Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Жазғытұрым» өлеңінің қалқасында тағы бір өлең

23.08.2019 414

«Жазғытұрым» өлеңінің қалқасында тағы бір өлең 12+

Абай өлеңдері мазмүндық жақтан және қабылдау эстетикасы тұрғысынан әлі күнге дейін толық қанды жүйелене қойған жоқ. Оған дәлел ретінде арнау өлеңдері мен фәлсәфалық шумақтарының және өсиет, ақылдық және терме өлеңдері мен махаббат жырларының мысал өлеңдері мен аудармаларының, тіпті, толғаулары мен ән сөздерінің қарақойю араласып, басылым көріп келе жатқанын айтсақ та жеткілікті. Оның үстіне Абайдың философиялық толық адам түсінігі мен оның нағыз ақындық өресінің ара жігін күні бүгінге дейін ажырата алмай келе жатқан кемістігіміз тағы бар. Ол ол ма? Ең өкініштісі Абайдың бір өлеңі деп жариялап жүрген кейбір өлеңдерінің бірнеше өлең екендігін аңғара алмай жүргендігіміз. Оған мысал ретінде оның «Жазғытұрым» атты өлеңі екі өлеңнен құрам табатындығын көлденең тартуға болады. Менің түсінігімше «Жазғытұрым» жалпы 16 шумақ болғанымен, 11 шумақтан соң ой айақталып, жаңа бір өлең басталады. Ал одан соңғы «Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен Ай» деп басталатын 5 шумақ өлеңнің 3-4 шумағының қисынды жүлгесі жаз көрінісіне келіңкірегенімен, жазғытұрымғы бейнеден алыс жатыр. Онда жазғытұрымғы көріністен көрі галактикалық құбылыстарды сөз ету үстем орында тұр. Сондықтан мен оны Абайдың «Жазғытұрым» атты өлеңінің қалқасында қалып қойған ғажайып бір, жеке дара өлең деп санаймын.

«Жазғытұрым»

Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

Жалбаңдасар өзінің түрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, қүшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Туйе боздап, кой қоздап - қора да шу,

Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.

Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,

Жүмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.

Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарқ-жүрқ етіп ілінер көк дауыл баз.

Құс қатарлап байлаған қанжығаға

Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,

Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.

Қырда торғай сайраса, сайда - бұлбұл,

Тастағы үнін косар байғыз, көкек.

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,

Диханшылар жер жыртып, егін егер.

Шаруаның бір малы екеу болып,

Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге

Рахметіне алланың көңіл сенер.

Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,

Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Қара тастан басқаның бәрі жадырап,

Бір сараңнан басқаның пейілі енер.

Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне,

Бойың балқып, ериді іште жігер.

Кемпір-шал шуақ Іздеп, бала шулар,

Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.

Жыршы құстар әуеде өлең айтып,

Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.

«Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен Ай»

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,

Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай,

Таң атқан соң шығарын күннің біліп,

Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.

Күн - күйеу, жер - қалыңдық сағынышты,

Құмары екеуінің сондай күшті.

Түн қырындап жүргенде көп қожаңдап,

Күйеу келді, ай, жүлдыз к... қысты.

Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,

Жан-жануар қуанар тойға елеріп.

Азалы ақ көрпесін сілке тастап,

Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.

Күн - күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң

Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,

Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.

Қызыл арай сары алтын шатырына,

Күннің кешке кіргенін көрді көзім.

Бекқожа ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар