Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Жоғалтқан ұрпақ бейнесі...

05.04.2023 1893

Жоғалтқан ұрпақ бейнесі 14+

Жоғалтқан ұрпақ бейнесі - adebiportal.kz

Соғыста жоғалған және жоғалтқан ұрпақ (lost generation) образы әдебиетте қалай бедерленді?..

«Момышұлын адам емес, ағаш деп ойлайтын ол неғылған жазушы? 

Мен де адаммын жаралған сүйек пен еттен,

Менде де ой бар, сезім бар жан тербеткен.

Жүрегім менің қиыршық тас емес қой

Қайғыларым бар мені де еңіреткен» («Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының кейіпкері Бауыржан Момышұлының сөзі)

Адамзат сансыз рет соғыс зардабын тартып, өлім құшса да, соғыс қасіреттерінен сабақ алмаған елдердің бар екеніне қазіргі уақыттың өзі дәлел. Даму тарихында соғыстарды бастан өткізген кейбір мемлекеттер фашистік және отаршылдық көзқарас пен ұстанымынан арыла алмағандықтан, кез келген уақытта соғыс өртін тұтандырудан қаймықпайды. Ал сондай мемлекеттердегі халық санасы мен тұтынатын ақпарат саласын отарсыздандыруға, отаршылдықтан арылтуға септесетін және соғыс шындығын болашақ ұрпаққа жеткізетін көркемдік ақпарат көзінің бірі – әдебиет екені белгілі. 

Батыс әдебетінде «Lost generation – жоғалтқан (жоғалған) ұрпақ» деген ұғым  және әдеби ағым орныққан. Аталған ұғымның негізін қалыптастырған Америка жазушысы, ақын Гертруд Стайн және бұл көпшілік оқырманға жазушы Э. Хемингуэйдің «Күн де көтеріледі» деп аталатын романы арқылы таныс. «Жоғалтқан ұрпақ» ұғымы Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ұрпақтың болашаққа деген сенімі, үміті, арманы, мақсаты, өмірінің мәні жоғалғанын білдіреді. Жоғалтқан ұрпақ бейнесі Э. Хемингуэйдің «Қош бол, майдан (қару)», Дон Пассостың «Үш әскер», Э. Ремарктің «Батыс майданда өзгеріс жоқ», «Үш жолдас» туындыларында соғысқа қатысып, болашаққа деген арман, мақсат, махаббат, үміт, сезімдерін жоғалтқан адамдардың образдары бедерленген еді және жазушылардың біразы Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Өлгендер мен өлтіргендерді, дене мүшесінен айырылған, зақым алғандарды, аяулы жандарынан біржола қол үзген адамдарды жазушылар өз көзімен көріп, соғыстан кейінгі олардың өмірін романдарында кескіндеген болатын. Сонымен қатар, соғыстан басқа тарихи кезеңдерде әртүрлі қиындықтарды көрген ұрпақ та өздерін жоғалтқан ұрпақ санайтыны көрініс беріп жатады. 

Қазақ әдебиеті де әлем әдебиетінің бір бөлігі саналады әрі Екінші дүниежүзілік майданға қатысқан қазақ қаламгерлері де соғыс тақырыбын жазды. Қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбындағы туындылардың көп бөлігі ХХ ғасырда жарық көрді. Осы тұста жоғалтқан ұрпақ бейнесі қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапты деген сауал туады. Кеңес одағының отан қорғаушысы деген атақ пен сенімді абыроймен алып шығуға, қорғауға тырысқан жауынгерлердің алып ерлігі әдебиетте бедерленгені айқын. Жау танкіне, ұшағына кеудесін тосып, қайталанбайтын ерлік көрсеткен немесе қатарда соғысып жүріп-ақ өлім құшқан миллиондаған Кеңес әскерлері адами сезімдерін соғыста жасырғанымен, бұққанымен, көрсетпегенімен, бірінші кезекте өмірге келетін әрі өлетін тіршілік иесі – адам еді. Бұл мақаламызда соғыс туралы жазылған туындылар қаншалықты соғыс шындығын және адамға тән ауырсыну мен қиналыстарды көрсете алды деген зерттеу сұрақтарымыздың шешімін Кеңес одағының батыры, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романы, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы және ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасы негізінде қарастырғымыз келеді. 

Бауыржантану ғылыми-зерттеу мекемесінің ғылыми қызметкері М. Кәтімханның (қазіргі уақытта бұл мәлімет өзгерген болуы мүмкін) түсіндірмесіне сәйкес, бұл шығарма – А. Бектің «Арпалыс» романының заңды жалғасы. «Москва үшін шайқас» романының алғашқы бөлімдері 1958 жылы жарық көре бастаған және соғыс тақырыбындағы алғашқы әскери мемуарлық туынды саналады. Мақаламызда батыс, америка әдебиетінде туған «lost generation» ұғымын жоғалған ұрпақ және жоғалтқан ұрпақ деп екі тіркеспен қазақшалағанды жөн көрдік. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыста миллиондаған адам да жоғалды, тағы да миллиондаған адамның денсаулығы, махаббаты, отбасы, балалығы, еркіндігі жоғалды (құрыды), үміті өшті, сенімі күйреді. 

Даңқты батыр, халық қаһарманы, жазушы Б. Момышұлының «Москва үшін шайқас» романында соғыс майданында өзі куә болған, басынан өткізген әртүрлі деңгейдегі ұрыстар мен қыстақ, қалаларды қорғауға қатысқан батырлардың ерлігін баяндап, портреті мен мінездемесін жасайды және кейбірін сағынышпен еске алады. Соғыс майданындағы генерал-майор И.В. Панфиловтан бастап, капитан Булатов, капитан Кирсанов, Андрей Алешин, лейтенант Брудный және қазақтың айбынды ерлері Төлеген Тоқтаров пен Мәлік Ғабдуллиннің де отан қорғаудағы жанкешті ерліктері баяндалады. 316-атқыштар дивизиясы (кейіннен 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы) әскерлерінің әдеби бейнесі сомдалады. Романда майданда батальон командирі (1941 жылы) болған аға лейтенант Б. Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста бірнеше жанкешті ұрыстарға қатысқаны әрі соғыс жүргізудің тактикалары мен стратегиялары мұқият баяндалады. Соғыс жауынгерлері Мәскеу қаласы мен Матронино, Волоколамск, Горюны, Крюкова сынды ауылдар мен қыстақтарды қорғауда жанкешті ерлік көрсетеді. Туындының ерекшелігі, романның композициялық бөліктері жазушы Б. Момышұлының өз атынан баяндалады. Бұл роман 1950 жылдардан кейін жарық көргендіктен, кейіпкерлері мен сюжеттік желілері және Б. Момышұлының ерлігі, болмысы, мінезі оқырмандарға кеңірек таныс екеніне сенімдіміз. Сондықтан, аталған роман қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбын нақты көз көрген деректер негізінде шынайы жазылған қырын ерекше бағалай отырып, төменде жоғарыда айтылған мәселені ғана қарастырамыз.

Романда Б. Момышұлы мен генералдың диалогынан әскердің жараланғаны белгілі болады. Донских деп аталатын әскер тоғыз мәрте жараланса да оның жанына батқан ауруы нарратор мен генералдың назарын аудармайды. Тіпті, «совет адамы – өр адам» принципімен оған көңіл бөлмеген генерал әскердің ерлігін елеп, наградаға ұсынады. Бұл диалогтан кейін Момышұлы да автор ретінде соғыстан жарадар болған әскердің жағдайын баяндамайды. Арықарай басқа әскердің батальонға бауыр басқаны және командир тәжірибесі, жалпы соғыс жағдайы әңгімеленеді. Романның «Капитан Лысенко» деп аталатын бірінші бөлімінде басына оқ тиген капитанның жарасы да, екінші бөлімде түн қараңғысында өзеннен кешіп өтем деп ағып кеткен Тимошенко өліміне де баяндаушының адами жанашырлығы айқын көрініс таппайды. Тимошенконың «Абайлаңыз! Бұл жері өте терең екен» деген дауыс шықты да, басқа үн қатпады» деп еске алынады. Осымен олардың соғысқа айырбастаған өмірлерінің мәні, адами құндылығының маңызы нарратор тарапынан ашылмайды. Жазушы барынша генерал, капитандардың диалог үстіндегі характерін, әскери тәжірибесін, соғыс тактикаларын интерпретациялауды мақсат тұтады. Жазушының өзі де соғысқа қатысқандықтан, сансыз өлімді өз көзімен көргені белгілі. Өлім алдындағы әскерлердің адамдық болмысын, армандарын, мақсаттарын, үміттерін немесе жарадар сәттегі қиналыстарын ашуына болар еді. 

Ал романның «Таң атып, кеш батқанда» деп аталатын үшінші бөлімінде лейтенант Брудныйды сымбатты, ширақ, жас, әлі еркелігі басылмаған деп суреттейді. Жазушы осы тұста соғысып жүрген жас әскердің еркелігі басылмағанын ескереді немесе еске алады. Еркелігі басылмаған, жас лейтенант бір ұрыста позициясын тастап, кері шегінгені үшін аға лейтенант, яғни, баяндаушы оны батальоннан қуып жіберіп қаталдық танытады. Көп уақыт өтпей аға лейтенант пен лейтенант арасында түсіністік орнап, Брудный взвод жауынгерлеріне командир болып тағайындалады. Аға лейтенанттың кешірімінен кейін жас лейтенант Брудный қуанышы қойнына сыймай, әскерлерге қарай жүгіре жөнеледі. Осы тұста автор «Оның соңынан қарап тұрғанымда көзім мұнарланып, жүгіріп бара жатқан лейтенант пен шөп маясы сағымдалып, бұлдырап кетті. Көзімнің жасын бір сығып алып, басқа взводтың позициясына қарай жүріп кеттім» дейді. «Көздің жасын бір сығып алу» әрекеті көп нәрсеге сілтеме жасауы мүмкін. Қыздарға ғашық болатын, әке-шешесіне еркелейтін, достарымен қыдырып, көңіл көтеретін шағында жас жігіттің – соғыста лейтенант Брудныйға айналуы, оған жекіген аға лейтенанттың өз қателігіне өкініші және екі арадағы түсіністік орнағанына қуанғаны сынды сезімдер Момышұлының тұла бойына құйылып келіп, жасына ерік беруі әбден мүмкін. Алдағы ұрыстардың бірінде жас Брудный ақыры қаза табады. Жарадар күйінде Момышұлының қасына алыстан әрең жетіп келіп құлап, тілдесуге шамасы келмей өлім құшады. Қаламгер шығармашылықта да өзінің хаттарында айтылатын «Жауды жеңу үшін қаһармандық күрес керек, темірдей әскери тәртіп керек. ... Солдатқа деген ең жоғарғы қамқорлық – оны әскери ойында аямау, оны жорық пен жауынгерлік өмірдің барлық ауыртпалықтары мен қиыншылықтарына төзімді етіп үйрету». Яғни, «Біздің совет адамы – өр адам» (Нұршайықов Ә. «Ақиқат пен аңыз») деген соғыс тәртібінен шыға алмай қалғандай көрінеді. 

Білім беру мекемелерінің сынақ тест кітапшаларында сұрақ ретінде жиі кездесетін «Россия ұлан-байтақ, бірақ шегінуге жер жоқ. Арқамызда Москва!» деген жалынды жолдардың иесі Клочков – осы романның кейіпкері. Бұл кейіпкер қолындағы бір бума гранатпен танкке қарсы ұмтылып, ерліктің үлгісін көрсетеді. Бұл персонаж да совет жауынгерінің типтік образын көрсетеді деп айтуға болады.

Бұл романды оқығанда Кеңес әскерлері мен жауынгерлерді басқарушы командир, лейтенант, генерал сынды әртүрлі әскери шенді адамдарға адамның ішкі қиналыстарын, қажығанын, ауырғанын, эмоциясы мен сезімдерін көрсету әлсіздік саналғандай көрінеді. Соғыста жауды өлтірмесең, ол сені, сенің достарыңды, отбасыңды, отандастарыңды өлтіреді, отаныңды жаулап алады деген түсінік жеңіп шығып, адамға тән әлсіздікті көрсету отан қорғаушыға жат болған. Мысалы, романның «Крюковода» бөлімінде кезекті шабуылда бір жауынгердің қолына мина ұшқыны тиіп кетеді. Теріге ғана ілініп қалған алақаны мен саусақтарын жауынгер лақтырып тастап алға қарай жүгіре жөнеледі. Осы тұста автор «мен оны таныдым» дейді. Бұл Бүркіт Әлішеров есімді батарея старшинасы екен. Мұнда да автор Бүркіт Әлішеровке «Алатаудың сұңқары, атаңа тартқан екенсің. ... Атаңа рахмет, ерім – Бүркіт. Анаңа рахмет, Бүркітжан!» деп сүйсінгенін жазады. Сондай-ақ соғысқа аттанарда әйелінің құрсағында қалған нәрестесі кім болып туғанын бір мезет ойға алып қоятын әскерлер де кездеседі. Ал арықарай баласын көруге деген құштарлығын, ынтықтығын қасындағы жолдасына білдіртуге Кеңес одағының отан қорғаушысы деген дәрежесі кедергі келтіреді. Бірақ жазушы Хасанов тегіндегі әскермен болған диалог арқылы «Какая печальная судьба нашего поколения. Убивать друг-друга, ағатай?» деген соғыстың нағыз шындығын береді. Оқ тиіп, жарадар болған тәжік әскері Ширван-Заде де политруктің қасына жеткенде: «Мен сіздің бұйрығыңызды орындадым. Меня убили» деп, қаза табады. Осы тұста автор «...соңғы сөзі жас боздақтың соғысқа айтқан лағынетіндей есімде қалды» деп, келесі күннің ұрыстарын баяндауға көшеді. Осылайша, әрбір өлім қасіреті мен әскердің адами сезімдері мен армандары оқырманға көрсетілмей, отан қорғау жолындағы көзсіз батырлықтың фонында жасырын қала береді. 

Б. Момышұлы «Мен кіммін» де аталатын ой-толғауында «Бізді қолдаған, бізді сүйген, аяқ-қолы дірілдеген, сапсаң 90-ға жеткен ақсақалдар «перзентім қайда?» деп жылап-еңіреген қартайған кемпір, жұбайым аман қайтса деп тілеген тірі жесір келіншектер, ғашығым аман қайтсын деп түн ұйқысын төрт бөліп еңіреп жылаған қалыңдықтар, «папам қайда, қашан келеді?» деп жылаған сәбилер... тағысын тағы – халық қайғысы, семья қайғысы шеңберсіз... осыларды мен 60-ты аттап, 70-ке тақағанда зорға түсіндім. Қаталдығыма, аяғандығыма халықтан кешірім сұраймын. Мен оларды уақытында түсіне алмаппын. Майданның аты – майдан, зынданның аты – зындан. Дұрыс түсінуге уақыт та болған жоқ қой» деп айтады. Біз қарастырып отырған мәселеге жауап та осы жолдармен берілгенін ерекше атап өтеміз. «Москва үшін шайқасты» оқып отырып, роман авторының образынан Бауыржан Момышұлының жазушылығына қарағанда әскери қолбасшы болған Бауыржан Момышұлы тұлғасы айқынырақ танылады. 

Түйіндеп айтқанда, жазушы Б. Момышұлы өзі қатысқан, куә болған соғыс жағдайындағы оқиғаларды сол соғыс жылдарындағы қабылдану атмосферасымен, жауынгерлер өздерін нағыз өр совет жауынгері деп санаған, қабылдаған әсермен, күймен – сол дәуір рухымен жеткізген. Романда әскерлердің адами сезімдерін ашудан гөрі Кеңес отан қорғаушыларына тән болған характер мен мінездерді, соғыс ұрыстарының әрбір мезетіндегі қарым-қатынастарды, ұрыс алаңдарын, уақытын, әскери тәжірибелерді баяндауға көбірек назар аударған. Соғыс сәтіндегі өлім мен өмір арасында жүрген әскерлердің қорқынышы, сағынышы, психологиялық өзгерістері, ең бастысы, ауырсыну сезімдері интерпретацияланудан тыс қалған. Жазушының «Мен кіммін?» деген жазбасында «Менің жазғандарымның бәрі алтын да емес, күміс те емес – жазғандарымды аңдап, түсініп оқыңдар, қарақтарым. Қатемді түзеуге асықпаңдар. Мен өмір сүрген заман мен сендер өмір сүрген дәуірдің айырмасы жер мен көктей» деген ескертпесі де қалдырылған. 

Бауыржан Момышұлының жоғарыда аталған «Мен кіммін?» деген жазбасында «Мен маманданған жазушы емеспін, мен материалмын» деген жолдар кездеседі. Жазушы А. Бектің «Волоколамск тас жолы» және Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын жазуға көп материал ұсынғанын да айтып өтеді. Тіпті, іс жүзінде өзі А. Бек жазған туындының тең авторы (соавтор) екенін де келтіреді. 

Б. Момышұлы: «Соғыс – адамзат өмірінің ұлы трагедиясы. Соғыс – адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс – тірілердің тамұғы. Тозаққа айналған күндер еді ғой, қарағым» (Ә. Нұршайықов. «Ақиқат пен аңыз»)

Ә. Нұршайықов та Кеңес Одағы дәуірінде ортақ отанды қорғауға қатысқан әрі танымал қаламгердің бірі. Айбынды батыр Бауыржан Момышұлының әскери мінезі, қаталдық болмысы, шыншылдығы, әділет сүйгіштігі, ұлттық құндылықтар туралы ой-пайымдары мен отансүйгіштігі, жазушылығы аңыз аралас халыққа Б. Момышұлының өзінің шығармалары және А. Бектің «Волоколамск тас жолы» романы арқылы жете таныс болғандықтан, Ә. Нұршайықов батырдың әскери өмірімен қатар, адами-азаматтық болмысын, бала кезінен нені ұнатып-ұнатпайтынына дейін (жақсы көретін жануары, әншісі, әні, кітаптары, балаға қамқорлығы, махаббатқа көзқарасы, араласқан замандастары, оның ішінде ақындар мен жазушылармен, қоғаммен қарым-қатынасы, ұлттық құндылықтарды бағамдауы, ардақ тұтатын аяулы жандары, т.б.) тереңірек көрсететін диалогтан тұратын роман жазуға бекінеді. Яғни, роман Ә. Нұршайықов пен Б. Момышұлының диалогына құрылған. 

Бұл туындыда майдангер, қаламгер Б. Момышұлының соғысқа аттанғанға дейін шұғылданған қызметтерін, дәрігер және агроном мамандығын оқуға келіп, кейін тастап кеткенін қоса баяндаған әрі соғысқа қатысқан жауынгердің әскери мінезінен, қаталдығынан тыс, кәдімгі адам баласына тән сезім, үміт, үрей, қорқыныш, ауырсыну, өкпе-ренішін, махаббат, сезім, эмоцияларын көрсете білген жақсы жазылған деп бағалауға болады. Ең бастысы, Момышұлы соғыс аяқталып, отанына оралғаннан кейін аты аңыз аралас ел аузында жүретін ұлтының көрнекті азаматына айналды. Бірақ соғыс майданында 207 ұрысқа кіріп, 5 рет қоршауда қалған және 1942 (арқа жағына оқ тиеді), 1944 (жаяу келе жатып темір қазыққа құйымшағымен құлайды) жылдары ауыр жарақат алған Б. Момышұлы жасы ұлғайғанда жүйке жүйелері зақымға ұшырағанын айтады. «Міне, алпысқа шығып, қуат кеми бастағанда сол оқтар сарт етіп шыға келді де, екі аяқтан ала кеп түсті» деп, батыр соғыс зардабының денсаулыққа тигізген әсерін баяндайды. Мысалы, Б. Момышұлы аяғы ауырып ауруханада 120 күндей, Ә. Нұршайықов жүрегі сыр беріп 80 күн жататыны романнан белгілі болады.

Роман диалогтарынан кейін соғыста әскери шешімдер мен тактикаларды ұйымдастыру мен қаталдықтың тасасында жасырын қалған батырдың адами құндылықтары мен сезімдері, эмоциялары көріне бастайды. Ә. Нұршайықов әскери Бауыржаннан тыс өмірдегі Бауыржан-адамның табиғатын, психологиясын ашады. «Ақиқат пен аңыз» осы қырынан құнды туынды. 

Оқырман бұл туындыдан батыр Бауыржанның қандай адамды сүйіп-жек көретінін, қандай ән-күй, әнші-композиторды, ұлттық дәстүрлерді, жануарларды ұнататынын, қандай кітаптарды сүйіп оқығаны туралы көп ақпараттарды біле алады. Мысалы, Момышұлы кішкентай кезінде сүйікті қозысы болған екен. Марқаға айналғанда қонақтарға сойылып, еті сыйға тартылады. Марқасының етін көрген бала Бауыржан одан кейін етке деген құштарлығы кетіп, етті анда-санда, әсіресе, соғыс кезінде амалсыз жеуіне тура келеді. Әскери тақырыпта бірнеше кітаптар оқығанын, одан тыс соғыста жүргенде «Абай» романын сүйіп оқығанын да атап өтеді. Бауыржан батыр қазақтың қонақжайлылық мінезін ерекше құрмет тұтқан. 

Романда Б. Момышұлына қатысты оқиғалар мен естеліктерден тыс, 1941 жылы Шығыс Қазақстан, Талдықорған және Алматы облысынан 15 жас жігіт соғыс алынғаны айтылады. Оның бірі – Ә. Нұршайықовтың өзі. Осы 15 әскердің кейбірі соғыста автоматшының кім екенін, не істейтінін де білмей, майдан даласына түседі. Мектеп бітіре сала ауыл шаруашылығының ісіне кірісіп, тракторист болған жас жігіт соғысқа алынған. Ә. Нұршайықов Жүнісов тегіндегі ауылдасының ерке қылықтарын, мектеп есігін басымен сүзіп ашқаны үшін Шойынбас атанған сәттеріне дейін еске алады. Сол он бес әcкердің төртеуі ғана соғыста тірі қалған. Біз бір шығармадағы деректі келтіріп отырмыз, ал «Ұлы Отан соғыс» деп аталған соғыста миллиондаған жастар, егде жастағылар – Адамдар өмірін қиылды. 

Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы жазылған уақытта әдеби журналдарға жарияланғаны белгілі. Романнан Б. Момышұлының ұстазы Николай Редин қайтыс болғанда жылайтын тұсын оқыған жазушы жігіттің бірі Б. Момышұлы да жылай ма екен, бұл жалған деп сенбейді. Осы жағдайды диалог кезінде Ә. Нұршайықов кейіпкері Б. Момышұлына да айтып береді. Сонда даңқты батыр «Момышұлын адам емес, ағаш деп ойлайтын ол неғылған жазушы?» дей отырып, өлеңдете былайша жауап берген екен:

Мен де адаммын жаралған сүйек пен еттен,

Менде де ой бар, сезім бар жан тербеткен.

Жүрегім менің қиыршық тас емес қой.

Қайғыларым бар мені де еңіреткен («Ақиқат пен аңыз» роман-диалогынан).

Оқырмандар тарапынан мұндай сұрақтың қойылуы да заңды. Өйткені, соғыс тақырыбындағы туындылардың бір бөлігі көбіне адамның-жауынгердің жан-сезімін, өлім және оқ тиген сәтіндегі қиналысын емес, тек Кеңес әскеріне тән ерлігін, өрлігін көрсетті. 

Б. Момышұлының «Москва үшін шайқас» мемуарлық романында жауынгерлердің ерлігі, соғыстағы әскери шенділердің шешімталдығы, темірдей тәртіптің артықшылығы, патриотизм жайында баяндалғанымен, соғыстың адамзатқа тигізген қасіреті психологиялық тұрғыда ашылмаған болатын. Алайда «Ақиқат пен аңыз» романында соғыстың зардабы туынды кейіпкері Б. Момышұлы арқылы айқын көрініс табады. Кейіпкер «Соғыс – адамзат өмірінің ұлы трагедиясы. Соғыс – адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс – тірілердің тамұғы. Тозаққа айналған күндер еді ғой, қарағым» дейді Б. Момышұлы. 

Соғыс соғыс бастаған елге де, отанын қорғаған халыққа да жетістік пен бақыт әкелмейді. Онда адам өледі. Отанын жаудан қорғадым деген түсінікпен жауынгер қарсы соғысып жатқан тараптан да өзі сияқты қаншама адамды өлім құштырады. Бір адамның өлімі бір адамның тіршілігін тұтастай молаға әкетеді әрі бұл өлім қаншама адамды бақытсыз етеді, халықтың демографиясын да азайтады. 

Соғыста емес, соғысты құртқанға орнат,

о адамзат, ең биік тұғырыңды!

(Жұбан Молдағалиев)

Қазақ әдебиеті авторларының қатарында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданда жүріп-ақ жауды жеңу үшін жалынды өлеңдер жазып, кейіннен поэзияның көрнекті өкіліне айналған ақындар көп. Соның бірі – «Мен – қазақпын» поэмасымен көп оқырманның сүйікті ақыны атанған Жұбан Молдағалиев. Соғыс аяқталғаннан кейін, 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген өлеңдер жинағы жарық көреді. Төменде мақалада қарастырып отырған зерттеу сұрағымызбен қатар, бұл поэманың поэтикалық табиғатына көбірек тоқталғымыз келеді. Өйткені, поэма – ақынның жеткізгісі келген тұтас ойы болғандықтан, соғыс жылдарындағы тек жоғалтқан немесе жоғалған ұрпақ бейнесін іздесек, жалаң пайымдауға ұрынған болар едік. 

Ақын «Мен – қазақпын» поэмасында қазақ халқының өрлігін, қайсарлығын, тарихта кешкен қиындықтарын, көп нәрсеге дер кезінде қол жеткізе алмағанын да жалынды жыр жолдарына айналдырып, ерекше рухпен жырлайды. Автордың көркемдік ассоциациялары да индивидуалды, тың, яғни, бұрынғы поэзияда қолданыс таппаған әдеби амалдарды тудырған. Ақын «Мен – қазақпын, ажалсыз анамын» деу арқылы қазақтың басынан өткен сандаған күрестер мен жаугершілік оқиғалар, соғыстар болғанына сілтеме жасаса; «Пәк сәбимін бесікте уілдеген, Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен» деп, Кеңестер одағының қоластында өмір сүрген, тәуелсіздікке қол жеткізе алмаған мемлекет болса да, тарихы тереңнен бастау алатынын меңзейді. «Қала бердім жарыққа жол таба алмай» деген поэма жолына қазақтың бүкіл тарихы мен өмірі сыйып тұрғандай. Поэмада ақын «мен» деп қазақ атынан жырлайды. 

«Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда, шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым» деген Жұбан Молдағалиевтің ұлттық рухы мен биік санасы, бойындағы максимализм жоғарыдағыдай индивидуалды әдеби тәсілдер тудыруға септескен. 

Алайда бұл поэманың көп тұсы советтік көзқараспен де жазылғанын байқауға болады. Қазақ тарихындағы Абылай, Жәңгір, Кенесары хандар «аждаһа», «солар мені (қазақты – мақала авторы) қамаған қараңғыға», «лаң тудырған» хандар бейнесінде көрінеді. Ақын өзін Ресейдің, Лениннің бір бөлшегі болғаны үшін бақытты сезінгенін білдіретін жолдарды да келтіреді. Бұл туынды он бес республикаға ортақ отан саналған Кеңес одағы дәуірінде, 1964 жылы жазылғаны белгілі. Поэманы оқып отырып, ақын санасындағы ортақ отан ұғымы уақыт өткен сайын жалпылықтан жалқыға айналып, яғни, қазақ деген концепция айқындала бастағанын ұғынуға болады. 

Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт

Россиядай, Лениндей ұлылықтың! – деп келеді де:

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,

Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,

Жаза алатын дүниелік дастандарды,

Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

Атымның да кеше ғой танылғаны,

Оған дейін не таңба таңылмады?

Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –

Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары, – делінеді. Ақын қазақ деген халықтың тәуелсіздікке қолы жететініне поэма жазылған уақыттың өзінде сенгендей. Біз бұл ойды Жұбанның жеке сұхбаттары немесе мақалаларына сүйенбей, тек поэма жолдарынан ғана байқап, жазып отырмыз. Өйткені, ақын поэманың тағы бір тұсында:

Ұлы аманат етейік еркіндікті,

Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең

«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті...» деп жырлайды. 

Жұбан ақын қазақ жеріндегі колониализм көрінісін де айқын жырлайды. 

Даланы да түрмеге айналдырдың,

Арылмаған аяқтан сен бір кісен.

...

         «О, ақ патшам, саған еш ем қонбады,

Жатқа неге жеріміз жем болғаны?»

Ақын қазақ деген ұғымды концептілік деңгейге көтеріп, поэтикалық құрылымдарын ұсынады. «Қазақ» көркемдік концепті Жұбан поэзиясында: «мың өліп, мың тірілген»; қашан қазақ атанғанын, «әлі күнге білмейсің, ей, адамзат»; «мен – қазақпын, Россия адамымын»; «қырғыз ол – туысқаным»; «Мен – қазақпын, бір биік белеспін мен, Европа да, Азия да емеспін мен. Аралықпын жетінші материктей»; «Мен – қазақпын, мен енді Октябрьмін», т.б. деген құрылымдармен көрінеді. Яғни, бұл құрылымдар – «қазақ» деген ұғымның Жұбанша анықтамасы. 

Поэманың төмендегі алғашқы төрт жолы дастанның әр бөлімінде немесе қазақты әр қырынан танытатын тұсында қайталанып келетінімен ерекшеленеді. 

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен. 

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген. Бұл бір шумақты әрбір қазақ жатқа білетініне сенімдіміз. Түп тегіне, тарихына ой жіберген кез келген қазақтың тіл ұшына әр уақытта еріксіз түрде осы бір шумақ оралады.  

Бұл поэмада соғысқа деген ақынның жеке көзқарасы да көрініс тапқан. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған уақытта ақын «ту сыртынан сарт етті қара қанжар» деп суреттейді. «Туыстыққа тапсырдым бір емтихан» деп, Кеңес жерінің әр сүйемі үшін әрі ортақ отан санағаны үшін соғысқа аттанады. Соғысуды өзінің адал міндеті санаған ақын майдан даласында өшпес ерлік көрсеткен 316 атқыштар дивизиясының 28 батыры мен қазақтың Төлеген және Әлия мен Мәншүк сынды жауынгерлерінің атынан, «Паспорттары, паролі сол да атымның» деп жоғары патриоттық рухпен жырлайды. Совет халықтары «бауырлас, туыстас халық» және ортақ отан иесі саналғаны бұл поэмада да: 

Украин, белорус, орыспын мен, 

Азат етем жерімді жау жайлаған, – деген жолдармен беріледі. Бұдан кейінгі жолдарда да совет жауынгерінің әдебиеттегі типтік бейнесі бедерленеді. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткен «Туыстыққа тапсырдым бір емтихан» деп келетін жол да осыны меңзейді. Яғни, отан үшін от кешіп, су түсуден тайсалмаған әскерлер образы беріледі. 

Бір қызығы, Кеңес дәуірінде өмір сүрген Жұбан ақын ұлтының тәуелсіз болашағын жырлаған тұстарда қоспа ақындық сананы («Мен көптікпін, жалғыздық елі емеспін»; «Үйренбеймін «ұлттықты» әлдекімнен»; «Барсам балам Айға да өз атымнан»; «Мен – қазақпын, жан Отан, бел балаңмын»; т.б.) байқауға болады. Яғни, бұл дегеніміз Кеңес одағының территориясын ортақ атамекен санап, өзін Россияның бөлінбес бөлшегі деп есептей отыра, одақтың ішіндегі қазақ халқының ұлттық мүддесін де, оның еркіндігін де жоғары қояды. 

Өз денемнен аққан тер, саулаған қан.

Аз алған жоқ шапқындар ғұмырымды,

Аз болған жоқ халықтар шұбырынды.

СОҒЫСТА ЕМЕС, СОҒЫСТЫ ҚҰРТҚАНҒА ОРНАТ,

О АДАМЗАТ, ЕҢ БИІК ТҰҒЫРЫҢДЫ! – деген өз жолдарды әртүрлі шапқындарда және Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан және зардабын тартқан жауынгерлер атынан шығарғандай көрінеді. Ақын отан қамы үшін «ғасырлап соғысуға бар». Ал 1949 жылы жарық көрген «Жеңіс жырлары» жинағындағы шағын өлеңдер топтасының көп бөлігін соғысты жеңу жолындағы үмітке толы үгіт-насихат жанрындағы туындылар деп санауға болады. Өлеңдерінің көбі 1942 жылы жазылған. «Бір бассаң да алға бас» өлеңінде: 

Жауыздың шебін ойранда, 

Жауызды өлтір – көздеп ат!

Қапы қалма, құтқарма,

Бірі қалмай қырылсын!

...

Бір бассаң да алға бас,

Миллиондардың бағы үшін, – деп келетін жолдардан соғыстан қырылып жатқан жандарды жоқтау білінбейді. «Батыр туралы балладасында» жауынгер жігіт кім, «бұл да адам» және әділ адам делінгенімен, Советтер одағының адамы, жауынгері, азаматы саналады. Яғни, Советтер одағының адамы соғыста тиген оқтан, айналасындағы өлімнен қорқынышын, ауырсынуын көрсетуге емес, отан үшін шайқаста жеңуге және жеңіс жолында жанын беруге жаралған. 

Қорыта келгенде, үш автордың туындысымен қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбының көрінісіне түбегейлі баға беруге болмайтынын да жадымыздан шығармай, соғыста жоғалған және жоғалтқан ұрпақ бейнесін қарастыруға тырыстық. Алайда үш авторымыз соғыста жоғалған жауынгерлерді тікелей көріп, куә болғандықтан, Б. Момышұлының «Москва үшін шайқас», Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романдары мен ақын Жұбан Молдағалиевтің поэмасы мен өлеңдері арқылы да ғылыми-зерттеулік тұжырым жасауға болады деп есептейміз. Түйіндеп айтқанда, қарастырған туындыларды ішінде «Москва үшін шайқас» романында Кеңес жауынгерінің ерлік, өрлік рухы мен образы нақты тарихи, архивтік деректерге, құжаттар мен көз көрген шындықтарға негізделіп, жоғары деңгейде әдеби мүсінделгенімен, олардың – жоғалған ұрпақ және жоғалтқан ұрпақтың тартқан азабы, өлімі, соғыстың соғысқа қатысқан және қатыспаған адамдардың болашағына тигізген зардабы психологиялық тұрғыда жете ашылмаған деп қорытындылаймыз. Ал Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романында соғыс жауынгері мен әскери қолбасшысының әскериліктен тыс, адами табиғаты көрсетілген. Ақын Жұбан Молдағалиев «Соғыста емес, соғысты құртқанға орнат, / О адамзат, ең биік тұғырыңды!» деген екі жолмен-ақ соғыс туралы көзқарасын білдірді. Соғыс тақырыбындағы көп туындылар өр рухты Совет жауынгерлерінің образын бедерлеу және соғысты жеңу туралы советтік үгіт-насихат құралы болумен қатар, соғыс шындығын да (жоғалған ұрпақ және жоғалтқан ұрпақ ұғымы тұрғысынан) көрсетуге тырысты. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар