында «мефқа» ақша жетпей, каспиден несие алған еді. Оны төлемеген соң, картасы бұғатталған болатын. Айла қарыздың батпағына бата түсті. 

Соңғы кезде екі құрбымның өмірде жолдары болмай, әбден есіре бастады. Құдды басқа бір адамдар сияқты. Мен бұдан әрі шыдай алмайтын болдым. Анама қоңырау шалып: «Үйге қайтқым келеді» дедім. «Әрине, келе ғой», - деді ол. Дереу заттарымды жинап, үйге қайттым. 

                                                      Руслан

Үйге келген соң, бұрынғы мамыражай өмірім басталды. Проблема жоқ, миым тыныш. Феникске ара-тұра барып тұрамын. Жақсы көріп, мұрнынан сүйе бастасаң, жүзін алып қашады. Мысықтың бәрі еркелеткенді жақсы көруші еді, менікі ондайды ұнатпайтыны қызық. Алдыңғы аяғымен бетіңнен тырнап, жақындатпайды. «Неге мұндай?» десең, Айбек күледі де қояды. 

Уақыт өте келе Айбек екеуіміздің арамыз алыстай бастады. Өзім хабарласпасам, бірінші болып хабарласуды да қойды. Қанша дегенмен, қыз балаға сүйген жігітінің ықыласы керек-ақ. Олай болмаса күйзеліске түсесің. Жаныңа бір нәрсе жетпей тұрғандай болады.  

Жалғызсыраған соң, көбінесе Есілдің жағалауындағы алаңда уақыт өткізетін болдым. Астана жастарының бәрі сол жерде. Өзім қатарластардың көпшілігін танимын десем болады. 

Бірде байырғы танысым Аланды кездестірдім. Ол біраз уақыт «Тик-ток хауста» жұмыс істеген. Тик-ток парақшасын кәсіби түрде дамытып, жазылушыларын көбейтіп алған. Жағдайын сұрап едім, «Тик-ток хаустан» кеткенін айтты. «Ақшаны табудай-ақ табамыз, бірақ бәрі қожайындардың қалтасына кетеді. Бізге аз төлейді» деді. Кастинг болған кезде мен өтпей қалған едім. Аланның мына сөзінен кейін «сол кезде өтпегеніме тәубә» дедім. 

 – Қазір немен айналысасың?

 – Qnet деген жақсы бір компания бар. Жастарды жұмысқа алып жатыр, келем десең – кел, - деді.

 – Не қылған компания?

 – Оо, болашағы зор. Өз қабілетіңе қарай миллиондап табуға болады. Жақында Дубайға барып келдім. Келсең, менің командамда боласың.

 – Жақсы, келем.

Осылайша мен Кюнет компаниясына тап болдым. Аланның командасында біраз қыз-жігіттер бар еді, солардың бірі – Руслан болатын. Басында оның өзіне көп назар аудартуға тырысатыны маған ұнамады. Бір күні ортақ досымыздың үйінде бірге қонақ болдық. Өнер, кітап жайында сөйлесе келе, тіл табысып, дос болып келдік.

Кюнет деген алаяқ компания болып шықты. Бізді «миллионер» боласыңдар деп сендіріп, басымызды шыр айналдырды. «Аспанда қалықтап» жүретін жағдайға жеттік. Ереже бойынша біраз соманы компанияға құюымыз керек болатын. Мұндағы «әріптестеріме» еріп, несие алып, мен де ақша салдым. 

Ақыры пайда таппақ тұрмақ, несиемізді жаба алмайтын халге жеттік. Екі-үш ай өткенде, коллекторлар анама қоңырау шалып менің банкке қомақты сома қарыз екенімді айтады.

 – Қалайша? Еш жерде жұмыс істемейтін, зейнетақы қоры жоқ, жиырмаға енді толған студентке кредит беріп жүрген не деген банксіңдер? – дейді анам. 

Ол шынында да маған біреу несие береді екен деп ойламапты. Айран-асыр күйде қалды. Қолынан келгені «Ата-аналар, сақ болыңдар – Qnet!» деп пост жазған. 

Ол постың астына мыңға тарта пікір жазылды. Көпшілігі «қызыңа неге ие болмайсың?» деген сыңайда. 

Бұл енді ең күлкілі пікір. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген мақалдың астары терең-ақ және ол қыз балаға ғана қатысты емес. Үйінде ең бір тілалғыш, аңқау кейіпте жүретін мыңдаған жасөспірімнің ішінде «ит өліп» жататыны рас. Олар ата-анасының қаперіне де кіріп-шықпайтын нәрселерді біледі және біліп қана қоймай, байқап та көрген. Ол таксикомания, есірткінің не бір түрі, электронды темекі, айта берсең толып жатыр. Олардың көпшілігі жыныстық өмірді бесіктен белі шықпай жатып-ақ бастап кеткен. Сондықтан олардың монтиған түріне қарап, «алданып» қалуға болмайтыны рас.  

Кюнеттен кеткен соң, Руслан екеуіміз «қайдан ақша табамыз» деген нәрсенің төңірегінде бас қатырдық. Оған менің «ДАК хаустағы» тәжірибем ұнап, сол идеяны өзіміз жүзеге асырайық деген ұсынысын айттық.

Біз ұйымдастырған алғашқы шығармашылық кешке 70-80 адам жиналды, бірақ одан ешқандай пайда тапқан жоқпыз. Кьюнеттегі, Шабыттағы музыкант балаларды шақырып, «Түнгі студия» клубында екінші шығармашылық кешті өткіздік. Шыны керек, мұнда келген адамдардың 60-70 пайызы Кьюнеттегі таныстарымыз болатын. Сондықтан залды жалға алу, музыканттардың гонорары деген сияқты шығындарға бұл жолы да ақшамызды әрең жеткіздік.

Руслан әкімшілік жұмыстарға жауап беретін де, музыканттармен жұмыс менің мойнымда еді. Келген қонақтарға арнайы білезік тағып, билет сатумен де өзім айналыстым. Бұл жолғы талабымыз да ойымыздағыдай шықпады, біз тағы да «минусқа» кіріп кеттік. Мен ұйымдастыру шараларымен жүргенде, бір музыкант сыраға қызып алып барменмен ұстасыпты. Ол ішкен сырасының ақшасын «ұйымдастырушылар төлейді» деп, бізге жүктей салған екен. 

Руслан маған келіп:

 – Нони, егер Ескендірмен өзің сөйлеспесең, қазір төбелес болады, - деді.

Жұмыс уақытында музыканттарға ішімдік ішуге болмайтынын алдын ала ескерткен болатынмын. Ескендірдің бұл қылығына ыза болып кеттім. Оны темекі шегетін жерге шақырып алдым. Ол жерде Дана деген қыздан басқа ешкім жоқ екен.

 – Дана, шығасың ба, біздің сөйлесуіміз керек.

 – Жақсы.

Дана телефонмен сөйлескен күйі шығып кетті. Ескендірдің мас болғаны сонша, теңселіп әрең тұр. 

 – Мен негізі өзімнің міндетімді 100% атқардым. Уақытында келдім, келіскендей бәрін істедім! – деді ол.

 – Айтып болдың ба? Енді мені тыңда. Біріншіден, саған жұмыс уақытында ішімдік ішуге болмайтынын кеш басталмай тұрып-ақ ескерткенмін. Сен менің сөзімді тыңдамай, енді өлгенше мас болып тұрысың мынау! 

 – Қойшы, – деді ол мырсылдап күліп.

 – Иә, сен айтылған уақытта келдің, бірақ сахнаға қалай шыққаның есіңде ме? Мас күйіңде шықтың ғой. Енді осы кешті ұйымдастырып жүрген Русланды, барменді боқтап, төбелес ұйымдастыра жаздағаның дұрыс па?! Сондықтан осы қылығың үшін мен саған бір тиын да төлемеймін! 

 – Бірақ мен...

 – Кешір, сөзімді аяқтайын. Иә, менен көк тиын да алмайсың! Ұйымдастырушылардың атына жазғызып, бардан ішімдік ішуге кім саған рұқсат берді? Барға өз қалтаңнан төле! Қызымды ертіп келдім екен деп енді құтырасың ба?! Негізі сенімен мылжыңдасып тұрмай, бірден күзетке айтып қуып шығуға болушы еді. Айтарым осы! 

Мен «курилкадан» шыққанда Руслан маған «бәрі дұрыс па?» деген жүзбен қарады. Мен басымды изедім. Біз далаға шықтық. Клуб пен Кьюнеттің офисі бір ғимаратта болғандықтан, біз жаяу офиске қарай бет алдық. Шынымды айтсам, сол күні өмірімде бірінші рет адамға дауыс көтеріп, ашуымды көрсетіппін. Далаға шыққанда аяқ-қолым дірілдеп, біреуге қатты айқайлап тастағанымды енді түсіне бастадым. 

– Сен мені білесің, анаумен өзің сөйлеспесең, мен шыдамай төбелесіп кетуші едім. 

 – Иә... Бірақ, мен өмірімде бірінші рет адамға қатты дауыс көтердім.

– Өте дұрыс істедің! Өз қылығынан тапты. Мас болып елдің мазасын алғанын көрдің бе? 

 – Сұмдық!

 – Туындап қалған бір сұрақты шешіп, енді «үһ» дегенде, бармен шақырып, ананың ішкен ішімдігін біздің төлеуіміз керегін айтты ғой. Қалай ызаланғанымды көрдің ғой!

 – Қалай ыза болмайсың, егер он мыңға ішкен ішімдігін бізге төле деп тұрса?

 – Ол маған «менің гонорарымнан төлей салыңдар онда» деді емес пе!

 – Келесі жолы шақырма. Блокқа тыға сал оны. 

 – Сөйтем.

Офиске кіріп едік, «әріптестеріміз» отыр екен. Бәрі де кештің керемет өткенін айтып, қанша табыс тапқанымызды сұрай бастады. 

 – Тағы ештеме де таппадық, - дедік. 

Олар таң қалды әрі сөзімізге онша сенбеді. Руслан екеуіміз таңертеңнен бері аш екенімізді енді сездік. Бірақ ақшамыз жоқ еді. 

 – Камера сенде ғой? – деп сұрады Руслан.

 – Иә,- деп, мен сөмкемді ашып, камераны алмақ болып едім, кішкентай қалташасында ақша жатқанын көрдім.

 – Руся!

 – Не боп қалды тағы? Тек жоғалтып алдым демеші.

 – Жоқ, қуанышты хабар, біз аш қалмайтын болдық, - деп ақшаны алып шықтым. 

Руслан қуанып кетіп, күле бастады. Оның күлкісі маған жұғып, мен де мәз болдым. Күн ауыр өтті, бірақ сөмкеде ұмытылып қалған ақша күрт көңілімізді көтерді.

 – Кеттік, тамақ ішейік.

 – Иә, мына тұрысымыз не?

Сағат түнгі бір жарым болды. Біз тамақтанып алғаннан кейін мен үйге кеттім, Руслан офисте түнейтінін айтты. Мол табыс табамыз деген арманына жете алмаған ол үйіне барғысы келмеді. Шығармашылық кеш ұйымдастыру бізге тиімді емес екенін түсінген соң, басқа бірдеме ойлап табайық деп келістік. 

Бірақ Русланмен қарым-қатынасымыз содан кейін үзіліп қалды. Жаңа жылдан соң екеуіміз бір-ақ кездестік. Соңғы кездесуімізден кейін жарты жыл өтіп кетіпті. Сол кезде Руслан бір қызбен сөйлесіп жүрген болатын. Мен ол бойжеткенмен таныс емеспін, бірақ өзінің айтуынша, ол қызды қатты ұнатып қалыпты. Сөйтіп, жастардың қарым-қатынасы өте жылдам дами бастайды. Кездесе бастағандарына бір айдай уақыт болғанда Анжелика Русланға «бірге тұрайық» деп ұсыныс жасайды. Жігіт келіседі. Басында бәрі жақсы басталса да, бір күні Анжеликаның аяғы ауыр болып қалғаны белгілі болады. 

Руслан ол баланың әкесі өзі екеніне еш күмәнданған жоқ болатын. Енді екі есе жұмыс істеп, молырақ табыс табуды ғана ойлайды. Анжеликаға үйленіп, бала ешқандай мұқтаждық көрмей, толық отбасында өссе екен деп армандайды.

Тек сол бір түні... 

Анжелика тик-ток қарап жатып ұйықтап қалады. Телефоны ашық. Руслан оның әбден ұйқыға батқанын күтіп, ютуб қарағандай болып жатады. Бір кезде Анжеликаның телефонын алып, ванна бөлмесіне бет алады. Бірінші галереяны қарайды, бірақ ол жерде ештеме таппайды. Вацап, инстаграм, бәрі күдік тудырарлықтай тап-таза. Бірақ біреумен жазысқан хаты өшірілмей қалғанекен. Ашып қарағанда, мынадай диалогты оқиды: 

«АНЖЕЛИКА! КАК ЭТО ПОНЯТЬ?»

«Ну, это мое прошлое и это тебя не должно волновать...»

«НЕ ДОЛЖНО ВОЛНОВАТЬ?? ТЫ ШУТИШЬ? ТЫ НОСИШЬ МОЕГО РЕБЕНКА! КАК НЕ ДОЛЖНО ВОЛНОВАТЬ?» 

«Но, Руслан, он...»

«ЧТО НО? ТЫ МНЕ ГОВОРИЛА, ЧТО В ТВОЕЙ ЖИЗНИ БЫЛ ТОЛЬКО ОДИН ПАРЕНЬ! ПОЧЕМУ ТЕБЕ БЫЛО ТРУДНО О НЕМ РАНЬШЕ РАССКАЗАТЬ?»

Сол кезде ол жынданғаннан телефонды төсекке лақтырады. Ол Анжеликаға:

– Сен неге маған шындықты айтпадың? Неге бұлай жасадың? – деп айқайлайды. Екеуі қатты жанжалдасады.

Бірақ махаббатты қиып кету мүмкін емес. Ертеңінде ойланып, романтикалық кешкі ас ұйымдастырып, кешірім сұрамақшы болады. Әдетте, Анжелика түскі асқа үйге келетін. Бұл күні келмейді. Руслан жұмысына кетіп, кешке келсе, Көкшетауда тұратын қыздың анасы келген екен. Кіреберісте үлкен-үлкен сөмкелер тізіліп тұрғанын көреді. Қыз заттарын жинап, кетуге дайын отыр екен. 

 – Бұл не?

 – Мен қызымды алып кетемін. Сен оған айғайлап, дауыс көтереді екенсің, күні ертең ұратын шығарсың? Оған жол бере алмаймын. 

 – Тыңдаңыз, мен кеше оның тағы бір жігітпен жүргенін білдім. Егер бәрін маған бас кезінде айтса, түсінер едім ғой. Мұндай айғай-шу да болмас еді.   

 Осы кезде Анжелика сөзге араласып:

 – Менің сенімен тұрғым келмейді! - дейді.

 – Анашыңның артына тығылайын дедің бе, бұл біздің қарым-қатынасымыз, сондықтан екеуіміз ғана шешуіміз керек, түсінесің бе? 

 – Қызым, кеттік.

«Жақсы» деген Анжелика шығып бара жатып, Русланға: 

 – Бәрібір сенің маған дауыс көтеруге қақың жоқ. Ол сенен бұрын болған махаббат хикаясы еді ғой, - дейді.

 – Бірақ бұрын біреуің болғанын ертерек айтсаң, ондай ештеме де болмас еді ғой...

Әйтсе де, Анжелика Русланның сөзіне құлақ аспай, анасына еріп, Көкшетауға кетіп қалады. 

Руслан сыраханаға барып қайғысын ішімдікпен басқысы келеді. Ол да көмектеспеген соң гүлін, жүзігін сатып алып индрайвермен Көкшетауға тартады. 

Жігіт Көкшетауға түн ортасында келген еді. Анжеликаның үйінің есігін қаққанда анасы шығып, мұны табалдырықтан да аттатпайды. «Анжелика ауырып жатыр, таңертең кел» дейді кеуделеп. Жігіт әкелген гүл шоғы мен сыйлығын әйелдің қолына ұстатып, қонақ үйге кетеді. 

Көрер таңды көзімен атырған Руслан таң атқанда намысы қозып, қыздың артынан жүгірмеуге шешім қабылдайды. Индрайвер шақырып, қайтадан Астанаға қайтып кетеді. 

                                                           Айбек

Көктем мезгілі болатын. Телефон шылдырынан оянып кеттім. Қалың сұр көрпені жамылып ұйықтаған екем, ыстықтап ояндым. Көзімді ашып, телефонды қолға алсам, белгісіз нөмірден біреу хабарласыпты. Бірден каспиге кіріп нөмірді тексердім. 

Мен оның нөмірін өшіріп тастағанмын. Не үшін хабарласты екен?! Оған менен не керек? Сұрақ көп, жауап жоқ. Жарайды, хабарласып білейінші дедім. Дыбыстық сигнал барып тұр. Ол ұзақ телефонын алмады. Бір кезде таныс дауыс естілді.

– Алло? Қалайсың, Нони?

– Жақсы.

– Үйдесің бе? 

 – Иә.

 – Қасыңда кім бар?

 – Қайтесің? Егер Фениксты алып кетемін десең, бермеймін.

 – Фениксты алып кеткім келсе, үндемей-ақ алып кете саламын. Қазір мен Азия паркта жұмыстарыммен жүрмін. Біраздан соң келемін, күт.

Мен бір ай бұрын Фениксты Айбектен алып кеткенмін. Сол үшін хабарласты ма деп ойлағаным да рас.

Қызық, менен оған не керек? Мүмкін, маған қайтып оралайын деген шығар? Бірақ оны қазір көргім де келмейді. Өмірдің бұл сабағын мен жете түсіндім.

Русланмен шығармашылық кеш ұйымдастырып жүргенде бір сүйкімді жігітпен танысқан едім. Ол өзінің мобилограф досымен келісіп, маған  видео түсіріп берген. Сол жобаның арқасында біз жақын араласа бастадық. Ол музыкант болатын. Менен өзі жазған әннің сниппеті ретінде бір видеоны қолдануды сұрады. Мен келісімімді бердім.  Әннің қайырмасы маған ұнап қалған. Бұл махаббатқа енді қайтып сенбеуге бел байлаған қыз туралы. Дәл сол кезде Айбекпен жұбымыз ажырап, бөлек кеткен едік. Сол кезде енді махаббатқа мүлдем сенбейтін боламын деп бекінген едім.  

Бірақ бұл шешімім туралы көп ұзамай-ақ ұмыттым. 

Телефонға қарасам, Айбектің анасы жазып жатыр екен.

«Сәлем, қалайсың? Фениксты Айбек алып кетеді, жарайды ма?» 

Мамасы да жазды. Не болып жатыр өзі?

Түс ауа Фениксті серуендетуге далаға алып шықтым. Ауа-райы керемет болып тұр екен. Аулада балалар шуылдап ойнап жүр. 

Бір кезде көз ұшынан Айбек көрінді. Ол мені бірден байқап, жақындап келді. 

 – Сәлем, қалайсың? - деп құшақтады. Сол сәтте үстінен бір «таныс» иіс бұрқ етті.  «Тағы марафон бастаған ба?!» деп ойладым. 

 – Сәлем.

– Оо, Феникс! Әкеңді сағындың ба? Сені алып келуге келдім, - деді. 

 – Шегіп алғансың ба? Мына күйіңде Фениксты саған бермеймін, - дедім. 

Ол үндемей қалды. Оның үстінде қара куртка, қара кепка бар еді және өзі қара рюкзак ұстап алған. Фениксті көтеріп, айналып-толғана бастағанда, мысық оны жақтыртпай тыжырынып, алдыңғы аяғын бетіне тіреп, итере бастады. 

Феникстің адамдардың айналып-толғанғанын неге жақтырмайтынын сол кезде түсіндім, ол мефтің иісінен зәттей болған сияқты.

Сол ойымды Айбекке айттым да. Ол болса күліп, Феникстің кішкентай марғау кезінде оған «шөп» тартқызғанын айтты. «Қиралаңдап, есі ауып қалды ғой» деп күлді. Ол Фениксты серуенге алып шығып, оны жерден көтеріп алмақ болып еңкейіп, талай рет «көтергенін» де жасырмады.

 – Өткенде бір фейк аккаунттан маған Олжас жазып, сені іздеген, - дедім оған. Олжас оның серіктесі әрі досы болатын.  

 – Телеграмнан ба?

 – Иә.

 – Ол телефонын ломбардқа салып, ала алмай қалған.

 – Нелланы көрдің бе? 

 – Көрмедім, қазір араласпаймыз. Естуімше, Айла екеуі қазір бірге жүрмейді. 

Ол Фениксті көтеріп алып, подъездге кірді. Біз бесінші қабатқа көтерілдік. Әдетте, баспалдақпен көп адам жүрмейді. Сол жаққа барып, тізе бүгіп отырды.  

 – Не жаңалық?

 – Ешқандай.

 – Жұмыс қалай?

 – Жақсы. 

Ол балағын көтеріп, нәскиінен зип пакетті алды. 

 – Не істеп жатырсың?

 – Мынаны бүгін ғана алдым. Телеграм дүкендегі кісі жерлес болып шықты, қызық, иә?

 – Ақшаңды мынаған құртқанша, неге музыкамен айналыспайсың, сенің қабілетің бар ғой? 

 – Мен бұл үшін ақша құртқан жоқпын, айтып тұрмын ғой, жерлеспен таныстым деп... 

 – Бәрібір, иіскеуді қою керек, міне, мен қойдым ғой. Сен тәуелді боп қалған сияқтысың. 

 – Бір ай бұл туралы ойлаған жоқпын, тек бүгін сондай жағдай болып тұр. 

– Не болды?

– Кеше үйге келіп, ұйықтап қалыппын. Телефон ашық қалған ғой, анашым бәрін оқып қойыпты. 

 – Нені оқып қойған сонда?

 – Барлық перепискаларды...

 – Сұмдық болған екен, бұл бәлені сатуды қойсаңшы.

 – Қоям-ау, осы үшін анашыммен ұрсысып қалдым.

Айбек телефонының бетіне бір жол жасады да, иіскей салды. Сол кезде мен оған қарап тұрып, кенет көзім жарқ етіп ашылғандай болды. Осы сәт онымен жұбымыздың ажырап кеткеніне қуандым. Екі-үш ай бұрын дұрыс шешім қабылдаған екенмін деген ой келді. 

Уақыт өтіп жатыр, ал Айбектің әр күні осылай өтуде. Бұл бәлені байларға сатады. «Бай біреудің тәуелді болғаны жақсы, доставкасына жақсы ақша қосып, үстінен табыс көресің» дейді ол.

«Байлардың ақшасын осылай құрту керек... Егер мен олар сияқты бай болсам, мен де «кокос» иіскеп, «шөп» шегіп, түк істемей жата беруші едім».

«Бірақ бізге басқа тағдыр жазылған».

Қызық, неге бұрын байқамағанмын? Осы кезге дейін мен онымен бірге болғанда, «құтқарушы» позициясында болған екенмін. Оның өзгеретініне ақырына дейін сендім. «Уақыт өте бәрі басқаша болады, бұл «кәсібін» қояды, музыкамен айналысып, адам қатарына қосылады» деп сендім. 

Енді қарап тұрсам, бәрі бекер екен. Ол өзгеретін емес.

Есесіне, мен Айбектің анасымен жақсы тіл табысып кеттім. Ол кісі өте ақ көңіл, жақсы адам. Айтулы мерекелерде Айбек маған ешқандай сыйлық жасамады, көңіл бөлмеді. Жай ғана жоқ болып кететін. Сол кезде біз оның анасымен кездесіп, кафеде шарап ішетінбіз, бір-бірімізге сыйлық жасайтын едік. 

Соның бәрі ойыма оралып, оған ұзағырақ қарап қалсам керек.

 – Олай қарамашы... Мен саған сыйлық алып қойдым, - деді.

 – Сыйлығың қайда? 

 – Бүгін өзіммен әкелген жоқпын.

Айбектің маған иіссу алып жүргенін анасы айтқан. Сондықтан бұл сөзіне сендім. Бірақ әпендім аяғына дейін құнттап, сол сыйлығын ала келуді бүгін қаперіне алмапты. 

 – Фениксті алып кетемін десең, адам сияқты келмедің бе? Мынауың не? Бұл иісті жек көретіні оның түрінен көрініп тұр ғой. 

 – Жоға, «кайфтың» қатысы жоқ, - деп жігіт Фениксті қолына алмақшы еді, мысық тағы да оны тырнап, жақтырмай қашты. 

Химияның иісі оған, расымен де жақпайды екен, соған бүгін анық көзім жетті.

 – Ах, Феникс, сатқын екенсің!

 – Көрдің бе?! Дұрыс айттым ғой. Ертең сау күйіңде кел. Сол кезде әкетесің!

 – Жақсы, сыйлығыңды да ертең әкеліп тастармын. 

 – Рахмет.

 – Айтпақшы, қандай торт жейсің?

 – Керек емес, әкелмей-ақ қой.

 – Жақсы, кез келгенін әкеле беремін онда. Сау бол!

 – Сау бол!

Айбек туралы менен біреу сұраса, оның ертең-бүрсүгүні, жалпы алдағы күндері не істейтінінің бәрін Ванга секілді болжап, дәл айтып бере аламын. Ол бүгін «иіскеуді» бастады, демек, бұл ұзаққа созылады деген сөз. Шөп шегу ол үшін құдды бір күнделікті таңертең тұрған кезде жуынып-шайынатын қалыпты рәсімге айналғалы қашан. Сондықтан оның ертең де, келесі күні де айналып соқпайтынына жүз пайыз сенімді болдым. 

Ертеңінде ұйқыдан тұрғанда, телефонға қарасам, Айбек хабарласыпты. Не үшін екенін білейін деп, қайта қоңырау шалдым. 

 – Алло?

 – Келесің бе?

 – Нони, қазір жұмыспен жүрмін, кешке соғармын, жарай ма? 

Бұл біздің соңғы рет сөйлескеніміз болды. Меніңше, ол сол күннен бастап «марафонды» бастап кетті. Міне, бүгін үшінші күн. Үш күн бұрын Фениксті алып кеткісі келетінін, басқа да өлердегі сөздерін айтып еді.  Мысық үшін бәрін беруге дайын болатын. Ал енді хабарсыз кетті. Енді не істесе де өзі білсінші.  Бұл бәлені иіскеп, шеккеннен өзі әбден қу сүйек болып біткен. Тамақ бойына жұқпайтын болған. Ол өзгере ме, жоқ па, кім біледі? Бірақ енді қанша «марафон» жасаса да, менің шаруам қанша? 

                                                  Жаңа мақсат

 «Future Education» кеңсесінің терезесінен алғашқы күн шапағы сығалағанда, үйге қайтуға мұршалары болмай, компьютерге үңіліп түнімен көз майын тауысқан үш жігіт отырған орындарында қылжиып ұйықтап жатқан еді. Қыркүйек соңы болатын, күз келгелі бұл кеңседе жұмыс бастан асып кеткені рас.

Менің мұнда менеджер болып жұмысқа орналасқаныма біраз болған.  Жетекшінің тапсырмасын орындап, жұмысымды мұқият атқарамын. 

Таңертең қызмет көлігімен айтылған мекен-жайға барып, аққұба бозбаланы салып алдым да, зырғытып отырып, кеңсе орналасқан зәулім тұрғын үйдің бірінші қабатындағы «Bon Bon» кофеханасының алдына бір-ақ тоқтадым.  Жоғарғы қабатқа көтерілу үшін жеделсаты жақты бетке алып бара жатып көз қиығын тастағанда, кофе ішу үшін төменге түскен бірге істейтін жігіттер жол бойы тырс етіп үн қатпай, өзін тым тәкаппар ұстаған әлгі жігітпен шұрқырасып амандасып жатқанын байқадым. 

Жігіт те отыз екі тісін жарқырата күліп, бас директормен емен-жарқын қауқылдасып мәз. 

Жалбыз қосылған бір күрешке шәйді ішіп болар-болмаста бірінен кейін бірі безілдеп ала жөнелген қос телефонның құлағынан түспедім. Сағат тоғыз жарымнан бастап, бұл жерге келіп түсетін қоңырауда толас болмайды, соларға жауап беріп, ақпарат айтып үлгеруім керек. Қалада бұл кеңсенің бәсекелестері жетіп артылады, сондықтан бір кішкене босаңсысаң, тұтынушылар өзгелеріне ауып кетуі ғажап емес. 

Түстен кейін журналдағы жазбаларды мұқият тексеріп, белгілейтіндерін белгілеп болған соң, жинала бастадым. Күн сенбі болғандықтан, жұмыс күні ертерек аяқталатын. Бұл кеңседегі жұмысым өзіме ұнайды. Төленетін еңбекақысы да жақсы әрі бұл жердегі «озық милардан» керегіңді үйреніп, мотивация алу мүмкіндігі зор.  

Сөмкеден түссіз ерін далабы мен әтірді шығарып, айнаға асықпай қарана бастадым. «Miss Dior», сөз жоқ, талғампаз аруға лайық. Оны маған осы жерге келіп жүретіндердің бірі күтпеген жерден сыйлап кеткені бар. Айбектің әкеледі деген иіссуын күте-күте ақыры күдерімді үзген едім. 

Хе! Әрине, бұл – әзіл. 

Сыйлыққа әтір алғаныма басында қуанғаныммен, қызық содан кейін басталды, әлгі адам артынша қайта-қайта қоңырау шалып, өз бұйымтайын тықпалағаны бар емес пе?! Амалсыз бас директордың алдына кіріп, онысын шешіп беруге тура келген. 

«Тегін батпан құйрықтың жолда жатпайтынын» сол жолы түсінгендей болдым.

Мен бұл кеңседе «барып кел, шауып келдің» адамымын, өз жұмысымды мүлтіксіз атқарғаным болмаса, ішкі жұмыстарға мұрын сұғуға онша құлқым жоқ еді.  Бірақ бас директор мені жанынан тастамайтын.

Жұмысқа басымен кіріп алған қызметкерлер жаққа қабылдау бөлмесінің шыны қабырғасынан көз жібергенде, олардың бүгін де үйлеріне қайтқысы жоқ екенін түсіндім. Бұл жерде өткізген әрбір сағаты ақшаға айналып, есепшотқа құйылып жатса, қайда асықсын? 

Бұлар бір рет «иіскеу» үшін ақша таппай сенделіп жүретін Айла, Нелла немесе Айбек пен Мәди емес қой. Салмақты, қызметі жоғары сұранысқа ие ІТ мамандары. Қолға алған жобаларын қашан аяқтағанша енді  дала бетін көрмейтіндері анық. 

Таңертең көлікпен арнайы барып алып келген жігіттің аты Елдар еді.  Ол бас директор Абзалмен бірге Американың үздік оқу орындарының бірінде оқыпты. Ноутбугына үңілген күйі фастфуд жеп отырған жігітке қадала қалғаным сол еді, ол да бірдемені сезгендей, жалт қарамасы бар ма? 

Тіпті көзімді аударып әкетуге де үлгермей қалдым. Сол үшін қысылып қалып, әлгінде ғана мұнтаздай етіп жинастырып қойған үстелімнің үстіне үңіле кетіп, әр нәрсені бір сипалақтадым да қалдым. Тағы бір көз қиығымды салғанда, жігіт орнынан тұрып, терезе алдына барғанын көрдім.

Сол тұстан сыртқа қарағандағы көріністі көз алдыма елестеттім: ол көліктер ию-қию болып жататын жол торабын, Есіл өзенінен тік түсетін көпірді, пирамидаға ұқсайтын ғимаратты, жас талдары сары желекке оранған кішігірім бақты, басқа да биік-биік үйлерді, жаяу жүргінші көп жүре бермейтіндіктен, үнемі жалғызсырап жататын кең тротуарларды көріп тұрған болар?

 «Бұл қылығыма жол болсын», - деп ойладым мен.  Сөйттім де, бойымды тез жинап алып, шығар есікке беттедім. Бүгін-ертең демалыс болғандықтан, кеңсеге тиесілі көлікті паркиңге қойып кетуім керек. Сосын аялдама жаққа барамын. 

Жеделсатыға жақындай бергенімде, «өзі бір сүйкімді жігіт екен» деген ой санамда жылт ете қалды. Мен қазір өз-өзімді іздеу үстінде едім. Махаббаттан талай аузым күйген басым бойымнан қандай да бір нәзік сезімнің бас көтеруін қаламайтын болғам. Сондықтан бұл ойды дереу қуалап тастауға асықтым.  

                                                                Елдар

Осыдан төрт жыл бұрын, Елдар ешкіммен ақылдаспастан, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға тапсырып, түсіп кетті. Енді ол Алматыдан Астанаға келіп, Америкаға ұшатын уақытын күткен. Мұның алдында Алматыдағы бір оқуға грантқа түскен болатын, бірінші курсын жақсы аяқтаған. Алайда, шетелге кететін болған соң, ары қарай жалғастырудың ендігі еш мәні жоқ еді. Бір жыл бұрын «Алматыға оқуға түсті» дегенде, сол жақта тұратын  тәтесі қолын төбесіне қойып, азар да безер болған: «Елдарға Алматыда қиын болады, мұндағы жастардың қалай киінетінін білесіңдер ме? Елдар босқа ұятқа қалады ғой, сол Өскеменнің университетіне түсіре салыңдар. Барлық жердің дипломы бірдей емес пе?!» - деп, безектеген. Мұны естіп анасы шын уайымдады:

– Біраз ақша берейін, тәтеңе бер, саған базардан дұрыстау киім әперсін, - деп, алдында берген ақшасының үстіне тағы біраз қосты.

 – Анашым, кредиттерің бар ғой, керек емес, - деді Елдар. 

Өзінен үлкен екі қыз бірінен кейін бірі күйеуге кетіп, ата-анасы несиенің батпағына белуардан батып қалған-тын. Оның алдында екеуін елден қалдырмай оқытып, дипломдарын әперген. Талай жыл мектепте мұғалім болып істейтін анасының өкшесі желінген бір топылайымен бірнеше жыл жүргені онысыз да Елдардың жанына бататын. Жүзіне қарап еді, жүрегін біртүрлі аяныш сезімі шым еткізді. 

Алматыға әрең жіберген әке-шешесі мұны Америкаға өлсе жіберер ме? «Қол қысқа, оқыта алмаймыз», - дер. «Ақшасын мемлекет көтереді» дегенді түсіне қоймас. Олар білетін үкіметте «тегін жатқан батпан құйрық жоқ, артынан желкелерінен екі есе етіп сығып алар». Бірден осындай дау шығады, екі-үш ай үйде жатып алса, «оқуын тастап кетіпті» деп ел шулайды. «Жалғыз ұлды оқытуға шамалары келмепті» деп мүсіркей бастайды. Осындай мағынасыз бас аурудан қашып, ауыл жаққа маңайлағысы келмеді. 

Елдар өз өмірінде талай қиыншылықты басынан кешіргені рас. Ақшасыз да жүрді, вокзалда да түнеді. Тек Америкаға барған соң ғана жақсы стипендия алып, оның үстіне қосымша жұмыс та істеп, өз-өзіне келген. Сол кезде жас жігіт «енді ешқашан жоқшылық көрмеймін» деп өз-өзіне уәде берген-ді. 

Елдардың жолы болды: ол бұл жақтан жақсы дос тапты.  Абзал Гарвардта Елдардан бір курс жоғары оқитын. Бірақ бірнеше жыл бойы екеуі пәтерді бірге жалдап тұрған еді. Абзал дипломын алған соң, Астанаға барып тұрақтады да, өзі армандаған бизнесін ашты. 

Оған өзімен Америкада бірге оқыған «озық миларды» тартқан. Бірақ әрдайым командасына бір адам жетпей тұрғандай сезілетін, ол – Елдар еді. Басқаларда ми болса, Елдарда ми да, мінез де бар. 

Маңызды кездесулерде Елекең қашан да өз позициясын қорғап алып шыға алады. Ешқашан артқа шегінбейді. Студент кезінде тік мінезімен талай қиындықтан шығып кеткені рас.

Бірде алда қиын емтихан тұрды. Елдар өзінің дайындық деңгейін таразыға салып, жетпіс ұпайдан жоғары ала алмайтынын шамалады. Профессордың алдына келгенде, ағынан жарылып:

 – Сіз қазір маған жетпістен жоғары ұпай қоймайсыз, сосын мен стипендиядан қағыламын, пәтерақымды төлей алмай, қосымша жұмысқа тұрамын. Сананы тұрмыс биледі дегенше, келесі семестр келгенде дайындалуға тіпті жағдайым болмайды дей беріңіз, тіпті жетпіс ұпайды да ала алмай, оқудан шығып қалатын шығармын. Сол кезде бір тағдырдың осылайша тәрк болғанына сіздің тікелей қатысыңыз болмай ма? – деген. 

– What are you saying? 

Елдардың мына сөзін естіген жап-жас профессор әйелдің көзі атыздай болған еді. Баға сұрау сынды «қазақи синдроммен» өмірі бетпе-бет келіп көрмеген америкалық профессор Елдардың жоғары ұпай қойып беруін өтінген келесі сөзінен кейін тіпті есінен тана жаздады. Тіпті орнынан тұрып та кетті. «No, it will not!» деп, басын ұстап, оңды-солды жүре бастады. 

 – Олай болса, өзіңіз білесіз, жағдай мен айтқандай болады», - деген Елдар, мұңайғандай кейіп танытып. Сөйтіп аудитория есігіне қарай бет алған. 

Профессордың эмпат адам екенін ол жақсы білетін. Яғни, «адамзаттың бір пақырына» деген аяушылығын оятпақ болып, жігіт оған психологиялық «қысымды» әдейі жасаған болатын. Бұл қитұрқы амалының жеміс берер-бермесін болжай алмаса да, оның басқа амалы қалмаған. Дегенмен артынан өз аты-жөнінің тұсында тоқсан ұпай тұрғанын көргенде, көкірегін кере бір тыныс алғаны бар. 

Ал Абзал болса, өз мінезінің солқылдақтау екенін жақсы білетін. Бірақ оның бойында қулығы басым еді. Сондықтан Елдармен бірге жүргенде, бірлесіп алмайтын қамалдары болмайтынын Абзал жақсы түйсінетін. 

Абзалға ұнайтыны, Елдардың адалдығы мен турашылдығы. Біреулермен сөзге келіп қалса, көп тәжікелесіп жатпай-ақ, керек жерінде жұдырық та жұмсап үлгереді. Нью-Йоркте кеудесіне нан пісіп жүретін талайлармен төбелескен кездері болған. «Номадтармен ойнамаңдар!» деп ақыратын. Абзалдың өзі болса, әділ дауда дес бермегенімен, жұдырықтасуға мүлдем жоқ-тын. Мінезі мен әрекеті қарама-қайшы осынау екі жігіттің бір-бірімен жан аямас дос екенін білетіндер мұның себебін еш түсінбейтіні рас. «Бастары бір қазанға қалай сыйып жүр?» деп таң қалатын. 

Дүйсенбі күні таңертең Абзал мені шақырып алды. Елдар екеуі отыр екен. «Нонимен кеше таныстың ғой?» деді Абзал Елдарға қарап. Ресми аты – Жания болады. Елдар басын изеп, жымиды. Ендігі әңгіме жұмыс ауанына көшті:

– Елеке, мен саған бір нәрсе айтсам сенбейсің, қазір үлкен проблема болып тұр. Шынымды айтсам, неше күннен бері ірі инвестормен бір келісімге келе алмай, әбден басым қатып отыр. 

 – Жақсылап ойланса, шешілмейтін проблема болмайды, - деді Елдар Абзалдың көңілін сергітпек болып. 

 – Эх, не істеу керек? – деп, Абзал иегін сипалаған. – Инвестор жобаға ақша құю үшін кепіл бола алатындай тағы бір үлкен серіктес компаниямыз болуын талап етіп отыр. 

 – Джорж бар емес пе? Біздің адал досымыз.

 – Оны араластырғым келмейді, оның мына жобаға бөлген ақшасы онысыз да өте үлкен. Ана кісі болса: «ол жақта сенімді өкілдерің болмаса, бұл оқу орталығы дайындап шығарған түлектер мұхит асып, шетелге білім қуып барғанда, айдалаға келгендей болмай ма?» - дейді. Бір жағынан, оның да сөзінің де жаны бар. 

 – Онда алдымен қолайлы-ау дегендердің тізімін жасайық, сосын кездесіп сөйлесеміз.

 – Шетелдік компаниялар орта Азия елдеріндегі білім беру салаларына күмәнмен қарайды, өздеріне пайда әкелетініне сенбейді. Келісе қоймас.

 – Сен қазақтың Стив Джобсы емессің бе, көндір біреуін. Артқа шегінбе.

 – Солай ойлайсың ба?

 – Әрине. 

 – Айтпақшы, өткенде кездескен инвестор бар еді ғой, соған айтсақ?

 – Онда тағы сонымен кездесейік.

Елдар басын изеді. Абзал қолына телефонын алып, қоңырау шалған соң: 

 – Кездесуге шақырып жатыр, не істейміз? – деді. 

 – Барайық.

 – Қалай болар екен?

 – Уайымдамашы, бәрі дұрыс болады, - деді Елдар.

 – Солай ойлайсың ба?

 – Ең бастысы, жақсылап сөйлес, сендір. Мен қасыңда боламын. 

  – Сенің бір риза болатын қасиетің осы, қысылған кезде әркез қолдау білдіре аласың.

 –  Достым, ештемеге саспашы!

 – Онда кеттік, Нони, сен де бізбен бірге барасың.

Инвестор өткендегідей емес, бізді сабырлы кейіппен қарсы алды. Қасындағы заңгерлері мен көмекшілері оны-мұны сұрап, біраз тексерудің астына алғанда, үнсіз тыңдап отырған.

– Кепілдік бере аласыңдар ма? – деген сосын. Осы кезде Елдар салмақты дауыспен:

– Кепілдік бере алмаймыз! –деді. 

Арада бір сәт өлі тыныштық орнаған. Абзалдың сасқалақтап қалғаны білінді. 

 – Түсінбедім, - деді инвестор оған сұраулы жүзбен қарап.

– Сізге жүз пайыз кепілдік бере аламыз деп бірден уәде беретіндерге сенбеңіз, ешкім де алда не боларын дәл болжап, нақты кепілдік бере алмайды. Бірақ біз барлық білім, тәжірибемізді жұмсап, бастағалы отырған ісімізге жүз пайыз беріліп жұмыс істейтін боламыз. Сізге берген уәдеміз осы болсын! 

Инвестордың риза болғаны түрінен көрініп, кенет күліп жіберді.

 – Сен жігіт маған ұнайсың, - деді сосын. – Алысқа барасың!

Бұл жолы екі тарап ортақ келісімге келіп, бизнес орталығынан қуанып шықтық. 

Келесі күні Абзал мені кешкі асқа шақырды. 

– Бүгін өткендегі жобадан жап-жақсы ақша түсті, саған да жақсы ақша аударамын, Нони! 

 – Рас па? - дедім таң қалып. 

 – Сенің де еңбегің бар, жұмысыңа көңілім толады, - деді бастығым.

 – Рахмет, - дедім қуанышымды жасыра алмай.

Абзал менен көзін алмай қарап отырды да:

 – Мен Америкада оқып жүргенде бірнеше жұмыста істегенімді айтып едім ғой, сондағылар мені «қазақтың еврейі» деп атайтын. Егер сен шығыстың қызы болсаң, орта жүз болдың ғой? - деді.

 –  Иә. Ал өзіңіздің руыңыз кім?

 – Біз бәріміз қазақпыз. 

 – Сонда да?

 – Қызық болды, жақында ДНҚ тест тапсырдым. Менде кімнің қаны жоқ қой дейсің? Тіпті екі пайыз австралиялық аборигеннің қаны да бар болып шықты ғой.

 – Ата-бабамыздың атының тұяғы Австралияға да жеткен бе? – дедім күліп. 

 – Түркілердің баспаған тауы жоқ қой, мынау дөңгеленген дүние жаратылғалы адамның басы қайда домаламаған.

 – Рас, қызық екен!

 – Сен де тапсырып көр, небірі жүз доллар тұрады.

Мейрамханадан шыққан соң, екеуіміз аяңдап аллеямен жаяу жүрдік. 

– Бала кезімізде, интернатта оқып жүріп, осы көшелермен талай жаяу жүргенбіз, - деді Абзал тамсанып. – Балмұздақ жегің келетін, бірақ ақша бола бермейтін. Қазір ақша бар, көп нәрсеге зауқың жоқ. 

 – Өмірдің мәні, демек, ақша табуда емес қой?

 – Адам ми мүмкіндігін дұрыс пайдалана білсе, қалағанының бәріне қол жеткізеді.

 – Кейде жалқаулық желкеге отырып алатыны бар.

 – Оның бір дауасы, таңертең тұрып, үйден шығып кету керек. Адамдармен араласу, ақпарат алу, энергия алмасу – өмірдің қозғаушы күші ғой.

Абзалдың философтығы ұстап, әңгіме тізгінен жіберді. Ол сөйлескеннен ләззат алатын. Жұмыс дегенде оған тәуліктің жиырма төрт сағаты жетпей қалатын тәрізді. 

Ол мені біздің үйдің подъезіне дейін шығарып салды. Сол кезде жігіттің жанарынан жылт еткен өзгеше бір ұшқынды байқап қалдым. 

Ол менен небәрі төрт-бес жас үлкен болса да, бұған дейін Абзалдай үлкен дәрежедегі адаммен өзімді қатар елестете алмаған едім. Бір жағынан қызығушылығым оянып, көңілім де күрт көтерілгендей болды. Кенет жымиып сала берген мен жігіттің бетіне ұзақтау қарап қалғанымды сезбедім. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар