Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №21 шығарма...

04.05.2023 1914

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №21 шығарма 14+

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №21 шығарма - adebiportal.kz

Мақтақыз

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №21 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Күрең түске боялған күн қызыл іңірде көкжиектен асып алтынды шұғыласымен далаға көрікті нұрын төгіп тұр. Сол жағымнан сыбырлай ескен қоңыр жел желкемдегі шашымды жанарыма қарай желпімегенде осы бір сүйкімді суретті әлі  қимай отыра берер едім. Көзіме түскен бір тал шашты асықпай артқа қайырдым да, орнымнан тұрып үйге қарай беттедім. Қалада үйлер қымбат болған соң, шаһар сыртындағы шағын ауылға отбасымызбен көшіп келгенбіз. Осында қоныстанғалы екі ай болды, сыртқа шығып топ болып тұрған қыздардың қасына барамын деп оқталамын да, табиғатымнан тұйық болғандікі болар, табалдырықтан тысқа қарай аттай бере бойыма біткен кісікиік болмысым ол ойымды болдырмай жібереді. Жалғыз жүргеннен жалыққан соң кешке бір уақыт қырға шығып, дөң басына көтеріліп барып шағын ауылдың ана басы мен мына басын көзіммен бір шолып шығамын. Сосын екі-үш көшені ары-бері айналып, қайтіп үйге келемін. Қасымда әйтеуір бобик атты қара күшігім бар. Оны көшер кезде жалғыз өзін тағдыр тәлкегіне қалдыруға қимай өзіммен бірге алып келгем. Ендігі серігім осы күшік. Қайда барсам да бірге жүреді, көлеңкемнен бір елі қалмайды. Өзі ит нәсілінің ақылдысы, тұрқы бөлек, бәрін түсінеді. Кейде ақылы кейбір адамдардан артық па дейсің. Ырқымнан тыс өзіммен – өзім сыбырласып кететін әдетіме салғанда, түймедей көздерін қадап, тып-тыныш тыңдап отыра қалады. Оған көзім түсіп кетсе сандырағым бірден сейіліп, езуіме күлкі үйіріле қалады. Үнемі сыртқа қайырылып тұратын, өзінен екі есе үлкен үлпілдек құйрығы оның басқа күшіктерден бөлек екенін бірден білдіреді. Иттің тегін кім зерттепті, бірақ бобиктің тегінің тегін емесі анық, өйткені ол басқа күшіктер ұқсап не болса соған шәуілдемейді. Қазір де менің көңілсіз күйімді сезіп, екі құлағы сөлпиіп соңымнан ілесіп келеді. Жаныңда бір тірі тіршілік иесінің бары да кейде көңілге медеу ғой. 

Мектеп басталғанша шыдау керек, сабақ басталғанда өз сыныптастарым болады, олардың ортасында жалғызсырамаймын деп өзімді жұбатқандай боламын. Жалғыздық – адамды өсіреді деуші еді, сол рас сияқты. Үйдің жетім бұрышындағы сөрелерде сіресіп тұрған кітаптарды бұрын елемесем, қазір көз сүріндіре бастадым. Жетім бұрыш болатыны, әкем кеткелі ол жерге ешкім аяқ баспайды. Әкем қазір тірі болса, осы кітаптарды шетінен оқытып, сол жайында менің ойымды сұрар еді. Бірге талқылар едік. Көзі тірісінде бір қолымен бүйірін уқалап, екінші қолымен кітаптың беттерін парақтап отырушы еді. Жылдар бойы алысқан ескі ауруы ақыры алып бітті. Әкемді қара жер қойнына алғанда мен жетінші сыныпта едім. Өмірінің соңғы сәттері әлі күнге көз алдымда. Төсек тартып жатып қалған. Жағдайына жаным ауырған мен нымша тоқуды себеп қылып жанында отыратынмын. Құдайдың құтты күні үйге көңіл сұрап кісілер келеді. Келген адамдардың жұбаныш сөздерін естіген сайын тамағыма өксік тіреледі, адамның әлсіздігін әшкерелейтін көз жасты көрсетпеуге жанталасып отырғаннан жаным одан сайын жаншыла түсетін. Жарық дүниедегі шырағы сөнуге шақ қалған адамға айтылатын жақсы сөздердің барлығы менің жүрегіме шаншудай қадалатын, өйткені «Бәрі жақсы болады, әлі шауып кетесіз» деген сөздің артында шарасыздық тұратынын түсінетінмін. Олардың әкеме мүсіркей қарағанынан жанында нымша тоқып отырған менің жан дүниемді жалғыздық жайлап жатқандай болатын. Әкем қабырға жағалап жүруден де қалды. Қимылсыз жатады. Арасында көзін ашып ернін жыбырлатқандай болады. Күні – түні кезерген еріндерін сулап дәкемен дымқылдандырып отыратын анамның көзінде үнемі мұң жүретініне үйреніп кеткенбіз, себебі әкем бала кезден жабысқан аурумен өмір бақи алысты. Анамның күліп жүрген күндерін еске түсіру қиын. Көбіне қабағын қалың уайым басып жүреді. Анамның жастық шағы менің көзімде бір бейнеде ғана қалып қойыпты, ол қоңыр пальто, жиегінде шашағы бар гүлді орамал мен сұр етігі. Ал жаз шықса, көк ала көйлегін тастамай киеді. Бала кезімде анамды тек сол киімде көріп өстім. Өзі де «Өмірі иығым жылтырап киім киіп көрмеппін» деп отырады. Әкем анамды құс қанатының көлеңкесінен де қызғанатын. Соған қарамастан мектепті аяқтамай жатып алып қашып келген анамды оқытып, жұмысқа орналастырды. Ауыл адамдарының «Қатынды қай ақымақ оқытады?» - деген сөзіне әкем: «Анасы сауатсыздың балаларының болашағы бұлыңғыр» - деп жауап беретін. Үйде қаршадайынан заманның заһарлы күндерін басынан кешірген, бірақ кез келген қиындыққа қасқая қарсы тұратын, қайраты боранға төтеп бере алатын қайыспас қарағайдай, тірі пендеге тілі тимеген, ешкімді сырттай сөкпеген әжем болды. Үйдің кенжесі болғандықтан көп бейнет, көп жылдардың ізіндей болып, бетіне түскен қатпарлы терең әжімдері ескі күндердің таңбасы сияқтанатын әжемнің әжетіне мен ғана жарап жүрдім. Үлкендер бірі оқуда, бірі тұрмыста болды. Таңертең көзімді тырнап ашқаннан пештің үстінде нан бөктірілген сүт тұрады. Бетімді жумастан тостақтағы сүтті сіміріп салып, жібіген нанды екі жұтып мектепке қарай жүгіремін. Мектеп екі аттам жерде болды. Сол үйдің іргесіндегі мектепке кешігумен орта буыннан да өттім-ау. Бірінші сабақ үнемі математика болатын. Бір көшенің бойында тұратын құрбым екеуіміз күндегідей бірінші сабаққа кешігіп келдік. Екінші қабатқа мысықтабандап көтерілдік те, біріміздің артына біріміз тығылып, есікті жайлап ашып, қайта жауып қашып кеттік. Құрбым ағайдың бізді байқап қалғанын айтты. Бірінші қабатқа тапырлап түсіп, баспалдақтың астына барып, тым-тырыс тығылып отыра қалдық. Астында отырып, ағайдың түсіп келе жатқан көлеңкесін көзбен бақылап отырмыз. Әлгі көлеңке бізге жақындап келеді. Біз қорыққанымыздан демімізді шығара алмай қалдық. Бір уақытта көлеңке жоғалып кетті. Енді құтылдық-ау деп сыбырласа бергенімізде, баспалдақтың жанында сұқ саусақ бізді өзіне қарай шақырып тұр екен. Қақпанға түскенімізді түсінсек те, ұялғанымыздан ба, әлде қорыққанымыздан ба шықпай отыра бердік. Бізден ешбір белгі болмаған соң ағай еңкейіп қарады, көзілдірігін мұрнына көтеріп, үндемей сабағына кетті. Бәрінен сол үндемеген қиын екен, қандай жаза қолданар екен деп іштей қиналасың, бірақ ағай осы жолы бізді жазалаған жоқ. Содан кейін біз бірінші сабаққа кешікпейтін болдық. Анам бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Сабақ арасында үйге жүгіріп келіп төсекке таңылған әкемнің дәрілерін беріп қайтып жұмысына жүгіріп кетеді. Бақша, шұрқыраған қаз -тауық, бір сиыр мен ұсақ малымыз бар. Үйдің кенжесі болғандықтан, ондай шаруаға мені көп жұмсамайтын. Аула шаруасы анамның мойнында. Кешке қақпадан кіре бергенде анамды көрген қойлар маңырап, сиыр мөңіреп, тауық қыт-қыттап аула іші азан-қазан болады. Киімін ауыстыруға мұршасы келмей дәлізге сөмкесін лақтыра сала анам темір шелегін қолына ұстап қораға жүгіріп мал жайғайды. Суын беріп, ақырларына шит-шөбін салып болған соң сиырдың желімін жуып, темір шелектің түбін дызылдата сиыр сауады. Одан үйге келіп бізге тамақ беріп, түнде өзімен көтеріп келген дәптерлерді тексеруге отырады. Сол тіршілік күнде қайталанады. Әкемнің жағдайы күн сайын нашарлап барады. Демалысы жиілеп, көзін ашуы сиреді. Көңіл сұрап келушілер көбейе бастады. Мен әкемнің бас жағында отырып нымша тоқуды тоқтатпадым. Тоқып отырып көзіме келген жасты бет орамалмен басып қоямын. Келгендердің айтатыны сол баяғы «Бәрі жақсы болады, әлі шауып кетесіз». Ол сөз маған ауыр естілетін. Бала күнімнен сол сөзді суқаным сүймейді. Өйткені ол үлкендердің үмітсіз өмірді көре тұра сыпайылық үшін айта салатын екіжүзділіктің көрінісі болып қалған. Әкем көзін анда-санда ашудан да қалды. Денесі ісініп кетті. Ауылдың дәрігері келіп, әкемнің бүйрегінің істен шығып, сондықтан зәр денесіне тарап жатқанын айтты. Анамның уһілі көбейді. Әкемнің нашарлап жатқандығы жайлы хабар жеткен болу керек, үйге тұрмыстағы әпкем келді. Тілі томпайып, аузына сыймай кеткен әкемнің күйін көрген әпкем бетін басты да, екі иығы селкілдеп бөлмеден шығып кетті. Демалысында қырыл пайда болды. Тыныс алуы қиындағанда күтпеген жерде қор ете қалатын. Бөлменің бір бұрышында нымша тоқып отырған мен шошып жылап жібергенде ғана анам мені байқады да, иығымнан жайлап итеріп бөлмеден шығарып жіберді. Бәріміз кіре берістің бұрыш – бұрышында бетімізге орамал басып жамандықтың болатынына мойынсұнғандай бүрісіп отырмыз. Әкемнің қасында анам мен үлкен ағам қалды. Бір уақытта ағам есіктен еңкілдеп шықты. Жанымда отырған әпкем еңіреп қоя берді. Сол сәтті көз алдыма келтірсем әлі күнге сай сүйегім  сырқырайды. Содан кейін мен нымша тоқуды біржола қойып кеттім. 

Осы ауылға көшіп келер алдында біз Өзбекстанның кішкене ауылында тұрдық. Ол жақта отын жағып көрген емеспін, шет жақтағы ауыл-аймақтың барлығына газ өткізілген, бірақ күзде мектеп басталысымен қара жерге қар түскенше жаппай мақта терімге шығамыз. Күзде оқушылар өкіметке көмектесу үшін мақта тереді, қыста мектепте жылу болмай мұғалімдер келмейді, сонымен жылына толыққанды көктем мезгілінде үш ай ғана оқимыз. Балалық шағың қайда өтсе ол кеңістік сенің жадыңда өміріңнің ең жауһарлы сәті болып қалады екен! Сол шуақты шақтарға ойша саяхаттап жатып талмаусырап кетіппін.. 

Мырзашөлдің ми қайнатар күнінен нәзік саусақтарыммен бетімді көлегейлеп, көзім сығырайып аппақ далаға сүйсіне телміріп тұрмын..  

- Неткен сұлулық! Біреу мына жерге ақ көрпе тастай салғандай! - дедім таңқұрай түстес ернімнің шетін тістеп. Сөзімді қостаған сыбыс естілмеген соң жан-жағыма қарадым. Ешкім жоқ. Мақта алқабына сыныптастарыммен келгенім есімде. 

- Ажар, Айша қайдасыңдар? 

Тым-тырыс. Олардың көлеңкесі де көрінбейді.    

Тығылғандарыңды қойыңдаршы осы! Күлкілі емес қой!     

Тыныштық. Тас боп тынған тыныштықтан қорқайын дедім. Құрбыларымды жүйек арасында жасырынып отыр деп ойладым. Ішіне  кіруге ыңғайланып алқапқа аяқ басқаным сол, әлгі аппақ мақталар әп-сәтте көз  алдымда қураған қауашаққа айналды. Бір қадам алға бассам, жел екпінімен сытырлаған қауашақтар менің балғын денеме қарай созыла бастайды. Шығуға ыңғайланып артқа бұрылмақшы болғанда мақтаның сабақтары одан сайын сериіп созылып,  саудырап, мені сабалай бастайды. Денемді тер жауып, жаным мұрнының ұшына келіп, шырмаудан шығар жол таба алмай тұрғанда:

- Мақташ, Мақпал деген дауыс мені оятып жіберді. Көзімді ашып түс екенін білгенде жүрегім орнына түсті.

Жастығым шылқыған су. Қалжалаған адамдай қара терге түскен екенмін. Жиіркенгеннен басымды жастықтан жұлып алдым. 

- Мақта теремін деп әбдән шаршағансың ғой! Қараң қалғыр өкіметті айтам, бұғанағы қатпаған балаларды мақта терімге айдап.. Жел өтінде қалған жас шыбықтай белдерін бүгілтіп бір-бір қапты арқалатып қойған қаніпезерлер өңшең..  Кісінің баласын кім аяпты?! Мақтаға жібермесек аттестат бермейді – міс.. Қаныңды қаңсытар мына аптапта  қолдарына қап ұстатып өздерін айдаса ғой сол далаға. Арам қатқырлар! Жаяу апарып жұмыс істетіп, жаяу алып келетіндерін қайтерсің?! Өкіметте аптобус құрып қап па?! – деді әжем ызаға толы дауыспен. 

- Ой, әже, ашуланып қайтесіз! Бірінші жыл емес қой, жетінші сыныптан бері теріп жүрміз сол мақтаны. Етіміз үйренді. Енді кішкене шыдасақ болды, мектепті бітіреміз. Аттестатты алған соң, «қош болыңдар, мақталар» бұл жерді желкемнің шұңқыры көрсін деп басқа жаққа кетіп қаламыз – дедім  әжемді еркелей сүзіп. 

Өзі кішкентай болса да көк тамыры терісінен едірейе шыққан қайратты қолдарымен ұршық иіріп отырған әжем менің шашымнан сипай:

- Тентегім, тезірек мектепті  бітіріп, оқуға түскеніңді көрсем арманым қайсы?! Шешең сорлы сол мақтаны теремін деп денсаулығынан айырылды. Өкіметтің беретін бес тиыны үшін бізді тыңдамай терді ғой сол мақтаны, бейшара шешең. Мектептің оқушыларын да, мұғалімдерін де қара жұмысқа салып қойған өкіметтің ішіне.. Шешең дімкәс, ал өкіметтің қай жері қисайды? Сормаңдай боп сен жүрсің. 

 Көпті көрген әжемнің қуаты кемісе де, жанарындағы қайраты қайтпаған. Кең маңдайы мен қалың терең әжімдері өмірінің талай тайталасының белгісінен сыр береді.

 - Туу, басталды енді. Менің оқуға түскенімді көрмек түгілі балаларымды бағасың әлі! Қара да тұр! – дедім ернімді бұртита еркелеп.

- Еее, ол күнге жетсек арман бар ма?! Е, Алла! Осы бір аманатыңды аман қыла гөр! Мейірімі мол, шапағаты шексіз Жаратқан, сенен басқа сенеріміз бар ма,? Қызымның жолын ашық қыла гөр! – деді де кәрі жүрек тамыры едіргейген тарамыс саусақтарымен бетін сипады. 

Үйдің бұрыш-бұрышында жатқан құрақ қиындылары, иірілген жіп, домалап жатқан оймақ, киізге жабысқан жүн жұлындылары менің күнде көретін дүниелерім. Әжемнің қашан қарасаң шынтағын шошайтып, жіпті созақтата иіріп шаншылып отырғанын көресің. Үйдегі тесілген, жыртылған шұлықтар мен шалбарларды жинап алып қас қарайғанша жамау жамайды. Матаның қиындыларын тастамай оларды құраққа пайдаланады. Кейде бәріміз отырып, мақта шиттейміз. Көрпе жастықтың ортасына салу үшін мақтаның ішіндегі шитті шығару керек, ал мақтаны үлпілдетіп жеңіл қылу үшін әжем оны сабаумен әбден сабап, күншуаққа жайып тастайды. Оны механикаландыратын ауылда жабдық жоқ, бір фабриканың жұмысын әжемнің бір өзі жасайды. Мақтаның ішінен шыққан шиттерді қапқа жинап малға береміз. Мал оны қысымен күтірлетіп жейді. Әжемнің екі қолының бос болғанын қазір маған елестету қиын, өйткені жәй шәй ішіп отырса да, әжемнің етегінде ирелеңдеген жіп пен үстік ұршық жататын. Күзді күні әжем қой қырқымнан кейін көрші келіншектерді жинап алып, алдымен қазан асып тамаққа тойдырып, тапшанға алаша төсеп, оның үстіне жуылып, боялған қойдың жүнін бір қабат қылып жаяды. Бетіне боялған жүннен ою салып, бес – алты келіншек бір қатарға отырып, жүнді астындағы алашасымен бірдей орап алдыға қарай жүреді, ешкім озып кетпеу керек, оны әжемнің қырағы көзі қадағалап тұрады. Оралған жүннің үстіне қайнап тұрған ыстық суды ұзына бойы құйып шығады. Сонсоң көшеде өтіп бара жатқан ірі жігіттерді шақырып алып, оралған алашаның үстінен секіртеді. Кір аралас су тапшанның ағаштарының арасынан сорғалап ағып жатады. Әлгі жүн жайылған ескі алашаны ашып, білектері қалың келіншектер оны  қайтадан орап, бір қарқынмен алдыға қарай жүреді. Жігіттер бар пәрменімен қайтадан секіреді. Осылай бірнеше рет қайталап дайын болған киіз алашаны күннің астына кебуге жайып тастайды. Кепкен соң мынандай қырық күн шілдеде қайнап кетесіңдер, қыста жылы болады деп киіз алашаны күн суығанша орап алып қояды.

Әйтеуір, іссіз отырмайтын әжем, мен тұрғанша анам сауып кеткен сүтті пісіріп, ішіне нан турап,  пештің үстіне қойып қояды. Тұра сала нан бөккен сүтті сіміріп салып мектепке кетем. Ұйқысынан әлі ояна қоймаған балалар көздерін сығырайтып, беттерін мыжырайтып мектептің алдына жиналады. Директор ортаға шығып тағы да автобус болмайтынын, мақтаның басына судың да бару бармауының белгісіз екенін хабарлайды. 

– Соны да жаңалық деп айтып тұр ма? Күнде сол ғой! Бізде автобус қашан болып еді? – деп күбірлескен апайлар қаптарын иықтарына арта сала балаларды түгендеуге кіріседі. Біз мектептен жамырап шығамыз да үлкен жолға түскенше жарыса сөйлеп шулаймыз, жолға жеткен соң екі-үшеуден бөлініп пойыздың бір-бірімен тіркескен вагондарындай бір қатармен мақта алқабына қарай созыла сызылтамыз. Аяғымыз талып кеткенде төте жол іздеп бөлініп кетеміз. Жолда жүйектерді жаншып, қарбыз егілген жерлерді шылқылдата кеземіз. Күн сәулесіне әбден тырсиып семірген қарбыздарды қойнымызға сиғанша тығып, қалғанын домалата теуіп, жол жөнекей аямай жерге ұрып жарамыз. Осылай төбемізді күн тесіп жатса да улап-шулап мақта өсетін алқапқа жетеміз. Әр бала апайлары бөліп берген жүйекке түсіп алып, бойларымен бірдей мақтаның арасына кіріп, бойлары көрінбей жоғалып жатады. Кімнің не істеп жүргенін мақтаның сорайған бойынан байқау қиын. Кейбірі жүйекке түсе сала күн тас төбеге көтерілгенше бас алмай, жүріп өткен жолдарын қара бұтаққа айналдырып тазартып қойса, кейбірі жанындағы жүйектерді кезіп, мақта арасында тығылып, елдің әр жерін көсекпен көгертіп жүреді. Мен де өз жүйегіме түсіп алып, енді еңкейгенім сол еді, желке тұсым ду ете қалды. Басымды көтере сала

- Мәулееен! – деп шаңқ еттім. 

- Мен екенін қайдан біліп қойдың – деп Мәулен көрші жүйектен басын қылтың еткізді.

Сенен басқаның барлығы мақта тереді, сен ғой ерігетін де жүретін – дедім мен бұртиып.

- Болды, атпашы енді, тиген жері көгеріп қалады ғой! 

- Түскі тамағыңмен бөліссең атпаймын - деді Мәулен сәтті орайды жібермей.

- Туу, кетші өзің.. деп оның ұнайтынын көрсетпеуге тырыссам да сыр алдырып қойдым. Мәулен күнқағарын көзіне қарай басып алып, жүйегіне сүңгіп кетті. Мен еңкейіп мақта теруге кірісіп кеткенде басқа жүйектегі қыздар оны көсекпен соғып, қуып жүр екен, бұтақтардың арасынан сығалап қарап тұрғанда, артымнан біреу екі алақанымен көзімді жауып, өзіне қарай тартып әкетті. Мен шалқайып құлауға шақ қалғанда барып ол жібере салды. Қандай жылдамдықпен жеткенін білмеймін, көзімді уқалап барып ашсам Мәулен. 

- Сен өзі маған мақта тергізесің бе, жоқ па - дедім осы жолы шын ашуланып. 

- Мынаны оқышы - деді ол, алақанын көрсетіп.

Қарасам, «Мені сүй» деп жазып қойыпты. Бірінші ішімнен оқып алдым да, онымды байқатпай «Мені сүй» деп дауыстап оқыдым. Оқи сала жүйектің бойымен қаша жөнелдім. 

- Тоқта, тоқтасай енді, өзің ғой мені сүй деп сұраған деп артымнан жүгіріп келе жатты да жерде жатқан бір кесекке шалынып құлады. Тізесінен төмен аққан қою қара қан көзді ашып жұмғанша башпайына барып қалды. Мәулен қорыққанын білдіргісі келмей тісін тісіне қойып сіресіп қалды. Қанды көріп түсі бозарып кетті. Жанына жүгіріп барып, шанақтан мақтаны  суырып алдым да, қан сорғалап жатқан жеріне мақтаны жабыстырдым. Сол сәтте ол ойламаған жерден мені лып еткізіп сүйіп алды. 

- Ту, оңбаған! – дедім аузыма түскен сөзді ірки алмай.

- Болды, кеш! Өзіңнің өтінішің емес пе?! Мен тек тілегіңді орындадым – деп қисық тістерін көрсетіп ыржиғанда, апайдың – Мына Мәулен қайтадан қашып кеткен бе? деген дауысы шаңқ ете қалды. Мәулен жараға жабысқан мақтаны қолымен басып, жүйектердің арасымен ақсаңдап қашып кетті. 

Мәулен кез келген жағдайдан жол тауып кететін сыныптағы ең сотқар бала болды. Бойы тапал болғанымен өзінің көзге көрінбейтін тартымдылығы бар еді. Аңқылдақ аңғалдығы, таптырмас тапқырлығы, кісіге жақсылық жасағысы келіп тұратын ниетінің тазалығы үшін оны барлығымыз жақсы көретінбіз. 

Мақта терімдегі ең қызық кез – түс уақыты. Түсте барлығы белдеріне байлаған қаптарын жерге жайып, үстіне үйлерінен алып келген ас-ауқаттарын қояды. Қуырылған картоп, нан палау, мас палау, макарон сияқты тамақтарға тойып алған соң, артынан сол жерде домалап жатқан қарбыздың бірін жерге жарып, пышақ болмаған соң саусақтарымыздың арасынан кір аралас суды сорғалата ағызып жейміз. Тойып алған соң екі - үштен бөлініп, шыжыған аптапта көлеңке іздеп, ағаштардың саясына сыйғанымызша жатып тынығамыз. Тіршілік күн ауғанда қайта басталады. Шөлден аузымыз қуарғанда су іздеп шығамыз. Мақтаның басына су кейде келсе, кейде келмейді. Бүгін жоқ, өкімет бізді осы жолы да ұмытқан сияқты, дейміз де, су іздеп сандаламыз. Мақта теруге мұршамыз келмеген соң, әлденіп алу үшін сүйретіліп көрші алқапқа су сұрап барамыз. Оларда да жоқ боп шығады. Сондай күндердің бірінде Мәулен:

- Мына арықтың суы ағынды ғой, ішіп көрсек қайтеді-деді. Бәріміз жамырап сонда бардық. Су арықтың бел ортасынан төмендеу деңгейде ағып жатыр екен. Бетінде қоқыс қалқып жүр. Суы тастай. Шөлден көзіміз қарауытып кеткені соншалық, ештеңеге мән бермедік. Қалтасына үнемі қол орамал салып жүретін Ажардың орамалын сұрап алып, аузымызға кезек – кезек апарып, тізерлеп отырып сол суды іштік. Орамалсыз ішсек жәндік жұтқыншағымызға кетіп қала ма деп қорқамыз. Ішпейін десек, шөл өлтіріп барады. Сонымен, арықтың суымен жан шақырып алып жан-жағына қарасақ, арғы шетте ағыстың күші ала алмай кеткен бір мысықтың өлігі жатыр екен. 

- Туу, мұны жаңа көргенде, мен өлсем де мына судан ішпес едім ғой – деді Ажар мұрнын тыжырайтып. Өзі сондай кірпияз болатын.

- Енді, оны ойламайықшы, ойласақ шетімізден ұшынып ауырып қаламыз қазір, - деді Айша аузын кір қолымен сүртіп. 

- Ой, осыдан да жиіркенесіңдер ме, мен мұндай мысықты көшеде ұстап алып, құйрығынан алып жерге ұрып өлтіріп, талай сойып жегем – деп соқты Мәулен. 

- Ой, сен алдымен үстіңе қонған масаны өлтіріп алшы, деп қыздар Мәуленді келеке етіп. Әңгіменің арты күлкіге айналды да әлгі өлген мысық ұмытылып кетті. Суды қанып іше алмасақ та, бойымызға барған болмашы қуатқа әлденіп,  қабымызды белімізге байлап, қауашаққа әбден тырналып қанталаған қолымызды қайтадан мақтаға малыдық. 

Кеш батқанша бас көтермей мақта тереміз, өйткені кешке сол мақтаны қабылдайтын бригадир келеді. Әр баланың нормасы 40 келі. Оған жетпесе аттестат бермейміз деп қорқытады. Түске дейін түк бітірмей алаекеуімде аласұрып қырықтың жартысын да тере алмаған біз, бөксе басатын ғана мөлшерде терген мақтамыздың ортасына ұсақ кесектерді тығып, ұзын сонар кезекке келіп тұрамыз. Бастысы мақта өлшейтін қылкөпірден өту, ар жағының жарасы жеңіл. Мақтаны алып трактор арбасына лақтыратын балаларға көзіңді қыссаң, қапты ақырын аударып, кесекті білдірмей ары қарай ата салады. Мақта өлшейтін таразының қасында бригадир, оның жанында бәрін жазып алып тұратын көмекшісі тұрады. Қабың кішкентай болып, салмағы оған сай болмаса бірден күдікке ілінесің. Оның барлығын дәптерге тіркеп, сабақ басталғанда қорытынды баға қоймай әбден қинайды. Біздің мектептегі біліміміз осылай Өзбекстан өкіметінің мақтасымен өлшенетін. 

Ымырт үйіріле бастағанда жайылымнан қайтқан үйір-үйір жылқылар, кетіп бара жатқан жерінен тоқтап тұрып құйрығын көтеріп, тезегін жерге былш етікізіп, табынға қайта қосылып жатқан сиырлармен бірге бір жолға түсіп алып үйімізге шұбап қайтамыз. Шаршағаннан аяғымыздағы сүйретпелерімізді көтеріп жүруге де шамамыз келмей, топырақты бұрқыратып кете береміз. Бойымыздан асып көтерілген шаңға шашалып, шұбатылған қара жолға әупірімдеп шығамыз, әйтеуір. Жолға шығып алған соң көкжиектен асып  бара жатқан күннің ақырғы қызыл шұғыласы даланы бояп батып бара жатқан суретіне үнсіз сүйсініп үйге қарай сүйретілеміз.  

Қақпадан кірген бойда мал қораның қасында тілі салақтап, іші солқылдап жатқан бобик мені көре сала орнынан атып тұрып, құйрығын бұлғаңдатып жетіп келеді. Қолымдағы қапты иіскелеп біраз қылымсиды. Жуындының иісі шықпаған соң өз құйрығын өзі қуалап бір орында шыр көбелек айналады. Ызыңдаған маса тісіне түспей, көзіне қонып, жынына тие берген соң, бобик танауын жиырып, тісін сақ-сақ етіп әлгі мазасыз масаны пырсылдап қуып кетеді.

Сүріне – қабына үйге кіргенде көретінім көрші Балзира апай. Анамның замандасы. Бала – шағасы жоқ, оң босағада отырып,  інісінің қолында қалып қойған. Күнімен өкіметтің жұмысын істейді. Кешке үйіне сыймаса керек, екі көзі біздің үйдің түтінінде болады. Табиғатынан қыдырмашы адам болған соң, көрші – қолаң оны онша жақтыра қоймайды. Қыдырымпаз болғанымен ауыл үйді бір – біріне айдап салып отыратын айтақшылдығы жоқ, тек тамақтың иісі шықса сумаңдап келіп алатыны ұнамайды. Үйдің іргесінде тұрған соң түтіннің иісі бірінші соған жетеді. Басымыз бірігіп отыра бергенде «Ойбуй, сіздерді мен мақтап жүреді екем» - деп буы бұрқыраған тамақтың үстіне дәл түседі. Үйде бәріміз Балзира апайдың осы қылығынан зәрезап болатынбыз, бірақ енді үйге келген қонақтың киесі бар дейтін қазапыз ғой, не болса да ішіміз ұнатпай, сыртымыз күліп отырады. Туғандарыңның ортасында оңашаланып, аузыңа енді ала берген асыңа бір емес, екі емес, ортақ бола берген адам – қандай болса да жақтырасың ба? Біздің теріс қабағымызды бірақ Балзира апай қаперіне де ілмейтін, тіпті «алсаңдаршы, асап-асап алыңдар, ұялмаңдар» деп өзіміздің асты өзіміге тықпалайды. Салдырлап әңгімесін айтып, ауқатты алды – артына қарамай асай береді. Бүгін де Балзира апай асқа ортақтасып отыр. Аузындағы асты жұтып жатып:

- Айтпақшы, естідіңдер ма? – деді.

- Нені, байғұс – ау, деді анам буы бұрқыраған шәйді ұсынып жатып. 

- Сәлиманың енді мектеп бітірген қызын Әшкейдің тентек баласы алып қашып кетіпті – деді Балзира апай.

- Көтек! – деді анам қысылтаяңда айтатын сөзінің қалай шығып кеткенін байқамай. Әй, ол аттестатты кеше ғана алған жоқ па? Алып қашып кеткені несі?

- Бұл жастарға дауа бар ма?! Мектептен шығып енді өзінің тұратын көшесіне бұрыла бергенде бір қызыл мәшине қиқ етіп тоқтапты да, Сәлиманың қызын шыңғыртып тұрып салып алып шаң боратып айдап кетіпті. 

- Ойбуй, обал-ай! Сәлима оны оқытам деп отыр еді ғой. Обал бопты ендеше. Екеуі былай кездесіп, келіскен ба екен?

- Жоға, анадай тентекке тимейтінін біледі ғой, сол үшін алып қашып кетіп отыр емес пе? 

- Сәлиманың күйеуі де осал жігіт емес. Ол анандай айдай қызын оларға бере қоймас – деді анам әрі сөйлеп, әрі шәй ішіп үлгеріп жатқан Балзира апайға шәй құйып жатып. 

- Қақпадан кірген бойда қаладан жақында алған қып-қызыл көліктің ішіндегі әлгі қыздың шыңғырғанын бүкіл ауыл естігенде, сен естімей қалғансың ба?

- Мектептегі балалардың шуынан жер жарылса да естімейсің ғой, Балзира – ау! Содан?

- Содан жігіттің екі еңгезердей досы қызды шырылдатып көтеріп алып үйге кіргізіпті. 

- Ой, Алла! Біреудің қызын да солай қорлауға бола ма екен? Көрмеген, білмеген адамға союға алып келген қой ұқсатып. Содан? 

- Содан, ана қыз байғұс тепсініп, есікке қарай ұмтылып жылап жатқанда  жиналған көршінің кемпірлері: «Ал, кететін болсаң біздің үстімізден аттап кет, бірақ адам аттасаң ешқашан бақытты болмайтыныңды біл» - дейді ғой. Қыз сонда да есікке ұмтыла берген соң әлгі кемпірлер: «Мынау ата – салттан аттайын деп тұр ғой. Бәрімізді де осылай алып келген. Ешкім көріп, біліп, жүріп тиген жоқ. Танымай тисек те балалы – шағалы, үбірлі – шүбірлі болып біріміз ата, біріміз ақ кимешекті апа болып отырмыз. Әй, мына қыздың қоятын түрі жоқ, алып келіңдер ана құран кітапты» - деп табалдырыққа қасиетті кітапты қойыпты. Қыз табалдырықтан аттай алмай, сол жерде қалыпты. 

- Масқара! Осы қыз ұрлаған, адам зорлағанмен бірдей ғой, бұған қашан тоқтау болады өзі! Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз. Біздің де қызымызды біреу шырылдатып осылай алып кетсе қандай боламыз?

- Содан артынша бұлар хабаршы жіберіпті. Хабаршыны қыздың әкесі боқтап-сілеп қуғыншы болып өзі келіпті. Кіре сала тас-талқанын шығарып, қолын түскенді қиратып, қызды қайтаруды талап етіпті. 

- Дұрыс, дұрыс істеген. Немене ол қыз көшеде кетіп бара жатқан жерінен салып алып кететін мал ма еді? 

- Әлгі кемпірлер кете қоймаған болу керек, қыздың әкесін ақылға шықарғандай болып, ата – салт дей бергенде әкесі: «Атаңның бүйткен салтының аузы», деп кемпірлердің ауыздарын аштырмай төргі бөлмеге тура тартып қызын алдына салып алып кетіпті.

- Ее, енді қайтсін, оқысын тоқысын дейді де. Танымайтын біреуге тиіп ауылда қор болып қала ма, дейді ғой кім болса да. 

- Оны енді қалаға жібермесе, ауылда есік көрген, бір жерге барып келген ат таңылады ғой. Ауылдың адамдары ақ қараны ажыратып жата ма? Осы түсінік осылай кеткен көп қыздың сорына тышты емес пе?

Шәйдан мұрны шып-шып терлеген Балзира апай: 

- Қой, әңгіме айтамын деп көп отырып қалдым. Қыздарыңың да,  ұлдарыңның да қызығын көр, тұра бере, алла белім, аяғымды бастырмайды, сүйретіліп қашан жетер екенмін – деп үйден шығып кетті. 

Терезеге көзім түсіп кетіп еді, белі ауыратын Балзира апай «Алла сақта» деп шарбақтан секіріп бара жатты. 

Көрпемді басыма дейін бүркеп таңғы тәтті ұйқының шырынына шомылып жатқан ғажап сәтті, бөлме ішіне баса кірген күн сәулесі бұзды. 

- Жата беріп жауырының жабысып қалатын болды ғой! Тұр, кләстасың асылып қапты – деді әжем бөлмені алакөлеңке етіп тұрған пердені екі жаққа түріп тастап.

Қойныма біреу мұздай жылан салып жібергендей жастықтан басымды жұлып алдым да:

- Кім? Қай кластасым? – дедім. 

- Мәтен деді ме, Мәкен бе еді, қараң қалғыр, менде ес бар ма еді

- Мәулен бе? 

- Бәсе, Мәулен деді ғой, анау Анарбайдың қатыны .... Аты аузыма түспей тұрғанын қарашы!

- Ұлжан.

- Ее, Ұлжан.

- Бізде не ми қалды дейсің, қараң қалғыр.. Қалт-құлт етіп жүрісіміз мынау. Еее, бейшара балаға не болды екен, жанбай жатып сөніп. Ата – анасы зәһәр жұтып отырған шығар ендігі. Үй іші тәп-тәуір кісілер еді. Не қара көрінді екен бейшараға. Е,е,е заман не боп барады...

Әжем аузын жыбырлатып жас өлімге дұға оқып бетін сипады. Мен мынандай хабардан кейін жата алмай, қолыма ілінген киімді денеме жылдам жабыстырдым да бобикке қарауға шамам келмей, үйден атып шығып, мектепке қарай жүгірдім. Мектепке апаратын қысқа жолдың бойында әдетте түйелер жайылып жүреді. Түйе адамға алыстан түкіреді дегенді есітіп алғаннан болар сол көшені айналып алыс жолмен баратынмын. Бүгін ештеңеге қарамай төте жолмен тура тарттым. Мектепке жақындағанда артыма қарасам сыртқа қайырылған құйрығының жүні желге желпілдеп ізімнен бобигім еріп келе жатыр. Мен мектепке жеткенше артымнан ілесіп келді де, сосын қайта артқа қайтты. Шығарып салған түрі ғой. 

Мектептің алды мақтаға жиналған балаға толып тұр. Сыныбымды тауып алып, жандарына барғаным сол, екі өкпесін қолына ұстап, алқынып Айша жүгіріп келді:

- Мәуленді естідің бе? – деді үрей мен сұраққа толы тостағандай көздерін төңкере сөйлеп. 

- Иә, таңертең әжемнен естідім. Не болды екен? Кеше ғана күліп жүрген еді ғой, аяқ асты өзіне қол салуға не итермеледі екен? Сену қиын..

- Мен де алғаш естігенде сенген жоқпын. Қалайша? Не үшін? Күні кеше мақта теріп арамызда арқын-жарқын жүрді емес пе? Өмірден түңілгендіктің титтей де белгісі, не болмаса бақытсыздықтың қандай да бір нышаны болған жоқ еді ғой?! 

- Естуімше, соңғы кезде оның көзіне бір бейнелер елестеп жүрген екен – деді Айша түрін суытып. 

- Ол қалай сонда?

- Жаңа көшеде онымен бірге футболға баратын балалар айтты. Осы биыл ерте көктемде олар өзенге шомылуға барыпты. Мамыр айында су жыли қоймайды ғой, сонда да олар тастай суға секірген. Кейбіреулерінің аяқтары сіресіп малти алмай амалдап судан шығып кеткен. Мәулен жақсы жүзетін болғандықтан өзеннің ортасына қарай кетіп қалады да, біраздан соң жағаға қайтады. Судан шыққан соң ол балаларға қара шашын жайып алған су перісін көргенін және оның күлімсіреп оған қол бұлғап шақырғанын айтады. Балалар оны келеке қылып қарқылдасып күледі. Ол аздай кейін де мазақ қылып жүреді. Сол сол екен, әлгі су перісіне ұқсаған бір қыз үнемі көзіне елестеп, қайта-қайта қолын бұлғап шақыра беретін көрінеді. Ол үшін мойнына арқан тигізсе болды ары қарай оны өзі-ақ алып кететінін ымдап айтады-мыс – деді Айша естігенінің шүбәсіз шындық екеніне сенімді түр танытып.

Сол сәтте Мәуленнің бетімді сүйіп алғаны есіме түсіп кетіп, көңілімдегі  қимастық сезім сыртқа көз жас болып шықты. 

Есіме әжемнің «түнде суға бармаңдар» деп көп айтатыны еске түсті. Әжемнің айтқанын қыздарға әңгімелеп бастадым: «Балалықпен әжеміздің айтқанын көп тыңдай бермейтінбіз, әр сөзін қалжыңға айналдырып әкететінбіз. Ыстық күнде  ауыл сыртындағы каналға кешке қарай ұрланып барып, бір сүңгіп шықпасақ құмарымыз қанбай тұратын. Күн ұзақ, шақырайған күнде күнімен мақта терген соң ыстықтан кейін кешке қарай денемізді салқындатып алғымыз келіп тұратын. Бір күні әжемнен «Кешке суға түссе не болады екен?» - дедім кекете күліп. 
Әжем күрсініп алып, әңгімесін бастап кетті. «Ешқашан түнде суға барма. Әсіресе, ағынды суға түспе. Судың иесі болады, оның мазасын алмау керек. Су сайтаны болады, кезігіп қалған адамының есін аудырып, ертіп кетеді» деген сөз бар. Алда жалда суға бара қалсаң «Су иесі Сүлеймен суыңызды сұраймын» деп үш рет тас лақтырып, рұқсат сұрап алып барып су ал. Баяғыда осы Шерхан ағаңның баласының түбіне су сайтаны жетті. Өзің білесің, Шерханның үйі ауыл шетінде, өзен жағасына таяу орналасқан ғой. Ер жетіп қалған баласы 15 жасқа жеткенде түнге қарай өзенге суға шомылуға барған. Қайтпаған соң іздеп шыққан шешесі баласын су жағасында өзімен өзі сөйлесіп, сықылықтап күліп отырған жерінен тауып алып, қорыққанынан кері ауылға қарай қашқан. Содан көрші көлем, ауыл аймақ жиналып барғанымызда баласын есалаң кейіпте, суға қарап жағада өз-өзінен күліп отырған жерінен тауып алдық. Баласы содан бастап сөйлеуден қалды. Қит етсе үйінен жоғалып кетіп, су жағасынан тауып алып жүрдік. Ата-анасының көрсетпеген жері қалмады. Бірақ еш ем қонбады. Қазақшылықпен қан шығарып та көрді, доғдырға апарып емдеп те көрді, болмады. Көрші ауылдағы Есен молда ғана «Емдеуді тоқтатыңдар, балаларыңа су перісінің көзі түскен екен, алмай қоймайды» депті. Әке – шешесі шарқ ұрып, жалғызы үшін барлық амалды қарастырады, бірақ балаларына ем қонбайды.

Ақыры бір күні ауыл шетіндегі үйінен шулап жылаған дауыс естілді. Баласы өзі жалғыз ұл еді. Бетінен қақпай өсірген жалғызы. Суға да сол тыңдамай барып жүрді. Әйтпесе әке-шешесі түнде суға баруға болмайтынын білмеді дейсің бе? Ол ұлдан бөлек, екі қызы болатын. Әке-шешесі, екі әпкесі балаларын жоқтап, шырқырап жылағанда бүкіл ауыл қосылып жылады. Сөйтсе тағы үйінен шығып, жоқ болып кеткен соң үйіндегілер өзенге іздеп барыпты. Денесін қалқып жүрген жерінен өзеннен тауып алыпты. Сірә, суға түсіп кеткеніне де біраз уақыт болса керек. Тауып алған кезде де бетіндегі күлімсіреген бейнесі жоғалмапты. Сірә сол су перісі ертіп кетті деген әңгіме рас болса керек. Солай жалғыз ұлдарының түбіне су перісі жетті. Кейін шешесін де сол ұлдың күйігі алып кетті» деді әжем терең күрсініп. Денем түршігіп кетті. Содан қайтып ауыл шетіндегі өзенге түн түгілі, күндіздің өзінде ойланып баратын болдық. Түнге қарай құдыққа бармау керектігі де миыма жатталып қалды» - дедім. 

- Осындай тылсым дүниелерге біз мән бере бермейміз,  менің аруақтарға қатысты бір оқиға есіме түсіп отыр - деді Ажар.

Бәріміз Ажарға бұрылып құлақ түре қалдық:

Бұл оқиға мақтаға қатысты. Кішкентай күнімізден бірге өскен Асанды біреулер көшедегі бұзақылар ұстап алып тепкінің астына алған екен, содан басына зақым келіпті десе, біреулер оны соңғы рет мақта теруге бара жатқанда сау болатын, содан кейін анық бірдеңе болған деген болжамдар айтты. Содан жазда демалысқа шыққан бір досымыз ат басын ауылға бұрды. Ауылға келгенде достарымен кездеседі. Олар Асанның жағдайын жарыса баяндайды:

- Асанды естідің бе?

- Жоқ, оған не болып еді? 

- Асан ақылынан алжасыпты дейді. Соны есітіп, көзімізбен көріп қайтайық деп үйіне бардық. Барсақ ол оң жақ босағада жападан жалғыз отыр екен. Баяғы ашық-жарқын жүзі жоқ. Кім келсе де оң жаққа қарап отырғаны отырған. Төрт қабырға мен тұтас әлемнің бір уыс бөлігін ғана көзіне ермек қып отырған терезеге күнімен телміретін көрінеді. Содан басқа көз салары да жоқ. Ұйпа шашы ұйысып кеткен Асанды көріп шошып кеттік те, кіре сала состиып тұрып қалдық. Сәлден соң жанына  Жарас жақындап отырып:

- Не ойлап отырсың? – дейді.

Асан селт етпей отыра береді. Жарас тағы бірдеңе деуге жүрегі дауаламай, үнсіз отыра береді. Біраздан кейін Асан оған жалт қарап: «Менің кінәм не? Неге артымнан көлеңке ұқсап жабысып қалмайсың?» - деп орынан көтеріле бергенде, Жарастың көзі алақтап сыртқа қарай қашады. Оған еріп бәрі жапа-тармағай есікке ұмтылады. Асан Жарасты қуып жетіп ұстап алады. Жарас шошып тулап бұлқынады. Кенет Асан пәлен уақыттан бері ұмыт болған ашуға мініп, Жарасты бар пәрменімен жұдырықтайды. Сол арада үйге Асанның әкесі кіріп келіп баласының қолын артқа қайырып бөлмесіне алып кетеді. Содан бері оны бөлек бөлмеде жалғыз ұстайтын көрінеді.

«Асанға, жын кіріпті, Жарасты жұдырықтап жатқан жерінен әкесі үстінен шығып, әзер айырып алыпты», - деген хабар кішкентай ауылға тез тарап кетеді. Шақыртылмаған, қаратпаған тәуіп пен бақсы да қалмайды. Басында тыныш болады. Берген тамағын ішеді. Үндемейді. Кейін келе ауруы асқынды ма, адамдарға атылатынды шығарады.

- Ол мүмкін емес – деп бала кезден бірге өскен Асанның ең жақын досы Айбар да оқудан келе сала Асанның үйіне барады. 

- Мені танып қалар деп үміттенген досы кейінгі кезде ешкімді кіргізбейтін әкесіне келіп рұқсатын алып, Асанның алдына барады. Бөлменің есігі жартылай ашық тұрады. Мысықтабандап кіреді. Жанына жайлап отырады. Асан бәрін сезіп отырса да сыр бермейді. Даусындағы дірілді білдірмеуге тырысып әңгіме бастайды.

- Бұрын екеуміз ләңгіні жарысып тепкенде сенен оза алмаушы едім, қойдың бір жапырақ жүнін алып қорғасынды ерітіп жүнді жабыстырғанда оның иісі бүкіл үйді алып кететін еді ғой! Қорғасын газға тамып әжем үйден көк шыбықпен құйрығымызды қызартып тұрып салып-салып қалғанда тұра қашып едік қой! Сол кезді ойласам сағынышым бойымды билеп кетеді шіркін! Мектептен келе жатқанда қуаласып келетін едік қой, есіңде ме, мен артыма қарап алға қарай жүгіремін деп дәу ағашқа соғылып есімнен танып құлағаным!? Сонда бірінші сыныпта оқитын шығармыз иә? Қыздардың сөмкесіне таласқанымыз ше? Рәзияның сөмкесіне бәріміз жармасып соңында төбелесіп қалушы едік қой! Сол Рәзия қазір бір шопырға тиіп бес балалы болыпты дейді. Шіркін, аршылған жұмыртқадай аппақ болатын ғой сол Рәзия!

Құйындап келе жатқан сөзін Асан күтпеген жерден бөледі. Арт қараған күйі әңгімесін бастайды:

- Алқапқа жалғыз барғанмын. Мақта теріп жатқам. Малға шит таусылған болатын. Бір уақытта құлағыма біреу бірдеңе дегендей болды. Артыма жалт қарасам ешкім жоқ. Сосын елестеген шығар деп өзіммен алып жүрген орағымды сермей бердім. Бір уақытта қолым өзіме бағынбай орағым өзімнің балтырымды орып жіберді. Ештеңе түсінбей отыра қалып аяғымды шөппен таңдым. Етіме қатты батапаған екен, қан тез тиылды. Ымырт үйіріле бастаған соң кетуге қамданып бір қап мақтаны мотоциклге тиедім де оталдырып ауылға қарай айдадым. Жарты жолда мотоцикл теңселе бастады. Артыма қарап қалсам ол қаптың үстінде аяғын айқастырып ол отыр екен а а а а а а – деп Асан екі құлағын басып: - «Ол баяғыда қайтыс болып кеткен ғой, менен не керек оған, неге қыр соңымнан қалмайды өзі?» - деп бөлмені айналып жүгіре бастайды. Айбар бөлмеден атып шығады. Дәлізде отырған әкесі Асанға жүгіріп барып екі қолын артқа қайырып ұстап отырып қалады.

Сол жүгіргеннен Айбар далаға атып шығады. Жүрегі аузына тығылады. Аяғы дірілдеп бастырмаған соң жерге тізерлеп отыра кетеді. Осы кезде Айбардың есіне атасының бұрынғы айтқан әңгімесі есіне түседі. Бес жыл бұрын болса керек бір комбайыншы мақта жинап жүріп шаршап ұйықтап қалған адамды көрмей, дырылдаған дауыстан оның шыңғырғанын да естімей тірідей орып кете береді. Комбайынның әйнегіне шашыраған қан тамшыларын көргенде ғана тоқтайды. Түсіп қараса денесі еттартқыштан өткізгендей борша-борша болып жатқан адам екен. Комбайыншы ес - түссіз талып құлайды. Содан кейін қатты ұшынып өз-өзіне келе алмай төсек тартып жатып қалады да көп ұзамай көз жұмады. Әлгі жерге кеш батқанда ауылдың иттері жиналып боршаланған етті тартқылап жеп әбден тойып тарқасады. Денесі табылмағандықтан туыстары оны жерлей де алмайды. Бейшараның жаназасы да шығарылмай қалған екен. Содан кейін сол жерге мақта теруге барған адам не ақылынан алжасады, не өз-өзіне қол жұмсайды дейтін. 

Иә, екі дүниенің ортасында қалып азап шегіп жүрген адамның жаны ғой жай таппай жүрген – дейді Айбар жұмбақтың шешуін енді тапқандай.

Ертесіне Айбар көшедегі екі – үш қарияны сол алқапқа апарып, молда шақырып қой сойып құран оқытады. Кейін сабағы басталып қалаға кетеді. Бір күні ауылдан «Асан қайтыс болды» деген хат келеді. Бір көшенің шаңын жұтып, тай құлындай тебісіп өскен Айбар Асанның әкесін аяйды. Өйткені ол үміт артып отырған жалғыз ұлы болатын. Айбардың өзегінде әттең, ауылға ертерек барып атамның әңгімесін ертерек еске түсіргенде мұндай болмас па еді деген өкініш қалады.

- Иәә, мынандай әңгімелерден кейін мақта теруге де қорқып қалады екенсің, әсіресе мақта жинап жүретін комбайндардың жанына жоламау керек, жүйектердің арасында ұйықтап қалмау керек екен – дедім. Бәріміздің бойымызды Мәуленге деген қимастық сезім қарып кетті. 

Күнде мақта алқабына жол бойы қуаласып, қарбыз жарып, бір-бірімізді барғанша мазақтап баратын біз, бүгін жолдың жиегіне жиналып, әрқайсымыз өз ойымызбен арпалысып үнсіз жүріп кеттік. Бәріміздің ішімізде Мәуленнің мезгілсіз өлімі жайлы сұрақ. Апайлар ол жайлы айтпауға тырысады, десе де олардың да жүзі сынық. Қабырғамызды қайыстырған жұмбақ өлімнен өзегіміз өртегендіктен ешқайсымыз мандытып мақта тере алмадық. Бөксе басар бір-екі келі жинадық та, жапырағы қалыңдау жерге жиналып Мәуленді еске алып, кейбіріміз көз жасымызға ерік бердік. Осы жолы апайлар да бізге ұрыса алмады. 

Күн көтерілген шақта аппақ мақтаға оранған даланы қапырық қысты. Аспанда гүрілдеген дауыстар естілді. Барлығымыз түсінбей көкке көз салдық. Қарасақ төбемізде тікұшақтар айналып ұшып ақ ұнтаққа ұқсаған бірдеңені шашып жатыр екен. Мақтаның күйе көбелегі түспеу үшін шашылатын дәрі шығар деп топшыладық. Зиянкестерге қарсы дәрі себіліп болғанша біріміз бетімізге қол орамал, біріміз дәке басып отырдық. Жарты сағаттан соң ғана құлағымыз тыншыды. Артынша шетімізден басымыз ауыра бастады, Ажар мен Айша лоқсып, Айша отырған жерде өзін ұстай алмай құсып жіберді. Мен көзім қарауытып, басымның айналғанын ғана білем, ар жағы есімде жоқ... 

Көзімді ашсам емханада жатырмын. Қолыма ине шаншулы, өзім төсекке таңылып жатырмын, жанымда анам отыр. Менің оянғаныма қуанып, маңдайымнан сүйіп, мұрнын тартып, көз жасын сүртті. Мен ештеңе түсінбеймін, не болған? Мақталар қайда? Айша мен Ажар ше?

- Мен ауырып қалдым ба?  - дедім анама естілер естілмес. 

- Таңертең мақтаға кеткенсің.

- Сосын?

- Сосын, түсте жұмысыма апайың хабарласып, сенің есіңнен танып, құлап қалғаныңда айтты. Жедел жәрдемнің ол жерді таппайтынын біліп, ағаңның көк мотоциклімен әлгі жерді әрең тауып, тез арада емханаға алып келдік. Дәрігерлер сенің ауамен уланғаныңды айтты. Дереу палатаға алып келіп, система салып, аман алып қалдық, әйтеуір. 

- Басқалары ше? Олар қайда?

- Олар да бірі құлап, бірі құсып барлығы емханаға жеткізілді. 

Содан кейін біраз уақыт анам мені мақта терімге жібермеді. Күнде таңертең үйге сынып жетекшіміз келеді. Қақпаны тарсылдатып ұрып-ұрып кетіп қалады. Ол кісілерді де түсінуге болады, өкімет мектеп директорына, мектеп директоры мұғалімдерге қысым көрсетеді. Балалаларды мақтаға шығуға мәжбүрлемесе мемлекет олардың айлығын бермейді. Ата – анамыз бізді ойлап аяйды, бірақ амал қанша, бір аптадан кейін мен қайтадан мақтаға шықтым. 

Әдеттегідей мектептің алдына жиналдық. Мектепке жақындай бергенім сол еді, Ажар мен Айша алдымнан ентіге жүгіріп шықты. Сағынғандарын айтты. Айша екеуіміз бір көшенің бойында тұрамыз. Ажардың үйі мектептен алыстау. Айша әуедегіні арбап, жердегіні жалмап тұратын пысық қыз. Көбіне ұлдардың арасында жүреді. Айтқанын орындата алатын адуынды мінезі бар. Дене бітімі де орашалау. Иығына басын қондыра салғандай сұрықсыздығын, алаңғасарлығы ақтап тұратындай. Жауырыны жалпақ, денесі төртбақ. Көп сөйлегенді қаламайды. Кез келген нәрсені айналсоқтамай өзегіне бір-ақ тигізгенді тәуір көреді. 

Ажар керісінше, бойы сымдай тартылған, табиғаты нәзік, түйсігі терең, сезімтал, белі жіп-жіңішке, жүрісі желге ұшқан қауырсындай жеп-жеңіл. Шақырғанда мойнын бұрмастан көзінің қиығымен қарағаны кез келгенді ынтықтыра түседі. Жігіттердің көз құрты, бірақ анау-мынау аңдамай сөйлейтіндерге жауап бермей мысын құртады. Ол қылығын өзі басқаларға мұрнын шүйіру емес, өзінің бағасын білу екенін жақсы біледі. Анасының үкілеп отырған жалғыз үміті. Ажар әкесінің көлік апатынан көз жұмған кезінде бес жасында екен. Әкесінің бейнесі есінде жоқ. Анасы күйеуінің көлікте көңілдесімен болғанын есітіп, көзіне жас та алмапты деседі. Содан кейін жүрегі қатайып қалса керек, күйеуінің жылына жетпестен төркінін жағалап келіп осы жерде тұрақтап қалыпты. Қазір анасы жалғыз, содан кейін тұрмыс құру жайлы ойдың ошағын мәңгілікке өшірген сияқты. Қазір күні де, айы да, бар асылы осы - Ажар.

Бүгін күн күшіне еніп, аса асаулық танытпай тұр. Керісінше, батыстан жағымды жел есіп күздің жақындағанын алыстан сыбырлап айтып тұрғандай. Әдетте, күн төбеге көтерілгенше тырбаңдап, шаңқай түс болғанда шалқамыздан түсіп демалатынбыз. Бүгін түскі тамақтан соң қабымызды белімізге байлап, жүйек-жүйекке түсіп, мақтаның сидиған бұтақтарын бір-біріне сытырлата соғып, даланың ана басына бірақ барып қалыппыз. Мақтаның қызығына түсіп кеткенім соншалық, еңкейген қалпымда екі сағаттың өтіп кеткенін тізем талып кеткенше байқамаппын. Басымды көтеріп даланы барлап қарасам, Айша мен Ажар менен біраз алдыға озып кетіпті. Солардан қалам ба деп, қимылыма қарқын қостым. Сөйтіп Айшаға жетіп алдым. Екеуіміз бір-бірімізге шаршағынымызды айтып біраз шағымданып, осы жолы толуға таяған қабымызды жерге қойып отырып тынықтық. 

- Ойбооой, бүгін Ажар тіпті пысық болып кетті ғой, манадан бері басын мақтадан бір алмай қара терге түсіп теріп жатыр – деді Айша аңқылдап күліп. 

- Оған не болған? Әшейінде майысып, бөксесінің бір жағына ғана жететін мақтаны әзер теретін еді ғой! 

- Бүгін біздің жанымызға үлкен сыныптың балалары орналасты ғой, ал ол сыныпта Бееека бар – деді Айша қуақы көздерін маған қадап.

- Ааа, бәсе, сол екен ғой, енді түсіндім! Пысық, еңбекқор деп ойласын деген ғой! Ой қу қыыз! – деп екеуіміз де сықылықтап күлдік. 

Қой, болды, өзіңді бас дейік барып, әйтпесе таңға дейін теретін түрі бар ғой. Әлі мұны тапсыруымыз керек. Кезек күту керек. Бүгін апайлар да көрінбейді ғой – дедім жан-жағыма қарап. 

- Бүгін Сәуле апайдың туған күні емес пе еді, жаңа мен Жақан ағайдың велосипедпен келе жатқанын көргем. Артына жейтін анау-мынау тиеп алыпты. Ең астында шөлмек сығыраяды – деді Айша. 

- Сенің-ақ байқамайтының жоқ осы, зу етіп өте шыққан велосипедттің артындағы заттарды қалай түгел қарап үлгергенсің? Қой, Ажарға өзіміз бармасақ, бүгін оның қайтатын түрі жоқ. Апайлар, әлгі шөлмекке ауынып, бізді ұмытып кеткен сияқты. Олар да адам ғой, шаршаған шығар, Ажарды алып, мақта өлшетуге өзіміз-ақ кете берейік.  

Екеуіміз екі жүйектің бойымен қатар келе жатырмыз. Арасында Ажар деп айқайлап қоямыз, тым-тырыс. Тапсын деп тығылып қалған шығар дедік. Кетіп барамыз, кетіп барамыз. Алқаптың басына да жақындап қалдық. Ортада жүретін жол бар. Ол жол алқаптардың арасын бөліп тұрады. Жүре-жүре сол жолға да жетіп қалдық. Келесі алқапта басқа жұмысшылар мақта тереді. Мектеп оқушылары таңертең келіп, кешке кетсе, басқа мекеме жұмысшылары мақтаны басында жатып тереді. Біз Айша екеуіміз жолға жақындап қалғанда алдымызды үш-төрт жігіт кесіп өтті. Сүтке тойған мысықтай бізге көз қиығын да салмай өте шықты. Анандай жерге кетсе де арттарынан арақтың иісі мүңкіп тұрды. Біреуі жүріп келе жатып жерге қақыра салды. Екіншісі шалбарына шаң жұққанын көрді де тоқтай қалып «ой, шешең...» деп санын екі соғып сүрініп-қабынып кетіп бара жатты. Үшіншісі тәлтіректеп барып тоқтады да қойнындағы бөтелкені пох еткізіп ашып қылқылдатып түбіне дейін төңкеріп салды, сосын бос бөтелкені жүйекке қарай лақтыра салды. Тағы біреуі ышқырын қасып біраз тұрды да тізесіне тізесі тоғысып алдыңғыларға қарай жүгірді. Біз Айша екеуіміз бір-бірімізге қарадық. Екеуіміздің де көкейімізде сұрақ. Мен де, Айша да не ойларымызды білмей үнсіз тұрып қалдық. 

- Не істейміз? Ары қарай барамыз ба, әлде артқа қайтып апайға айтамыз ба? – деді Айша. Дауысынан болмашы діріл сезілді. 

- Ақыры келген соң аяғына дейін барайық. Жаман нәрсе ойламайықшы, мен білсем, ол бір жерде тығылып отыр – дедім жаман ойды жуытқым келмей. 

- Жаңағы жігіттер біртүрлі екен.

- Қойшы, ол жәй жүрген қаңғыбастар ғой. 

Екеуіміз арғы бетке өттік. Ол жақтың мақталары біздікінен қалың екен. Бұтақтары да ұзындау. Бойымыз көміліп қалды. Екеуіміз екі жүйекке түсіп алып сытырлатып келе жатырмыз. Келе жатып, орта тұсында жан-жаққа жығылған бұтақтарды көрдік. Мен тоқтап қалдым да:

- Ары қарай бармаймын, күн де батып қалды – дедім. 

- Онда осында тұр, мен барып көріп келейін – деді Айша өзіне тән өжеттілікпен.

- Жоқ, жалғыз бармайсың – дедім мен әлгі ойымнан айнып. 

Адамдар қинап жанышқан бұтақтардың ортасы ойылып қалған жерде ес-түссіз жатқан Айшаны көріп екеуіміз де айқай салып жүгірдік. Жалғыз өзі жатыр. Жанына жетіп барып, Айша қолымен Ажардың басын көтерейін десе мойны былқылдап тұрмайды. Бетін шапалақпен ұрсақ түк сезбейді. Денесінің жалаңаш екенін енді байқадық. Шешілген киімін үстіне тастай салыпты. Шалбарымен төменгі жағын жауып қойған. Лыпасы бір бұтаққа ілініп қалған. Шамасы, оны жанталас кезінде лақтыра салған. Жан-жағында қаптың аузынан төгілген қызыл дақ тиген аппақ мақталар шашылып жатыр. Айша жылап жіберді. Мен Ажардың қасында екіге жарылып дәл өзегіне пышақ қадалған қып-қызыл қарбызға қарап қаттым да қалдым. Ол маған тәтті қызыл өмірдің қызығын тоқтатқан тажал болып көрінді. 

Сол жағдайдан кейін біз Ажарды көрген жоқпыз. Мектепке де келмеді. Анасы қызғалдақтай жайқалып өсіп келе жатқан қызыл гүлінің тамырынан жұлған тажаларды таба алмапты. Ажардан сұраса ол да жақ ашпай қойыпты. Жүректі тілгілейтін тақырып қозғалып, анасы айналсоқтап сұрай бастаса Ажар көзін бір нүктеден алмай, жауап бермей сіресіп отырады екен. Оның үлкен дауға айналғанын қаламайтын болса керек. Оларды тапқанымен қалай дәлелдейді? Дәлелдегенімен не ұтады? Ажардың ары қайта тазара ма? Керісінше, қып-қызыл болып қансырап тұрған жас жараға тұз сеуіп, оны одан сайын сыздауықтай солқылдатпай ма?! Қатарластары Ажарды көргенде қолын шошайтып табаламай ма? Қызғанышы ішіне сыймай жүрген құрбыларының қыбы қанып сыртынан сыбырласпай ма? Бой жеткенде ше? Оның барлығын әшкерелеп, ақиқатты ашқанымен, қоғам оларды қылмыскер ретінде қабылдай ма?! Ажар өткеннің бәрін жадынан өшіріп, бір үйдің ұйытқысы болып жаңа өмір бастай ала ма? Барған жері бұрынғысын бетіне баспауына кім кепіл! Табиғат әлемінде жаныңды жүндей түтіп жұлмалайтын адамнан асқан қатігез тіршілік иесі бар ма?! Ажардың кінәсіздігін, күнәсіздігін кімге айтып ақтап алады? Жоқ, бұл ауылда көзге түскен шелдей болмай қазанды жабулы күйінде қалдырып, дұрысы көшу керек деп шешті анасы. Ақиқат ашылғанымен Ажарды ешкім аямайтынына, адамдардың бәрібір еркек жыныстылардың есер қылығын табиғаттың заңымен ақтап алатынына көзі жеткен. Кезінде күйеуі көлік апатына түсіп, жанында көңілдесі бар екені анықталғанда Ажардың анасының қайын әпкелері мен көрші кемпірлер не деп еді?  Еркек қой, ондай – ондай болып тұрады. Ол олардың табиғаты. Соған бола кек сақтап кекірею ақылсыздықтың белгісі. Ана дүниеге қиналмай барсын десең көкейіңді жібітіп, кешірімін бер. Әйелінің көзіне шөп салмайтын еркек болушы ма еді? Біреу білдірмей жасаса, біреудікі осылай ашылып қалады. Түптеп келгенде біз бәріміз Алладан жалғыз келіп, жалғыз кетеміз. Ешкім  ешкімнің меншігі емес. Алланың өзі кешірімді болғанда сенің бұлай сіресуің қалай?! – деп онсыз да естіген мезетте осылған жүрегінің қанын одан сайын сорғалатқан. Қанша кешірейін десе кешіре алмаған, қанша жылайын десе көзіне жас келмеген. Тамырларына біреу сым жүргізіп тартып қойғандай сірескен де қалған. Күйеуінің жетісінде де ол тас жібімеді, жауабын ешқашан ести алмайтын сұрақ толы жүрегі қоладан да ауыр болып кетті. Шер шемен болып қатып қалғаннан асқан азап жоқ. Қырқынан кейін көңіл сұрап келетіндердің аяғы сиреген соң жалғыз қалып күйеуі екеуі түскен суреттерді бір-біреулеп қарап шықты. Суретте екеуі бақытты. Сырт көзге ештеңе білінбейді. Неге? Оған не жетпеді? Мені неге алдады? Сезім болса ол өстер ме еді? Жоқ әлде еркектің ұғымында сезім басқа, сауық басқа ма? Көрші келіншектің «Күйеуіңнің көңілдесімен қырға барғанын көңіліңе жақын алма. Бәріміздің де байымыз қыдырады. Көзімізді жұмып көрмегендей болып отыр емеспіз бе? – деп келе жатқанда Ажардың анасының көзі шарасынан шығып бара жатқанын байқаған көршісі: - Бүкіл ауыл білгенде, сен білмегенсің бе? - деп сөзінің соңын саябырсытқанын анасы әлі ұмытқан жоқ. Осыған дейін күйеуінің суық жүрісін қалай сезбеген? Менен оны не үшін жасырған. Оның өтірік айтатын осалдығы жоқ еді ғой. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Адам кез келген жағдайда ақиқатты айту керек, шындықты жасыру шарасыздықтың, қорқақтықтың белгісі деп отыратыны қайда? Өз сөзі өз әрекетіне қарсы келгені ма? Әлде ол қағида отбасына қатысты қолданылмай ма? Әлде сыртқы жүні қампиған шындықтың ішінде арық өтірік өмір сүре бере ме? Шындықпен шырмалған өтіріктің өксігі тасқын болып тамағына келгенде Ажардың анасы оны тоқтата алмады. Тамырын тырыстырған барлық өкпе, өкініштің бауы босатылып арқыраған асау тасқын көз жас болып сытрқа атқылады. Жылап – жылап бойының жеңілдеп қалғанын сезген әйел, жоқ, тәнін таптап жанына өшпестей жара түскен жерден қызымды алып кетуім керек деп шешті. Екеуі үйін сатып басқа қалаға көшіп кетті. Айша екеуіміз оны қанша іздесек те таппадық. Нағашыларынан барып сұрадық, айтпады. Арын айуандықпен таптаған кеңістікке кім оралғысы келер дейсің, бәлкім қазір шетел асып кеткен шығар, бәлкім адам аяғы баспайтын бір ауылда жалғыз тұрып жатқан шығар. Не болса да олардың адамнан қиянат көре тұра өз ортасынан опа таппай бақыт түгілі жәй сұқ көзсіз тыныштықта өмір сүруі үшін бәрін тастап баз кешуі бізге қатты батты. Енді олар жан жарасы жазылып, бақытты өмір кеше алар ма екен..?

Күздің соңғы айы да келді. Балалардың еңбегімен жиналған мақта машақаты бітіп, сабақ та басталды. Енді сыныпқа көрік беріп тұратын Ажар да, езуімізге еріксіз күлкі үйіретін Мәулен де жоқ. Мақтаның құрбаны болды ма, әлде тағдырдың жазуы солай болды ма, үлкен сұрақ. 

Сабақтың бірінші күнінде бәріміз Айшаның үйіне бардық. Бір топ қыз болып жол бойы әңгімелесіп, күлісіп бардық. Айшаның әкесі үлкен үй соққан. Соны көргіміз келді. Ауласында қолымызды шайып, бақшасын тамашалап, үйіне кірдік. Айша жаңа үйдің бөлмелерін көрсетіп бәйек болып жүр. Қонақ бөлмеге кіріп енді жайғаса бергеніміз сол еді, бөлменің бұрышынан еденнің сықырлаған дауысы естілді. Бәріміз жалт қарадық. Қарасақ, үлпілдек құйрығын бұтына қысып алып бобик отыр. Оның артымнан келе жатқанын не мен, не сыныптастарым байқамаған. Мынау менің бобигім ғой деп, жанына жетіп бардым. Шық, десем шықпайды. Жүр десем, бұрышқа одан сайын тығылады. Бобик, шық, ұят болады, мен сыртта күт десем, бәрін түсінетіндей жалынышты көзбен құйрығын бұтының арасынан шығарып еденге ұрып-ұрып қояды. Болмаған соң, көтеріп алып сыртқа шығарып, есікті жауып қойдық. Кейін шықсам аяқ киімім жоқ. Бобиктің тыққанын білдім. Шамасы, жаңа шығарып жібергеніме ренжіген болу керек. Оның кейде мен бір жаққа кеткенімді қаламаса аяқ киімімді бақшаға апарып қалың шөптің ішіне тығып қоятын әдеті бар. Енді бобиктен кешірім сұрап, жалынуға тура келді. Жанына барып, басынан сипадым. Тұмсығын жерге төсеп алған. Қарамайды. 

- Бобик, маған ренжіп қалдың ба? – дедім абайлап. 

Алыс көкжиекке көзін қадап алған, тырс етпейді. 

- Ренжімеші, бұл біреудің үйі ғой, сені сыртқа шығарып жіберуге тура келді, кешірші мені бобик – дедім бетімді оның бетіне тақап. Екі қасын кезек – кезек көтеріп, жапырақтай құлағын қақты да, бақша жаққа қарай безілдеп кетті. Бір уақытта аяқ киімімнің біреуін тісіне қысып әкеліп тастап кетті де, көше жаққа қарай тағы жүгіріп кетті. Бір қуыстан екінші аяқ киімімді тауып әкеліп берді. 

Сабақ басталғалы мектепке бірге барып қайтатын серігім осы бобик. Үйден екеуіміз шығамыз, ол менімен мектепке дейін тепеңдеп еріп келеді. Кейде жол-жөнекей басқа жерлерге жүгіріп кетеді де қайта келеді. Кейде басын жерден алмай келгенше шөп иіскелеп келеді. Мектептің ішіне кірмейді, тура менің сыныбымның терезесінің тұсына келіп жатады. Сабағым біткенше кейде мызғып алады, кейде шабыты келсе сол маңда шапқылап жүгіреді. Мен шыққан соң артымнан үйге бірге еріп келеді. Өзінің түсі қап-қара. Жүні жып-жылтыр. Мойнында тамшы тұрпатты кішкентай аппақ дағы бар. Жазды күні Өзбекістанның қайнаған ыстығына шыдамай іші солқылдап су іздейді. Бір дағараға су құйып қоямын. Сол суға кіріп алып жатады. Ішім пысқанда ол судың ішінде мен көлеңкеде отырып соған әңгіме айтамын. Мені түсінетіндей көзін қадап қарап отырады. Кейде әңгімемді тыңдап жатып қалғып кетеді. Сөйлей алмайды демесең, ит деуге аузың бармайды. Анам күні бойы жұмыста, тамақ кешке ғана болады. Күн ұзақ болған соң қарның шұрқырап кетеді. Сондай кезде бақша деген қазынаның ортасына кірем. Анам жауған тандыр нанды аламын да бақшаға қойып кетем. Бірінші қатарда қып-қызыл боп менмұндалап қызанақтар тұрады. Үлкен жемісті көтере алмай белі бүгіле бастаған соң әкем олардың әрқайсының жанына ағаштан бір – бір қазық қағып, бұтақтардың мойын сол қазыққа иіп байлап қоятын. Қазыққа асылып тұрған әр бұтақта үш-төрт қызанақ сіресіп пісіп тұрады. Жұлып алып шаңын көйлегіме сүрте салып нанмен жеймін. Арырақ барсам қияр өсіп тұрады. Ол өрмекші гүлі ұқсап жапырақтарын жерге жайып өседі. Жападай жапырақтардың арасын ашып қиярды да тауып аласың. Оны да көйлегіңе үйкеп – үйкеп жейсің. Сосын бақшадан тойып шығып үйдің артына барып жүзім жұлып жейсің. Біздің үйдің алдында да, артында да жағалай жүзім өсетін. Кірген кезде күзге таман пісетін хусейн жүзімі самсап тұрады. Оң жағына қарай бұрылсаң жаздың алғашқы жаршысындай болып ұсақ көк жүзім өседі. Үйдің ең төрінде баданадай – баданадай қара жүзім өседі. Өзі етті және тойымды. Оның арғы жағында сұқ саусақпен бірдей сопақ сары жүзім өседі. Соларды піскенін піскендей жеймін. Күз келгенде қалғанын жинап алып тосап қайнатамыз. Қалған қолымыз жетпей қалып қалған жүзімдердің қызығын торғайлар көреді. Жүзімді баптау да оңай емес. Күздің қара суығында жапырақтарынан арылып жалаңаштанғанда әкем оларды темірге асылып тұрған жерінен жерге қайырып түсіреді. Жерді қазып, жүзімнің бастарын темірдің үгінділері араласқан топыраққа көмеді. Ашық қалған жерлерін клеенкамен, ал сыртынан көрпемен орап, байлап тастайды. Әкем сатымен жүргенде мен төменде тұрып керек-жарақтарының барлығын алып беріп тұрамын. Ал көктем келгенде жаңағының барлығын шешіп, басын топырақтан шығарып, оларды сатымен жоғарыға асып бұтақтарын темірге тас қылып таңып тастайтын. 

Көктемде тіршілік оянып, күн сәулесінің қызуы қоюлана бастағанда әжем де қысымен мақтасы басылып зілдей болып кеткен үйдегі көрпелерін шығартып, жайғызып, өзі астына ағаш орындық алып күншуаққа жон арқасын беріп жылынып отырады. Кейде екі жақтауы зерленген кимешегін әрең шешіп, қалтасынан тісі сиреп қалған тарағын алып, ақ қырау көмген селдір шашын жайып тастап тарайды. Тегінде, ол кісі әңгімеге сараң, көп сөйлегенді ұнатпайды, ешкіммен шаруасы жоқ, өз ісімен ғана жүреді. Дастархан басында бәріміз тізіліп отырсақ та, бізді жұмсағанды білмейді, бірдеңе жетпей тұрса өзі жүгіріп алып келе салатын кішкентай ғана ширақ кемпір. Дүниеде өсек – аяңды білмейтін, ораза намазы бұзылмаған, таза да еңбекқор жан бар болатын болса – ол осы әжем. Кейде, әсіресе өзінің жұқпадан жасалған қылмындысын жегенде әжем ала көлеңкеленген бөлмеде отырып, әңгіменің әрін келтіріп айтады. Бүгін әжем өзі жұп-жұқа қылып жұқпа жайып қылмынды пісірді. Анам оның ортасына жағатын быламығын дайындады. Әжем мен анам қайда барса да алып жүретін берекелі қазаны бар, сол көнекөз қарт қазанды әжем отқа қойып, қураған бес – алты бұтақты жағып жіберіп, қағаздай жайылған жұқпаларды екі жағынан қызартып алып, ортасына ботқа жақты да, оны бүктеп сары майға бір шылап алып, білегінен майын ағызып тұрып жеді. Қылмындыға тойып алған соң қас қарая әжемнің аяғына басымды қойып, маса шаққан жерлерді тыр-тыр қасып, тырайып жатып, аспандағы сансыз жұлдыздарды жанарыма сыйғызып жатып әңгіме тыңдаймын. Әжемнің айтуынша, атам Өзбекстанның бай-батшаларына былғарыдан аяқ-киім тігетін айтулы шебер болған. Әжеміз текті тұқымның тұяғы. Ағасы алдына жан салмайтын суырып салма ақын болыпты. Ән айтқанда арқаланып кететін көрінеді. Топ көрсе тоты құстай түрленіп, дауысы қырық құбылғанда бұрынғы дауысы астар болмай қалады екен. Қолына домбырасын алса ескектете, желпіндіре, желіктіре соғып, тыңдаушының құлақ құрышын әбден қандырады екен. Атамды жай жүргенде ешкім де елемейді екен, ән салса, өзін-өзі  ұмытып, әннің әуеніне толықтай төңкерілетін көрінеді. Ол біздің әжемізге де дарыған. Қазір ән айт десем айтпайды, әкемнің айтуынша әжем ауылдың әйелдерін жинап алып нәшіне келтіріп ән салғанда төңірек түгел құлақ түріп қалатынға ұқсайды. «Іңкәлә» деген әні үшін әжемді «іңкәлә» атап кеткен, бірақ мен ол әнді әлі естігенім жоқ. Әжемнің атамызға ұзатылуы да қызық. Атамыздың  бірінші алған бәйбішесі айықпас дертке шалдығып, он төртке жаңа толған әжемді алыс ағайындары етікші нәпақасыз болмас деп, бір шәйдің үстінде уағдаласып атамызға беріп жіберіпті. Әулетке келін болып келгенде әжем атамыздың бәйбішесін бағып күтіпті. Бәйбішесі де әжемді күндес көрмей, артынан ерген сіңлісіндей қамқорлық танытыпты. Қара шаңырақтың бүкіл ауыртпалығы нағыз ойнап-күлетін, бейқам жүретін жастағы әжемнің иығына артылыпты. Бойы тандырдағы нанды жабуға жетпей, бірнеше кірпішті біріне – бірін мінгестіріп, мықшыңдап жүріп нанды пісіріп алады екен. Атамыз бәйбішесін қанша емдесе де, шыбын жанын аман алып қала алмапты. Риза болған бәйбішесі өлер алдында әжеме ақ батасын беріпті. Содан әжем төрт ұл, екі қыз тауып тату-тәтті өмір сүріп жатқанда қыздарына көз тиіп бірінен соң бірі шетінейді, ал атамыздың ішкен қымызы ішіне жақпай аяқ астынан шардай боп ісініп қайтыс болыпты. Отыз төрт жасында төрт баламен жалғыз қалған әжем балаларын шетінетіп алмау үшін шөп ору, бидай жинау, жер қазу, көң тасу сияқты жұмыстардың барлығын істей береді. Қазақстанда нәубет жылдары басталғанда барлығы жан-жаққа бас сауғалайды. Даланы ашаршылық жайлап адамдар адым сайын өлікке сүрініп жатқанда қазақтан шыққан дипломат Н.Төреқұлов Өзбекстанның билігімен келісіп, қоңырат елін көшіруге көмектесіп жатқанын әжем ұзын құлақтан есітеді. Төрт баланы өкімет асырай алмайсың, тым болмаса тірі қалсын деп алып қоймақшы болғанда, төртеуін бауырына тығып, жер тіреп жылап бермеген екен. Ашаршылықтың жолына түскеннің барлығын аямай жалмап келе жатқанын көргенде балаларымды өкіметке өткізу керек па еді деген бір ой қылаң ете қалыпты. Қапыда көз жазып, өмірін өксікпен өткізгенше өкіметке өткізе тұрайын деп ойласа керек. Жоқ, не болса да көз алдымда жүрсін. Бір-бірінен көз жазып қалса қайтем? Бөлек жерде өсіп, бірін-бірі танымай жат боп кеткен жандар қаншама! Кішкентайын арқасына салып, қалған үшеуін сүйрелеп жүріп жиналып жатқан жұртқа жетеді. Көштің Өзбекстанға бара жатқанын есітіп, қайда барса да әйтеуір балаларын аман қалуын ойлаған әжем табаны тасқа тілініп, әбден қалжыраған көшке келіп қосылады. Күн түн жүріп, жалаңаш жотадан төмен түскен кезде іштері шұрқырап шырылдаған балаларын уата алмай келе жатқан көш жүрек жалғауға тоқтайды. Бірі қолына іліп үлгерген қоржынын шығарып, бірі торсығын алып, шайқап көріп, бірі қалтасының түбінде қалған қатқан құртты езуіне салып асқазандарын алдаусыратып жатады. Әжем қол қалтасынан тастай болып қатып қалған қара нанның бір түйірін қажалап отырып, біреуден бір қасық су сұрап алып әлгі нанды төртеуіне жібітіп берген екен. Әкемнің іші сол кездерде бұзылса керек, сосын өмір бойы ішегімен алысып, ақыры ішегі бірнеше жерінен кесіліп алынып, тамақтан соң өмір бақи жайсыздықты сезінетін. Ас асқазаннан төмен түссе болды әкем ішегін сыртынан уқалап асты итеріп ит әлекке түсетін.

Кеше ғана салт-дәстүр салтанат құрған, ұшы – қиыры көрінбейтін еркін далада ойнап өскен, «іңкәлә» деп құйқылжыта ән салып киіз басқан шетсіз-шексіз кең даланы артта қалдырып, қалың жынысты қойнау, жалаңаш жота, тікенекті дала, шоңқиған шоқылардан өтіп түн ауа Өзбекстанға да жетеді. Етектегі жапырлап жанған отты көріп рухы жаншылып жалынышты халде келе жатқан жұрт көздеріне жас алады. Ол көз жас жаңбырлы қар сияқты өкініш пен қуаныш араласқан көз жас еді. 

Таң ата тіршілік басталып, есекпен ары бері есіп жүрген өзбектерді көрген әжем басында оларға жуыспапты. Сосын ала дамбал киген өзбектің бір келіншегі әжемнің төрт кішкентайын көріп, арбадан түсіп, базарға сатуға жауып алып бара жатқан ыстық күлшесінен береді. Содан әжемнің іші жылып, ұлттың емес, адамның жаманы болады екен-ау деп ойлайды. Өзбекстанның Қошырабат жерінде терезелері жер мен жексен сығырая шөгіп, қабырғалары мүжілген соқпа тамда біраз тұрып өзбектің салтын, тілін бойына сіңіре алмаған соң орта жасқа келгенде ел орнығып, ес жиғанда отанына оралуды ойлайды. Алдымен он алтыға толған үлкен ұлын үйлендіріп, қолына құжатын алып беріп шегара асырып жібереді. Әкемнің үлкен ағасы Қазақстандағы нағашыларын тауып алып, алғашында сол жақта жүріп, сосын жұмыс тауып біртін-біртін тұрмысы түзеледі. Артынан жүк боп келген қырық жылғы сандығын қайта-қайта ашып, ішіндегі әлдебір заттарды түйіншектеп, қоржынға салып, алыс сапарға дайындалып, өз-өзінен әбігерленіп жүреді де, көп ұзамай әжемнің өзі де тәуекелге бел буып үш жасөспірім баласын алып үлкен сапарға шығуды ойға алады.  «Келімсек» деген сөзді талай естіген әжем әркімнің босағасында босқын сияқты болуды — қорлық санайды. Өзі кішкентай бойына қарамай өте намысшыл болыпты. Әсіресе, жетім, не жесірдің жапа шеккенін көрсе екі қолын бүйіріне таянып жергілікті махаллә басшысына әділдікті талап етіп барады екен. 

Күз маусымы аяқталып, өкіметтің өңеші мақтаға толған кез. Әжем де күнімен мақта теріп, одан түскен тиын – тебенді жинап, бригадирден тығып алған жарты қап мақтаны түнімен үш баласымен шиттеп, жиналған шитті көрші-көлемге сатып, бидай алып, балаларына қуырып береді екен. Өткен қыс қатты болып, олар өлмей әрең шығады. Қазақстанды жайлаған ашаршылық Өзбекстанды да жеңіл шарпып өтеді. Көп адам көктемде жуа теріп, жауқазынның тамырын қазып жеп, жанын сақтайды. Жаз келіп, жидек жеп, жүрек жалғап аман қалады. Арпаның масағы бидай емес, тез төгіліп қалады. Сондықтан одан масақ теріп те жарымайды. Бидай жарамды. Оны қуырып та, келсапқа салып талқандап, айран, не май шылап жеуге болады. 

Балаларын тойғызған әжем үш баласын бірдей құшағына сыйдырып, құзғын құстан қорғаған мекиендей болып ұйқыға кетеді екен. 

Алқаптан күнде жарты қап мақта ұрлап оны шиттеп күн көріп жүрген әжемнің қабын бір күні бригадир көріп қояды. Кетіп бара жатқан жерінен: 

- Тоқта, қолыңдағыны көрсет – дейді.

- Алқаптың ана басынан, мына басына дейін шашылып жатқан мақтаны көрмей, менің мына қолтығымдағы балаларымның бір уыс несібесін көріп қалдың ба? – дейді әжем көзін ажырайта.

- Сен, өкіметтің мүлкіне қол салып жатсың. Ол мемлекеттің мақтасы, терген мақтаң үшін алған ақы аз ба саған? Артығын арқаламай тастап кет – дейді бригадир беті бүлк етпей. 

- Болса қайтейін, мен де осы мемлекеттің бір мүшесімін. Осында тұрып, суын ішіп, еңбек етіп жатырмын. Жарты қапқа менің де хақым бар – дейді әжем. 

- Қай мемлекетті айтасың? Босқын болып келген мемлектіңді айтасың ба? – дегенде әжім алғаш рет абдырап, аузына құм құйылыпты. 

Қолындағы мақтасын шашып, төсіне қолын жүгіртіп жіберіп бір жапырақ қағазды алып жерге жыртып лақтырып жібереді. Ол әжемнің ауыл депутаты болғанын айғақтайтын құжаты. Әжем сол ауылдың белсендісі болған. Әйелдердің хақын қорғап, өкіметтің тірлігіне тікелей ат салысып отырғандықтан ауыл адамдары әжемді депутат сайлаған. Әкімнің өзі келіп кеудесіне депутаттық белгі тағып, қолына қағаз ұстатып кеткен екен.  Әжеме батып кеткені «Келімсексің» - деген сөз. Сол сөзден кейін әжем үш баласын қайтсе де өз отанына жеткізуді ойлайды. 

Үйге келіп:

- Бұл елден кетпесек болмайды екен, - дейді. Жат бауыр, бөтен ел екенін сол кезде түсінгендей. Балалары жәутеңдеп, не болғанын түсінбей бір-біріне қарайды. Анасы торыққанымен, олар осы елді, осы ауылды қымбат көреді. Іштерінен көшіп кеткені несі?! Қайда барамыз? Жылы жерден жылжитындай басымызға не күн туды? – деп ойлайды. 

- Апа, кетпей-ақ қойсақ қайтеді – дейді есі кіріп қалған үлкені. 

- Жоқ, ертеде ата-бабамыз «Есің барда елің тап», «Өзгенің жерінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» - деп бекер айтпапты. Ертең ер жеткенде еңселеріңнің түсіп жүргенін қаламаймын. Ер жігіттің еңсесін түсіретін «Еліңді тап» деген бір ауыз сөз. Сол сөзді өмір бақи есітіп, етекте жүргенше, күшім барда сендерді елдеріңе апарып, ана жақта қалған ағайындарыңа қосайын – деп терең күрсініпті. Алдағы қысқа қалмаймыз, бұл жерден болашақта қайыр болмас. Қайдан келгеніңді көзге шұқитын құзғын қарғалар көбейе береді әлі. Бұларды біз жеңе алмаймыз. Ашығып бара жатқан соң, амал жоқ ұрлық жасайсыңдар. Сендерді ұры қылып өсіргенше өлгенім артық. Соттатып жібереді. Бұл жерде дұрыс оқу да жоқ. Елге кетеміз, қалаға көшеміз! – деп кеседі әжем. 

Айтқанының жөні, қисыны бар болған соң балалары қарсы келмейді. Ертеңіне әжем өзбектерден шиттің ақшасына сатып алған көк есекке екі дөңгелекті қисық арбаны жегеді. Енді көшетіндеріне балалардың көзі жетеді. Сол арбаға біртіндеп жүктерін тасып әжем кештің батуын күтіпті. Намыс қой. Айткүл есек арбамен көшіпті деген намыс қой. Дос күліп, дұшпан табалайды. Есі бар ел болса, күлмеу керек, табаламау да керек. Есі бар басшы болса, ауылдан тұтас ел емес, үш баласын сүйретіп жүрген бір ғана жесір әйел кетіп бара жатқанда кетпе, көмектесеміз, бір ашуыңды бізге бер, өлтірмейміз демей ме? Сол сөзді айтқан бригадир естімей, білмей отыр ғой десің бе? Ондай бастық, ондай ел мұнда жоқ екеніне әжемнің көзі жетті. Әжем түніменен оны-мұны, кәкір-шүкірді түйіншектеп, арбаға артуға дайындап қояды. Шығар алдында қаңырап бос қалып бара жатқан үйге арнап отыра қалып дұға оқиды. Үйдің ортасында әке жылуын да, шеше жылуын да беріп балаларды жылытқан пешті құшақтап қимай жылайды. 

Сырттаға есек арбаны көріп қалған көрші өзбек келіншегі жүгіріп келіп, әжемді райынан қайтармақшы болады. Бой бермей тұрған әжемнің қайратына, намысына қайран қалып:

- Қазақ деген халық намыстан жаралған халық екен. Менің соған көзім жетті. Жылама. Құдай қуанышта қауышуға жазсын – деп әжемді құшақтайды. 

- Мына, иесіз қалып бара жатқан үйге бас-көз боларсың. Анда – санда аруақтарға арнап жеті шелпек пісіріп тұр. Рәсім жасап, қотыр тоқты болса да сойып, ел – жұрттың батасын алып, көшсек те болар еді, енді оған шама қайда? Ұрлық қылған адамдай қашып барамыз. Аруақтар назалана көрмесін. Кешірсін! 

- Өзбектің келіншегі «Бұлар аруақтардан неге кешірім сұрай береді?» - дегендей әжеме аңырып қарап тұрып қалады. 

- Мына, Айткүл аруақтарды неге айта береді? – деп тұрған шығарсың. Қазақ діни аңыздарға қанып өскен халық. Жеті шелпекке қатысты бір аңызды айтып берейін, біле жүр. Діни аңыздарда жеті шелпек пісіру Хадиша апамыздан қалған деседі. Уахи түскен соң, Мухаммед пайғамбарды дұшпандары өлтіре алмай қастандық ұйымдастырады. Бір күні бір қараниет дұшпан расулдың үйіне үлкен қара жыланды байқатпай кіргізіп жібереді. Пайғамбар ұйықтап жатады. Хадиша анамыз шелпек пісіріп жатыр екен. Бір кезде ысылдаған дыбысты естиді. Жалт қараса улы жылан пайғамбарға төніп қапты. Хадиша шошып кетіпті. Сасқаннан пісіріп жатқан шелпекті жыланның алдына тастай салады. Жылан кілт тоқтайды. Сәл кешіксе шақпақшы. Осыдан соң шелпектерді бірінен соң бірін тастай береді. Жылан екеш жылан да нанның киесінен аттап кете алмайды. Кері шегініп, кірген ізімен далаға шығып кетеді. Хадиша ерінің қасына барып «Жылан шағып алмады ма екен?» деп басынан сипайды. Пайғамбар оянып кетіп «Не болды? Неге шошып тұрсың?» - дейді. Әйелі болған жайды айтады. Пайғамбар тұрып қараса жеті шелпек жерде жатыр екен. Жетінші шелпекті тастағанда қара жылан кері шегініпті. Пайғамбар нанды көтеріп дастарханға қойыпты. Басының амандығы үшін құран оқып, жеті шелпекті садақа етіп атапты. Хадиша оларды көршілерге садақа етіп тараптып береді. Осыдан бастап жеті шелпек тарататын ғұрып мұсылманның салтына еніпті. Әсіресе, қазақ аруақты аузынан тастаған емес. Жауға шапқанда да, арқаланып ән айтқанда да, маңызды іс атқарғанда да «Ее, Аруақ, Құдай жар бола гөр» деп аузына Алламен бірге аруақты айтып отырады. 

- Өзбектің келіншегі «Құп болады, опа» - деп қол қусырып әжемнің ақырғы аманатын алып қалады. Әжем алыстағы жекжат-жұрағатпен жалғасатын алыс жолға аттанады. Өзбекстандағы алыс ағайынның қорғай алмайтынына көзі жетіп, Алланың үш аманатын арбаға өңгеріп, өкініш пен өксікке толы кеудесін күзгі қара желге қарсы қойып Қазақстан қайдасың деп ұлы сапарға шығады. Алыстан ақ мақталар жерге түскен қыраудай болып көз ұшында қала береді.

Кейде ескі сүрлеумен, кейде жолсызбен шиқылдаған есек арбамен жолда келе жатады. Әжем тірсегіне тікенек кірмеу үшін аяғына кебіс-мәсісін киіп алады. Есек – ол ат емес қой, жолдың ортасында қырсық шалып тұрып қалуы мүмкін.  Арасында арбадан түсіп, қырысып қалатын есекті итергенде аяғына шырмауық оралып, жығылап қалып, қайта түрегеліп тізесі жара-жара болып отырып жылап алады. Ұлдары түсіп көмектесейін десе аяқтарын тікенектен қорғайтын дұрыс аяқ-киімдері жоқ. Жүктің үстінде үшеуі шоқиып қарап отырады. Ер азамат зорға шыдайтын азапты жолда қос доңғалақты есек арбаны кіп-кішкентай әжем ышқына итергенде есектің өзі шыдамай ақырады екен. Түннің жарымы болғанда есек тұрып қалады. Әбден қалжырап түн түскенде жүкке басын тигізген бойда сояудай - сояудай сары масалардың құлақ түбіне келіп ызыңдағанын да сезбей қорылға басады. Үш ұлы аспанда жыпырлап жанып жатқан жұлдыздарға қарап арман құшағында ұйқыға кетеді. 

Жетім болып көрмеген білмейді демекші, біреулер сипаса, біреулер сол басты жарғысы келіп тұрады. Өмір де содан ала – құла. Айдалада келе жатқан жесір әйелге біреу су мен ыстық күлше тастап кетсе, біреулер есекке тас лақтырып өтеді. Сондайда, әжем, Аллаға алақанын жайып ақ жол тілейді. Екі доңғалақты арбамен қисайып жүріп, төбелердің арасымен жол тауып, кішкене өзеннің жағасына жетеді. Суы жайлы, отты жердің тұсына тоқтап, әжем кебіс-мәсісін шешіп, арбаға жегілген көк есекті жетектеп арғы бетке өтеді. Терең емес екеніне көзі жеткен соң, үш ұлының балағын түргізіп, өзеннің ортасынан өтіп, жағаға жақындағанда артына қарап көз жасын бір сығып алыпты. Арбаға ұлдарын отырғызғаны сол мал екеш мал да өз мекенін қимай артына қарап отанымен қоштасқандай ақырыпты. Жолаушылардың осы жалғыз есекке күні қарағанын ол да түсінетіндей. Ақырғы рет ақырып барып «Менде көнбеске амал бар ма? Өз еркім өзімде болса, басқа жаққа бас сауғалар ма едім? Есі дұрыс адам өз Отанынан өзі безе ме?» дегендей қамыстай екі құлағын салбыратып отанын сатқанына қысылған адамдай басын жерден алмай тепеңдеп кете береді. 

Солай  үш күн үш түн жол жүріп, әжемдер шегарадан өтеді. Шегарадан өткендегі қуанышын айтқанда әжемнің жүзі ерекше нұрлана түсті.

Түн ортасында шегараға жақындап келе жатқанын сезген әжем қамзолын киіп, белін шарт буынып алады. Сонан соң қырға шыға келгенде ала бағанды анық көріп есегін сайға қарай  бұрады. Әжем ескіше аздап хат танығанымен, географиядан хабары жоқ еді. Әйтеуір, ел мен елдің арасында осындай бір сызық болатынын біледі. Тұла бойын тер басып кеткен әжем арбасынан түсе сала жерге жатып еңкілдеп жылайды. Қалтыраған қолымен бір уыс топырақты алып бетіне басады. Аман жеттік – ау, әйтеуір. Аллаға мың қайта шүкір деп арбада отырған үш баласына басын бұрып, қарыздарыңнан құтылдым-ау деп жеңілдегенін жанарынан байқатады. Қарны шұрқыраған үшеуі:

- Апа, жейтін бірдеңе бар ма? – дейді. 

- Табылады, жейтін табылады. 

Үш күндік сапардан ештеңе қалмағанын білсе де, әжем перзенттерінің алдындағы аналық сертін орындағанына көңілі тойып отырады. 

Әжемнің әңгімеге шеберлігі сондай, өз өмірін айтып жатқанда көз алдымнан бүкіл өмірі сурет болып сырғып өтіп жатып, үйықтап кетіппін.

Таң алакөбеленіп келе жатқанын мұрнымның жиегіне жиналып қалған шыбындардан сездім. Масахананың бір жағы түрулі қалса бітті, таңертең ішін шыбын жайлап, ұйқыңның пот-сотын шығарады. Мырзашөлдің жазында жазда үйдің ішінде ұйықтау мүмкін емес. Даладағы тапшанға масахана құрып,  сонда жатсаң ғана жаның қалады. Күн сайын әжемнің Жетіқарақшы, Құс жолы, Шоқжұлдыздар,  Ғаламат жұлдызы, құйрықты жұлдыздар туралы әңгімелерін, аңыздарын тыңдап жатып, қиялдың қанатында еркін қалықтап жатып тәтті ұйқыға кетемін. Әжем, кісі қайтыс болса, бір жұлдыз ағып түседі дейді. Шеті мен шегі жоқ жазық аспандағы ағып жатқан жұлдыздарды санап кейде есептен жаңыламын. Масахананың ішінде жатып, үйдің алдындағы жарыққа жиналған шыбын-шіркейлерді бобиктің тісін сақылдатып қуып жүргенін көріп арасында әжем екеуіміз күліп аламыз.

Қазақстанның шегарасынан өтіп, орнығып, жер алып, төрт баласын үйлі – жайлы қылып, төрт көзі түгел тіршілік кешіп жатады. Кейін екі ел шегараны шегендегенде біз арғы бетте, яғни Өзбекстан жағында қалып қоямыз, бірақ ол, әжемнің атуынша, бастапқыда Қазақстанның жері болған екен. Қазақ көп қоныстанған сол жерде өмір бақи отырамыз деп ойлаған әке-шешем, Кеңес өкіметі құлап, Өзбекстан мен Қазақстан егемендік алғаннан кейін қазақ мектептерінің жабыла бастағанын, қазақ балабақшаларының қысқартыла бастағанын, сол маңдағы қазақтардың кейбірі құжаттарындағы ұлт деген жерге өздерін өзбек қылып жазғызып жатқандарын көріп көшуге бел буды. Жылдар бойы әкем жүзім егіп өсірген, анам қырық жыл бойы сабақ беріп еңбек еткен, әжем жүн түткен жылы жерден табан аударуға тура келді. 

Қазақстанға келгенде жаңа мектепке орналастым. Мектеп мұғалімдерінен де, сыныптастарымнан да түк білмейтініме қатты қысылып жүрдім. Өзбекстандағы оқушылардың білімі терген мақтасына қарай бағаланатынын кімге түсіндіріп ақталасың? Анам менің дәрігер болуымды қалады. Мені түрлі курстарға беріп дайындады, бірақ он жыл бойы алмаған білімді екі айда игеру мүмкін болмаған соң, дәрігерлік оқуға түсу мүмкін болмады. Мырзашөлдің ми қайнатар күнінде көбіне ішім пысып үйде кітап оқып жататынмын. Қазақстанға келгенде «Кім боласың?» - дегенде «Білмеймін» деп иығымды қиқаң еткіздім. Жаратылыстану бағытында жол жоқ екені бесенеден белгілі. Ішім пысқанда оқыған кітаптарым мені әдебиетке алып келді. Ал, менімен бірге оқыған сыныптастарымның ешқайсысы да оқуға түсе алмады. Өйткені, олардың нағыз білім алып дамитын, жалындаған  жастық шағын өкіметтің мақтасы жұтып қойды. Болашағымызға балта шабылып жатқанын білгенде, ол жерден ертерек көшіп кетер ма едік, деген ой осы күнге дейін мазалайды. 

Үйге кірген бойда құйрығын бұлғаңдатып арсалаңдап алдымнан жүгіріп шығып біраз шолжаңдайтын бобик бүгін көрінбеді. Қақпадан кіре сала анамнан сұрап едім, оның күні бойы көрмегенін айтты. Қызық, әншейінде есікті торып мені тосып жүретін бобикке бүгін не болған? Сол мезетте неше түрлі ой басымды шарлап өтті. Бөтен жерді білмей үлкен төбеттерге таланып қалды ма екен? Жоқ, ол ақылды ғой, жаңа жерді әдетте әбден иіскелеп зерттейтіні бар. Не болса да іздеп көрейін деп көшеге шықтым. Бобик, бобик десем келмейді. Қараңғыда өзі қап-қара болып көрінбей артымда үндемей тұрған шығар деп жан-жағыма қарадым. Тым-тырыс. Бір уақытта көрші әжей қақпасынан басын жартылай шығарып:

- Әй, әлгі қап-қара итіңді іздеп жүрсің бе? – деді. 

- Иә, апа, бобик деген қара күшігімді көрдіңіз бе? – дедім.

- Өткенде ана Сараның баласын бір қаңғыған ит қауып алыпты, содан ол дереу біреулерге ызбанадап хабарлапты, артынша дөңкиген бір машина келіп көшені шулатып, иттердің барлығын салып алып кетті. Сенің қара күшігің де қақпа сыртына шығып шәуілдегенін көзім көріп еді, бірақ арғысын аңдай алмай қалдым. Сол пәлекеттер салып алып кеткен жоқ па екен?! – деді, әжей сұрақты өзіме қарай бұрып. Дауысында мүлдем абыржу жоқ. Ол иттің маған адамнан да қымбат екенін көрші кемпір қайдан білсін? Бобиктің шеуілдейтін әдеті болмаушы еді ғой, дала у-шу болып кеткен соң шошып шыққан шығар, әлде ажал айдап шығарды ма екен? Қақпа сыртында сілейіп тұрып қалдым. Балалығымның сол жерде біткенін түсіндім. 

Қазір балалық шағымды сағынсам түсіме құйрығы үлпілдеген қап-қара бобигім мен аппақ мақталар кіреді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар